МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында

 

ЗАМАН СЫРЫ

 

    -Мен әжем Қызтумастың образын жасаған автормын. Рас па, өтiрiк пе?

    -Рас.

    -Классиктерiңнiң iшiнде өз әжесiнiң образын жасаған кiм бар? Мен әжемдi мақтамаймын, данышпан, мiнсiз етiп көрсетпеймiн. Сенбесең, ,,Ұшқан ұяны, оқып, қарағын. Басқа жазушыларда сондай образ бар ма?  

   Мен үндемедiм.

  -Сен неге тiл қатпайсың? Бiз талдау жасап отырмыз ғой. Аулымның әжемнен өзге әйелдерiнiң образы қалай сомдалған? Зейнеп пен Зипа өр десең өр, ақылды десең ақылды, арлы десең арлы әйелдер. Олардың тағдырлары да қызық. Мүны ,,Ұшқан ұяны,, оқысаң, түсiнесiң.

    Халық эпосын ал. Бiздiң халқымыз әйелдердi кемiткен емес. Сенбесең тексер, бiр әйелдi кемiтiп пе екен? Әрiберiден кейiн қалмақтың қызы Құртқаны бiздiң батырдан жоғары қояды. Ал Ғабит Ұлпанды неге бәрiнен төмен қояды. Ал эпостағы кейiпкер-әйелдер өз биiгiнде лайықты, ерлiкпен өлген.    Менiң жеке ойым, келiсесiң бе, келiспейсiң бе, өз еркiң, Ғабит Мүсiреповтың Ұлпан образы жасанды образ. Ол менiң Зейнеп пен Зипаның қасында мүлде қораш. Сен ,,Ұлпанды,,  оқып па едiң?

   -Оқығам.

   -Оқу- оңай, тоқу, түсiну қиын. Оқу кез келген ақымақтың қолынан келедi, ал тоқу, түсiну екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейдi.

   Менiң әжем би болған емес, бiрақ ол кiсiнi жұрттың бәрi тыңдаған. Момынқұлды қуып жiберiп, кейiннен қайтiп қалды деп уайым жейдi. ,,Қара жапырақ,, деп әкеме де ұрсады. Жеңiл түсiнсең, менiң әжем өзiмбiлермен, өркөкiрек. Ол кiсiнiң айқайлап ұрысатынын да жасырмаймын, ал астары қайда жатыр? Түсiнсең, мен әжеме аналық дәуiрдiң билiгiн беремiн. Ол кiсi болмаса, мен болмас едiм  деген ойды астармен жеткiземiн. Әжемнiң әкеме ұрысқанын, маған айтқан өсиет сөздерiн, Момынқұлды үйден қуғанын, iнiсi Серкебаймен қатты сөзге келгенiн мен ойдан шығарған емеспiн,  болғанды болған күйiнде бүгiнгi заман биiгiнен қарап жазғам.

    Баукең маған жанарын тiк қадап:

   -Бүгiнгi заман дегендi сен қалай түсiнесiң?- дедi. Мен ойланып, күмiлжiп қалдым.

   -Тыңда. Сендер ,,Көрмес, түйенi көрмес,, дегендей аяғымыздың астындағыны да көрмейсiңдер, көре бiлмейсiңдер. Бiздiң әдебиетiмiздiң қайғысы нақ осында. Көру аз, көре бiлу керек. Көзiм бар, көрем деу, көзiм бар, көре бiлем, көргенiмдi түсiне бiлем деу- екi түрлi мәселе. Екеуiнiң айырмасы жер мен көктей.

   Баукең маған жақтырмай, тыжырына қарап:

   -Бүгiнгi заман дегендi сен бәрiбiр түсiнбейсiң,- дедi қолын сермей.- Бұл аса күрделi, мәңгiлiк тақырып. Оның түйiнiн бүкiладамзат болып күнi бүгiнге  дейiн толық шеше алмай келемiз, шешуiмiздiң өзi неғайбыл. Этой темой многие спекулируют. Мұның мағынасын түсiнбесең, сөздiктен қара. Көп жазушыларымыз өтiрiк жазады. Бұл аса көңiл қаларлық, қайғылы жағдай.

   Көбiмiз бүгiнгi заман талап-тiлегiн шала түсiнiп, шындықты бұрмалаймыз. Көп жазушыларымыз, журналистерiмiз осы жалған бағыттың құрбаны болып жүр.

   Бүгiнгi заманды әртүрлi жағдайда, әртүрлi кезеңде әркiм өзiнше түсiнедi. Бүгiнгi заман- жалт етiп өте шығар  бос кеңiстiк емес. Есерсоқтар солай деп ойлайды.

   Баукең қабағын шыта ойға енiп, үнсiз қалды. Осы сәттi пайдаланып:

   -Сұрақ қоюға бола ма?- дедiм.

   -Болады.

   -Бүгiнгi заманды сiз өзiңiз қалай түсiнесiз?

