МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында

 

ШЕТ ЕЛДЕН КЕЛГЕН ҚОНАҚ

 

      «Алматы» шипажайы. Баукең менi көңiлдi қарсы алды.

     – Таудың ауасы жақты бiлем, сергекпiн, – дедi темекі тұтата отырып. – Өкініштісі, демалыс уақытым ертең бiтпек. Қаладағы төртiншi басқармаға барып, тағы 24 күнге қалсам деп едiм…Сол оймен кеше автобусқа мiнiп, қалаға бардым. Өзiме бiр ашқан жаңалығым, мен Алматыны бiлмейдi екем. Мына көше қайда алып барады дегеннен хабарым жоқ екен. Ары жүрiп келем, берi жүрiп келем, Фурманов көшесi жоқ. Төртiншi басқарма сонда ғой. Қарсы ұшырасқан қыздан амалсыз:

   – Қарағым, Фурманов көшесiн қалай табуға болады? – дедiм.

   – Ой, сiз мүлде басқа бағытқа қарай кетiп бара жатырсыз, керi бұрылыңыз.

   – Тағы қанша көше қиып өтем?

    – Төрт-бес көше.

   Такси ұстайын десем, құрғыр такси көрiнбедi. Жүрiп келем. Фурмановтан хабар жоқ. Қарсы ұшырасқан қара жiгiттен:

   – Қарағым, Фурманов көшесi қайда? Таба алмай жүрмiн, – деп едiм, мырс етiп күлдi.

   – Бұл жақта емес, ана жақта.

   – Ал онда әбден шаршадым, аяғымды суытайын, – деп жол жиегiндегi орындыққа отырдым. Шырамытса керек, жiгiт те отырды.

   – Баяғыда үйiмiзге Музей апа келдi. Онда бiз осы мен iздеп жүрген Фурманов көшесiнде тұратынбыз. Бiр күнi Музей апа далаға шығып, адасып кетiптi. Қарсы кездескен орыс жiгiтiнен:

   – Порман қайда? – деп сұрапты. Ол түсiнiп:

   – Бабушка, Фурманов здесь, – дейдi. Былай қарайды, олай қарайды, бiздiң үй көрiнбейдi. Өткеннiң бәрiнен:

   – Порман қайда? – деп сұрай бередi.

   – Фурманов көшесiнде тұрсыз.

   Төмен қарап жүредi, жоғары да өрлейдi. Бiздiң үйдi таппайды. Ақырында Музей апа:

   – Анау да Порман, мынау да Порман дейдi. Порман қайда?! – деп айқайлапты. Оны балконға шыққан Кәмеш естiп қалып:

   – Әпке-ау, ол жерде неге айқайлап тұрсыз, келсеңiзшi? – дептi. Сонда жарықтық Музей апам үйдiң қарсы алдында адасып жүрiптi ғой, – деп әлгi жiгiтке әңгiме айтып бердiм. – Қарағым, әпкеме күлушi едiм, ендi, мiне, өз басыма келдi.

   Жақсы жiгiт екен, сықылықтап, мәз болды.

   – Сен ендi маған такси ұстауға көмектес.

  Ол жүгiрiп кеттi. Сәл өтпей бiр таксидi көлденең тартты. Төртiншi басқармаға барып, бөлiм бастығына жолықтым.

   – Шырағым, «Алматы» шипажайында жатыр едiм. Бiрнәрсе ойлап, бiрнәрсе жазғансып дегендей. Бiраз үйренiп те қалдым. Қоныс аударғанда ой бөлiнедi ғой. Дәрiгерiмнiң алдынан өтiп ем, төртiншi басқарма қарсы болмаса, бiз қарсы емеспiз дедi. Қалайсың, құп десең, рақмет деймiн, құп демесең, ренжiмеймiн.

   – Мұныңыз дұрыс, Бауке. Жақында бiздi қысымға алды. Бастығымыз кiшкене тұйық кiсi едi. Сол кiсiге барып ақылдасайын, – деп орнынан тұрып кеттi. Қайтып келiп:

   – Бiр адамға екi жолдама берiлмейтiн заң бар. Әнеукүнi қысым көрiп қалдық, –  дедi ол кiсi.

