Ардагер геолог-барлаушы «Құрмет» орденінің иегері Бисенбай Бисенғалиев (Бәкөн әл-Сағыз) ағамыздың естеліктер жалғасы, басы осында
Б.Бисенғалиев
Ардагер геолог-барлаушы
«Құрмет» орденінің иегері, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бес жылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі, «Қазақстан мұнайына 100 жыл»,«Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері» төсбелгілерісияқты отан наградаларымен, ақшалай-заттай сыйлықтармен, аудандық әкімшіліктің алғыс хаттарымен марапатталды. Басшылық қызметке тағайындалғанға дейін ұзақ жылдар бойы қоғамдық жұмыс ретінде ұжымдық кәсіподақ ұйымына жетекшілік жасады. Қоғамдық жұмысты да абыройлы атқарғанының дәлеліндей сол кездегі Кеңес Одағының Орталық Кәсіподақ комитетінің(ВЦСПС)бірнеше дүркін, республикамыздың, облысымыздың Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарына, сыйлықтарына ие болды. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» деген кітапқа енген.
Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естеліктер» кітабының авторы.
Ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-жиен сүйіп отырған абыройлы ардагер.
1974 жылдың октябрь айында ЖНРЭ (Жетібайская нефтеразведочная экспедиция) мекемесіне келіп орналастым. Халықтың ауызында осылайша орыс тіліндегі сөздердің қысқартылған түрі айтылады, басқаша айтсаң түсінбей қалуы да мүмкін. Сондықтан мен де солай жаза беремін. ЖНРЭ Маңғыстау мұнайын алғаш ашқан мекеме, ол КЭ»МНГР» мекемесінің бір құрамдас бөлігі. Басшымыз Қазиев Қуан деген орта бойлы, қараторы өңді адам екен. Аманжол-12 деген, Бейнеу ауылының қасындағы Владимир Тапаевич Ильясов басқаратын терең бұрғылау бригадасына жіберді. Сонымен менің нағыз геолог-барлаушылық өмірім басталды. Осы сәттен бастап демалысқа шыққанша тапжылмастан осы мекемеде жұмыс жасадым.
Мен келген ЖНРЭ ұжымында атақты адамдар көп екен. Осындай ұжымға тап болғаныма АЛЛАМА мың шүкіршілік айтумен келемін. Өз ісінің шеберлері жетерлік. Бұрғышылар Көбейсін Апақаев, Халипа Ильмұханбетов, Айтжан Жақашев, Андрей Лысый, Қаржау Димағанбетов, Николай Белобородов ... Бұлардың барлығы да көптеген жоғарғы отан наградаларына ие жандар. Ал бұрғылау қондырғысының басшылары Базарбай Қосмағанбетов СССР-дың мемлекеттік сыйлығының лауреаты(Маңғыстауда ең бірінші болып 5000 метр тереңдікке бұрғы бойлатқан бұрғылау шебері), Сүйеген Салманов Қазақ ССР-ның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, екеуінің де басқа отандық жоғарғы наградаларын айтпағанның өзінде осы аталғандары да бірталай нәрседен сыр беретін шығар. Бұлардан басқа Тоқтағанов Қаржау, Бозбаев Ғалымжан(артынан екеуіміз көп жылдар бір бригадада жұмыс жасадық, мені еңбекке үйреткен ұстазым), Жапаров Берікхан, Төлешов Дауылбек, Қожаев Пәуеден, Владимир Тапаевич Ильясов(алғашқы жұмыс жасап бастаған бригадамның басшысы), Бесқалиев Меңдібай сияқты мықты бұрғылау басшылары көп еді. Бәрі де брінен бірі өткен «көкжал бөрілер» болатын. Үйренемін деген адамға, боламын деген жасқа өнеге болатын істері жетерлік. В. Ильясов пен Ғ.Бозбаевтардың тек бұрғылау саласында емес басқа «энциклопедиялық» білімдері де таңқаларлықтай терең еді, білмейтін «дүниесі» жоқ болатын, екеуі дос та болатын. Екеуімен де ұзақ жылдар жұмыстас болдым, іні болдым, үйрендім. Жұмысты да, басқаны да. Тек үйрене білу, ала білу керек. Ал сол кезде жас та болса өз білімдерімен көзге іліне бастаған геологтар Диханов Сыдиық(геология жөніндегі орынбасар), Жолдасбаев Қуантқан(Есенқұл деп те атайды) аға геолог, инженерлер Тұқымов Кенжеғұл(ЖНРЭ басшысының технология жөніндегі орынбасары), Өрбісінов Мұқанбет аға инженер-технолог, бас механик Тастаев Жалғас сияқты менің алдымда бірнеше жыл бұрын оқуларын аяқтап келген жас мамандар, сол кездің өзінде өздерін жақсы қырынан көрсетіп үлгеріп, жоғары лауазымды жұмыстарды атқарып еңбек етуде еді сол ұжымда.
Біздер, 1974-ші жылы оқу бітіріп, жолдамамен КЭ «МНГР» мекемесіне келген жастар біршама көп едік (бір «потоктан»). Бұған дейін бұл мекемеге тап біздер сияқты бірден көп жас маман келмеген екен. Келсе де тап біздердей көп емес, бірлі жарым, әрі кеткенде төрт-бесеуден аса қоймас. Ал біздер Шотаев Мәлік, Әлімгереев Мақсолат, Ноғаев Қамбар(марқұм), Тілегенов Жетібай, Қойсарин Қомшабай(марқұм), Жақыпов Қамидолла, Оңғарбаев Нахим, Тұрсынбеков Абай, Өтепов Жұматай(марқұм), Демесінов Тәңірберген, Жалғасов Балғабай, Ғалиев Бағытжан, Лева Ким және мен(ешкімді ұмытпаған сияқтымын, бірер жігітті жазбай кетсем кешірер, қаншама жылдар өтті арада) сияқты кешегі күнгі студенттер бір тобымызбен келіп бұрғылау жұмысына қойып кеткенбіз. Осы аттары аталған менімен бірге келген жігіттердің біразы бұрғылау саласында айтарлықтай жетістіктерге жетті, жақсы маман атанып өндіріс басқарды.
