Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында
КҮРДЕЛІ ТАҚЫРЫП
-,,Ел мақтаған жiгiттi қыз жақтаған,, деген мақал бар. Мұны бiз дұрыс түсiнбей жүрмiз. Бұл бейнелi, ақындық, тарихи-философиялық сөз. Оның мағынасы жiгiт –елдiң ұлы, қыз-елдiң қызы, көшеде бұлғақтап жүрген бiреу емес дегендi бiлдiредi.
-Ой, мынау елдiң ерi екен ғой, осыған зайып болайын,- деп ниет еткен қыз қандай қасиеттi десеңшi?! Ой жiбершi, мақтаған деген сөздiң мағынасы осы.
Елдiң ерiне рухани серiк болу оңай ма? Соған түсiнiп жақтап отыр, түсiнбесе жақтамайды. Кел, бiрге күреселiк деу ақымақ қыздың қолынан келмейдi.
Ел мақтаған жiгiт тегiн емес, оны жақтаған қыз да тегiн емес. Бұл мақалға кейбiреулер кекесiнмен қарап күледi. Мен бұған қарсымын. Бұл мақал жоғары адамгершiлiктiң көрiнiсi.
Әй, шырағым, мен көптi көрген кiсiмiн, мақтанды десең, дей бергiн. Мысалы, ,,Ромео Джулеаттаның,, тақырыбы осы ,, ел мақтаған жiгiттi қыз жақтағанға ,, келе ме? Жоқ. Олар өз сезiмдерiне ие бола алмағандар. Бұл, әрине, менiң жеке пiкiрiм. Пушкин өзiнiң ,,Евгений Онегин,, романына ,,ел мақтаған жiгiттi қыз жақтаған,, дегендi бiлгенде эпиграф етiп алар едi. Бұл өте iрi, күрделi тақырып. Бұл тақырып бойынша пьеса да, оперетта да жазуға болады.
Ұлы Лев Николаевич Толстойдың ,,Анна Каренинасы,,- сұмдық трагедия ғой. Бас қа¿арман Каренин керемет ұстамды адам. Ол орыс дворянының жиынтық бейнесi. Бiрақ Анна одан бездi. Неге? Бұған жауап беру үшiн сол өмiрдi өзiң бастан кешуiң керек. Түсiндiң бе?
-Түсiндiм.
-,,Ел мақтаған жiгiттi қыз жақтаған,, дегеннiң де күрделi тақырып екенiн ендi түсiнген шығарсың?
Мен үнсiз бас изедiм.
ҮЛКЕН ҚУАНЫШ
-Жақсы жiгiттi, жақсы қызды халық тойда көрсетедi. Мiне, салыстырыңдар, мынандай жiгiтiмiз, қызымыз бар дейдi мақтанып.
Басқа республикаларды кемiткенiм емес, қарағым, олар да маған қымбат, оларға мен де мақтаныш сезiммен қараймын. Дегенмен Қазақстанның бетке ұстар дәрежеге жеткенiн ерекше мақтаныш етемiн. Ел-жұртқа ұялмастан, қызармастан көрсеткендi бетке ұстар дейдi.
Қазақстанда дүниежүзiлiк бiрнеше халықаралық кездесулер, конференциялар өтiп жатыр. Бұрынғыларын айтпай-ақ қояйын, қазiр өтiп жатқаны қалай аталатын едi?
-ВОЗ.
-Всемирная охрана здоровья детей. Әлемдiк, адамзаттық денсаулық күзетi деген адамгершiлiктiң шыңы деген сөз. Сол қайда өткiзiлiп отыр? Алматыда, Қазақстанда өткiзiлiп отыр. Қанша елден өкiл келдi?
-140- тан астам елден.
-150 десеңшi.
Баукең бiраз тұнжырай, ойға батып отырды да:
-Бұл дүниежүзiлiк форум!- дедi шаттана.- Бұл Қазақстан үшiн үлкен құрмет! Балалардың денсаулығын сақтау деген болашақты сақтау деген сөз. Бұл -әлемдiк адамгершiлiк! Соны Қазақстанда өткiзу деген терең саяси, интернационалдық мәнге ие.
Келген кiсiлердiң көбi дәрiгерлер. Олардың саяси көзқарасы әртүрлi. Дегенмен дәрiгерлер терең саясат адамы болып көрген емес, болмайды да. Олар таза мамандар. Әрине, көбi гуманист.
