Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ
Баукең оң қолын жоғары көтерiп:
-Сұрағың болса, соңынан берерсiң, қазiр бiр оқиға есiме түстi,
- дедi маған түсiнiп тыңда дегендей ескерту жасап.- Ленгер қаласында болып келген бетiм едi. Шымкент өнеркәсiп банкiсiнiң бастығы Тимофей Тереньтевич Дубовик:
-Ендi Ащысайға барасың. Директорына хат жазып беремiн, ол көмектеседi,- дедi кабинетiне шақырып алып.- Финанс мәселесiн тексерiп қайтасың. жұмысшылар үй-күйсiз жұмыс iстеп жатыр. Оларды өз көзiңмен көр, финанс мәселесiнен ешқандай кiнә тақпа. Қандай ескертпе, өтiнiштерi бар, бiзден не керек, соны ұқыптап тыңдап, қорытындыңды актiге қондыр. Ол актiнi директорға, сөз жоқ, көрсет. Ол өзi не нәрсеге келiспейдi екен, жазып берсiн. Бәрiмен сыпайы қоштасып, керi қайт.
Аттандым. Поезбен Түркiстанға түстiм. Түркiстанды бұрын көрген емеспiн. Шайханаға барып жаттым. Көлiк жоқтың қасы. Бiр жүк машинасына жалынып мiндiм.
Мидай жазық даламен кетiп барамыз. Әр жерде қаңғып, сандалып жүрген қазақтар. Аяқтарын зорға басады, құлап, қайта тұрады. Кейбiрi сол құлаған күйде жатыр. Ашаршылықты мен алғаш осы далада көрдiм.
Өлейiн деп орнынан тұра алмай жатқан кiсiге машина тоқтамайды екен. Неге десең, тоқтағанмен беретiн көмек, тамақ жоқ. Бәрi бiр өледi деп шофердiң етi үйренген.
Құдай басқа салмасын, жолдың екi жағы өлiк, тағы көз алдыңда құлап жатыр. Сұмдық қорқынышты картина!
Ащысайға тiтiркене, шошып жеттiм. Қонақүй деген атымен жоқ. Жер үйлер. Бухгалтериясына бардым. Басында тақиясы бар, титiмдей ғана татар ма, башқұрт па, бiр кiсiнi бухгалтер шақырып алып:
-Сабыреке, мына жiгiт Шымкенттен келген екен, үйiңiзге қондырсаңыз,- дедi. Ол келiстi. Үйi тiп-титiмдей жер кепе. Әйелi жақсы кiсi екен, жадырай қарсы алды. Бала-шағасы көп көрiндi. Сабыр аға:
-Бастық айтқан соң,- деп қояды. Жоқшылықтың кесiрi ғой, үш үзiм нан, бiр тостақ сұйық кеспе көже әкелдi. Екеумiзге бiр-ақ қасық. Неше айтқанмен молдекеңнiң баласымын ғой, бiр үзiм нанды жедiм де, дастарханға қайтып қол созбадым. Көжеден сәл ғана дәм таттым. Дәм татпасам, үй иесi әйел ренжiп қалар дедiм.
-Хал нашар, кейде жетедi, кейде жетпейдi…
Тексерсем деген көңiл күйiм бұзылды. Ертесiне кеңсесiне бармадым. Тексеруге бiлiмiм, тәжiрибем де жоқ. Сүмiрейiп, кiшкене вагонға кеп мiндiм. Шабан жүредi екен. Айдала, қарным аш. Бiр станцияға жеттiк-ау.
-Поезд ендi жүрмейдi, бұзылып қалды,- дедi машинист. Мәссаған керек болса?! Ендi қайттiм? Танитын ешкiмiм жоқ.
Вагоннан түсiп, бiр стакан шай, бiр үзiм нан iздеп, сандала бастадым. Ақшам да көп емес, әйтеуiр жүрек жалғауға жетерлiк.
-Әй, сен Бауыржанбысың-ей!- дедi бiр дауыс. Жалт қарадым. Тани кеттiм. Сырбай аға.