Осылайша өмір өтіп жатты, мен бұрғылау саласында геолог-барлаушылық өмірімді жалғастыра бердім. Мен үйренетін дүние өте көп болатын, оларды үйрететін жақсы адамдар(мамандар да) да айналамда көп болды. Барлығының бас жағында тұрған, бұрғылаушы барлаушы болудың қыр-сырын өздерінің жұмыс жасау тәсілдерімен үйреткен, тәлім берген(әдейі түрде айтып, көрсетпей-ақ) тәлімгерлерім В.Т.Ильясов пен Ғ.Бозбаев болатын. Екеуіне де өте ризамын. Владимир Тапаевич Ильясов (анасы орыс, әкесі қазақ) орысша сөйлейтін, бойы орташа, қалың қара көзәйнек киетін, мығым денелі, өте көп оқитын орыстілді жігіт. Балалық шағынан гимнастикамен айналысқан, жақсы бұрғышы болған қайратты адам. Көп дайындалып жатпастан тұрған орынынан секіріп басынан теріс айналып түсіп сальто жасай алатын, денесін тік ұстайтын. «Ақсүйектігі» басым, аңшылыққа құмар, нешетүрлі аңшы мылтықтарын жинайды. Бұрғылау қондырғысына көп келмейді, жұмыстың барлығын бригадаға өзі жинақтаған тәжірибелі бұрғышылары арқылы басқарады (көпшілігі, тіпті барлығы келімсектер). Бригадасы көбіне әр жақтан жиналған «киікқұлақтардан» тұрады. К. Рокоссовскийдің штраф.батальоны сияқты. «Киікқұлақтардың» барлығы бірдей оны құдайындай сыйлайды, ауызынан шыққан сөзін қалт еткізбей орындайды. Бұрғылау қондырғысының басшысы болғанға дейін жұмыс сатыларының барлығынан өткен өте білікті маман. Бұрғылауда болып тұратын апаттардың, күрделі жағдайлардың барлығын да өте сауатты түрде саралайды, өзі «тормозда» тұрып басқарады. Скважинадағы күрделі жұмыстар жөніндегі инженер (аварийный инженер) болып та жұмыс жасады. Орыстарға бүйрегі бұрыңқырайды, соларды қасына көп жинайды. Екеуміз көп жылдар бойы жақсы сыйластық, мені үнемі еркелетіп, жанына жақын ұстап «Боречка» деп атайтын, менің атымды толық атағанын естіген емеспін. Қондырғыға келетін болса қолына аппақ жұмысшы қолғабын киіп, таза киімдерімен, аппақ каскамен «шықиып» кіретін, ұзақ болмастан жағдаймен танысып болғасын жататын вагонына кетіп қалатын. Ал Ғалымжан Қағазұлы Бозбаев бұған қарама-қарсы мінездегі адам. Майлық-сулығы бірдей бесаспап маман. Ұзын бойлы, кең жауырынды, тіке сөйлейтін, қара жұмыстың барлық түрінен қашпайтын өте жұмыскер адам, еңбексүйгіштігі керемет. Өте білікті бұрғышы (шапшаң қимылдап, айналасындағыларды жұмысқа үйіріп) болып вахта басқара алатын, білікті басшы болып бригада басқара алатын қабілеті күшті, инженер болып құжаттармен де жұмыс жасайтын бесаспап маман болды. Ғалекең бұрғышы болып «тормозда» тұрып жұмыс жасағанда айналадағы өмір қайнап, бұрқылдап-сарқылдап, от шашып жататын, сыртынан бақылап қарап тұрудың өзі бір тамаша болатын. Өзінің лауазым дәрежесіне қарап жатпастан қандайма лас жұмыстарға бел шешіп, білек сыбанып кіріп кететін керемет қасиеті бар болатын. Бір жерде қолын қусырып байыз тауып жұмыссыз отырғанын көрген емеспін. Қарамағындағыларды да, жұмыс барысында араласқан басқа мамандарды да біліктілігімен, жұмысты бүге-шігесіне дейін білетіндігімен де ығыстырып, ықтырып тұратын. Ғалекең де мені жасымның кішілігіне қарамастан «Бисаха» деп атаумен кетті, атымды тікелей атағанын естімеппін. В. Ильясовтың бригадасында бұрғышы көмекшісі, бұрғышы болып жұмыс жасадым, содан кейін, экспедиция басшылығы бригада басқаруға шамамның келетінін байқаған болар, қақаған қыстың кезінде Қарақұдық №20 деген ұңғыны бұрғылап жатырған бригадаға, Ғалекеңнің бригадасына бұрғылау шебері болып келдім. Ғалекең біздің бригаданың басшысы, мен көмекшісімін. Екі бригадада болғанымда да жақсы тәжірибе жинақтадым, геолог-барлаушылық алдағы өмірімнің азығы болатындай мектептен өттім, тамаша мектеп болды, жұмысты қалай жасау керек екенін үйрендім. Бұл екі басшы жігіттермен, екі ұстазыммен өте жақсы(достық десе де болады, бірақ екеуін де аға ретінде сыйладым) қарым-қатынаста болдым. Бұлардан басқа сол кезде Сыдиық Диханов, Есенқұл Жолдасбаев деген өте тамаша геологтар үйретіп еді: «Өндірісте өз көзіңмен көріп, өз қолыңмен өлшеп, жазып алмай болмайды, жұмыс барысында біреулердің айтқандарына сенбе, ұятқа қаласың» деп. Бұл қазақтар айтатын «тек өз көзіңе сен, құлағыңа сенбе» деген белгілі қағида ғой, осы қағиданың дұрыстығына талай мәрте көз жеткіздім, және осы қағиданы санама сіңірген екі азаматқа ризашылығымды сан рет айтқанмын. Солардың осы принциптеріне жоғарыда аттары аталған екі ағаларымнан үйренген: «Судың да сұрауы болады, ауызыңнан шыққан тапсырмаңның артында міндетті түрде сұрауы болатынын айналаңдағы жұмыстастарыңа ұқтыр» деген принципті де қосып алдым. Осы екі қағидатты бұлжытпай орындауға, әр істе басшылыққа алуға тырыстым. Өте күшті принциптер екеніне ұзақ жылдар бойы көзім жетті. Бұл жазғандарым менің өндірістегі өмірімнің басы ғана. Тағы бір үйренгенім: Қарапайым жұмысшының (бұрғылау саласында тіпті ауыр) еңбегінің ауыр екендігі, тапқан табысының маңдай терімен суарылып табылатындығы еді (өзім сол сатылардың барлығынан өттім де ғой). Жақсы басшы болу дегенің қарапайым жұмысшыны сыйлаудан басталады, сонымен аяқталады екен. Қазіргі кезде өкінішке орай, В.Т.Ильясовтан басқа жоғарыда аттарын атаған ағаларым (Ғ.Бозбаев, С.Диханов, Е.Жолдасбаев) біреуі ерте, біреуі кеш өмірден өтті. Жарықтықтардың жатқан жерлері жайлы, имандары саламат болғай. Шіркін, қандай тамаша азаматтар еді ... Осы «Тәлімгерлерім» деген жазбамда аттары аталған азаматтардан басқа да көптеген ағаларымнан сабақ алдым, үйрендім, олардың барлығын осы қысқа жазбамда тізбектеп жазуға бола қоймас деген оймен көрсетпедім. Ондай ағаларым менің өмірімде баршылық ...
