МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында 

ЖЕҢГЕ

   Баукең жадырай күлдi.

   -Бiр оқиға есiме түстi,- дедi көңiлденiп.- Ауылға барғам. Үйде  ағайын-туғанмен әңгiмелесiп отыр едiм, сырттан:

  -Бауыржан менi қашан алады? Ағасының өлгенiне үш жыл болды,- деген бiр жеңгемнiң даусы естiлдi. Ішiмнен:

   -Мына бетпақтың мұнысы несi? Ә, түсiнiктi. ,,Өзiмнiң сұлу жас қатыным бар, сiздi қайтемiн?,, дер ме екен? Олай десе, сөзден оңдырмай жығайын деген екен ғой,, ,- деп ойлап:

   -Мен мұндамын, жеңеше!- дедiм орнымнан атып тұрып. Титiмдей қара кемпiрдiң iшке енгенi де сол едi, елдiң көзiнше бас салып, үстiне шығып алдым.

   Үйдегi әйелдер де, еркектер де дүрлiге шулап, далаға қашып бердi. Жалғыз Оңал деген шал ғана ,, и-и,, деп күлiп, отырып қалды.

   Сол арада жеңгемдi әй-шайға қаратпай бiраз илектедiм. Жеңгем босана салысымен:

   -Ойбай, бетiм-ай!- деп тұра қашты.

   Бiр кезде ыстық тамақ дайын болды.

   -Жеңеше, iшке кiрсеңiзшi, тамақ дайын болды,- дегендерге:

  -Ойбай, баруға бетiм жоқ,- дейтiн көрiнедi.                                

      Содан мен ауылға соққан сайын сол жеңгем маған көрiнбестен қашып кететiн болды.

 

КӨҢІЛСІЗ АТТАНДЫ

 

    -Кеше үйiме бiр ақын, бiр жазушы келдi. Аты-жөнiн саған бiлу мiндет емес. Олар не үшiн келдi деп маған сұрақ қой!

   -Олар үйiңiзге не үшiн келдi?

   -Олар менi тексеру үшiн келiптi. ,,Ел құлағы елу,, деген сөз бар. ,,Бауыржан Момышұлы араққа бiржола салынып кетiптi,,. Бұл олардың бiрiншi пунктi екен. Жасы жетпiстен асты- екiншi, үйiнде отырып, оразасын арақпен ашады-үшiншi, алжыпты-төртiншi, өз қадiрiн өзi бiлместен жүрген шал-бесiншi пунктi көрiнедi. Олар маған осы жағдайға көз жеткiзу үшiн келiптi.

   Баукең төмен қарап күрсiнiп, қалың ой құшағына енген сыңай танытты. Әлден соң:

   -Олардың осы ниеттерiн кiрген беттен көздерiнен байқап қалдым,-дедi басын жоғары көтерiп, маған тура қарап.- Халқымыздың дәстүрi бойынша келген кiсiге кет дей алмаймыз ғой.

   -Жоғары шығыңдар,қарақтарым- дегеннен басқа не айтам? Олар отырды. Бiз дастархан жайдық.

   Ақын менiң қарсы алдыма жайғасты. Ол менен он жас кiшi болса да шашы аппақ. Қарағым, өзiң көрiп отырсың, менiң мұртым ағарғанымен шашым/қолымен көрсеттi/ әлi ағарған жоқ.

   ,,Сен не дерсiң, мен не дермiн,, деген сөз есiме түстi. Алдымен өзiн тыңдайын, не дер екен деп ойланып, үндемей отырдым. Ол ой сөйледi-ау.

   Тамақ келдi. Сiз алыңыз, бiз алыңызға кеттiк. Ақын бiр шөлмек коньяк алып келген екен, оны ашты. Мен мұртым мен ернiмдi былғап қана iштiм. Бұл сөздiң мағынасы саған түсiнiктi ме?

   -Түсiнiктi.

   Ақын сықпыртып iштi. Бiр кезде менiң iшпей отырғанымды байқап:

   -Бауке, сiз неге iшпейсiз?!- деп маған айқайлады.

   -Қарағым,- дедiм.- Мен отыз жасқа жеткенше сыраның дәмiн татқан кiсi емес едiм, қырыққа жеткенше арақ, коньяктан хабарым жоқ едi. Кейiннен iше бастағаным рас. Бiрақ та жас кезiңде үйренбеген нәрсенiң өзi сiңiмдi болмайды екен. Қазiр мен жетпiстен асып кеттiм. Жастың аты жас, кәрiлiктiң аты кәрiлiк, ол екеуi қосылып:,, Әй, шал!  Абайла!,,- дейдi. Ендi олардың тiлiн алмасқа болмайды.

    Қарағым, қазекең сөз таратқыш келедi ғой. Рас, өтiрiгiн бiлмеймiн, сен туралы:,,Араққа салынып кетiптi,,- деген сөз естiдiм.

   Көзi алақандай болды.

