ТАҒДЫР-ТАЛАЙ

ТАҒДЫР-ТАЛАЙ

Бисенбай

Бисенбай Бисенғалиев

Бисенбай Бисенғалиев. 05.12.1951 ж.т. Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бесжылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Ембімұнайгаз» АҚ-на 100 жыл,  «Қарақия ауданына 45 жыл», «ҚР жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілерінің, «Қарақия ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына, Қарақия ауданының «Қазыналы Қарақия» энциклопедиясына енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті», «МЕН – Геолог-барлаушымын», «Киелі өлкені өзгерткен БАРЛАУШЫЛАР»  кітаптарының авторы.

 

 

Тағдыр-талай

...

I

(Басы)

  «Не көрсеңде тағдыр-талайыңнан көресің», «Маңдайыңа сызылғанын көресің», «Көресіңді көрмей көрге кірмейсің» деген сияқты сөздерді жиі болмаса да естіп жүреміз. Осы сөздердің астарына үңіліп, дұрыс мән беріп қараған кім бар екен. Жарық дүниенің есігін шыр етіп ашқанда маңдайыңа тағдырың жазылып тұрады, ол жазудан сен ешқайда кете алмайсың дейді (онда неге маңдайыма жазылғаны болады ғой деп «төбеге түкіріп» шалжиып  жатып алмаймыз, неге тырбанып алға ұмтыламыз?). Ал біреулер, қажыр-қайратыңмен, тынымсыз ізденісіңмен, алдыңа ізгі мақсат қоюыңмен, сол мақсатқа жетемін деп тырбанып еңбектенуіңмен тағдырыңды өзің жасайсың, барлығы өз қолыңда дейді. Кейбір парапсихологтар: «Адамның өткен өмірде жасаған күнәсі келесі өмірде дүниеге келгенде жан арқылы беріледі, кейбір жақсы адамдардың жазықсыз жапа шегетіні сондықтан» деген пікірде. Бұл – «адам өз тағдырын өзі жасайды, мына дүниеде күнәсіз адал өмір сүрсең, келесі өмірде де бақытты боласың» деген адамгершілікке үндейтін пәлсапаға жақындау.  Көтере алатын жанға ғана сынақ жіберіледі, сол сынаққа сынбай, қасқая қарсы тұра білсең мұратыңа жетесің деген де бар. Тағдыр деген не өзі? Ол мандайға туа жазылған құпиялы жазмыш па, әлде әр адам өз тағдырын өзі «қолдан» жасай ма? Егер тағдыр жазмыш болса, онда адамдардың оны өзгертпек болып жанталасатыны несі? Жанымыз қиналып, қыларға шара қалмағанда: «Жазмыштан озмыш жоқ» дейміз кейде таусыла. Алла Тағала барлық жаратылыстың табиғатын, пенде дүниеге келместен бұрын әрбір мақұлықтын (оның ішінде адам да бар) ризық-несібесін, өмір сүру мерзімі мен өлім сәтін алдын-ала біліп, барлығын Ләухул Махфузға жазып қойған дейді тақуалар. Айтуларынша, Ләухул Махфузда барлық жаратылыстың тағдыры жазылуымен қатар, әр мақұлықтың өмірлік, бір жылдық және бір күндік тағдыры белгіленген.

«...Маңдайға жазылған тағдыр солай болса, шара не?» дейміз ғой өзіміздің дәрменсіз пенде ғана екенімізді сезінген кездерімізде. Бірақ, сол тағдырдың жазуының жақсы, жаман болмағы өзіміздің ниетімізге, адами қасиетімізге, ұятымызға, иманымызға да байланысты екенін ұмытып кетеміз. 

 

Неге бар адам бір күннен, бір сағаттан кейінгі тағдыры не болатынын білмейтін ғаріп? Адамға бүкіл білім, ақыл, ой, сана берілгенде, алдағы тағдырын алақандағыдай оқып, біліп отыру бақыты неге бұйырмаған?

Үнді пәлсапашылары: «Адам тағдыры ол туылмай тұрғанда, бірнеше мындаған жылдар бұрын басталады, туылып, жерде өмір сүрген кезінде де сол тағдыр «талқанын мыжиды», сол тағдыр өлгеннен кейін де жалғаса береді» деген пікір айтады. Бұл – реинкарнацияға, яғни, өлген адамның жаны дүниеге қайта келіп, оның жаны адамға, аңға, құсқа, затқа берілетіні туралы нанымнан туатын тағдыр туралы сенім. Бұл мәселе жөнінде ұзын-сонар әңгімелер айта беруге болады, бірақ  осы да жарар деген оймен тоқтата тұрайық.

