ТАҒДЫР-ТАЛАЙ

ТАҒДЫР-ТАЛАЙ

Бисенбай

Бисенбай Бисенғалиев.

05.12.1951 ж.т. Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бесжылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Ембімұнайгаз» АҚ-на 100 жыл,  «Қарақия ауданына 45 жыл», «ҚР жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілерінің, «Қарақия ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына, Қарақия ауданының «Қазыналы Қарақия» энциклопедиясына енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті», «МЕН – Геолог-барлаушымын», «Киелі өлкені өзгерткен БАРЛАУШЫЛАР»  кітаптарының авторы.

 

Тағдыр-талай

...

VI

(соңы, басы осында )

...

      Ертесіне таңғы шайдан соң бірден апайымызға жол тарттық. Үйішілік, отбасылық мәселелерді басқа адамдармен талқыға шығаруды екеуміз де қолдамайтынбыз. Бірақ мына мәселе одан күрделірек, екеуміз үшін де зор маңызға ие болып тұрғасын үлкен адаммен ақылдасуды жөн санадық. Келдік, ақылдастық. Мен жеңілдім. Жаныма жақын, менің қамымды ойлайтын екі адамның ойлары бір жерден шықты. Апайым Аппағымның айтқандарының барлығын қоштады, Аппағым айтқаннан да басқа дәлелді себептер келтірді. Өзім айтқандай, апайымыздың айтқан шешімін қабыл алмасқа шара жоқ болып қалды. «Ердің екі сөйлегені өлгені» дегендей, өзім айтқан сөздің құрбаны болып шыға келдім. Кері жол жоқ, жабық. Артынан білсем, бұл мәселені екі әйел, енесі мен келіні, көптен бері талқылап, әбден пісіріп алып маған ұсынған екен ғой. Түсінемін, олардың ойлағаны менің қамым, мені ұрпақсыз өтпесін дегені. Осындай мықты, әріден ойлайтын қамқоршы періштелерім бар мен бақытты жанмын. Апайымның тағы бір ескерткені, болашақта үйленетін қызыңды Аппағымның өзі таңдап алып бергені жөн сияқты деген. Үйге келгесін Аппағымның көңілін көтерейін деп: «Қазақтың дәстүрін жаңғыртқасын жарым жартылай жасамай, толықтай жасаған дұрыс емес пе? Онда маған бірден үш әйел алып беріңдер, толық комплект болып тұрсын. Бірінші әйел – бәйбіше, ол бар менде, екінші әйел – тоқал, оны алып беремін деп отырсың, енді қалған үшінші әйел – нақ сүйер, төртінші әйел – ақ қолтық дегендерді де алып берсеңдер жақсы болар еді. Сонда ұрпақ көбейту ісіне белсене, бел шешіп кірісіп кететін боламыз, үш әйелім жарыса бала туып, оларды сен бағып үлгере алмайтын боласың.»,-дедім әзілдеп. Аппағым да: «Мәссаған, тоқал алу хабары саған ұнап қалған сияқты, қутың-қутың етіп отырсың, әзілің керемет қой»,-деді күлімсіреп. Әзілім екенін түсініп отыр. Аппағымды құшағыма алып, сүйіп, еркелетіп, құлағына: «Тоқалдың қасына жатып «бала жасап» болғасын сенің қасыңа келіп ұйықтауыма бола ма? Басқа әйелдің қасында жата алмаймын, тек сенің қойныңда, сенің ыстық құшағыңда жатып, сенің иісіңмен демалып жатқанда ғана әр түнім жайлы өтеді»,-деп сыбырладым. Аппағым: «Жас иістің аты жас иіс қой, бірер түнегесін мені ұмытарсың, тек мені ұмытып, жоламай кетпесең болғаны»,-демесі бар ма. Осылайша әзілдесіп отырып жабырқаған көңілімізді көтерген болдық әрі тап қазір бола қоймаған нәрсеге бола еңсемізді түсірмейік деген ойым еді.

   Тап осы мәселеде менің ақылдасатын осы екі әйелден басқа ешкімім жоқ. Кейбір басқа мәселелер бойынша (үйішілік, отбасылық емес) ақылдасатын досым ресейге көшіп кеткен болатын. Бұл кезге дейін досым кәсібін дөңгелетіп алған. О баста анасына массаж жасайтын кабинет ашып беріп, көмекшілікке, үйренуші ретінде анасының таңдауымен екі қызды жұмысқа алып, ай сайын еңбекақыларын төлеп тұрған. Өзі шағын ғана көліктердің дөңгелектерін жөндейтін цех (шиномонтаж) ашып, бірте-бірте оны ұлғайтып СТО-ға  (станция техобслуживания) айналдырып және де қаланың әр жерінен бірнеше көлік жуатын (автомойка) орындар, бір жерден мейрамхана да ашып, кәсібін жолға қойып алып еді. Үйленді де. Аппағым екеуміз тойына құрметті қонақ болып қатысқанбыз, ақ тілектерімізді айтқанбыз. Үйленген қызы ресейдің бір беделді адамының жалғыз қызы екен, шетелдерде демалып жүріп танысқан, жарасқан, сөз байласқан. Үйленгеннен соң көп ұзамай қайын атасы қызметке шақырып, сол жаққа көшіп кетті. Анасын да ала кетті. Анасы елді қимай, үйренген ортасында қалғысы келіп, барғысы-ақ келмеген, бірақ жалғыз баласының айтқанынан шыға алмады. Біраз уақыт хабарласып тұрып едік, артынан телефоны жауап бермейтін болды. Сонымен хабарсыз кеткен есеп болып тұр.    