   -Бауке, аха-ха…

   -Әй, мен естiдiм. Естiген құлақта жазық жоқ. Сен қазақтың ,,дарынды,, ақынысың. Сенi iшiп кеттi дегенге мен сенгенiм жоқ. Ал ,,Бауыржан араққа берiлiп кетiптi, алжыпты,, деген сөздi сен де естiген шығарсың? Айта берсiн, олардың аузына бiз қақпақ бола алмаймыз.

   Ендi тоқетерiн айтайын, мен сендердi шақырған жоқпын, өздерiң келдiңдер. Оларыңа рақмет. Екеуiң мына ақ дастарқанымның үстiндегi адал тамағымды  iшiп, жеп отырсыңдар. Ел қатарлы жақсылы-жаманды қалам ұстап жүрсiңдер. Сендерге  материал керек қой. Қазақша айтқанда ата-бабамның аруағы қолдап мен Бауыржан Момышұлы болдым. Сонда сендердiң тақырыптарың не?

   Жым болды.

   -Тақырыптарың ,,Өсек,, пе?

    -Ой, мына шал iшкi сырымызды бiлiп қойыпты ғой,- деп екеуiнiң берекесi қашты. Содан көп аялдап отыра алмай, салқын қоштасып, үйiмнен көңiлсiз аттанды.

 

ОТБАСЫ

 

    -Көптен берi сiзден сұрауға батпай жүрген бiр сұрағым бар едi.

    -Онда, сұра.

    -Отбасы туралы ойыңызды бiлсем деп едiм.

    -Бұл мәселеге менiң көзқарасым бөлек. Алдымен Энгельске жүгiнелiк. Жарықтық көп жасап, көз жұмды ғой. Көз жұмған соң:,, Менi жағып, күлiмдi Эгей теңiзiне шашып тастаңдар,,- деген. Өзi байдың баласы, үйленбеген кiсi. Неге олай? Мұны түсiну үшiн ол кiсiнiң ,,Отбасы, жекеменшiктiң, мемлекеттiң шығуы,, атты еңбегiн оқуың керек.

    Тағы бiр есiңе саларым, орыстың Богданов деген философы, экономисi, табиғатты зерттеушi ғалымы  болған. Ол өзiне өзi сәтсiз эксперимент жасап, өлген. Оның ,,Марсиан,, деген романы бар. Мен оны 1928 жылы оқығам. Кiтабы үйiмде берiге дейiн сақтаулы едi, кейiн қолды болды.

    Богданов кiтабының кейiпкерi марста коммунизм құрады. Оны Ленин жақсы көрген. Ол жөнiнде Плехановтың сыны бар. Богданов жердегi ерлi-зайыптылар өмiрiн Марста идеальды етiп көрсеткен.

    Мұны неге еске алып отырмын? Бiз отбасылық қарым-қатынасты әлi бiлмеймiз. Әрине, бұрынғыға қарағанда бiраз iлгерiледiк.

    Мен төрт қатын алған кiсiмiн. Екеуi өлдi, екеуi тiрi. Бiрiншi қатыным-Бақытжанның шешесi. Ол кiсiнi жамандауға аузым бармайды. Қазақшылығы мол, тәртiптi едi. Алматы қаласының дәулеттi отбасында туған, сонда өскен. Орыс тiлiн де, қазақ тiлiн де жақсы бiлетiн.

    Қала тәрбиесi бiр жақты ойлауға үйреткен бе, ол кiсiге жазу деген оңай, аспаннан түсе салатындай көрiнетiн. ,,Ойланып, толғанып керегi не? Киiм бүтiн, тамақ тоқ болса, одан артықтың қажетi не? Сенiң әуреленiп кiтап жазғаның кiмге керек, атағың шықты, столға шегеленiп қайтесiң? Ел алақанын тосады, сол жетпей ме?,, деген қала тоғышарларының психологиясындағы адам едi. Оның дүниетанымы шектеулi болатын, яғни әлгiндей жеке бас мүддесiн көздейтiн. Бiздiң бiр-бiрiмiзден негiзгi жатырқауымыз осы көзқарастан  басталды.

   Екiншi әйелiм қазiр Алматы шет тiлдер институтында немiс тiлi кафедрасының меңгерушiсi. Оның да аты Жамал. Қалыбек Қуанышбаевтың қызы. Ұлдардың ортасында жалғыз боп, ерке  өскен, үй тiрлiгiне жоқ. Оған мен де икемсiзбiн.- Баукең бiраз дауыстап күлiп алды.-,,Екi қошқардың басы бiр қазанға сыймайды,, деген рас екен.

    Ұзақ ойға батып, қайта сөйледi.

    -Үшiншi рет үйлендiм. Аты Кәмеш/Ғайникамал/. Ол жеңгеңнiң қолынан сен дәм таттың ғой. Тектi жердiң тектi қызы едi, өкiнгенмен, амал не, қайтыс болды.

    Төртiншi жеңгеңдi көрiп жүрсiң. Оны өзiң бағала. Айтайын дегенiм, отбасын түсiну үшiн, сөз жоқ,  Энгельстiң кiтабын  оқып шығуың керек…

 

МЫЛТЫҚ ҰСТАЙ БІЛМЕЙТІНДЕР

 

    Көшеде бiр жасамыс таныс ақын жолықты. Амандық-есендiк сұрасқан соң:

   -Баукеңнiң үйiне барып тұрасың ба?- дедi.

