Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында
,,АЛМАТЫ,, ШИПАЖАЙЫНДА
Кешкi сағат бесте ,,Алматы,, шипажайына бардым. Екiншi қабатқа көтерiлiп, 19-шы палатаның есiгiн қақтым. Қарт орыс кемпiр қалбалақтай сыртқа шығып, ,,сiзге кiм керек?,, дедi. Мен жөнiмдi айттым.
-Бауыржан Момышұлы бiрiншi қабаттағы 19-шы палатада жатады.
Кешiрiм сұрап, төмен түскенiм сол едi, фойеде Баукең кездестi.
-Немене, адасып жүрсiң бе?- дедi күлiп.
-Ие.
-Жүр, палатаға барайық.
Соңынан үнсiз iлестiм. Үстiнде сары әскери пижамы, жалаңбас. Палатаға енiп, өз орнымызға отырдық. Өз орнымыз дейтiнiм, Баукең үнемi есiк жақтағы, мен төр жақтағы креслоға жайғасамыз. Бұл әбден үйреншiктi болған жай. Төрге өтпесең, жекiрiп, ұрсып бередi. Шамалауымша, ол кiсi менен басқа келушiлердi де дәл осылай қарсы алатын тәрiздi.
-Демалып жатырмын. Мұнда бәрi жақсы, тыныштық. Үйрене бастадым. Зерiксем, Рақымжан Қошқарбаевпен әңгiмелесем. Әнеукүнi айтып ем ғой, ол да осында демалып жатыр. Ал өзiңде не жаңалық бар?
-Айтарлық жаңалық жоқ. Ғылыми жетекшiм Темiрғали Нұртазин аға қайтыс болып, сол кiсiнiң жерлеуiнде жүрдiм.
-Е, ол кiсi жақсы, терең ғалым едi. Қайтыс болғанын газеттен оқыдым. Жатқан жерi жұмсақ, топырағы торқа, иманы жолдас болсын. Анада жазушылар одағында кездесiп қалып, хал сұрасып едiк. Оның былтыр баласы қайтыс болмады ма?
–Ие, солай.
-Ауырып қайтты ма, жоқ, бiр бақытсыз жағдайға ұшырады ма?
-Ауырып қайтыс болды. Баласы өте еңбеккер, тәрбиелi едi. Кандидаттық дисссертациясын қорғау қарсаңында көз жұмды. Көптен берi бүйрегi ауырады екен. Ешкiмге айтпай жүре берiптi.
-Ауруын жасыру бала түгiлi үлкендерде де кездеседi. Мысалы, менiң мына сол аяғым мен сол қол жағымнан сал ауруының белгi бергенiне бiраз жыл болды. Ішiмнен:,,Е, жағалап келе жатыр екенсiң ғой,, ,- деймiн де қоямын. Ауырып қайтса, сөз басқа, ал ендi бiреулер кездейсоқ қайғыға ұшырайды ғой. Оның бетi аулақ.
Баукеңнiң өңi жақсы, аздап қоңыр тартыпты. Көзiнiң алдындағы әжiм сызықтары азая түскендей.
-Үйге дауыс жазып алушылар қайта-қайта телефон соғып, маза бермей жатса керек.
Темекiсiн тартып, бiраз өзiмен өзi болып, томаға-тұйық отырды. Столдың қабырғаға таяу тұсында үш-төрт шөлмек минералды су, одан сәл берменiректе бес-алты газет-журнал жатыр.
-Әбдiлда Тәжiбаев та осында. Баяғыда министрдiң орынбасары болған бiр әйел де жатыр. Бiреудiң жазып бергенiн оқып үйренген шаласауатты бiреу. Қазiр зейнеткер.
Надан кiсiлер ,,мынау орынға лайық емес едiм, көтермелеп қойды ғой. Ендi оқиын, iзденейiн,, демейдi. Қайта керiсiнше, ақшасын, машинасын пайдаланайын, құдай менi о баста осылай жаратқан деп өзiн ақылды санайды. Кейбiр кiсiлердiң өнегелi сөзiн жаттап алады. Іске творчестволықпен қарау деген оларда болмайды. Себебi, оған негiз жоқ.
Мына әйел солардың бiреуi болу керек. Келе салысымен маған қалжыңдап тиiсiп, бұрын таныс емеспiз, мазамды алса бола ма? У нее еще такое плоское остроумие.