Келгендердiң сексен пайызының Қазақстан туралы ешқандай мәлiметi жоқ. Олардың ойынша Қазақстан отарлы ел, жұрт аштан қырылып жатыр. Алматы кiшкентай поселок. Адамдар рикша боп, байлары есек арба мiнiп жүредi. Қазақ дейтiн көзi сығырайған надан, жартылай маймыл, жартылай адам, аш-жалаңаш деген секiлдi сөздердi мұнда келерде әбден естiген.- Баукең алақанын жайды.- Бұл жаққа жол жүрерде естiгендерi қып-қызыл өтiрiк боп шығып отыр. Мұның өзi бiздiң халықаралық саясаттағы үлкен жеңiс.
Әрине, қатысқандардың iшiнен елiне қайтып барғанда бiздi жамандаушылар да табылар. Оған шек қоя алмаймыз. Ал обьективтi өз көзқарасы барлары ,,ойпырмай, осындай таң қаларлық ел екен,, ,- деп әдiлеттiгiн айтуы әбден мүмкiн.
Өзiм ауырып отырған кiсiмiн, теледидар көрiп, радио тыңдаймын. Кеше Италиядан келген қонақтың сөзiн естiдiм. Өзi ақылды, бұрын премьер-министр болған, шашы аппақ кiсi екен. Соны тыңдағанда қатты риза болдым. Ойыма қазақтың ,, Жаман достан жақсы дұшпан артық,, деген сөзi түстi.
Ол бiзге дос емес, бiрақ әдiлеттi кiсi екен. Қысқа сөйледi, сөзi маған ұнады.
Эдуард Кеннедийдiң келуiн де құптаймын. Оның бiзге келуi оңай мәселе емес. Президиумда принцессамен қатар отырды. Өзi ақылды жiгiт болу керек деп ойлаймын.
Қысқасы, қарағым, шет елдiк жандармен ортақ тiл табысуға ұмтылуымыз- үлкен қуаныш.
ӘДЕТ
-Е, есiме жақсы салдың, ұмыта жаздаппын. Сұрағыңа бiраз кiрiспе жасап барып жауап берейiн.
Темекiсiн тарта отырып, жадырай үн қатты.
-Шымкенттегi банкiде нұсқаушымын. Асабаиахм деген шыққан. Штаб бастығы Донов. Мен оның орынбасарымын. Мергенмiн. Алдында ғана ,,Мерген Момышұлы атыс шебiнде,, деп газетке шыққанмын.
Бiр күнi Мәскеуден Горонович деген кiсi келдi. Мақсаты- мергендер даярлау екен. Жиын өткiздiк. Лагерiмiз Бадам өзенiнiң жағасында. Адамдарды мергендiкке үйретiп жүрмiз.
Қалай ату, нысанаға қалай тигiзу керек? Оны бiлу- үлкен өнер. Ату басқа, тигiзу басқа, шырағым. Тiлi бардың бәрi шешен, құлағы бардың бәрi тыңдаушы емес, миы бардың бәрi ұғушы, аяғы бардың бәрi жүйрiк емес, қанаты бардың бәрi ұшқыш, көзi бардың бәрi мерген емес.
Нысанаға тигiзе бiлу-өнер. Сендер бiр құсты атып алғанды мерген дейсiңдер. Мергендiк бөлек. Бiз оқтың ұшу троекториясын есептеп атамыз. Жел қайдан тұрып тұр, оны да есептеймiз. Бiр нысанаға бiр-ақ оқ жұмсаймыз.
Бадам өзенiнiң жанындағы лагерьде үш ай машықтандық. Асабайахмның жарысынан Қазақстан бойынша бiрiншi орынды жеңiп алдым. ,,ТОЗ-9,, дейтiн кiшi калибрлi мылтықты жүз елу патронымен сыйлыққа бердi. Ол ешкiмде жоқ едi. Жаңадан шыққан, қазiргiлерге ұқсамайды. Соясы ұзын, ауыр, өте жақсы мылтық едi. Майлап, күтiп ұстайтынмын.
Мылтықты күту керек, нысананы бiлу керек. Мысалы, маған бiреудiң мылтығын бер, мен онымен атпаймын. Неге? Себебiн өзiң түсiн.
Жаттығуымыз аяқталып, қызметiмiзге қайта кiрiскенбiз. Қаланың күншығыс шетiндегi бiреудiң жекеменшiк үйiнде пәтерде тұратынмын. Екi көше айналсаң, дала.