Тоңу
Институтты аяқтап, тұрақты жұмысқа тұрғаннан кейін келесі қыста қатты тоңғаным бар. Ол кезде мен бұрғышымын. Бригаданың негізгі бөлігі келесі алаңға (құрастырылып дайын тұрған қондырғыны іске қосу үшін) көшіп кетті. Ара қашықтық өте алыс, 100-120 шақырымдай бар. Менің вахтамды(5 адам) мына қазылып, шегендеп болған ұңғыдағы қалған жұмыстарды аяқтап тастау үшін қалдырып кетті. Поселок көшті, бізге жалғыз, шамалылау вагон қалдырды, аздап тамақ- сухой паек, тушенка, нан, шай, темекі сияқтылар, қалдырылды. Дизельдерге солярка да аз, бірақ жететіндей жобада қалды. Бізге қалған жұмыс: палецте қалған свечаларды бөлшектеп лақтыру, мостағы стеллажға жинау, чандарды ерітінді қалдықтарынан тазалап, қондырғыны демонтажға дайындау. Рацияны алып кетті, 4-5 күнде жұмысты бітірсек бізді де көшіріп алып кетуге келетін болды. Палецте қалған свечалар аз еді, оншақты сияқты. Жерде қар бар, аяз онша қатты емес, жел жоқ. Сықырлап тұрған нағыз қыс. Дизельдер жасап тұр, жарық, жылу бар, тамақ бар. Уақытпен санаспай жұмыс жасап жатырмыз, өзіміз үшін, тездетіп бригадамызға қосылу үшін. Жұмысты да еңсеріп тастадық, палецтегі свечаларды бұзып, лақтырып, жинап болдық, тазалық та аяқталып қалды. Бір күні түнде қатты аяз соқты, жаяу борасын басталды. Қырсыққанда қымыран іриді дегендей, күндіз бәріміздің көзімізді бақырайтып тұрып электростанциямыз сөніп қалды. Ештеңе жасай алмадық, жалғыз У1-Д6 деген 100 квт.қуатқа арналған нашарлау дүние еді. Артынан байқадық, қазанның түбінде қалған аз солярка (өзі жазға арналған солярка болғасын не болсын) қоюланып қатып қалыпты. Қоймалжың бірдеңе, желе сияқты. «Ауруының» неден болғанын тапқанымызбен, оны енді қыздыра қоятын аккумуляторларымыздың жағдайы өте нашар, күші жетпейтін болып шықты. Сонымен, бригадамыздан хабар жоқ, тамақ та тауысылып жатыр, жол да жай көліктер жүруге жарамайтындай болып бұзыла бастады, қар борап бастады, аяз күшейе берді. Үрпиісіп қалдық. Үмітіміз, көшіп кеткен бригадамыздан тез көмек келуі, жолға қарап телміреміз. Күндіз қондырғының ішіндегі ықтасынға от жағып жылынамыз, әңгіме айтамыз, ыссы шай қайнатып ішеміз. Тамақ таусылды. Қиындық түнге қарай басталады. Түнімен қондырғыдағы ықтасында оттың жанында отыра алмаймыз, вагонға келіп, бүктүсіп, қалың матрастарға оранып жатамыз. Аш адам тоңғақ. Түнге қарай аяз да сықырлай түседі. Осылайша екі күн, екі түн шыдадық. Жаяу кетіп қалуға болмайды, қорқынышты. Айналада жақын маңда ел жоқ, боран болса мынау, қасқырлар және бар, түнімен ұлып шығады. Ең соңғы түн ең ұзақ түн болды. Таң атып болмады. Қалшылдап тоңғанымыздан селкілдеп кеттік, бұйығып жата береміз, тұруға дәрмен жоқ, тұратын зауқымыз да жоқ. Вагонымыздың тап қасына келіп қатты газ беріп машинаның «дүрр» еткен дауысын да естімеппіз ғой. Ызғырған жел мен вагонды тынымсыз сабалап ұрып қатты соққан қардың дауысынан айыра алмаппыз, мүмкін, аштықтан бұратылып, суықтан тоңып ұйқылы-ояу, мең-зең күйде болған да шығармыз. Таң ата әрең жеткен, бірнеше жерге батып, түнімен қар күреп, біздің құтқарушыларымыз екен. Жолға шыққандарына екі күн болыпты. Құтылдық. Тамақ іштік, нан жедік, ыстық шай ішіп жан шақырдық, темекі тарттық. Бәрі сол бойда болмағанмен, аз уақыт өте (бригадамызға қосылғаннан кейін) ұмытылды. Бұл түн де мен үшін ең ұзақ, таң атып болмаған азапты түн болып еді.
