Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында
ӨЗІҢ БІЛ
-Осылай төсегiмде жатқам. Есiк қоңырауы тырр-р дей қалды. Үйдегiлер ашты. Бiр әйел, бiр жiгiт кiрiп келдi. Әйел ақылды, тiлi бар әйел екен. Жасы отыздан жаңа асқан, көрiк десең, көркi бар. Жiгiт те келбеттi келген, ойлы тәрiздi. Оны көзiнен байқадым.
Әпкем шай дайындап жүр. Екеуi де қыздар институтынан екен.
-Осылай, қыздар еш болмаса он бес минутке келсе, ағайдың сөзiн естiп, түрiн көрсек дейдi,-деп әйел соғып отыр.
-Шақырғандарыңа рақмет, бара алмаймын. Бара алмайтынымның себебi, ауырып жатырмын. Түсiнiңдер, қарақтарым,- деп барудан бас тарттым.
-Ойпырмай, қыздардың сiздi көргiсi келiп едi.
-Жоқ, қарағым, бара алмаймын.
Баукең темекi тұтатып тартты да, маған қабағын шыта қарап:
-Мынау жеңгеңдi көрiп жүрсiң ғой. ,,Орталық кiтапханада оқырмандар көп. Пәлен күнi кездесу ұйымдастырайық, соған сенiң байың келсiн. Бiр бөлiмнiң өзiнде пәлен әйел iстеймiз. Кездесудiң алдында күллi кiтаптарынан көрме ұйымдастырамыз. Сен байыңды көндiр,,- дептi қасындағылар. Оған добалдай жеңгең мақұл дептi. Үйге келiп:
-Бауке, осылай, -деп соғып отыр.- Көрме дайындайтын болды.
-Бармаймын!- дедiм.- Баукең маған қайта сұстана қарап:
-Қанша кездесуден бас тарттым?-дедi көңiлсiз.
-Екi кездесуден. -Онда үшiншiсiн тыңда. Бiздiң әскери округтен бiр кiсi:,, Офицерлер үйiнде әскери дайындықтың үздiктерiмен кездесу болмақ, соған Бауыржан Момышұлын ертiп келiңiз?,,- деп Дмитрий Снегинге телефон соғыпты. Снегин маған қоңырау шалды.
-Бұған қалай қарайсың, Бауыржан /саясатын түсiндiң бе? Барайық демейдi/?- деп қояды. Өзiнiң барғысы келiп тұр.
-Миша, денсаулығым көтермейдi, шақырғандарына рақмет.
-Ой, Бауыржан.
-Мен саған бәрiн айттым ғой. Барғың келсе, өзiң бар!- деп ұрсып тастадым.
Бiр күнi үйге бiр әйел, екi қыз кiрiп келдi. Осында бiр мектеп бар екен. Әйел мұғалiм, екi қыз пионер вожатый ма, комсорг пе екен. Олар да кездесуге шақырып келiптi. Мұғалiм қырықтан асқан, фамилиясы Иванова ма, дәл есiмде жоқ.
-Көрiп отырсыз ғой, бұл бiр себеп. Екiншi себеп, мұғалiм екенсiз, оқушылардың тiлiн жақсы бiлесiз, ал мен бiлмеймiн,- деп едiм:
-Сiз де педагогсiз ғой, сiз әскери профессорсыз,- дедi әйел.
-Қарағым, педагог пен педагогтың айырмасы бар. Менiң әскери профессор екенiм рас, бiрақ санам мүлде бөлек. Менен капитандар, әрiберiден кейiн генералдар оқыған. Ал балалармен тiл таппаймын.- дедiм. Әйел ақылды әйел екен, түсiндi.
Сөйтiп, мазам кетiп отыр, шырағым. Аналар бармағаныма өкпелеп, ренжидi, менiң баруға мұршам жоқ.
Журналистер келгенде, сұрақтарына жауап бердiм деп айтқан шығармын. Сұхбаттан мен бас тартқам жоқ. Ал шақырған жерге баруға жасым да, денсаулығым да көтермейдi.