   Сонымен күндер жылжып өтіп жатты. Бір күні Аппағым жұмыстан келерде қасына бір әдеміше жас қызды ерте келді. Жұмыстасы болар деп көп мән бере қойған жоқпын, кейде құрбыларын да ерте келетіні болатын еді, сондай адамдардың бір болар деп ойладым. Жұмыстасым, сұлулық салонының жетекшісі, үйде, асықпай отырып бір жоба бойынша жұмыстануымыз керек деді Аппағым. Таныстырды. Шай үстінде Аппағым өзі бастап жұмыстағы кейбір жағдайларды еске алып, күлкілі әңгімелер айтып өте көңілді отырды. Шай ұзаққа созылды. Осыдан бастап ол қыздың біздің үйге келуі жиіледі, кейде қонып та қалып жүрді. Әдепті, тәртіпті қыз. Жиырмалардан енді асып бара жатырған сияқты жасы, уылжып тұр, дене мүсіні де, өңі де әдемі. Ішім сезіп жүр, Аппағым осы қызды маған ыңғайлап, дайындап жүргенін. Айтқандай-ақ болды, үйде екеуміз қалған бір күні ол менен ертіп келіп жүрген қыздың көңіліме жағатын, жақпайтынын сұрады. Үндемедім. Кетәрі еместігімді түсінді. Біраздан бері қарамағындағы қыздардың арасынан осы қызды қолайлап, назарында ұстап жүргенін, өзінің сынағынан өткенін айтты. Көрші елдерден келген екен, ағайындары жоқ, табыс табу үшін келіпті. Оқуы бар, мамандығы бар, мінезі жайлы, ибалы қыз деп мінездеме берді. Қыздың өзімен оңаша отырып сөйлескенін, жағдайды түсіндіргенін, қыздың қарсы емес екендігін де айтты. Аппағымның айтуынша, тоқалдыққа ағайындары бар, төрт құбыласы түгел қазақтың дұрыс тәрбие алған жас қыздары келісе қоюы мүмкін емес, ал байдан қайтып келген қатындарға жолаудың қажеттілігі жоқ, сондықтан осы қыз біздің барлық талабымызға сай келеді, үйге кіргізіп алуымыз керек деп бәрін өзі шешіп берді. Бұл әңгімеге дейін ол қыз үйімізде әлденеше рет болып жүр еді, Аппағым екеуі апалы-сіңлілі адамдардай шүйіркелесіп, әлдебір шаруаларын жасап дегендей. Бір сәтті күні Аппағым қызды үйге әкеліп, мен іссапарға кетіп бара жатырмын, мен келгенше шай-суыңды осы қыз дайындап береді деді де заттарын жол сөмкесіне салып алып кетіп қалды. Бөлмеме келсем кереуеттің үстінде конверт жатыр, сыртына менің атым жазылыпты. Ашып қарасам, тілдей қағазда Аппағымның қолымен: «Осы қыз сенің тоқалың болады. Өзімен сөйлестім, келісіп отыр. Қимылдап қал» деген жазу бар екен. Бәрін дайындап беріп, өзі бізді оңаша тастап кеткен екен. Басқа әйелдің қойнына барғаныма бір үйде жатып куә болғысы келмеген ғой. Сол түні жас иістің қойнында болдым. Пәк екен. Бір аптадай іссапарда жүріп Аппағым үйге оралғанда біздер кәдімгідей үйренісіп, осы үйдің адамындай болып қалғанбыз. Жас тоқал шаруаларын жасап шауып жүр. Апасы ма, әлде күндесі ме (олай деуге ауыз бармайды), тіпті енесі де сияқты ма, қалай, дұрысы бәйбіше деген ғой, екеуі түк болмағандай жүрді. Аппағым іссапардан келгенде мен үйде жоқ едім, оны қыз (тоқал?) қарсы алып еді. Екеуі телефонмен хабарласып отырып, әдейі мен үйде болмаған кезде келген ғой. Үйге келсем екі әйелім де жайраңдап қарсы алды. Сол түні Аппағымның қойнында болдым. Бірақ, одан кейінгі түндерді Аппағымның өзі екінші әйеліме жиірек кезек беретін болды. Осылайша бақытты күндер сырғып өтіп жатты. Әрине шағын ғана той жасадық, аздаған адамдармен атап өттік. Бәріміз де бір үйде тұрып жаттық. Аппағым тоқалдың жатын бөлмесін кереметтей қылып, қымбат жиһаздармен, көрпе-төсекпен,  жасаулап берді. Бірер айдан соң тоқалдың аяғы ауыр, жүкті екені белгілі болды. Содан бастап Аппағымда тыным болмады, тоқалды өбектеп, еш шаруаға араластырмай, құнарлы тағамдармен тамақтандырып... әлек. Айы, күні жетіп босанды, өмірге шекесі торсықтай томпиған ұл бала келді. Қырқынан шығарып болғасын баланы Аппағым өз бауырына салып, тек емізуге ғана анасына беретін болды. Анасы екеумізді балаға көп жолата бермейтін болып алды, бұл бала менің балам, бала керек болса тағы туып алыңдар деп ұрсатын еді. Баланың туған күндерін, әр мереке күндерін (еңбектегенін, тәй-тәй басқанын, тұсауын кескенін...) ерекше атап өтетін болдық. Бала бес жасқа толғанда Аппағым аяқ астынан ауырып құлады да, мына фәни жалғанды талақ қылып жүре берді. Көз алдымызда дүниеден озды. Дәрігерлерден қайран болмады. Ақ жауып, арулап жер бесігіне тапсырдық, тамын тұрғыздық. Жерлеуіне қызы мен күйеу баласы келді, топырақ салды. Аппағымның қызы мен күйеу баласы біз үй болғалы жиі болмағанмен, қолдары босағанда келіп тұратын. Алғаш көргенімде, ол екеуміздің бас қосқанымызға, анасының бақытты екеніне, анасының қасында сүйеніш болатын адамы барына қатты қуанып еді. Алғашқы кездесуден соң да талай кездестік, біздер де олардың еліне саяхаттап барып, үйін, тұрмысын, елін көргенбіз, біздің елге де олар әлденеше рет келіп қонақ болған. Жиі хабарласып тұратынбыз. Анасының өмірден тез өтіп кеткеніне өкінетін. Дәрігерлік сараптамалардың көрсеткені,  Аппағымның жүрегінде соңғы жылдары пайда болған кінараты болыпты, өзі де сезбеген сияқты, біз де байқамаппыз, әйтпесе емделуге күш салар едік қой. Инфаркт (обширный инфаркт). Ешкімге салмақ салмай, төсек тартып жатпастан, осындай аппақ күйінде, бетінің әрі таймаған, құлын мүшесі бұзылмаған, әдемі күйінде мәңгілік ұйқыға кете барды. Осылайша мен ақ махаббатымнан, ессіз сүйген Аппағымнан, ғашық жарымнан айрылдым. Аппағымның арманы орындалды, менің артымда тұқымымды жалғастыратын қаным, ұрпағым қалатынын көріп, баласын сүйіп, еркелетіп ойнатып кетті. Соған да шүкір етеміз.  