   -Ие. Қазiр де сол кiсiге бара жатырмын.

   -Халi қалай?

   -Шүкiр, халi жақсы.

   -Е, жас тоқалы жаққан ғой…- Кекете, кеңкiлдей күлдi.

   Тiксiнiп қалдым. ,,Мына кiсiнiң сөзi қандай? Өлеңдерi орташа, көбiне құрғақ баяндау, лепiрме болып келетiн едi. Жайдақтығы жай емес екен-ау,, - деп ойлап, көңiлсiзденiп қалдым.-Әй, жарықтық поэзия-ай, арзанын қымбатқа  сатқан саудагерге ұқсас, ұйқас-ырғағын бұлдап, талантқа жол бермей жүргендер де жетерлiк-ау. Егiндiкке түскен ешкiнiң тiсiн қағып алғандай олардың да ,,жынын, қағып алса ғой…

   Көңiлсiз ой құшағында Баукеңе бардым. Ол кiсi сәлемдескен соң, ай-шай жоқ:

   -Сен мылтық ұстай бiлмейсiң!- дедi ренжи, даусын көтерiп.- Сенен, сенiң балаларыңнан не күтуге болады?

   Мен қарт, ауру адаммын. Егер соғыс басталса, соғысуға мен дайынмын! Қартайсам да сенiң өзiңнен, балаларыңнан, әйелiңнен артық соғысамын!

   Мен ерiксiз езу тарттым.

   -Сен күлме! Патриотизмдi әркiм әртүрлi түсiнедi. Кейбiреу сөзбен ғана патриот. Ондайды көрiп те жүрген шығарсың?

    Кiлт даусын қатайтып:

    -Мен патриотпын!- дедi шамырқана.- Менен сатқын жасау мүмкiн емес. Бiлсең, патриоттық сезiм адамның жүрегiнде, ниетiнде.-Іле сабасына түстi.- Бұлай сөйлеп отырғанымның себебi, жаңа, сен келердiң алдында ғана соғыс туралы ойлап едiм. Керек десең,  бiр эпизодын айтып берейiн.

   -Керек.

   -Сүрiнiп-қабына шегiнiп, Соколова деген қыстаққа тоқтадық. Немiстер iзiмiзге түсе алмады. Өйт-бүйт деп солдаттарға тапсырма берiп, жүгiрiп жүрмiз. Кенет бiр оқ ысқырып өттi. Екiншi оқ та зу еттi. Немiстер алыста қалып кеткен.

   -Кiм атып жатыр?- деп барласам, өзiмiздiң солдаттар.

   -Петр Васильевич /комиссарым едi/, тез жасырыныңыз, сiздi нысанаға алып тұр. –Ол түсiнiп тез жасырынды. Бұдан кейiн ешкiм оқ атқан жоқ.

   Соғыс деген сұмдық қорқыныш ғана емес, жатқан жұмбақ…Мен мұндай ойға  жаңа, сенiң алдыңда ғана келдiм. Оған өзiм таң қалдым… Бұдан он жыл бұрынғы айтқанымды қазiр айта алмайтынымды, ал қазiр айтқанымды он жыл бұрын да айта алмасымды сездiм. Әр жастың өз заңы барын, ой, көзқарас жасқа қарай өзгеретiнiн соңғы кезде ғана бiлiп жүрмiн. Жасы келген кiсiлер өзiне өзi сын көзбен қарай  түседi екен. ,,Ойпырмай, мен пәлен жыл жасаппын, пәлендi, түгендi бiлiппiн. Ендi төрiмнен көрiм жақын кезiмде бұрынғы ырың-жырыңды қояйын. Жастықтың аты жастық, заманның аты заман. Басқаларды сынап шаршадым ғой, ендi өзiмдi өзiм сынайын деген ойлар келiп, оңаша отырғаныңда, оңаша  жатқаныңда өткен-кеткенге көз салады екенсiң.

   Бiр ескертер жай, мұндай хал әркiмнiң басына түспейтiнiн, кейбiреулердiң алжығанша баяғы қалпынан аспай, кiнәсiн мойнына алмайтынын, өмiр-ұстаз сырын терең түсiне бiлмейтiнiн, кейде түсiнiп отырса да, айтқысы келмейтiнiн, бұл жалғыз оның емес күллi адамзаттың мойнындағы үлкен кемiстiк екенiн де ұқтым.

   Баукең қолын сермей, жиiркене сөйледi.

   -,,Қартайғанда өз айыбымды өзiм ашпаймын,, деу-қате. Себебi, көбi өз айыбын өзi ашып кетiп жатыр, ашпауға лажы жоқ… Түсiнiктi ме?

   -Түсiнiктi.

   -Түсiнiктi болса, өзiңде қандай жаңалық бар?

