МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында  

 

ЖАМБЫЛ САПАРЫ

 

     – Әй, бүріспей, адамға  ұқсап отырсаңшы! Бөтен емессің, екеуміз сырласпыз ғой. Жоқ, сырлас емеспіз бе?

    – Сырласпыз.

    – Сенен жасырғаным бар ма? Бар болса, мынаны неге жасырдыңыз деп айтсаңшы?

    – Ештеңе жасырған емессіз.

    – Е, солай десеңші. Өзім алжып отырған шалмын, есімнен шықпай тұрғанда айтайын, шырағым. Әнеукүні Жамбылдан Бибатырова деген әйел  жазушылар  одағына  телефон  соғыпты. Облыстық партия комитеті бюросының шешімінсіз ол өз бетінше телефон соға алмайды. Жазушылар одағында үшінші хатшы ғана бар екен. Сонымен сөйлесіп: «Осындай, қазанның он бесі күні Баукеңнің жетпіс жылдығын Жамбылда өткізгіміз келеді», – депті.

   Облыстық партия комитеті Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешімінсіз  ондай қадамға бармайды. Ертеңгі күні «неге өйттіңдер?» деген сөз естіп қалуы мүмкін.

   Ниеттеріне мен қарсы емеспін. Бір жағы азаматтық арым, екінші жағы жақсылы-жаманды партия мүшесі екендігім бар ғой. Егер қарсы ниет танытсам, әдепсіздік болар еді. Шақырмаса, неге шақырмадыңдар демеймін. Айту түгілі көңіліме де келмейді.

   Жамбылдың шақырғанын Дмитрий Федорович Снегин ести салысымен үйге телефон соғып:

   –Ілесіп мен барайын. Александра Яковлевна да Баукеңнің туған аулын көргісі келеді, – депті. Көрнекті жазушымыз Тахауи Ахтанов та: «Мен де барамын, баяндаманы мен жасаймын», –  деген көрінеді. Мына жақтан Сәуірбек Бақбергенов үн қатыпты. 

    Осы жайға тоқтала келіп:

    –Бұл мәселені мен ойландым. Бірақ ешкімге пәлен-түген дегем жоқ. Саған ғана айтып отырмын, –  деді Баукең  алға ұмсына түсіп. – Егер Жамбылға шақырса, «маған ешқандай кавалькаданың керегі жоқ» деймін. Сен кавалькаданы» не екенін білесің бе?

    – Жоқ.

    – Патша әйелі екеуі экипажға отырып, сапар шеккенде алдында, соңында, оң, сол жағында атты әскер күзетіп жүреді. Елдің бәрі патша келе жатыр деп Санк-Петербургтың көшесіне шығып тұрады.

   Сол эскадронды кавалькада дейді. Шынымды айтсам, қарағым, маған оның керегі қанша? Қарапайым түрде поезға мінемін, түсемін. Алматыда да, Жамбылда да маған ешкім қастандық жасамайтынына сенем. – Дауыстай күлді. –  Мен мұны саған бейнелеп айтып отырмын. Астарына түсінерсің? Мына жеңгең күнібұрын демалыс алды. Қазір оның жартысы өтіп кетті.

   – Әй, сабыр етсеңші. Демалысыңды Жамбылға барар күніміз  белгілі болғанда ғана ал, – дегенімді тыңдамады.

    Бір қызығы бізге ілесеміз деушілер күннен күнге көбейіп барады. Еріккен үш қатын кеше жеңгеңе:

    – Баукеңнің арқасында  Жуалыны, Жамбылды көріп қалайық, – десе:

    – Е, барамын десеңіздер, қарсы емеспіз, –  депті жеңгең. Мен ашуланып, ұрыстым.

    – Әй, қарсы емеспіз деп нең бар? Біріншіден, Жамбылға менің барар, бармасымды жазушылар одағы шешеді. Бұл жақтан бес-алты әйел қосылса, ауылдан әпкелерім, жеңгелерім қосылса, бір батальон болмай ма? Мұның қалай? «Баукеңе айтып көрейін, ол кісі қалай қарар екен?» демейсің бе?

    – Қа-а-лай айтамын? Ақ ниеттерімен барамыз деп отырса?  

    – Ой, түкке түсінбейді екенсің ғой. Жазушылар одағы мақұл десе, қаулы шығарады. Баратындарға әдебиет қорынан жол кіре, мол кіре деп қаржы бөледі. Сен немене сыртымнан билеп, күллі әйелді жинап отырсың. Бауыржан Алматының бір топ сұлуын ертіп келіпті. Қартайғанда мені сұлулар батальонының командирі болған ба? – деген сөзге қалдырмақсың ба? Ендігі естімеген сөзім осы ма еді?

   Мен өзімді өзім ұстай алмай мырс ете қалдым.

   – Неге ойланбайсың? Олар еріп барғанда не бітіреді? Жұртқа концерт қойып, менімен билей ме?

   Күлкіден жарылып кете жаздап, өзімді өзім әрең ұстап бақтым.

   – Ойланбастан уәдені үйіп-төге береді екенсің?

   Баукең темекі тұтатып бер дегендей ым жасады. Мен стол үстінде жатқан сіріңкені алып, айтқанын тез орындадым. Көк түтінді бұрқ еткізіп:

    – Елуге, алпысқа, жетпіске толдым деу біздің жазушылар ішінде жазылмайтын ауруға айналған, – деді мысқылдай күліп. – Елді аралайды, астында машина, алдында тамақ. Рас па, өтірік пе?

    – Рас.

    – Жұрт біткен мақтап сөйлейді. Содан кейін сыйлық береді. Әлгі жазушымыз соларды дәметіп барады. Дәметіп дегенге түсінесің бе?

   – Түсінем.

   – Мен ондай нәрседен аулақпын, қарағым. Халқымыздың «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деген мақалын білесің. Шақырған жерден қалма дегені, сені құрметтесе, сен де оларды құрметте дегені.

    Мені туған жерім шақырып отыр. Оған бармаймын деп айта алмаймын. Олай десем, бізді менсінбеді деген сөз тумай ма?

   – Қалай етеміз? – деп кеше жазушылар одағындағылар менімен ақылдасты.

   – Снегин – қандыкөйлек досым. Тахауи – көрнекті жазушы. Сәуірбек те ешкімнен кем емеспін деп жүрген жігіт. Үшеуінің де көңілін қалдыруға болмайды десем де, бұл маған шамадан тыс жүк.

    Қазақша айтқанда, Жамбыл облысы да, Тараздағы жігіттер де сау сиырдың боғы емес. Ол облыстан да менің творчеством, өмірбаяным туралы баяндама жасайтын жігіттер де, жаманды-жақсылы басшылар да табылады. Менің ойымша, олар жоғарыда аты аталған ақылгөйлерге мұқтаж емес. Ақылгөйлер қайта оларға өйтіңдер, бүйтіңдер деп кедергі келтіруі мүмкін. Ну зачем целый эскорт? Қойшы көп болса, қой арам өледі деген. Мен былай ойлаймын деп Снегин шыға келсе, меніңше, олай емес, былай болсын деп Тахауи, мына жақтан Сәуірбек шықса, тірлік оңа ма?  Сол себепті жазушылардан ешкімді ертпейін деген қорытындыға келдім.

    Темекі түтініне көміле отырып:

    – Жұбан осында ма, осында емес пе, оны білмеймін, қарағым, –  деп біраз үнсіздіктен соң сөзін қайта жалғады. – Ол бірінші басшымыз ғой. Осында болса, жолықсам:

    – Осындай, Жамбылда да жігіттер бар, азаматтар бар, мыналарды араластырып қайтеміз? Бұлардан мен ешнәрсені қызғанып отырғаным жоқ. Бірақ бос даңғазалықты» керегі қанша?  –  деймін.