   Осы кезге дейін мен бірер ақылшы ағаларымның кеңесімен қазіргі жасап жүрген кәсібімді тоқтатып, барлығын сатып, түскен ақшаны мұнай саласына қызмет көрсететін фирма ашуға жұмсап жатыр едім. Өзім де байқап, еліміздің экономикалық жағдайын саралап жүрген экономист азаматтардың пікірлерін, айтқан жобалауларын талдай келе осындай қадамға барып едім. Оқыған мамандығым да экономика ғой. Жақын маңдағы жарқын болашақ тек мұнай саласымен байланысты екені белгілі еді. Қалай болғанда да сол салаға жақындау керек. Әуелі шағын ғана қызмет көрсету жағымен айналысып бастап, үйренісе келе, сол маңайдағы жағдайлармен таныса, білісе келе, реті келіп жатса, мұнай өндіріп жатқан бір кішілеу болса да алаңды, кенорнын сатып алуға, сол жұмысты атқарып жатқан компанияның құрылтайшыларының бірі болуға ұмтылу керек. Алдыма осындай мақсат қойып, қасыма ерген қосшы жігіттермен бірге осы жаққа қоныс аудардым. Әуелгі кезде мұнай ұңғыларын қазатын бұрғылау мекемелеріне цемент, жанар-жағар май, әртүрлі химреагенттер, қондырғыға қажетті қосалқы бөлшектер... тағысын тағыларды жеткізіп берумен шұғылдандық. Ол заманда мекемелерде ақша жоқ болатын да, біздер кейбір зауыттармен келісімге келіп аталған тауарларды несиеге алып жүрдік. Бұл жұмыстың өзіндік қиындықтары да жетерлік еді. Бірте бірте бұрғылау компанияларынан мұнай өндіруші компанияларға қарай ойыса бастадық. Алға қойған мақсатымыздың бірі, жағдайымызға қарай мұнайшыларға әртүрлі автокөліктермен қызмет көрсететін компания ашу болды. Жеңіл автокөліктен бастап, ауыр техникаларға (автокран, цистерналы көліктер, тракторлар, цементтейтін техникалардың түрі, құбыр таситын көліктер, автобустардың түрі, тягачтар...) дейін қамтамасыз етумен шұғылданбақшы болдық. Мақсатымызға жетуге де қалғанбыз, санаулы қадамдар қалғанда не болғанын өзіңіз естідіңіз ғой. Бұл жағдайға қалай тап болғанымды әңгіменің бас жағында айтқанмын. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген бар ғой, қасымдағы жолдастарым тақырға отырғызып сатып кетсе, қойнымдағы қатыным да қойныма кірген сұр жылан болып шықты. Осының барлығы қасымда ақыл беретін, алысты көретін көкірек көзі ашық Аппағымның жоқ болғанынан. Әрине, кемшілікті өзімнен іздеуім керек, жолдастарымды дұрыс таңдай алмағаныма кімді кінәлаймын, өзімнен басқа? Баламның анасы, қасымдағы жарымды дұрыс сүйе алмағаныма, көңілімнің, жүрегімнің барлығы Аппағымда болғанына, кім кінәлі? Жарыма тек бала туып беретін ұрғашы ретінде де қараған болармын, ол осының барлығын сезіп жүрген де болар, кім білген? Мен оған ол күткендей бақыт сыйлай алмаған да болармын, ол Аппағым екеуміздің қандай бақытты болғанымызды көрді ғой, өзі де сондай бақытты болғысы келген де шығар, мен оның осы арманын көрмей, тек кәсібімнің жайымен болып кеткен де болармын, бәрі де мүмкін ғой. Сондықтан, мен өзімнің осындай жағдайға тап болғаныма ешкімді кінәламаймын. Бұл да болса маған жіберген, тағдырым сыйға тартқан көп сынақтың бірі болар. Жүнжімеуім керек. Алға үмітпен қарауым керек, сонда ғана бұл сынақтан да өтемін. Кім білген, жас кезімде, ойланбастан, әртүрлі «жаман істермен» (рэкет) айналысып жүргенімде жазықсыз жандардың қарғысына да қалған болуым мүмкін, сондай жандардың көз жастары да мені осындай қылған да болар. Қазіргі кезде күні-түні кешірім сұрап, жақсы тілектер тілеп жүрмін. Кешірім болатынына да сенімдімін. Мені үнемі сынай бермес, бір кездері менен бақытты адам болмаған еді, сол бақытты кездерімді қайтарып алуға бар күшімді саламын. Өмір деген ақ жолақ пен қара жолақтардан тұрады дейді ғой, қазіргі кездегі қара жолақтың бітетін кезі келген сияқты, алдымда ақ жолақ тұр, оны мен көріп те тұрмын.