Тағдыр-талай деген қызық қой, пенде түсініп болмайтын тылсым жұмбақ.

  Мен де сондай тағдыр-талайы ауырлау, сынаққа сынбай, бірақ көресісін көрудей-ақ көріп келе жатқан бір жанмен аз ғана күн жолдас, сырлас, дәмдес болғанмын. Әңгіме соның тағдыры жайында. 

  Сырқатыма байланысты (инсульт) жылына екі мәрте ауруханаға (неврология) жатып ем-шаралар аламын. Невропатолог дәрігерлердің шешімі солай. Әртүрлі дәрі-дәрмектер, екпелер, массаждар, аппараттармен жасалатын түрлі жаттығулар, көптеген сараптамалар..., дәрігерлердің бақылауы дегендей ғой. Қай аурудың да түрін басқа бермесін дейсің ғой, бірақ осы бөлімшеге тап болатын, инсульт деген диагнозбен түскен  сырқаттардың түрін тіпті айта алмаймын. Кейбір сырқаттар алғаш түскенде өмір мен өлімнің арасында болып, есін білмей (комада), қырылдап, қорылдап, ауыр  демалып, мына фәни дүниеден қазір кетіп қалатындай күйде болады. Дәрігерлер, медбикелер күні-түні олардың өмірі үшін жанталасып, уақытпен санаспай  арпалысады, сондай жағдайдағы науқастар үшін әдейі жабдықталған палатаға салады (палата интенсивной терапии). Кейбіреулер осы күйінен шыға алмастан фәни дүниемен қош айтысады, ал кейбіреулер сол күйінде үйлеріне қайтарылады да, өз үйінде тап сол комадағы күйінде ақырғы сағатын күтеді, бұндай жағдайдың қаншама жылдарға созылатынын ешкім білмейді. Бұндай жағдайлар сирек те болса кездеседі, сондай адамның бірі менің бір курстасым, қаншама жылдардан бері тек жатыр. Тірілердің санатында бар дегенмен... Ондай адамдар көп деп ойлаймын, тірі де емес, өлі де емес, бөлме өсімдігі сияқты, кейбіреулері есі де, санасы да бар, бірақ қозғалысы жоқ, көздері бақырайып төбеге қарап жатады да қояды, кейбіреулері қалған өмірін төрт қабырғаға қамалған күйінде, жарық әлемді тек терезе арқылы ғана көрумен шектеліп пұшайман күйінде ақырғы сағатын күтеді... Ал кейбір науқастар денесінің бір жағы (кейде сол жағы, кейде оң жағы) түгелімен жансызданып, сал болып қалады, бірақ тірі, біртіндеп, өзінің тырмысуымен тіршілігін жасауға шамасы келетіндей де күйге жетеді. Арасында, сирек те болса, құлан таза сауығып, дым болмағандай шауып, бұрынғы қалпына келетіндер де болады. Бұл, жалпы атауы инсульт деп аталатын сырқаттың түрі өте көп, жарты жыл сайын ем алуға әр барған сайын сондай тағдырлардың неше түрін кездестіріп жүрдім. Тағдырлас болғандықтан, ауруханада бірге ем алып, дәмдес болғандардың  көпшілігімен жақсы таныс, біліс болып та, кейбір жерлерде кездесіп қалып та жүрдім.