-Ой, мынаның өзi аузын ашса, аржағы көрiнiп қалатын бәле екен ғой,- деп iшiмнен ойладым да қойдым. Онша сөйлескем жоқ. Бiреулер жәмпеңдесiп кетедi ғой. Мен олай етпедiм. Онымен сөйлесiп ешқандай береке таппайсың. Соны сезiп:,,Жаман полковник мен сияқты көрнектi мемлекет қайраткерiмен сөйлескiсi жоқ. Құдайға шүкiр, қазiр де жаман емеспiн,, ,- деп қатты ызалы. Сол ызасын Тәжiбаевқа айтыпты.
-Құдай-ау, мынаның өзi қандай едi, қарым-қатынас дегеннен хабары жоқ, тұйық кiсi ме?- дейдi. Әбекең қу ғой:
-Ой, оған сен ренжiме, ол екеумiз бiрге оқығанбыз. Бала кезден солай болатын,- деп жуып-шайыпты. Әбекең менi бiледi ғой. Маған:
-Е, пәлен-түген деп қойсаң нең кетедi?- дедi iшегi қатып күлiп.
-Е, өзiң бiрдеңе дей бер.
Сөйлесе қалсаң, өзiнен жиіркентiп, алыстата түсетiн бiреулер болады. Мына әйел дәл сондай екен.
Далада Әбдiлдамен әңгiмелесiп, темекi тартып отыр едiм, ақымақ әйел аяғын шалқақтай басып, бiзге бұрылды.
-Е, келiңiз, екеумiздiң арамызға отырыңыз,- дедi Әбдiлда. Отырды. Олай-пұлай деп Әбекең әңгiме соғып отыр. Анау да одан қалысар емес. Боғауыз сөзден де тайынбайды екен. ,,Е, е,, деп Әбдiлда күлiп мәз. Тұрып кетiп қалуға ыңғайсыз. Отырмын.
-Әй, сен де сөйлесеңшi?- деп Әбекең менi сөзге тартпақ боп, ешнәрсе шығара алмады.
Баукең орнынан тұрып, пенжагiнiң етегiн қолымен ұстап көрсеттi.
-Ақымақ әйелдiң көйлегiнiң етегi менiң мына пенжагiмнiң етегiнен сәл-ақ ұзын. Тағы өзi талтайып отырады екен.
-Әй, Бауыржан, неге сөйлемейсiң?- деп Әбдiлда ашуланып, ұрса бастады. Әбекеңнiң ұрысқаны жарасады, неше айтқанмен менен жасы үлкен.
-Бiрнәрсенi шеше алмай, қатты ойланып отырмын, көке.
-Е, айт онда, ол не нәрсе?
-Айтыңыз, айтыңыз?- дедi әйел де.
-Бағаналы берi әңгiмелесiп отырмыз ғой. Мен мына кiсi туралы ойландым.- Әбекең қу кiсi ғой:
-Е, айт, жасырғаннан көзiне айтқан жақсы,- дедi.
-Әзiрге айтпаймын, аузым бармай отыр.-Ана әйел:
-Аузың бармаса да айт,- деп жабысты.
-Қоймадыңдар ғой, айтайын. Бағаналы берi байқап отырмын, мына кiсi екiқабат екен,- дедiм.
-Ия, құдайға шүкiр, екiқабат екенiм рас. Мен, құдайға шүкiр, жаман қатындардың санатына жатпаймын. Осы уақытқа дейiн баладан қалғаным жоқ.
Әбдiлда сылқ-сылқ күлдi. ,,Е, бәлем, мынау ашуланбай Бауыржанды өлтiрдi-ау, жеңдi-ау. Басқа жаман әйелдер болса, ,, баладан әлдеқашан қалып кеткем, үлкен басыңызбен бұл қай сөзiңiз?,, -деп ашуланар едi. Мына әйел ашуланбай, iреп сойды-ау,, -деп Әбекең өлердей мәз.
Баукең маған сынай қарап:
-Әй, түсiнiп тыңдап отырсың ба? Тақырыптың қызығы ендi келе жатыр. Ана әйел шамданған жоқ қой, ә? Әлде шамданды ма?- дедi.
-Жоқ, шамданған жоқ.
Мен қайта сөйледiм.
-Екiқабат болсаңыз, ұл табады екенсiз.
Әбдiлда маған бақырайып қарады.
-Әй, сен оны қайдан бiлiп қойдың? Саған бiреу аян бердi ме?
Мен оң қол шетiнде едiм. Ана әйел талтайып отыр. Етегiне үңiлiп қарадым да:
-Мұртынан көрiп отырмын,- дедiм.