Теледидардың, радионың тапсырмасын қабыл алдым.. Олардан да бас тартқам жоқ. Бұл қылығым дұрыс па, бұрыс па? Оны өзiң ойланғын. Дұрыс десең де, бұрыс десең де ренжiмеймiн. Сөздiң қысқасы, шақырғандарына рақмет. Бiрақ кәрiлiк, денсаулық қиын екен. Түсiнсең де өзiң бiл, түсiнбесең де өзiң бiл…
ӨЗІҢ ТАРАЗЫЛА
-Кiм сөйлейдi?
-Сiз.
-Онда тыңда. ,,Ұшқан ұяны,, жазған соң Әбекеңе/ Әбдiлда Тәжiбаевқа/ бердiм.
-Оқып, пiкiр айтарсыз. Бiреулер қарсы болып жүр.
Бiр күнi үйге келдi.
-Әй, мынауың жақсы екен.
-Е, дұрыс,- деп ұнатқанына қуанып қалдым.
-Әдеби жағынан бiрнеше кемшiлiгi бар. Мұны мен жазайын, маған қиғын,- деп жалынып, салық салып отыр. Өңiм кiшкене бұзылып кетсе керек. Үш бет емес, үш жүз бет шығарма ғой.
-Әбеке, қалай ғана ұялмай айтып отырсыз? Бауыржан өзi жазды, кемiстiгi бар шығар, оны өзi түзер, бере алмайды. Мұныңыз қалай?-деп тастады жұбайым Жамал.
-Әбеке, бұл ойланатын нәрсе, кейiн шешермiз,- дедiм мен. Содан Мәскеуге кетiп қалдым. ,,Қолжазбамды қайтарып бер,, деп ары хат жазамын, берi хат жазамын. Бес-алты жыл өттi, жауап жоқ.,,Бауыржан бiр күнi өлсе, өзiм пайдаланармын,, десе керек.
Милиция капитаны Төлепқалиев деген жiгiт Калининде уақытша қызмет етiп жүр екен. Танысып қалдық.
-Кеше демалысқа шықтым, елге бармақпын, Бауке. Қандай сәлемiңiз бар?- дедi бiр күнi. Іздеп келгенiне қуанып:
-Е, жақсы жiгiт екен ғой,- деп ойладым iшiмнен.- Ал, қарағым, сен милиция қызметкерi екенсiң. Әбекеңе сәлемiм бар.
-Ауызша айтасыз ба?
-Жоқ.- Дереу столыма бардым. ,, ,,Ұшқан ұям,, жалғыз дана едi. Сiзге қиюға келiспегем. Соны мына жiгiттiң қолына ұстатсаңыз. Жоғалып кеттi деп айта алмайсыз. Абыройыңыздың барында қайтарыңыз,, деп қолына хат жазып бердiм. Соны ол не дер екен деп Алматыдағы бастығына көрсетiптi. Сөйтсе бастығы бiр майорды қасына қосып берiптi.
Әбекең шай iшiп отырады. Бiр майор, бiр капитан үстiне кiрiп барады.
-Келген шаруамыз мынау,- деп менiң хатымды ұсынады. Әбдiлда қол-аяғы дiрiлдеп, сұп-сұр боп, сөзге де келмей, қолжазбаны қайтарады. Бұл адам айтса, сенбейтiн нәрсе. Кейiн бiреулерге:
-Бауыржан ит екен, бiр майор, бiр капитанды жұмсап, масқарамды шығарды,- дептi. Кiмнiң кiм екенiн өзiң таразыла, шырағым.
АҢЫЗДА ДА ШЫНДЫҚ БАР
-Сұрағың болса, сұра.
-Әуелi әлденiп алайық, Бауке.
-Е, мейлi, ,,қонақ қойдан жуас,, дегендi мен шығарғам жоқпын ғой, қарағым.
Тез қимылдап, ортаға аласа журнал столын қойып,
дастарқан жайдым. Бағаналы берi Баукеңнiң сөзiн бөлуге батпай, қипақтап жүрген жұбайым ендi еркiн қимылға көштi. Қазақша ет асқан едiк, бiрақ Баукең оған бiр рет те қол салмады.
-Тамақтан, мына қазыдан алсаңызшы?- деген маған көзiн аларта қарап:
-Әй, қарағым, ,,алдыңа ас қойдым, екi қолын бос қойдым,, деген қайда? Мен жегiм келсе, сен алыңыз демесең де, жеймiн ғой. Тәбетiм шаппай отыр,- дедi жақтырмай.