   – Е, дұрыс, тәртiптiң аты – тәртiп. Ол орындаушы. Ал, жақсы, қарағым, сау-саламат бол,  – деп шығып кеттiм…Жазушылар одағына жаяу жеттiм.

 Түскi үзiлiс басталайын деп жатыр екен.

   Әнуардың кабинетiне енсем, «Жұлдыз» журналының редакторы Бекежан екеуi сөйлесiп отыр екен. Бекажан орнынан тұрып кетпек едi:

   – Е, сен де отыр, сен де бастықсың, – дедiм. Әнуар:

   – Бауке, қалай демалып жатырсыз? – деп сөздi тезiрек бiтiрсем дегенге көштi. Түрiне қарап:

   – Вы хотели меня через пять минут выгнать, а я сам выйду через три минут, – деп ем, Әнуар «байқапты-ау» деп күлiп жiбердi.

   – Түсiнсең, қарағым, саған жеңiлдiк жасап отырмын.

   Хи-хи деп екеуi де күлдi. Сөздi көбейтпес үшiн мен былай дедiм:

   – Сенiң менi түсiнбегенiң толық заңды. Мұнда таң қаларлық ештеңе жоқ. Мен жақында қарт Бауыржан Момышұлының жас Бауыржан Момышұлын түсiнбейтiнiн байқадым. Сол себептi сенiң сөзiң таң қаларлық емес.

    Екеуi де мәз бола күлдi.

    – Ал, қысқасы мынандай, қарағым. Демалыс уақытымды созып беремiн десең, өзiң бiл.

   – Ол мүмкiн болмай тұр, Бауке.

   – Е, жақсы онда, – деп қоштасып, тысқа шықтым.

   – Кешiрерсiз, Бауке, мен шынымды айтсам, жазушылар одағына түсiнбей жүрмiн, – дедi Әнуар соңымнан қуып жетiп.

   – Мен қарт кiсiмiн, өзiме өзiм түсiнбей жүргенiмде сен Жазушылар одағына қалай түсiнесiң? Мен өкпелемеймiн, – деп қоштастым.

   Фоэде Тұтқабай жолықты.

   – Үзiлiске шықтыңдар ма?

    – Қазiр шығамыз.

    – Е, онда жүр, төменнен тамақтанайық.

    Кафеге ендiк. Балық күнi екен. Сондай да тәртiптерiң бар екен ғой.

    – Саған бiрiншi, екiншi тамақ алдырайық, мен шалмын, маған екiншi жетедi, – дедiм. Даяшы қазақ қызы екен, бәрiн әкелдi.

    Әңгiмелесiп отырмыз. Бiр кезде «Жазушы» баспасының бас редакторы    Есет Әукебаев көрiндi.

    – Ой, кел, қарағым, жоғары шық. – Оған да тамақ алдырдым. Оны-мұныны айтып отырғанымызда Олжас төбе көрсеттi.

   – Е, қалайсың, отырсаңшы? – деп едiм:

   – Бауке, сiзде бiр шаруам бар едi, – дедi.

   – Е, құпия болмаса, айта қой.

   – Болгариядан бiр жазушының келгенiне екi-үш күннен асып кеттi. Сiздi көрсем, жолықсам деп күнi-түнi маза бермей жүр. Қазақстан туралы кiтап жазбақ ойы бар екен.

    – Ол кiсi санаторийде дедiк.

    – Қалай да ол кiсiнi көруiм керек. Санаторийға менi апарыңыз  деп едi. Сiздiң осында отырғаныңызды жаңа естiп, «әуелi мен барып бiлейiн» дедiм.

    – Е, ол жаманды-жақсылы қонақ қой, осында ертiп кел. – Олжастың оны бiрден жүр деп сүйрелемей, әуелi мен барып бiлейiн дегенiне iшiм жылып қалды. Бұл – көргендiлiк, қарағым. «Шал ренжiп жүре ме, алдынан өтейiн» дегенi ғой.

   Болгарлық қонақты ертiп келдi. Ұзын бойлы жiгiт екен. Столымыз кiшкентай едi.