   Негізінен, инсульт деген сырқат миға қан құйылғаннан, не болмаса қан бармағандықтан болады екен. Жай, қарапайым сөзбен айтқанда, мидағы бір қан тамыры әлдебір себептермен жарылып (геморрогиялық түрі), мидың қыртыстарын қан басып, сол аумаққа қан қатып қалады да мидың кейбір функциялары жұмыс жасамай қалады (былайынша айтқанда электронды чиптер орнатылған платада «короткое замыкание» орын алады). Немесе, әлдебір себептермен, миға қан беріп, оттегімен қоректендіріп тұрған кейбір тамырлардан қан жүрмей қалады да (қан тамырлары жартылай бітеліп, не болмаса түгелдей бітеліп, қан қоюланып), жүрсе де жартымсыз (ишемиялық түрі), қан бармаған сол аумақ жұмысын баяулатады, ақырында тоқтатады. Бұндай жағдай бастың қай жарты шарында (левое или правое полушарие) орын алғанына байланысты сырқаттың не оң жағы, не сол жағы сал болып қалады. Осы екі түрінен басқа мида ісік пайда болатын жағдайлар да кездеседі, әсіресе соңғы мезгілде осы түрі көбейіп кеткені жасырын емес және жастар арасында да, кейде жаңа туған сәбилер арасында да жиірек еститін болдық. Мидағы қан тамырының жарылуы (геморрогиялық) мен қан тамырларының тарылып (ишемиялық), қан  бармай қалудың көптеген себептері бар. Мысалы, қатты қан қысымы болғанда тамыр жарылады, қатты күйзеліс (депрессия) болғанда, қатты ашуланғанда... қан тамыры тарылып қалады дегендей. Кейде ертерек кезде басқа тиген ауыр соққының әсері сол кезде білінбегенмен (аздаған ми шайқалған, мозготрясение болған), жылдар өте келе инсультке де алып келіп жататыны болады. Бұндай жағдайларды емдеу тәсілдері: қан құйылған (геморрогиялық) жерлерді капельница арқылы тамырға қажетті дәрі-дәрмектер айдап «жуады», тазалайды... Ал екінші жағдайда (ишемия) болғанда қан тамырларын кеңейтетін (сосудорасщиряющий), оттегін көбірек жеткізетін дәрі-дәрмектерді капельница арқылы жібереді... Бұлар негізгі тәсілдері, олардан басқа да әртүрлі емдерді тағайындайды ғой, мен тек инсульт дегеннің не екенін түсіндіру үшін аздаған мағұлымат беріп отырғаным. Бұларды біршама білемін, қаншама жылдар бойы ем алдым, дәрігерлермен әңгімелестім, осы сырқат жайында жазылған материалдарды, дәрігерлердің, ғалымдардың жазғандарын оқыдым әрі менің мамандығым (буровик) да осыларға келіңкірейтіндей болғасын да шығар (салыстырып қараған адамға, маманға мұнай скважинасын бұрғылап қазу жүйесі, қазу үшін қолданылатын бұрғылау ертіндісі, оның сапасы..., жұмыс жасау принциптері ұқсас). Осындай инсульттің салдары әртүрлі болады екен, көбінесе білетініміз сал болып қалған жағдайлар ғой, денесінің бір жағы жансызданып, солып, қимылсыз қалатыны. Кейбір адамдар ондай болмайды, бір қарағанда еш жері ауырмайтын, дене мүшелері өз міндеттерін толық атқарып тұрған адам сияқты, бірақ... Мысалға, осындай бір адам болды, күндіз ауруханаға келіп, палатада жатып ем алады да, кешке қарай қонуға үйіне кетеді. Емдейтін дәрігер сол адамнан жас сәбиден сұрағандай қылып атын, тегін, неше жаста екенін, балаларының аттарын... ежіктеп күнде сұрайтын. Таң қалатын едім. Жасы бірталайға келген интеллигент түрдегі адамнан оларды неге күнде сұрайды екен деп ойлайтынмын. Бақсам, ол адамның жады түгелімен жойылып кеткен, өзінің кім екенін де білмейді, бірақ үйін тауып барады және ауруханаға қайтып келеді, адаспайды, адресті білмейді, айта да алмайды. Тағы бір адам, отырып-тұра (приседание) алады, бірақ жүргенде аяқтарын дұрыс игере алмайды, роботтар сияқты іркілдеп қозғалады. Түрі бар. Адамның миы әлі күнге толық зерттеліп болмаған дейді, қазіргі күндегі инсультпен күресіп жатқан ем түрлері көпшілік жағдайда (барлық елдерде де) бірдейге жақын екен. Дұрысы ауырмаған, сақ болған, күтінген. Бірақ оны көпшілігіміз түсінбейміз де ғой, әбден от басқан соң ғана ақыл кіре бастайды (осыларды жазып отырған адам сияқты). Инсульт деген сырқат қазіргі кезде жастар арасында да белең алып бара жатырғаны қатты алаңдатады. Бұл неврология бөлімінде тек инсультті емдемейді, емдейтін бұдан басқа да сырқаттардың түрі баршылық (радикулит, нервіге салқын тигендіктен бет-аузы қисайып кеткен, бұлшық еттерге салқын тиген...), бұлар жеңіл-желпілер болғасын анықтап тоқталмадым, негізгі айтпақ әңгімеме қатысы жоқ болғасын.

