МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында 

 

ӨТКЕН КҮНДЕРГЕ ОЙ ЖІБЕРСЕМ

 

    - Санжар Жапарұлы Асфандияров деген кiсi туралы естуiң бар ма?

    -Аздап.

    -Ол кiсi Ташкент қаласындағы кедей әскери тiлмаштың отбасында дүниеге келген. Реальды училищенi бiтiрген соң, әкесiнiң болмашы жалақысына қарамастан Петорбордағы медициналық академияны тауысқан. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыста патша армиясының полк дәрiгерi болған. Ол оңай нәрсе емес, шырағым. Сөйтiп жүрiп, жау қоршауында қалып, тұтқынға түскен. Немiстер адамды таниды. ,,Е, мынау дәрiгер ғана емес, барлық жағынан бiлiмi бар кiсi екен,, деп оны Лейпциг университетiне оқытушы етедi. Құдай бiледi, өзi бұрын немiсше бiлетiн болу керек. Дәрiгерлiгiн қойып, Санжар Жапарұлы тарихшы болады. Немiс тiлiнде ,, История казахов из древних времен до наших дней,, деген кiтап жазады. Шығыстың, Россияның тарихынан лекция оқиды. Немiс, ағылшын, араб, парсы, орыс тiлдерiн жетiк меңгерген, қытай жазуын да оқып,  түсiнген Санжар Жапарұлы түркi тектес халықтар тiлiнде де ойын еркiн жеткiзген. Қызметтес жандардың айтуынша, ол кiсi:,,Тарихты жақсы бiлу үшiн зиялы қауым көп тiл бiлу керек,, - дейдi екен.

    Санжар Жапарұлын Сталин есiтiп, елшiсiне:

    -Әй, анамен сөйлесiңдер. Елге қайтамын десе, қайтсын,- дейдi. Тектi жердiң баласы қашанда тектi жердiң баласы ғой.

   -Қайтсам, қайтайын. Елдi сағынып жүрмiн,- деп Санжар Жапарұлы келiсiм бередi. Мәскеуге оралған соң:

   -Немiс тұтқынында болды, ойы қалай екен? Тексерiңдер,- дейдi Сталин жансыздарына.

   -Ой, бұл адал екен. Елiне деген ниетi таза,- деп тексерушiлер кiнә таға алмайды. Содан Санжар Жапарұлы Түркстан АССР-i денсаулық сақтау халық комсиссары, Түркiстан АССР-нiң егiн шаруашылығы халық комиссары, Түркiстан АССР-i Орталық партия комитетiнiң жауапты хатшысы, кейiн Мәскеудегi шығыстану ғылыми зерттеу институтының директоры болады. Тағы басқа да жауапты қызметтер атқарады. Германияда жазған кiтабын орысша жазады. Ол бiзде ,,Қазақстан тарихының очерктерi,, деген атпен кiтап болып шықты. Мен алып оқыдым. Қалың кiтап едi. Мүмкiндiгiң болса, таныссаң, таң қаларлық жай.

   Ол кiсiнiң ислам тарихы, пайғамбарымыз Мұхаммед өмiрi, халқымыздың 1916 жылғы ұлт- азаттық көтерiлiсi туралы жазғандарын да оқыдым. Менiң тарихтан бiлiмiм алғаш Санжар Жапарұлының еңбектерiнен  бастау алды.

   Сталиннiң оған Қазақстанға денсаулық  сақтау халық комиссары болып баруды ұсынуы да қызық. Сонда жарықтық:

   -Бұл қызмет маған аз,- дептi. Сталин ашуланып:

   -Ендi Исаевтың орнын алмақшысың ба?- десе:

   -Жоқ, ол орынға мен жарамаймын,- дептi.

   -Ендi неге аз дейсiң?-Орталық партия комитетiнiң бюро мүшелерi түгел тыңдап отыр.

   -Аз дегенiм, Қазақстанда медициналық институт жоқ. Мен дәрiгермiн. Оны бiлесiз ғой?

   -Иә, бiлемiз.

   -Менi денсаулық сақтау халық комиссары етулерiңiзге қарсылығым жоқ. Сонымен бiрге әлi құрыла қоймаған медицина иститутының директоры да болайын.- Жоқ институтқа менi директор ет дегенiне отырғандар ду күлiптi.

   Сталин ұзын мүштегiн кеудесiне  жақындата ұстап:

   -Орынды, өте дұрыс шешiм. Сiз жоқты бар етiп жасамақсыз. Дәрiгерсiз, профессорсыз. Мен сiздi түсiндiм,- дейдi.