   Мен көшеде кездескен жасамыс, таныс ақынның ,, жас тоқалы жаққан ғой,, деп кекете күлгенiн айтып едiм, Баукең:

   -Бұдан былай ондай  шалыққан шалағайдың сандырағын маған жеткiзушi болма!- деп ұрысты.- ,,Қырық жыл қырғында ажалды өледi,, деген сөз бар. Соғыс кезiнде дұшпанды жеңiп, елге аман-есен қайтсақ деген арман әр жауынгердiң жүрегiнде болғаны анық. Шүкiр, елге аман-есен оралып, еңбек майданына да араластық. Бұрын мен жiгiт, орта жастағылардың сапында едiм, ендi жетпiстегi қып-қызыл шалмын. Шал болсам да Отанымды жаудан қорғауға бармын. Сен жаңа мылтық ұстай бiлмейсiң дегенiме намыстандың ғой. Намыстансаң, намыстан! Әдiлдiктi мойындау- адал кiсiнiң iсi. Мылтық ұстай бiлмейтiндер, қалам да ұстай бiлмейдi…

 

ШҮКІР, БЕЙБІТ ТАРАДЫҚ

 

    1980 жылдың тоғызыншы мамыры. Баукеңдi жеңiс күнiмен құттықтағалы көк базардан  гүл сатып алдым.

   …Ішке енсем, Мекемтас аға, жеңгейдiң iнiсi  залда шай iшiп отыр екен. Бәрiн жеңiс күнiмен құттықтадым.

   -Рақмет, шай iш, қарағым,- дедi жеңгей.-Ағаң өз бөлмесiнде демалып жатыр.      

     Дастархан басында шай iшiп, шүйiркелесiп отырмыз. Бiр кезде Баукең ұйықтайтын бөлмесiнен шықты. Көйлекшең, шашы ұйпа-тұйпа, сақал-мұрты өсiңкi. Құттықтағаныма онша мән бермей, еденге, кiлемнiң үстiне екi аяғын созып, отыра кеттi.

   -Бауке, орындық бар ғой. Жас балаға ұқсап, мұныңыз қалай?!- деген жеңгейге:

   -Әй, мен сендер секiлдi кәпiр емеспiн, мұсылманмын!- деп тастады. Маған сүзiле қарап, қолын ернiне апарып ,,темекi тұтатып бер,, деген белгi жасады. Мен  айтқанын тез орындадым.

   Баукең темекi тартып болған соң, орнынан тұрып, менен төменiрек, босаға жақтағы орындыққа отырды.

   -Жоғары шығыңыз?- деп орнымнан тұра бермек едiм:

   -Әй, отыра бер, төрiн қызғанатын қазағың мен емес!- дедi.

   Амандық-есендiк сұрасып, әңгiмелесе бастадық. Рюмкелерге коньяк құйып, сөздi Мекемтас ағаға бердiм. Ол кiсiден кейiн жеңгейдің інісі сөйледi. Бiртiндеп өзiме де кезек келдi.

   -Адам өмiрi дария секiлдi, бiрде толып, бiрде толмай ағады. Толып аққанда да, толмай аққанда да жеңiстен күдер үзбейiк. Мерекелерiңiз құтты болсын,- деп едiм:

   -Әй, бұл кәдiмгi жаттанды жап-жаман сөздерiн айта беруден ұялмайды,- деп Баукең қолын сермеп, менiң сөзiмді жақтырмаған сыңай бiлдiрдi.-Тағы мұны журналист дейдi. Ты-ты дегеннен басқа түк бiлмейдi. Журналистердiң өзi жаттанды сөзге үйiр бола ма, жоқ әлде жаттандылыққа әбден қалып алып кете ме, түсiнбедiм…

   -Ендi,- дей берiп едiм:

   -Сылтау айтқаныңды қой,- деп сөзiмдi бөлдi. Жеңгейдің інісіне қарап:

   -Сен сөйле. Сен бұл екеуiнен жақсы сөйлейсiң,-дедi.- Мынау кәдiмгi жаман журналист, мынау өзiн өзi ғалыммын деп жүрген бiреу. Екеуi де оңбаған. Бұлар – сарт. Сарт дегеннiң сырт деген сөзден шыққанын бiлесiң бе? Ол сырттан қосылған деген ұғымды бiлдiредi. Бұлардың сыры ана-ау төменде жатады. Сөйле!

   Жас жігіт сұрланған күйi жақ ашпады.

   – Сөйлемесең, қой.

   Баукең рюмкесiн көтердi де, iшiп қойды. Бiр кезде Мекемтасқа қарап:

   – Қатты шаршап жүрмiн. Шынымды айтсам, мен жалғызбын. Осы үйде жалғыздықты қатты сезiнiп жатырмын. Істер амал жоқ.  Добалдай жеңгең па-па деп әбден мазамды кетiрдi. Бұл шал не ойлайды,  нендей күйде дегенмен мүлде iсi жоқ...

