Ардагер геолог-барлаушы «Құрмет» орденінің иегері Бисенбай Бисенғалиев (Бәкөн әл-Сағыз) ағамыздың естеліктер жалғасы6 басы осында
Халқы қадірлеген Қуекең
1974 жылы күзде Алматыдағы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетін «Мұнай-газ алаңдарын терең бұрғылау» мамандығы бойынша бітіріп, жолдамамен «Маңғыстау мұнай-газ барлау» Кешенді Экспедициясына жұмысқа келдім. Кешенді экспедиция басшылығы Х.Өзбекқалиев пен Х.Тажиев екеуі қатар отырып мені қабылдап, әңгімелесіп болғаннан кейін, Ералиев поселкесіне, №1 Аймақтық инженерлік- технологиялық қызметке «4-ші дәрежелі бұрғышы көмекшісі болып қабылдансын» деген жолдамама бұрыштама соғып шығарып салды.
Ералиев поселкесі-жаңадан ашылған Ералиев ауданының орталығы. №1 Аймақтық инженерлік-технологиялық қызмет дегені бұрынғы «Жетібаймұнайгазбарлау экспедициясының» әлі толықтай өзгеріп бола қоймаған, әрі Жетібайдан Ералиевке көшіп бола қоймаған ізбасары екен. Сол кезден бастап мен өзімнің еңбек жолымда «бұрғышы-барлаушы» болудың ең төменгі сатысына алғашқы қадамымды жасадым. Сол кездегі кеңес үкіметінің қандай да бір саланың мамандарын дайындайтын саясаты солай еді. Алған жоғарғы біліміңді жинап қойып, қарапайым қара жұмыстың ыстық-суығынан өтіп, қолымен ұстап, көзімен көріп, керек болса, иіскеп-тістеп қарап, әбден пісіп жетілгенде барып, өзіңнің қабілет-біліміңді көрсеткенде ғана келесі сатыға көтеретін еді. Шыңдалу мектебі, керек десең, болашақта жоғары сатыларға барғаныңда ненің не екенін ешкімнің айтуынсыз-ақ көз алдыңа оп-оңай елестете алатындай, қандайма жұмыстың қыр-сырын кітаптан емес, өмірдің өзінен үйренетін мектеп. Ұстаздарың тәжірибелі қарапайым жұмысшыдан бастап, тап сол мектептен бір кездері сен сияқты болып өтіп, алған білімін өмір шындығымен суарып, толысып жетілген мамандар. Әрі бұл мектептен өткен кезде жұмысшы халықтың еңбегін, тапқан табысының қандай маңдай терімен табылатындығын біліп шығасың. Қазіргі заманға керек-ақ мектеп.Әттең, олай болмай тұр ғой. Дипломы бар жастар жұмыссыз сенделуде. Ал кейбір «өмір мектебінен» өтпеген шикі өкпелер өндірісті, елді басқаруда. Келеңсіздік. Бір кем дүние ...
Мен сол күні «өмір мектебінен» өту үшін Қазиев Қуан басқаратын №1 АИТҚ(аймақтық инженерлік-технологиялық қызмет, орысшасы РИТС- районная инженерно- технологическая служба) мекемесіне келдім. Шевченко қаласы мен жаңа құрылған Ералиев ауданының орталығы Ералиев поселкесінің арасында асфальт жол жоқ ол кезде, шаңы бұрқыраған борпылдақ ұлпа құм жол, 74 шақырым қашықтықты жүріп өткенше автобустың іші шаңнан көрінбей қалады. Алдында ғана 4-ші курстан кейін, диплом жұмысына материал жинастыру үшін тәжірибеден өтіп, Волгоград облысындағы Коробково кенорнында 3-4 айдай бұрғылау мекемесінде жұмыс жасағаным бар еді. Ол жердің табиғаты өте әдемі, көк майса шалғын, айнала орман, ағып жатқан өзен (большая Медведица, малая Медведица), жайқалған егін. Бұрғылау қондырғысы орманның ортасында, қондырғыға дейін асфальт жол. Орыстың орманы мен туған жеріміздің шаң араласқан, топырақ суырған дауылды желін салыстырғым да келмейді, өз табиғатымыздың жанымызға жақын екені белгілі ғой.
Жатақханаға орналасып, жұмыс жасайтын бұрғылау бригадасын анықтап алып, жұмыс киімдерімді түгендеп, бұрғылау алаңына, Аманжол №12 бұрғылау қондырғысына ұшып кетуге дайындалдым. Жұмысқа орналаса жүріп, Ералиев поселкесін түгелдей аралап шықтым. Маған бірден ұнады. Ақшаңқан, өте таза, шағын ғана поселке екен. Ең бастысы өте жылы теңіз жағалауы бар. Ашық теңіз емес. Тайыз қойнауға жайылған теңіз суы тез жылитын көрінеді, әрі тұщылау да екен. Теңіз жағалауында ойда орналасқандықтан Жетібай жақтан келгенде дәл төбесінен түскеніңше көзге көрінбейтіндей болып «тығылып» тұрған, қаншама жауын жауса да аяғыңа балшық жұқпайтын, жері қиыршық тас ауыл екен. Нағыз курорт болатын жер. Осы жерде барлық саналы ғұмырымның 22 жылы өтетінін мен ол кезде сезбеппін. Төрт баламның кіндік қаны осы жерде тамып, балалық шақтары осындай әдемі ауылда өтетінін кім болжап, кім білген?! Артынан Маңғыстаудың ойы-қырын түгелге жуық аралағанымда тап осы Ералиевтей таза, әдемі жерді кездестірмедім. Әрине, Фетисов, Ақсу, Кендірлімен салыстыруға болмас.
Сол сәттен бастап 22 жыл өмірім сол ауылда өтті. Қиындықтар да, қуаныштар да көп болды. Осы жылдарда жоғары оқу орнын менен ілгері, менен кейін бітіріп келген басқа жігіттер сияқты мен де «өмір мектебінен» өттім. Көп айырмашылығы жоқ, тек бір айырмашылығы, мен өзімді жақсы ұжымға, жақсы ұстаздардың қолына тап болдым деп әлі күнге дейін ризашылық сезіммен еске аламын. Әрине, өмірге енді қадам басқан жас маманның болашақта қандай адам, қандай маман болып шығуы көбінесе өндірісте қандай ұжымға, қандай басшыға, қандай ұстазға тап болуына тікелей байланысты. Алғашқы қадамың қалған өміріңнің бастауы, анықтаушысы.
Институтта мамандығың бойынша Қазақстан бұрғылау саласының «корифейі», қатаң талапты ғалым Әмен Сәбитұлы Аманқұловтың шәкірті болып, одан кейін өндірісте талабы одан кем соқпайтын, өз ісінің шебері, білгірі Қазиев Қуан сияқты басшы басқаратын ұжымға тап болу өмірдің жас маманға жасаған қымбат сыйы сияқты. Ұстаздарым жөнінен мені құдай қолдады. Мектепте де білімді ұстаздар оқытқан болатын.