   …1933 жылы мен Алматыға оқу iздеп, сандалып келiп қалдым. Сонда Санжар Жапарұлын көрдiм. Ортадан биiктеу бойын тiк ұстап, асықпай адымдайды екен. Маңдай тұсынан екiге жарыла таралған қою қара бұйра шашы көз қуантар көркiне ерекше жарасатындай. Кигенi қонышы қысқа, табаны жалпақ етiк, галифе шалбар, тiк жағалы гимнастерке, белiн жiңiшке  белдiкпен буған.

   Ол кезде жеңiл машинадан хабар жоқ.  Алматының көшелерiнде үйдей-үйдей тастар жататын.

   Осы күнгi 28-шi панфиловшылар паркiнде 400-500 көрермен сиятын кiшкене клуб бар едi. Демократияның күштi кезi. Кешке сонда келiп, кино көремiз. Елдiң бәрi ,,паркке барып, кино көрдiк,, деп мәз. Паркке кiргенiмiз үшiн бүгiнгiдей ақша төлемеймiз. Жан-жағы шарбақпен қоршалған мiнбе бар. Шам жанулы.

   Кешке қарай Министрлер кеңесiнiң төрағасы, министрлер көпшiлiктiң арасында серуендеп жүре беретiн.  Әйелiмен серуендеген Ораз Исаевты бiрнеше рет көрдiм. Бәрiнен Санжар Жапарұлының бойы биiк едi.

   Бiр қызық деталь. Бәрi   жексенбi күнi кешке қарай жеке дара серуендейтiн. Жас баламыз, бiзде қызығушылық басым. ,,Мынау кiм?,,- деп сығалап қараймыз. Ол кезде галстук тағу ерсi болатын. Сталин кителiндей китель киiп жүретiн. Галстук таққанды буржаузиялық қалдық дейтiн.

    Бiрде паркке Қазақ ССР-i халық ағарту комиссары Темiрбек Қараұлы Жүргенов китель киiп, таяқ ұстап, жалғыз келдi. Мүмкiн жасырын күзетi бар шығар,. Ол кезде одан бiздiң хабарымыз жоқ едi.

    Мiнбеге шығып сөз сөйледi. Өте ақылды кiсi екен. Сол кездегi бiр ерекшелiк, орыстар да қазақшалап сөйлейтiн.

   Темекең аласа бойлы, қараторы өңдi, сымбатты, сұсты кiсi едi. Ол кiсi сөйлегенде күллi парк жиналатын. Бұған дейiн Өзбекстанда халық ағарту комиссары болыпты. Ол кезде қазақ қағаз деген сөздiң мағынасын түсiнбейтiн. Оны өзбекше былай дейдi деп өзбекше айтқанда ел қыран топан күлетiн. Қазақша бiрнәрсенi айтып келедi де, мұны өзбекше былай дейдi дейтiн.

   Темекеңнiң сөзiн мен үш-төрт рет тыңдадым. Керемет шешен кiсi едi. Жұртты күлдiрiп сөйлейтiн. 1936 жылы  әдебиетiмiз бен өнерiмiздiң Мәскеуде өткен онкүндiгiн ұйымдастырған Темiрбек Қараұлы ғой. Ол тұңғыш драмалық театрымызды құрды, мәдениетiмiздiң негiзiн салды. Сол кезде жасы шамамда отыздан асқан едi. Қалжыңға өте ұста болатын.

   Санжар Жапарұлы Асфендияровтың сөзiн бiр-ақ рет тыңдадым. Орыс, Европа тәрбиесiнiң әсерiнен болса керек, сөйлеу мәнерi бөлек едi. Лектор ретiнде онша жарқырай қоймағанымен ойын еркiн айтып түсiндiрдi,  парктегi кездесуде сөйлеген кiсiлердiң ең бiлiмдiсi екенi танылып тұрды.

   Ол кiсi аудиториямен байланыс жасай алмады, ал Жүргенов жасады. Бұл Санжар Жапарұлын кемiткенiм емес, әркiмнiң мектебi, сөйлеу мәнерi бар ғой.

    Ораз Кәкiмұлы Жандосовтың шешендiк өнерi де менi магнитше тартатын. Ол кiсiнiң жұртты өзiне алаңсыз ұйытып, баурап алуы Темiрбек Қараұлының шешендiк өнерiнен аспаса, кем түспейтiн. Орекең ұзын бойлы, мұрны таңқиған, аса сүйкiмдi кiсi едi.

    Бүгiн өткен күндерге ой жiберсем, Темiрбек Қараұлы мен Ораз Кәкiмұлының жұртты күлдiрiп, көңiлдендiрiп, шешен сөйлеуiне халқымыздың тәрбиесi, әсiресе, ауылдарымыздағы ойға, тiлге бай, әзiлге ұста ақсақалдарымыздың әсер-ықпалы көп болғанға ұқсайды. Әлде қателесермiн. Қателессем, дәлелде…

 

АҚ ТІЛЕУ

 

   Түс ауа қарындасым Айбүбi телефон соқты.