   -Ехе-хе, -деп Баукең күлдi.- Жарайды, тыңда. Мен бүгiнгi заман деп өткен күнгi оқиғаларды ой елегiнен өткiзе қорытып, бүгiнгi күн оқиғаларына байсалды, жан-жақты талдау жасап, ертең не болатынын болжай, көре бiлудi айтар едiм. Өткеннiң жақсылықтарын қорытып, игермей, бүгiнгiнiң жетiстiк-кемшiлiктерiн талдап, танымай, ертеңге ой жiбермей бүгiнгi заман туралы сөз қозғау мүмкiн емес деп бiлем.   Шығармамызда осы үш қасиет көрiнбесе, ол бүгiнгi заман туындысы бола алмайды. Түсiндiң бе?

   -Түсiндiм.

   -Өз тәжiрибеңе жүгiн. Әрине, айту, тыңдау оңай, iстеу, орындау қиын. Ойбай, бүгiн мына мақаланы,  ертең ана мақаланы  жарияламасақ құрып кетемiз, ал мынау  бiздiң талабымызға мүлде қайшы екен дейсiңдер. Солай етуге мәжбүрсiңдер,  себебi,  заман  талабына бағынбауға  болмайды.

    Менiң заманым, менiң жағдайым, менiң көрген-бiлгенiм, түсiнгенiм сенiң көрген-бiлгенiңмен, түсiнгенiңмен төрт жерде төрт емес. Бұл турасында бiрнеше сағат ой толғауға болады. Тоқетерiн айтсам, заман сырын  танып, бiлмей, түсiнбей қандай да бiр образ жасау қиын…

 

ГЕОЛОГ ӨТКЕН ЖОЛДАН ӨТУІ КЕРЕК

 

   Баукең менi көңiлдi қарсы алды. Сәлемдесiп, үйреншiктi орныма отырысымен:

   -Көз көру үшiн берiлген десек те, ол ақылдыларға рентген, ақымақтарға- құр жылтыраған шиша,- деп  көсiле, еркiн сөйлеп кеттi.- Құлақ есту, қорғану үшiн берiлген десек те, ол миға естiген нәрселерiнiң бәрiн емес, iрiктеп, сүзгiден өткiзiп, тек мағыналысын ғана жеткiзу керек. Түсiндiң бе?

   Мен үндемедiм.

   -Көз, құлақты- жазушы, ал миды оқырман деп бейнелеп сөйлеп отырмын. Түсiндiң бе?

   -Түсiндiм.

   -Кейде көргенiңнiң, естiгенiңнiң бәрi дұрыс бола бермеуi мүмкiн. Оның себебi адамдар үнемi өзгерiп, жаңарып тұрады.

   Жазушы суреткерлiк көркемдiк құралдың басты тетiгi -тiл байлығын меңгермейiнше, оны шебер қолданбайынша  келiстi жазу, оқырман ойынан шығу мүмкiн емес. Қазақ тiлiн бiлемiн деген бiр жазушы жазғанына ,,Еңiреген ер едi,, деп тақырып қойыпты. Дұрысы, ..Ел десе еңiреген ер едi,, болуы керек қой.

   Қолына қалам ұстаған әр азамат ана тiлiн игерумен бiрге басқа, әсiресе, көршi ұлт тiлдерiнiң де асыл қазынасынан еркiн сусындауы, оны кәдеге асыра бiлуi абзал.

   Мен әскери адаммын, әдебиетшi емеспiн. Бiрiншi университет- ұшқан ұя, ағайын-туысқан. Ол әркiмнiң еншiсi. Ендеше, менiң бiрiншi университетiм қандай болды дегендi тануым, бiлуiм керек қой. Оны танымай, бiлмей- даму жолына түсуiм мүмкiн бе? Саған ,,Ұшқа ұяны,, жазу себебiм ендi түсiнiктi ме?

   Мен үнсiз бас изедiм.

   -Образдың қуану, қиналу кездерi бар. Сөйлеп отырып кей тұста жаны күйзеледi, не сүйсiнедi, яғни түрлi жан құбылысын бастан кешiредi. Сен оны көрмей, бiлмей қалай суреттемексiң? Кей сөздi ол жай, кей сөздi айқайлап айтуы мүмкiн. Оған не себеп? Соны сезбей, суреттемей қалай образ сырын ашасың?

   Аз-кем ойға енiп, қайта сөйледi.

   -Елiктеу деген сөз жақсы мағынада айтылатын сөз. Соны көп қаламгерлерiмiз түсiнбейдi. Мысалы, Маркс пен Энгельс:,, Бiздiң ғылымымыз аспаннан түстi, бiз Америка аштық,, -демейдi. Қайта өздерiнен бұрынғы ой салғандарды құрметпен атайды.

   Ал бiздiң шолақ белсендiлерiмiз тарихтың тамырын бiлместен Абайды жамандауға  дейiн барды. Олардың тарих, өнер, әдебиет, этика, эстетика, психология, философия дегеннен хабары жоқ. Сөйте тұра Абайды жамандайды. Бұл- масқара ғой. Мысалы, әскери этиканы алайық. Мен профессионал әскери адаммын, жай қатардағы емес, әсери профессормын. Менi мақтау үшiн де, даттау ұшiн де әжептеуiр бiлiм керек.