-Келгелi берi жөндеп нәр татқан жоқсыз. Бұл организмiңiзге зиян ғой.
Баукең мырс етiп күлдi.
-Әнеукүнi үлкен қызым Ақан:,, Әке, екiншi тәулiк тамақ iшкен жоқсыз. Құр жатасыз да қоясыз, ешкiммен сөйлеспейсiз. Мұныңыз қалай?,, - дедi.
-Қызым, мен ойланып жатырмын. Ойланған кезiмде тамақ есiмнен шығып кетедi.
Таң қалып қарап:
-Рас па?- дедi.
-Табиғаттың бiр қызығы- басыңа ойлар келгенде, қарның ашпайды екен. Ал кейбiр кiсiлердiң тамақсау келетiнi-ойланбайтынынан болса керек.
Қызым таңырқап, не дерiн бiлмей тұрып қалды.
-Қарын ашпаудың себебi, қызым, күллi организмдi ой билеп кетедi екен.
Ол таңырқаған күйi бөлмемнен үнсiз шығып кеттi.
Жұмыссыз ерiгiп жүргендер түскi, кешкi тамақ қашан дайын болады деп тыпыршып, тыным таппайды. Ал менiң тамақсау екенiмдi өзiң бiлесiң ғой, ә?- Күлдi.- Бiр қызығы, мен тамақты аз жесем де, арықтап көрген кiсi емеспiн.
Қысқасын айтқанда, тамақтың екi түрi болады екен. Бiр түрi- кәдiмгi өзiмiз жеп жүрген тамақ. Түсiндiң бе? Онсыз өмiр сүру мүмкiн емес. Екiншi түрi- рухани тамақ. Рухани тамағың болып тұрса, соны ойлап, толғанып жатсаң, қарның ашпайды екен. Ал рухани азығы жоқ адамдар қай жақта асхана, кафе, мейрамхана бар, үйге барғанда не жеймiз дейдi екен.
Інжiлден оқығам, бiр пайғамбар ашуланып үйiнен кетiп қалып, таудың iшiне барып, қырық күн аш жатады. Жұрт iздеп таппайды. Қырық күн өткен соң, өзi қайтып келедi.
-Тақсыр-ау, тамақсыз қалай жан сақтадыңыз? Аң аулап жейтiн қару-жарағыңыз болған жоқ. Қалайынша аштан өлмедiңiз?- дейдi жұрт.
-Мен қырық күн ойланып жаттым. Ойланған кiсi аш бола ма? Не деп отырсыңдар?!- деп тастапты. Әрине, бұл-аңыз. Дегенмен, қарағым, аңызда да шындық бар…
ЛӘМ–МИМ ДЕМЕДІ
Баукең алдындағы бос кесенi алып, бөлмеден шығып кеттi. Дәлiз жақтан Күләнда әпкенiң:
-Бауыржан, су iшкенiң қалай?- деген даусы естiлдi.
-Шай жоқ, су iшпегенде қайтем, әпке-ау.
Сәлден соң Баукең бөлмеге енiп, орнына отырды.
-Әзiлханның келгенiн айттым ғой. ,,Бауке, кiтап әлдеқашан шығып қалатын едi. Үш жерiн алдыртып тастады,- дедi ол.-Бiрiншiсi, оқыстан құлап, аяғым сынғанда менiң салмағым сексен кило едi. Ішкен-жегенiм бойыма тарамай семiрiп, крослаға сыймайтын кейбiреулердей емес, шыныққандығымнан менiң майым бойыма түгел тарап, тез жазылып кеттiм,, деп семiздiк туралы айтқаныңыз әлдекiмдерге тиiп кетедi деп қорқыпты баспадағылар. Астапыралла-а!
Екiншi, үшiншi алдырған оқиғалар да осы тәрiздес.
-Сен характер сырына қиянат болатынын ойлаған жоқсың! Оның саған қажетi не? Кiтабың шықса, болды емес пе?!
-Бауке, ендi мен қайтем? Дауласып бiраз кiсiлерге дейiн бардым.