   -Бүгiн   кешкi  сағат  тоғызда  бiрiншi  Алматының  вокзалына

Бауыржан аға мен жеңгей келiп жетпек екен. Кеше жеңгей ,,оныншы вагондамыз, жүгiмiз бар,, деп хабарлапты. Соны ағаңа айтшы, алдынан шығып қарсы алсын дедi Күләнда әпке. Қалай, қолыңыз тие ме?

  -Қай поезбен келе жатыр екен?

  -Ол жағын бiлмейдi. Әйтеуiр оныншы вагонда екенiн, сағат тоғызда келiп жететiнiн ғана бiледi.

   -Жақсы, қарсы аламын.

   …Тоғызға  жиырма минөт қалғанда  вокзалға жеттiм. ,,Москва-Алматы,, поезы келiп те үлгердi. Оныншы вагонды тез-ақ таптым. Алғаш терезеден қарап едiм,  таныс ешкiм көрiнбедi. Не де болса вагон iшiне енейiн деп iшке енiп, аралай бастадым. Ең түпкi жұмсақ купеден жеңгейдi байқап қалдым. Ол кiсi де менi танып:

   -Берi қарай жүр, қарағым. Келгенiң жақсы болды ғой,- дедi қуанып.

   Баукең орнынан тұрып, сыртқа шығуға ендi бет алған екен. Өңi қарайып, көздерi кiртиiп, шашы үрпиiп кетiптi. Үстiнде жаздық сұр костюм, басында сусар бөрiк, қолында басы имек, жылтыр таяқ.

   Қолдасып амандасқан соң мен бүйiрi томпайған екi сөмкенi көтерiп, тысқа беттедiм. Таксилер тұрған алаңға дейiн бiраз жер.

    Озып кетiп, кезек алдым. Поездан түскен жолаушылар таксиге таласып жатыр. Бiлегiне қызыл шүберек байлаған диспетчер орыс жiгiтке:

   -Соғыс ардагерi, полковник қарт кiсiге күттiрмей такси берсеңiз?- дедiм өтiнiп. Ол:

   -Қазiр, сәл шыдаңыз- дедi. Сәлден соң:

   -Айтқан қартыңыз қайда?- деп диспетчер жiгiт такси бөлмек ниет танытты. Шетте тұрған Баукеңе басымды изеп, өзiме шақырдым. Қолым бос емес.

   Таксиге таласып, шулап, бiр-бiрiн кимелей итерiсiп жатқан жұрт. Бiзге бөлiнген машинаға бiр жас қазақ жiгiтi тура ұмтылды. Баукең асықпай қимылдайтын әдетiмен машина есiгiн ашқанша, ана жiгiт лып етiп iшке енiп те алды.

   -Бұл қарт кiсiге берiлген такси, түс, ұят болады, -деген менi тыңдамады. Амал жоқ, келесi таксидi күттiк. Жеңгей жас қазақ жiгiтке ашуланып, бiрдеме деп едi:

   -Тәйт, сенiң iсiң не? Араласпайтын жерге араласасың!- деп Баукең жекiп тастады. Мен диспетчерге ,, такси Бауыржан Момышұлына керек,, деп айтқаным жоқ. Атын сатқанды Баукеңнiң өлердей жек көретiнiн бiлем ғой….

   Диспетчер жiгiт келiп, тоқтай берген таксиге ұмтылған екi-үш кiсiнi кiдiртiп, менi шақырды. Таксиге отырған соң Баукең қолын шекесiне апарып, диспетчер жiгiтке алғыс сезiмiн бiлдiрдi.

    Зырлап келемiз. Жеңгей шоферға үйдiң адресiн айтпақ болып едi:,,Әй, тыныш отырсаңшы!,, - деп Баукең ұрсып тастады.

   -Немене, ендi адрестi де айтпаймыз ба?

   -Мамытбек айтады ғой, сенiң iсiң не?-Іле маған бұрыла қарап:

   -Диспетчер деген де оңай емес. Ана жерде ол бекерге тұрған жоқ,- дедi ризалығын бiлдiрiп.

   Бiраз үнсiздiктен соң жеңгей:

   -Ауылға барып қап-қара боп қайттық,- дедi.

   Есiк алдына тоқтағанымызда Күләнда әпке үйден күлiп шықты.

   -Иә, қалай, аман-есен барып қайттыңдар ма?   Ат-көлiк аман ба?

   -Әпке, жездемдi көргем жоқ. Қызыңыз сiзге тартқанда жақсы-ақ болар едi. Менi алсын деп әдейi жаман туғансыз ба?- дедi Баукең жауап беру орнына әзiлдеп.

   -Е, бiрiмiз жаман болмасақ болмайды да. Бұрынғылар:,, Екi жақсы қосылар күн қайда бар, бiр жақсы мен бiр жаман әр қайда бар,, -деген ғой.