   Әскери этика-өз алдына ғылым. Әр қоғамның, әр мамандықтың өзiне жарастықты этикасы бар. Әскери адам:

   -Әй, шырағым, мына шұңқырды қаза салшы?- демейдi. Ол ,,қаз!,, деп бұйырады. Менiң ерекшелiгiм осы. Мұны түсiне бiлген жөн.

   Менiңше, елiктеу- ойыңа ой қосу деген сөз.

   Баукең көпке дейын үнсiз қалып:

   -Мына мылжың шалмен пәлен жылдан берi сөйлесiп жүрмiн. Бәрiн бiледi, бәрiмiзге сын тағады, өзi қайдан түстi екен дерсiң?!-дедi даусын қатайтып.- Мен аспаннан түскем жоқ! Ұстаздарым болмаса, түк бiлмес едiм. ,,Мына бәлеге не үйреттiңдер?!,,- деп сотқа берсең, алдымен ұстаздарымды бер.

   Мен ерiксiз езу тарттым. Осы кез үстiмiзге Күләнда әпке ендi.

   -Әпке, менiң тоқалым үйде ме?

   -Жоқ, жұмыста ғой. Қарағым Бауыржан, оны тоқалым демей Кенжетайым десеңшi?

   -Кенжетайым деп кiшкентай балаларға айтпай ма, әпке-ау?

   Күләнда әпке жауап қатпастан, iздеген затын таппаған күйi жан-жағына алақтай қарап, бөлмеден шықты.

   -Сұрағың бар ма?

   -Жақсы көретiн мақалдарыңызды бiлсем деп едiм.

   -Менiң ең жақсы көретiн мақалдарым-,,Тiземнен сүрiндiрсең де, тiлiмнен сүрiндiрме,, , ,,Малға жарлы қылсаң да, тiлге жарлы қылма,, , ,,Ер жiгiт елi үшiн өледi,, , ,, Елiн сүйген ер болар,, , ,,Малым- жанымның, жаным-арымның садағасы,,.

   -Суреткер творчествосындағы көркемдiк құралдардың ролi туралы айтып берсеңiз?

   -Есiме дұрыс салдың. Суреткер тiлден өзге де көркемдiк тетiктердi  ескерiп, меңгеруi  тиiс. Өмiр оқиғаларын детальдық талдаусыз, детальдық суреттеусiз характер сырын ашу, образдың қалыптасу кезеңдерiн көрсету мүмкiн емес. Бұл қа¿арманның туғанынан бүгiнге дейiнгi аралықтағы өмiрiн қамтитын күрделi процесс. Кейбiреуiмiз соны елеместен, аспаннан түскен қа¿арман жасамақ боламыз. Бұл мүлде қате. Аспаннан түскен тiптi кiшi-гiрiм кейiпкер де болмайды.

   Тамырын бiлiп, түсiнiп жазсаң, кiшкентай әңгiме, повестьпен-ақ образ жасай аласың. Бұл, әрине, өте азапты жұмыс. Мысалы, мен Николай Рединнiң Термездегi оқиғасын алып тастап, майдандағы өлген сәтiн көрсетейiншi, образ шықпайды. Әңгiменiң аяғында, ,,ол менiң бiрiншi әскери ұстазым едi,, десем, оқырман түсiнбей ,,қалайша?,, дейдi ғой.

   Осы сияқты нәрселердi ескермеймiз. Бiздiң жазушыларымыздың көбiнiң ,,Менiң университеттерi,, жоқ. Жазушы халық арасында өмiр сүруi керек! Бес-алты, оншақты күн iссапарға шығып, ет жеу- қарым-қатынас емес.

   Бiздiң жазушыларымыздың тағы бiр кемiстiгi- өзiмшiл. Кейбiр оқиғаны өңдеп, өзгертуге хақылы, ал құжатты өзгертуге болмайды. Мұны түсiнбеген кейбiр қаламгерлерiмiз өңдеп, реңдеп, оның сөзiн өзiмдiкi iстеймiн деп оңбай ақсап жүр.

   Бармақтай металл тапса, геолог қуанады. Жазушы да, оқырман да сол геолог өткен жолдан өтуi керек…

 

БАЙҚАУ

 

    -Бүгiнгi атқамiнерлер туралы не айтар едiңiз?

    -Оларды сен менен жақсы бiлесiң. Қазiр қолдау деген сөз шықты.  Қолдаусыз жағдай жылдан жылға қиындап барады. Бiздiң бүгiнгi атқамiнерлерiмiз партиялық позицияны резiңкiдей пайдаланады.

    Атқамiнерлiк- қолжаулық. Соны жас кезiмнен көрген, түсiне бiлген кiсiмiн. Жасым жетпiстен сексенге кетiп бара жатыр. Атқамiнерлiк ырың-жырыңға өмiрiмде араласпаған адаммын. Ендi қартайғанда оған араласып ырылдасып, пырылдасып жүрер жайым жоқ. Орыстың ,,Рас не с нами, значит ты против нас,,деген мәтелiн  бiле тұрсам да, ырың-жырыңға араласпаймын.