    Енді кейінгі пунктімді тыңда. Жұбан сенің командирің емес, бірақ беделі бар. Ол ініме: Мамытбек деген жігіт менімен көптен бері сырласып жүр. Одан не шығады, не қояды, ол өз алдына мәселе. Мүмкіншілігі болса, Жамбылға, Жуалыға барарда сол ілесіп жүрсін. Көрсін, естісін, байқасын. Мамытбекке бұл сапар материал ретінде керек. Ол жұмыс істейді, мыналар құсап сызылып, көкірегін кермейді. Оның қалай жазып жүргендерінен аздап хабарым бар. Бұл сапар сол жазып жүргендерінің бір тарауы болсын. Қалай көреді, қалай түсінеді – ол менң» ісім емес. Бірақ ізденіп жүргені рас. Жаңа айттым ғой, ол пәленмін, түгенмін деп  көкірегін көтермейді. Он будет сопровождать меня в качестве моего адьютанта. Көріп, ілесіп жүріп, керегін алатын жігіт. Мен де Мамытбек секілдімін, шіренбеймін, – деп ой бөлісем.

    Баукең темекісін үстін-үстін тартып:

    – Түсін! – деді маған алара қарап. –  Көңіліңе келсін келмесін, сен қысатыныңды қысып жүресің. Рас па?

    – Рас.

    – Ана үшеуімен салыстырғанда сенің ерекшелігің осында. –  Дауыстай, мәз бола, рахаттана күлді. –  Біреу-міреу пікір сұраса:

    – Өздеріңіз білесіздер,  – дейсің. Қысатыныңды  қысу деген осы. Бірақ әсеріңді алып, көңіліңе түйеріңді түйіп жүресің. У-шу дейтін нәрсе бар ғой, ә?

   – Ойбай, Бауыржанның жетпіс жылдығына ірі жазушылар еріп келіпті, –  дегеннің, қарағым, маған бір тиынға керегі жоқ. У-шуды облыстық, аудандық газеттер-ақ жасайды. Бірақ одан не пайда? Ол да өткінші нәрсе. Сол үшін мен Снегинді де, Тахауиды да, Сәуірбекті де ертіп бармаймын. Олардың атын бірде болмаса, бірде атамай қалсақ, өкпелейді. Ал сен менің атымды неге атамадыңдар? деп өкпелемейсің. Бұл шешімге ойланып келіп отырмын. Облыста кім сөйлейді, кім ілесіп жүреді, ол олардың ішкі жұмысы. Оған мен араласпаймын.

    Баукең маңдайын ұстап, ойға шомды.

    – Қатты шаршап отырмын. Мына үйдегі кемпір  – Күләнда әпкем де барамын депті. Ойы – шапан, көйлек киіп қайту.  Менің сапарымның қоғамдық мәнін түсінбейді. Барса, ол кісіні төрге шығару керек. Көңіліңе келсін, келмесін, кемпірдің әдебиетке, өнерге ешқандай қатысы жоқ қой. Әлде бар ма?

    – Жоқ.

    – Сөз берсе, ол кісі жұртқа: Бауыржан менің күйеу балам, қызымды алып еді – дегеннен басқа не айтады?

    Мен мырс ете қалдым.

    – Бауыржанның елін көрейік, құда-құдағиларды көрейік, – дейтінге ұқсайды. Бұрнағы жылы аулыма екі рет ертіп барғанымда көрді ғой. Ал мынау ресми сапар. Облыс шақырған соң, амал жоқ бара жатырмын.

     Мына жеңгең кеше: Бақытжанды да ертіп барайық –  деді.

     – Жоқ, болмайды, –  деп тастадым.

     – Немене, жалғыз балаң ғой. Ол да жазушы. Баласымен бірге келді демей ме жұрт? Ол биыл қырыққа толды. Әкесі жетпісте, баласы қырықта дейді.

    – Жоқ, болмайды.

    – Неге болмайды?  – деп жеңгең барпылдап  кетті.

    – Әй, мүмкін сенің ана екі ініңді, келіндеріңді, олардың бала-шағаларын, бәрін бір эшелон етіп ертіп барайық. Ресми шақырумен ісің бар ма, жоқ па?!  –  деп тастадым.

    Жеңгеңнің ашуының өзі қызық. Кәдімгі шолақ белсенділердің ашуы.

    – Онда мен бармаймын! –  деді жұлқынып.

    – Мынауың дұрыс! Сені барсын деп отырған мен де жоқ. Барғанда жұрт: Ойбай, Бауыржан мына добалдай қатынды қайдан тапты екен? Басқалар құрып қалғандай мұнысы несі? – деп естіртіп айтпаса да, ішінен ойлайды. Бармаймын дегеніңнің маған керек жері осы. – Ашуланып, бөлмеден шығып кетті. Шықсаң, шыға бер!                

    Ертесіне келді. Бауке, Баукетай деп қалыпты. Ақылы түстен кейін кірген бе, қайдам? Әйтеуір Баукетай бола қалыппын. – Баукең біраз кеңкілдей күліп алды. – Әрине, туған жеріме жалғыз сопайып барғаным жараспайды ғой. Мейлі добалдай, мейлі қап-қара десін /Менің түрім де оңып тұрған жоқ /, лаж жоқтықтан мұны ертемін. Лаж жоқтықтан емес, исходя из логического соображения, барамын десе», қарағым, сені ертіп барамын. Бүгін қай күн?

   – Қазанның тоғызы.

   – Мен Жамбылда он үші күні болуым керек. Алдымен облыс басшыларына барып сәлем беремін. Одан арғы шараларын өздері біледі.

    Аулыма барған соң:

    – Ассалаумағаликум, туған жерім, туған елім?! Шақырғандарыңа рақмет. Көріп, қуанып тұрмын, – деймін.

   Шымкентке жолым түсе ме, түспей ме, білмеймін. Сыпатаев атындағы мектеп – менің ұшқан ұям. Егер облыс басшылары шақырса, ұшқан ұяма соғамын.

    – Мектебімізден осындай кісі шыққан, –  десе, балаларға үлкен тәрбие. Шақырмаса, айттым ғой, ренжімеймін.

    Шымкентке бара қалсам, бір үлкен шаруам бар. Ол өте маңызды шаруа. Сен ұқыпты тыңда. Сыпатаев мектебінде маған Мұса Мылтықбаев, Сейілбек Үсенов, Тәңірберген Отарбаев деген кісілер сабақ берген. Олар менің ұстаздарым. Аруақтары риза болсын, қартайған шағымда сол кісілер туралы кітап жазбақпын. Облыс басшыларына: Ұстаздарымның мұрағатын табуға көмектесіңіздер? – деймін.

   Өзің білесің, қарағым, мен Панфилов, Чистяков, Редин, тағы басқа әскери ұстаздарым туралы кітап жазған кісімін. Енді мектептегі ұстаздарым туралы қолыма қалам алмақпын. Саған бұрын қолымнан қаламым түсіп қалды деп едім ғой. Бұл, қарағым, қартайған шағымда маған оңай емес…

   Нендей себеп екені  белгісіз, Баукеңнің Жамбыл облысындағы жетпіс жылдық тойы кешігіп, келесі жылдың ақпан айында өтті. Аяқ асты  ауруханаға түсіп қалуыма байланысты мен ол тойға  қатыса алмадым. Менің орныма Баукең   ұстазы  Тәңірберген Отарбаевтың қызы Ұлжанды ертіп барды.

