МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

 Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы  осында

ҮЙСІЗ ЕРДЕН БЕЗ

 

   Балалар бақшасынан келген кiшкентай Бауыржан есiктi ашып, үстiмiзге ендi.

   -Сен ағылшынша бiлесiң бе?- деп Баукең ағылшынша сөйледi. Кiшкентай Бауыржан ,,бiлем,, деп басын изедi.

   -Ой, айналайын, бәрiн бiлетiн сен жақсы бала екенсiң ғой.

   Баукең еркелете сөйлеп, мәз. Мен:

   -Бар, басқа бөлмеге барып ойна,- деп едiм:

   -Әй, баланың аты бала, тимегiн, өз еркi бiлсiн,- деп Баукең маған ескерту жасады. Кiшкентай Бауыржан бiзге жаутаңдай қарап, басқа бөлмеге кеттi.

   Әншейiнде үстiмiзге бiреу кiрсе, ,,ойымды бұздың,, деп ашуланатын Баукең кiшкентай Бауыржанның келгенiне ешқандай қабақ шытқан жоқ. Қайта жадырай күлiп, ,,бәрiн бiлгiш,, бала мiнезiне қызығып, серпiлiп қалды.

     -Ертең үйiме қайтамын. Ертеңге дейiн келiн екеуiңнiң шыдамдарың жетсiн. ,,Бiр күн қонақ-құт, екi күн қонақ-жұт,, деген бар ғой. Бұл бейнелi ұғым.

   Баукең бөгелiңкiрей:

   -Өлең  деген не деген сөз?- дедi маған.

   -Бiлмеймiн.

   -Әй, қой, мұның ұят болады. Өлең деп бiр жағынан поэзиялық туындыны айтады. Екiншi жағынан, бiздiң елде сайда емес қырда өсетiн шөп болады. Ол жоңышқа емес. Сайдың шөбi құнарлы, неге десең, су бар ғой. Бiздiң елде қырда өскен шөптi өлең дейдi. Ол тез өсiп, тез өшедi. Ешкiм суғармайды. Жауын жауса, өсiп, жаумаса, қурайды. Өсiмдiктiң iшiндегi табиғаттан нәрдi аз алатын шөп сол. Неге екенi белгiсiз, қазекең оны өлең шөп деп атапты. Тiкенi жоқ әрi аласа боп өседi. Мал жесе, жұғымы мүлде аз. Өзi тағы үлпiлдек, жұмсақ. Кебедi ғой, кепкен соң оны кедейлер орып алып, төсенiш жасайды екен. Өзi мақта сияқты жұмсақ, ал құстың мамығы тапшы.

   Алдаркөсе елдi аралап, қымызды iшiп, еттi жеп, алдарын алдап, үйiне қайтып келедi. Ол кездегi қазақтар ақша-мақшадан хабарсыз. Алдар көсе iшiп-жегенiне мәз. Қатыны жалғыз сиырды сауып, бала-шағасын әзер асырап отыр. Қайтып кеп үйiне жатады. Өлең шөптен төсегi бар екен. Басқа түгi жоқ. Алдар көсе риза болып:,,Ү¿, қайран өз үйiм, өлең төсегiм,, дептi. Сол сияқты әркiм өзi үйренген жерiне, үйренген төсегiне риза. Келiнжан да, сен де жүгiрiп жүрсiңдер. Бар дәмдi тамақтарыңды аяп жатқан жоқсыңдар. Жұмсақ төсек, құс жастық-бәрi бар. Мен мұны мадақтау үшiн, не басқа оймен айтып отырғам жоқ . Саған да, келiнге де рақмет.

    Өз үйiне, өз үйiрiне бауыр басу жалғыз адамда ғана емес, әрiберiден кейiн жануарлар дүниесiнде де бар. Мысалы, мен бала кезiмде байқағам, әр үйдiң қорасы болатын. Бөтен қозы, бөтен бұзау басқаның қорасына жаңылысып бара қалса, тыныш жатпайтын. Қозы болса, ,,ойбай, мынау бiздiң қора емес қой,, деп маңырап, жағы сембейтiн. Ол табиғи нәрсе, табиғаттың заңды iсi. Ал мен қозы құрлы жоқпын ба?