   Жеңгейдің інісі  сұрлана  орнынан  тұрып, қайта отырды. Кенет дәлiз жаққа кеттi. Сәлден соң қайтып келiп:

   – Сен Бауыржан болсаң, өзiңе Бауыржансың! Қысып, жайыңа отыр! –  деді айқайлап, тiстене дiрiлдеп. Баукеңе қарай тап-тап бердi. Бiздiң қой, ұят болады дегенiмiздi тыңдар түрi жоқ.

   Баукең отырған орнында   үн-түнсiз отыр. Мұңға толы жанарынан:

   – Бәдiгiңдi сапыра бер, – деген кекесiн ойды оқыдым. Жас жігіт аузына келгенiн көкiдi. Тiптi балағат, ұят сөздердi де айтып жатыр.

   – Өзiмдi өзiм асырап жүрген жiгiтпiн!  Мыналарға ұқсап (Мекемтас аға екеумiздi қолымен көрсеттi) жағымпаздана алмаймын!

    Мен бәрiнен Баукеңе қолы тиiп кете ме деп қорықтым. Орнымнан ұшып тұрып,   бiлегiнен ұстап, ашуын баспақ болып едiм, қолымды сiлкiп тастады.

    – Кет әрi!

    – Ой, мынау қайтедi? – дегендей үнсіз тұрып қалдым. Ол Баукеңе қайта ұмтылып, стол үстiндегi коньяктың шөлмегiн еденге бiр ұрып сындырды. Айтқан жерден аулақ, Баукеңе қол көтерсе, жағасынан ала түспекпiн. Абырой болғанда ол айқайлап, балағаттаудан арыға бармады.

    Дәлiзге шығып, қайта қайтып келдi. Оған басу айтар жеңгей жоқ. Керiсiнше:

   – Сен неге iнiмнiң бiлегiнен ұстайсың?! – деп маған кiнә тақты.

    Бiр риза болғаным – ашулы әйелiнiң ақылдылығы, адамгершiлiгi едi. Қараторы, көрiктi  келiншек Баукеңнiң алдына кеп иiлiп:

    – Ағажан, кешiрiңiз, ол қызып қалды, –  деп әлденеше рет кешiрiм сұрады.

    – Қашанғы басынасыз, Бауке! Менiң туыстарымды ылғи жермен-жексен етесiз. Қашанғы төзедi олар?! Кеше үлкен інім де жылағандай  болып кеттi, – деген жеңгейге қараторы келiншек бiр қарап:

    – Аға, кешiрiңiз? –  деп Баукеңнен тағы кешiрiм сұрады.

   – Қарағым, сен де кешiр менi, – дедi Баукең сабырлы қалпын сақтай, салмақты тiл қатып.

   Қараторы келiншек күйеуін тез киiндiрiп, үйден алып шығып кеттi. Мекемтас аға екеумiз  төмен қарап, үнсiз  отырмыз.

   Баукең бiздi жұбатпақ боп сөйлей бастады.

   – Ақымақтар өзiн бiлгiр, ақылды санайды. Бәрiн бiлемiн, бәрiн түсiнемiн деп ойлайды. Кiмде кiм бәрiн бiлемiн десе, сол барып тұрған ақымақ. Өз қатесiн мойындаған, ой, мына жерден сүрiнiппiн ғой деп өзiне өзi сын көзiмен қараған адам ғана ақылды… Өз кiнәсiн түсiнiп, мойындау – ерлiк!

   Ауыр ой құшағынан арыла алар емеспiз.  Соны сезген Баукең Нерудiң Алматыға келгендегi бiр сөзiн айтып, iшек-сiлемiздi қатырды.

   – Мұны мен  Қазақ ССР-i Министрлер кеңесiнiң төрағасы Нұртас Оңдасыновтан естiгем.

   Алматы аэропорты. Үкiмет мүшелерi Нерудi қарсы алғалы барады. Байланыс министрi семiз, мұрны таңқиған қазақ әйел екен.

   Неру барлық қарсы алғандардың қолын алады. Министр әйелге келгенде тоқтап қалады. Бiраз ойланып тұрып:

   – Мұрнынан басқасының бәрi бар, –  дейдi.

   Бiз сықылықтап, мәз бола күлдiк. Бiраз отырған соң Баукеңмен қоштастық.

Жолда Мекемтас аға:

–Әлгі жігіт кiм болып iстейдi? –  дедi.

–Құрылыста прораб.

– Ол Баукеңдi  түсiнбейдi, түсiнгiсi де келмейдi. Қой дегенiмiздi тыңдамауы да содан. Үлкен қателiк iстедi, – дедi басын шайқап. – Амал қанша? Интеллектiнiң адамы  мұндайға бармайды. Ол қара күштiң адамы. Бәрiбiр  өр рухты жеңе алмайды ғой. Баукеңнiң: «Сенiң iнiң үшiн мен қайта туа алмаймын!» деген сөзiнде үлкен астар жатыр. Баукеңдi жеңгей де түсiнбейдi. Бар бәле сол түсiнбеушiлiктен туып жатыр… 

    Жол бойы ойға батып келем…Ақыл болғанда Болат қол жұмсамады. Қол жұмсағанда қып-қызыл төбелес шығар едi. Мен ештеңеден тайынбас едiм. Шүкiр, бейбiт тарадық…

       

АУЫР СОҚҚЫНЫҢ БІРІ

 

   -Алғаш үйiңiзде болғанымда үлкен бөлмеңiздiң үш қабырғасы төбесiне дейiн  кiтап едi. Бұл күнде сол асыл қазынаның көлеңкесi де жоқ. Неге бұлай? Себебiн бiлсем деп едiм.