 

                                  *    *    *

    

          Сәл шегініс жасайын. Уәде бойынша Ұлжан апайға  орталық мешіт жанында жолықтым.  Апай аласа бойлы, етті-жеңді кісі. Соңғы кезде толыңқырап, жүріп-тұруы қиындай түскен. Жасының ұлғайғанына қоса жүрек талма ауруы бар. Өң-түсі кәріске ұқсаңқырайды, көздері аздап кішілеу.

      – Пітір беріп, енді үйіме қайтпақ едім, айналайын.

      – Ниетіңіз қабыл болсын. Ренжімесеңіз апай,  оңашалау жерге барып, әңгімелессек, – деп едім:

      – Жарайды, мен асығыс емеспін, – деп  жадырай тіл қатты. Пушкин көшесі жиегіндегі  жасыл ағаш саясына қойылған ұзынша орындыққа қатар жайғастық.

      – Ұлжан апай,  Жамбыл сапары туралы айтып берсеңіз?

      –  Сен кешір, қарағым, жағдай толық түсінікті болу үшін әуелі сөзді әкемнен бастайын.  Шымкенттегі жездем, Яхтия әпкемнің күйеуі  әкем туралы газетте жарық көрген мақалаларды жинап жүретін. Жинағандарын көбейтіп, бізге бір-біреуден үлестіретін. Оны кейде  жоғалтып қойып, алдына өтінішпен барсақ:

     – Сендердің ұқыпсыз екендеріңді білем, – деп жинағандарының көшірмесін қайта беретін. Ағам Қайратты ақкөңіл деп өте жақсы көрді. Қайрат ауырып, қайтыс болғанда:

     – О-ой, орны бөлек еді, – деп қатты күйзеліп, жылады. Осы жездем жолы түсіп Сарыағаштағы  бір танысының үйінен әкемнің Сәкен Сейфуллинмен бірге түскен кішкене суретін көріп:

     – Шымкентке апарып,   көбейтем де, өзіңе қайтарып берем, – деп әлгі суретті жалынып-жалпайып сұрап ап, көбейтеді. Сол суреттің бір данасын  маған сыйлаған еді. Оны күні-түні жүрегімнің тұсындағы төс қалтамда сақтап, оңашада ұзақ көз алмай қарап, ойға батумен болатынмын.

     – Әкешім, сізді өмірбақи сағынып, іздедім. Танитын кісілердің бәрінен Менің әкем кім боп істеді, ол кісі мына жарық дүниеде бар ма еді, мен ұқсаймын ба деп сұрай беретінмін. Ешқайсысы ештеңе айтпайтын. Кейін білдім, олар «халық жауы» деп сіз жөнінде бір сөз айтуға қорқады екен.

     Интернатта оқып жүрген кезім. Құрбы қыз келіп:

     – Сені біреу шақырып жатыр, – деді. Барсам, қақпа алдында әскери киім киген қазақтың баласы тұр.

     – Сіз Ұлжан Отарбаевасыз ба?

     – Иә, мен.

     – Әкеңіз Тәңірберген Отарбаев тірі.  Оны көшеде көріп қалдым. Қасында 5-6  жасар баласы бар, – деді. Жүгіріп нағашы апам Пернеге бардым. Ол кісі ақылды, ағайын-туғанға өте сыйлы кісі еді.

     – Мен білетін Тәңірберген болса, отбасына бір келмей кетпейді. Ол тірі емес, – деді Перне апам. Тұла бойым мұздап сала берді.

      Интернат жанындағы мектепті бітірген соң, тегін тамақ береді дегенді естіп,  Алматыдағы қыздар институтына кеп, оқуға түстім. Әкемнің суретін қайтсем үлкейтем деп қиялдап жүргенде алғашқы стипендиямды алдым. Дереу фотостудияға барып,  суретті үлкейттім.  Жатақханадағы бөлмеме әкеп, ана жерге бір қойып, мына жерге бір қойып, қуана күлімдеп, көз алмай қарай бердім. Бірер күн өткенде:

     – Ауыл шаруашылық жұмысына барасыңдар. Жолға дайындалыңдар, –деген хабар естідік.

     – Енді қайттім? Әкемнің үлкейтілген суретін бөлмеде қалдырсам, жоғалып кетуі мүмкін. Яхтия әпкем:

     – Алматыда  әкеңнің қолында оқыған Фархат Болатбеков деген кісі бар. Соның үйіне барып тұр, – деп адресін берген еді. Үйі Көк базардың үстіңгі жағында екен. Қоңырауын бастым. Есікті ашқан әйел:

     – Кім боласың? – деді.

     – Яхтия әпкемні» сіңлісі, Қайрат ағамның қарындасы болам, – дедім. Тәңірберген Отарбаевтың қызымын деп айтуға  батпадым. Халық жауының қызы қайдан жүр, бәлесінен аулақ дей ме деп жүрексіндім.

     – Ә, Алматыға қыдырып келдің бе?

     – Жоқ. Қыздар институтының бірінші курс студентімін. Мына суретті сіздердің үйлеріңізге уақытша қалдыра тұрайыншы? Жатахқанада жоғалып кете ме деп қорқам, – деп едім:

     – Фархат, бері кел! – деп дауыстады. Бүйірдегі бөлмеден үстіне  қоңыр түсті халат киген зиялы кісі шықты. Сұлу өңі  тым суық көрінді. Маған бір қарап, амандасты да, суретке асығыс қол созды. Сол сәттегі ол кісінің қуанғанын көрсеңіз. Суретті апарып, пианиноның, біресе телевизордың үстіне, біресе терезе жақтауына қойып, сүйсіне қарап:

       – Айжан, Гүлжан, Аян, Ерік, тұрыңдар! Мынау Менің ұстазым Тәңірберген Отарбаев деген кісі! – деп мәре-сәре күй көшіп, балаша қуанды. Мені құшақтап, маңдайымнан сүйіп, өзін өзі мүлде ұмытқандай болды. Бір кезде есін жиып, суретті балаларына көрсетіп, әкем туралы әңгімелей бастады. Сөзін аяқтаған кезде үн-түнсіз үйінен шықтым. Екі көзім жасқа толы.

   Қарсы ұшырасқан аналар:

    – Қызым, неге жылайсың? Бір қолайсыз жағдай болды ма? – деп сұрайды.

    – Жоқ, Әкемнің шәкірті табылды. Мен қуаныштан жылаймын, – деймін. Жатақханама жеткенше: 

     – Е, Менің әкем жақсы кісі екен ғой. Егер ол кісі тірі болғанда мен де ана балалар секілді еркін өсер едім. Бәрінен әкемді сыйлайтын жер бетінде  бір адам бар екен, – деп тәтті қиял жетегіне еріп, өзімді ең бақытты жан сезіндім.

     Ауыл шаруашылығы жұмысынан келісімен әкемнің үлкейтілген суретін Шымкентке алып барып,  Яхтия әпкемді қуантсам дедім. Сол оймен Фархат ағаның үйіне бардым. Есікті ашқан Мәку апай:

     – Ағаң үйде жоқ, – деді.

     – Апай, суретті алғалы келдім.

     – Оны ағаң күнде көріп, қуанып жүр, қалай аласың?

     – Маған ол суреттен қымбат ештеңе жоқ. Бар байлығым да, өткен өмірім де, алдағы болашағым да осы сурет.

     – Ой, қарағым, Фархаттың мінезі жаман. Бізге ашулануы мүмкін. Суретті таңертең көріп, сандықтың түбіне жасырып қойған еді.  Ол кісінің рұқсатынсыз оны бере алмаймын.