  Енді негізгі әңгімеме көшейін. Әдеттегідей жарты жылда алатын ем-шараларымды алмақшы болып ауруханаға жаттым. Екі адамдық палатаға орналастым. Сырқаттанып бастаған алғашқы кездерде басқа сырқаттарға қарауға жүрексініп, қорқып та, тезірек емдерімді алып, сауығып кетіп, енді бұл жерге жоламаспын деген оймен жалғыз адамдық ақылы палатада ем алатынмын. Бірақ ол ойым ұшқары болып шықты, жуық маңда, жақын жылдарда бұл дерттен ақи-тақи айығып кетуімнің мүмкіндігі тіпті мизер екенін сездім. «Пенде басына түссе үш күннен соң көрге де үйренеді» деп бекер айтты дейсің бе, біртіндеп мен де осы жағдайыма көндіге бастадым, жалғыз адамдық палатада оңаша жату дұрыс емес екенін, көппен бірге болғаным дұрыс екенін түсіндім. Түсінгеннен кейін ендігі жерде ем алу үшін жалпы палаталарға орналасатын болдым. Осы жолы да көп адамдық палаталарда орын болмағандықтан, екі адамдық палатаға тап болғанмын. Бірер күннен соң қасымдағы адам шығып, орнына бір жағы сал болып қалған жігіт орналасты. Сөйлеуі шамалы, бетінің бір жағы, денесінің де бір жағы салбырап, аяқ-қолдары солып, бос жіп сияқты болып қалған. Өзін өзі қамтамасыз етуі, жүріп-тұруы, тамақ ішуі, киініп-шешінуі өте қиын. Өзімнің жағдайым да келісіп тұрмағанмен, мына жігітке қарағанда сәл тақылдаумын ғой, қолымнан келгенінше көмегімді жасап, екеулеп ілекерлеп өмір сүре бастадық. Үйден маған келетін адамдар да оған барынша көмектерін жасап жатты. Байқағаным, ол жігітке үйінен, артынан еш адам келмейтін еді. Өзі бұл жөнінде тіс жарып ештеңе айтпайды, одан сұрауды мен де жөн көрмедім әрі менің сөзімді ол түсіне де қоймайды ғой. Сонымен 7-8 күндей бірге ем алып, уақытым болғасын мен үйге шығып кеттім. Содан тағы бір ем алатын кезім келгенде, бірер жылдай өткесін болар деп ойлаймын, жалпы палатада екеуміз тағы жолықтық. Екеуміздің кереуеттеріміз жақын орналасқандықтан әрі бұрыннан да аздаған таныстығымыз болғандықтан, ескі таныстардай бірден жылы қабақ танытып «достық» ишарат жасасқан болдық. Оның да, менің де ол кезде жағдайларымыз алғашқы кездескеннен гөрі жақсылау еді. Жүйелі түрде ем-шаралар алғанның да әсері бар болар, бұрынғыдай көңілді езген ауыртпалық азайған, осындай жағдайға бірте-бірте бойұсынғандаймыз ба, қалай. Аурухананың жағдайына да етіміз үйреніп, алғашқы кездегі «тезірек сауығып шығып, мына тозақ жерден құтылсақ» деген  ұшқары ойдан да арылып, тағдырымыздың салғанына көндіге бастағандаймыз. Ем-шаралар алып болғасын екеуміз әңгімелесетін болдық, тамақты да бірге ішеміз. Оның жағдайы бұрынғыдан көп жақсара қоймаған, бірақ көңілі алғашқы кездегідей емес, сәл болса да көтерілгендей, жанары да ашық. Ол біртіндеп жағдайын баяндай бастады, айтқандарын мен көңіліме тоқи бердім. Жалпы жағдай сол кездерге тән екені бірден байқалды. Ол мұнай өндіретін мекемелерге қызмет көрсететін, қосалқы бөлшектермен, жанар-жағар маймен, әртүрлі құрылғылармен қамтамасыз ететін жеке фирманың құрылтайшысы, басшысы болған екен. Тасы өрге домалап, жұмысы ойдағыдай жүріп, жағдайы жақсы болыпты. Жақсы коттедж үйі, Джип көлігі, банкте қомақты қаржысы болған. Отбасында әйелі мен бір баласы, қасында қызметтес дос-жарандары болған. Осы шаруаны бастаған кезде, фирманы құрғанда құрылтайшы тек өзі емес, қасында қаржы қосқан тағы бірер жігіттер де болған. Бірақ негізгі қомақты қаржы осы жігіттен шығып, жұмыстың осы бағытын да қалыптастырған өзі екен. Фирманы Ақтау қаласына алып келген де өзі. Осылайша шалқып жүргенде, қасындағы құрылтайшыларының айтуымен фирманы үлкейту мақсатында, тек қана осы бағытта емес, басқа да бір шаруаларды қолға алу үшін банктен үлкен несие алады. Қасындағы сеніп жүрген жігіттері алдын ала ойластырған әртүрлі қитұрқы схемалармен барлық қаржыны өздеріне аударып алып, бұны тақырға отырғызып, жұмыс жасап тұрған фирманы банкротқа айналдырып, банктің алдында жалғыз бұны жауапты қылып табандарын жалтыратып, тайып тұрады. Алған несие өте қомақты әрі үстеме пайызы да үлкен еді. Қанша өкінгенмен болар іс болды, өзінің сенгіштігінен, абай болмағандығынан алданып қалғанына кімді кінәлайды, әрине өзін ғана. Қанша қиналғанмен өмір сүру керек, бірдеңе қылып алға ұмтылу керек. Банкке үстіндегі үйін, көлігін, банктегі