-Ойбай?- деп әйел орнынан үшып тұрып, безiп бердi. Әбдiлданың iшегi қатып, скамейкадан құлап қала жаздады.
Ол әйелмен қарым-қатынасымыз, шырағым осылай болып қалды. Ендi бiр семiз қара келiншек туралы айтайын. Ол алғаш көрген жерде:
-Сәлеметсiз бе, Бауке,- деп қуанып амандасып жүрушi едi. Әлгi ақымақ әйел оқиғасынан кейiн бедiрейдi де қалды. Иегiн ғана қозғап, әрең амандасатынды шығарды.
Тағы бiр жақсы келiншек бар едi, күйеуi екеуi бiзбен қатар столда тамақтанатын. Сол қарсы кездесiп қалып:
-Хи-хи-хи-и,- деп бетiн басып, күлiп жiбердi.
-Е, неге күлесiң?!- деп күйеуi ашуланып едi:
-Ана апайға айтқан ағайдың сөзiне күлемiн,- дедi терiс айналып.
Сол келiншек менi көрсе, осы уақытқа дейiн төмен қарап, жымиып күледi. Бұдан шығатын қорытынды, қарағым, алғаш жалпылдап амандасқан семiз қара келiншекке менiң ана ақымақ әйелге айтқан сөзiм ерсi көрiну керек. Ал мына төмен қарап, жымиып күлетiн жас келiншектiң ақылы, юморлық сезiмi бар болу керек. Ол:
-Жас емес, қысқа көйлек киiп несi бар?- деп менi емес, әйелдi кiнәлап күлетiн тәрiздi. Сөздiң, қысқасы, қарағым, ,,Алматы,, шипажайындағы қазақ әйелдерiмен менiң қарым-қатынасым осылай болып жатыр.
Баукең бiр стакан қымыз iшiп, қайта сөйледi.
-Осында жасы алпысқа жақындап қалған, бойы аласа, сап-сары, оң аяғын сылтып басатын бiр орыс әйелi бар. Ол қарсы алдымыздағы столда отырып тамақтанады. Маған қарап жымиып қояды. Жымию да түрлi ғой. Ол кiсiнiкi ,,көзiн сүзген,, жымию емес. Ішiмнен:,,Ой, мына әйелдiң өзi,,,- дедiм де қойдым. Үш-төрт күннен кейiн серуенге кетiп бара жатсам, қарсы алдымда жалғыз келе жатыр екен. Бұған дейiн амандасқан емес едiк.
-Қайырлы таң,- дедiм.
-Қайырлы таң,- деп қазақша сөйлеп, қатар жүрдi. -Мен Антонина Петровна дейтiн боламын. Өзiм инженермiн, жобалау институтында қызмет етемiн. Күйеуiм қазақ. Ол да инженер. Құрылыс басқармасында iстейдi. Фамилиям Сәрсенбина,- деп өзiн таныстырды.
-Бауыржан Момышұлы дейтiн мен болам.
-Сiздi бiлемiн. Кiтаптарыңызды үй-iшiмiзбен оқығанбыз. Үлкен ұлым отызға кеп қалды. Әлi үйленген жоқ. Қызым бар.
Кейiнгi серуенде тағы сөйлестiк. Өте тартымды, ойлы әйел. Тартымды дегенде мiнез, ой жағынан тартымды. Әйтпесе, жұрттан асып бара жатқан түрi жоқ. Әдебиеттi бiледi екен. Сөйлессем, бiр байып қалам.
-Е, мына әйел адам екен ғой. Шалқақтап, талтақтауды бiлмейдi, қарапайым болғанымен бiлiмi, әдебi бар, орыстың қызы болса да, қазақтың әдет-ғұрпынан хабары мол, оның үстiне әр нәрсеге өз көзiмен қарайтын, ойлана бiлетiн кiсi екен,- деп iшiмнен қатты риза болдым.
Бiр жолы:
-Қазақта мынандай мақал бар. Бiрақ оны орысшаға аудару қиын. Мысалы, мазмұны мынадай,- дегенiмде:
-Мен қазақшаға түсiнем,- дедi күлiп.- Қонақ келгенде, не қонаққа барғанда күйеуiм қазақша сөйлеп отырады. Себебi, мен айтқанының бәрiн түсiнем. Маған аудармашының керегi жоқ. Бiрақ та қазақтармен тұрмыстық, қызмет жағынан тiкелей қарым-қатынасым болмағандықтан қазақша еркiн сөйлей алмаймын. Ал айтылған сөздiң бәрiн түсiнем.