     – Мен талап етем, – деп кетпей тұрып алдым. Ақырында Мәку апай суретті сандық түбінен әкеп берді.

     Жылдар жылжып өтіп жатты. Ауыл шаруашылық институтының оқытушысы Әбдуғали деген жігітке күйеуге шықтым. Бауыржан Момышұлы әкемнің шәкірті   деген сөзді  естіп, енді ол кісіні көрсем деп армандадым. Әбдуғалиға күнде:

      – Мені Бауыржан ағаның үйіне апар, – деп өтіндім.

      – Ол кісі қатал, дөрекі, көңіліне жақпай қалсаң боқтайды дейді. Бір құрдасы: Бауке, неге боқтайсыз? – десе, Өй, ақымақ, бағалай білгенге, боқтау да –  ақылыңды орнына қоятын бір жұмыс,– депті. Қалай барамыз? – деп жүрексінді. Мен:

      – Боқтаса да, ұрысса да мейлі. Ол кісінің боқтағаны, ұрысқаны маған майдай жағады, – деп қасарыстым. Әбдуғали:

     – Жақсы, ертіп барам. Баукең боқтаса, өзіңнен көр, – деп уәдесін берді. Сөйтіп жүргенде 4-5 жыл өтіп кетті. Әбдуғалиға:

     – Базарға барам, – деп шынымды айтпай, үйден шықтым. Оған шынымды айтайын десем:

     – Дөрекі, боқтайды, – деп  тартыншақтайтынын білдім. Батылданып, тәуекел деп тіке Бауыржан ағаның үйіне тарттым. Есікті Жәмила әпке ашты. Ол кісіні  танитынмын, күні бұрын жолығып:

     – Үйіңізге барам, – деп ескертіп қойғам.

     – Бауыржан Тәңірберген Отарбаев менің сүйікті ұстазым деп ылғи айтады. Ішке кір, айналайын, – деді де, жылдам басып, көрші бөлмеге еніп:

     – Бауке, ұстазыңыз Тәңірберген Отарбаевтың қызы келді, – деп дауыстады. Сәлден кейін аса сұсты, қасқалана бастаған кең маңдайы жарқырап, бұрыл мұрты тікірейіп, отты жанары шоқтана түскен Бауыржан аға шықты. Көйлекшең, бұрыл шашы кейін қарай жатпай, жалдана көтеріліп тұр. Жаныма жақын кеп тоқтады. Үсті-басыма тесіле қарап, қолымды алды. Мен ұстазым қызы келді деп қуанатын шығар, құшақтап маңдайымнан сүйер деп едім, олай етпеді. Сұсты, сабырлы қалпын сақтап, қадала қарап тұр. Жүрексіне бастадым. Шегінерге жер жоғын сезіп:

     – Аға, мен Тәңірберген Отарбаевтың қызы боламын, – дедім. Даусым дірілдеп, әзер шықты.

     – Өтірік айтпа! Ол кісі ұзын бойлы, сұлу, ақын кісі болатын. Сенің бойың қортық қой, – деді. Сілейгеннен сілейіп, не дерімді білмей тұрып қалдым.

      Кенет Бауыржан аға:

      – Тәкең, Тәңірберген Отарбаев жарықтық  менің  ұстазым. Мұсылманшалап айтсам, пірім! – деді шамырқана, қатулана сөйлеп. Көңілім босап, көз жасыма ие бола алмай кеттім. Жылдар бойы аңсап, армандаған: Әкең –менің ұстазым» – деген бір ауыз сөзді естіген сәтте өзімді көк әлемінде қалықтап ұшып жүргендей сезіндім. Бауыржан аға:

     – Жылама! Әйелдердің көз жасына төзгім келмейді! – деп қатты айқайлап жіберді.

     – Бауке, қызықсыз ғой, Ұлжан түгілі меніңде көңілім босап кетті.  Сізді көргенге әкесін көргендей қуанып,  толқып тұр ғой, – деген Жәмила әпкеге:

     – Әй, добалдай, сен араласпа, тыныш отыр! – деп зекіп тастады.  Ішімнен:

      – Нендей жағдай болса да төзем. Маған тек қана әкеңді танимын деген бір ауыз сөзін есту – арман еді, – деп өзімді өзім қайрап келген мен тез көз жасымды тидым. Жәмила әпкемнің анасы Күләнда апа:

     – Дәмге келіңдер, – деп қонақ күтетін бөлмеге шақырды.

     Мен төрге шыққам жоқ, Бауыржан ағаның қарсысындағы орындыққа жайғастым. Бұдан  он минут бұрын ол кісіні бір көрудің өзі маған арман еді, енді қарсысында отырмын. Тәуба, тәуба дей бердім ішімнен.

      Бауыржан аға әкем туралы сөйлей бастағанда мен қуаныштан жарыла жаздап,  бейне әкем тіріліп келгендей тағы  жылаумен болдым. Көзім жасын тия алмадым. Бауыржан аға ашуланып, ұрса ма деп едім, ұрысқан жоқ. Керісінше жұмсарып:

      – Шырағым, айтшы? Тәкеңнен кімдер бар? – деді.

      – Алпысқа жақындап қалған Яхтия әпкем, менен 16 жас үлкен Қайрат деген ағам бар. 

      – Сен  фамилиялас Тәкеңнің туысқаны, әлде атын жамылып жүрген  біреу шығарсың?          

     – Қойсаңызшы, Бауке. Мен бұл Ұлжанның нағашыларының бәрін білем, – деген Жәмила әпкемнің:

     – Әй, добалдай, мен сенен ештеңесұрағам жоқ! – деп Бауыржан аға бетін қайтарып тастады. Мені сынап отырғанын іштей сездім.

     – Әкемді халық жауы деп ұстап әкеткенде мен бір айлық екем. Әпкемнің айтуынша  екі адам келіп, үйден алып кеткен.

     Бауыржан аға бетіме қарап отырды да:

     – О, шырағым, Тәкең сирек кездесетін тамаша тәрбиеші, таң қаларлық талантты педагог еді, – деп әкемнің ерекше қасиеттерін асықпай, жіпке тізгендей   етіп, рет-ретімен айта бастады. Дәл қазір менен бақытты адам бар ма екен?! Бауыржан аға қандай керемет адам?! Баяғыда өлген, жұрттың бәрі ұмытқан әкемді қайта тірілтті деп қуаныштан көкке ұша жаздап, әр сөзін қалт жібермей тыңдай бердім, тыңдай бердім.

      – Асыл ұстазым Тәкең болмағанда мен жазушы болмас едім, – деп әкем туралы Бауыржан аға соншалықты сүйіспеншілікпен айтып отырғанда, маған бар дүние күлімдеп қарап тұрғандай, алдымнан да»ғыраған жол ашылып, қиындықты» бәрі артта қалғандай, жарқын да жақсы өмір құшақ жайғандай сезілді.  Қанша уақыт өткенін білмеймін:

     – Күйеу бала не істейді? – деген Бауыржан аға сұрағы мені  тәтті ұйқыдан оятып жібергендей болды.

     – Ауыл шаруашылығы институтында оқытушы боп істейді. Келесі жолы сізге сәлем бергелі келеді, – дедім.

     Жәмила әпке қайта-қайта:

     – Ұлжан, тамақ жесеші, тамақ же! – дей берді. Мен қалай тамақ жеймін? Маған тамақ емес, Бауыржан ағаның әңгімесі керек боп барады ғой.