   Менiң азаматтық арым таза. Атағым да, шатағым да бар кiсiмiн ғой. Мақтанды десең дей бер, мен ақпын. Атағыма қарағанда шатағым он проценттен аспайды. Бiрақ  оны атағымнан асырып жiберетiндер де бар. Оған мен кiнәлi емеспiн.

   Баукең әңгiмесiн қанша уақыт болса да жалықпай тыңдай берер-ақ едiм, жеңгей келiп, дастарханға шақырып кеттi.

   -Қой, ендi бармасақ болмас. Ерегiсiп, шөмiштен қағып жүрсе, аш қалармыз. ,,Баз-базында қатынның тiлiн алған да жақсы,, дептi ғой бiр қандасымыз.

   Сәл өтпей дастархан төңiрегiне жиналдық.

   -Кеше бiреу телефон соғады, Шымкенттен келдiм, Туғанбаев деген едiм,- дейдi.

   Шымкентте Туғанбаев деген тамаша педагог бар едi, соның баласы болса керек. Туысқаныңызбын деген сөздi созып, салмақ сала, аса әспеттеп айтты. Шамамда iшiп алған-ау. Ішiп алғанда әлгiндей сөз квадрат, куб болып кететiнi бар ғой.

   Бiз күлдiк.

   -Әнеукүнi де бiреу телефон соқты. Сөзiнен байқағаным, нағыз арамның сөзi.

    -Сiздiң байқампаздығыңызға таң қалам,- деп жеңгей сықылықтай күлдi.-Кейде менiң не ойлап отырғанымды бiлiп қоясыз.

   -Ойымды бөлме деп саған қанша рет айтамын?!- деп Баукең қабақ шытты.- Адалдық, арамдық дейтiн нәрсе әр адамның сөйлеген сөзiнен ғана емес, әр басқан қадамынан да сезiледi. Бiреулердiң адал, арам екенiн кетiп бара жатқанда жонарқасынан оқисың. Әрине, оның кiм екенi жонарқасында жазылмаған. Бiрақ, байқай бiлсең, оқи бiлсең, анық, айқын жайларға кезiгесiң.

   Байқау жағынан менiң ұлкен мектебiм бар. Мен екi жүзден астам ұрысқа қатысқанмын. Сол ұрыстарда көптi көрген, көп жайларды байқаған жанмын. Жауға қарай кiм қалай бара жатыр, мынаған сенуге, не сенбеуге бола ма дегендi мен соғыстан үйренгенмiн. Өкiнiштiсi, сол үйренгендерiмнiң бәрiн жазып үлгере алғаным жоқ.

   Сен, қарағым, менiң ,,Жонарқа,, деген әңгiмемдi оқымасаң, оқып шық, оқысаң, қайталап оқы. Көркемдiгi жағынан  мен таласа алмаймын, ал соғыс психологиясын бейнелеу жағынан кез келген  психологтардың, атақты жазушылардың шығармасынан кем түспейдi. Бұл тағы да деректi әңгiме.

   -Капитан, керi қайт!- деймiн ғой оның жонарқасынан қорқып бара жатқанын байқап қап. Сол кезде жап-жаспын, отыздан жаңа асқанмын.

    Жазған әңгiмелерiмнiң iшiнде өте бағалайтын екi-ақ әңгiмем бар. Бiрi- ,,Помкомвзвода Редин,, , екiншiсi- ,,Жонарқа,,. Бұл екеуiн мен автор ретiнде емес, жазушы ретiнде жақсы көремiн. Кейде төсегiмде ойланып жатып, сол екеуiн мен жаздым ба, мен жазбадым ба деп өзiме өзiм сенбеймiн.

 

КҮЛКІЛІ ЖАҒДАЙ

 

   -Бiр туысқаным телефон соқты,- деп бастады сөзiн Баукең.-Жамбылдың соты әдiлетсiздiк жасап, баламды үш жылға кестi. Көмектес.

   -Мен мұндай iске араласпаймын.

   -Алып баратын қоржынымыз тоқ, қалтамыз мол. Сөйлесетiн адамдармен сөйлесiңiз, ұялмайсыз.

   Қатты ашуым келдi. Телефон тұтқасын ұясына қондыра салдым.

   Баукең маған ренжи, қинала қарап:

   -Әй, шырағым, мақтанды деп ойламағын, көңлiңе келсiн, келмесiн, жаманды-жақсылы мен халқымның Бауыржан Момышұлымын,- дедi салмақты үн қатып.- Өтiрiк пе, рас па?

   -Рас.

   -Мен ешкiмге қолжаулық бола алмаймын. Әлде болуым керек пе?

   -Жоқ.

   -Түсiнгенiңе рақмет, айналайын. Жақында тағы бiр жекжатым үйiме келдi. Оған да жоғарыдағы сөзiмдi айттым.

   Ауылға барамыз ғой. Бiреуi үйленедi, бiреуi келiн түсiредi, бiреудiң жаназасы бар. Қолымызға iлiнгенiн алып барамыз.

  -Осы-ақ па?- деп апарғанымызға қып-қызыл наразы. Бiздi миллионер дей ме? Олардың ойынша, мен мың сом емес, миллион сом апаруым керек екен.

