МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы  осында

АУЫЛ АДАМЫ

 

    -Алло, алло! Иә, иә, пәтер 49 емес,  44.  Иә, төменгi  қабатқа  түс.

 Телефон тұтқасын орнына қойып, Күләнда әпкеге қарап:

   -Әпке, келе жатқан Әбдiлданың қайын ағасы екен. Аты Қожық. Үйдi таба алмай адасып жүр. Қазiр келедi,- дедi.

    -Ол арақ iшушi ме едi?

    -Ішкенде оңдырмай iшедi.

    -Онда қазiр тамақ асамын.

    -Сөйтiңiз. Әпке, құр шаймен аттандырды деп ауылға айтып барар. Бұл олардың жақсы көретiн термин сөздерi ғой.

   Баукең маған бұрыла қарап:

   -Келе жатқан қонақ бiздiң әңгiмемiзге кедергi жасамайды. Мен оған кедергi жасатпаймын,- дедi байсалды қалпын өзгертпей.

   Қоңырау қағылды. Есiктi Күләнда әпке ашты. Ішке тапал бойлы, кiшкене қара мұртты, қағылез, ширақ қимылды, тәмпiш мұрын, жұмыр денелi, елулер шамасындағы қара кiсi ендi. Сол қолында тор қалтаға салған  сопақ тарғыл қауын. Баукең амандасып болған соң, босаға жанына қойған  әлгi қауынды тор қалтасымен көтерiп:

   -Иә, мұны ана жақтағы балаларға апар. Қауынмен менiң көзiмдi қыздыра алмайсың,- дедi күлiп. Мұртты кiсi сықылықтай, еркiн қимылдап, Баукеңнiң айтқанын орындап, қайтып келдi.

   -Қалай, Бауке, аман-есенсiздер ме? Денсаулығыңыз жақсы ма?

   -Жақсы. Сен ендi, көңлiңе келсе де айтайын, көп сампылдай бермей құйрығыңды қысып, тыныш отыр. Немесе  ана бөлмедегi әпкеме барып, әңгiмелес. Ол кiсi сенi зерiктiрмейдi. Бiз көрiп тұрсың, жұмыс iстеп жатырмыз. Жарты сағатта бiтемiз. Содан соң әңгiмелесемiз.

   -Е, мақұл, Бауке, мен онда үлкен кiсiге кеттiм.

   Қара мұртты тапал кiсi залдан шықты. Есiктi бекiтiп ап, аға екеумiз жұмысты қайта бастадық.

   -Қай жерiне келiп едiк?

   Баукең әңгiмесiн жарты сағатта бiтiрдi. Негiзгi тақырыпты кейiнге қалдырды. Дастархан  басына жиналдық.

   Баукең даусын созып, әндете:

                      -О-оу, есектiң оңбағанын қодық деген-ау,

                      О-оу, Шымырдың оңбағанын Қожық деген-ау,- деп күлдi. Қара мұртты кiсi ашулану орнына сықылықтап, өз-өзiнен мәз.

   -Мұны саған таныстырайын, балам. Менiң әкемнiң Момынқұл деген iнiсiнiң Әбдiлда деген баласы бар. Биыл елу бiрде. Елде колхоз партия ұйымының мақтаулы хатшысы, аудандық партия комитетiнiң мүшесi. Сол мына отырған кiсiнiң қарындасын алған. Бұл маған құда. Жаңағы өлеңдi айтсам, мұның әкесi де, өзi де менi атарға оқ таппай өлердей намыстанады. Бұл өзi әлiне қарамай ана жылы бiздiң ауылға селолық кеңестiң төрағасы болып құтырған.

   Есiктiң қоңырауы қағылып, iшке Жәмила жеңгей ендi де, ас үйге қарай өтiп кеттi.

  -Бес-алты жыл қызмет iстедiм ғой, Бауке.