Жуалы аудандық атқару комитетiнiң жауапты хатшысы кезiмде Сырекең Бурныйдың базарында етiкшi боп кiшкене үйшiкте етiк тiгiп отыратын. Өзi бiздiң ауылдың бiр сұлу қызын алып қашып үйленген едi. Қыңырайған екi бөлмелi, шикi кiрпiштен салынған үйi болатын.
-Сыреке, Сыреке,- деп кейде үйiнен шай iшетiнбiз.
-Ойбай, қарағым Бауыржан, қайдан жүрсiң?- деп үйiне алып барды. Ашаршылық кез ғой.
Сырекең Ащысайдың бiр бөлiмшесiндегi қоймаға түнгi қарауыл екен. Аямастан байғұстар барын бердi.
Қараңғы түскенде:
-Ал мен қойманы күзетуге кеттiм,- деп Сырекең мылтығын асынып кеттi. Шайкүл әпкем ауыл-аймақты сұрап, қуанып қалды. Таң ата Сырекең келдi. Шай iштiк.
-Әй, қарағым, елiңе сәлем айт. Сенiң елiңнен көп рахат, көп жақсылық көрiп едiм,- деп Сырекең қимай қоштасты.
Жалаңаш поезға мiндiм. Құдай салмасын, тоқтамайтын жерi жоқ. Жүрiсi де шабан. Түркiстанға он бес шақырымдай жақын станцияға әзер жеттiк. Жолаушылар тегiс түстi. Ендi осы жерден басқа поезды күтуiмiз керек.
Күн ашық, жер көк майса. Әркiм әр жерде көгалды жастана жатыр. Кейбiреулердiң сөмкесiнде, қол сандығында тамағы бар, менде ештеңе жоқ. Ашыға бастадым. Күн батты, поезд көрiнер емес. Түн жарымында гудок даусы естiлдi.
-Поезд келедi!- деген айқай шықты. Жас кезiм болса да аштықтан әбден қажып, шаршауым керек, тамбурға әрең көтерiлдiм.
-Түркiстанға бiр жарым, екi сағатта жетемiз.
Екi орыс кiсiсiмен бiр вагонға мiндiм. Мен жата салысымен, шаршағаным сондай, сiлейiп қатып қалыппын. Бiр кезде екi орыс оятты.
Түркiстанның банкiсiне баруым керек едi, бармадым. Поезд күттiм. Плацкарты жоқ вагонға билет алдым. Қалтамда бiр тиын қалмады. Мiнiп Арысқа келдiм. Қолымда портфелiм бар.
Тиының болса, буфетке барасың ғой, маған оған жолау қайда? Арыста ары жүрдiм, берi жүрдiм. Бiр орыс жiгiтi келiп:
-Жұмыссызсың ба?- дедi.
-Ие.
-Мен де жұмыссызбын, не iстеу керегiн бiлер емеспiн.
Бiр теплушкаға мiндiк. Не болса ол болсын деп үшiншi полкiге шығып, жаттым. Бадамда контролер тексердi.
-Әй, төмен түс.
Төмен түстiм.
-Билетiңдi көрсет.
-Билетiм жоқ.
-Портфельдi жiгiт, мұның қалай?- Қазақ екен, кекете сөйледi.
-Ағай, бiр тиыным жоқ,- деп жағдайымды айтып едiм:
-Жарайды,- деп жiбердi. Тиынсыз қып-қызыл қорлық екен. Шымкентке жеттiм. Станциядан жататын үйiме жаяу тарттым. Ішке енгенiмде Жайлау /қазiр тiрi, Түлкiбаста тұрады/ ағай, Айша жеңгей түрiмдi көрiп, шошып кеттi.
-Әй, Айша, барыңды әкелсейшi.- Бары сәбiзден жасаған сорпа екен. Оны ысытып әкелдi. Бiр үзiм нан ұсынып:
-Бары осы, қарағым,- деп Айша жеңгей күрсiндi. Тамақтанысымен төсекке құлай кеттiм. Ертесiне банкке бардым. Дубовикке бәрiн айттым. Тапсырманы орындамадың деп ұрсатын шығар деп қысылып отырмын.