  Тағдырыма өкпем жоқ. Өмірге келгеніме ризамын. Көптеген жақсы адамдарды көрдім, ақылдарын тыңдадым. Балалар үйіндегі тәрбиеші апайымнан бастап, менің дұрыс жолға түсуіме ақыл берген ағайыма (мылтықпен қарсы алған), өмірімді сәулелі шуаққа, нұрға бөлеген ақ махаббатым Аппағыма, жаттықтырушыларыма (бокстағы, у-шудағы) қалайша риза болмассың!? Керемет жандар ғой.

  Айтпақшы, керемет жандардың бірі, балалар үйіндегі тәрбиеші апайым қайтыс болды, Аппағым екеуміз жерлеуіне көмектестік, ақ жауып, арулап аттандырдық бақи ғұмырға.

  Аға, сау болыңыз. Алла бұйыртса, жақсы күндерде жолығайық.»,-деп әңгімесін аяқтады. Қимастық сезіммен қоштастық. Екеуміздің де ем алатын уақыттарымыз аяқталып үйлерімізге шықтық.

  Осымен бұл хикая аяқталған сияқты болып еді. Бірақ аяқталмапты, жалғасы бар екен.

   ... Жаздың бір жаймашуақ күні қалаға қытайдан мықты емші келіп жатыр екен, тамыр ұстайды, шөппен, алтын ине салып, әртүрлі нүктелерге массаж жасап күйдіріп, сүлік те салып емдейді екен деген хабармен бір жылдары қызметтес болған  жолдасым хабарласты. Бардым. Емдерін алып бастадым. Әр адамның келетін уақытын белгілеп қояды, сол уақытта қабылдайды. Бірер күн ем алғасын, тағы бір барғанымда менің алдымда баяғы палаталас болған, осы әңгімені айтқан жігіт отыр екен. Бір адам ем ала алмайтын болып, өз орнын осы жігітке тастап кетіпті. Жігітімнің қасында бұрындары ауруханаға келіп тұратын бозбала тұр, жігіт болып қалыпты. Шұрқыраса амандастық. Жағдайларымызды сұрастырып жатырмыз. Бұл үшінші мәрте кездесуіміз еді. Екеуміздің де жағдайларымыз жаман емес сияқты, әсіресе ана жігіттің жағдайының жақсарып келе жатырғаны мені қуантты. Тағы әңгімелесе бастадық, хикаяның жалғасын тыңдай бастадым. Келісім бойынша, күнде ем алуға тағайындалған мерзімнен сәл ертерек келеміз де, жайлы жерге орналасып алып, уақытымыз жеткенше әңгімеге кірісеміз. Осылайша әңгімелесуіміз бір аптадан аса уақытқа созылды. Сондағы жігіттен естігендеріме қуандым, жігіттің өзіне риза болдым. Енді сол әңгімеге кезек берейін:

