МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында 

 

ОНЫ МҰНДАЙ ДЕП ОЙЛАМАП ЕДІМ…

 

    -Кеше Әзiлхан үйiме келiп: ,,Әлгi Мамытбек сiзге жақын бола ма?,,-дедi.

    -Қай Мамытбектi айтып отырсың? Мен бiлетiн Мамытхан, Мамытқұл, Мамытбек дегендер бар. Фамилиясы кiм?

    -Фамилиясы Қалдыбаев.

    -,,Лениншiл жас,,  ,  ,,Жетiсу,, газеттерiнде жазып жүрген Қалдыбаев дегендi бiлушi едiм.

    -Ие, сол. Ол өзi жақсы жiгiт, таланты бар.

    -Ол қып-қызыл ақымақ! – дедiм сөзiн бөлiп. – Жақында теледидардан сөз сөйледi. Ернiн бояп алыпты. Шашын маңдайына түсiрiп, сәнденiптi. Көйлегiнiң жағасы тар, галстугi көрiнер-көрiнбестей. Оның өзiмен қоса қатыны да ақымақ екен деп ойладым. Бес минөт емес, табаны күректей жарты сағат сөйледi.

    Тағы клубта емес, экранда. Оны миллион адам көрiп отыр. Екi қолын айқастырып, алдын көлегейлей бередi. Қып-қызыл ақымақ, басқа ешкiм емес!

    Әзiлхан күлдi.

    -Бауке, - дедi сәл үндемей отырып. – Менiң сiзге тағы бiр айтатын сөзiм бар едi.

    -Айт.

    -Түрғын үйiм үш бөлме. Екi қызым күйеуге шықты. Екi бөлмемде олар тұрады. Бiр бөлмеде өзiмiз. Жазу кабинетiм жоқ. Соған үй сұрап, бармаған жерiм қалмады. Бәрiнен көмек болмай тұр. Үш бөлмелi үйiмдi екi күйеу балам мен қызыма қалдырып, басқа жерден төрт бөлме алсам деп едiм. Иiнi келмей қойды. Сiз көмектессеңiз?

    -Мен қалай көмектесемiн?

    -Үлкен басшыға айтсаңыз?

    -Мен үлкен басшы түгiл қалалық  Советтiң төрағасына өз жағдайымды айтып барған емеспiн. Бармаймын да! Барды десе, сұра. Мен де жазушы адаммын. Оның үстiне қартпын, аурумын. Менiң де жазу кабинетiм жоқ.

   Түсiн дегендей Баукең маған алара қарап қойды.

   -Өзiң бiлiп, көрiп жүрсiң, қарағым, Алматыда үй мәселесi қиын. Ал ол үш бөлмесiн балаларына қалдырып, жаңа үй алмақ. Тым болмаса, кеңейту де емес. Көктемде тауда, ,,Алатау,, демалыс үйiнде жатқанымда өзiң бардың ғой. Сонда менiң көршiлес бөлмемде Москвадан арнайы шақыртылып алынған жоғары маман, министрдiң орынбасары жатты. Соған әдепкiде дайын үй табылмай қиналды емес пе? Алматы жыл, ай санап емес, күн санап өсiп келедi. Көресiң, әнi-мiнi дегенше Ташкенттi қуып жетедi.

    Әзiлхан сұп-сұр болып отырды.

    -Мен қалалық Советтiң төрағасы емеспiн, үй бер деп ешкiмге айта алмаймын.  ,,Пәленше Бауыржан туралы кiтап жазып едi, ендi Бауыржан оған үй берiңдер деп жүр,, ,- демей ме жұрт. Естiртiп айтпағанмен iшiнен ойлайды. Дүниеде iшiнен ойлап, естiртпеген жаман.

   Баукең темекi тұтата отырып:

   -Мен оның келгенiне қатты ренжiп, ашуландым, балам,-дедi көк түтiндi бұрқ еткiзiп.- Оны мұндай деп ойламап едiм…

 

НЫСАП КЕРЕК, НЫСАП…

 

   Баукең стол үстiнде жатқан бiр ақынымыздың жетпiске толған тойына шақыру билетiн  алып, маған ұсынды.