Осы күнгі Қазақстан мұнай өнеркәсібінің басы-қасында жүрген көптеген алғыр, білікті басшылар, азаматтар, соның ішінде барлау-бұрғылау, геологиялық іздестіру саласының мамандарының көпшілігі өздерін мақтанышпен «Қазиев Қуанның мектебінен өткен, соның шекпенінен шыққан шәкірттеріміз» деп айтады.
Маған тағдырым оң көзімен қарап 360 әулиелі киелі Маңғыстаудың ең әдемі жерінде орналасқан, қарт Каспийдің жағасындағы аппақ поселок-Ералиевке тап болдым. Атағы бүкіл Кеңес Одағына әйгілі кешенді экспедицияның бөлімі, Маңғыстау мұнайын алғаш ашушы «Жетібаймұнайгазбарлау экспедициясына» жұмысқа орналастым. Бұдан артық не сый керек жас маманға?!
Жұмыс бабы солай болып, орайы оңынан келгендіктен киелі Маңғыстаудың шежіреге толы, әулиелерге толы кең байтақ жерін емін-еркін 33 жыл аралап, көптеген әулиелердің басына тәу еттім.
Мен бұл ұжымға келгенде бұрынғы экспедиция ықшамдалып,тек қана өндірістік саладағы мәселелерді ұйымдастырып шешетін атқарушы орталық есебінде қайта құрылған екен. Ұжымның басшысы Қазиев Қуан, бұрғылау технологиясы жөніндегі орынбасары Тұқымов Кенжеғұл, шаруашылық жөніндегі орынбасары Любинский Станислав Григорьевич, бас механик Тастаев Жалғас, кадр жөніндегі инспектор Хаиров Нұржан, бас геолог Диханов Сыдиық, аға инженер технолог Өрбісінов Мұқанбет, аға геолог Жолдасбаев Есенқұл(Қуантқан), Сүлейменова Ақборық, Орақов Құдайберді, еңбекақы бөлімінің бастығы Көшенов Үмбетқали, инспекторлар Сариев Қылышнияз, Көкібаева Райхан, бұрғылау алаңдарына жүк жіберу, оларды дайындау, бұрғылау қондырғыларынан келетін жүктерді қарсы алып қабылдау қоймасының қоймашысы Сапаров Сапығали бар екен де, ал терең бұрғылау бригадаларын Қосмағанбетов Базарбай, Салманов Сүйеген, Ильясов Владимир Тапаевич, Жапаров Берікхан, Төлешов Дауылбек, Бозбаев Ғалымжандар басқарады екен. Цехтық партия ұйымына Азанбаев Қайып ағамыз жетекшілік етеді.
Жұмысшылар демалысқа келгенде №4 жатақханада жатады. Жатақхананың ішкі тәртібі, жауапты адамдары, керек-жарақпен жабдықталуы толықтай ұжымның қарамағында болды.Осы жерде айта кететін мәселе, жатақхананың іш-сырты мұнтаздай таза, ішкі тәртібі мықты екен. Төсек орындары мезгілімен ауыстырылып, тазалық сақталып, газет-журналдар уақытымен қызыл бұрышта жиналып, тігіліп, шахмат, дойбы сияқты спорттық құралдармен қамтылған. Кезекші әйелдердің айтқандары мүлтіксіз орындалатын. Қылтың-сылтың бейсәубет жүріс, ішімдік ішіп қисаңдап, төбелесіп жатқан жатақхана тұрғындарын көрмейтінбіз. Жатақханада жататын жұмысшылардың көбі жан-жақтан жиналған орыс, татар, кавказ және тағы басқа ұлт өкілдері болатын. Жұмыс күші жетіспейтіндіктен көпшілігі Шевченко қаласындағы түзету мекемелерінде ұзақ жылдар жазаларын өтеп шыққан әр елдің «қошқарлары», мүйіздері қарағайдай «тентектері» болатын. Қуекең өзі бастап инженер-техник қызметкерлермен график бойынша кезектесіп тексеріп, жұмысшылармен әңгімелесіп, сөйлесіп отыратын. Бұл да ұжымның Қуекең орнатқан ішкі тәртібінің бір көрінісі. Әр елден, әр халықтан шыққан талай тентектер Қуекеңді өздерінің туған әкелеріндей сыйлайтын. Тіпті қорықты. «Қорықпай сыйлағаның құрысын» дегендей ащы шындықты көрсететін сөздің көрінісі еді бұл. Қуекең осы ұжымды құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін басқарды. Зейнетке шыққаннан кейін де өзінің бай тәжірибесін жастарға үйретіп, бірнеше жыл аға инженер-технолог, ауысым бастығы қызметтерінде жасады. Өзінің баптап өсірген, үлкен жолға салған шәкірттерінің аяқ алысын бағамдап, байқап қарап, өмірінің негізгі арқауы болған, туған баласындай болып кеткен, киелі Маңғыстау топырағында Түбіжік деген жерде өз қолымен ұйымдастырған, барлық саналы ғұмырынарнаған еңбек ұжымын кімдердің қолына тапсырып тұрғанын, ұжымның ертеңіне алаңдаушылықпен қарап, біраз уақыт қимастықпен байқастап, сын көзбен қарап жүрді. Шәкірттерінің өзінің ісін кәсіби шеберлікпен, өзінің ойындағыдай алға алып бара жатқандығына сенімді болғаннан кейін, «Сырт көз сыншы» дегендей, өзінің сынынан өткенін көргеннен кейін көп айналмастан құрметті еңбек демалысына шықты.