-Ойпырмай, сен қате iстепсiң.
-Қалай?
-Түркiстанның банкiне барып, пәлен ақша бер, кейiн қайтарам десең, берер едi. Сен бекер қиналыпсың ғой,- дедi күлiп. Оның осы бiр адамгершiлiгi әлi есiмнен шыққан емес. Оған менiң ақылым жетпептi.
Мұны неге айтып отыр алжыған шал деген ойда шығарсың? Алжысам да Ащысай сапарын ұмыта алар емеспiн. Жоқ кезде жеген бiр үзiм нанның дәмi өмiр бойы аузыңнан кетпейдi екен. Әсiресе, қан майдан төрiнде жүргенiмде Сырбай, Жайлау ағалар, контролер жiгiт, Тимофей Тереньтевич бейнелерi талай рет көз алдыма елестеп, қуат бергенi бар. Мен, шырағым, жауды қайырымдылығымызбен жеңдiк, басымызды қосқан, зұлымдыққа кектендiрiп, қа¿арландырған, бiлсең, бiздiң адамдарымыздың қайырымдылығы деп ұғамын…
СЫПАЙЫ ҚОШТАСТЫМ
Баукеңнiң ауруханада емделiп жатқанына үш аптадай болды. Сенбi күнi түске жақын көңлiн сұрай бардым.
Менiмен терезе алдындағы төсегiнде жатқан күйi әңгiмелестi.
Бiраз сөйлескен соң:
-Ілияс Омаров ұзақ емделдi,- деп қабақ шыта тiл қатты. -Бiр көңлiн сұрағанымда:,, Бауыржан, ауруханада топастанып барамын,, ,- дедi қынжылып.
-Ашу-ызаға ерiк берiпсiң ғой. Ол адамға-жау.
-Бауке, сенiң айтқаның рас, мұны мықтап ойластырмасам, болар емес.
-Ашу-ызаны жеңе бiл! Сен табанды күрескер емес пе едiң?!
…Жоғарыдағы диалогты кеше, ауруханаға түскенiме жиырма бiр күн болғанда есiме алдым. Бұл деген зердемнiң қайта қалпына келе бастағаны ғой.
Бағана үш-төрт сөйлем жазып байқадым. Қолтаңбам да өзгере /тiптi байсалды бола/ түскендей. Бұларға қоса оқығанымды қабылдауым да бастапқы қалпына жеткендей.
Қаз-қаз тұрып, есiкке жақындай бере, тiрек iздеп керi оралдым. Төсегiмнiң бас жағындағы таяққа өзiм жүрiп бардым. Бұл тепе-теңдiгiмдi сақтай бiлудегi алғашқы жеңiсiм едi. Ендi таяқсыз жүрiп-тұруыма дағдылануым керек…
Тезiрек сауығып шығуын тiлеп, мен Баукеңмен қоштастым. Ауруханадан сәл ұзай бере жеңгей қарсы ұшырасты.
-Ағаңа барып келесiң бе?
-Ие.
-Денсаулығы қалай екен? Өткен жолы қатты қорықтым, қарағым.
-Шүкiр, таяқпен жүре алатындай көрiндi.
-Әйтеуiр азаматым аман болса екен. Тойдан кейiн қатты ауырды ғой. Айтпақшы, кеше анау жамағайыным көшеде жолығып қалды. Амандаса салысымен, ай-шай жоқ:
-Сiз Әзiлхан мен Мамытбектi неге үйiңiзге жолатасыз? Екеуi де жаман, арам адамдар,- десе бола ма?
-Әй, қарағым, Әзiлхан Баукеңе iнi жазушы. Онда нең бар? Ал Мамытбек болса, өзiң секiлдi ССРО жазушылар одағының мүшесi. Сенiң кiтабың шықса, оның да кiтабы шығып жүр. Бұлай деуге ұялмайсың ба? Мамытбек сен туралы бiр ауыз жаман сөз айтқан емес,- деп тастадым.
