МҰНАЙШЫ ЖАЗБАЛАРЫ

МҰНАЙШЫ ЖАЗБАЛАРЫ

Ардагер геолог-барлаушы «Құрмет» орденінің иегері Бисенбай Бисенғалиев (Бәкөн әл-Сағыз) ағамыздың естеліктер жалғасы, басы осында 

26239764_130334624436503_1758102012464962738_n

 Б.Бисенғалиев Ардагер геолог-барлаушы   

  «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бес жылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі, «Қазақстан мұнайына 100 жыл»,«Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері» төсбелгілерісияқты отан наградаларымен, ақшалай-заттай сыйлықтармен, аудандық әкімшіліктің алғыс хаттарымен марапатталды. Басшылық қызметке тағайындалғанға дейін ұзақ жылдар бойы қоғамдық жұмыс ретінде ұжымдық кәсіподақ ұйымына жетекшілік  жасады. Қоғамдық жұмысты да абыройлы атқарғанының дәлеліндей сол кездегі Кеңес Одағының Орталық Кәсіподақ комитетінің(ВЦСПС)бірнеше дүркін, республикамыздың, облысымыздың  Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарына, сыйлықтарына ие болды.  Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» деген кітапқа енген.   Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естеліктер» кітабының авторы.   Ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-жиен сүйіп отырған абыройлы ардагер.

Кек

«Жіңішке Кебір-Хайрулла» деген алаңдағы ұңғыларда ерітінді жоғарыға шықпай жер қыртысындағы апандарға жұтылып кететін жағдайға тап болдық. «Поглощение» деп аталатын апаттың бір түрі. Көп арпалысып ештеңе шықпағасын ұңғыларды тастап, бригадалары басқа алаңдарға көшіп кетті. Ал кейбір жұмыстарды «Қараой» алаңындағы бригаданың вагондарына орналасқан қосалқы бригада күнделікті қатынапжасайтын болды. Басшысы Н. Г. Евтушенко деген ардагер бұрғылау шебері. Өзі аңшы, аң аулау десе ішіп отырған асын ұмытатын адам. Жақсы шал, әңгімешіл шал, әсіресе, аңшылық жайындағы әңгімелер десе жанып түсетін адам. Тамақты ұмытып күні-түні айта беруге бар. Екеуіміз көп жолдас болдық. Талай әңгімелерін тыңдадым. Көпшілік айтқандарына толық сене бермейтін едім, бәрімізге белгілі, аңшылар мен балықшылардың мақтаншақтығы ғой деп.Бұрғылау алаңдарына жұмысқа келгенде үнемі мылтығын ала келуді ұмытпайды, сәл қолы қалт етсе машинаға (кез келген, аяқ артуға жарайтын көлікке) міне салып далаға шығады, киік қуады, қарақұйрық атады, Мыңсуалмас, Қарақұдық алаңдары жақтағы ұшпалардан архар іздейді, қоян, түлкі ... аулайды. Құр қол ешқашан да келмейді. Мен осы Қараой, Жіңішке Кебір ұңғыларының жұмысын қадағалау, жұмыс барысын көзіммен көру үшін орталық Елеместен осы бұрғылау қондырғысының басына келгенмін. Жіңішке Кебірде жұмыс жасайтын бригаданың негізгі орналасқан жері Қараойдың басы, вахта күнде Жіңішке Кебірге барып тұрады. Жұмыстың ыңғайына қарай. Опорный елді мекеніне жақын. Қаройда жұмыс жасап жатқан бұрғылау бригадасының басшысы Бозбаев Қадіржан деген құрдасым, досым. Қараойдан Жіңішке Кебірге баратын жол тақтайдай тегіс тұзды сордың кеуіп кеткен табанымен жүреді. Асфальттан артық, зулама жол. Вахтаны УРАЛ вахтовкамен ауыстырамыз, былайынша шаруаға мінетін көлігіміз ЗИЛ-130 ағаш астаулы көнелеу машина, шофері Нурик (қазақша атын ешкім атамайды, Нұралы деген Ералиевтің жігіті) деген толық денелі, орташа бойлы елгезек жігіт.

волчица

Бір күні вахтовкамен вахтаны ауыстырып болып Жіңішке Кебірден Қараойға демалтуға алып келе жатырғанында Григорьевич (Николай Григорьевич Евтушенконы барлығымыз осылай атаймыз) жалпақ сордың үстімен бөлтіріктерін ертіп бара жатырған қаншық қасқырды көріп қалады. Вахта тасыған көлікпен (іші толы адам, түнгі вахтадан шаршап шыққан) қууға болмайды ғой, амалсыздан діңкесі құрып келе жатырған оған сол сордың бойында әлдебір шаруамен Жіңішке Кебірге бара жатырған Нурик кездесе қалады. Жаны шығып, не істерін білмей, аңшылық делебесі қозып, көздері жанып отырған Григорьевичке де дәл тап болған, құдайы аспаннан бере салғандай болыпты. Шал жандәрменкүн Нурикті тоқтатып, вахтаны демалысқа қоя беріп, өзі Нуриктің қасына отырып алады, еш нәрсе түсіндіріп жатпастан тез жүруді бұйырады. Нуриктің артынан маған айтуынша шалдың дегбірі кетіп, тыпыршып, көздері жанып тұр екен. Тездетіп қасқырлар жүріп бара жатырған тұсқа жеткенде олардың көп алысқа ұзамағандығын, бөлтіріктерінің жай жүретіндігінің кесірінен сордың келесі жағасындағы жарқабаққа, оның арғы жағындағы қалың өскен бұйырғын, жусан сияқты қатты, биік өскен шөптерге жете алмай жанталасып жүгіргендерін көреді. Ол жағаға жетсе болды Григорьевичке олар құйрықтарын да ұстатпай кетеді, машина жүруге болмайтын жаға, тік жарқабаққа шыға да алмайсың. Ал мыналар жалпақ, тақтайдай тегіс, аппақ тұзды сордың үстінде не істерін білмей жанталасуда. Григорьевичтің мылтығы қондырғы басында қалған, қолында ешқандай қаруы жоқ. Тек Нуриктің машинасының моторын бұрап қыздыратын қисық «ручкасын» қолына қысып ұстап алыпты, көздері, барлық есі дерті қасқырларда көрінеді. Нурик айтады: «Мен бұндай азарт аңшыны бұрын соңды көрмеппін» дейді. Шалдың не істемек ойы бар екенін білмей Нурик машинасын қасқырлардың тап қасына алып барыпты. Шал машина тоқтаған бойда секіріптүсіп қасқырларға қарай жүгіре жөнеліпті де, бара сала шеттеу жерде жүрген бір бөлтірікті желкесінен қысып алып жоғары көтеріпті, жетіп келген қаншықты «ручкасымен» жасқап жіберіп, дәлдеп ұруына қаншық шалға жақындамай, шалың келесі бөлтірікке қарай жүгіріпті. Нуриктің бұндай «концерттен» зәресі зәр түбіне кетіп, кабинадан шықпай қорқып отырыпты. Екі бөлтірікті желкелерінен салбыратып ұстап алып Григорьевич машинаның кабинасына, өзі отыратын жерге лақтырып тастап, қайта қасқырға қарай жүгіріпті. Бөлтіріктерден қасқырдың иісі аңқып шығып кабинаны алып кетіпті, Нурик бөлтіріктерден де қорқып тырп ете алмай отырдым дейді. Сонымен шалың осылайша қимылдап қаншықтың барлық бөлтіріктерін, ең соңғысын ауызына тістеп алған жерінен, азуынан жұлып алып, машинаның кабинасына тоғытыпты. Қаншықтың өзін де «ручкасымен» ұрып алғысы келген ниетінен нәтиже шықпапты, тістері ақсиып ызаланған қаншық бірнеше рет шалдың өзіне жармасыпты. «Григорьевич өте тәжірибелі, әрі мықты айлакер аңшы екен» деп Нуриктің ауызының суы құрыды шалдың осы ерлігін неше рет қайталап айтса да. Сонымен, кабина толған бөлтіріктерді қапшыққа салып шал Қараойға да жетті. Келген вахтадан Григорьевичтің қайда қалғанын естіп тағатсыздана күтіп отыр едім, артынан барайын десем көлік болмай менің де шыдамым таусылған еді. Келді, қапшық толы тыпырлап жатырған бөлтіріктердің иісін сезген бойда қондырғы басындағы көп иттер жымдай болды, барлығы да жоқ болып кетті. Қайда тығылғандарын білмеймін, біреуінің дыбысы шықпады. Темір-терсек бөлшектер жинайтын қоймаға(темір қазаннан жасалынған будка) бөлтіріктерді қамап, есігін кілттеп тастадық. Шалың әңгімені боратты дейсің, былай да сілтеді, олай да сілтеді дейсің. Қалай айтамын десе де, қалай мақтанамын десе де оған бір ауыз қарсы сөз айтатын адам жоқ болатын ішімізде. Нуриктің таңдануында шек жоқ, есінен танып қала жаздаған екен байғұс бала. Бұның барлығын тыңдап болғанша, бөлтіріктерді шал ұстап алып келгенше түс те қайтып болған, кеш түсе бастап еді. Сол сәтте рациядан Григорьевичтің анасына уақыт болды деген хабар жетті. Ол Опорныйға поезға отыруға кетті, кеткенге дейін бірнеше бөлтіріктерді сұраған адамдарға (көрші ауылдың малшылары естіп келіп еді, соларға да) таратып беріп үлгерді, біреуін сойып, терісін, тұмсығын, табандарын «Бұрғышы» деген лақап аты бар Опорныйда тұратын шопырға берді. «Бұрғышы» оларды балалардың қой ауруына ем болады деп Григорьевичтен сұрап алды. «Сол түні түнімен қондырғының айналасында қасқыр ұлыды, вахтаның жігіттері зәресі қалмай қорықты. Түнде қондырғыдан вагондарға қарай ешкім жалғыз аттамайтын болды. Шал кетті, пәлесіне біз қалдық», - деп есімізге аламызҚадіржан екеуміз артынан. Айналадағы ауылдардың малдарын қыру басталды, қаншық қасқыр аямай қырды. Қараойдан Жіңішке Кебірге бара жатырған жолда Волганың суын Жаңа Өзенге тасымалдайтын жуан, диаметрі бір метрдей болатын, су құбыры үстінен өтетінбіз. Сол құбырдың бойында бір тесік болатын (әдейі тескен бе, әлде басқаша ма, кім білсін), сол тесіктен қатты қысыммен атқылаған су үлкен аумаққа жайылып, көлшік болып жататын. Сол көлшіктен аймақтағы малдардың барлығы су ішетін. Енді сол суаттан қасқыр тартып кетіп жараланған малдар көп көрінетін болды. Сан етін ойып алған, қаны шығып, терісі жалбырап тұрған тайлақтарды, тайларды, сиырларды талай көрдім. Далада теңкиіп жатырған малдардың өлекселері де жиі кездесетін болды. Бұрғылау қондырғысының басындағы иттердің көздері жойылды, қасқыр жойды. Міне, аңшы шалдың аңшылық азартының елге тигізген пайдасы. Жасаған ерлігі шынында да көзсіз ерлік, жай адам жасай алмайтын ерлік. Біреуден естісем сенбес едім, ал ... Далада бетпе бет кездесіп қалғаныңда өзіңді қорғау үшін қасқырмен амалсыздан арпалысу бір басқа ғой. Ал қасқырға өзің барып тиісіп, қолыңда қаруың да жоқ болса, оның үстіне бөлтіріктеріне шабуыл жасап қаншық қасқырға тиісу дегенің адам сенбейтіндей көзсіз ерлік қой. Қазақтар бұндайды «Ақкөздік» дейді. Сол күні Григорьевичтің анасының дүниеден озуы да тегіннен тегін емес-ау, қаншықтың қарғысы да бар болар-ау деп ойлаймын артынан. Аңшы шалдың ойланбай жасаған ақкөздік «ерлігі» айналадағы бейбіт елге осындай шығын әкелді, жазығы жоқ совхоздың, жекеменшіктің ірілі-уақты малдары құрбан болды, иелері шығынға ұшырады. Шалдың ақкөз «ерлігі» өте қымбатқа түсті. Бұрғылау алаңына ілуде бір келетін осы шалдың бойын билеген аңшылық бір сәттік желігі тұрғын халыққа орасан зиян әкелді. Тағы бір айта кететін жағдай, Григорьевичке көмектескен (өз еркімен емес болса да) шопыр Нурик те жылдар өте келе далада қоян аулап жүргенінде қайғылы қазаға ұшырады (бұны да қасқырдың қарғысы демей көр).