   -Ие, онысы рас. Бұл өзi ненiң қай жерде жатқанын жақсы бiледi. Төрағалықтан түсе салысымен әлдекiмдерше намыстанбай шопан боп қой бағып кеттi. Қазiр өзiнiң 250 қойы бар. Еттi, майды, қымызды сатып алмайды. 150 сом айлығы мұрты бұзылмастан ай сайын кассаға түсiп жатады.

    Жәмила жеңгей үстiмiзге енiп, амандасты.

   -Бауке, бiр қой сойып ала келейiн деп едiм, күн ыстықта етi бұзылып, босқа рәсуа болар деп батпадым.

   -Оныңыз рас. Әкелмегенiңiз дұрыс болған,- дедi жеңгей сөзге араласып.

   -Сенiң мына көйлегiң не? Бiр қойды сатсаң, менiң көйлегiмнен де жақсысын киер едiң,- деп Баукең аяқ жағына көз салып едi, қара мұртты кiсi:

   –Аяғым жалаңаяқ, Бауке,- дедi күлiп.

   -Өзiңе қимаған бiр қойыңды маған қиямын дегенiңе кiм сенедi? Өйтiп менi алдай алмайсың. -Қара мұртты кiсi бұрыннан әзiлдесiп, үйренiсiп қалған тәрiздi, төрде өзiн еркiн ұстап, сылқ-сылқ күлiп отыр.

   Мен Баукеңнен рұқсат сұрап, үйге қайтпақ болдым.

   -Сен ауыл адамы не бiледi деп менсiнбей отырсың ба? Бұлар екеумiзден де ақылды,- деп Баукең әзiлдей күлдi.-Ал, жақсы, қарағым. Келiнге, балаларға сәлем айт.

   -Сау болыңыздар.

 

КҮРДЕЛІ СҰРАҚ

 

   -Сiз мәдениет дегендi қалай түсiнесiз?

   Баукең басын шайқай ойға ендi. Әлден  соң:

   -Бұл  өте  күрделi  сұрақ, - дедi  толғана  үн  қатып. -  Әр  елдiң ол жөнiндегi үғымы бар. Ол тағы заман сайын өзгерiп тұрады. Бейнелеп айтсам, мәдениет баспалдағы жерден басталып, айға, марсқа, күнге дейiн созылып жатыр.

    Адамның өмiрi қоғамдық салалаларға дейiн бөлiнедi ғой. Ендеше мәдениет барлық жағынан; тарихтан, өнерден, әдебиеттен хабары бар, артта қалмаған деген тәрiздi жинақталған түсiнiк. Сол түсiнiкке ие кiсiлердi мәдениеттi кiсi деймiз. Әрiберiден кейiн билеу де, ғылымға бет алып, ұмтылу да, қоғамдық, отбасылық қарым-қатынас та- мәдениетке жатады. Ол, бiлсең, мiнез-құлық нормасы, ол кез келген надандықты, бұзақылықты, арандату мен ырымшылдықты, тағы басқа жайларды кiнәлайды.

   Әр заманның, әр уақыттың өз заңы, өз тәртiбi бар, шырағым. Ол заңдарды, тәртiптердi туған бала алып келмейдi. Олар аспаннан түспейдi. Олар- қоғамдық даму процесiнiң, қоғамдық сананың жемiсi.

   Адам бiр кезде жалғыз жүрген. Ол  жабайы кезең едi. Кейiн отбасылық, бiрте-бiрте рулық, бiрте-бiрте ұлттық топқа бөлiнген. Таптар шыққан.

   Мәдениеттi адам дегендi әр дәуiр, әр заман әртүрлi түсiнедi. Мысалы, бiздiң заманда қала мен ауылдың мәдениетiнiң айырмасы әжептеуiр. Әр қауым мүшесiнiң сана-сезiмi, кiм болса да, бөлекше. Бәрiнiң басын қосып, бәрi былай деуге болмайды. ,,Сананы тұрмыс билейдi,, деген марксизмнiң дана анықтамасы бар.