   – Әй, тағы стол қосыңдар,– дедiм. – Ал, қандай тамақ алдырамыз, айтыңдар.

   – Мен екiншiден жейiн, – дедi қонақ. Олжас бiрiншi, екiншiге зауқы соғатынын айтты.

   – Е, сөйт, жiгiтсiң ғой.

   Әңгiмелесiп отырмыз. Қонақ жазушының сөзiнiң бәрiн айта берсең, толып жатыр. Бектiң «Волоколам тас жолын» ертеде аударғанбыз, ел сүйiп оқиды. Былтыр бiр болгар сiзге жолыққан екен, «Волоколам тас жолының» батыры тiрi, Алматыда тұрады, жазушы, кiтаптары шықты» деп барды. Бәрiмiз өмiрiңiздi бiлуге қызықтық…

   Өзi орысшаны онша жақсы сөйлей алмайды екен. Совет Одағына жүрiп барам дегенiмде, достарым:

   – Ойбай, Бауыржан Момышұлын көр, суретке түсiр, интервью жүргiзiп, даусын жазып алғын, – дедi. Қазақстан туралы кiтап шығардық. Оған бiр әңгiмеңiз ендi.

   Менi мақтауға кеттi. «Сiздiң есiмiңiз әлемге аян, батыр-сатырсыз» дегенге барды. Ішiмнен:

   – Мынау не дейдi? – деп отырмын.

   Жылт етiп Есенберлин, тағы бiр жазып жүрген жас жiгiт, аты есiмде жоқ, келiп:

   – Полковниктi таптыңыз ба, жолықтыңыз ба? – дестi.

   – Е, отырсаңдаршы? – Екеуi отырды.

   – Бауке, менiң қызметiм бар едi, – деп Есет кетiп қалды. Сөзiнен байқадым, Есенберлин қонақ жiгiтпен бұрын сөйлескен болу керек. Оларға да тамақ алдырдым.

   Есенберлин сөйлеп отыр. Аударма мәселесiнен қонақпен ортақ келiсiмi бар-ау деймiн, көбiне сол жөнiнде әңгiмелестi. Қасындағы жiгiт те бастықсымақ болу керек, сөзге араласып қояды. Бiр кезде ол:

   – Бауке, сiздiң кiтабыңызды аударайық, жiберiңiздер деп төрт ел сұрады. Жақында соны жiбердiк, – дедi. Соған қарағанда ол да тiзгiннiң бiр шетiн ұстаған жiгiт тәрiздi.

   Болгарлық қонақ оңаша әңгiмелессек деп жалынып отырып алды.

    – Менiң кабинетiм жоқ, осы кафеде сөйлесейiк.

   Олжас:

   – Бауке, Снегиннiң кабинетi бос, жүрiңiздер, ашып берейiн, – дедi. Сөйтiп Снегиннiң кабинетiнде әңгiмелестiк.

   – Сұрағың болса, қысылма, – дедiм қонаққа. – мен тек сұрағың бойынша ғана бiлгенiмше жауап беремiн. Сiздi не мәселе қызықтырады? Бiр сағатқа уақыт бөлейiк.

   – Кешiрiңiз, – дедi де қонақ көлемi алақандай бiр қорапты ашып, клавиша секiлдi екi нәрсенiң бiрiн төмен, бiрiн жоғары басты.

   – Мұның не?

   – Бұл тiлшiлiк портативтiк магнитофон.

   – Бұл бiзде бар ма, жоқ па, бiлмеймiн. Лентасы жiп-жiңiшке. «Мынаның өзi тамаша нәрсе екен ғой» дедiм.

   – Сұрағыңызды берiңiз, тек лентаға жазғанымыз сәл аяныштылау. Себебi, мынаусы керек, мынаусы керек емес дей алмайсың ғой. Сондықтан ойланып сұрақ берiңiз. Ойланбай қойылған сұраққа ойланбай жауап қатасың. Неге десең, кең көлемде талдап, жауап қатайын десең, сұрақ иесi оған бәрi бiр түсiнбейдi.