жинақ қаражатын, әр жерлерге арендаға беріп жүрген қондырғыларын беріп алған несиесінен де, үстеме пайызынан да құтылады. Өзі отбасымен тұру үшін бір шағын ауданнан көппәтерлік үйінен бір бөлмелі пәтер сатып алады да соған көшеді. Қу тақырға отырды деген осы. Ішетін асқа жарымай қалатын күндер туды. Әр кездерде танысқан, кешегі күні бұның қасынан қыл елі шықпайтын достары енді бұған қарамайтын болды. Мұрындарын шүйіріп, телефондарын өшіріп тастайтын болды. Кімнен қарыз аларын білмей, әйелі мен баласын қалай асырарға білмей басы қатты. Еш жер жұмысқа алмайды, тек базарға барып жүкші болуы ғана қалды. Бір кездегі қаланың алдыңғы қатарлы бай жігіттерінің қатарындағы азамат, ендігі күні күн болмай, біреулерге жәутеңдеуі керек екен. Бұлай болады деп кім ойлаған, бұндайды үш ұйықтаса да түсінде көрер ме. Бірақ бұл тек жамандықтың басы ғана екен. Шайқап ішкен байлыққа үйреніп қалған әйелі мынандай жоқшылыққа үйрене алмай жүнжіп кетті. Күнде айқай-шу, керіс басталды. «Екеулеп жүріп қара жұмыс болса да жұмыс жасайық, тырбанып қарайық, бірдеңе қылып бұл тығырықтан да шығармыз» деген сөзі далада қалды. Бір күні қалаға шығып, әр жерлерден жұмыс қарап үйге оралса, үйінде әйелі де, баласы да жоқ болып шықты. Әйелінің киімдері жоқ сияқты, іздеп қарап еді, баланың да киімдері жоқ. Барлғын жинап алып, белгісіз жаққа кетіп қалған тәрізді. Бір хабары шығар деп біраз күткесін, кешке қарай көршілерінен сұрауға ұмтылды. Қасындағы көршісінен қомақты қаржы алып, оны күйеуім еңбекақысын алғасын қайтарады деп, бұның паспортын (шетелге шығатын) кепілдікке тастап кетіпті. Өзі қалаға жұмыс іздеуге шыққанда жеке басының куәлігін алып шығатын да, паспорты үйде қалатын. Енді «қызық» болды, сенген қойым сен болсаң..., жау жағадан алғанда ит етектен алады дегендей, бар сеніп жүрген жары да бұны далаға «лақтырып» кетті, тек «лақтырмай» көршіге ойдай ақшаға қарызға да «тығып» кетті. «Кетекке кірді» деген осы болар. Ойпырмай, ә... Жығылғанға жұдырық деп осыны айтатын болар. Қалай бұған шыдарсың?! Осылайша басы қатып мәңгіріп, есалаң адамша жүргенінде әйеліне қарыз берген көршісі де қарызын сұрай бастады. Бұл жағдайын айта бастап еді ол әкіреңдеп күш көрсетуге ұмтылды. Ағайындарын шақырып, ұрғылары келіп, қарызыңды өтей алмасаң осы пәтеріңді тартып аламыз дегенге дейін барды. Бұның шақшадай басы шарадай болды. Жолдас жігіттерінің жасаған «иттіктерінен» қойнындағы сұр жылан қатынының жасаған «иттігі» асып кетті, сол қатты соққы болып тиді. Қатыны мен баласының қайда кеткенінен де хабары жоқ. Дікеңдеген көршісі де тыныштық беруден қалды, ағайындарын жинап келіп, бұны үйден қуып шығудан тайынар емес. Әбден тығырыққа тірелгенде керек болар деп ешкімге көрсетпей тығып жүрген аздаған ақшасы бар болатын, сол ақшаны шығаратын күн енді туған сияқты деп ойлап, тыққан жерінен алып келіп, көршісінің қарызынан құтылды (бұл оның бала күннен қалған әдеті еді). Тыққаны қомақты қаржы екен, тек қарыздан құтылмай, әлде де біраз күнге талғажау болатын сияқты. Осылайша тістеніп, бар күш-жігерін жұдырыққа түйіп жүргенінде ойламаған жерден, қаланы аралап жұмыс іздеп, түскі мезгілде үйдің подъезіне кіре бере аяқ-қолы икемге келмей, тілі күрметіліп, есінен танып құламасы бар ма. Қаншама айлардан бергі жүйкені жеген, күні-түні маза бермейтін ауыр ойлар, бірінен соң бірі келген қатты тағдыр соққылары, оның үстіне дұрыс тамақтанбағандықтан әбден әлсіреген ағзаға Маңғыстаудың қатты ыстығы да қосылғасын не болсын. Подъезде ессіз, қырылдап қанша жатқанын кім білсін, әйтеуір Құдайға қараған адал жандар тап болмағанда, сол жерде жаны жаһаннамға кетіп те қалар ма еді (кім білген, біреулер бұны араққа мас болып жатқан бір маскүнем деп ойлап қасынан өтіп те кеткен болар). Есін жиғанда облыстық аурухананың неврология бөлімінің интенсивная терапия палатасында жатқанын көрді. Бұл палатада да біраз уақыт өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқанын артынан дәрігерлерден, медбикелерден естіді. Өтіп бара жатырған басқа бір көршілерге келген қонақтар жедел жәрдем шақырыпты. Солар болмаса, бұның үйіне келетін жан баласы жоқ қой, бұл қалада түгіл, бүкіл елде бұның еш туысы жоқ.   