   Әр адамның жақсы тұрмыс құрғысы келедi. Бұл-табиғи талап. Адам түгiлi жануарлардың да жақсы өмiр сүргiсi келедi. Ендеше, мәдениет деген тұрмыстың қортындысы. Бiрақ мәдениет ол қортындыға бiр жыл не екi жылда жетпейдi. Ол өте ұзақ, ғасырлық процесс.

   Тұрмыс- қоғамдық құрылыстың қозғаушы күшi. Жарықтық жердiң байлығы бәрiмiзге жетiп жатыр. Сол байлықты бiреулер жұртты құл iстеу үшiн өзiнше пайдаланды. Бұл жағынан халқымыздың ,,Ұшқан құс, жүгiрген аң- бәрi тамақ,, дейдi деген ұлы мақалы бар. Менiңше, бұл марксизмнiң ,, сананы тұрмыс билейдi,, деген ұғымына жақын келедi.

   Баукең күлдi.

   -,,Сананы тұрмыс билейдi,, дегендi Энгельс Маркстiң сөзi деп жазады. Оның сырына екеуi де терең түсiнген. Мұның қазақша дәл аудармасы-,,Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды,,.

   -Ой, бұл қазақтың жаман мақал-мәтелi ғой,- деп менсiнбей жүрсiңдер. Ал шын мәнiнде Энгельспен жарысқа түсiп отыр емес пе? Мұны қазекең Энгельс дүниеге келмей тұрғанда шығарған. ,,Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды,,. Бұл – таптық қарама-қайшылық қой. Сен бұған, қарағым, дұрыс түсiн. Энгельс мұны бiлсе, ,,бұл халықпен әзiлдесуге болады, бiрақ арына тиюге болмайды,, дер едi. Қандай мәдениеттi кiсi, ә?

   Сұрағыңа менiң қайтарар жауабым осы. Қанағаттандың ба?

   Мен үнсiз бас изедiм.

   -Қарапайым деген сөз бар. Бұл ұлы сөз. Халқының қарапайым ұлдары болмаса, ұлылар шықпас едi. Ұлылары қарапайымдылығын, оның күре тамырын сезгеннен кейiн ұлы боп шықты. Мысалы, Петр Бiрiншi, Ломоносов, Александр Пушкин, Лев Толстой, Махамбет, Ыбырай, Шоқан, Абай, Мұстафа, Әлихан, Тұрар, Мұхтар, Ахмет, Мiржақып, Мағжан, Жүсiпбек, тағы басқа ұлылар аспаннан түстiк деп ешуақытта ойлаған емес. Оған дәлел ол кiсiлердiң өздерiнiң сөздерi, өздерiнiң шығармалары. Олардың бәрiн мен түгел оқып шықтым, зерттедiм деп айтуға аузым бармайды. Тек шет жағасын оқығанымдағы менiң ұғымым осы.

   Батыр да, ақын да, көсем де, шешен де аспаннан түспейдi. Ол халықтың рухани дәстүрлерiнiң, тәрбиелерiнiң, салт-саналарының өз заманына лайықты жемiсi…

   Әр ұлттың, әр елдiң өз қасиетi, өз дәстүрi, яғни өз мәдениетi бар. Олардың терең мағынасына түсiнiп, ойланып, заманымыздың, үлкен дәуiрiмiздiң оңай емес жағдайында бәрiнiң басын, ниеттерiн қосып, тәрбиелеп, тәлiмдеп отырған елiмiздiң мәдениеттi ұлдарына мен шын жүректен ризамын. Ол жағын достарымыз былай тұрсын, дұшпандарымыз да мойындайды. Мойындамай көрсiн?!…

   Менiң жасым сексенге қарай бара жатыр. Қартайдым деп қам жеп отырған мен жоқпын. Мен ұлы Отанымыздың ұлдарының бiреуiмiн. Оған мақтанамын.-Шамырқана сөйледi.- Мен неге қартаямын?! ,,Көп жасағаннан сұрама, көптi көргеннен сұра,, дейдi халқымыз. Көп жасамаса да замандастарым көптi көрдi. Солардың бiреуi менмiн. Ескiше айтқанда, оған құдайға шүкiр деп отырмын. Көргенiмiздi, бiлгенiмiздi, ұққанымызды, ұйытқанымызды болашақ ұрпаққа дәстүр ретiнде айтып кетуiмiздi ағалық, аталық  парызымыз деп санаймыз. Сол себептi мен (мәдениеттi, не мәдениетсiз десең өзiң бiл), қартаюға, ортаюға тиiс емеспiн.