   Кiм кiм де көре, сезе алуы, сол сезгендерiн ұға бiлуi қажет. Оған эрудиция керек. Сұрақ қалай болса, жауап та солай болады деуiмнiң сыры осы. Жауап берушi кiсi алдымен қалай жауап беру керегiн, сұрақты  кiм және не үшiн қойып отырғанын ойланады. Мынау дыбыс жазуыңыз бар екен, дауыс ырғағын сақтауға мүмкiндiк мол. Дауыс ырғағы – астарлы ойды, сұрақты қалай қабылдап, қалай қабылдамағанын, оған деген реакцияны, екi жақтың қысқа түрде болса да ойланып-толғану барысын танып-бiлуге көмектеседi.

   Жауап берушi адамға қиын. Себебi, ол өзiне қандай сұрақ қойылатынынан хабарсыз және ешқандай дайындықсыз отырады. Ал сұрақ берушiнiң күнiлгерi ойланып-толғануына мүмкiндiгi мол. Сол себептi сұрақты не үшiн және қалай қоямын деп күнi бұрын ойланған жөн. Тағы оның бiр емес бiрнеше рет ойлануына болады. Неге десең, уақыты көп. Ал жауап қатушы күтпеген жерден табанда жауап беруi тиiс. Бұл кiмге де болса оңай жүк емес. Жауап беру ыңғайсыз, кейде өте қиын. Себебi, әр сұрақ ол үшiн тосын жай ғой. Оның үстiне таныс-бiлiс емес, шетелден келген қонақтың сұрағы екi есе қиын.

   Тағы да бiздiң кеңесiмiз жеке адамдар кеңесi. Егер алдын ала әзiрленген сұрақтар, не тақырып болса, қалай жауап беремiн деп ойланасың. Жас жiгiт, бұл жағынан тәжiрибем жетерлiк, сiз өкпелемеңiз. 1941 жылдан бастап тiлшiлердiң мен туралы интервьюi басылып келедi. Чехословакия, Кубада болғанымда да тiлшiлердiң обьектiсiне айналғам.

   Мұның сыртында мен туралы кiтаптар жазылды. Одан өзiңiз хабардарсыз. Мұны айтып отырған себебiм, алған әсерлерiңiздi жариялай қалған жағдайда Америка ашпайсыз. Мұным сiзге жазба дегенiм емес, пiкiр алысқаным. Как вы поняли, что уловили, как будете писать, это не мое дело. Сiздiң жазғаныңызды оқырмандар қалай қабылдайды, ол да менiң шаруам емес.

  Сiз бiздiң түрлi мамандық иелерiмен кездесесiз. Совет Одағының көп қырлы өмiрiмен танысасыз. Тiптi бiр мамандық саласында еңбек етiп жүрген әртүрлi адамдармен дидарласасыз. Әртүрлi дегендi дұрыс түсiнiңiз. Мұны айтқанда жас жағынан, бiлiм, тәжiрибе жағынан әртүрлi деп отырмын. Барлық адам бiрдей емес қой.

   Уақыт, жас, жағдай, қоршаған орта – адам дамуында, тiптi психология мәселесiнде өз таңбасын қалдырады. Бiрiн-бiрi түсiну, жай ғана емес, дұрыс түсiну мәселесi әрқашан әдебиетшiлерiмiздiң басты мәселесi болып келген, бола да бермек. Тiптi кейде баласы мен әкесiнiң арасында, ағайындылардың арасында түсiнiспеушiлiк кездесiп қалады. Шынына келгенде бәрiнiң қаны бiр, ары бiр. Тiптi кейде сенiм-нанымы, мектебi бiр жандардың арасында  алауыздық туады. Алауыздық өз алдына кейде тартыс басталады. Бақылаудың күрделiлiгi, психологиялық талдаудың қиындығы, әдiлдiгi осы мәселеге тiкелей байланысты.

    Әрине, өмiр – күрес. Онсыз болмайды. Онсыз өмiр бұрышсыз, тұзсыз тағам тәрiздi.

