МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы  осында 

КӨҢІЛІН СҰРАЙ БАРҒАНДА

 

    Баукең  шалқалай жатқан күйi көзiн жұмды. Тынықсын деген оймен жайлап орнымнан тұрып, сыртқа беттемек  едiм:

    – Тiл сақтауды сендер бүлдiрiп жүрсiңдер, – дедi көзiн ашып. – Соған мен қатты қапаланамын. – Өмiр-күрес дегендi жоғары көтерсең, творчество бар. Ол мың бұлақ. Әр бұлақтың саласы басқа, ағысы басқа, арнасы да әртүрлi.

   …Сендер өздерiңдi өздерiң бiлiмдi санайсыңдар.

   Баукең  қинала басын шайқап:

   -Дипломды алу оңай, бiлiмдi алу қиын,- дедi ренжи.-,, Оқу- инемен құдық қазғандай,, деген бұрынғы ата-бабамыз. Осы күнде құдықты қазу оп-оңай. Эксковатор, трактор, машина бар. Әрiберiден кейiн бомбамен жарамыз. Ал күрекпен емес, инемен құдық қазып көршi? Мұндай мақал қай халықта бар? Копать колодец иголкой. Эта страшная вещь. Әй, қарағым, ине неге жарайды? Бiр милометр жер қаза ала ма, қаза алмай ма?

   Күрекпен емес инемен құдық қазу деген, түсiнсең, ақырет. Қазекең оқудың қадiрiн қалай бiлген десеңшi?! Оны кемiткендi қашан қоясыңдар?! Наданның аузынан осындай ұлы сөз шыға ма? Рас, бiздiң халықтың өзiне тән кемiстiктерi бар. Оны ажырата бiлу керек. Бұл – тарих! Немене саған ұнамай отыр ма?

   – Ұнайды.

   – Ұнаса, неге тыжырынып, қабағыңды түйесiң?!

   – Жай, өзiм солай.

   – Инемен құдық қазғандай деген сөз керемет бейнелi айтылған. Этого мой народ сказал! Это великое образное выражение!

   Бiлiм алу, сенiңше, жер қазу шығар, ал қазекең оны әлемдi тану, аспан, жер сырын ұғыну деп түсiнген. Сол түсiнiгiнiң образы – құдық. Мұның мағынасы,                 өте терең. ,,Оқу-инемен құдық қазғандай,, деген, қайталап айтайын, әлемдi тану деген сөз. Мен мұны осылай деп түсiнем.  Ал сенiң қалай  түсiнетiнiңдi бiлмеймiн.  Қателессем, мына жерiңiз қате деп түзет. Мүны айтқан бiздiң ата-бабамыз.

   Ауыз әдебиетiмiзде жұлдыз, ай, күн, шолпан деген образдар  көп. Қазекең жер қойнауын зерттеп, танып қоймай, шолпанға да барғысы келген. Дастанымызда шолпан образының жасалуы жайдан-жай емес.

   Ақындық ойлау жағынан бiздiң халық өте бай екен. Мұны мен басқа халықтарды кемiтiп емес, салыстырып айтып отырмын.

   Қолымен иегiн тiрей ойға батты.

   – Дастандардың, мақал-мәтелдердiң, жырлардың авторлары жоқ дегенге мен сенбеймiн. Олардың авторлары болған. Бiрақ та классикалық шығарма ретiнде танылғаннан кейiн халық меншiгiне айналған. Эта большая честь автора.

   Автордың сөзi, автордың ойы, сыры халықтың сөзi, халықтың ойы, сыры болу дейтiн творчествоның шыңы ғой. Оларды ол мен халықтың ұлымын деп жазған. 

   – Иә, қарағым, менiң ұлым екенсiң, – деп халық авторлықты өзiне қабылдаған. Бұл жағынан да бiз өте баймыз.

