Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында
ТӨБЕМ КӨККЕ ЖЕТКЕНДЕЙ ҚУАНДЫМ
Баукеңнiң үйiмде жатқанына екiншi күн. Кабинетiмдi босатып бергем.
Түс кезiнде қызметiмнен оралған менi қасына шақырып:
-Келiн бiр жағынан дұрыс, бiр жағынан бұрыс екен- дедi қабағын шыта, сұсты қалпын өзгертпей. –Дұрыс дегенiм- ата дәстүрiмiздi жоғалтпапты. Байқауымша, өзi тектi жердiң қызы болу керек. Ізет сақтап, көрiнбей жүр. Үйiңде жатқаныма бiр тәулiктен асты, үстiме кiрген жоқ.
Үстiме кiрмегенi-әдеп сақтағаны. Шешiнiп ұйықтап жатыр ма, көрпесi ашылып қалды ма деп қымсынады ғой. Онысы менi де, өзiн де сыйлағаны.
Бұрыс дегенiм-,,Мына шал бiздiң үйге жетiскеннен келген жоқ,,- деп ойлайды екен.
-Бауке, тiптi де олай емес…
-Әй, сөзiмдi бөлмей, аяғына дейiн тыңдасаңшы?! Сен қызметiңе кетiп қалып жүрсiң, не бiлесiң? Есiктi тықылдатып:
-Ата, шайыңызды iшпепсiз ғой, ысытып әкелейiн бе- деу жоқ екен өзiнде.
Баукең дауыстап селкiлдей күлдi. Мен томсырайып, көңiлсiзденiп тұрмын.
-Ашығын айтқанда, әйелiңде дұрыс, бұрыс дегеннiң екеуi қатар жүредi екен, қарағым.
-Келiнiңiз жұмыста ғой. Кешке келедi. Шай мәселесi менiң кемшiлiгiм.
-Әй, сен тыңдай бiлмейтiн дегбiрсiз бiреу екенсiң. Жаңа сен жоқта орнымнан тұрып, ас үйлерiңе бардым.
-Қарағым келiн, шай суып қалыпты,-десем, ешкiм үн қатпайды. Оңыма да, солыма да қараймын, жан баласы жоқ.- Баукең тағы да селкiлдей күлдi.- Сөйтсем, үйiңде жападан жалғыз қаңтарылып жатыр екем.
-Бауке, жұмыста ұсталып қалдым. Бүгiн лекциям жоқ едi. Төбемдi көрсетемiн де қайтамын деп барғанмын ғой.
-Әй, ойымды бөлме деп қанша айтамын? Үйде әйелiме:,,Қошқарбаевтың қонақүйiнен бiр люкстi алайық, бәрiмiз сиямыз, екi-үш күн ғана ғой деп едiм:
-Жоқ, мен қонақ-монақ үйге, мейрамхана-сейрамханаға бармаймын,- деп жеңгең көнбедi. Е, айтпақшы оны өз құлағыңмен естiдiң ғой. Бұдан былай:,, Мамытбек те, сен де керек емессiңдер!,,- деп қонақүйге барамын. Содан рахат жоқ екен,- деп әйелiмдi iшiмнен бiраз сөгiп алдым.
Мен бұрынғыдан да көңiлсiздене түстiм. Қайтсек Баукеңнiң бабын табамыз деп бар ынты-шынтымызбен зыр жүгiрiп жүр емеспiз бе?
-Көңлiңiзден шыға алмай жатсақ, кешiрiңiз?
-Жарайды, онда дұрыс дегендi қалдырып, бұрыс дегендi бiржола ұмытайық.
Баукеңнi, кешi рiлмес күнә…
ң әзiлiне бiрден көңлiм сергiп сала бердi. Жадырап, жайнай түстiм.
-Қарағым, келiн екеуiң ынтымақты екенсiңдер. Өте ризамын…
Баукеңнiң бұл сөзiне төбем көкке жеткендей қуандым.
ДАМУДЫҢ ЗАҢЫ
-Жеңгеңмен хабарластың ба?
-Жоқ, қолым тимедi. Бiраздан кейiн хабарласам.
-Менi үйiңнен қашан қуып шығасың?
-Сiздi келiнiңiз ешқайда жiбермеймiз дейдi.
-Мына шал қашан кетедi деп көзiмен жақтырмай, ата қарап жүрген келiннiң өзi емес пе?
-Олай емес, аға.
-Мен сөйлеген кезде үндемей отыр!- Баукең қа¿арына мiне жаздап, басылды.- Орыстың ,,Старость не радость,, дейтiн сөзi бар. Оның мағынасына мен жаңа ғана түсiнiп келемiн. Бұрын оны естiгенде ехе-хе деп күлушi едiм. Адамның жасы ұлғайған сайын, қарағым, сен де көп жаса, ұмытшақ болады екен. Сол менiң басыма келе жатыр. Келе жатыр емес, келдi де. Әжептеуiр нәрсенi ойлап отырып мына мәселе осылай екен-ау деп iшiмнен өзiммен өзiм пiкiр таластырамын. ,,Ой, мынау ескеретiн нәрсе ғой, бұл туралы басқалар не айтқан едi,, деп отырғанда бiр жаман шыбын зың деп ұша бастаса, ойлап отырған ойымның барлығы есiмнен шығып қалады. Бiр шыбынның зың деп ұшқаны ойыңды бөлiп жiбередi. Сол себептi, қарағым, көңлiңе алма, мен сөйлегенде тыңдай бiл дегенiмнiң мәнi осында. Түсiнсең, бұл ойымды бөлме деген сөз. Бұған қазiр түсiнбесең, менiң жасыма жеткенде түсiнесiң.
