МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

                                                          АВТОРДАН

       Баукеңмен  мен  жиырма бір  жылдан  астам  уақыт  араласып түрдым. Күнделікті қарым-қатынас барысында: «Сен менімен аз сөйлесіп, көп тыңда. Сол естігендеріңді қорытып, түсіне біл. Сұрақтарың  болса, қысылып - қымтырылмай сұра» – дейтін. Маған әкелік  мейірімін  сездіргені  болмаса,  сырттай қатулы, менің тірлігіме көңлі көншімейтіндей сұсты еді. Үйіне барып,  сәлемдескен  сәттерімде  өткір  жанарымен  басымнан аяғыма дейін шолып шығып, тал бойымнан бір мін табатын.

      Мен көп уақытымды Баукеңнің үйінде өткізетінмін. Ол кісінің сәлем бере келген үлкені бар, кішісі бар – елдің қадірлі азаматтарымен әңгімесін, түрлі тақырыпта шерткен сырын тыңдай бердім, жай тыңдап қана қоймай, үйіме келісімен естіп-білгендерімді қағаз бетіне ерінбей түсіріп отырдым.

      Араласа жүріп, Баукеңнің зерделілігіне, жадының мықтылығына таң қалушы едім, бүгін де таң қаламын. Ол кісі бір сөз еткенін екінші қайталамайтын, бұдан алпыс, елу жыл бұрын өткен оқиғалар туралы айтқандары  соңынан тексергенімде  деректермен дәлме дәл үйлесетін.

      Алғашқы кезде  ол кісі маған өз пікірін ғана жөн санап, бөгденің пікірімен онша санаспайтын өзімшіл жандай көрінетін. Көп ұзамай ол әсерімнің түбірімен қате  екеніне көзім жетті. Егер  орынды болса, он жасар баланың  айтқанына да көңіл қойып, мән беретінін, тіпті тағлым алатынын аңғардым. Ал өзімен терезесі тең дерлік жандармен ой-пікір жарысына түсе қалған жағдайда  шамырқана шабыттанып, түрлі пікір-дәлелдерін көлденең тартып, тек жеңіске жетуді   көздейтінін де аңғардым. Бір рет бір қарсыласынан көңілі қабарып: «Тегі жаманмен тіреспе, кегі жаманмен күреспе»  деген, мен  бұдан былай онымен сөз таластырып, ой жарыстырмайтын болдым деп қинала қабақ шытқан сәтін де кездестірдім.

Өзіне де, өзгеге де қатал, сұсты Баукеңнен  жылпос, жағымпаз жандар ғана емес, атақты ел ағалары, өнер иелері, танымал ақын-жазушылар, тіпті қарулас, қандыкөйлек досы Дмитрий Федорович Снегин де қаймығатын,  айтар сөзін  абайлап айтатын. Туған халқы, Отаны үшін қанын да, жанын да аямаған Баукеңнің ерлігін өзімшіл, тоңмойын басшылар кезінде мойындамай, Совет Одағы Батыры атағын қасақана  бермеді. Бұл халқымызды қатты ашындырып, намыстандырды. Баукең ашынған да, ашуланған да жоқ, ұлы жандарға тән ұстамдылық, биік парасаттылық танытып, қарапайым қалпын сақтап, елін екінші ерлігімен қуантып, тамаша кітаптар жазды.

      Баукең  қарсыласын қан майданда ғана емес,  бейбіт өмірде де жеңді. Сол үлкен жеңісінің бірі – өзі өмірден өтсе де Совет Одағының Батыры атануы.  Әрине, бұл атақ Баукеңе арамызда жүрген кезінде берілуі керек еді.  Әділдікке жүгінсек, Баукең бір емес, үш мәрте Совет Одағының Батыры атағын алуға лайықты ер еді. Өзімшіл, өркөкірек, тоңмойын басшылар соның бірін де қимады. Бұдан кім ұтылды, кім ұтты?