Ауласы кең, бау-бақшалы үй едi. Ол кезде кинотеатр жоқ. Жексенбi күнi Андрюшкин деген банкiмiздiң бас бухгалтерi зерiгiп, Валя Эйгенсон деген сұлу әйелiн ертiп кептi. Ол кезде арақ түгiл сырадан хабарымыз жоқ. Құрқол болмайық деп алма ала келiптi.
Үшеумiз алма жеп мәзбiз. Андрюшкин жас, мергендiкке әуес. Баудың бiр шетiнен нысана белгiлеп, ,,ат!,, дедi. Түрегеп тұрып атып салдым.
-Тағы қай жерге тигiзейiн?
Белгiлеген затын атып түсiрумен болдым. ,,Здорово, здорово,, деп екеуi де мәз.
-Стреляй в спичку.
Андрюшкин он бес метр жерге барып, сiрiңкенiң қорабын қолының үстiне қойып, өзiнен аулақтата ұстап тұрды. Аттым. Оқ сiрiңке қорабын тесiп өттi.
-Сумашедшие!- деп әйелi бақырып жiбердi.
Бiр кезде Андрюшкин алманы төбесiне қойып:
-Ат!- дедi. Әйелi Валя еңiреп жылап, қолынан ұстай алды. Ол болмағанда атар едiм.
-Миына тисе, қайтесiң?- деп Валя қатты үрейлендi.
-Тигiзбеймiн ғой.
Өстiп жүргенiмде әскери комиссариат шақырды. Бреусов деген жақсы офицер екен. Жасы қырықтан асқан. Ол кезде бiзге қырықтан асқан кәрi көрiнетiн.
-Сенiң отбасы жағдайың ауыр екен. Қалай етемiз? Орта бiлiмiң бар. Үйiңе барып ойлан, бiзге сен секiлдi жас өте қажет. Ертең осы кезде қайта кел,- дедi.
Айтқан мезгiлде алдына бардым.
-Момышұлысыз ба?
-Ие.
-Бастық шешiнбей кiрсiн дедi.- Кiрдiм. Екi жiгiт тыржалаңаш тұр.
-Мыналарды тексерiп бiтейiк, сен отыра тұр,- дедi бастық. Шынымен бе, өтiрiк пе, қолыңды соз дегенде бер жағындағы жiгiттiң қолы дiр-дiр етiп тұрды. Темiрмен денесiн ары-берi тiлгiледi.
-Берi жақында,- деп таблицаны көрсеттi. С әрпiн үлкен, кiшi, ең соңында о етiп қатар жазып қойыпты. Соны ажырата бiле ме, бiлмей ме, тексердi.
-Оңға, солға қара,- деп әлгiнi көп әуреледi. Ол әрiптердi нашар ажыратты, тағы керең болды. Қатты айтса ғана есiтем дейдi.
-Жолдас бастық, бәрi бiр ол жақсы қызмет етпейдi, басқасын шақырыңыз,- дедi дәрiгер.
Бiреулер кiрiп келе жатыр едi, қарт әскери кiсi ,,тоқтай тұрыңыздар,, деп қайта шығарды.
-Мiне, бiзге мына секiлдi жас жiгiт керек.
-Олай болса, жолдас бастық, бар десеңiз барайын. Әке-шешем күтер, шыдар.
-Бiз сенi бiр жылдық командирлер дайындайтын курске жiберемiз. Бiр жылға әке-шешең шыдай ма?
-Шыдайды.
-Вот, молдец, жарайсың, айналайын.
Мен өзiм келiсiм бердiм. Отбасы жағдайыма байланысты әскерден қалуыма болатын едi.
-Ал ендi тоқталмастан бiр жетiден соң, әке-шешеңмен қоштасып кел.- Айтқанын орындап, бiр аптадан соң Шымкентке жеттiм.
-Келдiң бе? Үй-iшiң қалай?
-Жақсы.
Казармаға жаттық. Бiр әскери адамға Бреусов:
-Мына жiгiт жақсы жiгiт. Вагон ағасы етiп тағайында. Бұған сенуге болады,- деп тапсырды. Сөйтiп вагон ағасы болдым. Өз еркiммен аттанған соң Бреусовке жақтым. Менiң әскери бiрiншi шенiм вагон ағасы.
Баукең дауыстай күлдi.
-Поезд жүрер алдында күллi вагон ағаларын шақырып ап, нұсқау бердi.