    Екеумiз де дауыстай күлдiк.

    -Түсiнсең, қарағым, кешеден берi көңлiм маңырап, мазамды алды. Содан басыма:,, Үйiрсiз елден без, үйсiз ерден без,, деген ой  келдi.

 

БАСТАРЫҢА БЕРМЕСІН

 

   -Менi кәрiлiк иектеп алды. Оның аты алжығанизм. Жас келген сайын баяғыдай болмайды деген рас екен. Әрiберiден кейiн қырықты былай қояйық, қырық-қыршан жас қой, елудегiдей ойламайды екенсiң. Ми да қатаяды екен. Бұл да табиғи, заңды құбылыс.

   Мен қазiр ,,алпыста алжыған,, деген жастан он бiр жас үлкенмiн. Бiздiң қазақтың тарихында тоқсанға келiп, торқалы сөздер айтқан шалдар болған.

   -Ондай кiсiлер  әлi де бар ғой.

   -Бар, бiрақ аз. Бұрын көп болған. Әрине, бiреу ерте алжиды, бiреу кеш алжиды.

   Жас жiгiттi ақсақал деп айтпаймыз. Кәрi шалды жiгiт деу түгiлi азамат деп айта алмаймыз. Олай деуге жас көтермейдi.

   Мұны сөз ету себебiм, әр жастың өз заңы бар екен. Жасың келген сайын дене мүшелерiң тозады екен. Қартайғың келмесе де қартаяды, ортайғың келмесе де ортаяды  екенсiң. –Дауыстай күлдi.-Ал жантаю жағын айтпай-ақ қояйын… Көзқарасың да өзгередi екен. Бұрынғы түсiнгенiңдi жасың ұлғайғанда басқаша түсiнедi екенсiң. Басқаша түсiнудiң екi мағынасы бар. Бiрiншiсi, дұрыс мағынадағы түсiнiк. Екiншi мағынасын алжығанизм дедi.

   Мына шал алжыпты ғой дегендi естiген шығарсың? Жасың келгенде соның қайсысы бұйырады? Оны күнiбұрын болжау қиын.

   Мен де кететiн кiсiмiн. Я в твоем наставлении, в твоем нравоученье не нуждаюсь . ,,Кәрi орыс- мұсылман болмайды,, деген. Қартайған Бауыржан Момышұлы сен үшiн қайта тумайды. Құдайға шүкiр, жетпiстен асып, сексенге бара жатырмын ғой.,,Кәрi орыс,,- менмiн. Менiң  мектебiм-сенiң мектебiң емес. Менiң ұйтқым сенiң ұйтқың емес. Менiмен әңгiмелескенде сен мұны ескер.

   Екеумiз екi заманның адамымыз, екеумiз екi ұрпақтың өкiлiмiз. Екi заман мен екi ұрпақтың арасы жер мен көктей. Сол себептi екеумiздiң арамызда қайшылық бар. Мен сен бола алмаймын, Ол мүмкiн емес. Сен Бауыржан Момышұлы бола алмайсың. Екеуiнiң арақашықтығы мынандай.-Екi қолын екi жаққа жая көрсеттi.- Менiң сезгенiмдi сен сезген жоқсың. Сол себептi сен маған түсiнбейсiң.-Қолын сермедi.- Әлгi кейбiр құрдастарым:

   -Бүгiнгi жас осылай, пәлен-түген, бiз өйтпеушi едiк, бүйтпеушi едiк,- деп жастарды кiнәлайды. Мен ондай нәрседен аулақпын. Өз жасымда, өз заманымда бiлерiмдi бiлдiм, iстерiмдi iстедiм. Сол себептi сен секiлдi жастарға:,, Бiз осындай едiк, бiздiң көшiрмемiз болыңдар,, ,-деуге аузым бармайды. Сенен пәлен жас бұрын туғанға мен кiнәлi емеспiн, менен пәлен жас кейiн туғанға сен кiнәлi емессiң.