   Үстiмiзге жеңгей енiп, iздеген затын тауып алысымен, үнсiз шығып кеттi. Қабағы түсiңкi.

   -Үлкен қызымыз Ақан КазПИ–дiң физмат факультетiне емтихан тапсырып жүр едi, химиядан ,,үш,, алып қалыпты. Ендi конкурстан өтуi екiталай.

   Физика, математика – дәлдiктi қалайтын ғылым ғой. Үш жерде жетi қанша деген сұраққа жиырма болады десе, көмектесiп көр,- дедi Баукең ойлы, сабырлы қалпын сақтай.- Химия да жаман. Бiр белгiсiн кем, не өзгертiп айтсаң, ,,екi,, қояды. Төрт жерде төрт он бес деу- ханның қызында да болмайды.

   Мен ерiксiз езу тарттым.

   -Сен азаматсың, тәжiрибелi студентсiң, журналист-жезушысың. Түсiнуге тиiссiң, ренжiп, өкпелемеңiздер,- деп қызым Ақанның әжесiн, шешесiн жұбатып келейiн.

   Баукең орнынан тұрып, жай басып, бөлмеден шықты. Бiр кезде қайта оралды.

   -Ес бiлгеннен жадымда жатталып қалған:

                    ,,-Мен келемiн, мен келемiн, мен келем,

                     Күннен туған, Гүннен туған пайғамбар,,- деген ақын Мағжан сөзi есiме түскенi,- дедi суық жымиып.- Мұндағы ақынның ,,мен,, дегенi- ,,менiң халқым,, дегенi. Ал ,,Күннен туған, Гүннен туған пайғамбар,, дегенiнiң мағынасы- халық болмаса, көсем де, пайғамбар да болмас едi, көсемдi де, пайғамбарды да жаратушы- халқымыз деген мағынаны бiлдiредi. Сенiң түсiнiгiңнiң қандай екенiн бiлмеймiн, менiң түсiнiгiм осы. Мүмкiн қателесермiн, онда сен түзет…

   Тұнжырай ойға енiп:

  -Мағжан ақын  баршамызға мәдениет биiгiнен тiл қатып тұрған жоқ па?- дедi  сұстана қарап.-Әнеукүнi үйiме қонақ келдi. Сен көргенiңде де болар едi. Бiрақ өкiнерлiктей ештеңе жоқ.

   Жасы менен үлкен болмаса, кiшi емес. Өз республикасы мәдениетiне еңбек сiңiрген қызметкер екен. Бес сағаттай әңгiмелестiк. Байқап, сынап көрдiм, сөзiнiң дәмi жоқ.

   Әңгiмемiзге қатысқаныңда оның жазушы атын құр малданып жүргенiне көзiң жетер едi. Көп нәрсенi түсiнбейдi екен. Мен де өзiне ұқсап әңгiмелестiм. Ондайларға тереңiмдi ашпаймын ғой…

   Баукең ұзақ үнсiз қалып, бiр кезде басын жоғары көтерiп:

   -Тақырып не жайында едi?- дедi.

   -Мәдениеттi деп кiмдi айтамыз?

   Мырс етiп күлдi.

   -Әнеукүнi төсекке көйлегiммен жатсам, жеңгең:

   -Көйлекшең жатуға болмайды, бұл мәдениетсiздiк- дедi шамданып.

   -Онда былай жату керек екен ғой,- деп iшкиiмiмдi түгел шешiп тастап, тыржалаңаш жаттым. 