Бұл оқиғаға еш қатысы жоқ, басқа бір алыс алаңдарда, бұдан ертелеу де, бұның соңынан көп уақыт өткесін де біздің бұрғылау қондырғыларында құтырған қасқырлар жұмысшыларға шапқан оқиғалар болды да (ол қызық әңгімелерді Е.В.Герасименко жазды).

Бөлтіріктерінен айырылған ана осылайша кегін алды.

  1.  

Дос қарттарым

    1980-нші жылдардың бас жағында біздің экспедиция Елемес, Айыршағыл, Тасым, Нысанов, Қараой, Сазтөбе сияқты жаңа структаларды зерттеуге шыға бастады. Осы алаңдарға біздер Өлі Қолтықтан, Николаев, Терешкова, Комсомольская, Аралды ... сияқты алаңдарда жұмыстарын аяқтаған бұрғылау  бригадаларын көшіріп әкеле бастадық. Жаңа структуралардың бұрғылау жұмыстары біздердің бұрынғы кездері қазып  жүрген скважиналарымыздан әлдеқайда қиын болып шықты, қазатын скважиналарымыздың жер қыртысының геологиялық құрылымы өте күрделі, тереңдіктері де үлкен, оған қажетті технологиялық әдістеріміз де, скважиналардың конструкциялары да соған сәйкес өте күрделі еді. Барлау, бұрғылау жұмыстарын жүргізу барысында  көпшілік техникалық, технологиялық жаңа бағыттарды барлығымызда бірінші рет көріп тұрған едік те, солардың барлығын да біздерге жұмысты жүргізу барысында  үйренуге тура келді, жастар да, баяғыдан талай қиыншылықтарды көріп келе жатырған «кәрі тарландар» да. Әңгіме, басымыздан өткізген қиыншылықтарда емес, басымыздан талай қызықтар да, қиыншылықтар да біршама өтті ғой сол замандарда, ондай қиыншылықтарсыз геолог - барлаушы бұрғылаушылардың өмірі өмір бола ма? Әңгіме,  сол кездерде Елемес алаңының тап ортасынан өндірісті басқаруға ыңғайлы қылып салған орталық поселокті салу барысында танысқан әңгімешіл жаңа досым турасында болып тұр. Алдағы уақытта бұрғылау бригадаларының көпшілігі сол маңға шоғырланатын болғандықтан сол жерден орталық басқару алаңын ашпақ болған едік. Сол кездерде мен жұмыс барысында көптеген жаңа адамдармен таныстым, өзіміздің бұрғылау бригадаларының барлық адамдарын мен онсыз да жақсы білемін, жаңадан танысып жүргендерім поселокты салу барысында жұмыс жасаған, салып болғаннан кейін де қоян-қолтық тығыз жұмыс жасасқан әртүрлі мамандық иелері еді, құрылысшылар, жүргізушілер ...  Өзіміздің экспедицияның көптеген әңгімешіл адамдарын жақсы білемін, олардың барлығымен де жұмыс басында(учаскеде)  қолымыз босай қалғандай болса шай ішіп отырып талай әңгімелердің басын қайырдық қой, ауылға келгенде де кездесе қалсақ қызық әңгімелерге қарық болатын едік. Олардың ішінде жастары да, шалдары да бар болатын. Ендігі кездестіргендерім Бейнеу ауданының адамдары, тұрғылықты тұрғындар да, Қарақалпақ елінен көшіп келгендері  де бар болатын арасында. Солардың біреуі менің бұрғылау алаңдарын аралап жүргенде мініп жүретін көлігімнің жүргізушісі еді, жаңа ГАЗ-66, жол таңдамайтын жүрдек машинасының жүргізушісі, Қарақалпақстаннан көшіп келген, жігіт ағасы жасындағы, бойы ортадан сәл қысқалау, мінезі «қырсықтау» қыңыр шал болатын. Екеуіміздің де мінездеріміз «келісіп-ақ» кетті, біразға дейін тіл табыса алмай, шәлкем-шалыс келіп қалып жүрдік. «Басы қатты болғанымен арты жақсы болып» кетті, екеуіміз өте жақсы дос болып кеттік. Қырсық шалғанда сол досымның аты есімнен шығып кетіп (сірә, көптен ауызыма алмағаннан шығар деп ойлаймын), қазыр атын жаза алмай, есіме түсіре алмай дал болып отырмын. Ойпырмай, ол досымның тірі екенін де білмеймін, тірі шығар деп ойлап қойдым, ырым бойынша (атын ұмытқан адам) ұзақ ғұмыр сүретін болар. Жақсы адам еді, ғұмыры ұзақ болғаны жақсы. Бейнеудегі үйінде де бірнеше рет  қонақ болғанмын, жеңгейдің қолынан шай ішіп, балаларының басынан сипап дегендей. Ол да Ералиевтегі біздің үйде қонақ болған, әңгіме айтқанбыз. Сол кездердегі  менің негізгі жұмысым үнемі ат үстінде жүру болды, күн демей, түн демей бұрғылау қондырғыларынан «жайсыз» хабар жетсе болғаны көлікке аяқ артып кетіп бара жатырғаның. Сондай жүрістерде қасымдағы сенімді серігім көбіне өзімнің әңгімешіл «қырсық» шалым болады, кейде басқа да көліктермен жүре береміз ғой, бірақ көбіне екеуіміз жүреміз. Екеуіміз әбден сыралғы болып алдық, тіпті, бұрғылау қондырғысына керек жарақтардың көпшілігін ол «қырсық» шал менің қасымда жүріп үйреніп, аттарын жаттап, керек десең, размерлерін қалай өлшеу керектігіне дейін, қай уақытта қандай инструмент керек екендігіне дейін біліп алды. Кей кездерде өзімнің қолым тимегендей жағдай болғанда, қасымда жұмсай қоятындай ыңғайлы адамның реті болмағандай жағдайларда мен ол «қырсықты» жұмсай беретін едім, қажет затымның атын жазып, суретін салып, қандай жеріндегі размері қандай болатынын көрсетіп, жобамен қай жерлерде жатуы мүмкін екенін меңзеп жіберсем болғаны, тапсырманың тап өзім жасағандай тыңғылықты орындалатынына сенімді болатын едім. Кейбір оқыған жас жігіттердің шала-шарпы, атүсті жасағанындай емес еді, тапсырылған жұмысқа өте тиянақты болатын.  Өте зерек адам еді. Ондай шалдардың қалай жұмыс жасайтынын мен жақсы білемін, себебі, Сапаров Сапығали, Төлпеков Алберген, Станислав Григорьевич Любинский, Сапаров Иден, Сәуірбаев Оразбек (барлығы да бақилық болып кетті, жандары жұмақта болғырлар, бұлардан да басқа бұрғышы, моторшы, жөндеуші, механик жақсы шалдар көп) деген кереметтермен(өз ісінің «профессорлары» ғой марқұмдар) ұзақ жылдар бойы жұмыстас болған едім. Әртүрлі ұлттың өкілдері, орыс, қазақ, еврей, татар, хохол(украин) ... Осындай «профессорлармен» ұзақ  жылдар бойы әзілдеріміз жарасып, талай әңгімелерін тыңдай жүріп , көп нәрселерді үйрендім.

