МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы  осында

ПСИХОЛОГИЯ КЕРЕК

 

    Шағын бөлме. Ортада стол. Түстiкке қараған қабырғадағы жалғыз кiсiлiк төсекте Баукең шалқалай жатыр.

   -Е, кел,- деп ол кiсi созған қолымды алып, айбат шеге, сұстана қарады. Өңi жүдеу, саусақтары сидиған, арық, бұрыл мұрты өсiңкi. Тек отты жанары   баяғы қалпы, тiктеп қарағанында өңмеңiңнен өтердей.

   Баукең денсаулығы туралы айта келiп, сөз соңында төмендегi жайды әңгiмеледi.

   -Осында бiр профессор дәрiгер әйел бұрнағы күнi:

   -Естелiк жазуға кiрiспекпiн. Ақыл-кеңес берiңiз,- дедi.

    -Е, жазыңыз, көптi бiлесiз,- деп қуана қоштадым. Талабы дұрыс. Бiрақ  мамандардың бiр жаман кемшiлiгi- әдебиет теориясынан хабары жоқ. Шығарманы оқуын оқығанмен, талдай алмайды. Қатардағы оқушыдай:,, Е, жақсы екен,, ,- деседi. Шығарма композициясы, сюжетi, тiлi қалаймен iсi болмайды. ,,Е, мына жерi артық, мына жерi әлсiз, мына жерi күштi,, дей алмайды.

   Мамандық сырын бiлу- әдебиет емес. Мүмкiн ол ғылымға қажет шығар. Әдебиетте маманизм емес, психологизм қажет. Аузын ашып көрсем, өңешi жорықсыз үлкен, не кiшi екен дегеннен гөрi оқырманға оның көзқарасы, жан-дүниесi, қуаныш-ренiшi, яғни образы керек. Бұл жағынан мамандар хабарсыз. Оларға ең қолайлысы-естелiк жазу. Бiрақ естелiк жазу да оңай емес. Жазатынында психология, образ болу керек.

   Ана дәрiгер әйел ендi келсе, не телефонмен хабарласса:

   -Маманизм ғылымға керек, әдебиетке керек емес. Жазатыныңда ең бастысы психология болу керек,- демекпiн.

 

СЫЛҚ–СЫЛҚ КҮЛДІМ

 

   Баукең аурухана ауласының батыс бөлiгiндегi алаңда Жәмила жеңгеймен әңгiмелесiп отыр екен. Амандастық.

   -Денсаулығыңыз қалай, аға?

   -Шүкiр, жақсы. Кешелi берi далаға шығып, ары-берi жүрiп жүрмiн. Денемнiң тепе-теңдiгi де орнына келдi.

   Баукеңнiң қолында сары мыспен қапталған, басы имек жылтыр қоңыр таяқ, үстiнде сұр костюм, шалбар, сыртында аурухананың халаты. Аяғында қара қайыстан тiгiлген жеңiл сандал. Мұрты өсiп, астыңғы ернiн жауып тұр.

   -Осында шаштаразшы әйел бар едi, көрiнбей жүр. Байғұс ауырып қалды ма? Мұртымды бастырайын десем, жоқ.

   -Бауке, өзiңiз-ақ…-дей берген  Жәмила жеңгейге:

   -Е, сен не бiлесiң? Сақал-мұртың бар адамдай сөйлейсiң!- деп тастады.

   Баукең қалтасынан сiрiңке алып едi, шырпы болмай шықты.

   -Мiне, менен ұқыпты жан жоқ шығар. Жұрт ұқыптылықты үйренсе, менен үйренсiн,- деп күлдi. Ізiнше қалтасынан төрт бүктелген бет орамалын алып жазды да:

   -Орамалым қандай таза,- дедi қайта күлiп. Бiз де күлдiк. Орамалының үш бөлiгi аппақ, таза да, төртiншi бөлiгi сарғайып, кiрлептi.

   -Әнеукүнi орамалды көп етiп әкеп берiп едiм ғой, Бауке,- деген жеңгейдiң сөзiн елең етпей:

   -Жұрт тазалықты да менен үйренсiн,- дедi күлiп.

   Жәмила жеңгей бұдан екi-үш күн бұрын ,,Бауыржанды көрем,, деп үйiне Қордай ауданынан бiр кемпiрдiң келгенiн, амандық болса, көрерсiз деп көйлек кигiзiп қайтарғанын айтты.