   Нағашымның баласы үйлендi. Табыла бермейтiн екi жүз сомдық шетелдiк темiр құмыраға екi жастың атын жаздырдық. Үстiне бiр кiлем, екi жүз теңге қостық.

   -Бауыржан не алып келдi?- дегендерге нағашымның әйелi:

   -О, құдай-ау, Бауыржан не алып келушi едi? Мына жаман қаңылтырды әкелдi,- деп жарқыраған темiр құмыраны көрсетiптi.

   Баукең селкiлдей күлдi. Мен мырс ете қалдым.

    -Ендi, қандай жағдай екенiн бiлмеймiн, нағашым менi мерекемен құттықтап жетiншi қарашаға үйiме келмек екен. Шамамда, қызын маған оқуға түсiр демек болу керек. Былтыр Алматының медициналық институтына түсе алмапты. Бағасы өңкей үш. Оның өзiн әупiрiммен алған көрiнедi. Тапқан ,,таныстары,, емтиханнан өткiзе алмапты. Әкесi Жамбылдан телефон соқты.

   -Бауке, ассалаумағаликум! Қызымыз өтпей қалыпты. Әдiлеттiк болмапты. ,,Танысымыз,, алдап кеттi. Сол қызға жәрдемдессеңiзшi?

   -Қалай жәрдемдесем? Сенiң қызың үшiн мединститутқа барып, емтихан тапсыруым керек пе? Ол менiң қолымнан келмейдi,- дедiм.

   Ертесiне үйге қызы келiп жылады. ,,Қой жылама, келесi жылға дайындал,, ,- деп жұбаттық. Басқа не деймiз, құдай-ау.

   Шамамда жетiншi қарашаға келгенде нағашым сол қызын оқуға түсiр деп айтпақ. Но я на такую подлость не пойду, конечно. Байқадың ба, мереке мен үшiн ,,мереке,, болайын деп тұр. Түсiнесiң бе?

   Мен үндемедiм.

   -Түсiнсең түсiн, түсiнбесең қой, менiң жағдайым күлкiлi жағдай…

 

АЛТЫ БОС ШӨЛМЕК

 

   1977 жылдың 28-шi сәуiрi. Түстен кейiн дәл сағат төртте редакторымның машинасын сұрап алып, Жазушылар одағына бардым. Тұтқабайдың кабинетiне енсем, ол үш-төрт әрiптесiне анекдот па, әлде соған ұқсас күлдiргi әңгiме ме, айтып отыр екен. Бауыржан ағаны шипажайдан алып келу ойында жоқ. Ішiмнен:,, Бұл кiсiге сенбей өзiмнiң әрекет жасағаным қандай жақсы болған,,- деп ойлап қойдым.

    -Бауыржан аға Әнуар Әлiмжановқа жолығып, шипажайда қалу, қалмауымды бiлсiн, егер мерзiмiмдi ұзартпаса, келiп, үйге алып қайтасыңдар деген едi,- деп едiм, орнынан тұрып, екiншi қабаттағы Әнуардың кабинетiне ертiп барды. Секретариат мәжiлiсi өтiп жатыр екен.

   -Кiруге рұқсат жоқ,- деп қабылдау бөлмесiндегi әйел бiздi тоқтатты. Жағдайымызды айтып едiк, өзi кiрiп, Әнуар Әлiмжановпен тiлдесiп шықты. Мерзiм ұзартылмапты. Ендi Баукеңдi алып қайтқалы ,,Алматы ,, шипажайына қарай тарттық.

   Есiк қағылысымен Баукең шықты. Сiрә, босаға жанында заттарын реттеп жүрсе керек.

   -А-а, сендер ме едiңдер? Келiп қалдыңдар ма? Заттарымды жинастырып жүр едiм.

   -Асықпаңыз, машина қанша болса да күтедi,- дедiм мен. Тұтқабай екеумiз ағаның қол орамалын, көйлек-көншегiн шамаданға рет-ретiмен сала бастадық. Бес минөт өтпей-ақ дайын болдық. Ендi заттарды машинаға апаруымыз керек.

Дәлiзге шыққанымызда Баукең:

   -Ой, ұмытыппын,- дедi кiлт тоқтап, маған қарап.- Балам, шифоньердiң қалқасында дәкiмен ораулы алты бос шөлмек жатыр, барып әкел.

   Мен тез қимылдап, iшке енiп, ұқыптап оралған алты шөлмектi алып шықтым. Ішiмнен: ,,Бұларды аға қайтпек екен?,,- деп көңiлсiз ойға берiлдiм.

   Бiз мiнген машина орнынан қозғала бастады. Ақ халат киген екi мейiрбике Баукеңмен қол бұлғап, күлiп қоштасты. Орта бойлы, басына қызыл тақия киген кiсiге Баукең қолын маңдайына апарып, честь бердi. Тақиялы кiсi екi қолын ербеңдете бұлғап,  ,,қош-қош,, дегендей сыңай танытты.

   -Академик Машанов,- дедi Баукең.-Зор бiлiмдi, терең ғалым.

   Машина шипажай қақпасынан шыққан соң бауырын жазып, жүйткiген жүйрiктей зырлай түстi. Артқы орындыққа жайғасқан Тұтқабай екеумiз сыбырласа бастадық.