-Е, мейлi, бұл қызғаншақтың мiнезi ғой,- деп мен онша мән бермедiм.
-Ана иттер соңыма түсiп алды,-дедi сасқалақтап.
-Түссе, маған неғыл дейсiң?
-Мен туысқаныңызбын. Баукеңдi, сiздi үйiме шақырсам ба деп едiм.
-Әй, қарағым, шақырғаныңмен ол кiсi ендi саған бармайды. Ал мен тiрi тұрғанымда сенi бұдан былай босағамнан аттатпаймын. Саған сенемiз деп тойымыздың ,,тойы,, шықты. Баукең әлi өзiне өзi келе алмай жатыр…,,Адамгершiлiгiңе,, рақмет…-деп қоштаспай, бұрылып кетiп қалдым.
Жеңгейге iштей риза болғаныммен сыр бермей, сыпайы қоштастым…
БІР КЕСЕЛ
Университеттегi бiр кездесуде танымал бiр жазушымыз:,,Сiз күнiне қанша бет жазасыз?,,- деген сұраққа он бiр бет жазамын деп жауап берiптi. Мұны маған мархұм Қайнекей айтты. Мен оған:
-Сен есеп бiлесiң бе?- дедiм.
-Арифметиканы оқыдық, математика болмаса,- деп жымиып күлдi. Өзi бiрдеме десең, жымиып күле беретiн жақсы жiгiт едi.
-Оқысаң, есепте. Әр аптадағы екi демалыс күнiн алып таста, сонда қанша жұмыс күнi қалады?
-Үш жүз күн, Бауке.
-Ендi үш жүздi он екiге көбейт. Қанша бет болды?
-Үш мың үш жүз.
--Күнiне он бiр бет жазамын деу-жасына жетпей алжығандық! Осы сөзiмдi әлгi жазушы естiптi. Бiр жолыққанымда өстiп айтқаның рас па дедi. Рас дедiм. Алғаш ашуланды, соңынан:,, Сенiң келiспегенiң дұрыс, күнiне он бiр бет жазамын деп шындықтан шығып кетiппiн,, ,-деп мойындады.
Рас, кейде күнiне он бiр бет, тiптi бiрнеше күн қатарынан он бiр , одан да көп беттен жазатын кез болады. Ал үнемi солай жазу мүмкiн емес. Адамның көкiрегiнде ой қайнап, пiсiп тұрса, жазбасқа не? Бiрақ үнемi солай емес қой. Ал кәсiбилер қайтедi? Көкiрегi қайнасын, қайнамасын, жаза бередi. Бiздiң әдебиетiмiздi құртып жүрген бiр кесел осы…
ЕНДІ ОЛ ОЙЛАНАДЫ
Өзiмшiлдiк, тоңмойындық бұрынғыға қарағанда аз. ,,Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесiн,, деген нәрсе атамзаманнан келе жатқан және әр жағдайда, әр заманда белең беретiн ауру.
Менiң жалғыз ұлым Бақытжанды бiлесiң ғой. Жиенiм Мартай Аюбаев екеуi бiрде ерегiсiп қалыпты. Мартай Бақытжаннан екi жас үлкен.
-Мен Момышұлымын!- деп ұлым көкiрегiн керсе керек.
-Сен Момышұлы болсаң, мен де Момышұлымын- деп Мартай перiп кеп жiберiптi. Бақытжанның мұрны қанап қалыпты.
-Отыр!
-Көкетай…
Жиенiм ғой, ұстамды жiгiт едi. Әйелiме:
-Жеңеше, мұрнын қанатып қойдым,- дептi.-Көкеме айтпаңыз. Екеуiнiң төбелескенiн әйелiм маған сыбырлап жеткiздi.
-Мартай дұрыс iстептi, дұрыс жауап берiптi,- дедiм.
-Көкеме айтпаңыз деп едi.
-Дұрыс айттың. Бұл-Бақытжанға сабақ. Ендi ол ойланатын болады…
Жалғасы бар,осында