   -Өзi әдемi киiнген, басында кимешегi бар.

   -Онда пысық кемпiр екен ғой. Жас шамасы нешеде?- дедi Баукең елеусiздеу езу тартып.

   -Жетпiстен асқан болу керек.

   -Е, онда жап-жас қой. ,,Көсеу ұзын болса, қол күймейдi,, деген. Қордайда да бiр үйiмiз болсын демедiң бе?

   -Сiз де қызық екенсiз? Ол кiсi сыйлап келiп отырса…

   -Е, сыйласа тiптен жақсы. Сен:,,Бауыржан ұзын көсеу қол күйдiрмес,, ,- деп жатыр демедiң бе?

   -Қойыңызшы, ашуланып қалар.

   -Ашуланса, өз обалы өзiне,- деп Баукең бiраз кеңкiлдей күлiп алды.

   -Кемпiр үйде бiр күн қонды. Кеше осында келмек едi, мен ырық бермедiм.

   -Бекер iстепсiң, ертiп келуiң керек едi. Ана қасымдағы шалды бәрiмiз жабылып жүрiп басқа палатаға көшiрер едiк.

   Мен өзiмдi өзiм ұстай алмай сылқ-сылқ күлдiм.

 

БІР МАҚАЛДЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ

 

    Таңғы жетiде ояндым. Тысқа шықсам, әлем бiткен аппақ. Сәукеле киген жас талдар басын төмен иiп тұр.

    Көңлiм сергiп сала бердi. Тамақтанып болысымен күндегi әдетiмше коляскенi сүйретiп, балалар бақшасына қарай жөнелдiм. Жол қармен бiтелiп қалған екен, қара терге түстiм.

     Кешкi бесте ,,Алматы,, қонақ үйi буфетiнен он дана ,,ВТ,, темекiсiн сатып ап, Министрлер Кеңесi ауруханасында жатқан Баукеңе бардым. Төсегiнiң жанында отырып, бiраз әңгiмелескен соң:

    -Айып етпесеңiз, бiр сұрағым бар едi,-дедiм.

    -Айт, ешқандай айыбы жоқ.

    -,,Ақылыңа әдiсiңдi серiк ет,, деген мақалыңыздың шығу тарихын айтып берсеңiз?

   -Е, дұрыс.-  Ой құшағына ене, қабағын түйiп:

   -Москваға қарай шегiнiп келемiз,- дедi ұзақ үнсiздiктен соң.-Истра өзенi мұз боп қатып қалған. Жаяу әскер үстiнен өте алады, ал зеңбiректерiмiздi көтеру-көтермеуi екiталай.

   -Ендi қайттiк?- Өзеннiң ар жағындағы Пятница қыстағына атпен шауып бардым. Барсам, құдайдың берген абыройы, тақтай- қорған тұр.

   -Филимонов, берi кел! –Ол жүгiрiп жеттi.

   -Ротаны осында шақыр. Мына тақтайларды бүлдiрмей бұзып алыңдар.

   Көп өтпей-ақ мұздың үстiне тақтай төсеттiрдiм. Зеңбiректердiң дөңгелектерi тақтайдың үстiмен баяу жылжиды. Мұз ауырлықты елер емес.

   Баукең темекi тұтатып тартып:

   -Зеңбiректерiмдi өзеннен аман алып өткенiмдi естiгенде артиллерия полкiнiң командирi Георгий Федорович Курганов:,, Тек Момышұлы ғана қару-жарағын шығын еткен жоқ!,,- деп әйелi ұл тапқандай қуанды. Осы оқиғадан кейiн ол маған әбден құлай берiлдi,- дедi көңiлдi үн қатып.-Бiзден төменгi жердегi басқа батальонның үш зеңбiрегi суға батып кетiптi. Олар бiз ойлағандай әдiстi ойламаған. ,,Ақылыңа әдiсiңдi серiк ет,, деген мақалды сол жолы шығарған едiм. Кургановтың ықыласынан кейiн:,, Ойланбаған өзiн өзi қор етедi, ойлана бiлген алыстағы абыройға жетедi,, деген тағы бiр мақал тiлiме оралды.