   Мен өзiмдi өзiм ұстай алмай сықылықтап күлiп жiбердiм.

   -Әй, неге күлесiң? Шындығы сол!- дедi Баукең даусын көтерiп.- Бұл мәдениеттiлiк пе, жоқ мәдениетсiздiк пе?

   -Мәдениеттiлiк.

   -Е, солай десеңшi?! Түсiнгенiңе рақмет.

   Екеумiз де бiр қауым мезгiл  рахаттана күлiп алдық.

   -Ал ендi сен сөйле.

   -Б… деген профессормен жақында бiр үйде қонақта болған едiм. Мақтаншақ кiсi екен. ,, Бiр досымыздың алпыс жылдық мерей тойында профессор Темiрғали Нұртазин баяндама жасап тұрып, маған ,,сен сұлусың,, дедi. Онысы қулық екенiн бiлем.,, Жоқ, Темеке, сен сұлусың,, дедiм. Ал шынына келгенде екеумiздiң де сұлу екенiмiз рас едi,- десе бола ма?

   -Е, оны бала кезiмнен бiлемiн. Сыпатаев атындағы мектепте оқып жүргенiмде, ол Шымкент педтехникумында оқыды. Сызылып қалған бәле едi. Ол кезде галстук тағу сән емес, ал бұл тағып, стиляга болып жүрдi. ,,Беке, Беке,, дегенге мәз.

   Ана жылы ауруханада бiрге жатты. Сонда, құдай-ау, үйiнен тарелке, қасық, кесе дегендi арнайы алдырады екен. Аурухананың ыдыс-аяғын менсiнбейдi. Өзiн мәдениеттi қазақ есептейдi. Шындығында ол нағыз надан, атақты ақымақ…

   Қазақ ,,абайлап сөйле,, дейдi. Бұл: ,,Әй, оңбаған-ау, аузым бар деп оттай берме. Ауыз, тiл оттай беру үшiн жаратылмаған,,,- деген ескерту ғой, ә? Ойы өте терең.

   Өзiме өзiм сын көзбен қарай айтсам, қазекеңнiң осы ескертпесiнiң, ақылының шеңберiнен кей кезде шығып кететiн әдетiм бар. Шығамын деп шықпаймын, шығарған соң, шығамын.

   Баукең темекi тұтатып тартты.

   -Земляк деген орыстың сөзiн сендер жерлес деп аударып алғансыңдар ма? Бұларың қып-қызыл сауатсыздық. Орыстың ұғымында земляк деген сөз бiр өлкеденбiз, бiр елденбiз, бiр ауылданбыз деген мағынаны бiлдiредi. Түсiндiң бе?

   Қазақ тiлiнде жерлес деген сөз өлген кiсiнi жерлес деген мағынаны бiлдiредi. Бұл көркөкiрек, өркөкiрек, сауатсыз аударма. Өлкелес, ауылдас, бiр  елдiң баласы едiк деген секiлдi сөз құрып қалғандай жерлес деп алыпсыңдар. Мұндай сөз қазақтың бұрынғы ұғымында болған емес. Ауылдас, қоныстас, өлкелес, көршiлес, туыстас деген басқа да сөзiмiз толып жатыр емес пе?

   Баукең сұсты күйге енiп, маған алара қарап:

   -Орыста шванливость деген сөз бар. Соны қазақшаға аудар!- дедi.

   -Менмендiк.

   -Орынсыз мақтаншақ, өркөкiрек, кеуде соғар деген дұрысырақ. Ендi вдохновение деген сөздi қазақшала.

   -Шабыттану.

   -Мұның жай сөз.

   -Рухтану.

   -Бұл да әлсiз. Вдохновениенiң дәл аудармасы- арқам ұстады. Түсiндiң бе? Бұл жай сөз емес. Арқам ұстадыны бiз осы күнде терiс түсiнiп жүрмiз. Оны жындыға, бақсыға-мақсыға дейiн алып барамыз. Арқам ұстадының нағыз түсiнiгi- вдохновение.