Біздің бала кезімізде ауылдың үлкендері, денемізді ауыртып алып жыламсырағанымызды көргенде: «Әй, жігіт емессің бе, нешауа десең дым да етпейді, сол бойда жазылып кетеді» деп жұбататын. Сол айтқандай мен де «нешауа» деп жіберіп, артынан бәрін де тез ұмытып кететінмін.
Біздің ауылдың сиқырлы «нешауа» деген сөзі көп қиыншылықтарда көмектесті ғой. Біздердің бұрғылау жұмыстарын жүргізетін аймақтарымыз Үстірттің үстінде (Бейнеу, Боранқұл, Самның құмдары, Төңірекшың , Өлі Қолтық, Сазтөбе, Елемес... жақта) қырда болатын. Ол жақтың қысы қарлы, боранды болып келетін қашанғы әдеті, Маңғыстаудың ойының, теңіз жағалауының жылы, қарсыз, борансыз болып келетін қысындай емес. Табиғаты қатал, қысы да, жазы да. Жоғарыда жазған өзімнің басымнан өткен кейбір қиындықтар(мен тек геолог-барлаушылық өмірімнің ең бас жағында болған, өзімді сынаған қиыншылықтардан үзінділер ғана жаздым) мені сынау үшін жіберілген қиындықтар еді. Соларды басымнан өткізіп, барлаушылардың қиындыққа толы далалық өмірінен бас тартпай жұмысымды жалғастыра бергеніме, өзімнің бойымнан сондай күшті көргеніме өзіме өзім риза боламын.
Қасқырлар эскорты
Сексенінші жылдардың аяқ жағы болуы керек (ол кезде қаржы үнемдеу үшін тікұшақ, жай ұшақтардан бас тартып, адамдарды, жүктерді поезбен, машинамен тасуға көшкенбіз), наурыз мейрамы тойланып жатырған күні мен Ералиевтен бірнеше көлікке әртүрлі жүктер (солярка, тамақ, жағар май, қондырғыға қажетті қосалқы бөлшектер, хим.реагенттер, қашаулар ...) тиеген колоннаны бастап жолға шықтым. Колоннадағы көліктердің көпшілігі «ведущий»(УРАЛ, КРАЗ «лапчатый»). Сол жылы көктем жай шықты, қар әлі толық ери қоймаған. Жетібайға жеткенімізде қылаулап қар жауып бастады, ауылдың халқы ойларында ештеңе жоқ тігілген киіз үйлердің жанында қазандарын асып, әндерін айтып, билерін билеп жатыр. Жауған қарға қарайтын емес, бәрі көңілді, себебі, сол кездері алғаш рет Наурыз мейрамы еліміз бойынша мереке деп жарияланып тойлана бастаған кез ғой. Біздің бет алған бағытымыз қырдың үстіндегі (Үстірттің үстіне көтеріліп) Еліқожа-Уәлі, Арыстанов, Қарақұдық алаңдарындағы бұрғылау бригадаларына бару. Көп уақыттан бері сұратқан қажетті заттары жеткізілмей(жол жоқ, тоң түсіп кеткен, арасында қар аралас жаңбыр да жауып жерді езіп жіберген) жұмыс тоқтап қалуға жақындаған еді. Еліқожа-Уәлі деген Сайөтестің маңындағы бұрғылау алаңындағы терең бұрғылайтын бригадасынан бастағым келді жүк жеткізуді. Кейбір көліктеріміз балшыққа батып жүре алмады, тоң түсіп кетіпті. Жер ми болып жатыр. Солярка тиелген УРАЛ көлігін қасымызға алып, қалған көліктерді №7 разъездің басында қалдырып, өзім «лапчатый» КРАЗ-ға отырып жүріп кеттік. Біраз жүргесін УРАЛ-ымыз да батып қалды, енді КРАЗ-бен жалғыз жүретін болып шештік. Қондырғыға жетсек болды, батқан машиналарға трактор жіберіп сүйретіп аламыз ғой. Қондырғы еміс-еміс алыстан көріне бастаған кезде ойпаттау жердегі жұмсақ жерге мақтаулы, соған сеніп келе жатырған «лапчатый» КРАЗ-ымыз да бауырлап барып отырып қалды. Мезгіл түске жақын еді, алдында түнде №7 разъезге қонып таңғы қатқақпен шыққан түріміз ғой. Не де болса мен жаяу қондырғыға баратын болып шештім, барғасын трактор жіберемін. Шофер машинасының қасында қалды, астын қазып қарап, шөп төсеп әртүрлі амалдарын жасап көрмекші. Уақыт өткізбей жолға шықтым. Аяғымда геологиялық етік, үстімде геологиялық күрте, оның сыртынан жел өткізбейтін сары геологиялық плащ. Басқа ештеңе алмай, тек шешен Сүлейман жасап берген қанжарымды белдігіме іліп алдым. Қанжар десе қанжар еді, машинаның рессорынан жасалған ұзындығы біршама бар, екіжүзді, қолға ұстауға өте ыңғайлы әдемі сүйек сабы, былғары қыны бар, салмақты, расымен де суық қару. Далаға шыққанымда үнемі сөмкемнің түбінде жатады, үйге тастап көрген жоқпын (қазір де бар өзімде). Жүріп келемін, машина ойда қалды. Төбеге шығып қарасам қондырғымыз алыста сияқты көрінді. Не де болса жүрмесем болмайды, қалай қайтып барамын машинаға. Кім көмек шақырады. Ұзақ жүрдім, шаршадым, ыссыладым. Жер жұмсақ, аяқтарымды алып жүру қиындады, қардың астында қалған былтырғы шөптер де қалың екен, олар да жүруімді бәсеңдетіп қиыншылық туғызуда. Бір қырдың басына шыққасын қалың шөптің үстіне шалқамнан жата кетіп біраз демалдым, аяқтарымды жоғары көтеріп қойып (құмырсқаның ескі илеуіне) демалттым, тұрып отырып енді темекі тартуға ыңғайлана бергенімде көзім едәуір жерде шоқиып отырған екі итке түсіп кетті. Ойымда түк жоқ: «Буровойдағы иттер шығар, енді жақындап қалдым да ғой» деген оймен асықпай темекімді тұтаттым. Темекі тартып отырып байыптап қарасам, олар мен отырған жерден едәуір алыста отырған еді, ит дегенім қасқырларға ұқсайтын сияқты. Шошып кеттім: «Ендігі жетпегені елсіз далада қасқырларға таланып өлуім екен ғой» деген жаман ой миымды тесіп өтті. Қасқырлар қозғалмай отыр, екеуінің арасы