   -Әпкем, молодец!- дедi Баукең бас бармағын көрсетiп.

   -Академик Бек Сүлейменов:,, Бауыржанға тиген әйелдiң жүрегi  бар дептi ғой,- дедi жеңгей күлiп.

   -О, шiркiн мақтан.

   -Қызымның жүрегi бар.

   -Әпке, мұны неге мақтайсыз?

   -Е, қашанғы жамандай беремiз. Жол жүрiп шаршап келдi. Көңлi көтерiлiп қалсын, бiр мақтайын да.

   Залға өтiп, үйреншiктi орнымызға жайғастық.

   -Әнеукүнi бiздi шығарып салсын деп iздеп едiк. Газетiңнiң сол күнгi санына кезекшi екенсiң. Бүгiн кезекшi емессiң бе?

   -Жоқ.

   Әңгiме арасында:

   -Ол жаққа жаңбыр жауды ма?-дедiм.

   -Жамбылға жауды. Сатыр-сұтыр етiп төгiп жауды.

   -Бұл жақта да сөйттi.

   -Шөп қалай екен?

   -Шалдардың әңгiмесiнен ұққаным, биыл құрғақшылық көрiнедi. Бiрақ бәрiнiң жүздерi жарқын, көңiл күйлерi жақсы.

   Күләнда әпке дастарқан жайып, стол жағалай отырдық. Баукеңмен соғыстырып, бiр рюмке коньяк iштiм. Ішпеймiн деп едiм:,, Әй, жол басып, тойдан келдiм,,- деп Баукең көнбедi. Жеңгей:

   -Балаларға апарып бер, шiлдехана ғой. Құдай осындай тойға жеткiзсiн,- деп бiр қорап конфеттi алдыма қойды.

   -Той демекшi, ана жылы аулыма барғанымда iнiмнiң үйiнде жаттым. Таңертең есiк алдында отыр едiм, Берiк деген баласы оқуына кетiп бара жатыр екен. Екi иiнi төмен түсiп, көңiлсiз.

   -Әй, Берiк, берi қайт!- дедiм.- Неге ренжiп барасың?

   -Ренжiмей қайтем, ата. Әкеме:,, Үйленем, той жасаңыз?,,- десем, қаржым жоқ дейдi. Ана жақта жолдастарым, келiнiңiздiң құрбылары той жасайды деп күтiп отыр.

   Қалтамнан елу сом алып:

   -Мә, балам, қазiр бар да өзiңнiң жолдастарыңмен қоса келiннiң жолдастарын кафеге шақыр. ,,Осындай, Бауыржан атам жiбердi. Ертең келiндi алып кел, той жасаймыз дедi,, дегiн. Келiндi ертең алып келесiң, алып келмесең көресiң!

   Әкесi бiрдеме дей бермек едi:

   -Әй, оттамағын!- деп тастадым. Ертесiнде келiндi алып келдi.

   -Мә, алты жүз сом, тойыңды өткiз,- деп әкесiне ақша бердiм. Сөйтiп тойы өттi.

   Баукең бiраз үнсiз қалып, ойға батып:

   -Е, есiме түстi,- дедi жайдарылана.- Онда Берiктiң кiшкентай кезi. Үйлерiнде қонақ боп жатқам. Ертеңiнде жексенбi едi.

   Есiк алдындағы саяда Берiк екеумiз тамақтанып отырғанбыз.  Бiр туысқанымыздың баласы атын белдеуге байлап, қасымызға келдi.

   -Көке, бiрнәрсе айтқалы…

   -Айтпай-ақ қой, түсiнiктi. Таубай ағам қайтыс болған екен ғой.

   Немерем Берiк таң қалды.

   -Ата, ол кiсiнiң қайтыс болғанын қайдан бiлдiңiз?

   -Кеше көзiнен бiлгем.

   -Көзiнен бiлiне ме?

   -Иә, кеше көзiнен көргем.

   Кешiкпей Әбдiлда iнiм келдi. Машинамен бардық. Бiздiң ауыл ынтымақты ауыл. Есiк алдында туысқандар ,,бауырым-ай!,, деп таяқ ұстап жылап тұр. Оларға ,,бауырымдап,, мен де қосылдым.  Жұрт дауыс салып, келiп жатыр. Көзiнен жас төгiп жылағаны рас па, өтiрiк пе, онымен iсiм не? Көрiсiп бiр-екi эшалон өттi.

    -Ойбай, Бауыржан да ,,бауырымдап,, таяқ ұстап тұр,- деп жұрт қатты сүйсiнiптi. Олар мұны менен күтпесе керек. Әбдiрәсiл деген жақсы iнiм бар едi, сол менiң шаршап тұрғаныма жаны ашып, бiр кезде:

   -Көке, жүрiңiз,- деп таяқ ұстағандардың қарсысына қойылған орындыққа әкеп отырғызды. Отырмын. Бiр кезде Дүката менi оңаша шығарып:,, Осылай, шалды табытқа салып жерлеймiз дейдi. Сен бұған қалай қарайсың?,,- дедi.

