Классик-жазушы Рахымжан Отарбаевтың күнделігінің жалғасы, басы осында
Егер 1937 жыл қайтып келетін болса бұ қазақ тағы да бір-бірін ұстап береді. Заман мен қоғам өзгергенмен адам ниеті өзгермей қалды.
***
Адамды қартайтатын көбіне уақыт емес, оқиғалар.
***
***
Жанымның жетім қоңыраулары сыңғырлап жатыр.
***
Жастай жетім қалғаны рас шығар, темекіні омырау сорғандай еміп тартады екен.
***
Тоқал ешкі өзін лақпын деп ойлайды. Бір ағамды көргенде ылғи да сол ешкі есіме түседі.
***
Арақты адам ішпейді, көңіл ішеді.
***
«Жасқа өлім жоқ, Әзірет Әлінің қылышына өзі барып ұрынады» деген арабтарда мәтел бар. Қазірде сол қылыш-автокөлік апатына айналды. Жасты да, кәріні де жұтып эатыр. Соңғы 10 жылда 40 мыңға жуық адам қаза тапқан. Жарақат алғанның, мүгедек болғанның есебіне жетпессің. Соғыс керек болмай қалды.
***
Халыққа қайырылып қарамайтын, қошеметшіл алақанын кең жайып бата бергіш ағаларым бар. Солар кезінде аттылы адамның өзі ығып тұратын үлкен-үлкен лауазымды қызмет атқарды. Жағымпаз, жөн тапқыш, орта ақыл. Осындайлар басқарған соң біздің ел қайтып оңсын?!
***
***
Тілін көрсетіп, тісін жасырғандардан қашан құтылар екенбіз?
***
***
Бір жазушы кітабын сыйлаған. Әріп сайын мүдіріп, сөйлем сайын сүрініп, әрең оқыдым.
***
Кувейт болдық, Эмират болдық, Сингапур болдық, барыс болдық. Енді кім болар екенбіз?..
***
***
«Сүйем» деген тәтті сөзден аузымыз уылып болған жоқ па?
***
Жастық шақ жалын ғой. Жалынға жамылғы жараспайды.
***
Наполен Бонопарт жеңіспен Парижге кеп кіреді. Өзі ат үстінде. Соңында қалың әскері. Халық қуанышты. Жеңімпаздарды қарсы алып у да шу боп, құттықтап жатады. Наполен ат үстінде еңсесін төмен салып, үн-түнсіз өте береді. Шыдай алмаған бір шенді қатарласа беріп, «Халық қуаныш үстінде, бір ризашылығыңызды білдіріп қойсаңызшы» - демей ме?
Сонда Наполеон «Менің жеңісіме қуанған жұрт ертең мен өлгенде де осылай қуанып шығарып салады» - деген. Сосын «Публика-дура!» дегенді де қосып қойған. Айтқаны келді!
***
***
Қырғыз әдебиетінің патриархы атанған Түгелбай Сыдықбековпен әңгімелесіп отырдым. Естеліктерге ерік берді. Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Саяқбай Қаралаев, Бөлтірік Чормановтар жайлы ұзақ толғады.
***
Елшілікте жүргенде «Сендер Кеңесарыдан оңай құтылып едіңдер. Шахановтан оңайлықпен құтыла алмассыңдар» - деп қырғыздарды әзілдейтін ем.
***
Қырғыздың әндері сағыныш пен мұңға толы.
***
Нұлан ағам (Балғымбаев) Үкіметтің қашанда бір оғы артық. Сақ бол, деген.
***
Аспан асты кең дейміз. Жер беті біреулерге тарлық еткен соң аспанның кеңдігінен не пайда?
***
Сайымжан Еркебаев белгілі жазушы, қаламы уытты сатирик еді. «Басы кесілгендердің бәрі Махамбет емес» деген бір ауыз сөзіне риза боп Ғабит Мүсірепов Жазушылар Одағына мүшелікке алған. Адал, аңқау еді. 43 жасында үйленіп, өз тойын өзі басқарған хикаясы трагикомедияға бергісіз. Өзі айтар еді. – Жастау кезімде Алматының бір қызымен таныстым. Сыйласып жүрдік. Жалғыз анасы бар екен. Алып барып таныстырды. Көп отырған жоқпын, сәлемдесіп кіріп шықтым. Арада бір ай өткен. Жұмысқа барғалы таңертең трамвайға міндім. Бір орын бос тұр. Әлгі орынға бір мосқалдау әйелмен таласып қалайын. Ерегесіп, сөзге келіп, ақыры өзім отырдым. Екі-үш күн әлгі қыз көрінбей қойды. Үйіне іздеп барсам... әлгі трамвайдағы орынға таласып жүргенім сол қыздың шешесі екен. Ой, масқара-ай! Үйінен түріп айдап, қуып шықты. Алғаш барғанда болашақ енемнің бетіне де дұрыстап қарамағам ғой. Солай, бала, – деп, қып-қызыл шиедей боп күлетін жарықтық.
***
Көрші шал қонақтықта қолына қойдың басы тисе, пышақпен қақпағын ашып «Апыр-ай, мына қойда түк ми жоқ, өрістен үйді қалай тауып кеп жүр» деп өп-өтірік таңданып алып, аппақ миды асап отыратын.
Жалғасы бар, осында