алшақтау. Қорыққанымды байқатпауға тырысып олар шабуыл жасаса әлімнің келгенінше қарсы алуға дайындық жасай бастадым. Үлкен қанжарымды белдігімнен шығарып жалаң күйінде оң қолыма ұстадым, оны сыртынан белбеуіммен қолыма жақсылап бекітіп байладым (егер арпалысатын жағдай бола қалса қолымнан түсіп қалмасын деп). Қасқырлардың оттан қорқатыны белгілі, сондықтан мойынымдағы орауышымды, қол орамалымды, қолғаптарымды ескі жусанның жуандау бұтақшасына (жұлып алып) факель сияқты қылып орадым, оны сол қолыма ұстадым. Қол орамалымның шетін зажигалкамның жалынын тигізген бойда тұтанатындай қылып шошайтып қойдым. Бұларды қолдана аламын ба, әлде қасқырлар шапқанда шашылып қала ма, білмеймін, әйтеуір қолымдағы бар заттармен дайындығым жасалды. Екеуі асығар емес, сол күйінде әлі отыр. Бұлар қашан маған шабуыл жасайды деп күтіп отыра беруге болмайды, сәлден кейін күн де кешкіре бастайды, онда менің жағдайым тіпті қиындап кетеді. Жайлап, абайлап басып, көз қырымнан оларды шығарып алмайтындай болып қондырғыны бетке алып жылжи беруім керек. Жүруді бастадым, олар біраз уақыт орындарынан қозғалмай отырды да менің соңымнан асықпай ілесе бастады. Оылайша екі қасқырдың эскортымен қондырғыға да жеттім. Мені байқаған қондырғы басындағылар маған қарсы трактор жіберді. Келдім. Қондырғы басында жұмыс жасап жатырған жұмысшылардың кейбіреулері менің келе жатырғанымды алыстан байқапты: «Бір қарайған адам келе жатты, артына ерткен екі иті бар, сірә, малшылар болар» деп ойлап қойыпты. Келгесін маған да өздерінің көргендерін айтты ғой. Қалған КРАЗ машинасына трактор жібердік. Оны орынынан тартып шығарып алғасын трактор екеуі қондырғыға келді. Екі қасқыр тоқ болған ғой, немесе бұрғылау қондырғысының даусынан да, артымда қалған дәу машинадан да секем алды ма, кім білсін, мені жәукемдеп тастап, тістеріне басып талғажау қылуға асықпағандарына қарағанда. КРАЗ көлігінің шофері ол қасқырлардың менің соңыма батқан машинадан шыққан бойымда ілескенін айтты. Ол бәрін көріп тұрып маған айта алмай діңкесі құрыпты. Мен ол қасқырларды қондырғыға жақындап қалғанда, жарты жолдан асқасын байқадым ғой. Қаншама уақыт олар маған еріп жүрген десеңші? КРАЗ-дың шоферінің айтуынша мен 15 шақырымдай жаяу жүріппін. 4,5 сағаттай жүрдім, соның бәрінде екі қасқыр эскортым болыпты, оның соңғы 1,5 сағатын оларды көзіммен көріп, ішімнен қатты қорқып өтіппін. Ойым қондырғыға тезірек жету болып айналама көп алаңдамай жүре беріппін ғой, елсіз далада қасқыр кездесуі мүмкін екен деп ойыма да алмаппын. Құдайым тағы да бір сақтады. Екі қасқырға мені жәукемдеп тастау дегенің түк те емес қой, алаңсыз шалқамнан жатып демалып, аспанға қарап (ойымда түк жоқ) жатқанымда да шаруамды бітіре салулары қиын емес еді. АЛЛА ТАҒАЛАМ үнемі менің жағымда болып, қаншама рет сақтады десейші.
Кузя
«Бейнеу -1» деген ұңғыны қазып жатырған кезіміз, бригада басшысы В. Ильясов аңға шығып келгенінде қанатынан жарақаттанған дала бүркітінің балапанын алып келіп біздерге бағуға берді. Бригада болып балапанды бағымға алдық, күтімін жасадық. Атын «Кузя» деп қойдық. Қолға тым жақсы үйренді, үлкен болып өсті. Әдейілеп Кузяға деп далаға тұзақ, қақпан құрып сарышұнақ тышқандарды, жыландарды, торғайларды тірілей ұстап әкеліп жүрдік. Қанша айтқанмен жыртқыш құс қой, жыртқыштығын ұмытпасын деген оймен. Біздің көзімізше оларға тимейді, ойнайды, сәл көзің тайып кетсе талқандарын шығарып жәукемдеп тастайтын. Еттерін сүйектерімен қоса қылғытып жұтып жіберіп, артынан арт жағынан саңғып (алысқа атып жіберетін) тастайтын, қақалмайтын. Әр күні күндізгі вахтаны қондырғыға дейін еріп, ұшып, алып баратын, жұмыс біткенше қондырғының алдындағы жүк түсіретін кранның төбесіне қонақтап, бәрін бақылап отыратын. Бұрғылау қондырғысындағы тарсыл-гүрсіл, қатты қысыммен шыққан ауаның пыш-пышы, дизельдердің ышқына шыққан дауыстарынан ол қорықпайтын болып алды. Уақыт өте келе бір кездегі сарыауыз, шиқылдап тамақ сұрай беретін балапан енді шаңқылдап шақыратын, кранның үстіндегі орнын тастап, далаға ұшып кетіп, аң аулап қарнын тойдырып болып, күндізгі вахта аяқталар кезде кранның үстіне келіп қонып, вахта мүшелерімен бірге поселокке ұшып келетін бүркітке айналды. Кузямыз ірі денелі, қанаттары үлкен, топшысы қатайған, сирақтары білемдей, тырнақтары қуатты әрі өткір, қауырсындары қатты, өткір имек тұмсығы бар дала бүркіті болып шыға келді. Көз жанарлары да өткір, жалт-жұлт етіп қарағанда тесіп жіберетіндей. Күндізгі вахта аяқталатын мезгілді қалай білетіні Кузяның тек өзіне ғана аян. Ешқашан кешігіп көрген емес. Өзінің атын білетін, атын атасаң жанарлары жарқ етіп дауыс шыққан жаққа жалт қарайтын. «Бейнеу-1»ден «Бегеш-2»-ге көшкенде біздің көшті аспаннан «сопровождать» етіп барды. Бір кездері мен «Қарақұдыққа» ауысып кеттім де Кузяның тағдырының артынан не болғанын білмеймін.