   Нақыл сөз, әскери дәстүр, батылдық, батырлық, ер намысы – ел намысы дегендi тарихи, ой, ұғым, ақындық жағынан дұрыс түсiнуден, менiңше, бiздiң қазақ халқы ең алдыңғы халықтың бiреуi деп ойлаймын. Бiзде батырлар жыры, ертегiлер, мақал-мәтелдер, өсиет сөздер көп-ақ. Оларды мен шамам жеткенше тексердiм. Олардың көбi басқа халықта жоқ.

    Бiр ғажабы, бiздiң дастандардың, мақал-мәтелдердiң тiлi бүгiнге дейiн ескiрмеген. Оларға мен түгiлi немере-шөберелерiм түсiнiп отыр. Тарих куә, бiз атамзаманнан бергi тiлiмiздi сақтап келе жатқан халықтың  бiреуiмiз.

   Баукең оң жамбасына аунап жатып:

   – Жетедi, мен шаршадым, – дедi сыбырлағандай. – Ауыз әдебиетiмiз жөнiнде ойларым көп, келесi бiр кездескенде айтармын. Жұмыс iстеу қанша қиын болса да жұмыс iстегiң келедi. Я старею, болею. На старости лет хотел что-то сделать, но не получается. – Жай сыбырлай сөйледi. – Сен палатаға қалай ендiң? Маргарита Ивановна рұқсатсыз ешкiмдi жiбермеушi едi ғой?

   – Дәлiзде ешкiм жоқ екен.

   – Мұнда тәртiп өте қатал. Сөз естiп қалып жүрме, қарағым.

   Мен орнымнан тұрдым.

   – Тезiрек сауығып шығуыңызға тiлектеспiн, аға.

   – Рақмет, қарағым.  

            

ТІЛМАШ ЕСТЕМЕС

 

    Баукең кеңкiлдей ұзақ күлдi.

    -Тiлмаш Естемес көкем есiме түскенi,-дедi бiр кезде жанары жасаурай.- Бiздiң Жуалы ауданы таулы, сулы жер. Топырағы қап-қара, құнарлы. Түсiнiп отырмысың?

   -Түсiнiп отырмын.

   -Бұл 1917 жылғы Қазан төңкерiсiнен бұрын болған оқиға. Россиядан ауған орыстар: ,,Е, мына жерге қоныстанайық,, ,-дейдi қызығып. Ол кезде қазақтар орысша, орыстар қазақша бiлмейдi.

   Бiздiң ауылды қара жол басып өтiп, Шымкентке, Ташкентке, Бiшкекке барады. Ол кезде арбадан басқа көлiк жоқ. Жалғыз ат, қос ат жеккен арбалы саудагерлер ауылды аралайды.

   Қазақтардың орыстан қорқатын кезi. Бiр қарайған жылқышысы ма, қойшысы ма келе жатса, үркiп тұрады.

   Көктем жаңа шықса керек. Орыстың бiр саудагерi ,, е,мына бұлақтың басында демалайықшы,, деп арбасымен тоқтайды.

   Бiздiң ауылдың бiр қаңғыған сиыры:,, Аналар жеп жатыр ғой, мен де барып жейiншi,, ,-деп келiп, аттардың алдына қойылған жемге тиiседi ғой. Орыстың бiреуi:

   -Мына сиыр бiздiң жемдi жеп жатыр,- деп ұстап ап, арқанмен арбаға байлап қояды. Оны ауылдағылар көрiп тұрады. Жақындауға батпайды, тiл бiлмейдi.

   -Ендi қайттiк? Әй, Естемес қайда екен?

   Аулымызда Естемес деген кiсi болған. Кiшкене кезiмде көрдiм. Бiр орысқа жалданып, малай боп жүрген оны ауылдың адамдары iздеп, тауып алады.

   -Әй, қарағым, бiзге қарағанда сен орысша бiлесiң ғой?