Ауылға барғанда қазақша сөйлеймiн деп елдi қыран-топан күлдiрем. Кей сөздерiңiзге тiлiм келмейдi.
Ол әйел кеше үйiне кетiптi. Құдай бiледi, бүгiн қайтып келер. Жақсы әйел.
-Антонина Петровна, келiн, амансыз ба?- деп қоямын. Ана екi әйелдi жамандап, жас келiншектi күледi деп едiм/ ол жақсы ғой/, ендi Антонина Петровнаны саған мақтадым.
Баукең ,,трам-там-там,, деп әндеттi. Бұл аса көңiлденгендегi әдетi.
-Басқа ешкiммен қарым-қатынасым жоқ. Тамақ iшем, келем, отырам, газеттердi оқимын. Әбдiлдамен әлi жөндеп әңгiмелескем жоқ.
-Көке, жұмыс iстеп жатқан шығарсыз? Ойыңызды бөлем бе деп палатаңызға әдейi бармай жүрмiн,- деп қойдым. Оған ол риза боп қалды.
Кеше ме едi, бұрнағы күнi ме едi, жоқ, бұрнағы күннiң арғы күнiнiң арғы күнi бiр нәрсенi ойлап отыр едiм, бiреу есiк қағады. Түрi корейге ұқсаған жiгiт кiрiп келдi. Таныс емес.
-Бауке, ассалаумағалейкум.
-Е, амансың ба, қарағым?
-Бауке, мен бүгiн үйге қайтатын едiм, палатама жүрiп, дәм татсаңыз. Номерi пәлен, екiншi қабатта,- деп шақырып келiптi. Демалып жатқаныма он күннен асып кеткен. Мына жiгiт тамыр-танысым емес.
-Қарағым, рақмет шақырғаныңа, жолың болсын, олай-пұлай,- деп ыңғай бермедiм. Ол кеттi. Ешнәрсе деген жоқ.
Бес-он минөт өткеннен кейiн есiктi қақпастан бiреу кiрiп келдi. Қарасам, Әбдiлда.
-Әй, сенiң мұның қалай?! Ана жiгiттi мен жiберiп едiм.
-Е, Әбдiлда жiбердi деген жоқ қой.
-Өте жақсы жiгiт, инженер. Инженер болғанда да бас инженер әрi министрдiң орынбасары. Басқалар сияқты емес, әдебиеттен хабары бар.
-Бұрын таныс емес болған соң, шақырғанын құп алмап едiм. Кетiп бара жатқан кiсi екен, коньягiн iшуге бола барам ба деп ойлап едiм.
-Қой, жүр, мен ертiп келемiн деп кеттiм.
Әбекеңе iлесiп бардым. Үш жiгiт отыр. Столдың үстiнде қазы-қарта, коньяк- соньяк.
Әбекең жiгiттердi таныстырды. Еркiн әңгiмелесiп, еркiн отырдық. Бiреуi обкомның, бiреуi райкомның қызметкерi. Бiр сүйсiнерлiгi- үшеуi де әдебиеттен хабары бар, жақсы жiгiттер екен. Шолақ белсендiлерге ұқсап, жоспар-моспарды сөз еткен жоқ. Өңкей әдебиет жағынан сөйлестiк.
Әбдiлда-жаманды-жақсылы ғылым докторы, ақын. Бұрынғы өткендер, олардың шығармалары туралы әңгiмелеп, объективтi пiкiрлерiн айтты. Мен таң қалдым. Әбекеңнен мұны күткен жоқ едiм.
-Ей, Бауыржан, екеумiз бiрге оқып едiк қой. Мына жiгiттерге сен де бiлгенiңдi айтсаңшы?- дедi маған.
-Әбеке, сiз бәрiн жақсы айттыңыз. Жақсылы-жаманды ғылым докторысыз. Сiз институтты бiтiрiп, аспирантураға түсiп, ғалым болам деген кiсi емессiз. Қайта еңбегiңiздi сiңiрiп, елу жастан асқанда ғылым докторы болдыңыз. Осы күнде ,,ерте бүр жарғандар,, жетерлiк. Сiз ол топтан емессiз.
Сiз жаңа жақсы айттыңыз. Ашық сөйлеп отырғаныма кешiрерсiз. Мен ойын бүркей алмайтын iнiңiзбiн ғой. Сiздi бүгiннен бастап өгiз шалдардың қатарына қоспаймын.