Қуекең басқарған ұжымның барлаушыларының бригадалары, бұрғылау қондырғылары басқа ұжымдарға қарағанда шашыраңқы, Маңғыстау түбегінің о шеті мен бұ шетіне дейін аралары өте алшақ жерлерде, көбіне әлі ешкім зерттей қоймаған тың алаңдарға бұрғы салып, жердің геологиялық қыртысын зерттеп, ғылымға пайдалы құнды мәліметтерді өте терең ұңғыларды қазу арқылы табатын. Тек мұнай мен газды іздестіру бір бөлек шаруа болса, ал әлі зерттелмеген тың аймақтарға бұрғы салып ғылыми тұрғыдағы мәні бар терең ұңғыларды қазу, өте дәлдікпен жобадан ауытқымай, сол жұмысты ойдағыдай сапалы атқарып шығу, технологиялық, геологиялық тұрғыдан қарағанда өте үлкен жауапкершілікті талап ететін бір бөлек шаруа еді. Әлі зерттелмеген алаңдардағы терең ұңғымаларды(3500-4500 метр) қазудың өзіндік қиыншылықтары бастан асады. Жердің қойнауына бойлаған сайын әртүрлі күтпеген жағдайлар, апатты жағдайлар, сәт сайын күтіп тұрады. Мысалы, ойламаған жерден су, газ, мұнай қатты қысыммен атып кетуі мүмкін, жер қойнауының температурасы, қысымы өте жоғары болып шығуы да мүмкін. Кей жағдайларда геофизикалық зерттеу жұмыстарын сапалы деңгейде жүргізе алмауы мүмкін. Жер қойнауының қыртыстарының көлбеулігі үлкен болуы, өте қатты жыныстардан құралуы да мүмкін. Кейде үлкен тереңдіктерде апан шұңқырлар да кездесіп қалып жатады. Ғылыми қажеттілікке байланысты ұңғымалардың да түрі көп болады: параметрлік, іздестіру, барлау ...деген тәрізді. Осындай әр ұңғыманы қазып шығуға қажетті өзіндік талаптары болады. Тек қана мұнай мен газды өндіру үшін әбден зерттелген алаңдарда ұңғыларды қазу, әрі ол ұңғылардың тереңдіктері аса үлкен болмаса көп қиындық тудырмайтыны анық. Сондықтан, бұл ұжымның көтерген жүгі екі есе ауыр және де сол кездердегі ең терең ұңғыларды қазу, мәлімет жинау көпшілік ұжымдардың қолынан келе бермейтін шаруа еді. Айта кететін бір жайт, Қуекең басқарған ұжымның тарлан барлаушысы Қосмағанбетов Базарбайдың бұрғылау бригадасы 1979 жылы Маңғыстау түбегінде ең бірінші болып Шөмішті алаңындағы ұңғыны 5000 метр тереңдікке жеткізді. Бұған дейін 5000 метр тереңдік бағындырылмаған еді. Бұл мысал да Қуекеңнің іскер басшы екендігінің бір дәлелі емес пе?!
Зерттелмеген тың алаңдарға терең бұрғылау қондырғысын жүздеген шақырым қашықтыққа жолсыз кең даламен алып барып, көшіріп-қондырудың, құралдарды, керек жарақтарды жеткізіп беріп, ұңғыны бастап қазудың өзі-ақ бір таңға жыр қылып айтатындай өте қиын шаруа. Жұмысшылардың елсіз даладағы жағдайын жасау, ұйымдастыру өте күрделі мәселе. Бұның барлығы тек айтуға ғана оңай. Ал қыстың қақаған боранында, жаздың аптап ыстығында болса ше? Ал кейде қысы-жазы бір қатпайтын Терешкова, Гагарин, Николаев, Өлі Қолтық, Аралды, Комсомол ... сияқты шеті жоқ сорлы жер болса, бір машина жүкті екі трактормен он, он бес шақырымға созылған былқылдаған сордың үстімен бұрғылау қондырғысына сүйреп жеткізетін, тек вертолет қана арнайы жасалған тақтай алаңға қона алатын бұрғылау алаңдарындағы жұмысты мүлтіксіз ұйымдастыру, жұмыстың ырғағын қалыпты жағдайда ұстап тұру кімнің, қандай басшының қолынан келер еді? Осындай ауыр жүгі бар ұжымға басшы қылып Қуекеңді тағайындағанда бірлестіктің басшылары ол кісінің ұйымдастырушылық қабілетіне, өте зор жауапкершілігіне, табандылығына, әрі қарапайым жұмысшы(ішінде әр жерлерден жиналған әр түрлі мінездері бар «контингенттер» де баршылық) халықпен қоян-қолтық араласып жүріп тіл табысатын қарапайым адами қасиетіне, мол тәжірибесіне, геологиялық, техникалық біліктілігіне, қала берді Қуекеңнің жеке басының тәртіптілігіне, қара қылды қақ жарып ақты-ақ, қараны-қара дейтін жалтақтығы жоқтығына қараған да болулары керек.
Орталықтан қашық емес, көпшілік бригадалары бір маңға шоғырланған ұжымды басқару бір басқа да, ал бір бригадасы Түркіменстанмен шекаралас жерде, енді біреуі Қарақалпақ елінің шекарасында, ал біреулері Атырау, Ақтөбе облыстарының шекараларында елсіз қиянда қадау-қадау болып жапан далада автономды түрде жұмыс жасап, үкімет пен партияның тапсырмасын мүлтіксіз орындау жолында еңбектеніп, табиғаттың қолайсыз мезгілдерінде, көктемгі-күзгі жаңбырлы-жауынды жолсыздықтарда солардың жұмыс ырғағына сәл де болса қылау келтірмей ұйымдастырып, адаммен, тамақпен,сумен, өндіріске керекті ұшы-қиыры жеткізбейтін ірілі-уақты әртүрлі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, келеңсіздіктерге жол бермей абыроймен ұзақ жылдар бойы басқару көп басшының қолынан келе бермейтін шаруа. Геологиялық, технологиялық бағдарламалардың орындалуын мұқият қадағалап отырудың сыртында шаруашылық ұйымдастыру жұмыстарын, адамдармен тікелей сөйлесіп мәселелерін шешу, көптеген қоғамдық жұмыстарға араласу, тұрған поселкенің(Ералиев поселкесі КЭ «МНГР» мекемесінің базалық поселкесі)әрбір маңызды шаруаларына(қысқа дайындық: жылу құбырларын жылма жыл біртіндеп ауыстыру, жұмысшы жанұяларын көмірмен қамтамасыз етіп үйлеріне түсіріп беру, қыста картоп, жеміспен қаматамасыз етіп вагондардан қоймаларға түсіріп беру ...)