-Жолда бiреулердiң қалып қоюы мүмкiн, қатаң болу керек.
Товар поезы. Әр станцияға тоқтап, тұрып алады.
-Ойбай, тез, поезд жүредi,- деп қарап, айқайлап тұрам.
Арыста тамақ дайындап қойған екен, тамақтанып, қайта жолға шықтық. Кетiп барамыз, кетiп барамыз. Өзбекстан арқылы жүрдiк. Ауғанстанның шекарасында Керкi деген қала бар. Өзi кiшкене қала. Сырдың арғы бетiнде екен. Пароммен өттiк.
Моншаға апарды. Киiм ауыстырдық. Шашымызды Шымкентте алып тастаған. Әскери киiм киген соң бiр-бiрiмiздi танымай қалдық. Бiр ай карантин. Басқаларға жолықтырмайды. Карантинге командир етiп бiр өңшең жұқсыздарды қояды екен. Сағат таңғы алтыдан түнгi он бiрге дейiн дiрiлдетiп қуады-ау.
,,Шагом марш,, деп тас карьерiне барамыз. Қолдан күрек, зембiл түспейдi. Бұл кезде мен вагон ағасы емеспiн, көптiң бiрiмiн.
Әй, сондағы бiр қорлығымыз есте қалды-ау. Шошқаханаға апарды. Шошқаны көрсек, жиiркенемiз. Жартымыз мұсылманбыз. Шошқахананы тазалатты-ау деп қорланып жүрмiз. Ой, не керек, бiр ай әкемiздi танытты-ау. Қара нан бередi. Ол кезде қара нан жемейтiн кезiмiз.
Асханада жұмысшы боламыз. Отын жару, күл шығару, қазан жуу, картоп тазалау- бәрi қорлық. Кiшi командирлердiң айқайы өз алдына.
Карантин бiткен соң бөле бастады. Бiздi, алты адамды казармаға айдап кеттi. Жол дорбаны /походная сумка/ артқы төменгi екi бұрышынан буып, иыққа таңдық. Судан пароммен өтiп, станцияға барып, Термезге тарттық. Термезде 14-шi атқыштар полкi бар екен. Бiздi соған алып барды.
Патша заманында салынған қорған. Кемiнде осы қорадай. Ойпыр-ай,, қорғанның қалыңдығы мына диванның ұзындығындай/ Бауке күнбатыс қабырғаға тақай қойылған диванды қолымен көрсеттi/. Саған өтiрiк, маған шын, төбесi жап-жалпақ, көше сияқты. Ату үшiн амбразулары бар. Асты казарма екен.
Бiздi бiр казармаға алып барды. Онда тұратындарды бiр жылдықтар командасы дейдi екен. 120 адамбыз. Командирiмiз Шатунов. Осы күндегi кiшi лейтенанттардың мектебi ғой. Бiздi запастағы кiшi лейтенант етiп шығарады екен. Бiр жылда дайындау оңай емес, тәртiп өте қатал.
Солдаттар бiздi ,,интеллигенция келе жатыр,, деп кекетiп те қояды. Қызмет етiп жүрмiз. Мен үздiк атқыш атандым. Жақышев деген бетi шұбар бiр қырғыз солдат болды. Ол байғұс жүз метр жерге сиыр қойсаң тигiзе алмайды. Күнделiгiмде жазғам. Когосов келiп инспекторлық еттi.,,Жақышев ауырып та қалмады-ау ,,,- деймiз.
Тарс-тұрс аттық. Все чуть в обморок не упали. Мен отыздан 27 ұпай алыппын. Басқалар 22-25 ұпайдан жинаған. Жақышевқа келсек, 30 ұпай. Бiр жылда сиырға тигiзбеген сабаз ғой. Соған осы күнге дейiн түсiнбеймiн. Шатунов қу кiсi едi. Нысананы, шамамда, Жақышев емес, басқа бiреу атқан-ау деймiн.
Айнала құм. Ескi Термез құм астында қалған. Ой, құдай салмасын ыстық болады екен.
Дивизия командирi Березовский. Аласа бойлы. Соның бұйрығымен мергендер командасы құрылып, құмға бардық. Мергендiгiм бағаланып, мен сонда тұңғыш әскери газетке шықтым.
Комсомол мүшесiмiн, отличникпiн, мергенмiн, активистпiн. Комсомол жиналысына, активке барып жүремiз.