    Бiздiң Ыбырай Алтынсаринге, Шоқан Уәлихановқа, Абай Құнанбаевқа, Жамбылға, Мұхтар Әуезовке, тағы басқаларына көңiл бөлiңiз. Сiз Қазақстан әдебиетi тарихын зерттеу, танысу үшiн келген тәрiздiсiз. Адамдарымызбен қарым-қатынас жасағанда, адамзатқа тән кемшiлiктерден бiз де ада емес екендiгiмiздi есте ұстаңыз. Бiрақ ол кемшiлiктер бiздiң өзiмiздiң кемшiлiктер. Өзiмiздiкi болған соң олар бiздiң жағдайымызға тән, табиғи құбылыс.

   Еңбекте, тұрмыста сол кемшiлiктердi болдырмау үшiн күресудемiз. Еңбек пен тұрмыс – бiздiң қоғамымыздың дамуының ең басты саласы. Қоғамдық еңбек пен адамгершiлiкке толы тұрмыс – жоғары саналы қоғамның еншiсi. Мұны өзiңiз аралағанда байқарсыз. Если есть разумное, обоснованное, благородное начало – это равносильно тому, что будещему дому заложен капитальный фундамент.

   Баукең  көзiлдiрiгiн киiп:

  – Болгарлық қонақпен осылай сөйлестiм, –дедi. – Байқаймын, ол менi толық түсiнбеген тәрiздi. Ең соңында:

   – Ал, қарағым, жолың болсын. Егер артық сөз айтсам, кешiр. Бұл бiздiң кездейсоқ кездесуiмiз. Табыс тiлеймiн, – деп қоштасып, таксилетiп, ,,Алматы,, шипажайына кештетiп оралдым.

   Көңілiңе келсiн, келмесiн, бұл қонағым маған онша ұнаған жоқ. Сұрақтарына қысқа жауап берiп отырдым. Бiзге екi айға келiптi. Өзi кәдiмгi шаласауат белсендiнiң бiрi болу  керек. Бiлiмi терең емес. Қателесуiм де мүмкiн. Әй, шырағым, кiсiнi түсiну, тану  оңай деймiсiң?

   Баукең сағатына қарап, орнынан тұрды.

   – Тамақ iштетiн мезгiл болды бiлем. Мен шипажай асханасына барып келейiн. Сен өз әсер-сезiмiңдi қағазға түсiр, мына жағдайды түсiн, ойлан-толған. Оған уақытың толық жетедi. Егер ойыңды қорытып, алған әсер-сезiмiңдi қағазға түсiрмей бос қарап отырсаң, онда сен жазушы емессiң. Түсiндiң бе?

   Мен үндемедiм. Баукең шамды жағып, бөлмеден шығып кеттi. Қаламым жорғалап, тыным табар емес.

   Бiр кезде Баукең қайтып келдi. Қолында күлше.

   – Осы шипажайда мұсылман аспазшы бар-ау деймiн. Жақсы жабылыпты. Ата-бабамыз «Қуыс үйден құр шықпа» деген ғой. Мә, жеп отырғын. Бұл – адал нан.

   – Рақмет,  – деп қуанғаннан орнымнан ұшып кете жаздадым.

 

ӨРНЕК

 

    -Сұрағың болса, ұялмастан бергiн. Мен жақында кететiн шалмын. ,,Қап, мынаны сұрамаппын-ау,, деп кейiн өкiнiп жүрме.

    -Жастық шақ туралы ойыңызды бiлсем деп едiм.

    -Менiң бе, сенiң бе?

    -Сiздiң.

    -Е, солай демейсiң бе? Бiздiң жас кездегi дәуiрiмiз сенiң жас кездегi дәуiрiңнен мүлде бөлек, екеуiнiң айырмасы жер мен көктей. Оларды салыстыру мүмкiн емес деп ойлаймын. Мысалы, бiздiң бала кезiмiзде өрнек  деген сөз бар едi. Оны бүгiнде сендер кiлем, алаша өрнегi деп жүрсiңдер.

   Әке намысы, ана намысы дейтiн де сөз болатын. Сонда өзiн өзi жақсы ұстай бiлген ұл-қыздар туралы қазақтар:,,Ойпыр-ай, мынау әке көрген, шеше көрген, тектi жердiң баласы екен ғой. Өрнегiнен айналдым,, ,-дейтiн. Қазiр сендердiң қалай дейтiндерiңдi бiлмеймiн. Бiздiң замандағы өрнек деген сөз адамгершiлiгi, үлгi-өнегесi мол деген мағынада айтылатын.