көмек беру, партия-кәсіподақ органдарының әртүрлі тапсырмаларын орындау, саяси науқандарға қатысу, оларға адам бөлу -міне осылардың барлығы жиналып келіп бір адамнан іскерлікті талап ететін бітпейтін шаруалар болатын. Жоспарлы экономикамен жұмыс жасаған социализм дәуірінде әрбір ұжымға айлық, тоқсандық, жылдық, бесжылдық жоспарлар белгіленеді. Сол жоспардың үдесінен шығу-міндет, асыра орындау-абырой. Бұрғылау- барлау жұмыстары тынымсыз, тұрысқа жол бермей, тәулігіне 24 сағат бойы, айына 720-744 сағат бойы жұмыс жасайтын өндіріс түрі. Әрбір ұжым, бригада басшылары әр айдың аяғында 744 сағаттың әрбір сағатына жауап береді, шыққан шығынға да, жоспардың орындалуына да. Сол қорытынды жиналыста кімнің кім екені көрінеді. Әрбір бұрғылау бригадасының бос тұрысқа жол беріп, артық шығын шығарып, жоспарды орындамаған себептері айқындалады: ұжым басшысының ұйымдастыра алмағандығынан ба, әлде бригада мүшелерінің ішкі жауапсыздығынан ба? Осыдан-ақ Қуекеңнің ұзақ жылдар бойы осындай күрделі өндірісті қалай басқарып келгенін көруге болады. Жұмысқа осал болсаң, басқару қабілетің жеткіліксіз болса, жиі-жиі жоспардың үдесінен шыға алмасаң, мұндай басшының басынан ешкім де сипай қоймайды. Бірлестік басшылығы да, жоғары партия органдары да. Демек, Қуекеңнің қызметіне бірлестік басшылары да, жоғарғы партия ұйымдары да разы болғаны ғой. Сол кездері Қуекеңнің орынын басуға лайықты жоғарғы оқу орындарын бітірген, білімді, өндірісте тәжірибе жинақтап үлгерген жас мамандар өсіп жетілген еді. Сол жас мамандардың біреуін Қуекеңнің орнына тағайындай қоюға да болатын еді, егерде Қуекеңнің тарапынан әлсіздік байқалған жағдайда, бірақ олай болмады, Қуекең жұмысын өте жақсы білді, жүргізді. Әрине, осы жерде айта кету керек, жас мамандарды біліктілігіне, қарым-қабілетіне қарап батыл түрде әртүрлі деңгейдегі лауазымды жұмыстарға тап басып, дәл қоя білуі де Қуекеңнің көп жақсы қасиеттерінің, көрегендігінің бірі еді. Сол жасаған батыл қадамдары өзінің жемісін берді де. Тұқымов Кенжеғұл, Жапаров Берікхан, Өрбісінов Мұқанбеттер өте сауатты, ұйымдастырушылық қабілеттері зор инженер-технологтар, өндіріс басшылары болса, Диханов Сыдиық, Жолдасбаев Есенқұл(Қуантқан) жеті қабат жердің астындағыны білетін өте сауатты геологтар еді де, Бозбаев Ғалымжан, Ильясов Владимир Тапаевич, Герасименко Евгений Васильевич, Шотаев Мәлік, Төлешов Дауылбек, Әлімгереев Мақсолат, Жақсымбетов Сұлтан-Уәйіс, Бозбаев Қадыржан, Шұғаев Серік, Қазиев Жұмағалилар жастықтарына қарамай бұрғылау бригадаларының білікті басшылары болды. Бұрғылау қондырғысы күрделі, сан қырлы механизм болса, олардың мүлтіксіз жұмыс жасауын қалыптастыратын, қадағалайтын білікті механиктер Тастаев Жалғас пен Есқалиев Мұратәлі еді. Бұл аталған мамандардың барлығы да өңкей жастар, жаңа-жаңа өмірге араласып, институтта алған білімдерін өмірде сынап қарап жүргендер еді. Жастықтарына қарамай осыншама ауыр жүкті иықтарымен көтеріп, күн-түн демей, уақытпен санаспай Қуекеңнің жанынан табыла білді, басшыларының ауыр жүгін жеңілдетуге, өздеріне көрсетілген сенімді абыроймен ақтап шығуға жан-тәндерімен атсалысты. Абыройлы еңбек, ізденімпаздық, сауаттылық - осы қасиеттері қазіргі заманда аталған жігіттерді абырой биігіне көтерді. Бәрі де басшы орындарда жұмыс жасайтын, Қазақстан мұнайының білікті мамандары. Мен бұл жерде әдейі түрде тек жастарды ғана бөліп алып жазып отырмын, ал олардың артында қара нардың жүгін көтерген, қаншама қиындықтарда Қуекеңмен бірге сынақтан өткен бұрғылау-барлау өнерінің хас шеберлері Қосмағанбетов Базарбай, Салманов Сүйеген, Азанбаев Қайып, Бесқалиев Меңдібай, Павлов Николай Васильевич сынды тарландар тұрған еді.
Өзіндік дәстүрі бар, осы атап көрсетілгендей атақты, берері мол аға буын өкілдері бар ұжымда жас мамандар желкілдеп өсіп келе жатты. «Арбаның алдыңғы аяқтары қайда барса, артқы аяқтары да сонда баратынын» дәлелдеп өңшең білікті, тәрбиелі, ағаларымен әзілдері жарасқан жігіттер өсіп шықты. Соның барлығының басы-қасында қадағалап Қуекең тұрды. Жастардың аты жас, қаншама жауапты жұмыстарды атқарып жүрсе де кей кездері «тәртіп бұзып», еркелік көрсетіп қалып Қуекеңнің «кәріне» ұшырап қалатындары болып тұрады. Ондайда Қуекеңнің сүйікті, қанатты сөзі: «өңкей детсад» деп ұрсып-ұрсып алатын. Сол «балабақшадан»(детсадтан) тәрбиеленіп шыққан азаматтардың көпшілігі қазір сол кездегі Қуекеңнің жасынан жастары асып кетсе де, Қуекеңнің сол «детсадын» сағына еске алып отырады. Бір бірімен кездескен жерде міндетті түрде сол кездерді естеріне түсіріп, балалық-шалалықтарына күліп қояды, сағынады сол шақтарын. Қуекеңнің жүзі суық, қатал болып көрінгенімен қазымыр, кекшіл емес еді. Ол кісінің адамға баға бергендегі өлшемі: «Адамның тапсырылған жұмысқа деген жауапкершілігі, жұмысқа деген адалдығы, еңбекқорлығы» бірінші орында тұратын. Себебі, өзі сондай болғандықтан қалған адамдарды да сол тұрғыдан бағалайтын. Өзінің осы талабынан шыққан адамына кешірімі мол болды, қандайма «тентектігіне» де кешіріммен қарап, ұрысқан, ұялтқан кейіп көрсетумен шектелетін. Қуекеңнің ойынша «Адал, жақсы, ынты-шынтысымен беріліп жұмыс жасайтын адам былайғы өмірде де жаман адам болуы мүмкін емес».
Қуекең айтыпты деген қанатты сөздер көп-ақ. Оларды сол кездерде ол кісімен жұмыстас болған адамдар әлі күнге естеріне алып айтып жүреді. Сондай әңгімелердің кейбіреулеріне тоқталып өтейін. Себебі, Қуекеңнің ауызынан шыққан құнды, ащы, сол сәттегі құбылыстың дәлме дәл бағасын беретін «афоризмдер» жеткілікті. Бұл да болса Қуекеңнің ойының ұшқырлығын, шапшаңдығын, нені болса да тап басып, дәл бағалайтын сөздік қорының молдығын көрсетсе керек.