   -Е, бiлемiн.- Шынына келгенде ол орыс тiлiн жөндi бiлмейдi. Одан хабары жоқ қазақтар Естемеске сенiп, оны орталарына алып, орыстарға барады. Сиыр байлаулы тұр. Сонда орысша бiледi деп қазақтар үмiт артқан тiлмаш Естеместiң айтқаны:

   -Арба Ташкент пойдет, Шымкент пойдет, Бiшкек пойдет. Әкеңнiң… орыс, сиырда нең бар?!- деп мүйiзiн босатып, қамшысымен салып-салып қалады. Таяқ жеген сиыр ауылға қарай қашады.

   Саудагер ақылды орыс екен, ,,сенiң мұның не, айып төле!,, деу орнына қарқ-қарқ күледi.

   Сиыр құтылды.

   -Ойбай, Естемес орысшаны керемет бiледi екен. Орысша айтып-айтып келiп, қазақшалап боқтады. Байғұстың қадiрiн бiлмей жүр екенбiз,- деп барғандар аяқ -қолын жерге тигiзбей мақтап ала жөнеледi. Содан Естемес көтерiлiп кетедi. Он был самым ителлигентным человеком в нашем ауле.

   Сөйтiп, қарағым, бiздiң ауылда орыс тiлiн жақсы бiлетiн бiрiншi адам- Естемес, екiншi орысшаны жақсы бiлетiн полковник Бауыржан Момышұлы.

   Естемес менiң әкемнен кiшi болатын. Өмiрiнде жарымастан өттi. Так что со мной  шутить можно, но баловаться нельзя. Мен Естеместiң iнiсi боламын, Естемес көкеме тартқанмын.

   Өзiмдi өзiм ұстай алмай мырс ете қалып ем:

   -Неге күлесiң, мен саған тарихты айтып отырмын,- дедi Баукең көңiлдене түсiп.- Арба Ташкент пойдет, Шымкент пойдет, Бiшкек пойдет. Әкеңнiң… орыс, сиырда нең бар?!..

   Баукең дауыстай, рахаттана күлдi. Мен де сықылықтап мәзбiн.

   -Аудармашыға жарыған екенбiз,- деп жағдайға түсiнген орыс ақылды екен.

   Естемес орыс тiлiн (Баукең бас бармағын көрсеттi) былай бiлген. Мен Естемес көкеме тартқанмын. Орысша сөйлеу өз алдына, орыс тiлiнде жазған кiтаптарым бар ғой.

   Бiздiң тұқымда бiрiншi орысша бiлген, орысты жеңген Естемес. Мен сол кiсiге тартқанмен орыстарға әкең… деп айтқан емеспiн. Әскери қызметiмде, шығармаларымда әкең деген сөз жоқ, бiрақ ,, с нами шутить можно, но баловаться нельзя,, деген сөз бар. Түсiндiң бе? Естемеске тартқаным осы. Ол кiсi:,,Арба Ташкент пойдет, Шымкент пойдет, Бiшкек пойдет. Әкең…орыс, сиырда нең бар?!,, деген екен. Мен мұны басқаша айттым. Сөйтiп мен орыс тiлiн бiлу жағынан Естемес көкемнiң мұрагерiмiн. Ол кiсiден тұқым жоқ.

   Мұны бұрын саған айтқан ба едiм?

   -Жоқ, айтқан емессiз.

   -Ойбай, Естемес тiлмаш екен. Орысша сөйлегенде орыстардың аузын аштырып қойды,- деген сөзден кейiн Есағамыздың абыройы аспандады да кеттi. Мақтау жеткiзедi деген осы емес пе?

   Мен  Баукеңнiң түр-түсiн құбылтып, әртүрлi мақаммен айтқанына  балаша мәз боп,  сақылдап күлдiм.

   -Жуалыдан Бауыржан шықты деген сөздi естiсең:,,Ойбай, алдымен Естемес шыққан,, ,-деп қойғын.

 

Жалғасы бар, осында