      Баукеңмен сыйлас, сырлас, қандас болғаныма қуанам, мақтанам. Ол кісінің айтқан әр сөзі, тіпті жүріс-тұрысы, әр қимылына дейін маған ұмытылмас ой сыйлады. Өмірдің бар мән-мағынасы адамгершілікте десек, Баукең адамгершіліктің ең үлкен үлгісі–ұлтыңды сүю деп бар болмыс, тыныс-тіршілігімен дәлелдеп кетті…

      Өзін халқымыздың қалтқысыз сүйетінін  де жақсы білді, барлық уақытта, тіпті төсек тартып жатқан  соңғы күндерінде де сол құрметке дақ түсіргісі келмеді.  Сырқаты меңдеп, қанша қиналса да, мұң шаққан жоқ. Қандай қиын жағдай кездеспесін өзін  сабырлы, еркін ұстайтын, асығып- аптығу, абыржу деген ол кісінің табиғатына  жат еді. Айтар ойын ешкімнен қысылып- қымтырылмай, не көңілі қалып қояды-ау демей, еркін, батыл,  түсінікті, дәлелді етіп айтатын. Бір жүздескен адамына   ұмытылмас әсер қалдыратын, көрген-білгендері, көңліне түйгендері өмірі таусылмастай сезілетін. Үйіне келген кісілермен, мейлі жас, жасамыс, не мосқал  болсын, бар ықыласымен бүкпесіз, ашық   сөйлесетін, қоштасарында  «ата-бабамыз қуыс үйден құр шықпа деген» деп ешқайсысын дастарқанынан дәм таттырмай жібермейтін. Алғыр, өжет, намысшыл, әділ жандарды ерекше құрмет тұтып, олармен  сырласқанды ұнататын. Сондай сәттерде өзін ерекше көңілді, сергек сезінетін.                                                     

     Баукең барлық кезде қатардағы қарапайым жандардай жұпыны, көптің бірі болып өмір сүрді. Сән-салтанат, даңғазалықты, қошемет-құрметті  жек көрді. Менің 21 жыл араласа жүріп байқағаным, ол кісі қоғамға көп берді, ал өзі қоғамнан аз алды. 

      Баукеңдей адал, әділ, ар алдында Алатаудай асқақ, асу бермес тәкаппар, өр адамды өз өмір жолымда әлі кездестіре қойғам  жоқ,  кездестіре алмайтын да тәріздімін. «Сіз қай жүзденсіз?» деген бір қарттың сұрағына: «Мен тұтас қазақпын, мені ешкім бөлшектей алмайды» – деп жауап берген,   ерлікті, адамгершілікті   ең асыл қасиет деп  білген Баукеңді мен жан-тәніммен (есігімді екінші рет ашушы болма деп үйінен талай рет қуып шықса да) жақсы көрдім, жақсы көрмеуім мүмкін  емес еді.

      Ол кісінің тұғырда отырған ашулы бүркіт сияқты көңіл күйінің жайсыз уақыттарына да тап болған кездерім бар. Сондай сәттерде өзіне бір мысқал болса да қызмет көрсеткенімді әрі әр сөзінен өміріме  бағыт- бағдар, азық  алғанымды   мақтан тұтамын.     Баукеңмен сыйлас, сырлас, қандас болғаныма қуанам. Ол кісінің айтқан әр сөзі, тіпті жүріс-тұрысы, әр қимылына дейін маған ұмытылмас ой сыйлады. Өмірдің бар мән-мағынасы адамгершілікте десек, Баукең адамгершіліктің ең үлкен үлгісі–ұлтыңды сүю деп бар болмыс, тыныс-тіршілігімен дәлелдеп кетті…

ҚАРТАЙҒАН ШАЛДА НЕҢ БАР?

    Баукең отты жанарын өңменiме тiк қадады.

   -Ендi саған қоятын менiң сұрағым бар,- деп бiраз үнсiз қалды.- Сенсiз де, шырағым, атағым да, шатағым да шыққан кiсiмiн. Көптен берi келiп әңгiмелесiп жүрсiң. Сондағы мақсатың не?

   -Оның жауабын, Бауке, өзiңiз әлдеқашан айтқан едiңiз ғой.

   -Сенсiз де мен туралы жазылған нәрселер бар. Мүмкiн бұдан былай да жазылар. Өзiм де қалам ұстап жүрген кiсiмiн. Сол себептi әлiңе неге қарамайсың?