Сол кездері бұрғылау қондырғыларына(өткен ғасырдың сексенінші жылдары)жүк тасымалдаудың шырқау шегіне жетіп, геологиялық іздестіру, барлау жұмыстары өзінің жемісін беріп барлаушылардың дәуірлеп тұрған шағы еді. Жаңа алаңдарға шығып, үлкен тереңдіктерді бағындыра бастаған кезіміз. Елемес, Сазтөбе, Айыршағыл алаңдарында 5000-5250 метр тереңдіктерді, өте жоғары қабат қысымы(АВПД-аномально высокое пластовое давление)- 900-1000 атмосфераға дейін жететін, қауіпті газ «сероводороды» өте көп мөлшерде кездесетін жерлерді бұрғылап зерттеуді енді-енді бастаған кезіміз еді. Атырау облысындағы атағы әлемге жайылған Теңіз мұнай мен газ кенішімен көршілес алаңдардамыз, сол кенішпен пара-пар алаңдар ғой. Біздің бірлестіктің қарамағындағы өзінің автокөлік мекемесі жүк тасуды үлгере алмай, Ералиевтегі, Жетібайдағы, Бейнеудегі автөкөлік мекемелерінен он бес-жиырмалап көлік жалдап жүк таситынбыз, темір жолмен вагондап Бейнеуге, Ералиевке тасылып жатырған жүктердің есебі жоқ көп болатын. Ал Ералиевтегі жұмысшы әуежайынан күніне 2-3 Ми-8 тікұшағы, 7-8 Ан-2 ұшақтары бұрғылау алаңдарына ұшатын, бұлардың кейбіреулері жақын маңдағы қондырғыларға(Қаламқас, Қаражанбас, Түбіжік, Кетік сияқты) күніне 2-3 реттен барып адам, тамақ, ірілі-уақты бұрғылау қондырғыларының бөлшектерін, химреагенттерді, қашаулар, тіпті, машина бара алмайтын алаңдарға тікұшақтар арнайы ыдысқа іліп алып көтеріп ауамен ішетін суды, жанар-жағар майларды, химреагент, қажет болғанда тіпті құбырларды да тасымалдай беретін. Соның өзінде үлгере алмай әуежайдың басы айқай-шу қарбалас болатын да жататын. Ал ауа райы қолайсыз, тұман, жаңбыр, қарлы боран, қатты жел бола қалғандай болса онда манағы тікұшақтар, ұшақтар ауаға ұша алмай, ауаның ашылуын күтіп, кейде бірнеше күн тұрып қалатын. Жүктер жиналып қалып, елсіз даладағы қондырғылардағы адамдар апталап ауыса алмай, тамақтары таусылып қиыншылық көретін. Сондай бір сәттерде Қуекең әбден іші күйіп, ұшқыштардың мынандай шарасыз күйлеріне ызаланып, әуежайдың диспетчері орыс халқының өкіліне бүкіл ұшқыштар жиналып тұрған бөлмеде (ұшқыштардың барлығы орыстар еді) қатты ұрсып шарасыздықтарын беттеріне басып былай деген екен (түсінікті болу үшін, сол кезде айтылғандай орысша жазайын): «Во время войны бабы-летчики (әйел ұшқыштар) ночью, сквозь зенитные огни врага летали в тыл немцев и бомбили их военные объекты, они не ждали хорошей погоды как вы, мужики. А вы в мирное время не можете летать, довели советскую авиацию «до ручки», вот пожалуйста, полюбуйтесь на «советскую авиацию»,-деген ғой. Жоғарыдан рұқсат болмаса ұшқыштар не жасай алады, олардың кінәлары жоқ болса да орынды айтылған ащы шындыққа көніп6 бастары салбырап үндей алмай отырып қалыпты. Содан бері жігіттердің арасында «Вот, пожалуйста, советская авиация» деген Қуекеңнің сөзі қалды, кейде орынды жерлерінде жиі айтылып та жүрді.
Қуекеңнің тағы бір қызық қасиеті, ертедегі сейіс-атбегілер сияқты жақсы арғымақты, сәйгүлікті көре қалса көздерін ала алмай қарап қалатын, Қуекең де жүрген жерінде қапсағай денелі, қолдары ұзын, қуатты жігіттерді көре қалса: «Ойпырмай, мына жігіт қандай жұмыс жасайды екен, бұрғышы, бұрғышы көмекшісі, «верховой» болуға таптырмайтын жігіт екен»,-деп сұрастыра бастайтын. Ал манағы жігіт денесіне сай келмейтін іспен айналысып жүрген болса едәуір ренжіп, қоңылтақсып қалатын, ал ойынан шыққандай болса кәдімгідей көтеріліп қалатын. Өзіне тетелес жігіттер Қуекеңді әзілдеп, өз бетіне кетіп бара жатырған алпамсадай ірі денелі жігіттерді көрсетіп: «Қуеке, мына жігіт бұрғышы болуға сұранып тұрған жоқ па?»,- деп бір күліп алатын. Ондай әзілдерге шалың қысылмайтын да. Жап-жас жоғары оқу орындарын бітіріп келген кейбір жігіттердің геологиялық барлау мекемелерінің жұмысының ауырлығына шыдамай, партия, комсомол, кәсіподақ сияқты ұйымдарға жұмысқа ауысып, салқын кабинетте қағаз жазып, күн шыжып тұрған ыстықта шолақ жең ақ көйлекті тамағына дейін қылғындырып ілгектеп, галстук тағып, быршып терлеп, қылғынып жүргендерін көріп, әрі қолтықтарына бүйірі шыққан папка қыстырып, адамсып, амандасқанда ерлерше «Ассалаумағалейкум» деудің орынына мәдениеті қысып бара жатырғандай «Сәлеметсіз бе?» дегендерін көргенде сәлемдерін алар алмас болып бұрылып кететін. Әлгілердің бұрғылау қондырғысының жұмыстарына шыдамай, қашып, көлеңкелі салқын кабинеттерді сағалап кеткендеріне, енді кісімсіп қалғандарына қатты қарыны ашып қалатын. Тепсе темір үзетін қайратты жас жігіттердің жылы орын іздеп осы бастан бұзылғандарына ренжитін. Ол кісінің ойы, жас адам өндірісте, қайнаған қиын жұмыстарда шыңдалуы керек. Қонаққа шақырған жерлерге, тойларға дәл шақырған уақытында бару ол кісі үшін бұзылмайтын заң еді. Өзінен басқа қалған қонақтардың 1,5-2 сағат кешігіп келетінін біле тұра, өзінің уақытын соларды күтумен өткізетінін білсе де, бұлжымас бұл әдеті-қонаққа шақырған үйдің иесіне жасаған өзінің құрметі болатын. Және бұл әдеттің, заңның бұзылғанын ешкім көрген де, естіген де емес. Сондай тәртіп, жеке басының әдеті «балабақшаның»(детсадтың) тәрбиеленушілеріне үлгі болатын, Қуекеңді сыйлап, сол кісіден үлгі алып қарамағындағы жастар да кешікпей баруға тырысатын. Реті келіп тұрса, бетің бар, жүзің бар демей, ұнатпаған адамының көңіліне қарамай уытты ащы сөздермен айызын қандырып сыбап алатын. Сыпайылап сөйлеп, ызылып-сызылып тұрған адамдарды көп ұната бермейтін. Не болса да мәймөңкелемей турасын айтқанды ұнататын, өзі де солай сөйлейтін. Сөзінде тұрмай өтірік айтатын адамдар, жылмаңдап бір орында тұрмай, өзінің қателігін басқа адамға аударып жіберу ниетімен қалайда жауапкершіліктен құтылып кетудің жолдарын ыңғайлап тұратын адамдарға айтатын «Как шарик на стекле» дейтін теңеу сөзі бар еді. Қандай дәл теңеу?! Тағы «Чего греха таить» деген сөз тіркесін жиі айтушы еді.