   -Мә, оқып, таныс. Мына жерiне ,,аса көрнектi ақын,, деп жазыпты,- дедi мысқылдай күлiп.- Қайдағы аса көрнектi? Ойпырмай, көпiрiп, лепiрiп  сөйлеудi қашан қоямыз? Көрнектi десе де оның тақиясына тар келмейдi ғой.

   Мен үндемедiм.

   -Сұрағың бар ма?

   -Әнеукүнi Әзiлхан ағамен кездестiңiз бе?

   -Ә, мынау /телефонды көрсеттi/ тырр-р ете қалды. Тұтқаны көтердiм.

   -Мен Әзiлханмын ғой. Сiзге барсам деп едiм.

   -Е, келем десең кел, есiк ашық, қарағым.-Үйдiң жанынан телефон шалса керек, бес минөттен соң келдi. Сәлемдесiп, үндемей отыр. Мен де өзi бастасын деп тiс жармадым. Бiр-бiрiмiздi сынап бақтық. Ақыры шыдамы таусылды бiлем, қипақтай бастады.

   -Е, не шаруамен келдiң, айтсаңшы?

   -Әнеукүнi ,,Ақиқат пен аңызға,, талқылау болды. Есiткен шығарсыз?

   -Иә, естiп жатырмын.

   -Олар маған қатты сөз айтты.

   -Қандай қатты сөз?

   -Сен Александр Бек пен Бауыржан Момышұлына қандай жаңалық қостың? Өзiңнен не бар?-деп менi сөктi.

   -Сен түсiнбепсiң,- дедiм мен ашуланып.- Олар сенi сөккен жоқ, әдiлiн айтты!- Өз жазғаныңды өзiң оқып шық. Олардың:,,Не жаңалық қостың, ештеңе көре алмай отырмыз,,- дегенi орынды. Сол себептi өкпелеуiңнiң жөнi жоқ. Бұған түсiнбесең, ашқан жаңалығыңның атын аташы? Қандай жаңалығың бар? Түсiнсең, олардың сыны-мүлде әдiл. Сен бекер өкпелеп отырсың, шырағым.

   Александр Бек жазушы, шығармасы 87 елде жарық көрдi. Ал Бауыржан Момышұлы екi тiлде жазатын қаламгер. Ол екеуiнен асып кете алмадың деген ескертпе толық заңды. Ақылың болса, қарағым, оларға өкпелемегiн.

  Оқырмандар сенiң ,,Ақиқат пен аңыз,, кiтабыңды жақсы қарсы алды, рахаттанып оқып жүр дегендi естiп жатырмын. Саған осы абырой да жетедi, шырағым. Нысап керек дейтiн қазақтың сөзi бар. Нысап керек!

   Талқылауда мен болғаным жоқ. Е, айтпақшы ұмытыппын, өзiң келiп, ,,сiз қатыссаңыз жақсы болар едi,, деген екенсiң ғой. ,,Жоқ, мен  қатыспаймын, немене, менi жазды деп сенi қорғауым керек пе? Ол- әдепсiздiк,, деп талқылауға барудан бас тартқаным ендi есiме түстi.  Мейлi, әңгiме онда емес, әңгiме, талқылауда сөйлегендердiң бiреуi кем, бiреуi артық кеткен шығар. Ал жалпы мен олардың ескертпесiн дұрыс деп ойлаймын.

   …Баукең Министрлер кеңесi ауруханасына түсiп қалды. Үшiншi қабатқа көтерiле бергенiмде, төрт бұрышты дәлiздiң күнбатысқа қараған терезе алдындағы шағын стол жанында Баукең мен келiнi Зейнептiң сөйлесiп отырғанын көрiп, қуанып кеттiм. Қуанғаным, бiрiншiден, ағаны iздеп, әуре болмайтын болдым, екiншiден, денсаулығының жақсы екенiне көзiм жеттi.