 Сәуірбаев Оразбек деген қартым ақын, жыршы, термеші еді. Суырып салып қоя беретін еді де, термелерді төгілткенде ауызымды ашып, көзімді жұмып тыңдаушы едім де таң қалатынмын, қарапайым бұрғышының бойында осыншама таланттың тығылып жатқанына.

  Сапаров Сапығали бұрғышы болған, мотоциклмен аң қуып жүріп құлап оң қолын шынтағынан жоғалтқан. Орта бойлы, мығым денелі, әлемет күштің иесі. Жазғанда сол қолымен қисайтып жазады, үш аяқты мотоцикл айдайды, басқару тетіктерін сол қолына, аяқтарына ыңғайлап өзі жасап алған. Қолынан келмейтін нәрсесі жоқ. Дырау жігіттердің әлі келмей жатқан жүктің бір шетіне сол қолын тығып жіберіп «әуп» дегенде манағы орнынан қозғалмай тұрған жүк «ұшып» жүре беретін еді. Кеңкілдеп күлгені Фантомастың күлкісінен аумайды, сүйікті сөзі «Өй, маймұрын» (бұны біреуге ренжігенде айтатын). «Көрсетпей сұрап алдым» дегені нені білдіретінін сезіп отырған боларсыздар, ұрлап алдым дегені ғой.

  Төлпеков Алберген кезінде Түркіменстан елінде Орталық комитетте жоғары лауазымды қызмет атқарған азамат. Тілі майда, дипломат адам. Қарапайым, әңгімешіл, көпшіл, ұйымдастыру қабілеті керемет.

  Станислав Григорьевич Любинский соғысқа дейін Ресейде одақтың маңызы бар үлкен заводты басқарған. Бәкене бойлы, асықпай сөйлейтін, майда тілді керемет жан. Адамды баурап алудың хас шебері. Кез келген шаруаның, тентектің ыңғайын табатын «сиқыры» бар. Ешкімнің ырқына көнбейтін «суға сигендер» Григоричтің (барлығымыз құрметпен осылай атаймыз) алдында құрдай жорғалап кетеді, не бәлесінің барын кім білген. Талай мәрте қасында болып оның тентектермен қалай сөйлесетінін, ырқына көндіретінін зерттеп қарадым. Еш құпиясы жоқ, біз айтатын сөздерді ол да айтады, бірақ эффектісі біздердікінен басқаша. «Боречка, я в твои годы обедал в Москве, а ужинал в Ленинграде. В лучших ресторанах, ежедневно» дейтін маған. Сенемін, әрбір сөзіне сенемін. Қасиеті күшті жан.

  Сапаров Иден Қарақалпақстанда жоғары лауазымды қызметтер атқарған, сауатты жан. Тілі удай ащы, кіммен қалай сөйлесуді білетін жан. Құлағының мүкісі болғандықтан есту аппаратын тағады.  

Міне осындай қарттардың жанында жүрдім, мектебінен өттім, өміріме сабақ алдым. Бұлардың барлығы да қарапайым жұмысшы адамдар еді. Әртүрлі себептермен біздің ұжымға тап болғандар.

  Осы дос қарттарымның қасында жүріп байқағаным, әңгімені жақсылап айту дегенің де бір өнер екен. Әңгіменің майын тамызып жақсылап айту бар да, сол әдемі айтылған әңгімені ықылас қойып жақсылап тыңдау да бар. «Тыңдаушысы жоқ  сөз жетім» дегендей, дұрыс көңіл қойып тыңдайтын адамдардың да неше түрі болады. Тек сол бойда зер салып тыңдағанымен, айтылған әңгімені сол жерден бір қадам аттап шыққасын-ақ ұмыта салатындар да болады, құймақұлақ, естігендерін жадында сақтап алып, артынан ол әңгімені түрлендіріп, құлпыртып, әдемілеп қайта айтатындар да болады. Кейде, қаншама жерден қызықты әңгіме айтылса да дұрыс құлақ қоймайтындар да, әңгіменің шырқын бұзып бірнеше рет бөліп, дәмін кетіретіндер де табылып жатады. Әңгімені жақсылап айтып тұрмын деп ойлап айналасындағы тыңдаушыларымен шаруасы болмастан, алды-артына қарамай езетін «көкезулер» де табылады. Әңгімені жақсы айту мен әңгімені жақсы тыңдау деген де адамдардың барлығына бірдей  беріле бермейтін үлкен өнер дер едім мен. Әңгімені жақсы айта алмайтын адамдардың бәрі бірдей жаман адам болуы мүмкін емес, олай ойлау үлкен қателік болар еді, ал жақсы әңгімені дұрыс тыңдай алмайтын адамнан жақсы адам шыға қоюы екіталай, менің өзімнің ішкі ойым осыған саяды. Менің осы жасқа жеткенге дейін өмірден  бір байқағаным, әңгімені жақсы айтатын адамдар өте зерек болады да, қай саладағы жұмыс болмасын тез игеріп кете береді екен, және де, әңгімесі қандай әдемі болса жасаған жұмысы да сондай әдемі, тыңғылықты болады. Ал менің жоғарыда аттары аталған дос қарттарым керемет әңгімешіл адамдар, өмірден көргендері де, санасына түйгендері де мол ұлағатты қарттар. Олардың әрқайсысына арнап, олар айтқан әңгімелерін мысалға келтіріп көлемді дүниелер жазуға болар да еді. Олардың әрбіреуінің ешкімге ұқсамайтын, тек өздеріне ғана тән мінез-құлықтары, сөз ұйқастары, жиі айтатын мақал-мәтелдері ... баршылық, олардың барлығы да жадымда сайрап тұр. Ұзақ жылдар бірге жүргендіктен олар менің туғандарымдай болып кеткелі қашан. Уақыты келсе жаза да жатармыз.