Киіктер
«Мыңсуалмас» деген алаңдағы ұңғыны қазу кезінде (Төңірекшыңның маңы) мен сол ұңғыда жұмыс бабымен май айының бас жағында болып едім. Бір күні Ақтөбе облысы жағынан (ар жағында Байғанин ауданы көрші), егінге түскен киіктерді қуған екен, қондырғы басына мыңдаған(тіпті ондаған мың десе де болады) киіктердің көші келіп жетті. Айнала толған киіктер, үйдің малы сияқты аяққа оратылып, вахталық вагондардың ортасына кіріп, қондырғыға баратын жолдардың бәрін бітеп, киіктерден аяқ алып жүру мүмкін емес болып кетті. Барлығы буаз киіктер екен, көпшілігі жеткен жерлерінде туып, лақтап жатты. Бұндайды бұрын соңды көрген емеспіз. Лақтары туылған бойда шауып кетеді екен, қатты жүгіреді. Айналадағы малшылардың қуған иттеріне жеткізбейді де, бірақ жаңа туғандықтан әлсіз, ұзаққа шаба алмай иттердің ауыздарына түсіп жатты байғұстар. Барымызша қорғадық. Қанша мың екенін білмедім, көз жететін жерде ашық жер болмады ғой, толған киіктердің көші, шеті-шегі жоқ көш болды. Жұмысшылардың кейбіреулері лақтарын ұстап алып қолдан сүт беріп (диэлектрический қолғаптардың саусақтарын кесіп алып емізік жасап, шөлмекке сүт құйып) тамақтандырғылары келіп әлектеніп көрді. Түк шықпаған сияқты. Бірнеше күнге созылды осындай ұлы көш.
Менің бұл жазғаныма кейбіреулер (қазіргі заман жастары) сене қоймауы да мүмкін, түсінемін ондай сенбестіктеріне. Мен осы естеліктерімді бастап жаза бастаған кезде, ең басында, бірден айтқанмын, ешқандай әсірелеу болмайды, тек қана шындықты, өз көзіммен көргендерімді ғана жазамын деп(естігендерімді емес). Сол заманда еліміздің кең даласында 1,2 миллион бастан асатын киіктер болған екен. Жөн жосықсыз құртудың нәтижесінде қазіргі кезде елімізде 100 мыңға жетер жетпес қана киіктер қалыпты. Нашар экология бар, аспаннан жауып тұрған гептиль деген у бар, мұнайға ілесіп шыққан улы ілеспе газ (сероводород) бар, қытайға асырып жатырған киіктердің мүйізіне деген үлкен сұраныс бар ..., осылардың барлығы жиналып келгенде киіктердің санын күрт азайтты. Сондықтан да менің осы жазғаныма сенудің өзі қиындау ...
... Мыңсуалмас скважинасының арғы жағында, бір қойнауда, көптеген баллистикалық ракеталардың қаңқаларын әскерилер тап-тұйнақтай етіп жинап қойған терең сай «қойма» бар. Ол «қоймада» не жоқ десеңші, өте көп материалдар жинақталған, ылғи қаңқалар, трубкалар ... Қай полигоннан атылғаны бізге беймәлім осы алып ракеталарды аспаннан атып түсіргенде осы маңдағы ашық жерге қаңқалары құлайды. Қай жердегі полигоннан атып түсіретінін білмедім. Ракеталар құларда әскерилер келіп біздердің жұмысымызды тоқтатып, бригаданы біраз уақытқа жұмыссыз қалдыратын, малшыларды да сол маңнан алысыраққа қуып жіберетін. Ракета құлап болғасын әскерилер едәуір аймаққа шашылып кеткен қаңқаларын жинастырып, өздеріне қажетті бір аппаратты тауып алғасын кетіп қалатын еді. Малшыларға ракета құлаған аймаққа мал жаймауын тапсыратын, дұрысы ол жерге жоламаңдар деп ескертетін. Ракеталар өте үлкен көлемде сияқты, диаметрі шамамен 1,5-2 метрдің жобасындай көрінді маған. Мен әлдебір шаруалармен дала кезіп жүріп (дала кезіп айналаны зерттейтін қашанғы әдетім) сол жасырын «қойманың», біздің скважинадан біраз қашықтықтағы тау қойнауындағы терең сайда, үстінен түсіп көргенмін. Таң қалғанмын. Керемет қалың қаңылтырлар бар, жуанды-жіңішкелі тат баспайтын (нержавейка) трубкалар бар десеңші. Кейбіреулерін бұрғылау қондырғысына да алып келіп пайдаландық та. Олардың улы екенін ол кезде кім білген. Гептильмен ұшатын баллистикалық ракеталар екен ғой оларың. Білмеген у ішеді деген осы.