   -Кiм айтты?

   -Әбдiлда.

   -Шақыр.- Ол келдi.

   -Көке, осы күнде солай болып жатыр ғой.

   -Ақымақ! Мұның әкесiн, шешесiн мұсылманшалап көмгенбiз. Өзiн де мұсылманшалап көмемiз. Бауыржан  кеп басқаша көмдi деген сөздiң маған керегi жоқ!- деп айқайла-

дым.- Ал, қарағым, тiлiмдi алсаң, сен араласпа. Осындағы шалдар мен кемпiрлер ата дәстүрiн бiледi. Егер мұсылманшалап көмдi дегеннен сөз келедi десең, шагом марш! Сенсiз Таубай имансыз болмайды. Шагом марш! Сенiң парторгтiгiң өзiңе!

   Ұрсып қуып жiбердiм. Ол кеттi. Дүкатаға ,,шал мен кемпiрдi шақырыңыз,, дедiм.

   -Неге?

   -Ақылдасатын жұмыс бар.

  Жұрт жиналды.

  -Мен кенеттен келген кiсiмiн. Ешнәрсеге араласпаймын. Өз-

дерiң ақылдасып, ата дәстүрi бойынша жерлеңдер. Мынаны өйт, бүйт демеймiн. Бiрақ та ата дәстүрi бойынша жерлейсiңдер! Әбдiлда да, басқаларың да менен жасқанбасын. Мен мұсылман-коммунистпiн.

   Бәрi менен бата алмай жүр екен. Екi тiзгiн бiр шылбырды шал мен кемпiрге бердiм.

   -Ой, рақмет, көп жаса.

   Жерлейтiн күнi де жұрт  көп жиналды. ,,Бауыржан өздерiң бiл дедi,, деп молда шақырып, мұсылманша ақ кебiнге орап, өлiктi бейiтке алып кеттi. Маған шалдар:

   -Бейiттiң басына бармайсың ба?- дедi.

   -Жоқ, бармаймын.

   -Неге?

   - Жүз грамм iшiп алған едiм. Бейiтке iшiп баруға болмайды.

   Менiң мұныма да шалдар:

   -Ойпырмай, молда Момыштың  баласы екенi рас екен, коммунист болса да, мұсылман екен,- дептi.

   Баукең ықыластана бiраз күлiп алды.

   -Таубай ағамды жерлеген күннiң ертеңiнде Әбдiлда:

   -Көке, коммунист болса да ағасын мұсылманша жерледi деп сiзге бiреу-мiреу  тиiсе ме деп қорықтым,- дедi. Оның сөзiнiң де жаны бар. ,,Шаш ал десе, бас алатын,, шолақ белсендiлер табылмайды емес, табылады.

   Қазiр ауылда алты ағам бар, кемпiрлерiмен он екi. Олар өз дәстүрiн сақтай берсiн. Бiлгiң келсе, шырағым, мен сонда әдеп, этика, психология жағынан дұрыс iстедiм. Әйтпесе, шал-кемпiрлердiң көңлiне қатты келiп қалар едi. Сен дұрыс, бұрыс десең, өзiң бiл. Ол сенiң iсiң.

   -Бiз өлсек те тақтайға салады,- деп кемпiр, шалдар оңбай ренжидi ғой.

   Баукеңмен қоштасып, дәлiзге өттiм. Жеңгей менiмен бiрге сыртқа шықты.

   -Осы жолы Баукең аулының қарттарының бiрi  Сүлеймен ақсақалдың маған айтқан сөзiн саған айтайын деп едiм,- дедi  жеңгей.

   -Айтыңыз.

   -Келiн қарағым, Бауыржанның денсаулығы мықты емес. Соғыста болды, қан кештi, басқа да қиыншылықтары жетерлiк.  Сондықтан оны күт. Мiнезi тiк адам, кешiрiмдi бол деген өтiнiш бiлдiрдi.

   -Бұл  жалғыз Сүлеймен қарттың ғана емес, бүкiл халқымыздың ақ тiлеу аманатындай екен,- дедiм жеңгейге…

           

АЙСАДЫҚ

 

   -Қайсымыз сөйлеймiз?

   -Сiз.

   -Аулымда Айсадық деген ағам бар. Ол кiсi  биыл сексен жетiде. Ұзын бойлы, сап-сары, жирен сақалының бес-алты ғана талы бар /құдай ол кiсiге сақалды көп бермеген/. Содан ба сол бес-алты талына тимейдi екен. Астапыралла-а!

   Баукең дауыстай, мәз бола күлдi.

   -Мұртын ғана басады. Бұрын өте пысық кiсi едi. Тағы бiздiң ауылдың байы өзi.