  Осылайша екеуміз әңгімелесіп жүрдік. Кешке қарай, кешкі астан соң, ол шахмат ойнайды. Сүйретіліп, бір жақ денесін әрең игеріп, асханаға жетеміз, сол жерде шахмат турнирі басталады. Әуелгі кезде палатадағы бір сырқат қасындағы адаммен шахмат ойнап бастады да, бұл солардың ойнағандарын қызықтап қарап жүрді. Бір күннен соң әлгі шахматы бар жігітпен ойнап, оны оңай ұтып, келесі палатадан келіп тұрған тағы бір ойыншыны да жеңді. Осылайша біздің шахматшының атағы шыға бастады, енді шахмат ойынын кешкі астан соң бүкіл неврология бөлімі болып өткізетін болдық. Ойыншылар да бар, жанкүйерлер де жетерлік. Қызықтың көкесі енді басталды, біздің бөлімге көршілес урология, кардиология, іш-құрылысы ауруларын емдейтін, травмотология... бөлімдерінің емделушілері де келіп ойнайтын болып алды. Сырқаттарға тамақ әкелген, көңілін сұрай келген кейбір ағайындар да ойынды қызықтайтын, тіпті кейбіреулері ойынға кірісіп те кететін болып алды. Менің палаталас көршімнің, әңгімелес досымның атағы шыға бастады. Ойнаған ойындарының көпшілігінде жеңіп шығатын және шахмат терминдерінің біз естімеген түрлерін де, кейбір комбинацияларды да айтатын. Шахматтан ресми дәрежесі болмағанмен, көп хабары бар екенін білдік. Енді екеумізге баяғыдай оңаша әңгімелесуге уақыт қалмайтын болды. Бірақ кереуетіміз жақын болғандықтан, капельница алып жатып та, «тихий час» кезінде де біраз әңгіменің басын қайырып жүрдік.       

   Бұл жігітке кей кездері бір бозбала келіп, тамақ әкеліп жүргені болмаса, көп ешкім қатынаспайтын.

...

Бәкөн әл-Сағыз.

(жалғасы бар)