 

ҚЫЗ ЖІБЕКТІҢ СІҢЛІЛЕРІ

 

     Араға бiр апта салып, тағы ауруханаға бардым. Қолымды сермей екпiндей басып, көп қабатты жаңа корпусқа қарай бет түзедiм.

   -Әй, қайда барасың?!- деген дауыстан селк етiп, тоқтай қап, жоғары қарасам, үшiншi қабаттың балконында Баукең тұр. Жалаңбас, оң қолында мүштек, үстiнде аурухананың жолақ-жолақ халаты. Дауыстай сәлем берiп:

   -Сiзге келе жатыр едiм,- дедiм.

   -Е, онда үшiншi қабатқа көтерiл де, берi солға бұрыл. –Келсем, Баукең дәлiзде күтiп тұр екен. Оң қол шеттегi диван-орындыққа қатарласа отырдық.

     Денсаулығының жақсара түскенiн, ,,Жұлдыз,, журналының соңғы шыққан санынан Әл-Фарабидiң туғанына 1100 жыл толуына байланысты жарияланған материалдарды қызыға оқығанын әңгiмеледi. Ұйпа-түйпасы шыққан  шашына көзiм түскенiн сезе қойып:

   -Жеңгең маған не қажет екенiн әлi бiлмей жатыр. Кеше:,, Қарағым, қызым, маған тiс щетке, сабын, тарақ әкелiп бер,,- деп мейiрбике қыздың қолына ақша ұстатып, дүкенге жұмсап едiм, тарақты ұмытып кетiптi. Мына шашымның ұйпа-түйпа боп жүргенi содан,- дедi. -Өзiңде не жаңалық бар?

   -Әнеукүнi таңға жуық түсiмде сiздi  көрiппiн. Маған ақ кесе толы сүт берiп тұрсыз. Мен сiмiрiп, түгел iштiм, оянсам түсiм…

   -Молодец!- Сәл үнсiз қалып қайта сөйледi.- Сен кремация деген сөздi бiлесiң бе? Ол өлген адамның сүйегiн өртеп, күлiн жинап алатын орын деген сөз. Ал реамация- ауру адамнан үмiт үзiп, оңаша жатқызатын орын. Әлдеқалай болады деп екi-үш күн күтедi. Бетi берi қараса, оны ол жерден алады. Сондай реамациядан шыққан Ахметов деген Қазақ ССР Жоғарғы соты коллегиясының мүшесiн кеше менiң палатама әкелдi. Палатаға сенi енгiзбей отырғаным содан. Ауру, әлсiз кiсiнi самбырлап сөйлеп, қинағанымыз адамгершiлiк емес қой…

     Аз үнсiздiктен соң:

    -Жүр, аурухана ауласындағы орындықтардың бiрiне жайғасып, әңгiмелесейiк,- деп өзi жол бастап, баспалдақпен төмен түсе бастады. Мен үнсiз iлестiм. Оңашалау тұсқа барып, қатарласа отырдық.

   -Сұрағың бар ма?

   -Мәншүк туралы пiкiрiңiздi бiлсем деп едiм.

   -Сен асықпа, бұл күрделi сұрақ.- Баукең жағын ұстай, ойға ендi.- Бұл сұрағың өте қызық сұрақ. Жауап беруге рұқсат па?

   -Рұқсат, -дедiм қысылыңқарай.

   -Ал, қарағым, мен Мәншүк Мәметовамен таныс кiсi емеспiн, өмiрiмде жолыққан, әңгiмелескен емеспiн. Түрi түгiлi мiнезiнiң қандай екенiнен хабарым жоқ.

   Алдымен Зоя Космодемьянская шықты ғой. Содан кейiн Мәншүктiң есiмiн естiдiк. Ол кезде мен полк командирi едiм. Қарындасымның ерлiгiн естiгенiмде бiздiң қазақтан да Зоя Космодемьянская шыққан екен ғой деп жүрегiм жарылып кете жаздады. Бiр жағынан қайтыс болғанына езiле қайғырдым.

    -Әлия туралы естiгенiңiзде ше?

    -Әй, қарағым, Мәншүк кiм, Әлия кiм? Мен үшiн екеуi бiр адам. Олар қазақтың адал, арлы қыздары, кешегi Қыз Жiбектiң туған сiңлiлерi.

 

Жалғасы бар, осында