   -Мен кiтапты Қалыбек Қуанышбаевтың қызына үйленгеннен кейiн көптеп жинайтын болдым. Саған ол әйелiмнiң де аты Жамал деп айтқан шығармын?

   -Айтқансыз.

   -Ол кiсi кiтап сатып алуға құмар едi, ақшаны аямайтын. Аз уақыттың iшiнде-ақ оның, менiң сатып алғандарымыз бар, кабинетiмнiң төрт бұрышы кiтапқа толды.

   Театрда iстейтiн бiр ұста шалға ерекше чертежбен кiтап сөрелерiн жасаттым. Оның әрқайсысына кiтаптарымды тақырыбы, мазмұны  жағынан iрiктеп, рет-ретiмен орналастырдым.

    Бұл маған ұлкен ләззат сыйлады. Олай дейтiнiм, қалаған кiтабымды қалаған кезiмде тауып ала қоямын. Рахат.

    …Жамал мен жоқта үйден бiржола кетiп қалыпты. Келсем, сөрелердегi кiтаптарымның орны үрей шақырып, үңiрейiп, үңiрейiп тұр. Сирек кездесетiн, мынау керек-ау деген кiтаптарымнан алғаш осылай айырылдым.

   Ой, жат та келiп өкiн. Бiлсең, қымбат қазынамнан айырылып отырмын ғой. Кiтап қазына емей немене?!- Баукең қабағын шытып, көңiлсiздене, қинала сөйледi.- Фурмановтағы үйге көштiм. Онда да арнайы бөлмемде кiтапхана-кабинетiм болды. Оны өзiң көрдiң  ғой?

   -Ие.

   -Көбiнесе Сарыағашқа, тауға, кейде Малеевкiге кетiп қалып жүрдiм. Алматыда букенистiк дүкен ашылыпты. Оны мен бiлмеймiн. Өлiп қалған қатынымның балалары ,,мама, ақша бер,, дейдi. Мархұм кейде бередi, кейде бермейдi. Ақша жоқ деген күнi екеуi сарт дегiзiп, кiтапты қойынға тығып, букенистiк дүкенге барады.

   Сатушы кiтаптың бiрiншi бетiн ашып қараса, менiң қолым тұр.

   -Ой, мынау Бауыржандыкi ғой.

   -Кешiрiңiз,- деп дүкеннен шығып, оңаша жерге барып, кiтаптардың бiрiншi бетiндегi менiң қолым бар парақтарды жыртады. Қайта барады. Сөйтiп екеуi менiң кiтаптарымды сатып, қалтаның ақшасына айналдырады.

   Оны сездiм, бiрақ қалай дәлелдеймiн. Бiр-екi айтып көрiп едiм, мойындамай,   шатақ шығарды.

   Сен баспаның адамысың, түсiнуге тиiссiң. Менiңше, оналты бет пе, бiр баспа табақ болу керек. Сол тұсқа тағы қол қоятынмын. Мұны айтып отырғанымның себебi бар. Эта целая трагедия.

   Әлгiлер бiрiншi беттегi парақты жыртып, сатып жүредi. Зейнеп келiнiмнiң Бақытжанға күйеуге жаңадан шыққан кезi. Бiр күнi маған жаңалық айтты.

   -Ата, бiр үйде қонақта болып едiм, үй иесi:,,Мынау сенiң атаңның кiтабы,,- деп мақтанды,- дедi.

   -Қалайша, қайдан алдың?

   -Сатып алдым.

   -Атам сатпайды ғой, мұның өтiрiк.

   Мақтанып отырған үй иесi он алтыншы ма беттi ашып жiберiп, менiң қолымды көрсетiптi.

   -Мынау кiмнiң қолы?-Қараса, менiң қолым.

   -Әй, бершi?

   -Жоқ.

   Бұл жаңалықтың ең қайғылы, жаман жерi- менi бiлмейтiн сырт жұрт ,, Бауыржанды миллионер десек, бейшара екен ғой. Түк таппағаннан кейiн  кiтабын сатып, арақ iшедi екен,, деген ойға берiлмей ме?

   Баукең тұнжырай қабақ шытып:

   -Менiң өмiрiмдегi ауыр соққының бiрi- бiр бөлмем толы асыл қазынамнан айырылуым,- дедi ауыр күрсiнiп.

 

МЕНІ АР МӘСЕЛЕСІ ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ

 

    -Түсiнiп тыңда!- дедi Баукең бұйыра сөйлеп.- Арғы күнi мына сен отырған орынға жеңгең жайғасып ап, көптен берi iшiне жинап жүрген әңгiмесiн айтты.