   Баукең маған алара қарап:

   -Өздерiңдi өздерiң  мәдениеттiмiз дейсiңдер. Мәдениеттi болсаңдар аудармаға неге жеңiл-желпi, атүстi қарайсыңдар?! Мұндай мiнездi қашан қоясыңдар?!- дедi даусын көтере.

   Мен үндемедiм.

   -Мәдениет- адамның киiмiнен де байқалады. Мысалы, жарғақты қазақтар ешкiнiң терiсiнен жасаған. Бүгiнгi тiлмен айтқанда ол-костюм. Оны неге тек ешкiнiң терiсiнен жасаған? Оның себебi, ол майсыз келедi. Сен шоқайды көрiп пе едiң?

  -Жоқ.

   -Бiрi астары, екiншiсi тысы секiлдi екi бөлiктен тұрады. Жылы болу үшiн екеуiнiң де жүнiн алмайды.

   Баукең столға еңкейе жақындап, асықпай отырып шоқайдың суретiн салды. Кәдiмгi мәсi секiлдi, ұлтан, өкше дегендер жоқ. Қонышының тiзеге жетер тұсында белдiк.

   Баукең суреттi қаламымен нұсқай көрсетiп:

   -Бұл-халық творчествосы,-дедi масаттанғандай.- Мұны кейбiреулер жабайылық деп күледi, бұл- ешқандай жабайылық емес. Бұл –сол кезгi өмiр талабынан туған практикалық қажеттiлiк.

   Қазақтардың күпiсi мен шалбарының, тоны мен тымағының, саптама етiгiнiң де сыры көп. Қысқасы, әр киiм еңбек етiп, өмiр сүру жағдайына байланысты дүниеге келген. Мысалы, қазақ шапаны мен тонының етегiн кең, жеңiн бiр қарыс ұзын iстейдi. Мұның себебi, ертеңдi-кеш атқа мiнiп, жауын-шашын, боран демей мал бағады. Сондайда тонының етегiмен тiзесiн қымтап, кез келген аязда тоңбайды. Аты болдырып, не өзi шаршағанда далаға қонып та қала бередi. ,,Етек-жеңiң кең болсын,, деген сөздiң мәнiсi осы жайларға байланысты айтылса керек. Әй, қарағым, сен пальтоңмен мал бағып көршi? Бiр тәулiкке жетпей-ақ үсiп өлесiң. Рас па, өтiрiк пе?

   -Рас.

   -Тағы жаугершiлiк заман. Қазақтар ұзын жеңiн түрiп, жаумен шоқпарласады, не қуады, не қашады. Сонда оның қолы қару ұстау үшiн бос болуы керек. Қолғап -қару ұстауына кедергi. Жеңiнiң ұзын болуының бiр сыры, мiне осы жайға тiкелей байланысты. Бұл-халықтық тәжiрибе, халықтық даналық. Қазақтар қолғапты әдейi кимеген. Оның орнына жеңiн ұзын етiп жасаған.

   Қазақ даласын күннiң өзi алты сағат айналады. Осынша жерге бiз қалай ие болдық? Мұны бiзге бiреу тегiн сыйлай салды ма? Жоқ! Бұл ұлан байтақ жердi тұс-тұстан телмiре көз тiгiп, тап-тап берген зұлым жаудан батыр бабаларымыз қорғады. Қазақтың Қытайда, Үндiстанда, Ауғанстанда, Туркияда, Иранда таңба басқан жерi аз емес. Бiрақ ынтымақтаса алмай быт-шыты шықты. ,,Алтау ала болса, ауыздағы кетедi, төртеу түгел болса, төбедегiнi алады,, деген мақал осындай ащы жеңiлiстiң дәмiн татқан соң туса керек.