   -Әлiне қараған палуан атанбайды ғой, Бауке.

   -Ақ жүрекпен, таза ниетпен әңгiмелесiп жүрмiз. Бұдан не шығарасың, не шығармайсың, ол сенiң iсiң. Оған менiң ешқандай қарсылығым жоқ.

   Сен Александар Бек, не Бауыржан Момышұлы болмайсың, бола алмайсың. Әзiрiнше мен Әзiлханды бiлмеймiн. Кiм бiледi, ол Александр Бектен асып кетер, мүмкiн сен одан да асып кетерсiң.

   -Ал, шырағым, мен сенi шақырған жоқпын, өзiң келдiң. Саған айтарымды айтып, бар қоймамды ашып жүрмiн. Оны қалай сездiң, қалай түсiндiң, шаруам жоқ. Мен туралы 37 автор жазды, өзiм де жазушымын дедiм ғой. Жазушы екенiм өтiрiк пе, рас па?

   -Рас.

   -Сол себептi мен сендердiң жәрдем-пәрдемдерiңе мұқтаж емеспiн. Түсiндiң бе? Мысалы, бiр колхоз озаты туралы есте қаларлықтай жаза бiлмейсiңдер. Сендердiң үлкен қателерiң осы деп  түсiнемiн.

   Атағым, шатағым бар болған соң сен пәлен жылдан берi жабысып қалмай жүрсiң. Мұның үлкен қате, шырағым. Бауыржан Момышұлының атағы сенсiз-ақ шыққан. Ол кiсiнiң сыбағасы сенсiз де жетiп жатыр. Өзi қартайды. Ендi, құдай бiледi, басқа атақ пен шатақтың керегi жоқ болуы керек.

    Ескертерiм, бұдан былай менi айналдырма. Өтiнiшiм, айналдырсаң, немере, шөберелерiмдi айналдыр. Соғыста батыр болғаным рас, оны ешкiм бекер деп айта алмайды. Ал, немерелерiм мен шөберелерiм мынау еңбек майданында менiң замандастарымнан, құрдастарымнан кем ерлiк көрсетiп жүрген жоқ деп бiлемiн. Мы показали подвиг на войне, а они в труде. Екеуiнiң бағасы бiрдей деп ойлаймын.

   Әрине, соғыс тақырыбы мәңгiлiк тақырып. Соғыс тақырыбына бiздiң әдебиет аз үлес қосқан жоқ. Онысына рақмет.

    Соғыстың бiткенiне отыз бес жылдан асып кеттi. Осы уақыт iшiнде қан кешкен солдаттардың, азаматтардың ұрпақтары көп еңбек iстедi, ойымызға түспейтiн, түсiмiзге кiрмейтiн пафостарға ие болып отыр. Бұл-ақиқат, тарихи шындық.

   Бүгiнгi жастарымыздың, шынымды айтсам, iстеген iстерi менiң қолымнан келмейдi. Ол анық ақиқат!

   Ұл-қыздарымның, немере-шөберелерiмнiң еңбек табыстарын радиодан естiп, теледидардан көрiп отырып та өте қуанамын, жасыратыны жоқ, өзiмнен өзiм мақтанамын. Жазғыш болсаң, соларды жаз. Менде, қартайған шалда нең бар?

   -Өзiңiз айтқандай сiздiң сезгендерiңiз, көрген-бiлгендерiңiз, түйгендерiңiз ұрпағымызға қажет. Сол себептi сiзге жабысқаным жабысқан.

   Баукең күлдi.

   -Жарайды, онда өзiң бiл.

 

МЕН ӘУЛИЕ ЕМЕСПІН

    1981 жылдың 22 –шi қарашасы. Жеңгей жұмыс орныма телефон соқты. Амандық-есендiктен соң:

   -Қарағым, ағаңды үйiңе екi-үш күнге алып барсаң қайтедi? Бөлмелердi уламақ едiк. Тарақан қаптап кеттi.

   -Жарайды.

   Баукеңдi қай қазақ үйiнде қонақ еткiсi келмейдi. Оған қолы жетпей жүргендер қанша ма?