Бұдан екi-үш жыл бұрын жазушылар одағының пленумында сөйлеп тұрып, сөздiң бiр кезегiнде: ,,Старею, черт побери, старею,- деппiн. Жүрт ду күлiп жiбердi.
Жас кезiмiзде еркелiк iстедiк, еркелiк былай тұрсын тентектiк iстедiк. Бұл да-заңдылақ. Жас кезiмде өйттiм-бүйттiм, қап, бекер iстеппiн-ау деп кейбiр тентектiгiмiзге, еркелiгiмiзге бүгiнде өкiнемiз.
Кейбiр ақымақ шалдар әлi жаспын деп қартайғанын мойындағысы келмейдi. Бұл нағыз ақымақтық! Баяғыдай жас болып ж.үре берейiн дегенмен ол мүмкiн бе? Жас жеткен соң адам суала бастайды. Соны мойындай алмай жүрген шалдар да бар. Оларға не дерсiң? Табиғаттың аты-табиғат, қарағым. Халық өлеңiнiң бастапқы екi жолы есiме түсiп тұр.
Ендеше бiз қартайдық, бiз қартайдық,
Қартайғанның белгiсi-серттен тайдық.
Бұған кейбiреулер күледi. Сен де күлiп отырсың ғой. Басыңа келгенде оны лажсыз мойындайды екенсiң. Қартайғанның белгiсi-серттен тайдық деген сөз ауыр сөз. Бұл, бiлсең, өзiңе өзiң сын көзбен қараудың ең шыңы.
Бiздiң қазақ тiлi бай тiл деп жаңа саған айттым ғой. Орыстардың ,,Старость- не радость,, дегенi де дұрыс. Бiрақ та оны қазақтың: ,,Ендеше бiз қартайдық, бiз қартайдық, қартайғанның белгiсi серттен тайдық,, дегенiмен салыстырып көршi. ,,Старость не радость,, дегенде ешқандай поэзия жоқ. Ал ,,Ендеше бiз қартайдық, бiз қартайдық, қартайғанның белгiсi- сеттен тайдық,,- бейнелi ұғым әрi шындық.
Тiл-бастың адьютанты, бастың ең маңызды құралы. Тiлдiң айтпағы баста жатыр.
Әрине, орыс халқы ұлы халық. Дегенмен екi халықтың қарттық туралы түсiнiгiн салыстырып қарасаң, кiмнiң тiлi өткiр, кiмнiң тiлiнде ақындық ойлау, ақындық бейнелеу ерекшелiгi басым екенiн бiле қоясың. Бұл тәрiздi құбылыстарға сен көңiл бөл. Бұл- даму заңы…
ӨЗІМШІЛГЕ ӨЗІМШІЛ БОЛ
-Келiн қайда?
-Жұмысында. Шайды демдеп қойдым. Әкелейiн бе?
-Әкелсең, әкел.
Баукең анда-санда шайдан бiр ұрттап қойып, төмендегi жайды әңгiмелеп бердi.
-Әйелiм екеумiз облыс орталығындағы қонақүйге тоқтадық. Жеке бөлмедемiз. Қайдан естiгенiн бiлмеймiн, сәлем берушiлер көбейдi. Ақ дастарқанымызды жайып, ақ ниетпен қарсы алып отырмыз.
Демалатын мезгiл де таяды. Бiр жiгiт ананы айтып, мынаны айтып, қайтар емес. Өзiмшiлдiң өзiмшiлi екен. Жеңгең менiң аузымнан бiр сөз шығып кете ме деп жаны қалмай лыпылдап, шай құйып әуре.
Бiр кезде орнымнан тұрдым да, iргеде стол үстiнде тұрған телефонға бардым. Номердi терген болып, телефон түймесiн бiр саусағыммен бастым.
-Ало, Вера Георгиевна, сәлеметсiз бе? Кеше сiзге барып қайтам деген едiм, қонақтар көп болып, бара алмадым. Кешiрерсiз, оларды сыйламасқа болмайды ғой. Бiр жаман жерi, араларында тоңмойын өзiмшiлдерi аз емес екен. Түн жарымына дейiн кетпей мазамызды алды. Қазiр де бiр өзiмшiл есуас бөлмемде отыр. Қой қайтайын, мына кiсiлер жол жүрiп келдi, тынықсын деген ой қаперiне крiп шығар емес /анау естiсiн деп әдейi айтып отырмын ғой, түсiндiң бе?/. Ол өзiмшiл тағы әйелiмнiң туысы көрiнедi. Сол себептi бөлмемнен қуып шыға алмай, лаж жоқ, көнiп отырмын. Қуып шықсам, өлiм ғой. Түсiнгенiңiзге рақмет, Вера Георгиевна. Сiзбен ертең хабарласамын.
Телефон тұтқасын орына қойдым. Бiр қызығы әйелiм де, ана өзiмшiл жiгiт те менi Вера Георгиевнамен сөйлестi деп сендi. Ал шынында телефонның ар жағында ешкiм болған жоқ.
-Мен қайтайын,- деп өзiмшiл неме сүйретiлiп орнынан тұрды. Мұны саған не үшiн айтып отырмын?
Баукең қабақ шыта ойға ендi.
-Саған мұны айтудағы мақсатым- өзiмшiлге өзiмшiл бол! Оны сонда ғана жеңесiң…
Жалғасы бар, осында