    -Қашанғы мынау үйде тұрамыз? Қазақстан компартиясы орталық комитетiне барып, неге төрт бөлмелi үй алмайсың? Сенiң кабинетiң жоқ. Саған кабинет керек. Егер сен баруға батпасаң, мен өзiм барамын,- деп бұлқынып-жұлқынды.

   Мәссаған керек болса?! Мен демалысқа шыққалы берi өкiметтердiң бiреуiнiң алдына /өздерiнiң шақыруынсыз/ барған кiсi емеспiн. Жақсылы-жаманды атағым, шатағым бар, бiреуден артық, бiiреуден кем дегендей өз күнiмдi өзiм көрiп жүрмiн. Солай емес пе?

   -Солай.

   -Жоғары жаққа барсам:,,Е, мына шал бiрнәрсе дәметiп келiптi ғой,, ,- деп естiртiп айтпаса да, iшiнен ойлайды. ,,Қой, бұл шалды құрқол қайтармайық,,  деп итке сүйек-саяқ лақтырғандай бiрдеменi лақтырып жүрсе, не бетiмдi айтамын? Мұның маған керегi не?

    Халқымның арқасында, құдайға шүкiр, мен ,,есiркеушiлiктi,, қажет етпеймiн. Менiң парызым- азаматтық арымды таза ұстау. Мен атағымды, шатағымды ешуақытта малданбаймын. Соны мына добалдай жеңгең түсiнбейдi екен. Менi үй мәселесi емес, ар мәселесi қызықтырады…

 

ҚАЗАҚ ӘЙЕЛДЕРІНЕ ШЕКСІЗ РИЗАМЫН

 

    -Мынау астыңғы иегiмде екi тiс қалыпты. Протез тiсiм сынып, тамақ  жесем,  шайнай  алмай қор болып отырмын. Шайнамаған соң тамақтың дәмi болмайды екен.

    Үстiмiзге Күләнда әпке ендi.

    -Әпке.

    -Ау.

    -Мынаған құтты болсын айтпайсыз ба?

    -Бұл не?

    -Мүштек. Мұнымен темекi тартамын.- Баукең   әсем, ұшы доғалдау, жылтыр,  қоңыр  түстi  мүштектi  аударып-төңкерiп, Күләнда әпкеге ерiнбей көрсеттi.

     -Мұның қанша тұрады?

     -Қымбат, бес мың.

     -Сатып жiбермеймiз бе?

     -Сыйлықты   сату   ұят  қой,  әпке. Мұны  ертең  жазушылар одағына барып, жұртқа көрсетейiн деп отырмын. Әпке, бұл мүштектi кiм әкелдi?

      -Аякөзден келген кемпiр.

      -Ой, әпке,  көңлiне алып қалады демейсiз-ау, мұныңыз не? Кемпiр емес, қыз әкелдi деңiз. Ол маған ғашық, сұлу қыз өзi.

      -Е, саған қыз болғанмен, көңлiңе келсе де айтайын, маған ол  кемпiр.

     -Дұрыс, әпке, сiз жеңдiңiз.

     Күләнда әпке мәз болып бөлмеден шықты. Мұның алдында ғана Баукең екеумiз әңгiмелесiп отырғанымызда  аласа бойлы, басына ақ орамал тартқан, тәмпiш мұрын, жүзiн әжiм сызықтары аяусыз шимайлаған қарт ана үстiмiзге енген едi.

    -Мен  Несiпжамал Батталқызы деген Аякөз қаласынан келген құрбыңыз боламын. Сiздi, Бауке,  әскер күнiмен құттықтаймын. Ұлтымыздың бағына денiңiз сау болып, қасиеттi кiтаптарыңызды жаза берiңiз.

    -Рақмет.

    -Мынау мүштектi сiзге сыйлаймын.

    -Мұныңыз темекi тартқан сайын менi еске ал дегенiңiз бе?

    -Ие, солай. Дәл ойымның төбесiнен  түстiңiз.

    -Еске алған соң, сiзге  қол созбай қалай тұрам?

    -Арманыңыз қол созу болса, созыңыз. Жетер ме екен, жетпес пе екен?

    -Жетсе, маған ұл тауып бересiз бе?

    -Мәдi тауып берем.

    -Жеңiлдiм,- деп Баукең екi қолын бiрдей көтердi. Несiпжамал ана Баукең дастарханынан шай iшiп, аттанды. Ол кiсi кетiсiмен:

    -Шүйкедей кемпiрдiң сөзi шегедей ғой,- деп Баукең басын шайқап, ойға ендi. Әлден соң:

     -Сен әлгі ананың Мәдi тауып берем деген сөзiнiң астарына түсiндiң бе?- дедi қабағын түйiп.

     -Жоқ.