   -Баукең бос шөлмектердi қайтпек? Дүкенге өткiзбек пе?

   -Бiлмеймiн.

   -,,Бүркiт қартайса, тышқан аулайдының,, керi ғой бұл.

   -Осында бiр кемпiр маған қырындап, есiмдi шығарды,- деп Баукең кенет дауыстай күлдi. Мен мырс ете қалдым.

   -Қосыла салмадыңыз ба?- деп Тұтқабай отқа май құя түстi.

   -О, құрып кетсiн.

   Бәрiмiз мәз бола күлдiк. Шофер татар жiгiтi екен. Ол да күлдi.

   -Ана екi мейiрбикенiң бiреуi әдемi екен,- деп Тұтқабай арандату әрекетiне көштi.

   -Е, олардың бәрi әдемi.

   Тұтқабайдың ойын Баукең түсiнiп, қиялай тартып кеттi.

   Кiшiлеу қырлы-жотаға жақындағанда аға шоферға машинаны тоқтат дедi. Ол жол жиегiне шығыңқырай барып, тоқтады.

   -Балам, ана ораулы затты сайға апарып таста,- деп Баукең маған бұрыла қарады. Мен алғаш түсiнбей, шамаданды ашып, бiр бума дәкенi алмақшы едiм:

   -Әй, оны емес, анау ораулы  шөлмектердi,- дедi Баукең шамданыңқырап. Мен машинадан сыртқа шығып, артқы қуысты ашып, бiр-бiрiне байланыстырыла оралған шөлмектердi сай жиегiне апарып, ойпаңдау жерге қоя салып едiм:

   -Ары, сайға домалатып жiбер!- дедi аға әмiр етiп. Айтқанын орындап, машинаға кеп отырдым.

   -Ендi оны тауып алған бiреу қуанатын болды. Дүкенге өткiзiп бiр шөлмек шарап алады,- дедi Тұтқабай. Байқаймын, ол Баукеңнiң алдында өзiн еркiн ұстайтын тәрiздi.

   -Өзi алты шөлмек екен. Екеуiн арғы күнi мына Мамытбек әкелдi. Палатама қалдырып кетуге болмайды ғой. Қалдырып кетсем, менен кейiн келгендер:,,Ой, Бауыржан Момышұлы маскүнем екен демей ме?,,- деп Баукең күлдi.

   Ішiмнен:,,Қартайса да өзiн қалай ұстайды? Баукең әр адымын аңдып басатын, әр сөзiн ойланып айтатын, қиядағыны тез аңғарып, тез сезiп, кiмнiң кiм екенiн тани қоятын, ар-намысына кiр жұқтырмайтын кiсi-ау,,- деп түйдiм.

   Үйiне енген соң:

   -Мамытбек, мә, мына ақшаны ал да, дүкенге барып кел. Тойлаймыз, - дедi.

   -Аға, асығыс едiм, менi редакторым күтiп отыр,- дедiм жалтарып. Тұтқабай да желеу тапты. Екеумiз қоштасып тысқа шықтық.

   -По дальше от греха,- дедi Тұтқабай оңашалана бере.

   Оның да Баукеңнен қысылып, қымтырылатынын сезiп, жымия езу тарттым. Алты бос шөлмек көпке дейiн ойымнан кетпей қойды…

 

ДҮРДИЮ

 

    -Сырына түсiне бiлсең, дүрдию де қызық,- дедi Баукең езу тартып.- Ол да адамның бiр осалдығы. Әнеукүнi менiң ,,Лениншiл жаста,, жарық көрген ,,Қа¿арман сөз қамал бұзады,, деген мақалама кейбiреулер дүрдиiп қалыпты. Таққан кiнәсi- Пәленшелердi атап, бiздi неге атамады?

    Таразыға сап ойлансам, олардыкi де жөн екен. Әсiресе, Қасым Қайсенов пен Әди Шәрiповтың атын атамауым дұрыс болмапты. Бiрақ олардың жанры бөлек қой.

   Қазақ әдебиетiндегi партизан жазушылар деп жеке тарау етiп жазғаным жөн едi. Оған денсаулығым жарамады. Кейiн бiр ескерермiн деп отырмын. Ал ендi бiреулердiң фамилиясы тiптi есiме түспептi. Ауру адамды шаршатады екен.

   Шынына келгенде несiне дүрдиедi? Тағы басқалар дегеннiң iшiнде бәрi бар ғой. Тiптi онда жоқтардың өзi бар…

 

ҰҒЫСУ

 

     -Жолда Таразға тоқтадық. Менiң ойым тiке аулыма тартып кету едi,- дедi Баукең  саусақтарымен шашын  тарай түсiп.- Мына жеңгең Тараздағы туысымызға телефон соғып, хабарлап қойыпты. Сол машинасымен қарсы алды.

   Баукелеп жүгiрiп жүр. Өзi бiр мекеменiң бастығы. Ойы-тағы жоғарылау екен.

   Баукең мысқылдай күлдi.

   -Өскенбай,- дедiм оны кекетiп.

   -Облыстық партия комитетiнiң хатшысына хат жазып берсеңiз?