      Күләнда апа да бір жағынан:

     – Тамақ же, қарағым, түк жемедің ғой, – деп қояды. Ол кісілердің Бауыржан ағаның сөзін қайта-қайта бөле бергеніне сондай жыным келді. Бауыржан аға:

    – Шырағым, ұялмай тамақ жеп отыр. Тәкеңнің қызы келді деп қой соя алмаймын.  Ұялып, қымсынба. Мен саған қырындайтын жігіт емеспін, – деді.

     – Аға, мен ондай жастан өтіп кеткем. Қырыққа жақындап қалдым. Қартайдым, – деп едім:

     – Мен жетпіске келдім. Мен өзімді кәрімін деп есептемеймін, – деп Бауыржан аға дауыстап күлді.

     – Рұқсат етсеңіз, аға, мен қайтайын. Келесі жолы күйеу балаңызбен келем, – деп қоштастым. Әбдуғалиға  тезірек жетуге асықтым. Ол мені тыңдап болып:

     – Кейін ұмытып қаласың, мына айтқандарыңның бәрін тездетіп қағазға түсір, – деді тебірене қуанып.

     – Мен тірі жүрсем, Бауыржан ағаның бір сөзін де ұмытпаймын. Ұмытуым мүмкін емес, – дедім.

     – Сонда да жазып қой, Ұлжан, жазып қойғаның жақсы. Базарға барам деп мені алдапсың ғой.

     – Басқа амалым қалмады. Әні апарам, міні апарам дегені»е 4-5 жыл өтіп кетті.

     – Боқтады ма?

     – Боқтаған жоқ. Боқтаса да маған майдай жағар еді. Себебі, әкем туралы айтқан сөздерінің жанында боқтағаны түкке тұрмайды. Керемет ұлы адамды көріп, керемет, тамаша ұлы адамнан әкем туралы әңгіме есту маған әлемдік жаңалықтай сезілді. Әкем тіріліп, қасымда отырғандай болды...

     Осылай деп Ұлжан апай жасаураған жанарын орамалмен сүртті. Мен де толқып, үнсіз отырып қалдым. Әлден соң:

     –Бауыржан ағаның үйіне Әбдуғали жездемді  ертіп барғаныңызда мен де болдым ғой. Сонда ол кісінің маған сыбырлап: Баукең не деген мәдениетті адам?! Боқтайды деп босқа қорқып жүріппін, – деп қуанғаны есімде. Сөз арасында Бауыржан ағаның Әбдуғалиға  қойған сұрақтарының мәнін түсінген шығарсыз? – деп едім, Ұлжан апай:

      – Қандай сұрақтар қойғаны қазір есімде жоқ, –деді үһілей күрсініп.

      – Мамандығың бойынша сен кімсің? – деді ғой.

      – Тарихшымын, Бауке, – деп Әбдуғали қысыла-қымтырыла жауап қатты.   

      – Елің кім?

      – Арғын.

      – Ұлжанның елі ше?

      – Қоңырат.

      – Менің елім ше?

      – Дулат.

      – Ой, сен мықты тарихшы екенсің. Үш атаның баласы бір қазанда қайнай алатынымызды  жақсы дәлелдедің. Енді мына сұраққа жауап бер. Біздің бір қазанда қайнағандағы мақсатымыз не?

      – Бірлікте болу.

      – Бірлікте болмасақ бір қазанда қайнаймыз ба?

      – Жауабын өзіңіз айтыңызшы?

      – Біздің  бір қазанда қайнағандағы мақсатымыз – халқымыздың жүрегіне нәр сыйлау, халқымызды қуанту...

    – Енді есіме түсті. Бауыржан ағаның бұл секілді айтқан ойлы сөздері көп. Ол кісіні  жалғыз бөлмелі үйімізге қонаққа шақырғанда  өзің бірге болдың ғой. Сонда Бауыржан аға:

      – Төсек тартып жатқаныма қарамастан Тәкең аруағын ардақтап келіп отырмын. Ол кісі қазір оң жағымнан да, сол жағымнан қарап тұр, – деді.

     – Иә, оны  бәріміз естідік.

     – Бір барғанымда: «Әкем атына бір көше берсе деген ойым бар.  Бұған қалай қарайсыз, Бауыржан аға?» – дегенімде, Жәмила әпке:

     – Әй, айналайын, оны анау жергілікті жердегілер қарап, жоғарыға ұсыныс жасайды. Менің әкем атына көше бер деп әркім жүгіре берсе, не болады? – деп еді, Бауыржан аға:

     – Мына Добалкүлдің айтқаны дұрыс. Шырағым, Тәкең жарықтық ұзын кісі еді, сен неге қортықсың? – деді күлімсірей қарап. Өзімді еркін ұстап, еркін сөйлей бастаған мен:

      – Аға, әкем бір айлығымда ұсталып кеткендіктен сүт жетпей қалған шығар. Күйеу балаңыз қортықсың деп шағым айтып жүрген жоқ, – деп едім, Бауыржан аға аха-халап ұзақ күлді.

     – Әзілді түсінген дұрыс, қызым.  Маған талай дөкей келеді. Олар өздерінше шіреніп сәлем береді. Мен шіренгендерін жақтырмай,  «кругом, шагом марш!» деймін. Олар табандарын жалтыратады. Сол кеткеннен мол кетіп: «Бауыржан дөрекі, мінезі жаман» – деп өсектейді. Әзілді түсінгендер, кругом, шагом марш десем:

      – Ой, Бауке, ашуға мінбей тұра тұрсаңызшы. Еш болмаса, нан ауыз тиейік,– дейді.

      – Бұйрықты орындамағаның үшін айыптысың, төрлет деймін. Қызым, Тәкеңе тартқаныңа енді көзім жетті. Әзілді түсінеді екенсің. Қортықсың дегеніме бұрқан-тарқан боп ашулана ма деп едім, ашуланған жоқсың. Қайта мені орынды мен сазға отырғызды».

      – Аға, сізді» қортықсың деген сөзіңіздің өзі   маған майдай жағады. Тірі әкемді көргеніме мың бір рет тәуба деймін,–деп тағы толқып, қуанғаннан көңілім босап, көзіме жас алдым.

     Бауыржан ағаның үйіне баруды бұрыңғыдан да жиілеттім. Әсіресе, қонақ шақырса, қазан-аяғына араласып, көмектесем. Бауыржан аға:

     – Қызым, сен бұл үйдің малайы емессің.  Сенің орның – төр, – деп қысылып-қымтырылып, қарсыласқаныма қарамай мені төріне, құрметті қонақтарының қасына отырғызатын. Сондай сәттерде өзімді өзім ұстай алмай қуаныштан жылайтынмын.

     – Маған сендей жылауық қыздың керегі жоқ! Бүйтіп жылай берсең, бұдан былай үйіме аттап баспа! – деп зекіп, Бауыржан ағаның ашуланған да кезі болды.

     – Аға, кешірерсіз, мені ешкім Алматыда сізге ұқсап төріне шығарған емес.  Мен  қуанғанымнан жылап отырмын.

     – Қызым, қуанышта да, қайғыда да өзіңді өзің ұстай біл.  Онсыз денсаулығыңнан айырылып қалуың мүмкін.

     Бауыржан ағаның осы сөзі мені қайраттандырып, қатуландырды. Қандай жағдай кездессе де өзімді өзім ұстай білуге талпындым.