 

Салыстыру

Сөйтіп жүргенімізде жайлап жылжып тоқсаныншы жылдар басталды. Бүкіл еліміздің басына түскен ауыртпалықтар біздің мекемені де айналып өтпеді. Экономикалық құлдырау басталды. Ең соңында құрамында көптеген басқармалары бар, қызметкерлерінің саны 3500-нан асатын, атағы Кеңестер Одағына кеңінен жайылған КЭ «МНГР» мекемесінің бар болғаны 100 шақты адам қарауылдары ғана бар, ешкімге қажеті жоқ, ешқандай қауқары жоқ құр сүлдесі ғана қалған еді. Барлық бұрғылау қондырғылары тұрған-тұрған жерлерінде, кейбіреулері барлық құрал жабдықтарымен бірге түгелдей жабдықталған күйлерінде елсіз далада тұрып қалды. Басында қарауылдар ғана қалдырылды. Осындай азғантай ғана қарауылдарға да еңбек ақыларын төлеуге қаражат табылмады. Жұмыссыздық басталды. Барлық білікті мамандар еліміздің барлық аймақтарына жұмыс іздеп тарап кетті. Есімізді жинап, қолымыздан келгенінше қандай да болса жұмыс тауып тығырықтан шығудың жолдарын іздестіре бастадық. Бірден болмағанмен аз-аздап қимылдай бергесін тіземізден тұрып тіктеле бастадық. «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» дегендей ғой. Өзіміздің саламызға сай емес қара жұмыстардан да қашпадық, қаражаты бар мекемелердің кез келген тапсырыстарын қабылдап сапалы қызмет көрсетуге тырыстық. Нәтижесінде далада қалған қондырғыларымызды бөлшектеп, тасымалдап, іске жарамдыларын сұрыптап орталыққа жинастырып та алдық. Өз саламыз бойынша жұмысқа тапсырыс алу үшін кейбір қондырғыларымызды(әуелі жеңіл, шағын қондырғыларды), нарықтың заңдылықтарына сәйкес құралдап, әдемілеп сырлап, майлап-сайлап дайындай бастадық. Өз саламыз бойынша жұмыс беретін инвесторлар іздей бастадық. Таптық, жұмысымызды бастадық. Еңсемізді тіктеп алдық. Баяғы күйімізге келмегенмен, бірнеше бригадаларды құрастырып жұмыс жасайтын жағдайға жеттік. Бұл күйімізге жеткенімізше көптеген қиындықтарды жеңуге тура келді. Ендігі айтатыным, біздер шетелдік мамандарды құдайдай көретін едік қой, олармен тығыз түрде жұмыстас болғанға дейін. Техникалары керемет, қолдарында компьютер, офистерінің өзі жай адамды таң қалдыратындай әдемі. Алатын еңбекақыларын айтудың қажеті жоқ. Ал тығыз араласып жұмыс жасап жүрген кезде көргенімізде қорқатындай, олардың алдында басымызды иіп тұра қалатындай ештеңе де жоқ екенін көрдік, білдік. Тек сыртының жылтырағанынан қорқасоқтайды екенбіз. Біздің мамандар олардан біліктілігі, білімі жағынан еш кем соқпайды, кейде тіпті артық та екен. Инженерлеріміздің білімі нағыз білім екен, кемі жоқ екен. Қарапайым бұрғышыларымыздың өзі тамаша білікті екен. Шетелдіктер компьютері болмаса ештеңе де жасай алмаса, тек техникаларына, соның күшіне сеніп қалған болса, біздің бұрғышыларымыз аса үлкен тереңдіктегі, қазу кезінде де, басқаша (апаттық) жағдайда да болып жатырған процесстерді қолымен, жүрегімен, барлық болмысымен сезіп, біліп тұратын еді. Және де, бір қызығы, олардың сезімталдығы шетелдіктердің компьютерлерінен артық екені талай рет іс жүзінде дәлелденді де. Тастай қарңғы бөлмеде отырып ине сабақтай алатындай шеберлік танытып өте терең ұңғының түбінде сынып қалған, ашылып қалған құбырларды бір біріне жалғап (үлкен каверналарға қарамай), барлығын қолымен ұстап, көзімен көріп тұрғандай қылып жасайтын шебер мамандар көп болатын, ешқандай компьютерсіз, бәрін жүрегімен, көкірек көзімен сезетін. Әрине, шетелдіктермен араласа жүріп біздің елдің(СССР) олардан қаншама уақытқа қалып қойғанын көріп қапаландық та. Олар көп алға кеткен екен ғой, техникалары өте күшті дамып кеткен екен. Біздердің үлкен тереңдіктерге қазатын бұрғылау қондырғыларымыз өте ауыр, ондаған тракторлармен сүйреп, жерді бүлдіріп әрең көшіретін болсақ, олардың тап сондай тереңдікке(тіпті одан да тереңге) қазуға шамасы жететін қондырғылары өз аяқтарымен, өз күштерімен жеңіл жиналып, жеңіл көшіп жүре береді. Басқаруы да өте оңай, балалардың ойыншақтары сияқты «джойстикпен» басқарылады, барлық процесстерді компьютермен басқарады. Біздердің апталап жасайтын күрделі жұмыстарымызды олар еш күш салмай аз уақытта(санаулы сағаттарда) атқара салады. Қолдың қара күшін қажет ететін жұмыстарды қатты жеңілдеткен, барлығына да шағын автоматты түрде, кішкене ғана моторлар орнатылған механизмдер ойластырылып қойған, қол жұмысының барлығына соларды қолданады. Вахталарында адам саны өте көп, жүк тиеу-түсіру(әртүрлі құбырлар, цемент, хим.реагент ...) дегендерді вахта мүшелерінен бөлек жұмысшылар арнаулы техникалармен(погрузчик, крандар ...) түсіреді, жер қазу(әртүрлі шұңқырлар, жыралар ...) үшін де пайдаланатын қолға ұстап жүре беретіндей жеңіл, кішкене моторы бар «ямобурлар» қолданады. Ал асханасындағы тамақтары нағыз мейрамханалардағыдай, және қанша жеймін десең де шектеу жоқ, жұмыс киімдерін,  жататын орындарын айтпасам да болады. Қай техниканы болмасын алып қарасаң, моторлары, дизельдері «идеальный» жағдайда болады, бір жерінен май, су тамғанын көрмейсің, тек уақыты болғанда (бекітілген регламенті бойынша) ғана майын, суын ауыстырады, оған дейін тек сыртынан көзбен бақылап тұру ғана керек, бар болғаны осы. Май, суын да жауапты механик келіп ауыстырады, қатардағы моторшының шаруасы болмайды. Тәртіп солай, барлы бөгде жұмыстарды сервистік компаниялар атқарады. Сырт көзге су жаңа дүние сияқты болып көрінетін әлгі «дүниелерінің» көпшілігінің жұмыс істегендеріне, заводтан шыққандарына 15-20 жыл(кейбіреулері одан да кәрі) болғандар. Жылтырап тұр, жарқырап тұр. Таң қаласың.  Жұмысқа шықпай қалу дегенің атымен жоқ. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалып, соған сәйкес жұмыс сұралады. Сәл қателігің үшін жұмыстан айырыласың. Керемет ғажап емес пе?! Салыстыруға келмейді. Тек адал жұмыс жасау керек.  Ал біздерде болса әлі сол баяғы аталарымыз тастап кеткен нән ауыр куәл, нән ауыр лом(буровиктердің еркелетіп қойған атауы «карандаш»), үлкен «цепной» кілт, нән күректермен күніміз басталады, соларды қолыңнан түсірместен вахтаң аяқталады. Күрек болғанда қандай жалпақ «совковый»(біздің Сағызда ондай күректерді «шөмпли» дейтін еді, неге олай атағанын білмеймін, ал буровиктер оны «ударная комсомольская» деп атайды), әрең көтересің. Барлық жұмыс ломның, куәлдің күшімен жасалады, оларсыз ештеңе бітпейді, олар жоқ болса біздің буровиктердің «қолдары кесіліп» қалады. Бұлардан басқа, вахтада адам саны жетіспеушілікке әбден үйренгенбіз, сол аз адамдардың өзі негізгі жұмысына қоса бұрғылау қондырғысына келген барлық жүктерді(ондаған тонна цементтерді, хим.реаганттерді, әртүрлі құбырларды ...) қолдарымен түсіреді, жинайды, тиейді. Сонда бір «қыңқ» деп реніш білдірмейді де, осылай болуы «заңды» құбылыс сияқты қабылданады. Қаншама жақсы жабдықталды дегенмен, біздердің далалық тұрмыстарымыз өте қарапайым еді, шетелдіктермен салыстыруға да ұят. Біздің қондырғылардағы дизельдер, моторлар дегендеріңді(басқа барлық механизмдер де сондай) ауызға алуға ұят. Біздің ауылдың кемпірлерінің немерелерін еркелетіп айтатындары болушы еді: «Құдай берді құрмалап, шуда жіппен шырмалап» деп, тап сол айтқандай барлық бөлшектерден майы, суы сорғалап ағып тұрған, қаншама күтіп баптағаныңмен болмайтын осындай дүниелерді сыммен, жіңішке троспен, кендір жіптермен шандып байлап қойып(құрмалап, шуда жіппен шырмалап) жұмыс жасата беретін. Моторшылардың қолдарынан май, су таситын шелектері түскенін көрген емеспін. Сондай техникаларды, механизмдерді бабына келтіріп жұмыс жасататын, қолдарынан келгенінше таза қылып ұстап тұтатын біздің механиктеріміз, моторшыларымыз керемет мамандар ғой. Өлгенді тірілтетін мамандар ғой, қандай күрделі техникаларды, дизельдерді, механизмдерді болмасын «жіліктеп» шашып тастап, қайта жинап іске қоса беретін алтын қолды, алтын басты, баға жетпес мамандар ғой. Біздің мекемеден қаншама бесаспап мамандар шықты десейші, өте жақсы моторшы бола тұра өте шебер бұрғышы да бола білген, бірнеше мамандықты қатар меңгерген жігіттер көп болатын. Ал бұрғышыларымыз ешқандай компьютерсіз де өте үлкен тереңдікте қазып жатырған долотоның  шарошкасының жасамай тұрғанын(заклинить етіп) сезе қоятын, долотолардың заводта көрсетілген мерзімді уақытынан да көп жұмыс жасатып, өте қолайлы режимін тауып пайдаланып барын сығып алатын еді. Әбден тозығы жетіп, әрең- әрең ілініп-салынып шыққан долотоларды көріп бұрғышының өте тиімді режимді тапқан асқан шеберлігіне таң қалатынбыз. Ағып тұрған майдың, ерітіндінің арасында белсенді жұмыс жасап, вахтаның аяғында киімдеріне шаң жұқтырмай шығатын таза, ұқыпты жұмысшы(бұрғышы, моторшы, көмекші бұрғышы ...)мамандар да көп болатын. Қондырғының барлық механизмдерін, техникаларын өзінің үйінің мүлігінен артық күтіп баптайтын да мамандар бар болатын. Шетелдіктер тек компьютеріне, әртүрлі инструкцияларға(инструкцияларсыз ештеңе де жасамайды, әрі бір бабын да аттап өтіп келесі бабына кіріспейді) сенсе, біздің мамандар өз жүректеріне, өздерінің маңдай терімен жинаған өмірлік тәжірибесіне сенетін. Шетелдік мамандар тек өз саласын ғана білетін(узкого профиля), басқада шаруасы жоқ болса, біздің мамандар бұрғылау қондырғысына қатысты барлық саладан хабарлары бар мамандар болатын, еш қиналмастан бір-бірін алмастыра беруге болатын еді(широкого профиля). Қай елдің мамандарға деген талабы дұрыс екеніне мен түсіне алмадым. Бір жағынан алып қарасаң, шетелдіктердікі дұрыс та сияқты(себебі, өзім көзім көріп отырғандай бәрі жарқырап, жылтырап жұмыс жасап тұр ғой), ал екінші жағынан біздің өміріміз үйреткендей елсіздегі жалғыз автономно тұрған қондырғыда еш жақтан көмек болмай жалғыз қалғанда біздің әмбебап(широкого профиля) мамандарымызсыз өте қиын жағдайда қалатын болармыз. Біздің мамандардың, жұмысшылардың қиналған кезде, тығырыққа тірелген кезде ойлап таппайтындары жоқ қой. Қандай қиындықтардан да алып шығатынына сенімді болатын едік. Мамандарымыз тамаша, ал техникаларымыз, қондырғыларымыз, технологияларымыз көп артта қалған екен. КСРО басшылығы әскери күшімізді, космосты «любой ценой» алға шығарамыз, әлемге түгелдей социализм орнатамыз, капиталистерден озып кетеміз деп жүріп басқа жағынан оңбай ұтылған екен. Шамалауымша, бұлайша халықтың «бұзылуы», бойкүйездікке салынуы, техника мен технология жағынан шаң қауып қалуымыз «дорогой Л.И.Брежневтің» басқаруы заманында мықтап орын алды. Нарықтың заңы қатал заң, жұмысшы адам баяғы кеңестік кездегідей көп «еркелей» алмайды, нарық ешқандай «еркелікті» көтермейді. Кеңес заманында жұмысшы адамды жақтайтын, олардың құқығын қорғайтын заңдар көп болды, партия, кәсіподақ ұйымдары басшыларды тырп еткізбейтін. Оның жақсы жақтарымен қатар «жаман» жақтары да болатын. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп, өзінің «құқықтарын» басқаша жағдайларға пайдаланатындардың(қит етсе шағымданып шыға келетіндердің, жұмысқа әрең шығып, дұрыс еңбек етпей, тек сегіз сағат уақытты бірдеңе қылып өткізіп, қоғам мүлкіне «жаудың малына» қарағандай қарап) кесірі басқаларға(тәртіпті, адал жұмыс жасайтындарға) кері әсер ететін. Нарық заңы билікке келуімен ондай «еркетотайлардың» күндері біткен. Шетелдіктер мен біздің елімізді салыстырғанда мен, әрине, тек техникалық саланы ғана алдым мысал ретінде, ал мәдениет, білім, адамшылық болмысымыз ... жақтарынан біз әлдеқайда алдамыз, оған сөз жоқ. Сонымен қатар менің кеңес заманында бойыма сіңген түсініктеріме де өзгерістер ене бастады. Бізді кеңес заманында: «Біздің елде барлығы да халық үшін, қарапайым жұмыс адамының игілігі үшін жасалып жатыр, ал капиталистік қоғамда қарапайым жұмыс адамына ешқандай жеңілдік жоқ, оларды тек аяусыз қанайды» деп оқытқан, санамыз да тап солай қалыптасқан еді. Ал енді мен нені көріп тұрмын? Ол кезде имандай сенгендерімнің барлығы да теріске шығып бара жатырған сияқты ма, қалай? Менің көзіме «проклятый капиталистер» қарапайым жұмысшының барлық жағдайын жасап қойғандай болды, жұмысшылар ешқандай қиналмай, көп күш жұмсамай өнімді еңбек ететіндей болып көрінді. Есесіне, әбден мақталған, санамызға сіңген кеңестік жүйе тек «жоспар орындау үшін, қандай бағамен болса да жоспар орындалуы керек» дегенге келіп тірелетін сияқты болды. Капиталистер барлығын адам үшін жасаса, кеңестіктер алдыңғы орынға жоспарды(өндірісті), содан кейін ғана адамды қойған сияқты болып көріне берді маған. Бұндай жағдай тек өндірісте ғана емес, ауыл шаруашылығында да тап солай екенін талай мәрте көргенмін, куә болғанмын. Ерте көктемде, уақ малдар жаппай төлдейтін кезде, совхоздың шопандарының түрін, жағдайын көрсең, жаның түршігеді. Қыс әлі толықтай кетіп болған жоқ, СЖК дегенмен бір мезгілде жаппай қолдан ұрықтандырылған қаракүл қойлар(малшылар оларды қара қой дейді) шетінен жаппай төлдеп жатады. Сол кезде малшылар күні-түні, шаруаға жарайтын бала шағасымен мал қорада жүреді, қыстауларында от жағылмаған, жас балалар суықтан тоңып, бір біріне жабысып бір бөлмеде тығылып отырады. Малшының да, әйелінің де балаларға қарауға шамалары да, уақыттары да жоқ. Себебі, олардан ең бірінші сұралатын мәселе: қанша қозы алдың, қара қой аман ба, басы түгел ме? Кеңестік дәуірдегі барлық саладағы жағдай осындай еді(оның ішінде біздің қазекем қашанда «мал-жан аман ба?», -деп малды бірінші сұрайды ғой).