   Жыламсырап отыр. Қоймаған соң:,, Мынау менiң туысым едi, сiздiң кадрыңыз. Қабылдап, сөйлесерсiз. Нендей шешiмге келерiңiздi  өзiңiз бiлiңiз. Б. Момышұлы,, деп қол қойдым. Хатшы Б. Момышұлы деген жазуды көрген соң кiрсiн деп қабылдап, ,,көрермiз,, деп шығарып салыпты. Менiң жазғанымның астарына түсiнген ғой.

   Өткен жолы барғанымызда да әлгi туысым өсем-пөсем деп бәле салды. Ойпырмай, өзi өсем деген аурумен қатты ауырса керек. Ертеңiне аулыма аттанайық десек, жiбермей, хатшыға жүзбе-жүз жолығып, менi тапсырыңыз деп болмайды. Менi желкемнен ұстап, желкелеп алып бармақ. Астапыралла-а!

   -Қайтарда жолығармын,- деп құтылдым.

   -Бара салсаң нең кетедi?- дейдi  жеңгең. Мәссаған керек болса! Ой, Өскенбайдан қатты шаршадым.

   Орыстар ,,Насильно мил не будешь,, дейдi. Мұның астары терең. Мұны көп адам жыныс жағына ғана байланысты айтылған дейдi. Ол қате.

   Ұғыспасаң дос та, қас та бола алмайсың. Ұғыспасаң бiр-бiрiңдi жақсы көрмейсiң, бiр-бiрiңмен тату тұрмайсың. Бұл қоғамдық, саяси құбылыс.

   Ұғысу оңай емес/Баукең басын шайқады/. Ұғысудың күре тамыры әркiмнiң табиғатына байланысты. Ол- ұлы әлем. Мысалы, табиғатың қалыптаспаса, басқа қалыптасудың барлығы тамырсыз болады. Ал тамыры жоқ нәрсе өспейдi ғой, қарағым. Оған түсiнесiң ғой, ә?

   Ендi психология, физиология мәселесiне ой бөлейiк. Ұғысу болмаса, бiр-бiрiңе сене алмайсың, сенбеген соң ойыңды ашық айта алмайсың. Бiр-бiрiңе өтiрiк түсiнiп, бiр-бiрiңдi алдағың келедi. Бiрақ ертеңiне сырың ашылады. Неге десең, тамырларың бөлек.

   Адам-аюн. Бұл менiң сөзiм емес, Энгельстiң сөзi. Ол кiсi соны дәлелдеп жазады. Сенбесең ,,Отбасы, жекеменшiктiң және мемлекеттiң шығуы,, деген кiтабын оқып шық.

   Рас, жоғарыдағы анықтама дөрекi, тiптi намысқа тиерлiктей, бiрақ ол кiсi сондай теңеуге барды, барғанда саналы түрде барды. Солай деуге мәжбүр болды. Ол оңайға түскен жоқ,

  

МӘҢГІ ӨНЕГЕ

 

    ,,Интернационалдың,, сөзiн де, музыкасын да Энгельс бiрiншi тыңдап, талдау жасаған. Немiс тiлiне аударып, Лондон кiтапханасында жұмыс iстеп жатқан Маркске алып барған.

   -Мiне, ,,Интернационал,,, оқы.

   -Ой, мынау бiздiң көптен айта алмай жүрген сөзiмiздi жазыпты ғой,- деп Маркс таң қалған.

   Энгельс рояльда ойнап, музыкасымен де таныстырған. Солай ,,Интернационал,, дүниежүзiне тараған.

   Энгелсьтiң аш жүрген кiсiлердiң өлеңiне де, музыкасына да түсiнгенi ғажап емес пе? Белгiсiз, аш жүргендер ғой. Ал бiздер ,,е, мынау кедейлер, не бiледi?,, деп оттаймыз. Халық арасында қандай ұлы дүние жасырулы жатқанын байқамаймыз.

   Егер Энгельс ,,Интернационалға,, түсiнiп, оны мақтамаса, ол гимн болмас едi. Осы күнде де бiреу жақсы шығраманы түсiнiп, насихаттамаса, жұрт жүрегiне жетпей қалады ғой. Менiңше, Энгельс өнегесi мәңгi өнеге…

 

АУЗЫМА ҚҰМ ҚҰЙЫЛДЫ

 

    Жас кезiмде жұмысымды iстеп, ,,е, мейлi,, деп жүре берiппiн. Өсу-мөсу, жоғарылау дегеннен мүлде хабарым болмапты. Кейбiр ағаларым /көзi тiрiлерiн айтайын, өлгендерiнiң құлағын шулатпай-ақ қояйын/ қалыптасуды ,,кең,, түсiнедi екен. Олардың девизi- мынаның маған не керегi бар, мынадан не пайда түседi дейдi екен. Адамдарды сұрыптап, өйтiп-бүйтiп жүрiп, кiмге жағынам, кiмге жағынбаймын, жағынсам мынадан пайда, жағынбасам мынадан зиян табам деп ,,терең,, ойлайды екен.