    Қысылып-қымтырылмай, еркiн, жадырай қол берiп амандастым.  Стол шетiне   бiр топ газет-журналды, үлкен торлама қауынды  жайлап қоя берген едiм:

   -Әкелгенiң осы-ақ па? Мұның атын сараңизм дейдi,- деп Баукең әзiлдей күлдi. -Маған бұдан былай, қарағым, ештеңе әкелмегiн.

   -Мүмкiн болса, сiз бiздi оңаша қалдыра тұрасыз ба?- дедi Зейнеп маған өтiне қарап. Мен бiрден келiсiп, төменгi қабатқа қарай кеттiм. Ұзап бара жатып:

   -Сенiң солай ойлағаның дұрыс, балам. Менiң де күдiгiм бар едi,- деген  Баукең сөзiн естiп қалдым.

   Он минөттей уақыт өткенде Зейнеп орнынан тұрып, қоштасты. Мен тез басып, ағаның жанындағы бос орындыққа  жайғастым.

   -Сәуiрбектiң  ,,Ұшқан ұя,, кiтабыңыз жөнiнде жазғанын оқыдыңыз ба?- дедi Зейнеп баспалдақпен екi-үш саты төмен түсе бере, тоқтай қалып.

   -Жоқ, оқымадым.  Қазiр үйге барысымен бiреуден берiп жiбер.

   -Ол газеттi мен ала келдiм,- деп едiм:

   -Е, онда әуре болмай-ақ қой, балам,- дедi Баукең қуана дауыстап.                

    Ағаның өзi туралы жазылған дүниенi оқуға асығатынын бұрыннан бiлушi едiм. Оған  бұл жолы тағы  көз жеткiзе түскендей болдым.  

    -Нұршайықовтың ,,Ақиқат пен аңызын,, жартысына дейiн оқыдым,- деп Баукең бiрiншi тiл қатты.- Әскери этика, эстетика дегеннен хабары жоқ екен. Оқиғаны қоршаған ортасыз, онымен байланыссыз бере салады. Оқиға басталар алдындағы жағдай көрiнбейдi. Менiң әңгiмелерiмдi оқыған шығарсың? Кiшкене ғана дүниелер ғой. Бәрiнде оқиға алдындағы жағдай, факт, оның дамуы толық көрiнедi. Ол толық көрiнбесе, болмайды. Ал Әзiлхан жеке фактiнi айтқанға мәз. Бұл жазушылық өнер емес.

   Бiр мысалға тоқталайын. Менiң Қасым Қайсеновпен таныстығым шамалы.  Жолыққанда:,,Бауке, ассалаумағаликум,, деп амандасады. Мен де ,,е, амансың ба, қарағым,, дегеннен басқа сөз айтып көрген емеспiн. Партизан екенi рас. Мен оны жек көрмеймiн. Бiрақ та ол туралы ,,Ақиқат пен аңыздағы,, сөздердiң авторы мен  емеспiн. Оның  көңілiмдi сұрап, палатама келгенi-қып-қызыл өтiрiк!

    Талғат Бигелдиновпен де амандасқаннан басқа сөзге келiп көрген жоқпын. Шырағым, мен ұшқыш емеспiн. Сол себептi онымен де қарым-қатынасым шамалы. Ал Әзiлхан мұны тiптi басқаша етiп көрсеткен. Ол менiң айтпаған сөзiмдi айтты, ойламаған ойымды ойлады деп жазады. Қарағым, көңілiңе келсiн, келмесiн, бұдан артық өсек бола ма?  Оның менi осылай  бес тиынға сатып жiбергенiне не деуге болады?

   Мархұм Александр Бек, жатқан жерi торқа болсын,  менi бес тиын емес, бес миллионға сатқан жоқ. Александр Кривицкий де солай. Я оскорблен. Соны сезiп, соңғы кезде Әзiлхан маған жоламай жүр.