   Шетелдіктер еш асықпай, барлық жағдайын жасап барып жұмысқа кіріссе, біздің елде шала-шарпы дайындалып, асығып-үсігіп(жау қуып келе жатырғандай) жасалатын еді әрбір іс. Қанша мәрте ұятқа да қалып жаттық та ғой. Өзім жұмыс жасаған бұрғылау саласы да бұл «аурудан» құтыла алмаған еді. Талай мәрте бұрғылау қондырғысын жартылай құралдап, құралдау жұмыстары аяқталмастан қазып бастап кетіп жүрдік қой. Жоспар орындау керек(жылдық, айлық, тоқсандық, «бәленінші» мерекеге тарту жасау ...), рапорттау керек, бесжылдықтарды тезірек, мезгілінен бұрын аяқтау керек ... Осылайша өзіміздің қолдарымызбен жасалған «қиыншылықтарды»  «ерлікпен жеңіп» жүрдік қой. Науқаншылдық, асыра сілтеушілік басым болатын, көзбояушылықтар(әйгілі приписка) да көп болатын. Аяғы неге алып келгенін енді көріп, салыстырып қарап, қандай деңгейге дейін төмен кетіп, әлемнің озық ойлы елдерінен қаншама жылдарға кейін қалып қойғанымызды бағамдадым.  Енді міне, басымызға түскесін(басқа түссе баспақшыл дегендей)  нарықтың қатал, ешкімді аямайтын заңдылықтарына да әбден үйрендік. Тоқсаныншы жылдардың ортасында, нарықтық экономика басталған шақта, өзімізді буырқанып жатырған ашық теңізге лақтырып тастаған көзін ашпаған «соқыр» күшіктей сезініп едік, суда жүзуді де білмейтін соқыр(көздерін әлі ашып үлгермеген) күшіктердей түртінектеп жүріп, басымызды тауға да, тасқа соғып жүріп бәрін үйрендік. Ненің жақсы, ненің жаман екенін білдік. Осылайша түртінектеп жүріп ардагер ағаларымыздың тастап кеткен аманатын, ҚАРА ШАҢЫРАҚ КЭ»МНГР»-ді құлатқан жоқпыз.