   Кейбiр бейбастақтық, әдепсiздiк iстегендердi көргенде:,, Мынау тексiз жерден екен ғой, өрнегi жоқ,, ,- дейтiн. Қазақтар ,, тексiз жердiң баласы,, деген сөздi рухани, адамгершiлiк жағынан баланың шыққан жерiн, өскен ортасын айыптау, жазғыру ретiнде қолданған.

    Бiз жас кезiмiзде ,,тексiз жердiң баласы,, деген атаққа iлiнбейiк деп тырысатынбыз. Жас кезiмiздегi бiздiң кредомыз осы едi. Әкемiздi, шешемiздi, туған, өскен ортамызды кемiтпейiк, яғни ,,тектi жерден екен десiн,, деп талпынатынбыз. Түсiнiп отырсың ба?

   -Түсiнiп отырмын.

   -Ата баласы екен, әкесi мен шешесi жақсы кiсiлер едi, бұл да айналайын екен,- деген сөздiң мәнi терең. Ең үлкен мектеп- отбасы тәрбиесi. Себебi сол үйде шыр етiп дүниеге келген, сол үйде өскен ғой.

    Бала жаны тез қабылдағыш. Қырқынан шығысымен ол сөйлей алмаса да, көп жайға түсiнедi. Мұны ұмытпау керек.

    Баукең ойлы, отты жанарын өңменiме қадап:

    -Ендi менiң саған қояр сұрағым бар,- дедi.- Майды кiм көтередi?

    -Қой көтередi.

    -Дұрыс. Шошқа көтере алмайды. Шошқаның ақымақтығы сондай, семiрiп-семiрiп, орнынан тұра алмай жатып қалады. Қой қанша семiрсе де жатып қалмайды. ,,Семiздiктi қой көтередi,, деп халық бiлiп айтқан.

    Әр мақалдың әртүрлi астары бар. ,,Семiздiктi қой көтередi,, деген үлкен ескерту, үлкен айыптау. Оны бiз күлкiге айналдырып жүрмiз. -Қолын ашулана сермедi.-Өзiмiздiң таяздығымызға ғана күлуiмiз керек.

   Мұны айтып отырған себебiм, бұдан былай мақал-мәтелдерiмiзге абайлап қарағын. ,,Аузын ашса, көмекейi көрiнедi,, деген мақалда қанша ой, сыр бар? Бұл кiсiнi тiрiдей iреу ғой… Қарағым, семiздiк- байлық, барлық деген сөз. Оны орнымен пайдаланып, жас ұрпағымызды тектi ұрпақ етiп өсiруiмiз керек. Ол үшiн әр ата-ананың, әр ортаның тектi өрнегi болу керек. Түсiндiң бе?

   -Түсiндiм.

   Баукең жанарын төмен салып, үнсiз қалды. Кенет жүзiме тiке қарап:

   -Сенiң:, Мына алжыған шал шаршатты ғой,, ,- деген ойыңды айтпасаң да сезiп отырмын,- дедi даусын қатайтып.

   -Жоқ, Бауке, қайта,- дей берiп ем:

   -Ойымды бөлме!- деп қолын сермедi. Қабақ түйiп, тұнжырай отырып:

   -Бәлкiм мен қателесермiн, бұл жеке пiкiрiм,- деп сөзiн жалғады.- -Қазақ әдебиетi тоқырай бастағандай. Мүмкiн жарқ етiп, жұртты жалт қарататындай шығармалар әлi жазылар. Бiрақ менi ондай мүмкiндiкке өзiмiз жол бермей жүрмiз бе деген ой мазалайды…Бүгiнгi әдбеиетiмiзге  жаңа өрнек керек.  Онсыз болмайды…

 

МЕН – ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

 

    -Рұқсат па екен?