  «Жағдайым жаман емес, шүкіршілік. Біртіндеп еңсемді көтеріп,  тіктеліп келемін. Қасымдағы мына жас жігіт маған көмектесіп жүр, мен де оған барымды салып көмек берудемін. Алғаш ауырып құлағаннан соң, ем алып ауруханадан шықтым, үйге келгесін жата бермей, жайлап-жайлап, өзімді сүйрегендей қылып подъездің алдына шығып, демалып отыруға ұмтылдым. Сондай бір күндері менің осындай мүшкіл жағдайымды байқап жүрген осы бала маған күнде көмекке келіп жүрді. Үйге кіргізеді, үйден шығуыма да көмектеседі, дүкеннен тамақтарымды әкеліп береді. Тығып қойған жерімнен алған ақшам (НЗ – неприкасаемый запас) азайып барады, енді бірдеңе қылып күнкөріс қамын жасауым, ойлауым керек. Содан осы баланың көмегімен ксерокс аппаратын, бірер қорап ақ қағаз (А4) сатып алып, көрші үйлердің подъездеріне «осындай пәтерде ксерокөшірме жасаймыз. Бағасы арзан» деген хабарландырулар ілдік. Жұмысымыз басталды. Бала оқуда болғанда өзім жасаймын, ол келгесін өзі жасайды, мен демаламын. Тапқан азын-аулақ тиын-тебенімізді тістелеп жинақтай бердік. Содан баланы жұмсап, бір жерден (аурухана бөлімінен) массаж жасайтын ескі кушетка сатып алдық. Содан айналамыздағы үйлердің подъездеріне арзан бағаға жеңіл-желпі массаж жасаймыз деп хабарландырулар ілдік. Оған дейін баланы әртүрлі жеңіл массаж жасауға үйрете бердім. Алғыр, ұсынақты бала екен. Айтқандарымды қағып алып тұрды. Өзімде бар кітаптарды оқыттым, өзіме массаж жасатып тәжірибеден өткіздім. Клиенттер келе бастады. Массажға келген адамдарға массажды балаға жасатамында өзім қадағалап тұрамын, кейбір кездерде  сау қолыммен өзім де кірісіп кетемін. Ксерокс пен массаждан пайда келе бастады. Қосшы балам мектепте физика, математика, информатика сияқты сабақтарды жақсы оқыпты, мектеп қабырғасында әртүрлі үйірмелерге қатысыпты. Электроникаға, айти (IT) саласына, компьютерге үйір екен, қызығушылығы мықты. Көп нәрселер қолынан келетінін де сездім. Содан тірнектеп, сығымда жинап жүрген  ақшамызды салып керекті материалдарды, құралдарды сатып алып, үйден телефон, компьютер жөндейтін, компьютерге әртүрлі бағдарламалар енгізетін жұмысты бастадық. Жақын маңдағы үйлердің подъездеріне осындай жұмыс жасаймыз деген хабарландырулар ілдік. Жұмысымыз сәл жандана бастағасын, көршінің босаған екі бөлмелі пәтерін жалдап алып цех аштық, бастамамызды заңдастырып ИП (индивидуальный предприниматель) атанып, ресми түрде жұмыс жасауға көшіп, заңды түрде салық төлеуге кірістік. Жағдайымыз түзеле келе қалалық газеттерге, әртүрлі жерлерге кеңінен жарнамалар да жасадық. Қазір жағдайымыз жаман емес, шүкіршілік. Қосшы балам талантты жігіт, тек көтермелейтін жан болмай тұр. Бірақ, оған қиналып отырған біз жоқ, алар асуымыз әлі алда. Менің ақылыммен ол жігіт қазір боксқа да қатысып жүр, әзірге жетістіктері онша емес, бірақ ынтасы, ұмтылысы мықты, түбінде жақсы боксшы шығатынына сенімдімін. Қолымнан келгенінше жұмыстанып, осы жігітті оқуға түсіріп, өзі қалаған айти мамандығын алып беруге тырысамын. Жақсы азамат, мықты маман болып шығатынына сенімдімін.