 

Нарық

  Нарық кеңес заманында қадыры кете бастаған адал еңбек заңдылықтарына да өз өзгерістерін батыл енгізді. Тәртіп тез орнады. Социализм кезінде адал еңбек етуді мұрат етпеген, қалай болса солай жұмыс уақытын өткізіп, белгілі бір мөлшердегі жалақысын алып үйренген «салпақбайларды»(үкіметтің мойынына мініп алған масылдарды) тезге салды. Естерін жиғызды. Бұл үшін нарыққа  алғыс айтуға болады. Еңбек еткен адамның қарыны тоятынын ұрмай, соқпай, мылжың насихаттау жүргізіп жатпастан тез үйретті. Екінші жағынан, нарық заманында барлық мүлік жекенің қарамағында болатындықтан, әрбір «сынық шегенің» құны болатынын үйретті. Социализм заманында ортақ дүниенің(социалистическая собственность), қоғам мүлкінің бағасын білмейтін, қадірлемейтін адамдар енді қолындағы барды ұқыпты пайдалануға ұмтылды. Кеңес заманында жұмыс жасап тұрған қондырғыға, қолындағы жұмыс жасап, жанұясын бағатын қаражат тауып отырған  құрал-саймандарына «байдың малы-жаудың малы» деп қарайтындарға өте керемет сабақ болды. Бір мысал, сол замандарда байтақ даламыздың барлық жерінен кездестіретін, тіпті олардан «көз сүрінетін» шашылып жатырған «металлоломдардан»(кей жерлерде тау-тау болып үйіліп жататын) тез арада тазарып шыға келдік. Ондай «қоқыстың» да құны бар екенін ұққан халық жаяу-жалпылап жүріп те тасып бүкіл елімізді тез тазартты (ондаған жылдар бойына ешкімнің қолы тимеген «байлықтар» еді, кеңес заманында арнайы техника бөліп бергенде айлап, жылдап жасалынбайтын жұмыс еді). Ендігі кезде көшеден қисық сым да таба алмайтын болдық(керек бола қалғанда, бірдеңені байлай қоюға). Дүниенің құнын тез ұқтырды. Міне, бұл сабағы үшін де нарыққа алғыс айтуға тұрады.  Әрине, халықтың барлығы осындайлардан құралды деп отырғаным жоқ, бірақ, ашығын айтуымыз керек «иждивенческое настроение» көпшілік адамдарда болғаны рас. Оны ешкім жоққа шығара қоймас. Сондай адамдарға нарық дегенің «өте салқын душ» болды, тез сергітті олардың санасын. Жұмыста тәртіп тез орнады(осы екі фактор нәтижесін тез көрсетті), жұмысшы адам өз орыны үшін жақсы, тәртіпті, адал еңбегімен ғана басқалармен таласа алатындығын сезді. Оның орынына таласатын жұмысшылардың саны көп екенін білетін болды. Сондықтан да, жұмысты жақсы жасап, қолындағы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтарды ұқыпты, мұқият ұстайтын болды(сол жабдықтардың көмегімен жанұясын асырап отырғанын жақсы түсінді). Міне, нарық деген пәлекетің осындай екен. Нарықтың тұсында адамдармен жұмыс жасау оңайлау сияқты болып көрінгенімен оның басқа да келеңсіз жақтары бар екенін мен жазғым келмейді, көп жазылып жүрген жайттар ғой. Нарық кезіндегі адамдардың жауапкершілігі арта түссе, жұмысты ұйымдастырып, басқарып жүрген басшылардың жауапкершілігі еселеп артқанын мен жазбасам да түсінікті шығар. Әр сөзіңе, әр басқан қадамыңа, құжаттарға қойған қолыңа жауап беретінің белгілі болса, нарықтың заманында ол істеріңнің құны еселеп артады екен. Социализм заманында сенің қателігіңе өзіңнің басыңмен жауап беретін болсаң, нарықтың заңы өте қатты, ешқандай қателіктеріңді кешірмейді, сен басқарып отырған ұжым ұзақ уақыт бойы жұмыссыз қалуы мүмкін, қарамағыңдағы халық сенің кесіріңнен күн көретін қаражатсыз қалуы мүмкін. Ендігі жерде өзіңнің жағымды имиджіңді қайтадан қалпына келтіру дегенің көп күш жұмсауды талап етеді, жұмысқа қабілеттілігіңді дәлелдегенше қанша уақыт өтетінін бір құдайдың өзі біледі. Сондықтан үнемі сақадай сай күйіңде көріну біршама ауыр жұмыс.  Бұл нарық.

Қилы заман көріністері

46524047_1977785152259101_549751836748283904_n

КЭ «МНГР»-дың ең соңғы басшысы Ғиззат Өтешұлы Балмұханбетов болды. Тәуелсіздік алғаннан бері КЭ «МНГР» мекемесінің атауы заман талабына сай бірнеше рет өзгерді. Өндірістік Геологиялық Бірлестік «МаңғыстауНефтеГазГеология» деп те, Мемлекеттік Холдингалық Компания «Жарқын»(Геология министрлігі тарқатылғаннан кейін) деп те, «Маңғыстаугеология» Акционерлік Қоғамы(1996 жылы мемлекет иелігіндегі акциялар пакетімен құрылды, 1999 жылы мемлекет иелігіндегі акцияларды ЖШС «БК Аксай» иеленді)  деп те аталды. Осылайша атауын өзгертіп, сол тұстағы экономикалық саясатқа бейімдеп шаруашылық есеп жүргізу тәсілдерін енгізген осы Ғиззекең еді. Жатқан жері жұмақ болғыр азамат еді, өмірден ерте озды. Жоғарыда жазған құлдыраудың кезінде басын тауға да, тасқа да соғып жүріп, тыным таппай жұмыстанып мекемені(ардагерлердің аманатындай болған) құлатпай, жоғалтып жібермей ұстап қалды. Бұл сол тұста(тұрымтай тұсына ...кеткен заманда) өте керемет ерлік еді. Қаншама өндіріс көздері жабылып, ірі мекемелер із-түзсіз жойылып кетіп, халқы жұмыссыз қалып қаңғырып, тентіреп кетіп жатты. Ғиззекең ең соңғы басшы болды деп бекер жазған жоқпын, себебі, ол азамат қай кезде де барлық басшылықты өз қолында ұстап тұрды, өзі басқарды, мекеменің экономикалық саясатын уысында ұстап, дербестігін қамтамасыз етіп отырды,  сондықтан да ол азамат КЭ «МНГР» мекемесінің соңғы басшысы болып қала береді. Ғиззекең Хәлел Жағыпарович Өзбекқалиевтан кейін халыққа жасаған көптеген жақсылықтарымен есте қалған басшы. Хәлекеңнің тәрбиесін көрген, сарқытын ішкен, сол басшының бастап кеткен ісін жалғастырып, сол басшының ұйымдастырып кеткен Қара Шаңырағын кешегі аумалы төкпелі заманда құлатпай ұстап қалған азамат. Ер азамат, жақсы басшы халықтың есінде халыққа жаққан істерімен қалатын болса, онда осы аттары аталған екі басшы да халықтың жадында мәңгі қалады деп ойлаймын. Халекеңнің еңбегі осы ұжымды бастап ұйымдастырып, бүкіл кең байтақ елімізге танытатындай атақ, дәрежелерге жеткізсе, Ғиззекеңнің еңбегі сол істі сол дәрежесінде ұстап тұрып, аманатқа қиянат жасамай ауыр кезеңде сыннан сүріндірмей алып өтуінде. Мекемеге басшылық жасаған барлық кезінде өндірістің жағдайын қарамағындағы жұмысшы халықтың жағдайымен тең ұстап отырды. Жұрттың бәріне белгілі, ешкім де жоққа шығара алмайтын шындық бұл. Екі азаматтың да топырақтары торқа болып, жандары жаннатта болғай!