    Дөңгеленген сұлу, ақ әйел  бейне бұрыннан сырлас достарының үйiне келгендей өзiн еркiн ұстап, жайраңдай күлiп, iшке ендi. ,,Кiм де болса, Баукеңнiң мiнезiнен бейхабар, кiтаптарын оқымаған бiреу-ау, апшысы қуырылып жүрмесе игi едi,, ,-деп ойлап, қауiптене қалдым.

   -Кел, қызым, кел.

   Ақ әйел столдың шетiне қойылған орындыққа еркелей отырды.

   -Мемлекеттiк мұражайдан келiп едiм. Келмесiме болмады.

   Баукең қабағын шытып, сұсты күйге ене қалды.

   -Сiздi мұнда кiм жiбердi?

   -Бастығымыз.

   -Бастығыңыздың аты-жөнi кiм?

   -Әбiлова.

   -Мұнда келерде телефон соқтыңыз ба?

   -Жоқ.

   -Бiреу бар десе, бара бересiз бе? Маған сiз емес, директорыңыз Бижамал Рамазанова керек. Сiзде жұмысым жоқ. Әнеукүнi бар мәселенi айтып, түсiндiрiп кеткем. Жарайды, рұқсатсыз келiп қалыпсыз, ,,кел демек бар, кет демек жоқ,,. Шаруаңызды айтыңыз?

   -Шаруам, Бауке/ неге екенi белгiсiз ақ әйел күлiп сөйледi/, әнеукүнi Бижамал Рамазановаға келдiңiз ғой. Сонда номер 43-шi күнделiгiңiздi алып кетiпсiз. Тағы папкадағы қағаздар жоқ. Сiз алмасаңыз, кiм алады?

   -Менiң алғаным жөнiнде тiлхат бар ма?

   -Жоқ.

   -Онда не сөйлеп отырсыз? Сiздер мемлекеттiк мұражай қызметкерiсiздер. Кешiрерсiз, кiм не алса, соған ол тілхат бередi.

   -Сiздiң  рұқсатыңызбен Мырзағанов Інжiлдi әкетiп, қайтарған жоқ.

   -Оған көруге ғана рұқсат еткем. Егер сiздер үйiне берiп, қайтара алмасаңыздар мен кiнәлi емеспiн. Ендi маған бәрi түсiнiктi. Сiз жауапсыз қызметкерсiз!

   Баукең маған қаһарлана қарады.

  -Бұл айтқандарымның мағынасын түсiндiң бе? Түсiнбесең…

  -Ал, сау болыңыздар,- дедi дөңгелек келген сұлу, ақ әйел Баукеңнiң сөзiн бөлiп, орнынан асығыс тұрып.

   -Бiз сiзбен бұдан былай таныс емеспiз.

  Сұлу, ақ әйел тез басып, бөлмеден шықты.

  -Аты-жөнiн де сұрамадық қой. Кiм екенiн бiлу керек едi. Қолжаулық болып жүргенiн көрмеймiсiң? Бұл жатқан драма, жатқан трагедия ғой. Осыдан кейiн демалып көр!

   Баукең қабағын түйген күйi ұзақ үнсiз отырып, қайта сөйледi.

   -Мен мұрағатымды әлдекiмдерше ақшаға сатқан жоқпын. Мен ақшаға қызықпаймын! Принциптi түрде қызықпаймын. Басқалардың бәрi мұрағатын сатқан.

  Мына әйелге не жоқ?! Бұл арандатудың құрбаны ғой. Шай iш, дәм тат дей де алмадық.

   Баукең ойға шомды.

   -Дәм татырып аттандыру керек едi. Өзi ойланбай келiп, ашуымды қоздырғанын көрдiң ғой.

   -Ой, бармаймын , ол кiсiнi танымаймын демей ме? Папкадағы материал түгел емес дейдi. Оны сiз өзiңiз алмасаңыз, кiм алады дейдi. Астапыралла-а! Менiң алдым деген тiлхатым бар ма десем, жоқ дейдi. Естiдiң ғой. Оларға менiң мұрағатымды қарауға, ондағы материалдарды ұрлауға кiм рұқсат берген?!

    Мен-халқымның Бауыржанымын! Менiң мұрағатым емес, бiлсең, ол қазақ халқының мұрағаты!…

Жалғасы бар, осында