Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында
БАСТЫ МӘСЕЛЕ
-Әзiлхан Нұршайықовтың кеше үйiме келгенiн айттым ба саған?- дедi Баукең орнынан тұрып.
-Жоқ.
-Бұл өз алдына әңгiме.
Баукең бөлмеден шығып, сәлден соң қайта оралды. Орнына асықпай отырып, сөзiн сабақтады.
-Нұршайқовтың келгенiнiң себебi, шамалауымша екi мәселе болуы керек. Екi ме, қанша екенiн анық бiлмеймiн. Адамның, жалғыз оның емес, күллi адамның кемiстiгi бiлдiрмегенсiп сырын аламын деп орағытып әңгiме соғады. Әзiлхан да сөйттi. ,,Е,, дедiм. Тағы бiр қызығы, өзiнен өзi қуыстанып, қипақтап отыр. ,,Мұнысында бiр сыр бар,, ,-деп сақтана қалдым.
-Сiзден әдеби интервью алмақ едiк.
-Айта бер, қалай алмақсыңдар?
-Сiз жиналыстарда, кездесулерде сөйлеп жүрсiз. Сiздiң даусыңызды жазып алсақ. Кейбiреулерiн жазып алғандар да бар екен. Оны мен тыңдап, өзiме көшiрiп те үлгердiм. Кейбiреулерi жазылмапты. Сiз қағазға қарап оқымайсыз. Оқымай, қысқа сөйлейсiз. Сол себептi даусыңызды жазып алсақ. Соны радиомен, телевизормен жұртқа тыңдатсақ.
Сөздiң қысқасы, ол менiң шешендiгiмдi мақтады. Мұнысы да саясат.
-Ой, мұның көп не ғой.
-Жоқ, Бауке, жиырма, отыз минөттен аспайды.
-Ал тақырыбың не?
-Бiрiншiсi, творчестволық процесiңiз және творчестволық лабораторияңыз қалай? Екiншiсi, Қаныш, Мұхтар, тағы басқа сол секiлдi кiсiлер туралы айтсаңыз. Осыған он бес-жиырма минөт жетедi ғой. Соны жазып алсақ. Телевизиямен келiскен сияқты едiк.
Баукең темекi түтiнiн үрлей, ойлана сөйледi.
-Е, сонысында бiр сыр бар,- деп отырмын iшiмнен.
-Жақында программаға енгiземiз/сөзiнiң астарын түсiнемiсiң?/.
-Мұныңыз ойланбаған нәрсе екен.
-Неге, Бауке? Ел көрсiн, ел естiсiн деген мақсат қой. Сiздi академияда Тәжiбаев, Қаратаев, Шәрiпов:,, Бiз бұрын бiлмей жүр екенбiз. Бауыржан шешен сөйлейдi екен,, ,-деп мақтады. Сол себептi ол кiсiлердiң де пiкiрiн телевизордан, радиодан ел естiсе деп едiк.
-Әлгi айтқан ойланбағандық дегенiм нақ осы сөзiңде жатыр. Биыл менi ел екi рет кинодан, теледидардан көрдi. Документальды сөйледiм. Екеу деп қойғын. Радиодан бiр рет сөзiмдi бердi. Үшеу деп қойғын. Биыл үш мақалам жарық көрдi, алтау деп қойғын. Комсомол сьезiне келген делегаттармен кездесуде, Мәлiктiң алпыс жылдық мерей тойында, Сапакеңнiң /Сапарғали Бегалин/ сексен жылдығында сөйледiм. Тоғыз деп қойғын. Латыш жазушысына интервью бердiм, ол жарияланды. Белоруссияда бiр әңгiмем жарық көрдi. Он бiр деп қойғын. Жазушылар одағының пленумында сөйледiм. Бұдан артық не керек?
Ал ендi сенiң тiлiңдi алып сөйлесем, онда он үш болмақ қой. Ойланбаған нәрсе екен дегенiм осы. Егер сендер:,, Бауке, көптен берi даусыңызды естiмедiк. Жұрт:,,Өзi жоқ, жоғалып кеттi ғой. Не газеттен, не журналдан оқып, не радиодан, не телевизордан естiп, көре алмаймыз,, ,- десе, ,,Мен бармын, тiрiмiн,, ,- десең, жөн болар едi. Мынауыңыз қарағым, тiптен жөнсiз. Тiлiңiздi ала қалғандай болсам, бұл үлкен тақырып, ол үшiн ойлануым керек.
-Е, ойлану сiзге оңай ғой,- демесi бар ма?
Мен мұны одан күткен жоқ едiм.
-Әй, шырағым, баяғыда бiр араб: ,,Қысқа сөйлеу үшiн көп ойлану керек,, ,- деген екен. Сенiң мына екi тақырыбыңа қысқа сөйлеп, көп ойланарлық мұршам жоқ. Оның үстiне мен, өзiңе мәлiм, тапсырыс бойынша сөйлейтiн кiсi емеспiн. Жоғарыда айтқан он екi сөзiмнiң бәрiн маған бiреу жазып берген жоқ. Не былай жаз, өйт, бүйт деп ақыл айтқан жан жоқ. Оларға мен көп дайындалдым. Дайындығым болмаса, өйтiп жазбас та едiм, сөйлемес те едiм.
Әзiлхан көзiн бақырайтып, таң қала қарады.