Келесі жылы Халел Жағыпарұлы Өзбекқалиев тірі болғанда 90 жасын тойлар еді де, оның шәкірті марқұм Ғиззат Өтешұлы Балмұқанбетов биыл 70 жасын тойлар еді. Жатқан жерлері жарық, имандары саламат болғай жарықтықтардың(бұл тек жалғыз менің отбасымның дұға-тілегі емес, мыңдаған геолог-барлаушылардың отбасыларының дұға-тілегі екені белгілі).

Тоқсаныншы жылдардағы қиыншылығы мол заманды біздер өрлеу үстінде, даму үстінде қарсы алғанбыз. КЭ «МНГР» мекемесіне сексенінші жылдардан бастап жаңа техникалар келе бастады, технологияға көптеген жаңалықтар енді. Біздер жұмыс жасайтын алаңдарға жақын орналасқан атақты Теңіз мұнай кенішіне келіп жатырған шетелдіктермен(бұрғылау саласына қызмет көрсететін сервистік компаниялар), ресейлік бұрғылау бригадаларымен араласа бастадық, біздер де оларға қарап бой түзей бастадық, үйрендік. Қазатын скважиналарымыздың тереңдіктері ұлғайды(5000-5250 метрге дейін), жер қойнауының геологиялық түзілімі де өте күрделі(тұз қабатының астына өту керек болды), соған сәйкес ұңғының конструкциялары да, қазу технологиясы да, оған қажетті құрал жабдықтар да, бұрғылау қондырғылары да қатты өзгеріске ұшырады. Өте қауіпті «сероводород» газы бар қабаттарға, өте күшті қабат қысымы(АВПД-аномально высокое пластовое давление, 900-1000 атмосфераға дейін баратын) бар жер қойнауларына бұрғы бойлаттық. Көп нәрселерді(бұрындары білмеген, көрмеген) үйрендік, көрдік, қолымызбен жасадық. Бәрі де қолымыздан келетінін іс жүзінде дәлелдедік, біліктілігіміз артты. Орыстар айтатындай: «Не только боги горшки обжигают», «Не так страшен черт как его малюют» дегендей. Өзіміздің қазақтар айтады ғой: «Көз-қорқақ, қол-батыр» дегендей, біздер де ешкімнен кем болған жоқпыз, үлкен тереңдіктерді, күрделі технологияларды тез игеріп алдық. Көптеген технологиялық күрделі ұңғыларды шапшаң да, сапалы да қазып шықтық. Қаншама керемет, өз ісінің білгірі мамандар, инженерлер өсіп шықты десеңші біздің мекеменің қабырғасында, өндіріс орындарында ... КЭ «МНГР» сол кезде әбден кемеліне келіп, толысып, қандай да болмасын геологиялық күрделі мәселелерді шеше алатындай(мамандары да, техникасы да, технологиясы да жоғары деңгейде) жағдайға жетіп еді-ау ... Маңғыстау өңірінде біздің мекеме ғана ең алғаш рет 5000 метр тереңдікке бұрғы бойлатқан және де алғаш рет 5000 метрден астам тереңдікті қазу технологиясын жетік меңгеріп, өте күрделі тұзасты қабаттарын зерттеп, техника-технологиялық регламенттерді жүзеге асырған. Біз өте бай тәжірибе жинақтап едік, қандай кадрларды дайындап шығарып едік десеңші ...

  Тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық кезінде бір кездегі, жоғарыда жазғанымдай, гүрлеп тұрған КЭ «МНГР» құлдырап төмен кетті. Біздің мекеменің базалық поселкесі болған Ералиев ауылының (поселоктің гүлденуіне Х.Ж.Өзбекқалиевтың еңбегі өлшеусіз) да күйі біздің мекемемен бірге, бүкіл еліміздің басына түскен ауыртпашылықтарға сай күрт төмен кетті. Жаппай жұмыссыздық орын алды. Халық босып кетті. Біздің мекеменің құрамындағы оншақты ірі басқармалардың көпшілігінің тек қаңқайып орындары қалды, аттары да жойылды. Ауылымыздың атын сол жердің тарихи атауына сай өзгертіп Құрық деп атадық. Ендігі жерде Ералиев ауданының орынына Қарақия ауданы, ауданның орталығы, біздің базалық поселкеміз Ералиев поселкесінің орынына Құрық селосы пайда болды. Бір кездегі халқы көп ауылдың мәзі кетті, халқының саны күрт азайды, үйлер қаңырап бос қалды. Есік, терезелері жоқ үңірейіп тұрған үйлер көбейді (сол кездегі Шешенстандағы соғыста қираған қалаларды көр де, біздің Құрықты көр, еш айырмасы жоқ). Аудан әкімдері де жиі ауысты, бір ай, бір жеті жұмыс жасамай қашып кеткендер де болды. Ауылымыздың мүшкіл хәлін Алматыдан республикалық «Хабар» арнасы да бірнеше рет хабарлап жатты. Ауданның қазынасына түсетін салықтың үлкен бөлігін біздің мекеме құйып тұрған болса, енді одан күй кеткесін не жорық. Поселкенің ішіндегі көптеген ауылдар жоқ болып кетті(Гидропартия ауылы, Приморская ауылы, Қазақ ауылдар ...), олардың жұртын тазалап, тегістеуді біздер мойынымызға алдық, өзіміздің күйіміз өте нашар, адам аярлықтай болса да. Тас-талқан болып жатырған ауылдардың иесіз жұртына жайбарақат қарау мүмкін емес еді. Жоғарыда жазған, бір кездегі гүлдеп тұрған поселкеміздегі біздің мекемеге қарасты көптеген нысандар(профилактория, уч.комбинат, жұмысшылар аэропорты, автокөлік мекемесінің-АТК-1, АТК-2-, СМУ, ВМК орыны ...)жұмыстарын тоқтатты, артынан орындары тазаланып, бұрын ештеңе болмағандай жоқ болып кетті. Халық қатты күйзелді, ішерге ас жоқ, балаларының мектепке киетін киімдері жоқ жанұялар шыға бастады. Маңғыстаудың үлкен қалаларының ірі мекемелері Құрық халқына(облыстық телеарна күн сайын жар салып Құрыққа көмек беруді ұйымдастырып жатты) жылу жинап, мүжәлсіз жанұяларға таратып та жатты. Жұмыссыз қалған, басқа жақтарға көшіп кетуге шамалары жоқ барлаушы бұрғышы жанұяларының келетін жері Құрықтағы НГРЭ(Мұнайгазбарлау экспедициясы) мекемесі болды. Өзіміздің жағдайымыз да мәз болмаса да келген адамдармен жылы сөйлесіп жағдайды барымызша түсіндіруге тырыстық. Кейбір, біздің құр уәделерімізден әбден жалыққандар, шарасыздықтан ашынғандар тілдерін тигізіп те кетіп жатты. Бірақ, бәрі бірдей олардай емес. Олардың жағдайын біз жақсы түсіндік, бірақ қолдан келер еш қайран жоқ, өзіміз де айлап жалақы алмай, үйдегі жанұяларымыз да аш отыр еді. Еңбекақысыз демалыста болсақ та жұмысқа шығып болашақта жұмыс жасауға қажеті болатын қондырғы жабдықтарын оңдап, жөндеп, пайдаға жарайтындай қылып қолымыздан келгенінше дайындап жаттық. Көптеген жұмысшы жігіттер біздерге қосылып еңбекақы алмастан(болашақта жұмыс бола қалса бригада құрамына ілігу үшін)келіп көмектесіп жүрді. Сәл қозғалыс бола бастағанда осы жігіттер жұмысқа алынды да. Патриоттар ғой. Сол кездегі жұмысшылардың жағдайын, жай-күйін, жанұяларының тығырыққа тірелгендерін көргенде жанымды қоярға жер таппайтын едім. Олармен сөйлесу өте қиын болатын. Үнемі өтірік айтып отырғандай, оларды алдап отырған адамдай күй кешетінмін. Бірте-бірте жағдай түзеле бастады, жігіттердің бетіне қан жүгіре бастады, тұрмыстары да түзелді. Сөйтіп ұлы көшке ілігіп те кеттік қой. Бәрі де Ғиззат Өтешұлының тынымсыз жұмыстануының арқасы еді. Өзімнің сол қиын-қыстау кезеңде сол азаматқа сәл де болса қол ұшымды беріп, ауыр жүгін жеңілдетуге қолқабыс жасағаныма, жанында болғаныма дән ризамын.Екінші жағынан, сол ауыр сәтте Құрықтағы халықпен бірге болып, олардың барлық жағдайын өз көзіммен көріп, қолымнан келгенінше оларға демеу болуға тырысқаныма да риза боламын. «Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді» демей ме, сол кездегі бірге жұмыс жасаған жігіттердің, олардың жанұяларының барлығымен де жақсы қарым-қатынастамын. Сол жылдары бір байқағаным, әлі де көз алдымда, «Жұт жеті ағайынды» деген рас екен, бірнеше жыл бойы жаңбыр жаумады, жер өте қуаң болды. Көктем кезінде бусанып көктеудің орынына жердің бұрқырап шаңы борап жататын. Ақтау мен Құрықтың арасындағы малы сыймай жататын жерлерден жайылып жүрген мал көрудің өзі арман болды. Бір жылдары осы жерлерге көптеген малшылар жайғасып, бірнеше отарлар жаз жайлауға келіп, жылқы, түйе, қой дегендерің жарылардай семіз болып қоң жинағанын көзім көрді ғой. Ал қазір қырда да, далада да мал көрінбей кетті. Өте сирек бірер жылқыны көріп қалсаң қабырғалары ырсиып, қарындары қабысып құлап қалмай әрең сүйретіліп келе жатырғанын көріп, тулақ болған түрінен шошитын едім. Бірнеше жыл осылай халықты да, мал-жанды да қысып-қысып алғаннан кейін табиғат та түзеле бастады. Қар да жауды, жаңбыр да болды, жер де көктеді, біртіндеп малдар да пайда бола бастады, шыр жинала бастады, малға да, жанға да. Осылайша біздер кеңестік социализм заманынан капиталистік нарыққа қарай өткенбіз. Ұмытылмайтындай сабақ алып өткен едік-ау.