   Оның тағы бiр кемшiлiгi-кейiпкер қандай күйде отыр, кiмге қалай көзқараспен қарайды, күлiмсiреуi, қабақ шытуы, не тұнжырап қайғыруы, не бiрнәрсенi жақтырмай тiксiнiп қалуы деген секiлдi сан алуан психологиялық хал көрiнбейдi. Автор, Бауыржан Момышұлы деген сөздердi қара әрiппен жазып, қос нүктенi қояды да, төтелеп тарта бередi.

   Әзiлханның қолжазбаны баспаға жiбермей тұрып, маған оқып беруге ерлiгi жетпедi. Оқып бергенде, ,,мына жерiн былай еткен дұрыс,, деп пiкiрiмдi бiлдiрiп, көмегiмдi жасар едiм.  Обалы не керек, Александр Бек ,,Волоколам тас жолын,, жарық көрмес бұрын  маған үш рет оқып берген болатын.

   Әй, шырағым, әр мамандықтың өз этикасы, эстетикасы, философиясы бар. Оны түсiнбей, көрсетпей, беталды оқиға мазмұнын қуалай беруге бола ма? Әскери этика өз алдына. Менiң ,,молчать!,, деген сөзiмдi, құдай-ау, жиырма рет қайталапты. Оны бiр рет көрсетсе жететiн едi ғой.  Осы секiлдi кемшiлiктерi көп.

    Тағы бiр көңілiме келгенi, Әзiлхан менiң Жуалыдағы ауылыма  барыпты. Атқа мiнiп араладық дейдi. Одан өзге түк жоқ. Құдай-ау, Мыңбұлақтың бұрынғы суы қандай едi, қазiр оның  суын жерге сiңiрмес үшiн канал салған. Ылди төмен аққан өзеннiң ағысы   оқтан жылдам. Атыңды, түйеңдi ағызады. Таулар қандай?!

   Ел өзгерген, ауыл үлкейген, өскен. Әзiлхан осыларды көрмептi, өзi соқыр ма, немене?

   Мен үндемедiм.

   -Аулыма неге барғаны белгiсiз. Тағы, образ языка, мышления деген бар. Түсiндiң бе?

  -Түсiнсең, мұны сен ескер.  

   …Мен ,биылғы жылы, дәлiрек айтсам, 2001 жылдың тамыз айында Әзiлхан Нұршайықов ағаның ,,Өлке,, баспасынан осы  жылы жарық көрген ,,Өмiр өрнектерi,, кiтабының 593-шi бетiндегi ,,Ақиқат пен аңыз,, туралы:,,Негiзгi кейiпкерi өмiрде бар нақты адам болғанымен, бұл оның өмiр оқиғалары өзгеше өрнектелiп, шындық шеңберiнде өзгертiле өңдей жазылған көркем шығарма. Шындық пен қиял қосылып, шекарасын танытпай жымдасып жатқан дүние,,- деген жолдарын оқып  таң қалдым. Бұған дейiн де ,,Аңыз бен ақиқат,, қалай жазылды?,,деген мақаласында автор:,,Мен Бауыржан Момышұлының атын өзгертiп, басқа ат қоймақ та болдым, бiрақ кейiпкерiмдi жақсы көргендiктен олай етпедiм,, деп  жазғаны бар едi. ,, Әзiлхан ағаның мына ойы Баукең аруағына қиянат, жауап жазайық,,- деп Мекемтас Мырзахметов ағамен ақылдасқанымда, ол кiсi:,, Босқа әуреленiп қайтесiң? Бәрiбiр халық оның өтiрiгiн қабылдамайды,,- деп жұбатқан едi. Ендi автордың жоғарыда аты аталған ,,Өмiр өрнектерi,, кiтабын оқып, бұл фактiге жеңiл-желпi қарауға болмайтынын түсiндiм. Шындығында ,,Ақиқат пен аңыз,, көркем шығарма ма? Оны автордың Баукеңнiң айтып беруi бойынша жазғанын кiм бiлмейдi? Қайта кiтапты оқыған көзiқарақты оқырман ойдан қосылған  өтiрiктердiң Баукең айтқан әңгiмелермен үш қайнаса сорпасы қосылмай, автор өресiнiң қандайлық деңгейде екенiн  оп-оңай ажыратады.