   Үйiндегi Ақбас жеңгем орта бойлы, реңдi, ақылы бар, тектi жерден едi. Айсадықтан алты ұл туған. Алтауы да жаман емес. Әрқайсысы өз тiрлiгiн iстеп жүр.

   Ойпырмай, бүгiн ойласам, бiздiң ауылдағы ең ұқыпты, ең дастарханды үй Айсадық көкемнiң үйi екен. Соның бәрiн ұстаған Ақбас жеңгем. Ол кiсi бұдан  үш-төрт ай бұрын қайтыс болды.

   Ақбас жеңгеме қарағанда Айсадық көкем табиғатынан сәл төмендеу едi. Соны түсiнiп, Ақбаспен ақылдаспастан ештеңе iстемейтiн.Ақбас деудiң орнына қа-тен дейтiн.

   -Әй, не боп қалды?

   -Е, қа-тен, мынаны қайтемiз?

   -Өзiң бiл.

   Содан бiздiң ауылда қа-тен деген сөз күлкi боп кеткен.

   Бiр туысымыз қозы сойып, қонаққа шақырды. Маған бас ұсынғанда:

   -Мәңiз, көке, мынау сiзге лайықты сый,- деп басты мүжiлiп, мұңайып отырған Айсадық көкеме ұзаттым.,, Е., мен де адам екенмiн ғой, шүкiр. Бауыржан бас сыйлады,, дегендей басын жоғары көтерiп, қатты қуанып қалды.

   -Е, қайағым, шыйағым,- деп Айсадық көкем үш-төрт күн бойы маған iлесiп, басын көтерiп, күлiп жүрдi. Алматыға қайтар күнi бiр туысқанымыздың үйiнде отырып: 

   -Көке, құдаша жеңешемнiң жылын қашан бересiз?- дедiм. Шалдар сөзiмдi әдепсiздiк деп ожырайып қарады. Оны мен байқадым да, Айсадық көкемнен бiр сөз естiп қалмайын, iсiң не деп тастай ма деп:

   -Өлгенде басында бола алмадым. Қырқын берiпсiз, көке. Елдiң бәрi жаназасына да, жетiсiне де, қырқына да риза деп естiдiм.

   Бiр шал алакөзiмен қарады.

   -Естуiмше, бiздiң ауылдың бiр әйелi Ақбастың жетiсiнде де, қырқында да болған екен. Өзi құдай бiледi бәрiне белсене қатысып, қызмет iстептi.

   Әбiш деген шал:

   -Бәрiмiз де белсене қатыстық қой. Қатындарымыз де қарап қалған жоқ. Оның аты кiм едi? - дедi.

   -Жоқ, айтпаймын, ол да менiң жеңгем, ол да тектi жерден. –Шалдардың бiлгiсi келiп барады. -Сол кiсi жақында төркiнiне барыпты. Төркiнi Жамбыл қаласының бер жағында ма, ар жағында ма, жөндi бiлмеймiн. Барған соң Ақбастың қалай жерленгенiн, жетiсiн, қырқын қалай өткiзгенiн айтыпты. Сонда бiр құдағиымыз:

   -Ойпырмай, байымыздан бұрын өлсек, бiздi өстiп қадiрлеп жерлесе, арманымыз болмас едi,- дептi.

   Шал-кемпiрлер шын айтып, әлде ойдан шығарып отырсың ба деп көздерiмен таңдана қарады. Айсадық көкем басын көтерiп алды.

   -Ел-жұрт сiздiң ақырғы қоштасқаныңызға риза болыпты. Естiген құлақта жазық жоқ.

   Айсадық көкем қатты қуанып, тағы да көтерiлiп қалды. Сөйтiп, ол кiсiнiң қайғысын үш рет серпiдiм…

   Ертеңiне қарасам, қайтадан қайғы-мұң құшағына енiптi. Ақбас жеңгеммен алпыс жылдай бiрге тұрды, бiрге өмiр сүрдi. Сөйткен сыңарынан айырылу оңай деймiсiң?  Өзi тағы қартайған, сексен жетiде. Қатын алуға шамасы жоқ. Ауылдан сырт жерде қызмет iстейтiн, өзi жақсы көретiн мұғалiм баласы бар екен, соның қолына барыпты. Келiнi де мұғалiм, бiлiмдi көрiнедi.

   Көкемнiң екi күнi қадiрлi өтедi.,Бiр күнгi қонақ- құт, екiншi күнгi қонақ-жұт,, дегендей күйге ұшырайды. Бiр жетi тұрған соң шалдың көңiлi құлази бастайды.

   -Мынаны жеңiз, ата,- деп бүгiнгi келiндер үйге қалдырып кетедi ғой. Оған шал үйренбеген.

   -Е, құдайдан тiлеп алған балам ғой, мейлi, аман жүйе бей-сiн /өзi сақау/.  Одан да үйiме байып, жатайын,- деп керi қайтады.