   Өткенде, ауруханада соңғы жатқанымызда маған келіп тұратын бала осы жігіт. Қазір мына қытайдан ем алып жүрген болып мына жігітті оқытып жүрмін. Қытайлар өз білгендерін үйреткісі келмейді, бірақ мен жүре алмайтын ауру болып, мына жігітке сүйеніп әрең келген түрімде массаж қабылдаймын. Ал мына жігіт қытайдың қалай жасағанын қадағалап, жадына сақтап, қарап тұрады. Үйге барған бойда екеуміз соларды пысықтаймыз, ертеңгі күні массаждың қай жерге қалай жасалу керектігін қарауды ойластырамыз. Кітапта жазылғандармен салыстырамыз. Көмекші жігітімнің ынтасы зор, массаж жайында да бірталай тәжірибе жинақтап қалды. Баланың ата-анасымен араласып тұрамын, олар да балаларының осындай пайдалы іспен шұғылданып жүргеніне дән риза. Биыл мектеп бітірді, бірақ жоғары оқу орнына бармады. Ақысыз оқуға, грантқа түсуге балл жинай алмаймын, ал ақылы оқуға төлейтін қаражатымыз жоқ, отбасылық жағдайымыз көтермейді дейді. Үйдегі шиеттей бала-шағаны әкесінің күзетші болып тапқан жартымсыз ақшасымен асырап отыр. Екеуміз бірлесіп ашқан кәсібіміздің арқасында олардың тұрмыстары да жөнге келіп қалды. Қалада басқадай жұмыс жоқ, еш жерге жұмысқа алмайды, бұнымен бірге мектеп бітіргендердің көпшілігі бос қаңғып жүр. Жақында, баяғыда досым екеумізді дұрыс жолға салған, түнде үйіне барғанымызда бізді мылтықпен қарсы алған ағамыздың телефонын тауып алып хабарластым. Үйдегі кітаптардың арасында жатқан блокнотымның арасында жатқан визиткасынан көріп, сол номері ме екен, әлде ауыстырып жіберді ме екен деп соғып қарап едім, жауап беріп тұр. Ол ағамыз қазіргі таңда еліміздің ірі, маңдайалды кәсіпкерлерінің бірі. Амандық, саулық сұрасып болғасын менің жағдайымды сұрады. Жағдайымның шет-шепірін айттым. Ағамыз, маған тездетіп жет, көмегімді беремін, аяғыңнан тұрғызып жіберуге жұмыстанамын, өзіңе лайықты, шамаң келетін жұмыспен де көмектесемін деді. Қасымда көмекші жігітім бар, екеуміз барсақ қалай болады деген сұрағыма күліп, келе беріңдер деп жауап берді. Қазір қасымдағы жігітім екеуміз жолға дайындалып жатырмыз. Ағамыз екеумізге де ұшаққа билет алып берді. Жігітімнің ата-анасының келісімін алдым. Бұйыртса, бірер күнде жолға шығамыз. Алға қойған мақсатымыз бар, соған жетуге тырысамыз. Бәрі де орнына келетініне сенімдімін. Баламды да іздеп табамын, маған көмек қолын созған ағамыздың барлау қызметі, информация жинақтау тәсілдері керемет, сол ағамнан көмек сұраймын, тауып береді деген үмітім бар. Егер табыла қалса, жұбайымды кешіремін, қосылуға, баламды жетімсіретпеуге тырысамын. Жетімдіктің қандай болатынын менен артық кім біледі? Өткенде айтып едім ғой, айналам толы жақсы адамдар деп, енді солардың қатарына мына қосшы баламды да, оның ата-анасын да қосып қоямын. Осындай жақсы адамдар барда біздің жаман болуға хақымыз жоқ.

   Жақында түс көрдім, керемет көкмайса шалғын шөп, гүлдер шыққан далада ерлі-зайыпты жас жұбайлар бір ер баланың қолынан ұстап кетіп бара жатырды. Олардың алдарынан нұрлы шапағын әлемге шашып күн шығып келе жатты. Жақсылыққа жорыдым. Бұл бала мен болармын да, екі қолымнан ұстап алға жетелеп бара жатырған өзім көрмеген ата-анам шығар. Әлде, өзімнен туған баламды екі қолынан ұстап алға жетелеп бара жатырған Аппағым екеуміз бе екен, кім білген, солай да шығар. Әйтеуір жақсы түс, өте жақсы түс.»,-деді. Тағы да қоштастық. Ақ жол тіледім, Қыдыр Ата қолдағай, сапарларың сәтті болғай деген ақ тілекпен қош айтысып тарадық.

  Айтпақшы, бұл жігіт соңғы бір әңгімелесіп отырғанымызда маған: «Аға, мен Сізді сыртыңыздан білетін сияқтымын, естуім бар. Алғашқы көргеннен бастап, есіміңізді естігеннен бері ойланып жүрдім, сырқатқа да байланысты болар, жақында ғана есіме түсті. Сол кездерде кездесе алмасақ та, бұйырмыс солай болып, осы кездескенімізге де ризамын. Таныстық, білістік. Менің жанға айтпаған бар сырымды енді білесіз»,-деп еді.     

  Керемет! Мына жігіттің осыншама мықты ерік-жігеріне, алға ұмтылысына, ертеңгі күнге деген сеніміне таң қалмасқа болмас. Осындай жүйкесі мықты, жүрегі алып жігіттердің дегендеріне жететініне сенемін. 

 Адам тағдырына әсер ететін бір тылсым күштің керемет сиқыры бар сияқты. Мына жігіттің мысалынан-ақ адамның ойлауы, арманы, мұраты тағдырын қолымен жасауына оң әсер, ықпал ететініне қалай сенбессің. 