-Басқа сөзбен өзгертейiн, ойы қалсын демедiң бе? Олай деген жоқсың ғой.
-Кiтапқа заказ 126 мың. Ал баспа 60 мыңға ғана тираж берiп отыр. Бауке, мейлi, бұл жолы осылай-ақ бара берсiн. Ел ұнатып, талап әкеткен соң қайта басылады. Сонда енгiземiн.
-Құр қиялмен бал ашып, кiмдi алдамақсың? Өзiңдi ме?
Сұрланып кеттi.
-Ренжiсең де айтайын, саған қайта басылым бермейдi. Оған бес-алты жыл керек. Жиырма жыл iшiнде менiң кiтаптарым жетi рет қайта басылыпты. Орта есеппен үш жылда бiр рет. Мен Бауыржан Момышұлымын! Соның өзiнде де үш жылда бiр рет әрең басылған. Ал сен Әзiлхансың. Қайта басылымында саған қостырмайды. Ендi оны орысша аудармаңа қос.
-Сiз көмектесесiз бе?
-Е, менiң iсiм жоқ. Кiтабыңды баспаға жiбермес бұрын маған әкеп оқып берген емессiң. Мен онда не жазылғанын бiлмеймiн.
-Журналдық нұсқасымен таныс емессiз бе?
-Таныс емеспiн!
Бiраз үнсiз төмен қарап отырып:
-Әзiлханға түсiне алмадым,- дедi Баукең басын жоғары көтерiп, маған тура қарап.- Оны өзiне де айттым. Кiтабын баспаға жiбермей тұрып, маған оқып беруi керек едi. Журналдық нұсқа журналдық нұсқа ғой. Ол тап бiр еңбек озатымен, Социалистiк Еңбек Ерiмен, не болмаса механизатормен әңгiмелескен жоқ, жазушымен әңгiмелестi. Жазушы оған не айту керек екенiн, оқиғалардың қайсысы маңызды, қайсысы маңызсыз екенiн бiлiп отырып, характердi ашуға септiгi тиедi-ау дегендерiн ғана терiп айтады. Ал механизатор қайсысы пайдалы, қайсысы пайдасыз екенiн бiлмейдi. Сол себептi бас-аяғын қосып соға бередi. Оны автор әлiнiң келгенiнше, мүмкiндiгiнше екшеп, елейдi. Ал мен, шүкiр, ондай емеспiн ғой. Әзiлхан оқып берсе, ,,е, мына жердегi айтқанды дұрыс түсiнбепсiң ғой, былай болуы керек, мына жерi жетпей жатыр, немесе мына жерi артық екен,, ,- деп өз пiкiрiмдi айтар едiм. Ал ол аларымды алдым ғой деп маған жоламай қойды. Әкеп оқып бергенде, көп нәрсе ұтар едi.
Мен жазушы адаммын, қарағым. Менiң ойлау ерекшелiгiмдi, жазу өрнегiмдi оқырман қауым жақсы бiледi. Ол жақсы жазса, менiң емес өзiнiң атын шығарады. Мен емес, сынға ол түседi. ,,Е, мына жерi Бауыржанның ойлау ерекшелiгiне келмейдi, жанынан қосып, өтiрiк жазыпты, немесе Бауыржанның тiлi бұлай емес едi ғой,, ,- деп оқырман өзiнше ой толғайды, мiн тағады. Егер жақсы болса, қуанып, ризалығын бiлдiредi.
Ұлы суретшi Макеленджалло бар ғой. Бiрде Италияның императоры оған портретiн салуды тапсырады. Әмiр орындалады. Император портретiне қараса, тамаша жасалған. Макеленджаллоны өзiне шақыртып:
-Сен менiң портретiмдi жақсы салғаның үшiн тарихта қаласың,- дейдi.
-Жоқ, тақсыр, -дейдi Макеленджалло,- портретiңiздi мен салғаным үшiн сiз тарихта қаласыз.
Осыны Әзiлханға айтып:
-Сен менi жазып тарихта қаласыз демекшiсiң ғой. Жоқ, сен менi жазғаның үшiн тарихта қаласың!- дедiм. Ол лим-мим демедi…
Жалғасы бар, осында