Келесi күз болды. Жастар жаңадан келiп жатыр. Келгендердi бiр ай карантинге қойды. Бастығы Егоров дейтiн кiсi. Ол менi таңдап, өзiне орынбасар етiп алды. Эта офицерская должность. Менен басқа екi-үш курстастарымды взвод командирi еттi.
Временно я был начальником. Егоров оқта-текте кеп тексередi, ақылын айтады.
Әскерден қай тар кез де келдi.
-Әскерде өз еркiмен кiм қалады? Бiзге бес адам керек. –Кейбiреулер қол көтердi. Мен қол көтермедiм. Жиналысты полк командирi Дмитрий Коваленко басқарып отыр едi. Егоров ашуланып:
-Бауыржан Момышұлы, неге қолыңды көтермейсiң?! Сен жақсы командирсiң,- дедi.
-Мен оны түсiнемiн. Оның отбасы жағдайы көтермейдi. Сол себептi ол қала алмайды,- деп тастады Коваленко. Егоров менiң отбасы жағдайымды бiлмейдi екен.
Әскерден босанып, Ташкент арқылы ауылға келдiм. Үш- төрт жылдан соң қайта шақырылдым. Бала кездегi мектептiң, Термездегi курстың жемiсi болу керек, мен Қиыр Шығыста да мерген, шабандоз атандым. Я был хорошим наездником. Бiрнеше бәйге алдым.
Манеждi жүрiс деген бар. Әр жүрiске салып, комкирпик деп аталатын 12 әртүрлi тосқауылдан өтесiң. Бiреуi ор, бiреуi шарбақ, тағы басқа. Манеждi жүрiстен де бiрнеше рет бәйге алдым.
Қылышпен шабу керек. Екi жақ шетiне он үш шыбық шаншулы дәлiз. Алыстан бар шабыспен шауып келе жатып, қылышыңды суырып ап, он үш шыбықтың бәрiн кесiп шықсаң, бәрекелде дейдi. Жұрт көбiне үлгере алмайды.
Қылыштың бiр қарыс ұшын әскер тiлiнде боевой конец дейдi. Шыбыққа сол жердi жұмсау керек. Оны жұмсау оқты көздеп атудан қиын.
Аттың үстiнде бар пәрменiңмен шауып бара жатып шыбықты қылыштың әлгi өткiр ұшымен кесiп түсуiң керек. Қылыштың басқа жерi тисе, кеспейдi.
Адамды да қылыштың сол өткiр ұшымен шапса, бас домалап түседi. Ал басқа жерi тисе, не жаралайды, не көгертедi.
Қылыштың ауыртпалығы үш-төрт килодан аспайды. Оны ұстара құсап қайрамайды. Олай етсе, бiр шапқанда-ақ майысады.
Желiп бара жатып шапсаң, түк емес. Керiсiнше, аттың жылдамдығы,, оның үстiнде отырған адамның салмағы -бәрi қылыштың ұшында болу керек.
Шауып бара жатқанда аттың екпiнiн, ауырлығын, үстiнде отырған адамның салмағын қылыштың ұшына бере бiлуiң керек. Мысалы, оқты алып лақтырып жiбершi, түк емес. Ал тесiп өтетiнi жылдамдық, екпiнге байланысты. Қылыш та солай.
Бәйгеге шапқанда, аударыспаққа қатысқанда ердiң қасынан ұстау -ұят. Атқа мiнiп жүруге үйретуге кемiнде үш-төрт ай керек. Бiз бала кезден үйренгенбiз.
Манеж деген бар. Екi жағы қырық-елу метр тегiс жердi айналдыра сызылған сызықтар бойынша өтесiң.
-Иванов на манеж!
Қолында ұзын құрық. Аяғыңды сермегенде аяғың тақ ете қалады. Ат қорқады. Атты өз дегенiңе көндiру де өнер. Қай жерiн ұру керек, ырқыңа қалай көндiру керек. Оны бiлмесең, қиын.
Қиыр Шығыста жүргем. Батарея командирiмiн. Қарамағыма сiбiрлiктер келдi. Бәрi сиырға мiнiп көрмегендер. Ірi келедi екен. Программадағы бiр ай уақыт манеждi жүрiс, комкирпиктi үйретуге бөлiнген.
Ат шауып бара жатқанда оң аяғына, сол аяғына сенiң оң, сол аяғың сай келуi керек. Аттың ырғағына үйлесуiң бiр секундқа кешiксе, құлайсың. Мұны үйретудiң өзi жасынан ат мiнiп өспегендерге қорлық.