Белгілі бір іс бітпей қамырша созылып кеткенін көргенде, шыдамы таусылып, сол істі басқарып жүрген адамға: «Әй, жігітім, мынауың қыз Данайдың қырғынындай болды ғой, қашан бітеді бұл ісің?» дейтін. Ертеде Жылой елінде Таз руының бір сұлу қызы үшін ұзаққа созылған қырғын болған екен. Махаббат хикаясы ғой, Маңғыстаудағы Ақбөбек пен Қайыптың хикаясындай. Жылойда бұл хикаяны әлі де болса келістіріп айтатын адамдар бар дейді. «Қыз Данайдың қырғыны» деген сөз тіркесі солардан қалған.
Өндірісте бригадалармен байланыс рация арқылы болады. Күніне белгіленген уақытта үш мезгіл орталықпен(Ералиевтегі басшылықпен) байланысып барлық бригада басшылары ақпар береді. Рация дегенің телефон сияқты емес, барлық бригада басшылары радиоэфирде(келісілген толқында) бірін бірі естіп отырады. Қуекеңнің өзі байланысқа шығып керекті бригаданың басшысымен жұмыс бабында сөйлесетін кезінде барлық бригада басшылары тыныштық сақтап эфирден тек Қуекеңнің сол мезетте тауып айтатын ұтқыр афоризмдерін күтіп тыңдап отырады. Себебі, тап сондай «қызықты әңгімелер» әрқайсысының да басында болған, алда әлі де талай болатынын олар білетін. Екінші жағынан, Қуекеңе деген құрметтері, сыйлағандары еді. Бірде, жылдың аяқталуына санаулы күндер қалғанда айлық жоспар, жылдық жоспардың орындалуы қақаған қыстың боранында жаңадан бастап қазылатын ұңғының уақытында жұмысқа қосылуына байланысты болатын болды. Үстіртте қар қалың жауған еді сол айда. Қарлы боран апталап борады. Бейнеуден бұрғылау қондырғысына көптеген жүктер жеткізілмей, елсіз далада, қардың астында қалды. Станислав Григорьевич Любинский(Қуекеңнің орынбасары) сол колоннаны, жүктер тиелген оншақты машиналарды бастап, К-700 тракторына түрен тіркеп алып жолдағы оппа қарды бірнеше күн бойы аршып жол салып бара жатты. Жұмыс ауа райының қолайсыздығына байланысты тиісті жобада жүрмей, жоспарлардың(айлық, тоқсандық, жылдық) орындалуы қыл үстінде тұрған сәт еді. Қондырғы басындағы бұрғылау шеберінің Қуекеңмен байланысқа шыққан сайын айтатын уәжі біреу ғана: «Қуеке, тұщы су темір құбырлардың(манифольдтың) бойына мұз болып қатып қалмасын деп жоғарғы қысымдағы ауамен үріп жатырмыз(продувание остатков воды из манифольдной системы)». Нағыз керекті жүктер қондырғы басына жеткізілмей Бейнеудің жолында жатыр, бұрғылау шеберінің күнделікті айтатыны «үріп жатырмыз». Шегінетін жер қалмай әбден шаршаған Қуекең(айдың да, жылдың да соңғы күні болатын) рацияның трубкасын лақтырып тастап: «Енді ит болып үріп кетсең де бәрібір» деген екен. Себебі, ай да, жыл да аяқталып еді.
Тағы бірде, бұрғылау қондырғысының басшысы, орыс ұлтының өкілі, рациямен Қуекеңе скважинаға лом түсіріп алдық деп хабарлады. Эфирде тыңдап отырған жан-жақтағы бұрғылау қондырғыларының басшылары бұны естігенде сілтідей тынып қалды. Күтіп отырғандары бұндай жайсыз хабарға Қуекеңнің айтатын ұтқыр сөзі еді. Скважинаға лом (темір) түсіріп алу дегенің апаттық (ауыр апаттардың түріне жатады) жағдай, бұл дегенің ондай бұрғылау қондырғысы ұзақ уақыт апаттық жұмыстармен айналысып, қарайған шығын әкеледі деген сөз ғой. Сонда Қуекең еш кідірместен: Қанша лом түсіріп жібердіңдер демесі бар ма. Құдды вахтаның адамдары қолдарына ұстаған ломдарын кезек пе кезек скважинаға лақтыруға асығып кіріскендей. Бұндай сұрақты күтпеген бұрғылау басшысы сасып қалып, бір лом, қондырғыдағы бары да жалғыз лом болатын деп қарап тұр. Ол байғұс Қуекең мынандай апаттық жағдай үшін өзін жерден алып, жерге салып ұрсатын шығар деп күтіп отыр ғой. Радиоэфирде мынандай тегін «концертті» тыңдап отырған басқа бұрғылау шеберлері де Қуекеңнің мынандай ұтқыр сөзін естігенде не дерлерін білмей қалып еді. Артынан талай рет әлгі «жалғыз ломы бар» бұрғылау шеберін күлкіге айналдырғанбыз.
Себебін кім білсін, өмір бойы мәдениет саласында еңбек еткен бір еврей азаматы зейнетке шығар алдында бұрғылау бригадасына жұмысқа ауысып кірді. Сірә, көп ақшамен зейнетке шығуды ойлаған болуы керек. Сөйлеген сөздері өте сыпайы, адам ұялатындай инабатты-ақ, «Сіз, біз» деп сызылып тұрғаны. Сол адам еңбек ететін бригадаға Қуекең барып жиналыс өткізіп, тәртіп бұзғандарды жанын көздеріне көрсетіп шыжғырып, ащы сөздерді аямастан оларды қуырады ғой. Мен де сол жиналыста болғанмын, жұмыс бабымен сол маңда болғасын басшы мені де қатыстырған. Жиналыс аяқталғасын манағы «өте мәдениетті адам» маған келіп: «Бастықтың жұмысшылармен олай сөйлесуі дұрыс емес, қатты айтпау керек, адамға жылы сөйлеп, жайлап түсіндірсе түсінбейтін адам болмайды, бәрі де түсінеді»,- деді. Мен оған сол жерде ештеңе де демедім. Себебі, оған айт не, айтпа не, бәрібір, ол әлі біздің ортаны біліп үлгермеген сияқты болып көрінді маған. Қандай ортаға тап болғанын әлі сезініп үлгере қоймаған адамның түрі екенін байқағанмын. Күлдім де қойдым. Бұл орта оның өмір бойы еңбек еткен ортасынан бөлектеу орта екенін түсінуіне уақыт керек қой. Содан жарты жылдай уақыт өткесін манағы адаммен Ералиевтің көшесінде кездейсоқ кездесіп қалдым. Ол адам танымастай өзгеріпті. Ауызынан шыққан сөздерінің көпшілігі өзіміздің ортада айтылатын қарапайым сөздер, арасында уытты ащылары да жеткілікті. Нағыз бұрғышылардың ортасының, нағыз еркектердің сөздері. Бұрынғы кездегі адам ұялатындай сыпайылық жоқ, ашық-жарқын, емін-еркін сөйлеп тұр. Маған, амандасар амандаспастан: «Бұрында Қуекең біздің бригадаға келгенде өте жақсы айтты, мен ол кезде дұрыс түсінбеппін, сіздердің орталарыңда бұрғышы барлаушылар осылайша тіке сөйлемесе түсіне қоймайды екен. Мен артынан түсіндім, менің тілім де сендерге ұқсап келе жатыр, үйреніп қалдым. Баяғы айтқаныма қазір ұяламын»,- деп қарап тұр. Мен бұл жолы да оған ештеңе деген жоқпын. Не дейін, ішімнен күлдім де қойдым. Әр мамандықтың өз ортасына ғана түсінікті тілі, өз ортасы болатынын манағы адам қартайған шағында енді түсінгендей болды.