Алапат
«Ащытайпақ-2» деген ұңғыны қазу кезінде қара күзде қатты қара суық болды, төпелеп жауған ақ жаңбырға (өте салқын жаңбыр) қиялай соққан қатты жел қосылды. Ұзақ болмаған, бір тәулікке жетер жетпес уақытқа созылған тәрізді, есімде толық жоқ. Есімде қалғаны, совхоздың ұсақ малының (қойлардың) өте көп қырылғаны. Айналадағы жайлаудан қыстақтарына толық көшіп үлгермеген малшылардың барлығының малдары отарларымен қырылды, суыққа шыдай алмай, қатты желге ығып, ырық бермей, қайырғанға көнбей қырылды. Суық жаңбыр тоқтағанда айнала толған қырылып жатырған қойлар болды. Ұшпадан ұшып өлгендері қаншама. Совхоздардың малшылары таяқтарын ұстап қалды. Бұл кезде осындай әлемет суық ұрады, суық жаңбыр жауады деп ешкім күтпеген еді. Бейнеудің теміржолына жайдақ вагондар қойып қырылған малдарды К-700 тракторларына бірнеше тіркемелер жалғап, оларды өлген малға толтырып тиеп, Бейнеуден Шевченконың ет комбинатына тасыды ғой (колбаса жасауға шығар). Бұл оқиға жайында газеттер жазды, облыстық, аудандық деңгейдегі басшылар да өз естеліктерінде жазған болатын. Бұндайды да алғаш рет, соңғы рет көргенім еді. Өте қорқынышты күн болды. Жаңбыр басталғанда күн түнергені соншалық айналада ештеңе көрінбей түн түскендей болды, әлем тапырық бір құбылыс басталып кетті. Қондырғыдағы барлық жұмысты сол бойда тоқтаттық. Бұрғышы барлаушылар қай кезде де өздері жұмыс жасап жатқан маңдағы малшылардан көмектерін аяп көрген емес, бұл жолы да көмектескенбіз. Бізге көрші бірнеше, әртүрлі қашықтықта орналасқан шыңырауқұдықтардың маңайындағы мал ауылдар, отарлар бар болатын, тығыз байланысып тұратынбыз. Мына оқиғадан соң әлгі малшыларға қараудың өзі қиын шаруа болды, байғұстардың ұзақ жылдарғы еңбектері бір сәтте жоқ болды.
Сиқырлы әуен
Тағы да сол әйгілі «Ащытайпақта», келесі жылғы жаз кезінде, әлдебір жағдайлармен (ұңғыны қазып болғанбыз) жұмыста ұзақ уақытқа тұрыс болды, каротаж отрядын күткен сияқтымыз. Бірнеше күн бойы тазалық жұмыстары, басқадай профилактикалық жөндеу, майлау жұмыстары да нобайлап қалды. Күндізгі мезгілде барлық дизельдерді тоқтатып тастаймыз (жағармай үнемдеу үшін, құлақтың тыныштығын да ойлап). Күндізгі мезгілде айналада «құлаққа ұрған танадай» өлі тыныштық орнайды. Қатты тарсылға үйреніп қалған біздерге өте ерсі тыныштық. Сондай бір күні, ауа райы деген өте тамаша болып тұрды сол кездерде, вагонымда кітап оқып отыр едім, жалғызбын, бір сызылып шыққан тамаша әуен естілді. Магнитофонның дауысына ұқсамайды, төбеден құйылып тұрған өте таза сиқырлы әуен. Біршама уақыт тыңдап отырдым. Қайдан шыққан әуен екенін білмек болып далаға шықтым. Сол бойда әуен тиыла қалды. Аз уақыт күтіп тұрып, әуен қайталанбағасын ішке қайта кіргенім сол еді сиқырлы әуен басталып қоя берді. Тағы шықтым, ол да тиылды, ішке кірсем қайта басталады. Бірнеше рет осылайша мен далаға шыққанда тоқтап қалатынын байқағасын, мен іштен шықпай біраз отырдым. Тыңдадым. Құлақтың құрышын қандыратын сиқырлы саз космостан құйылып тұрғандай әсерде отырдым. Шығыстың әуендері де, батыстың классикалық әуендері де (менің музыкалық сауатымның жеткен жеріне шейін жобалағандарым) төгіліп жатты жоғарыдан (космостан). Осынау сиқырлы сазды біраз тыңдағасын қондырғыға қарай баратын болдым, себебі, әуеннің шығатын жері сол жақта еді, қондырғы жақтан естіліп тұрды. Келсем жұмысшылар әңгіме дүкен құрып жайбарақат отыр, түскі астан кейінгі уақыт қой. Ешқандай тапсырмам болмағасын олар да менен көп қысыла қоймады. Қастарына келіп отырдым, әуен баяғыда тиылған, мен қондырғыға қарай жүре бастағанда-ақ. Санап қарасам вахтаның арасында бір әзербайжан жігіт көрінбейтін сияқты. Жуас, биязы, әдеміше келген жігіт болатын, вахтаға келгенде танысқан едім. Түркіменстаннан келген екен. Бұрғышы менің неге келгенімді сезіп маған кронблок жақты иегімен ымдап көрсетті. Мен де үнсіз ұқтым. Жас жігітпін, қондырғының басына шығу дегенің мен үшін түк емес, қара жұмысқа әбден «піскен» адаммын ғой. 53 метр биіктікке, кронблокқа көтерілдім. Кронблоктан көрінетін айналадағы көрініс тамаша, жанарың ешқандай кедергіге тірелмей аспан мен жердің қабысқан көкжиегіне дейін көрінетіндей жазық дала. Аз демалып, айналама тамашалап қарап болғасын, іздеп келген адамыма қарадым. Мен келгесін ол да отырған орынынан тұрып, мен ұрса ма екен деп қобалжып тұр екен. Мән-жайды түсіндіруді сұрадым. Ұялып, қысылып тұрып түсіндірді. Флейтада ойнайтын өнері бар музыкант жігіт екен. Қаражат табу үшін осындай ауыр қара жұмысқа тұрыпты. Флейтасын көрсетті. Ойнауын сұрадым. Еш қысылмастан, тіпті, өңі кіріп құбылып тұрып ойнай бастады. Тамылжып төгілген әуен дегенің тамаша, айтарға сөз жоқ, тек тыңдау керек. Біраз әуенді тамылжытып ойнап берді. Екеуіміз қондырғының ұшар басында біраз отырдық, мен тыңдадым, ол жан-тәнімен беріліп ойнады. Тамаша концерт болды. Бұндайды мен бұған дейін естімеппін де, көрмеппін де. Мен музыкалық аспаптардың (тіпті домбырада да, айтуға ұят, «құлағымды түйе табанымен жаншыған шығар») біреуінде ойнай алмайтын адаммын, бірақ домбыраны сүйіп тыңдаймын. Орыстың баянын, татарлардың гармонын жақсы көремін. Саксофонды да жақсы көремін, саксофонда ойналған «Блюздерді» тыңдай беруге бармын. Ал мынандай аспап бар екенін естігенім болмаса көзім көрмепті, назар аударып қарамаппын, әуенін тыңдамаппын да осыған дейін. Таң қалдым. Қарапайым жұмысшы жігіттен осындай нәзік өнер шығады деп ойламаппын. Аспабының өзі өте әдемі екен, салатын қорабы да әдемі жасалыпты. Талант деген керемет сыйы ғой Алланың пендесіне берген. «...Керегенің басында оймақ тұрар, кедейшілік жігітке қой бақтырар ...» деген ән жолдарындағыдай мына өнер иесінің осындай қара жұмыста жүріп бойындағы өнерін жоғалтып алмасына кім кепіл? Салалы, икемді, нәзік саусақтары біздің қара күшті қажет ететін қара жұмыстан нәзік сыбызғыда ойнауға жарамай қалатыны сөзсіз. Қайран қу тіршілік ...