   Біреулер тағдырының бергеніне қуанып, бақыттымын деп жатса, біреулер өмірден қанағат ала алмай, өз бейнетін-бақытсыздығын «тағдырынан, ғұмырынан» көріп, не болмаса, өзгелерден көріп, өзінің мүсәпірлігіне, жігерсіздігіне басқаларды кінәлі санауға ұмтылады. Басқалар аяғымнан шалмағанда... Жіберген қателерін түзетуге өмірдің қамшының сабындай қысқа екенін айтып, қалған өмірін осылай өткізумен болады, бармақтарын тістейді. Ал мына жігіт ондай осалдардың сортынан емес, ешкімді өзінің қателіктеріне кінәлаудан аулақ. Бәрін де, жақсы болсам да, жаман болсам да, өзімнен көремін дейді. Енді болдым ғой, үміттенетіндей ештеңе қалмады әрі уақыт та жоқ, өмір зулап өтіп бара жатыр деп түңілмейді де. «Жалғыздың шаңы шықпас» деп те түңілмейді, ешқандай танысы жоқ бөтен қалада қиын жағдайға тап бола тұрып, қолында түк қаражаты да жоқ бола тұра, тығырықтан шығатын жол тауып тұр емес пе. Қазақ «ізденген жетер мұратқа» демекші, өмірін өзгертуге ниеттенген, талпынған адам түптің түбінде мақсатына жетеді. Өмір жолындағы қиыншықты осы жігіт сияқты жеңу үшін адам саналы әрекет жасауы қажет. Саналы әрекет дегеніміз, осы жігіт сияқты алдыңа нақты мақсат қойып, сол мақсатқа жететін жолды анықтап, сол жолмен жүру. 

    «Өмір – күрес» дегенді жетіскен кісі айтпаған, жетіспеген кісі айтқан. Өмір күрес емес. Өмір деген – ол еңбек, өмір деген – ықылас, өмір деген – пейіл. Басқалар да мендей болсын, мен де басқалардан кем болмайын деген намыс қана – өмірдің шын аты» дейді атақты жазушы Әбіш Кекілбаев. Ең бастысы «дүние алма-кезек» дегендей, жалғандағы барша қиындықтың уақытша екенін ұғынып, «өмір» атты кемеде қатарыңнан қалмай, жолыңда кездескен қиындықтардың барлығын да намысқа тырысып, ақ пейілмен, ыстық ықыласпен, қажырлы еңбекпен жеңе білу керек.

      Өмір – қызық әлем. Жүрекке бірде қуаныш сыйлап, шаттандырса, бірде еріксіз мұңға бөлейді. Өмір – ғажап, өмір – тәтті! Өмір сұлулық пен үйлесімділікті талап етеді, адам мен адамгершілікті қалайды. Айналадағы адамдарға қарасақ, бәрінің өз өмірі, тірлігі бар. Біреуі қиналады, біреуі қуанады, біреуі дүниеге келіп жатса, енді біреуі о дүниеге аттанып жатады. Кейбір адамдар осының бәрін біле тұра, Алланың сынағына шыдамай, «Мен шаршадым, өмір сүргім келмейді» дейді. Қандай жағдай болмасын ақыл-ойымызбен, сабырлылығымызбен жеңе білуіміз керек. Адам өмірі жеңіс пен жеңілістен, сәтсіздіктен, қайғы мен қуаныштан құралады. Міне, өмірдің өзі біле білсек, сонысымен қымбат. Өмірде бәрі өткінші.

Осы жігіттің жалғыз қолымен де массаж жасап жүрмін, «Үш күннен соң көрге де үйренесің» деген қазақтар айтқан сөз дұрыс екен, талаптансаң бәрі де өз қолымызда, тек ерінбей-жалықпай еңбектену керек, ұмтылу керек дегеніне орай өзім білетін осындай бірер массажшы жігіттер есіме түсті. Сырқатыма байланысты қаладағы «осы мықты» деген біраз массажшылардың жұмысын көрдім. Солардың арасынан бірі қазақ, бірі орыс екі жігіттің өз жағдайларына қарамастан кәсібін жоғары деңгейде меңгергендерін, қолдарының шипасын елге беріп жүргенін көрдім. Қазақ жігіттің екі көзі де соқыр, туа бітті нашар көріпті де, келе бере түк көрмей қалған. Сол жігіт өздігінен, Брайн әліппесі арқылы массажшылыққа оқып, Кавказдағы бір жерден тәжірибеден өтіп, массажшы болып шығыпты. Массаж жасауы керемет, қолдары шипалы. Мен жұмыстан кейін үйіне барып жасатып жүрдім. Ол жігіт күндіз емханалардың бірінде массажшы болып жұмыс жасайды, кешке үйінен осындай сырқаттарды қабылдайды. Жұмысына жаяу барады, маршрутын жақсы біледі. Отбасылы, тым жақсы  балалары да бар. Екінші орыс жігіттің бір қолы туа бітті қисық болып қалған, өзінің айтуынша «родовая травма», аздап солып та қалған. Соған қарамастан сау қолымен массаж жсағанда керемет, екінші қолымен кейбір жерлерде демеп көмектеседі, бірақ негізгі күш сау қолында. Осы екі азаматтың да қызметтері дені сау, жеті мүшесі түгел массажшылардан артық. Бұл да болса алға ұмтылудың, дұрыс мақсат қоя білудің, ерен еңбек арқылы дегеніңе жетуге болатынының мысалы емес пе.

  Төменде осы жазғандарыма сай келетін, дәл суреттеген екі ақынның өлеңдерін беріп отырмын. Бұл өлеңдер осы әңгіменің кейіпкерінің болмысына дөп келіп тұрған өлеңдер екен.