   Баукең түрегеп, шапанын дұрыстап жамылып, орнына қайта отырды.

   …- Күләнда әпкемдi, добалдай жеңгеңдi ертiп, аулыма тағы бардым. Дүкатаға:

   -Мә, көке,- деп ақша ұсындым. -Ақбас әрi жеңгем, әрi құдашам едi. Жеңгелiгiне көңiл айтқаным, құдашалығына бата оқығаным. Өткен жолы салт басты, сабау қамшылы келгендiктен ештеңе дей алмап едiм…

   Дүката бiр қой сатып алып сойып, шал-кемпiрлердi шақырды.

  Қымыз iшiп отырмыз. Айсадық көкем төмен қарап, басын көтерер емес. Былайғы жұртқа бiлдiрмей бақылап отырмын. Ойпырмай, еңсесiн көтерер емес. Шүкiр, балалары, шөберелерi бар деп айттым ғой. Айсадық көкем ,, жалғыз қалдым-ау,, деп қатты мұңайып отыр.

   Мен оны көз алмай бақылаумен болдым. Есiме:,, Алыс жолда атың өлмесiн, қартайғанда қатының өлмесiн,, деген қазақтың мақалы түстi.

   Мен Айсадық көкемнiң төмен қарап, бiр уыс боп мұңайып, мүжiлiп отырған түрiнен қарттың қайғысының қандай болатынын тұңғыш сездiм.  Бұл менiң қарттың қайғысын тұңғыш көруiм едi. Жасынан бiрге қосылған жарынан айырылу қиын-ақ екен. Айсадық көкем де, Ақбас жеңгем де бiр-бiрiне адал болды, бiр-бiрiнiң көзiне шөп салған жоқ, шажылдасып, ұрысқан, не бiр қатты сөз айтып көрген емес.

   Ақбас жөн-жобаны жақсы бiлетiн едi. Ол кiсiнiң арамызда жоғына менiң де көңiлiм құлазыды. Жақсы жеңге- туған ағаңдай деген сөз рас екен…

   … Бiздi Рахымның үйi қой сойып шақырды. Айсадық ағама:

   -Көке, сiздiң орныңыз мына жақта,- деп қасыма отырғыздым. Алдыма бас қойғанда:

   -Көке, басты сiз ұстаңыз,- дедiм. Айсадық маған бұрылып қарады. Көзiнiң жанары кетiп қалыпты.

   -Әй, мына қойды саған айнап сойған жоқ. Құдағи аулымызға бiйiншi кеп отый. Сол кiсiнiң алдына қой,- дедi. Күләнда әпкем:

   -Ойбай-ау, басты еркек отырғанда әйел ұстаушы ма едi? Өзiңiз ұстаңыз,- деп қайтарды.

   Айсадық көкем бәкiсiн ап, екi құлағын кесiп келiндерiне бердi де, өзi дәм татты.

   -Ал, құдағи, ыйымйын жасадым, ендi сiз алыңыз,- дедi.

   Байқауымша, Айсадық көкем шаршап отыр. Жастың аты жас. Менiң байқағанымды Айсадық көкем де байқапты. Сөзiнiң бiр кезегiнде:

   -Қайағым Пәйжан, жас деген түкке тұймайды екен. Денсаулық дейтұғын жаман екен. Бәйiнен де адамды құйтатын жас емес, денсаулық екен,- дедi.

   -Ойбай, көке, сiз әлi жассыз ғой,- деппiн мен. Аздап  коньяктатып отырған кiсiмiн. Басын изей шұлғып:

   -Иә, мен әлi жаспын,- дедi. Алжыған шалдың сөзi ғой деп отырғандар ду күлдi.

   -Көке, сiз әлi жассыз, қылшылдаған жiгiтсiз,- деп қоям.

   -Мәселе жаста емес екен, денсаулықта екен. Мысалы, Байхаттың бабасы Құдияй /ол да бiздiң тұқым/ тоқсан үшке келгенше алжымастан өлдi. Өлгенiнше өз дәйетiн өзi алып, таяқ ұстаған жоқ,- деп Айсадық көкем маған сүзiле қарады да,- сен ол кезде жалаңаяқ, жалаңбас жүгiйiп жүйген бала болатынсың. Сен Құдияй атаңды көйген жоқсың, көйгенiңмен есiңде жоқ. Онда сен беске жаңа толған едiң. Ой, жайықтық, өлгенiнше тың боп өттi ғой. Ал бiз болатын болсақ,- деп көкiрегiн ұрып қойды. -Ойнымыздан зойға тұйып, алжып, бала-шағаға күлкi боп жүймiз.

   -Кө-ке! Әлi сiз қылыштай жiгiтсiз ғой! Мынау туған-туысқан жиналып, жақында сiзге күтетiн жап-жас, сұлу тоқал алып беремiз деп ақылдасып отырмыз. 