   Бұған көз жеткiзе түсу үшiн  атақты партизан, Халық қаҺарманы Қасым Қайсенов ағаға барып жолығуыма тура келдi.

-Әдiлетiн айтарсыз деп сенем.

   -Сен алдымен тыңдап, түсiнiп ал,- дедi ол кiсi ұзақ ойланып-толғана отырып.- Мен Бауыржанды соғыстан кейiн ғана көрдiм. Жазушылар одағында түрлi әдеби жиындарда, бас қосуларда бiрге болып жүрдiк. Ол кiсiнi Батыр, жазушы ретiнде қатты құрметтейтiн адаммын. Бiр Баукеңдi ғана емес, соғысқа қатысып, Отанымызды жаудан қорғағандардың, тiптi ақ ниеттi, адал жандардың бәрiн ерекше жақсы көрiп, сыйлаймын. Жалпы мен бiреудiң жетiстiгiне жас балаша қуанып, алғысымды бiлдiретiн ағаларыңның бiреуiмiн.

   Қасым аға екi-үш рет жөткiрiнiп, орнынан қозғалақтап:

   -Баукеңмен жолығып жүрдiм дедiм ғой,- дедi қынжыла қабақ шытып.- Әйтсе де бiрде бiр рет ауруханаға барып, ол кiсiнiң көңiлiн сұраған емеспiн. Ал Әзiлхан менi ,,Ақиқат пен аңызда,, ауруханаға барғызып, көңілiн сұратып қояды. Жай сұратып қойса да мейлi ғой, сол күнi  карантин екен. Ішке кiруге рұқсат жоқ. Мен күзетшiнi тыңдамаппын. Соны  Баукеңе өзiм былай баяндаппын:,, Қасымға карантин бөгет болушы ма едi? Қақпаға барып едiм, кiргiзбедi. Бiр бұрышты айналдым да, қоршау тақтайды теуiп қалып, бiреуiн сындырдым. Бiрақ одан сыймадым. Екiншiсiн сындырдым да, сып етiп аурухананың ауласына кiрдiм.,, ,,Қоршау тақтайын сындырғаның үшiн өзiңдi сотқа берсе, қайтесiң?,, Бұл Баукеңнiң сөзi. ,,Жоқ, Бауке, одан қорықпаймын. Жасанған жау тұтқын лагерiн тоғыз қабат сыммен қоршап, автомат пулеметiн кеудеме кезеп тұрғанда да олардың тас-талқанын шығарғам,,- деймiн мен терiме сыймай күпсiнiп. Осылай, Әзiлханның жазуынша мен бас бұзар, ұр да жық, даңкеуде бiреумiн. Бауыржан да ақымақтың кейпiн киген. Әйтпесе, бұрын заң қызметкерi де болып iстеген ол кiсi:,,Қоршаудың тақтайын сындырғаның үшiн өзiңдi сотқа берсе қайтесiң?,, -деген тәрiздi ақымақ сұрақ қоя ма? Ол кiсiнiң  осылай сұрақ қоюының өзi  Баукең характерiне сай келе ме? Оның үстiне Бауыржан емделiп жатқан Министрлер кеңесi ауруханасы ешуақытта ешқандай тақтай қоршаумен қоршалмаған, он Әзiлхан жабылса да құлата алмайтын жуан темiр тормен қоршалған. Ешқайсымызға зиянынан басқа пайдасы жоқ мұндай ойдан қосылған өтiрiктiң неге керек болғанын түсiнбедiм.  Менен әдiл пiкiр күтсең, айтарым осы, қарағым,,…  

    Мұндай ойсыз ,,ойдан қосулар,, кiтапта бiраз баршылық. Оны тiзбелемей-ақ қояйын. ,,Ақиқат пен аңыз,, ешқандай ,,өмiр оқиғалары өзгеше өрнектелiп, шындық шеңберiнде өзгертiле, өңдей жазылған көркем шығарма,, емес. Баукең сөзiн қайталай айтсам, кiм кiмге де нысап керек, нысап…

    Жалғасы бар, осында