   Әрине, олардың ұтқандары да, ұтылғандары да аз емес. Мысалы сауаты шамалы кейбiр кiсiлер жоғарыдағы ,,әдiстi,, пайдаланып, академиктiкке дейiн жеттi. Академик болса, 350 сом ақшаны iстесең де, iстемесең де ала бередi екенсiң.

   Бiр күнi менi осындай сорттағы бiр ,,академик,, өлтiрдi.

   -Сiзде табиғат сыйлаған ,,талант,, бар, оған дау жоқ. Бiрақ та осы уақытқа дейiн ресми кәмелеттiк аттестатыңыз жоқ қой,- деппiн. Мен де оңбаған кiсiмiн ғой.-Баукең дауыстай, рахаттана күлдi.

   -Даусы шамалы кiсi едi. Мырс еттi де:

   -Әйтеуiр ақшасын алып жүрiп жатырмыз ғой,- дедi. Осы сөзiмен ол менi өлтiрдi. Бұл оның:,, Сен академияның ақшасын қызғанып отырсың ба? Оны бәрiбiр өзгерте алмайсың,, ,- деген сөзi едi. Ойпырмай, айтарымды айтып алып, қатты қысылып қалдым. ,, Аңдамай сөйлеген ауырмай өледi,, дегендей аузыма құм құйылды.

 

ӨЗ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕСТІМ

 

    -Тағы бiр академикпен әңгiмелескенiм бар. Бұл жолы өзiмдi аса сақ, сергек ұстадым.

   -,,Дарынды,, академиксiз, шәкiрттерiңiз көп. Жақсы шәкiрт туған балаңнан артық болады,- деп көпшiктiң бес-алтауын аямай қойып едiм, кеттi аспанға ұшып шарықтап.

  -Иә, оның рас…Шәкiрттерiмнiң көбiн жақында бiлдiм. Бәрi менi туған әкелерiндей сыйлайды екен. Сенiмен бiр мәселе жөнiнде ақылдаспақ едiм…

   -Көке, жастың аты жас қой/көке деп қоямын/. Сiз түгiл кей кезде мен де шаршаймын. Бiр жағы сырқаттанып та жатырмын. Сiз менiмен емес, анау Ғабит ағамызбен ақылдасыңыз.

   -Мен онымен ешуақытта ақылдасып көрген кiсi емеспiн.

   -Жоқ, көке, ақылдасыңыз. Ол кiсi де академик.

   -Не айтпақсың?

   -Е, тыңдай бiлсеңiз, айтайын.

   -Айт, айналайын, айт? Сенi тыңдамай кiмдi тыңдамақпын,- деп елпiлдей қалды. Екiжүздi кiсi ғой.

   -Баяғыда Ғабит ағамыз алпысқа толғанда бiр топ жастар құтты болсын айтайын деп жиналып, үйiне барыпты. Барса, үй қызметшiсi кемпiр шығып, букет-сукеттерiн алып қалып:

   -Ағаларың үйде жоқ едi,- дейдi.

   -Қайда кеттi?

   -Аңға кеттi. -Кемпiрдiң аңға кеттi дегенi әйелге кеттi дегенi ғой. Оны жастар түсiнбейдi дейсiз бе?

   Сiзге бiрнеше рет телефон соғып ала алмағаннан кейiн:,,Е, бұл ағам да аңға кеткен екен ғой,, ,- деп ойлап едiм.

   -Аха-ха-ха,- деп iшегi қатып күлдi.- Әй, мынауың жазып қоятын нәрсе екен.

   -Жазсаңыз, өзiңiз жазыңыз, мен мұндай нәрсенi жазбайтын кiсiмiн,- деп тастадым.

   -Әй, сен жазсаң, өте жарасып тұрар едi. Бұл ана маңғаз ағамызға өлтiрерлiк мiнездеме ғой,- дедi. Қандай арам десеңшi?!

   -Көке, кешiрiңiз, екеуiңiз де академиксiздер. Менен жастарыңыз үлкен. Академиктердi аңдитын жайым жоқ. Аңға, не айға кете ме, iсiм болмайды. Басқа нәрселерiмнiң өзiн үлгере алмай отырмын,- деп сөзiмдi бiтiрдiм.

   Баукең маған ұзақ, барлай қарап:

   -Қарағым, көз көрерiн көредi, ойламайды, құлақ есiтерiн есiтедi, қорытынды жасамайды,- дедi қабағын түкситiп.- Тiл сайрағанына ғана мәз. Ой болмаған соң оның сайрағанынан не пайда? Бұл иттер өздерiнше көргiш, естiгiш, айтқыш келедi. Ми болмаса, көрген күндерi күн емес. Сол себептi үшеуiн де желкелеп, миға қызмет еткiзу керек. Мұны саған не үшiн айтып отырмын?

   Мен үндемедiм. Баукең жағын ұстап, ойға шомып:

   -,,Дарынды,, академик менiмен  қалай ақылдаспақ? Мен шешiлем бе? Арамның сөзi де арам екенiн байқаған шығарсың?- дедi жымиып.- Онымен өз тiлiнде сөйлестiм. Өз тiлiнде сөйлеспесең, оңбай қаласың…

Жалғасы бар....