     -Мәдi- хазiрет Ғалидың ұлы, балуан қыз Дариғадан туған. Ержеткен соң әкесiн iздейдi. Бiр жерде күресiп жатқандарға кездесiп, бейтаныс кiсiмен белдеседi. Ол туғалы көрмеген өз әкесi болып шығады. Содан ,, менi қара басты, жұрт көзiне көрiнер менде бет жоқ,, деп  қатты ұялып, тауға қарай қашады. Алла тағаладан таудың екiге жарылып, өзiн жасыруын өтiнедi. Тiлегi орындалады. Бұрынғылардың айтуы бойынша, ақыр заман болғанда жерден осы Мәдi шығып, көктен Иса пайғамбар түсiп, адамзатты апаттан құтқаратын көрiнедi. Жаңағы шүйкедей кемпiрдiң ,,Мәдi тауып берем,, деуiнiң астарында қандай салмақ жатқанын ендi түсiндiң бе?

    -Түсiндiм.

    Баукең ұзақ ойға енiп:

    -Неткен тапқырлық! Мен қазақ әйелдерiне шексiз ризамын,- дедi толғана.    

  

ІШКІ СЕЗІМ

 

    -Жерлес деген сөздiң мағынасына қалай қарайсыз?

    -Земляк деген орыстың сөзiн сендер жерлес деп аударып алғансыңдар ма? Бұларың қып-қызыл сауатсыздық. Орыстың ұғымында жерлес деген сөз бiр өлкеденбiз, бiр елденбiз, бiр ауылданбыз деген мағынаны бiлдiредi. Түсiндiң бе?

    Қазақ тiлiнде жерлес деген сөз өлген кiсiнi жерлес деген мағынаны бiлдiредi. Бұл көр көкiрек, өркөкiрек, сауатсыз аударма. Өлкелес, ауылдас, бiр елдiң баласы едiк деген секiлдi сөз құрып қалғандай жерлес деп алыпсыңдар. Мұндай сөз қазақтың бұрынғы ұғымында болған емес. Ауылдас, қоныстас, өлкелес, көршiлес, туыстас деген басқа да сөзiмiз толып жатыр емес пе? Мысалы сен   орыстың живи с улыбкой дегенiн қазақшаға көңiлдi өмiр сүр деп аударуың мүмкiн.  Землякты жерлес дегендей мұның  да сауатсыз аударма. Дұрысы ақ ниетпен өмiр сүр болу керек.

   Тағы қандай сұрағың бар?

   -Ішкi сезiм туралы не айтар едiңiз?

   -Сұрағың  интуиция туралы ғой, ә?. Түсiнiктi. Адамның тұрған бойы радиоаппарат. Қазiргi ғылым әлi де толық жетiлмегендiктен оның сырын аша алмай жатыр. Мысалға, жүрегiм өрекпiп бiр жақсылықтың, немесе жамандықтың боларын сезiп едi, оң қабағым тартып жүр, қуанамын-ау деушiлердiң сөздерiнде шындық та бар.

   Бұл адам түгiлi жануарларда да кездеседi. Жаңбырдың жауатынын, не жаумайтынын, күннiң суытатынын, не суымайтынын бiлетiн құстар бар. Мысалы, қарлығаш жер бауырлап ұшса, күн жауады, әуелеп ұшса, жаумайды. Жер қимылдар алдында тышқан, жылан дегендер iндерiн тастап, басқа жаққа қоныс аударады. Ит ұлыса қазақтар:,, Қара басыңа көрiнгiр,,- деп iш жиып жатады. Ал қасқырдың сезiмталдығы тiптi бөлек.

   Бұрынғы бiздiң шалдар нағыз метеорологтар едi. Алдағы қыстың қатты, не жұмсақ болатынын болжап айтып бере алатын. Кейде адамның түсiнiң өзi де күнiбұрын кездесетiн оқиғалардан хабар бередi.

   Мұның бәрi жайдан-жай емес. Мұны радиация күшi деп ойлау керек. Радиация- табиғи құбылыс. Бiздi фабрика, завод жасап шығарған жоқ. Қазiр ,,құдайсызсыңдар,, деген сөз бар. Түсiнгенге бұл сөздiң мағынасы терең. Құдай жоқ, олай болса ештеңеге сенудiң қажетi жоқ деп ойлау қате. Өздерiңе жақсы болса, солай ойлай берiңдер! Бiрақ құдай жоқ деп халықтың ғасырлар бойы тiрнектеп жинаған пайдалы тәжiрибелерiне қолды сермеу кiмге зиян?

   Ғалымдарымыз дүниенiң құпия сырын зерттеп жатыр. Тапқанынан таппағаны көп. Космосқа адамдарымыз ерiккеннен-зерiккеннен ұшып жатқан жоқ.

   Иә, әлi ашылмаған құпия сырымыз көп. Мен әкемнiң қайтыс болғанын ешқандай хабар-ошарсыз ауылдан  он екi мың шақырым қашық Владивостокта жүрiп бiлдiм.

    Баукең маған ұзақ, сүзiле қарап:

    -Бұл әңгiме неден шығып кеттi?- дедi.

    -Ішкi сезiмнен.

    -Сенi қайдам, өз басым iшкi сезiмдi мойындаймын. Жай мойындап қоймай, оның ырқына бағынамын.

Жалғасы бар, осында