   Стандарт деген нәрсе бар ғой. Әрiберiден кейiн күйген кiрпiштер де қартаяды. Ал адам күйген кiрпiш емес. Әркiм өз уақытына лайықты. Әр уақыттың жақсылары да, жамандары да бар. Бұл қоғамдық құбылыс. Сондықтан ұрпақты бiр қалыпқа салуға, жасым үлкен екен деп орынсыз талап қоюға болмайды.

   Әрине, бiлген өсиетiңдi жастарға айтуға хақылысың. Бiрақ сол хақың кейде орынды, кейде орынсыз болып жатады.

   Аға ұрпақтан жастар өзi таңдап үлгi алады. Ол- дәстүр, жақсылықтың жалғасы деген сөз. Әр ұрпақтың кемiстiктерi де аз емес, қайта жақсылығынан кемiстiгi көп болған. Бұл жалғыз адамда ғана емес, әрiберiден кейiн жануарлар әлемiнде де, өсiмдiкте де бар.

   Жақсылықты, кемiстiктi әр ұрпақ өзiнше түсiнедi. ,,Бiз сенiң жасыңда бүйтпеушi едiк, былай едiк,, деп кiнә тағудан, жақтырсаң жақтыр, жақтырмасаң қой, шырағым, мен аулақпын дедiм ғой. Сол ойымнан мен айнымаймын.- Қазақтың ,,Әр елдiң заңы басқа, итi қара қасқа,, деген мақалын бiлерсiң. Оны дөрекi  дейсiңдер. Түсiнген кiсiге ол дөрекi емес. Жеңiл ойлағанға ұйқас ретiнде айтыла салған сияқты. Мұнда әжептеуiр мағына жатыр. Заманның заңын ұрпақ шығарады. Мысалы, мен қартайып, алжып өлейiн деп жатқан шал емеспiн. Құдайға шүкiр, жетпiстен жаңа ғана астым. Менiң бала шақтағы, жасөспiрiм кезiмдегi өмiрiмдi сен көрген жоқсың. Сен дегенiм сендер, яғни жаңа ұрпақ дегенiм. Бiздiң көргендерiмiзден, естiгендерiмiзден сендер аулақсыңдар. Көрген, бiлгенiмiздi, естiгенiмiздi айта берсек, соның көбiне сендер түсiнбейсiңдер. Өйткенi, бiздiң шеккен азабымызды сендер шеккен жоқсыңдар, ол мiндет емес. Оны тағдыр бастарыңа бермей-ақ қойсын…

 

НЕТКЕН БАЛАЖАН?!

 

    Қонақтар келiп, залға өттiк. Шүйкедей сары кемпiр, бала көтерген семiз, денелi келiншек, орақ мұрын, қара мұртты, бойшаң келген қарасұр жiгiт орнынан тұрып, бiзге қол ұсынды. Таныстық. Ол Баукеңнiң қайын iнiсi Орал екен. Заводта- инженер.

   Жетi-сегiз айлық балпанақтай семiз, ақсары бала көрiнгенге қол созып, талпына бередi. Баукең бiраз алдына алып ойнатып отырды. Бiр кезде жүр дегендей бүйiрiмнен түртiп қалып, ұйықтайтын бөлмесiне ертiп барды.

   Шифоньердi ашып, омырауы ордендер мен медальдарға толы қоңыр костюмiн, папахасын кидi.

   Сәлден соң қайта залға ендiк. Баланы Баукең өзiне қаратып, қолын шекесiне апарып сәлем бердi. Ол жарқыраған медальдар мен ордендерге қолын созып, қызыға ұмтылды.

   -Осының бәрiн өзiңiз жұмыс iстеп алдыңыз ба?- дедi шүйкедей сары кемпiр.

   Баукең қолын мылтыққа ұқсатып, ,көздеп атқан,, болып, бүйтiп алдым деп көрсеттi.

   -Пах! Пах! Әй, неге құламайсың?!

   Мен оқ тиген адамға ұқсап, орындыққа шалқалай құладым. Сәби езуiнде күлкi.

   Сәл өткен соң костюмiн, папахасын шешiп, сусар бөркiн киiп келдi.

   Нәресте езу тартып күлiп, бiрдеме деп былдырлап, талпынып мәз.

   -Баукең неткен балажан!- деп iштей қызыға түстiм…

 

Жалғасы бар, осында