-Жеңiстiң отыз жылдық мерекесi келе жатыр дегендi мен жиырма сегiз, жиырма тоғыз жылдығынан бастап, қалай өтер екен деп ойланып жүргем. Маған радио, теледидар былай сөйле деп тапсырыс берген емес. Тiптен жиналысқа барғанда да сөйлеймiн деп барған жоқпын. Тек iшiмнен пәлен жерде, түген жерде былай сөйлесем, қалай болады деп көп ойланғаным рас.
Жұрт алдында сөз сөйлеу, бiлсең, көп дайындықты керек етедi. Ақын суырып салма дейсiңдер. Ол көптi көрген, көппен қарым-қатынасы, қорытындысы бар, көп ойланған. Әйтпесе, бiрден суырып шығара ала ма? Бұл ретте халқымның ,,Көрген көргенiн, көсеу түрткенiн бiледi,, деген сөзiнiң мағынасы терең.
Ақынның құлағына перiште кеп сыбырламайды ғой. Екi жыл бұрын отыз жылдық келе жатыр деп ойланбасам, мен сөйлей алмас едiм. ,,Әй, Мәлiк келесi жылы алпысқа толады-ау, ағасы, досы, әрiберiден кейiн командирi едiм. Өзi жоқ, өлiп кеттi. Алпыс жылдығын қалай өткiзер екенбiз?,,- деп ойлап жүрдiм. Мынау қолын сұға бередi екен дей ме деп өйтiңдер, бүйтiңдер дегеннен аулақ болдым.
Әзiлхан бар ынтасымен тыңдап отыр. Ендiгi сөздi өзiне арнадым.
-Ал ендi творчестволық процесс, лаборатория деген үлкен нәрсе. Әрiберiден кейiн ,,мынандаймын, анандаймын,, деп мақтанатын жайым жоқ. Сөйлей қалған күнде ойымды қалай бес минөтке сыйғызбақпын? Жалпылап айтсам, ол құрдан құр, бекерге оттау болады. Бақандай-бақандай кiсiлер; Қаныш, Мұхтар, тағы басқалары туралы айтқын, өйткiн, бүйткiн дейсiң. Қарағым, ол оңай емес. Олармен бiрге қызметтес болған емеспiн. Ол кiсiлер жөнiнде бiр жiгiтке әңгiме айтып берiп жүрмiн. Одан не шығады, не қояды, әзiрге белгiсiз.
Құр әншейiн, сен өтiндi деп: ,,Пәленшелермен, түгеншелермен жолығып едiм, жақсы кiсiлер едi,, ,- деп атын атап, бес минөттен оттайтын жайым жоқ. Одан көрермендерге де, тыңдаушыларға да қандай пайда келмек? Жолыққанда мынадай әсер алдым, мынадай аталы сөзi есiмде қалды десем, онда сөз басқа. Ойпырмай, мынау есте жүретiн нәрсе екен деп оқырман да қызығып, риза болады. Құрдан құр Қаныш ұлы ғалым десем, оны олар менсiз де бiледi ғой. Ренжiп, көңілi қалмай ма? Тапсырыс бойынша сөйлеу деген не ол? Бұл менi сүйшi деген әйелдiң тiлегiн орындағанмен бiрдей емес пе?
Әзiлхан таңырқай қарады.
-Тапсырыс бойынша сүйiскеннен қандай сезiм болмақ? Бiлсең, сүйшi менi деген әйел ақымақ. Онда ешқандай сезiм жоқ. Оның үстiне сүй дегенге сүйе қоятын сен өзiң кiмсiң?
Мен өзiмдi ұстай алмай мырс ете қалдым.
-Әй, несiне күлесiң?! Мен жылап отырсам,- деп Баукең қабағын түйдi.- Сол кiсi туралы бiр-екi ауыз сөз айтыңызшы дейсiң? Тағы да экран алдында сөйлетпексiң. Ойланбаған нәрсе екен дегенiм сол, шырағым.
-Керек боп отыр ғой.
-Мен ешкiмнiң қолжаулығы бола алмаймын! Қоғам, көпшiлiк алдында менiң арым таза, он екi рет сөз сөйледiм деп жаңа айттым ғой. Әркiмнiң дегенiне көнiп, экранға шыға берсем не болады? Көрген ел:,, Мынау қайта-қайта жыртаңдай бердi-ау,, ,- демей ме? Менi қинама, қарағым, осымен әңгiме бiттi.
-Бауке, сiз жақында алпыс беске толасыз ғой,-деп басын ендi мына жаққа қарай соқты. Мен ашуланып:
-Биыл мен алпыс беске толамын. Сол себептi мазаңды алам демеймiн. Оны ешкiмге айтпаймын. Алпыс бесiмдi атаңдар дейтiн жайым жоқ. Жетпiс өз алдына. Оның жөнi бөлек.
Тағы бiрдеме дей берiп едi:
-Хватить афишировать самого себя. Неужели не понимаешь?!- деп тастадым. Ол орнынан тұрып, амалсыз қош айтысты. Сөйтiп бiр басты мәселенi шештiм.
Баукең маған қадала қарап:
-Әй, сен мұны басты мәселе демесең демей-ақ қойғын, түсiнiктi ме?- дедi сұқ саусағын шошайта сермеп…
Жалғасы бар, осында