   Сағат кешкi төртте Баукеңе бардым. Есiктi Ақан ашты. Күләнда әпке, жеңгей ас үйде отыр екен. Сәл әңгiмелестiк. Сол аралықта Баукең үстiмiзге ендi. Ол кiсi болып, бәрiмiз екi-үш кеседен шай iштiк.

   -Мен Мамытбектiң үйiне бармаймын. Рақымжан Қошқарбаевтың қонақүйiнен люкс аламын.

   -Бауке, түсiнсеңiзшi? Сiздi ол жерден көрген жұрт әйелiнен ажырасқан екен деп өсектейдi ғой.

   -Е, мейлi, өсектей берсiн.

   Күләнда әпке сөзге араласқан соң ғана:

   -Әпкем айтты-заң, - деп келiстi.

   Баукеңдi киiндiре бастадық. Қара қайыстан тiгiлген су жаңа бәтеңкесiн алып келген жеңгейге:

   -Мен мұны кимеймiн!- дедi.

   -Ендi қайсысын киесiз? Сiздiң осы мiнезiңiз-ай!

   -Әй, өшiр үнiңдi! Бұдан басқасы бар едi ғой. -Жеңгей бұрқылдап сөйлеген күйi көршi бөлмеге кеттi.

   Бiр кезде Ақан қара шүбiректен тiгiлген, қонышы қысқа  бәтеңке әкелдi.

   -Ой, қызым, бұл емес!

   -Ендi қайсысы?

   -Ана сары туфлиiм қайда?

   -Ой, ол жаздық туфли ғой.

   -Соны әкел, аяғыма сол жайлы.

   -Әке, қазiр далада ақ қар, көк мұз. Тайғанап қалай жүресiз әрi аяғыңыз тоңады.-дедi Ақан жаны ашып.-Мұныңыз ақылға сыймайды.

   Баукең ойланып қалды. Осы сәттi пайдаланып жеңгей:

   -Мына бәтеңкеңiз де жайлы ғой, осыны киiңiз, Бауке,- деп үйiрiле бастады.

   Баукең үнсiз келiсiп, аяғын ұсынды.

   -Мен Мамытбектiң үйiне қыз айттырғалы бара жатқаным жоқ,- деп көйлегiн ауыстырмай қойды.

   Жарты сағаттан соң таксиге отырып, бiздiң үйге, қаланың орталығынан батыс шеттегi ,,Орбита,, мөлтек ауданына қарай тарттық. Неге екенi белгiсiз, жеңгей де, Күләнда әпке де, Ақан да шығарып салған жоқ. Бәрi үрпиiсiп, үрке қарап, үн-түнсiз  iште қала бердi.

   Таксист жас орыс жiгiтi екен, темекi тұтатты.

   -Сен, балам, маған бiрден ұнап қалдың,-дедi Баукең.

   -Қалайша?

   -Темекi тартады екенсiң. Мен де темекi тартамын. Ұрсып тастай ма деп батпай отыр едiм.

   Шофер жiгiт күлдi.

   -Тарта берiңiз.

   Күн қызарып батуға айналған.

   -Ертең күн ашық болады екен,- дедiм мен көңiлденiп.

   -Осы күнге ұқсап қызарып бата бiлсең,- дедi Баукең томсырайған күйi ойға шомып.

   Есiк алдына кеп тоқтадық. Баукең бiрден iшке енуден бас тартып, кiре берiс тұстағы ұзынша орындыққа жайғасты.

   -Әй, асықпасаңшы, темекi тартып, бiраз демалайын.