     – Баукеңнің тағы қандай қасиетін байқадыңыз? – деп мен қосымша сұрақ қойдым. Ұлжан апай аз-кем ойға шомып:

     – Ол кісі үйіне қонақ келгенде маған да сөз береді. Мен орнымнан тұрам. Сол сәт  қолын сермеп, отыр деген белгі жасайды. Мен орныма отыра қалам. Бауыржан аға  қонақтарға  әкемді кеңінен толғап, таныстырады. Маңдайымнан бір рет сипамаған, айналайын деген бір ауыз сөзін ести алмаған әкем бейнесі көз алдыма елестеп,  Бауыржан ағаның барлық қимыл-қозғалысы, әр сөзі әкемнің қимыл-қозғалысындай, әкемнің сөзіндей әсер етіп, ғажап рахат сезімге батам.

     – Ойпырмай, мынандай алып, ұлы адам әкем туралы дастан айтып отыр ғой. Тағы қалай әдемі айтады. Даусы қандай?! Әкем шынында үлкен, ұлы адам болған екен-ау, – деп қиялмен әкеммен тілдесем.

     Бауыржан аға сөзінің соңында:

     – Асыл ұстазым Тәкеңнің қызы Ұлжан төрімде отыр. Енді Ұлжан қызым сөйлейді, – дейді. Бұдан артық маған қандай бақыт керек?!  Кешегі «халық жауының» қызы деп көзтүрткі  болған, еңсемді езіп, жігерімді құм еткен жаутаңкөз жетім күндерімнің, әлдекімдерден көңілімнің қалғаныны» бәрі ұмытылып, еркін, шабыттана, шалқи сөйлеймін. Сәл күмілжіп, кібіртектесем Бауыржан аға ренжіп қалар, әкемнің атына сөз келер деп намысқа тырысып, құлашты  кеңге сілтеймін.

      Кешегі жаутаңкөз жетім күндерімде: «1937-1938-ші жылдары жұрттың бәрін «халық жауы» деп ұстап, атып жатқанын біледі. Осындай ауыр жағдайда мені өмірге әкеп не қылатын еді?» – деп әке-шешемді кінәлап, жылайтынмын. Енді Бауыржан ағаның төрінде отырып:

     –Сондағы күпір ойымды кешір, Алла тағалам.  Әкем тірі,  қасымда отыр, – деп соншалықты көңілім тасып, толқып, тебірене түсем. Бәрінен Бауыржан ағаның:

     –Енді Ұлжан қызым сөйлейді, –  деген бір ауыз сөзі қандай?!  Осы бір ауыз сөзді жылдар бойы естісем деп армандадым ба?

     Бірде Әбдуғали:

     –Келім-кетім көп. Мынау бір бөлме тар. Қашан үйде тыныштық болады? Біресе Жетісайың, Шымкентің, Түркістаның, біресе Қарағандың келеді. Олар аздай студенттер бар, – деп ренжіді. Оның айтқаны да рас. Баяғыда аш-жалаңаш көше кезіп, қаңғып жүргенім есіме түсіп, студенттер үйіме келсе:

     – Айналайындарымның қарны ашып жүр ғой, – деп  асханаға қарай жүгіретінмін.

     Әбдуғалидың  реніш-тілегі түрткі болып, Бауыржан ағаға барып:

     – Аға, үйім тарлық етіп жатыр. Қиналып кеттік. Көмектесіңіз? – дедім.

     – Кезекке тұрмайсыңдар ма? – деді ол кісі ұнатыңқырамай.

     – Кезекке әлдеқашан тұрғанбыз. Жеті жылдан асты, кезек жетер емес.

     – Солай ма?

     – Солай, аға. Әке-шешем қуғын-сүргінге ұшырап, ерте көз жұмды деп, қажетті құжаттарды, газетте жарияланған мақалалардың қиындысын әзірлеп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Димаш Ахметұлы Қонаевтың атына өтініш  жазып келдім, – деп едім, Бауыржан аға маңдайын ұстап ойланып отырып, қолына қаламын алды. Екі кітабына қолтаңба және Димаш Ахметұлы Қонаевқа әкемнің кім болғанын түсіндіріп, хат жазды. Оны, газет қиындыларын, менің өтінішімді  конвертке ұқыптап салып, Жәмила әпкеме:

     – Егер қолы тисе, мына конвертті ашып, оқысын, қолы тимесе, уақытын алма. Табыста да қайт, – деді.

     Димаш Ахметұлы Қонаев Жәмила әпкемді қабылдап:

     – Бауыржанның жағдайы қалай? – деп сұрапты. Димаш аға 1940-шы жылдары Жәмила әпкемнің әкесімен бірге жұмыс істеген екен. Соны есіне алады.

     – Бауыржан Димекеңнің қолы тисе, мына хатты оқысын, қолы тимесе, уақытын алма, қинама деді. Ұстазының қызына қамқорлық жасайын деп осы хатты сізге беріп жіберді, – дейді Жәмила әпкем. Үлкен кісі:

     – Бауыржан ағаның хатын оқымау – күнә. «Адамды алдау – арыңның алдында қылмыс, ағаны алдау – анаңның алдында қылмыс» деген ғой, – деп конвертті ашып, Баукеңнің жазғанын да, газет қиындыларын да, менің өтінішімді де асықпай оқып шығыпты.

     – Баукеңнің ұстазы Тәңірберген Отарбаевты мен де білем. Алматыда Құрманбек Жандарбековтермен бірге жүргенін талай көргем. Ол кісілердің өз ортасы бар еді.  Біреуі шығыстан, екіншісі батыстан, үшіншісі оңтүстіктен, солтүстіктен келгендер, – деп Димаш Ахметұлы көмекшісін шақырып алады. Әр құжатты өз қолымен ұстап, іс қағазының теміріне асықпай біртіндеп қыстырып:

      – Баукеңнің өтінішін бір ай ішінде қанағаттандырыңдар, – дейді де, Жәмила жеңгейге бұрылып:

      – Баукеңе сәлем айтыңыз. Ұстазының қызына қамқорлық жасағаны  –  үлкен адамгершілік. Ерен батырдың ісі де ерен.  Мен Баукеңді жақсы білем, өзіне осы уақытқа дейін  ештеңе сұраған емес, – деп қоштасады. Сөйтіп бір айдың ішінде үш бөлмелі үйге ие болдық, – деді  Ұлжан апай жадырай күліп:

     Кеуде кере тыныс алып, сөйлеп отыр. 

     –Қайрат ағам: «Ұлжан, сен неге шешемізді есіңе алмайсың? Керісінше, әкемізді аузыңнан тастамайсың. Ол кісіні оқымысты болғаннан кейін ұмытпайсың ба?» – дейтін. Бетіне қар-а-ап тұрып:

     – Қайрат аға, әкемді көргенім жоқ, оқымысты екенінен де хабарсызбын. Әйтсе де неге екенін білмеймін, өмірбақи әкем, әкем деумен келе жатырмын. Осы күнге дейін, жасым жетпістен асса да, әкем туралы бір дерек, естелік, не сурет тауып алам ба деп газет-журналдарды, жаңа жарық көрген кітаптарды қарап жүрем, – дедім.

     – Кезінде Баукең, Бауыржан Момышұлы аға  ең қымбат ұстазым деп әкеңіз туралы маған көп сыр шерткен еді. Оны» біразын «Ұмытылмас кездесулер» деген кітабымда жаздым да ғой, – деген маған:

      –Оны оқыдым, жарығым.  Бауыржан ағамен алғаш танысқанымда: «Мен саған арабша оқуды үйретейін» – деген болатын. Қызығушылық таныта қоймадым. Танытпаған себебім, жөнді меңгере алмай, ол кісінің алдында ұятты боп қалам ба деп  қорықтым.