    ,,Еңбексiз ембейдi,, , ,,Үлеспеген еншiмiз,, деген мақалдардың мәнiне түсiне бiлген жөн. Қазақ үйiне келген кiсiден тамағын аямаған. Құдайы қонақ деп барын берiп, риза етiп аттандырған. ,,Бiр күн қонақ болған үйге қырық күн сәлем,, деп қонақжайлықты өте жоғары бағалаған. Бұл ,,менi жақсы қарсы алдыңдар, үйiме қырық күн келсеңдер де қарсы алуға, қырық рет сыйлауға дайынмын,, дегенi ғой. Тiзе берсең, бiзде басқа халықтарға өнеге болар көп нәрсе бар. Бiр сөзбен айтсам, бiздiң халық ең мәдениеттi халық…

   Бұл пiкiрiме тағы бiр үлкен дәлел- түркi тектес халықтардың iшiнде қазақ тiлi таза, тұрақты тiл. Бұған мысал- батырлар жыры. ,,Қобыландыны,, да , ,,Алпамысты,, да ал. Оны бiздiң немере, шөберемiзге дейiн түсiнедi. Бұл батырлар жырының қашан, қай жылы шыққаны белгiсiз.

   Әрине, кейiнгi кезде бiзге де кiрме сөздер көп ендi. Ол дұрыс, себебi адам көрген затын, құбылысын өзiнше атайды. Қарапайым бiр мысал, самауыр, сам варит деген орыстың сөзi. Мұндай мысал көп.

   Жалпы мен тiл тазалығын сақтау жағындамын. Бiрақ жаңа заттарға, ұғымдарға байланысты шыққан жаңа сөздердi аударып, өзгертуге қарсымын.

   Сен сияқтылар Қазан төңкерiсiне дейiн қазақ надан едi дейдi. Это обсолютно не верно. Оған дәлел- мақал-мәтелдерiмiздi алып қараңдар, дастан, жыр дегендерiмiзге зер салыңдар. Басқа халықтардың ауыз әдебиетiмен салыстырсаңдар бiздiң ауыз әдебиетiмiз аса бай. Сен де қазақсың, мен де қазақпын. Халқымыз жасаған қазынаның тереңдiгiне әзiрге дейiн түсiне алмастан, жөндi баға бере алмастан келе жатырмыз. Баяғыдан мақал-мәтел, философия, психология, ақындық, шешендiк жағынан бiз еш халықтан кем емеспiз. Ауыз әдебиетi туындыларымыз халықтық сейфте сақтаулы, олар ешуақытта жоғалмайды. Бiр көне грек кiсiсi:,, Мудрость народа заключается в их эпосе,, дептi. Оған сен сияқты бiреу қарсылық бiлдiрiп:

   -Неге бұлай дейсiз? Ауыз әдебиетiнен басқа да осы күндегi поэзия, мәдениет бар ғой,- десе:

   -Егер халық даналығы- ауыз әдебиетi болмаса, бұлар болмас едi,- деген екен. Аты-жөнiн ұмыттым. Кейiн есiме түскенде дәл айтармын.

    Қысқасы, бiздiң поэзияның, музыканың ұйтқысын кейiнгiлер салған жоқ, бұрынғылар салып кеткен. Мысалы, айтыс. Одан опера iстедiк. Әрине,  оның қазiр авторы болып жүр. Бiрақ негiзi халық ауыз әдебиетiнен алынған. Сол эпостағы өлеңдер болмаса, ән, шабыт, күй болмаса, онда ештеңе де шықпас едi.

    Баукең ойлана қабақ шытып:

    -Халқын сүйгендi кейбiреу ұлтшыл-мұлтшыл дейдi. Көңлiңе келсiн, келмесiн, бұл оттауизм! –дедi даусын көтере.- Шырағым, қайталап айтайын, ешкiм аспаннан түскен емес. Түсiнген кiсiге бiздiң аспанымыз- халық даналығы. Бiрiмiз жақсы, бiрiмiз орташа, жаман болып бiз халық даналығынан жаралдық. Менiңше, мәдениет дегенiмiз- халық даналығы…

  

Жалғасы бар, осында