Кей-кейде, өмірде, өндірісте орын алған келеңсіздіктерді көргенде жаны ауырып, шыдай алмай «Машқара»(масқара емес, әдейі машқара дейтін), «Катастрофа» деген сөздерімен де өз ойын жеткізетіні болушы еді. Бұл сөз тіркестерін де тұстастары, замандастары жақсы білетін, анда-санда Қуекеңнің көзі жоқта қайталап айтып жүретін. Кейбір әзілдері жарасқан құрдастары көзінше де айта беретін. Оларға Қуекең өкпелемек түгіл, мән беріп көңіл де бөле қоймайтын.
Бір жылы көктем кезінде Үстірттің үстіндегі бір терең бұрғылау қондырғысын іске қоспақшы болдық. Айдың аяғы жақын. Жоспардың, ұжымға тапсырылған айлық жоспардың тағдыры осы қондырғының жоспарланған уақытында іске қосылуына тікелей байланысты. Жер адам аяқ алып жүргісіз ми батпақ. Жақын маңда су көзі жоқ. Ұңғыны бастап қазу үшін көп су қажет, жүздеген текшеметр техникалық су керек. Су таситын көліктер ілгері бір қадам да жасай алмай батып тұрғандары мынау. Бұрғылау қондырғысы жұмыс жасауға болатындай жағдайға келіп құрастырылып болып қалды. Санаулы күнде су табылмаса қондырғы іске қосылғанымен ұңғыны қазу мүмкін емес. Осы қондырғының іске қосылуына жауапты инженер мен едім. Инженерлік жұмысқа ауысқаныма да көп болмаған. Әрі осындай жауапты жұмысқа бірінші рет тап болып тұрмын. Күні-түні ұйқы жоқ. Бітпейтін, бас-аяғы көрінбейтін айқай-шуы көп жұмыс. Қырсыққанда айналада су көзі жоқ, әрі көліктер де орындарынан қозғала алмай тұр. «Жоспарды менің кесірімнен орындай алмайтын болдық-ау, енді не бетіммен көрінемін елге, Қуекеңе? Алғашқы маңызы бар тапсырманы қалай орындамауға болады? Ұяттың көкесі болатын болды ғой»,- деп жаным тызылдап жүр. Күнде рациямен байланысқа шығып Қуекең де жанымызды қысуда. Істейтін ешқандай амалымыз болмай тұр. Менде зәреден зәре жоқ. Бізбен сөйлесе-сөйлесе әбден шыдай алмағасын бір күні Қуекеңнің өзі тікұшақпен ұшып келді. Маған сенбейтіні түрінен де көрініп-ақ тұр. Мен ол кісіге жолағым келмейді. Бұрындары жақын жүріп әңгімелесіп көрмеген адамым. Сұсы қатты, атағынан ат үріккендей. Содан Қуекең жағдайды өз көзімен көріп, менің жұмысты біршама дұрыс ұйымдастырғаныма көзі жетіп, су мәселесі жөніндегі мәліметтерімнің де дұрыстығына сенді. Бірақ сену басқа да, жоспарды орындау басқа ғой. Енді Қуекең де қинала бастады. Тығырықтан шығатын еш амал жоқ сияқты. Бір мезгілде, Қуекең келген күннің ертеңіне түс ауа көктемгі аспан түнеріп тұрды да жаңбыр нөсерлетіп құйды дейсің. Әлемет жауын болды. Екі күн толастамастан қатты жауды. Айналадағы жыра, ойпат, шұқанақ, орлар түгел суға толды. Қатты қарғын жүрді. Сондағы Қуекеңнің қуанғанын көрсең ғой. Балаша мәз болды. Күні-түні ұйықтамай қондырғының барлық ыдыстарын, ең соңғы бүйірі майысқан жаман шелекке дейін өз қолымен суға толтырды. ЦА-320(цементтеу агрегаты) агрегатының насосымен жырадағы суларды сорып алып айдап қондырғының ыдыстарын толтырды. Айналадағы жерлерді қарап келіп, осы жауынның суы тұрған тұрандардың толықтығын көріп, жобасын байқады. Осы қондырғымен су ұңғысын 1200 метр тереңдікке жеткізу үшін жетерліктей су бар екенін болжады. Сол тереңдіктен негізгі ұңғыны қазуға қажетті техникалық су алуымыз керек. Барлық мәселе аяқ астынан оңай шешіле қалғанына Қуекең қатты көңілденді. Көңілі жайланды, мені вагонына шайға шақырды. Себебі, ол кісі келгелі мен вагонға жоламай, үнемі қондырғы басында, жұмысшылармен бірге жүрген болатынмын. Өзімді осындай жағдайға тап болғанымызға кінәлі сезініп жүр едім, әрі Қуекеңнің жұрт айтқан кәрінен де қорқып, қашқалақтаған түрім ғой. Қысыла-қысыла шайға келдім. Қуекең көңілді, жасы мосқалдау бұрғылау шеберімен екеуі әңгіме айтып, терлеп-тепшіп шайды көп ішті. Артынан да байқағаным, Қуекең шайқор екен. Көңілденген кезде әңгімешіл де екен. Осындай жағдайда Қуекеңмен жұмыс барысында, қондырғы басында алғаш рет кездесіп едім. Жұрт айтқандай қатал болып көрінбеді сол мезетте. Әрине, бәрі оңынан шешілгесін де болар. Жұмыстың ыңғайына көңілі толып, жоспардың орындалатынына көзі жеткеннен кейін басқа қондырғыларды аралауға ұшып кетті. Міне, осындай кісінің арқасында менің алғашқы жауапты жұмысым оңынан оралып, инженерлік қадамым сәтті басталды. Алда талай, бұдан да асқан қиындықтар болды ғой, бірақ осы алғашқы қиналғаным есімде қалып қойыпты. Ал сол кезде Қуекең өзі қондырғы басына ұшып келмей, өз көзімен жағдайды көрмей-ақ, бастықпын деп кеңсесінде отырып алып мені жерден алып, жерге салып ұрысса не болар еді? Жоспардың орындалмауына мені кінәлі қылып қойса не айтар едім? «Су жоқ, жер балшық болды»,- деп менің, жас инженердің ақталғанына кім сене қояр еді? Талайды көрген «кәрі тарландар» мені күлкіге айналдырар еді ғой. Мен сонда қандай жағдайда болар едім, мүмкін қолды бір сілтеп жұмысты тастап кетіп те қалар ма едім? Кім білген? Әңгіме жоспардың орындалғанында да емес, әңгіме менің жұмысты дұрыс ұйымдастыра білгендігімді дер кезінде өз көзімен көріп, маған(жас маманның алғашқы қадамына) сүйеу болғанында болып тұрған сияқты.