-Әй, мынау не дейдi-ай,- деп Әбекең күлдi.
Баукең үш жiгiтке Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсiпбек Аймауытов туралы әңгiмелегенiн, шығармаларынан үзiндiлер оқығанын айтты. Сөз арасында:
-Жоғарыдағы кiсiлер де менiң ұстаздарым,- дедi кеудесiн кере, мақтаныш сезiммен. –Олардың бәрi де маған ой салған асылдар. Бiр ғана Жүсекеңнiң / Жүсiпбек Аймауытовтың/ әсерiне тоқталайын. Ол кiсi ,,Интернационалды,, тұңғыш аударған кiсi. Тағы қалай аударған десеңдершi?! ,,Бiзге теңдiктi әпермес бай да, патша да,, дей келiп, ,,құдай да,, сөзiн ,,батыр да,, деген сөзбен алмастырып аударған. Ондағы ойы- қазақ халқы дiнге сенедi, ,,құдайды,, айтып, шошытып алмайық дегенi. Қандай психолог?!
Баукең көк түтiндi үрлей:
-Қарағым, менiң шамалауымша, Жүсекеңнiң психолог болуының тамыры-,,Ұяда ненi көрсең, ұшқанда соны iлесiң,, дегенде жатыр,- деп маған барлай қарады.- Сен ұяны қалай түсiнесiң?
Мен аздап абдыраңқырай:
-Отбасы деген мағынада,- дей берiп едiм:
-Дұрыс емес!- деп сөзiмдi бөлiп жiбердi.- Ұя-бала дүниетанымы. Ол деген өте кең, өте маңызды нәрсе. Балалар-перiште, оның қабылдауы шынайы әрi асыл. Менi терең ойға қалдыратын бiр нәрсе- Жүсекеңнiң бала кезгi дүниетанымы өте бай, өте мөлдiр.
Бiз мiнез-құлық, бiр нәрсеге түсiну, түсiнбеу жағынан бiр-бiрiмiзге ұқсамаймыз. Тiптi бiр халық пен екiншi халықтың әдет-ғұрпы, психлогиясы бөлек. Бiреуiне ерсi нәрсе екiншiсiне ерсi көрiнбейдi. Осыны Жүсекең терең түсiнген кiсi. Ол кiсiнiң психология пәнi оқулығын жазуының себебi де сол түсiнiгiнiң молдығынан деп бiлем.
Жүсекеңдер ұлтын сүйген, ешкiмге есесiн жiбермейтiн ержүрек ұрпақ тәрбиелеуге бар болмысымен ұмтылған ұлы ұстаздар! ,,Халық бiз үшiн емес, бiз халық үшiн туғанбыз!,,- деген Жүсекеңнiң бiр ауыз сөзiнiң өзi қаншалықты мәнге ие?!
Баукең жауар бұлттай түнере түсiп:
-Бiздiң кейбiр ,,iрi ғалымдарымыз,, бүгiн былай, ертең олай сөйлейдi,- дедi жақтырмай.- Бүрсүгiнi екi қолын екi жаққа жайып, қасы-көзiн ойнақшытып, түк бiлмеген боп шыға келедi. Бұлар өте қауiптi жандар. Қауiптi болатыны- халық оларға сенедi, бiздiң қамымызды жеп жүр, оқыған, жауапты орында отыр деп ойлайды. Ал шын мәнiнде олар құлқынның құлы- рухани мүгедектер, өздерiнiң адасқандарымен тұрмай өзгелердi де адастыратын шаласауаттылар. Тағы ұялмай-қызармай халық атынан сөйлейтiндерiн қайтерсiң?! Олар үшiн үйде ауырып жатқан шал мен намыстанам. Неге деп сұрақ қой.
-Неге?
-Олармен кездесiп, сөйлескен басқа халақ өкiлдерi ,,қазақтар мыналар тәрiздi таяз, шаласауатты халық екен,, деп ойлайды. Оларға әлгiлер сондай әсер қалдырады. Бұл нағыз оңбағандық!
Баукең темекi тұатып:
-Бiздiң сондай бiр ,,iрi ғалымымыз,, бар. Қазiр тiрi, тiрi болса да өлi! - дедi шамырқана шамданып. - Ол өмiр бойы жолым болды деп ойлайды. Менiң түсiнiгiмше, оның өмiр бойы жолы болған жоқ, болуы мүмкiн де емес. Ол, бiлсеңдер, халқымыз үшiн қара жүздi бейбақ!