   -Күн аяз, суық тиiп қалмаса…

   -Тимейдi. Сен қысылмай қойын дәптерiңе мен туралы сезген-бiлгенiңнiң бәрiн жасырмай жаза бер. Кейiн керек болып қалады. Сендердiң бiр жаман әдеттерiң ,,мынаны ертең газет баспайды,, деп өздерiңдi өздерiң сұрыптайсыңдар. Олай ету газетке керек, әрине. Себебi, ол ертең шығады. Ал кiтап бiрер күнде емес, жылдардан соң жарық көредi ғой. Сондықтан көрген, бiлгенiңдi түгел түсiре бер. Кейiн сұрыптау қиын емес…

   Әрине, көлеңкенi көре, түсiне бiлу, оны жаза бiлу керек. Көлеңке-психология. Көлеңкеге күйе жағу-өнер емес. Сен жазушы болдың ғой. ендi журналистiк кейбiр кемшiлiктен арыл…

   Баукеңнiң сөзiн бөлуге батылым жетпедi. Суықтап қала ма деп мазасызданып барам. Ал ол кiсiнiң ойына ештеңе кiрiп шығар емес. Тап бiр жылы бөлмеде отырғандай.

   -Егер бiр дән құнарлы жерге түссе, көбейедi. Бiр асыл сөз, бiр асыл ой да солай. Құнарлы жерге түскен дән секiлдi суреткер қолына түссе ұмытылмас бейнеге айналады. Ал дән құнарлы жерге түспесе, көбеймейдi, көбеймек түгiлi өспей қалады. Ой да, сөз де солай…

   Лев Николаевич Карениннiң образын жасау үшiн бүкiл орыс ақсүйектерiнiң рухани мұрағатын, рухани әлемiн ақтарған. Оған ол оңайға түскен жоқ.

   Бiздiң қазақта жалған ақсүйектiк бар. ,,Ол кiм, мен кiммiн?,, дейдi. Шын ақсүйектер ешуақытта олай деп айтпайды, айтпақ түгiлi ойламайды да.

   -Аға, iшке кiрелiк, суықтап қаласыз.

   -Ойымды бөлме деп саған қанша айтамын.-Мен жым болдым.

   -Қиыр Шығыста жүргенiмде:,, Әкем қарт, мен жалғыз ұлымын, әскери қызметтен босатсаңыздар екен?,, деп өтiнiш жазып шаршағаным бар. Сөйтiп жүргенiмде Загорой деген лейтенантымызды қызметтен қуды. Оған бiрер күн өткен соң жолығып қалдым. Иiнi түсiп, шөгiп кетiптi.

   -Қуану орнына мұның не?- деппiн ғой.

   -Он бес жыл жұмыс iстемей келiп едiм, жұмысқа қолым қалай барарын бiлмей жүрмiн,- дедi. Сөйтсем, әскери адамдар ақсаусақ екен ғой. Қолымнан қаламым түскелi берi мен де нансоғарға айналып барам…

   Мырс етiп:

   -Бауке,- дей берiп едiм:

   -Ойыңды айтпасаң да көрiп отырмын. Маған кейде тiлмаштың  керегi жоқ,- деп күлдi.- Ал, жүр.

   Қолтығынан демеп, жоғары көтерiле бастадық. Баспалдақтармен баяу жылжып, жолда үш рет дем алды.

   -Мына үйдiң қабаттары қашан таусылады?!- дедi ашуланып. Кеудесi көрiкке ұқсап бiр көтерiлiп, бiр басылып, тыныс алуы ауырлай түстi.

    Тағы жылжыдық.

   -Ой, мынау бiр азап қой!

   Бесiншi, ең соңғы қабатқа да жетiп, қонақ күтетiн бөлмеге ендiк. 

   Диванға жайғасып, бiраз дем алған соң Баукең:

   -Ал, шырағым, мынандай мәселе,- дедi ентiге отырып.- Сен мен туралы жазып жүрсiң. Бастамау керек едi, бастаған соң аяқтау керек.

   Мен жақында келмес сапарға  аттанамын.

   Жүрегiм су ете қалды.

   -Бауке,- дей берiп едiм:

   -Әй, сөзiмдi бөлмесеңшi!- деп ұрсып тастады.- Тыңда! Әрнәрсенiң төрт жағы бар. Оны география тiлiнде шығыс, батыс, оңтүстiк, солтүстiк дейдi. Әр адамның да, әр жәндiктiң де шығысы, батысы, оңтүстiгi, солтүстiгi болады. Сен ең алдымен менiң төрт жағымды ойлан. Мен  Бауыржан Момышұлы ғанамын, әулие емеспiн.

Жалғасы бар, осында