     Баукең:

     – Айналайын қарағым, саған барлық уақытта есігім ашық. Келіп тұр, – дейтін. Біздер, жетімдер кім жылы сөйлесе, соған қуанып, мәз боп көтеріліп қаламыз ғой. Бір жолы үйінде шай ішіп отырып:

     – Пәленше де әкемнің қолында оқыпты. Ол кісіге әлі барғам жоқ, – деп қалдым. Бауыржан аға от басып алғандай ыршып түсті.

     – Бар! Орныңнан тұр да бар!  Оған қазір бар! Неғып отырсың?! – деп қатты дауыстап, орнынан ұшып түрегелді.  Өң-түсі мүлде өзгеріп, тана көздері от шашып,  түтігіп кетті.

     Мен соншалықты ашуланатындай не болды деп шошып қалдым. Бір кезде Бауыржан аға сабасына түсіп:

     – Ол оңбаған  рақмет айтудың орнына, Тәкеңнің көзі  жұмыла салысымен өлеңін ұрлап, өзін жамандап жазған. За это я призираю его! – деді қаһарланып.

      Ұлжан апай қалтасынан орамалын алып, жанарын сүртті.

      – Енді Жамбыл сапары туралы айтайын, қарағым. Ол кезде ауыл шаруашылық институтында істейтінмін. Сырттан оқу бөліміне түскелі емтихан тапсырғандардың бағаларын қорытып, кім  шаруашылықта, кім әскерде қызмет етті, қай пәннен қандай білім деңгейін көрсетті, бәрін жазып, реттеп жатқанбыз. Бауыржан аға жетпіске толып, елінде өтетін тойына мені ертпек болды.  Жұмыстан сұранып едім, проректор  рұқсат етпеді.

     Жәмила әпкем:
      – Неменеге әлдеқандай боп кергиді? – деп ректорға телефон соғып, мені сұрап алды. Поезға міндік. Купеде бес адамбыз. Бауыржан аға, Жәмила әпке, мен, Қалысбек, Қалысбектің күйеу баласы. Сөйлесіп отырмыз. Баукеңе анау да, мынау да кеп сәлем береді. Демалатын мезгіл жетіп, Қалысбек екеуміз жоғарғы қабатқа шығып жаттық.

     Бауыржан аға аяғын созайын десе, ана күйеу –  қара бала кетпей, бүйірдегі шамды жағып, бірдеңені оқи қалыпты. Аға ары отырды, бері отырды. Аяғын созып, демалайын десе,  қара бала былқ етер емес. Бір кезде:

     – Әй, бұл не?! Мынау қандай оқымысты өзі?! Сен кімсің, қайдан келгенсің?! Шақырыңдар жолсерікті! – деді Баукең ашуланып. Қалысбек төменге секіріп түсіп, қара баланы сыртқа сүйрей жөнелді. Оған басқа жақтан орын тауып берген болу керек, сәлден кейін өзі қайтып келді.

       Бауыржан аға қатты қаһарға мініп:  

     – Қандай адам өзі?! Аяғымды созайын десем, сіресіп отырып алған, бұл кім?! – деп еді, Жәмила апай:

     – Қалысбекті» күйеу баласы, үйіне қыдырып келген екен, – деді.

     – Қалысбек кім?!

     – Сіздің жиеніңіз.

     – Е, ол менің екі туып бір қалғаным ба?

     – Артық сөзді қойсаңызшы, Бауке. Жоғарыда қызыңыз жатыр.

      – Қап! Жәмила әпкем  ашулы адамның  ашуын қоздыра түсер сөз айтпай-ақ қоймады ма? Енді маған да: «Ол екі туып бір қалғаным ба?!» – дейді-ау деп бір уыс боп бүрісіп,  қысыла түстім. Жәмила әпкем:

      – Жоғарыда қызың жатыр, – дегенде:

      – Қандай қыз? – деді Баукең.

      – Ұлжан.

      – Мм... она не глупая женщина, – деп Баукең екі рет қайталап айтты.

      Таразға жеттік. Көп адам қарсы алды. Көпшілік ішінде Мартайдың ажырасып кеткен әйелі Ақыл да жүр. Студент кезінен танитын едім, шүйіркелесіп қалдық.

     Бауыржан ағаны Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов қабылдайтын болды. Сол екі арада Ақыл маған:

     – Шаштаразға барайықшы? – деді.

     – Ана кісілерден рұқсат сұрайын, – деп едім:

     – Рұқсат сұрамай-ақ қой, қазір-ақ келеміз, – деп мені жетектей жөнелді. Барсақ, кезек. Біраз бөгеліп қалдық.

     Бауыржан аға:

     – Ана қыз қайда? Ұлжан неге көрінбейді? – деп мені іздепті. Жәмила әпкем білмеймін деп долданыпты. Бір кезде жанына жақындап едім:

    – Әй, немене сен, шашыңды осы жерде көріп қалды» ба? Ана қабылдауға сені бірге апарам деп іздеп таппай, Баукең маған қанша сөз айтты. Шошаңдап, мынаған неге еріп жүрсің?! Бұл Мартаймен тұрмайды, ажырасып кеткен. Мұны қайдан тауып алдың?! – деп Жәмила әпкем бұрқылдап ұрысты.

     – Енді не істеймін? Болары болды ғой, кінәлімін, әпке, – дедім.

     Ашуы тарқаған соң:

      – Баукеңді Бектұрғанов қабылдады. Ағаң ол кісінің сөздерін жөнді тыңдамай, темекі шегіп, өзінің алдында тұрған күлсалғышқа көңіл бөлмей, Бектұрғановтың алдындағы күлсалғышқа темекі күлін  түсіріп, мыжғылай езіп, онымен де қоймай кең бөлме ішін саябақты аралағандай  ары-бері кезіп жүрді. Мұның бәрін Баукең бірінші хатшының шамына тию үшін әдейі істеді, – деп Жәмила әпкем күлді.

     – Ол кісі не деді?

     – Ештеңе демеді, сыр бермей төзіп бақты. Жақпайтын бірдеме десе, ағаң орнынан тұра алмастай етіп, сілейте соқпақ қой. Соны түсініп, Бектұрғанов өзін ұстай білді. Ол кісі де оңай кісі емес екен...

     Баукеңнің кіндік қаны тамған туған жері – Жуалыға бардық. Мәдениет үйінде кездесу болды. Адам деген қарақұрым. Маған да сөз берді. Мен сөзімнің соңында:

     – Ақты қара, қараны ақ деп түлкіше құбылған заманда Бауыржан аға ешкімнен қаймықпай «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен менің әкем Тәңірберген Отарбаевты асыл ұстазым, ол болмаса, мен болмас едім деп өмір бойы ардақтап, құрметтеп, жазып та, айтып та келеді. Мұны мен тек ары, жаны таза адамның ерлік ісі деп білем.

      «Құрғақ қасық ауыз жыртады» дегендей болмас үшін  бір дәлелге жүгінейін. Бауыржан аға қаламын айға білеген не бір  қабырғалы жазушыларды қасына ертпей, сіздердің араларыңызға мені ертіп келіп тұр. Мұны мен ағаның ұстаз сыйлай алатын, адам сыйлай алатын адамгершілігінің адамгершілігі деп бағалап, басымды ием, – деп жұртшылық алдында Баукеңе тізерлей басымды идім.

      Зал іші шапалақтан жаңғырып кетті. Сөзімді жалғадым.