Баукең темекiсiн үстiн-үстiн тартып:
-Мұны не үшiн еске алып отырмын? -деп өзi жауап бердi.- Мен мұны Жүсекеңдердiң қадiр-қасиетiн сендер түсiнсiн деп еске алып отырмын. Олар халық үшiн құрбан болғандар. Маған ерiк берсе, Жүсекеңдердi бiр сөзге келмей ақтар едiм… Ол кiсiлердiң ерте ме, кеш пе, ақталатынына сенем.
Жоғарыда Жүсекеңдер де-ұстазым дедiм ғой. Ол рас, қарағым. Өмiрден өз орнымды табуыма дұрыс бағыт сiлтеген ол кiсiлерге мен қарыздармын.
Бiз, мына Әбдiлда ағаларың куә, Сыпатаев атындағы орта мектепте оқып жүргенiмiзде Жүсекең Шымкент педагогика техникумының директоры болды, қазақ тiлi мен әдебиетiнен сабақ бердi. Сабағына тиiп-қашып қатысып жүрдiк.
Ол кезде дайын оқулық жоқ едi. Содан Жүсекеңнiң аузын бағып, әңгiмеге қарық болатынбыз.
Жүсекең алдындағы қағазға анда-санда бiр қарап, қаламын қозғап қоятын. Кейiн бiлдiк, ол кiсi сурет салады екен. Сабақ бiтсе де, бiрден тысқа шыға қоймайтын. Ал сыртқа кеткен кезде қойға шапқан аш қасқырдай столға лап беретiнбiз.
Жазуы сондай сұлу едi. Сабақ түсiндiру жағынан өз мектебiмiздегi қазақ тiлi мен әдебиетiнен сабақ беретiн ұстазымыз Тәкеңмен /Тәңiрберген Отарбаевпен/ туыс жандай сезiлетiн…
Баукең маған ойлана қарап:
-Сен Владимир Ильичтiң Демьян Бедныйдың қателiгiне байланысты айтқан пiкiрiн бiлесiң бе?- дедi.
Мен күмiлжiп, үндей алмай қалдым.
-Ол кiсi өзiнiң Демьян Бедныйды әлi де жақтайтынын айта келiп, адамның осал жағына жармаспаңыздар. Талант iлуде бiр кездесетiн нәрсе. Оны үнемi және сақтықпен қолдап отыру керек. Егер сiздер талантты қызметкердi тартпасаңыздар, оған жәрдемдеспесеңiздер күнәға батасыздар. Жұмысшы демократиясы алдында үлкен айып болады, жекебастың күнәларынан гөрi бұл күнә жүз есе ауырырақ деген едi.
Мойындауымыз керек, Жүсекеңдердiң алдында бiз кiнәлiмiз. Бұл айып-күнәдан арылудың жалғыз жолы- оларды танып-бiлу.
Баукең қайта темекi тұтатып тартты.
-Әңгiмемдi бар-ықылас, ниетiмен ұйып тыңдаған әлгi үш жiгiтке осы жайларды айта келiп, былай дедiм:
-Бала кезiмде, есiк алдында ,,үй тұрғызып,, ойнап отырған маған әжем:
-Осы жаман немерем түбi оқымысты болады-ау,- дегенiнде:
-Әже, мен Жәрiмбет атам сияқты ата боламын,- деппiн. Сол сөзiм есiме түсiп отыр. Қарақтарым, Жәрiмбет аулымыздағы ең беделдi, ең мақтаулы, әдiл би едi. Мен бүгiн қартайған шағымда бала кезiмдi еске ала отырып, ұрпағымыз Жүсекеңдерге тартып өссе деп тiлеймiн.
-Бауыржан, бұл тiлегiң дұрыс. Бұл-бәрiмiздiң тiлегiмiз,- дедi Әбдiлда.
Әбекең де Жүсекеңдер туралы жақсы ойлар айтты. Әлгi үш жiгiт түгiлi мен өзiм сүйсiнiп, көп әсер алып отырдым.
Қысқасы, қарағым, мен мұнда жай емес, осылай рухани демалып жатырмын. Ол үшiн Әбекеңе, әдебиеттi түсiнетiн жiгiттерiмiзге, ана әзiлдi бағалай алатын жас келiншекке, келiнiм Антонина Петровнаға алғыс сезiмдемiн.
Жалғасы бар, осында