   Ел қыран күлкi.

   -Әй, Пәйжан қайағым, сен менiмен мыналайдың көңлiн көтейу үшiн әзiлдесiп отыйсың ғой. Оған мен түсiнемiн. Бұдан былай менi тоқал ал, моқал ал деп кекетпегiн. Құдайдың бұйытқаны, мен асайымды асадым, жасайымды жасадым. Ал ендi тоқал алып, бiй қатынның еймегiне айналып, елге күлкi болатын жайым жоқ. Мен төйiмнен көйiм жақын шалмын. Ағайын-туыстаймен, жекжат-жұйаттаймен де жақсы қайым-қатынасымыз болғаны йас. Мен туйалы олай қалай ойласа солай ойлай бейсiн, олай туйалы менiң ешқандай жаман ойым жоқ.

   Бұл айтқаны түсiнген кiсiге ,,не оттап отырсың, мен сенiң ағаң боламын. Кәрiлiгiмдi мазақтағаның қай оңбағандығың?! Саған қарағанда мен әлi ақылды екем,, дегенi ғой. Бетiмнен шапалақпен тартып жiбергендей ұялып қалдым. Шал қартайса да ақылын, адамгершiлiгiн жоғалтпапты.

   -Көке, мына құдағиыңыз, келiнiңiз, немереңiз келдi, таныстыңыз. Құдайға шүкiр, көптi көрген кiсiсiз, бұдан былай да осындай кездесу болсын /құдай  бұйыртса болады ғой/. Бүгiнгi бiздiң тұқымдағы ең жасы үлкенi сiзсiз, көке. Алматы-

дағылар:

   -Үлкен ағаң кiм деп сұраса, Айсадық көкем деп сiздiң атыңызды атаймын.

   -Шын ба?- дедi шал.

   -Сенбесеңiз, келiнiңiзден сұраңыз. Осы күнгiнiң келiнi соңынан қалмай күйеуiмен ерiп жүредi ғой.

   -Йақмет, қайағым, йақмет.

   Жiгiттер екi шал оттап отыр деп өзара сөйлесiп кеттi. Соны сезген бiз үндемей қалдық. Айсадық көкем үндемей отырғаннан да шаршады бiлем:

   -Ал жiгiттей, мен кiшкене қысылып отый едiм. Қазiй бiй-ақ сөз айтайындағы байып ойныма жатайын,- дедi. Тым-тырыс бола қалдық. Бiраз төмен еңкейiп отырды да, әпкеме қарап:

   -Құдағи, құш кепсiз. Бiздiң ауылды кешелi бейi көйдiңiз. Бiйнеше үйде болдыңыз. Қазiйiнше байымыз осы. Бiйаз аунап-қунап, ең кемi бiй жетi жатып кетсiн деп едiк, уақытыңыз жоқ екен. Осында жиырма алты үй Әжi баласы баймыз. Құдайға шүкiй, ешкiмнен кем емеспiз, кемтайлығымыз жоқ.

   Әйiне, бәйiмiз бiйдей емеспiз. Бiйақ та, құдайға шүкiй, ынтымағымыз бай. Әлгi құдағиыңыз өлiп қалды. Мен жесiй шалмын. Сiздi үйге шақыйа алмаймын.

   Қайтайған кезiмде балалайдың қолына қайап қалдым. Үйiне шақыймады деп айыпқа бұйыймаңыз. Сойған соғымнан сыбағаңызды ейтең машинаға салып бейемiн.

   -Ойбай, құда…

   -Жоқ, қайсы сөз айтпаңыз.- Шал дiрiлдеп орнынан тұрып, кетiп қалды. Одан кейiн ол шалды көргенiм жоқ. Аттанарда құдағиының қоржынына үлкен қазы, жая, ет салыпты. Сол еттi бiрнеше күн жедiк.

   Сен жазушысың, қарағым, шалдың хал-жайын, психологиясын түсiнерсiң. По-моему, он поступил как первоклассный джентельмен.

   Баукең сөз бiттi дегендей кресло арқалығына шалқая жатып, көзiн жұмды. Мен орнымнан тұра бермек едiм:

  -Әй!- деп тоқатты.-Бiр аяғы жердегi, бiр аяғы көрдегi шал адамгершiлiгiн жоймаған ғой, ә?- дедi.

   Мен үндемедiм. ,,Ие,, деп қоштайын десем, Баукең:

   -Сен мұны қазiр түсiнбейсiң, өзiң қартайғанда түсiнесiң!,, деп ұрсып тастар деген ойда мүдiрiп қалдым.

   Баукең көңiлдене күлiп:

   -Сау бол, қарағым, Номерi белгiсiз Бауыржанға сәлем айт-, дедi.

 

Жалғасы осында