      – Алматыда өткен бір той есіме түсіп тұр. Онда мен жиырма жаста едім. Үзіліс кезінде үлкен профессор апайлар, ректордың, проректордың, деканның жұбайлары дәлізде шүйіркілесіп:

      –  Неге ер кісілер ғана сөйлей береді? Бізді, әйел жолдастарды неге елемейді? – деп күңкілдесті. Үзіліс аяқталып, орын орнымызға жайғастық. Ойымда ештеңе жоқ, Мұстафа деген ағайым даусын созып:

     – Біздің  ортамызды оқымысты  Тәңірберген Отарбаев ағамыздың көзі – Ұлжан қарындасымыз отыр. Сол қызымыз сөйлейді, – деп бірінші маған сөз берсе бола ма? Сасып қалдым. Мен бір әшейін Алматыда  елеусіз жүрген біреумін. Әке-шешеден ерте айырылған тас жетіммін. Намысқа тырысып, сөйледім. 

      – Өлең айт, шырағым, – деді отырғандар. Өлең айттым. Аясхан деген ағам жаныма кеп:

       – Ой, қарындасым, ризамын. Неге Тоқболаттың қызы осал болады деуші едім, осал емес, керісінше,  шалбарының жыртығын қолымен көлегейлеп көрсеткісі келмейтін намысқой ер азаматтар тәрізді намысқой екенсің, – деді. Қуаныштан көңілім босап: 

      – Алматыда адасып жүрген мені де адам деп елеп сөз береді деген ой басымда мүлде  болған жоқ еді. Тағы маған бірінші сөз бердіңіз. Соған өзім, шынымды айтайын,  төбем көкке жеткендей қуансам да, көпке дейін сенбедім. Қатты толқыдым. Сонда өзімді бірінші рет адам сияқты сезініп, жыладым. Аясхан аға: «Қой, қарағым, жылама. Сенің әкең біздің  әулеттің ішінде бірінші оқымысты адам. Сенде әкеңнің ұшқыны бар. Әйел болсаң да, ер азамат сияқтысың»– деп жұбатқан еді.  Енді, міне,  Бауыржан ағаның елінде, мына сіздердің орталарыңызда өзімді нағыз ер азамат ретінде сезініп тұрмын. Қиындық маған сөз емес, қиындықтың талайын жеңдім, жеңе берем.  Ар-намысыма еш уақытта кір жұқтырмаймын. Мені қайраттандырып, жігерлендірген, қанаттандырған  халқымны», әкемнің, Бауыржан ағамның  рухы, – деп едім, жұрт дүркірей қол соқты.

     – «Ағасына қарай інісі, апасына қарай сіңлісі» , «Әкені көріп ұл өсер, ананы көріп қыз өсер» дегенде Бауыржан ағамызды» бойындағы елсүйгіш, отансүйгіш, ұстазсүйгіш, тағы басқа да  асыл қасиеттері ұрпағымызға мәңгі жұғысты болсын, – деп сөзімді аяқтап орныма қарай кетіп бара жатыр едім, алдыңғы қатарда отырған адамдар басын шұлғып, Бауыржан аға жақты нұсқады. Бұрылып қарасам, аға мені сұқ саусағымен өзіне шақырып тұр екен. Қасына барып ем:

     – Я теперь верю, что ты дочь Такена, – деп маңдайымнан сүйді. Тұлабойым от боп маздап  жанып жатқандай күй кештім. Жанарым жасқа толып кетті.  

     Әзер өзіме өзім келіп, тәлтіректей басып, орныма қарай жүре бергенімде, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, орыс кісі:

     – Сізді меніңде сүюіме рұқсат па? – деді қиыла өтініп. Бауыржан ағаға көз тастап едім,  рұқсат дегендей басын изеді. Ол да маңдайымнан сүйді.

     Аудандық атқару комитетінің төрағасы ма, әлде орынбасары ма,   білмеймін, жылтыңдап жүрген біреу:

      – Бауыржанға да, ана орысқа да сүйгіздің. Маған неге сүйгізбейсі»? – деп  ұмтыла бергенінде бұрылып кетіп,  орныма кеп отыра бастап едім, Жәмила апай:

     – Баукең сені шақырып ап не айтты? Керемет құлпырып кетті» ғой, – деді бір түрлі қызғанғандай.

     – Я теперь верю, что ты дочь Такена деді, – деп едім:

     – О, Құдай-ау, сенің Тәкеңнің қызы екеніңді Баукең бұрыннан да айтып жүр емес пе? – деп күлді.

     Мен Жәмила апайға жауап қатқам жоқ. Жауап қататын халде емес едім.  Бауыржан ағаның  әкем Тәңірберген Отарбаевтай ұстазының еңбегіне бар  жан-тәнімен толық риза екеніне көзім жетті. Әлгі бір ауыз сөзі жүрегіме мөр басқандай, сол кісінің ұрпағы екенің білініп тұр деп баға бергендей керемет әсер етті.

      – Я теперь верю, что ты дочь Такена, – деп маңдайымнан сүйгенде кәдімгі орденнің орденін алғандай болдым. Бұрындары Бауыржан аға:  

     – Әкеңе тартпағансың, бойың қортық, шырағым. Көңіліңе келсе де айтайын,  Тәкең ұзын бойлы, сұлу кісі болатын. Сен Тәкеңнің атын жамылған біреу шығарсың? – деп талай айтқан. Сол сөз ылғи көңілімде жүретін.

     – Аға, менен 16 жас үлкен әпкем, 6 жас үлкен ағам бар. Ең соңында туғандықтан  кішкентай боп қалған шығармын. Қуанатыным, әкем барда дүниеге келгенім, – дегенімде, Бауыржан ағаның  аха-ха-халап, рахаттана, ұзақ күлгені де есімде.

      Оны» үстіне  Яхтия әпкем де:

      – Сені кәрістер жоңышқаның ішіне тастап кеткен екен. Өзіңді сол жоңышқаның ішінен тауып алғанбыз, – деп те айтып қоймайтыны көңілімді бәсейтетін.

      – Жоқ, мен әкемнің таза ұрпағымын! – деп кеуде кере тыныстауыма Бауыржан ағаның жоғарыдағы бағасы маған керемет қуат сыйлады.

     ...Аруағынан айналайын Бауыржан аға қайтыс болар алдында  Министрлер кеңесі ауруханасында жатты. Сіңлім Дарияны ертіп, көңілін сұрай бардым. Асыл ағам тілі күрмеліп, жөнді сөйлей алмай қалған екен.

     – Тәкең әлі ақталады, – деді әлсіз үн қатып.

     – Аға, ақталды ғой, – деп едім:

     – Заң жүзінде ақталды. Енді әдебиет әлемінде ақталуы керек,  ол кісінің еңбегінен диссертациялар жазылуы тиіс. Тәкең ақталады, – деді әр сөзін бөліп, бөліп айтып.

      Бұл ол кісіні соңғы көруім еді. Бауыржан  ағаның Тәкең әлі  ақталады дегені – жазғандары жарыққа шығады дегені екен. Ол кісінің сол сөзі де есімде. Әйтеуір бір жерден әкем туралы бірдеме табылып қала ма  деп екі  көзім газет-журналдарда, кітаптарда болады. Бойымда әл-қуатым барында сол тапқандарымды жинап, бір жерге шоғырландырып кетсем деймін.        Жақында «Ана тілі» газетінің 2008 жылғы, 24 желтоқсанда жарық көрген  51 санында әкемнің 1918-жылы Ташкентте тұңғыш ашылған педагогикалық курста сабақ бергені, кейін ол курс педагогикалық техникум, Абай атындағы педагогикалық институт болғаны, біздің  үйімізге Жүсіпбек Аймауытовтың жиі келіп тұрғаны, әкем қолынын Ғани Мұратбаевтың, Құрманбек Жандарбековтың оқығаны жазылыпты... 

       Саған айтайын дегенім осы еді, айналайын,–деп Ұлжан апай орнынан тұрды.

 

Жалғасы осында