2016 жылы «Геологтар» күніндегі басқосу
Халқы шын ықыласымен құрметтеген, жақсы көрген қарапайым да, қадірлі Қуекең кезінде беделді де, өрелі азамат болды. Әлі де сол қалпында елдің есінде қала береді. Айтқан сөздері ел аузында аңыз тектес әңгімелер болып қалды. Осындай ұлағатты қасиеттерімен Қуан Қазиев ұмытылмайды деп ойлаймын.
Мен де осы естелігімді «детсадтағы» күндерімді еске алып, ескерткіш ретінде жазып отырмын. Қуекеңнің қасында көптеген жылдар бойы «қосшы бала» болдым, әкелік тәлім- тәрбиесін алдым. «Детсадтың» тәрбиеленушілерінің бірі болдым. Талай мәрте Қуекеңнің жүйкесін жұқартып балалық-шалалықтар жасадық. Барлығы да артта қалды. Өкіл баласындай болдым. Туған әкемдей сыйлап арқа тұттым. Азғантай да болса жетістіктерге жетсем, соның ішінде Қуекеңнің, ол басқарған ұжымның, сол ұжымдағы ағаларымның еңбектері бар екендігін айтқым келеді.
Мен бұл естелігімде тек қана Қуекең басқарған ұжым, КЭ «МНГР» мекемесінің бір бөлімшесі № 1 АИТҚ-ның(ЖНРЭ) адамдарын ғана жаздым. Ал негізінен КЭ «МНГР»-дің өзі тұтастай көптеген ірі бөлімшелері бар үлкен ұжым- Қара шаңырақ қой, ол жөнінде, оның майталмандары жөнінде талай шығармалар жазылады деп ойлаймын. Мысалы, №1 АИТҚ-ның(ЖНРЭ) «ағайыны» №2 АИТҚ(КНРЭ-Карагинская нефтеразведочная экспедиция) да терең бұрғылау-барлаумен айналысады. Бозащы түбегіндегі Қаламқас, Қаражанбас ... сияқты көптеген мұнай кенорындарын ашып берген осы ұжым.
Х.Ж.Өзбекқалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжінің алдына орнатылған Х.Ж.Өзбекқалиевтің бюстіне гүл шоғын қою рәсімі.
Жоғарыда есіме алған көптеген ағаларым ілгерілі кейінді Қуекеңнің артынан о дүниелік болып кетті. Олардың қатарында Қосмағанбетов Базарбай, Салманов Сүйеген, Жолдасбаев Есенқұл(Қуантқан), Диханов Сыдиық, Бозбаев Ғалымжан, Бесқалиев Меңдібай, Көшенов Үмбетқали, Сариев Қылышнияз, Хаиров Нұржан, Сапаров Сапығалилар бар. Барлығының да топырақтары торқа болып, жатқан жерлері жайлы болсын, имандары жолдас болсын!
Кезінде кейбір жігіттер маған: «Сенің мінезің, сөйлеген сөздерің Қазиевтан аумайды»,-дейтін. «Жақсыдан үйрен ...» деген емес пе, ұқсас болсам несі бар, қасында ұзақ жылдар болғанымның әсері де бар болар, мүмкін екеуімізді мінездеріміздің ұқсастығы себеп болып бірге жүруге, иықтасып бірге жұмыс жасауға құдайдың өзі нәсіп еткен де шығар. Ұқсастықтарымызды байқағасын да ол кісі мені өзіне жақын ұстаған шығар, кім білсін. Қуекең бақилық сапарына аттанарда қасына мені шақырып алып, үлкен ұлы Жұмағалиға айтып еді: «Бисенбайды өзіңнің ағаң деп біл, туған ағаңдай қылып сыйласып жүр»,- деп, әкеміздің соңғы тілегіне сай Жұмағали ініммен сыйласып келе жатырмыз. Жігіттердің айтқан ұқсастығына мен мақтанбасам, қинала қоймаспын. Расында да жұмыста жүргенде де, былай өмірде де ол кісінің көпшілік қасиеттерін өзіме бағдар қылып алғаным жасырын емес. Орыстар айтатын: «С кем поведешься, с того наберешься» дегендей ғой.
Қуекеңнің өмірбаянынан үзінді келтіре кетейін: 03.01.1929 жылы Доссорда мұнайшы жанұясында дүниеге келген, әкесі Сәрсен, соғыста1943 жылы қаза тапқан, анасы Қамила 1988 жылы қайтыс болған. Өзі 1943 жылы еңбекке араласқан, 1958 жылы қаңтарда Маңғыстауға, «МНГР» тресіне келген. Мінездемесінде: «Бірбеткей, бір рет қана сөйлейтін, алған бетінен қайтпайтын, алдына қойған мақсаттарына жетпей қоймайтын, талапшыл, еңбекқор азамат» деп жазылған.
Қуекеңнің атына берілген мақтау, құрмет грамоталары өте көп. Олардан басқа марапаттары: «Жер қойнауы барлауының үздігі», «9-шы бесжылдық екпіндісі» төс белгілері, «Ұлы отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Еңбек ардагері» төс белгілері, «Құрмет белгісі» ордені, «Ұлы отан соғысы ардагері», «Қажырлы еңбегі үшін» медальдары, «КЭ «МНГР» және «Атыраумұнайгазгеология» бірлестіктерінің құрметті еңбек ардагері» атағы, Құрық селосынан, Жетібай кентінен Қуекеңнің атына көшелер берілді. Еңбегі еленді, марапатсыз қалған емес, бірақ ...
21.10. 1996 жылы Қазиев Қуан Сәрсенұлы бұл дүниеден озды. Бейіті Ақтау қаласының маңындағы Ақшұқыр ауылындағы әйгілі «Қошқар ата» қорымында.
Бәкөн әл-Сағыз
Жалғасы бар, осында