-А ну давай!
Бiр солдат көпке дейiн үйрене алмады. Қамшымен тартып жiбердiм.
-Ой, кешiр, атты ұрып ем, саған тидi,- дедiм. Содан кейiн ол тақ тұрды.
Физкультура қандай қиын, ырғытады, сырғытады. Ішкi тәртiп те қатаң. Неге десең, солдат минөт сайын бақылауда. Столда өзiн қалай ұстауға, түймеңдi, белдiгiң мен етiгiңдi тазалауға, тағы басқаларға әдеттендiредi. Если есть сыновья, без всякой жалости посылай в армию. Ысылып қайтады.
Машық деген сөз бар. Оны түсiну қиын. Шабуды, көздеудi, секiрудi механикалық машыққа айналдыру керек. Алғаш қиналып iстейсiң. Кейiн бәрi машыққа айналады.
Машықтану оңайға түспейдi. Мұны адам туралы айтып отырмын. Неге десең, адам ойлайды, қарсыласады. Мысалы, аттың миы адамның миынан көп, ақылы жоқ. Ат бiзге ұқсап ойламайды. Атта сезiм/интуиция/ бар.
Атты жаттықтырғанда бүйiрiнде қытығы бар, шпормен түртiп қалсаң бiттi. Ақымақтар оны қамшымен ұрады. Тiзгiннiң өзi көп мәселенi шешедi. Әр саусағыңды бiлiп жұмсауың керек.
Әскерде аттың екi ауыздығы болады. Бiр ауыздық бiздiкi сияқты. Екiншi ауыздықтың ортасында имек темiр бар. Ол тiлге тиедi, таңдайына тиедi. Кей аттарды көрiп:
-Видно, что выезжий конь,- деу себебiмiз сол үйретiлгендiгiнен.
-Ат егесiне әбден үйренедi. Басқа бiреу мiнсе, мейлi жақсы атшы болса да, тiлiн алмайды. Неге десең, тiзгiндi не асырып, не кем тартып қояды.
Менiң ,,Дәрiгер,, деген ақ атым болды. Бiр бәйгеде команда бастығы едiм. Тiземе шиқан шықты. Хорун дейтiн жақсы атшы болатын. Атым тiзiмде.
-Хорун, садись на,,Врача,,.
Жүгiрiп кеп үзеңгiге аяғын сала бергенде ат басын шұлғып секiрдi. Хорун сәл құламай қалды. Үстiне мiндi, бiрақ ат жалт бердi.
-Бауыржан, қинама атты,- дедi Хорун.- Ат менiң мiнгенiме қарсы.
Кейiннен бiлдiм, ,,төл атты басқа адамға бермеу керек, ол командир ауысса ғана берiледi,, ,- деп Уставта жазылған пункт бар екен. Мысалы, менi осы Алматыдан Талғарға ауыстырды. Сонда учтавта командир өз атын мiнiп кетуге еркi бар деп көрсетiлген. Осы екеуi де аттың мiнезiне байланысты өмiр тәжiрибесiнен алынған болу керек.
Баукең бiраз ойланып, қайта сөйледi.
-Машық дедiм ғой. Сол әдетке айналып кетедi. Бұдан бес-алты жыл бұрын Әсiлқазының/қайнымның/ үйiне бардық. Қыстың күнi едi. Папахам мен шинелiмдi кигенмiн.
Қайтарда аздап қызыппын. Бiр көшеге жеткенiмде тырс-тырс етедi. Байқасам, тир бар екен. Бiреу атып тұр.
Ақша төлеп, мылтықты алып, қарауыл мен сояны қарадым. Жалтырап тұр. Сiрiңке жағып, қарауылды түтiндеп, қарайтыңқырадым. Бәрi таң қалды. Қарауылды жалтыратпай түтiндесең, жақсы көздейсiң. Мұны саған әдейi айтып отырмын.
Атқанда тек саусақтар ғана жұмыс iстеп, екi шынтақ қозғалмау керек. Аттым. Нысанамды әкелдi. Он оқ атқан ем, бәрiн сегiздiктен шығарыппын.
Тұрғандар таң қалды. Сол нысананы бүктеп қалтама салып алдым. Сол құжат бар. Мұны айтып отырғаным, әдеттiң адам бойында өмiр бойы қалатынына көз жеткiзу…
Жалғасы бар, осында