...

Шыдай түс.

...

 

Шыда, шыда, шыдай түс, шыда тағы, 
Шыдамдыны мына өмір ұнатады. 
Құлан иек үміттің құла таңы,
Әйтеуір бір атады, бір атады.
Өкінбе, өкпелеме бүгініңе, 
Өмір, Өмір!
Болмайды түңілуге,
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге.
Түсінемін жаныңның ауырғанын,
Шыдадың ғой, шыдай түс, дамылдағын.
Йогтардың тәсілін қабылдағын, 
Басқасына бас ұрып табынбағын.
Шыда, шыда!
Шыдай түс, тағы шыда!
Тау құлатқан тасқынның ағысына,
Кір жуытпай, кіршіксіз намысыңа,
Қарысуға болады, алысуға....


(Мұқағали Мақатаев)

 

...

     ТАҒДЫРДЫ ҚОЙШЫ..

...

Тағдырды қойшы..

Тағдырың  деген  бір ғайып.

Кетпесе болды, іштегі мұңың ұлғайып.

Өзіңді-өзің сүйрелеп шыңға шықпасаң,

Деп пе едің, қалқам..құшағын бақыт тұр жайып.

 

Тағдырды қойшы..

Тағдырың – күндер күйбелең.

Күйбеңдеп жүріп, өмірді кім бар  сүймеген.

Асылыңменен у ішуді де мақұлдап,

Тасынуменен толады қоймаң – үй деген.

 

Тағдырды қойшы..

Болмайды əсте, күткенің.

Бұйырған екен..

болмыстың шалқар жұт демін.

Жар салып жылап, жалғанға мынау, келгенмен..

Тамсанып жүріп, білмейсің өмір біткенін.

 

Тағдырды қойшы..

Тағдырдың жолы бұралаң.

Бұралаң жолдан өту де арман дін аман.

Таңдайға татпас..тəттіге құмар көңілің,

Маңдайға жазбас.. жүректе жүрер бір адам.

 

Тағдыр ғой, тағдыр..

Тап-таза кім бар, күнəдан.?!

(Мехнат Теміртасқызы)

...

     PS.   Сонымен бұл әңгіме де мәресіне жетті. Көптен бері ойымда болып, бірақ реті келмей жүрген шаруа еді. Бір адамның түрткі болуымен қағазға (компьютерге) түсіп қалған жайы бар. Ойымдағыдай болып аяқталғанына да іштей риза болып отырмын. Бұл әңгіменің негізгі айтар ойы қандай? Өздерің де байқаған боларсыңдар, кейіпкерім мықты адам. Мойымайды, өмірі жарық дүниенің есігін аша сала теріс қарап кетсе де жігері жасымайды, ешкімді жамандамайды, ешкімге кінә артпайды, айналасынан тек жақсылықтарды ғана көреді, жақсы адамдарға жақын жүреді. Жігер күші мықты,  қандай тығырыққа тірелсе де бір тылсым күштің, өзінің адал еңбегінің арқасында өмірдің ақ жолағына шығады. Ешкімнен ештеңе дәметпейді, қолын жайып ештеңе сұрамайды, тек қана өзінің адал еңбегіне, күш-қуатына сенеді. Қазіргі кезде жаңбыр жаумай су болып, екі иініне су кетіп, жүнжіп, тағдырының осылай болғанына күйініп, біреулерді, үкіметті кінәлап, тіпті, Құдайға да тіл тигізіп жүргендер баршылық қой. Төрт құбыласы тең, жеті атасын жатқа біледі, тегін айтып мақтанады, бірақ өзі сорлы, құр мақтаннан басқаға шамасы жоқ. Сондайлар, жасы да, кәрісі де, тепсе темір үзетін күш-қуаты бойында тұрған, бірақ жігерсіз жандар жетерлік. Олардың ойы, барлық игіліктер еш қимыл жасамастан келе берсе дегенге келеді. Өмірдің тек қара жолағын көруге жаралған жандар. Олардан басқа адамдарға, елге түк пайда жоқ, өз қарақан басына жасай алмай жүрген жақсылықты басқа біреуге қалай жасай алады. Бықсып жанған шала...

  Ал менің кейіпкерім, керісінше, тек өз басының қамын ғана ойламайды, өзінің мүшкіл, адам аярлықтай жағдайына қарамастан айналасына шуақ шашып, көмегін беріп, позитивті мотивация сыйлап жүреді. Жеті атасы түгіл өзінің тегін де, қалай өмірге келгенін де білмейді, бірақ кейбір жеті атасын жатқа білетін мақтаншақ «жамандардан» бәсі биік.

Әңгіменің тоқетер түйін сөзі: Әлсіздер «Тағдырдың жазғаны осы екен...» дейді. Мықтылар «Мен тағы бағымды сынап көремін» дейді. Ал қайсарлар «Мен мақсатыма жетпей қоймаймын!» дейді.  Қалғанын осыған қарап өздерің бағамдай берерсіңдер.

...

Бәкөн әл-Сағыз.