Мен бұндай тағдырға көп таң қала қоймадым. Себебі мен осыған дейін жұмыс жасаған бұрғылау бригадасында қилы-қилы тағдырлардың иелерімен жұмыстас болғанмын. Қандай керемет адамдар десеңші, ал олардың пешенесіне жазылған тағдырлары қандай ауыр десеңші ... Құдай шебер!!!
Ал енді осы адамдардың кейбіреулерінің (тек кейбіреулерінің ғана, ондайлар көп кездесті маған) тағдырларына қысқаша тоқтала кетейін. Бір моторшы бір кездері талантты жақсы музыкант болған, үлкен қалалардың оркестрлерін басқарған. Отгулда болғанда үздіксіз ішкен «ащы судан» кейін кейде жұмысқа келгенде «белая горячка» болып «қуып», бұрғылау қондырғысының барлық дизельдеріне барынша газ беріп ышқынтып қойып, соларды дирижировать етеді, сау кезінде әр дизельдің ақауын дауысынан таниды, барлығын дауыстарына қарап бір ырғақпен жұмыс жасатады. Бұндай шеберлік көп моторшылардың қолдарынан келе бермейді, «слухы» өте күшті. Ал енді біреуі соғысқа қатысқан, танктер полкының майоры, ол да дизельдерді дыбысына қарап айыратын білгір, лақап аты «майор». Біреуі сауда теңіз флотында, артынан қиыр шығыста балық аулау флотында ұзақ жылдар капитан болған, жапон, корей елдерінде жиі болған, басқа да шет елдерде болған, лақап аты «секач». Тағы біреуі көп жылдар үлкен шахтаның басшысы болған инженер маман, лақап аты «кувалда» (лақап аттардың не үшін қойылғанын білмедім, мен келгенше солай аталыпты). Ресторанның шеф повары болған адам да болды арамызда, циркте ұзақ жылдар жасаған циркач та болды (талай рет қондырғының аяқтарына биіктеу жерден тросты тартып қойып соның үстімен жүрген де еді, ротордың бірнеше шарларын қолына алып түсірместен қақпақылдайтын, ойын карталарымен әртүрлі фокустар да көрсететін (қақпақылдайтындарын, ойын карталарымен жасайтын фокустарының кейбіреулерін маған да үйреткен, оларды әлі де жасай аламын, ұмытқан жоқпын). Бұлардың барлығы да өте сауатты, жоғары білімді адамдар, тек тағдыр тәлкегіне түсіп «ащы суға» салынып, жанұяларынан айырылып, темір тордың арғы жағына да барып, өмірдің ми батпағына әбден батқандар, өмірдің ащысын да, тұщысын да өз бастарынан өткергендер. Өмірге өкпелері қара қазандайлары да, бәріне мойын ұсынып көнгендері де жетерлік. Өздері ұзақ жылдар «отырып» (соңғы жылдарын Шевченкодағы зоналарда) шыққаннан кейін туғандарына көрінуге арланып (осындай күйлерін көрсеткісі келмей, әлде басқадай да себептермен), біздің мекемеге (оларға керегі ұзақ уақытқа вахтаға кету) жұмысқа тұрып алады, туыстарына қайда жүргендерін айтпайды, олар көбіне бұларды өлдіге жориды, қайдан іздестіретіндерін білмейді. Кейбіреулерінің өте үлкен лауазымды қызметтегі балалары, туыстары бар екенін мен бір күндері білдім, жазатайым жағдайда қайтыс болғандарын жерлеу үшін құжаттарының арасынан баяғыда жазылған хаттары арқылы телеграмма салып әлеуетті туыстарын, балаларын да тапқан жағдайларым болған. Олар ешқашан қаншалықты үлкен қателік жасағандарын, өмір жолдары қай кезден бастап қисайғанын айтқан емес. Көңілді отырыстарда айтатын әңгімелері өте қызық, сауатты, әдемі сөйлейді, бірақ жеке өміріне қанша ішсе де жолатпайды. Өмір деген осындай, бірде бетін берсе, енді бірде к ... көрсетеді, пендесін қай жерде сүріндіретіні, басына қандай сынақ салатыны тек Құдай шебердің ғана құзырында .
Бәкөн әл-Сағыз
Жалғасы осында