 

Геологоразведка

  Негізінен, мұнай мен газ байлығын халық қажетіне жарату үшін оны әуелі іздеп табу керек екені баршаға белгілі болар. Үйдегі ауыз судың шүмегінің тиегін ағытып жіберсең болғаны аға беретіні сияқты оңай дүние емес.... Бұл байлықты халық игілігіне ұсынғанша мынандай бірнеше тараптан тұратын жұмыстар жасалуы қажет. Бірінші кезекте, мұнай мен газдың жасырынған алаңын(месторождение) іздеп табу керек. Бұның өзі де бірнеше кезектен тұратын күрделі жұмыстар: геодезиялық іздестіру(бұған аэрокосмостық іздестіру де кіреді), барлау-бұрғылау жұмыстары, геологиялық анықтау жұмыстары, геофизикалық жұмыстар, байлық қорының көлемін анықтау жұмыстары. Екінші кезекте, барлаушылардың тауып берген, көлемін анықтап берген алаңын ұңғылар қазып игеру, мұнай мен газды өндіру, құрамын тазартып тасымалдаушыларға тапсыру. Үшінші кезекте, өндірілген мұнай мен газды мұнай өңдейтін заводтарға тасымалдау. Төртінші кезекте, мұнай мен газды өңдеп, бірнеше түрлі өнімдер шығару. Бесінші кезекте, дайын мұнай мен газ өнімдерін нарыққа шығарып сатып пайдаға асыру. Міне осы атап көрсетілген бірнеше кезектердің барлығы да жеке министрліктер болып жұмыс жасады. Осылардың ішіндегі ең азабы көбі, жұмысы да, жұмысшыларының тұрмысының ауырлығы да жағынан ең бір қиын саласы-геологиялық іздестіру,барлау-бұрғылау саласы(геологоразведка, разведочное бурение). Геологиялық іздестіру, барлама бұрғылау дегеніңіз соғыс кезіндегі барлаушылар сияқты, тың жерлерді игерушілер сияқты үнемі алдыңғы шепте жүретін адамдар. Барлық қиындық осылардың мойындарына түседі. Қалған салалардың жұмысшыларының да, жұмыстарының да барлығы әбден орныққан, барлық жағдайларын жасап алған жағдайларда болады. Қаншама алаңдарды қазғанда, қаншама мыңдаған шақырым болатын тереңдіктерді игергенде жұмысың аздап та болса нәтиже берсе жақсы, көпшілік жағдайларда ондаған жылдар бойы азаптанып еткен еңбектерің зая кетіп(көңіл көншітерліктей, ауыз толтырып айтатындай нәтижесі шамалы) жататыны шындық. Бірақ ойламаған жерден байлықтың көзін ашып қуанышқа кенелетін кездер де болады, ондай қуаныштардың куәсіндей болып  мұнай мен газды беріп тұрған, еліміздің байлығын арттырып тұрған мұнай мен газдың алаңдары(месторождениелері). Бір қызығы, мұнай мен газ байлығының барлығына жуығы апаттық жағдайларда, «күтпеген»(әрине, соны іздеп жүргеніңмен) жерден ашылып жататыны шындық. Қаншама «открытый фонтандар» болды, қаншама мұнаралар жердің астына(грифондардың кесірінен) түсіп кетті, қаншама мұнаралар өртеніп кетті, қаншама адамдардың тағдырларын «сындырды», бүлдірді десеңші, мұнай мен газдың жақсы қоры бар алаңды ашқанша?  Сондай алаңды ашқан бойда баяғыдан бергі төгілген маңдай терің, көрген азаптарың, қиыншылықтарың, шыққан шығындарыңның барлығы да ақталып шыға келеді ғой. Сондай алаңды ашу үшін қаншама жылдар бойы еңбектенсең де, қаншама шығын шығарсаң да артық емес. Және бір қасиеті, ол алаңдар сенің сәл осалдық көрсеткен тұсыңды аңдып тұрып «соғады» ғой. Бисенғали атамның айтқан «киелі мұнайы» осы мұнай ғой. Киесі болмаса осылайша азаптар ма еді?! Кеңес заманында мұнай мен газды геологиялық іздестіру саласына арнайы министрлік жұмыс жасады(біздің елде тәуелсіздік алған жылдары геология министрлігі қаржы тапшылығынан таратылып жіберілді), сатылған мұнай мен газдың есебінен 18%(пайыз мөлшерінен жаңылысуым мүмкін) бөлініп қаржыландырылды, геологтар күні мереке ретінде тойланды, арнайы ғылыми институттар жұмыс жасады ... Осы шығындардың барлығының есесі жақсы қоры бар алаңдар ашылған жағдайда ақталып тұрды, алға қарай ұмтылыс болды. Бұрғылау дегеніңіз, негізінен, екі түрлі болады. Біріншісі, геологиялық іздестіру(геологоразведочное)-бұл ең ауыры, қиыны. Тыңға түрен салғанмен бірдей. Ешқандай зерттелмеген тың алаңға бұрғы салып, егер мұнай табылған жағдайда сол алаңды қалай қазу жөніндегі барлық технологиялық мәліметтерді, алаңның барлық ерекшеліктерін зерттеп қалдыру керек. Екіншісі, мұнай табылған алаңды мұнай өндіретін ұңғылар санын көбейту үшін бұрғыланатын бұрғылау жұмыстары. Бұл бұрғылау біріншіге қарағанда көп жеңіл бұрғылау түрі. Бұны-эксплуатационное бурение дейді. Бұның жеңілдігі-бұрғылау алаңы геологиялық іздестіру бұрғылауы кезінде технологиялық, геологиялық тұрғыдан әбден зерттелгендігінде, дайын технологиямен қазылуында, ешқандай қосалқы геологиялық зерттеулерсіз мұнай табылған қабатқа дейін еш кедергісіз қазылуында. Сондықтан, бұрғылаудың осы екі түрін бірдей бұрғылау деп салыстырып қарауға болмайды. Сырт көзге барлық жұмыс түрлері бірдей болып көрінгенімен, қазылу технологиясы мен геологиялық күрделіліктері жер мен көктей. Сақтық шаралары да, қауіптілік жөнінен де, бір ұңғыны қазу кезіндегі атқарылатын жұмыс көлемдері жөнінде де ерекшеліктер өте көп болады. Сондықтан да, «Геологоразведчик» болу- мақтаныш! Геологоразведчик болу -алдыңғы шептің жауынгері болу деген сөз!

 Бәкөн әл-Сағыз

 

 

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты запискинефтяника