КӨРГЕН-БАҚҚАН

КӨРГЕН-БАҚҚАН

Классик-жазушы Рахымжан Отарбаевтың күнделігінің жалғасы, басы осында 

 

Студент кезімде Орал облыстық радиосында диктор боп қызмет еттім. Ауласы бар бір қабатты шағын тас үйден хабар таратамыз. Алмагүл Өмірбекова апай, Игор Савиндер алғашқы ұстазым.

Кейін білсем, ол  Сақыпжамал апайдың алғашқы жұбайымен тұрған үйі екен. Атақты ақын Қасым Аманжолов пен жазушы Жәрдем Тілеков ағаларымыз сол шаңыраққа жиі келіп жүрген. Содан таныс-білістік басталған. Терезесінің алдында үйелмелі-сүйелмелі қос терек өсіп тұратын.

 

Сонау бір шетте сонау үй,

Шығарма сірә көңілден.

Тұрушы ед тартып менің ылғи,

Махаббат, жастық лебімен – деп Қасым ағамыздың шабытын шалқытқан шаңырақ.

 Иә, Орал топырағы шежіреге бай мекен ғой.

 

***

Екі жақсы тауға шықса құдаласып түседі,

Екі жаман тауға шықса қуаласып түседі.

 

***

Жаны-аманат, демі-нәсіп, екі аяқты, бір басты пендеміз ғой. Артық кеткен жерім болса Алла кешірер.

 

***

Бір надан Шыңғыс ханды адай деп дәлел ұсынады. Екіншісі жалайыр, келесісі қоңырат деп... Сондағы ойлары не? Әлемде ұлы қаһан жайлы 2700-дей көркем туынды, деректі, зерттеу еңбек жарық көрген. Жаңалық ашылып біткен жанкешті ағайын!

Бір ұлттың сиынары мен сүйенерінде шаруаларың қандай? Ол сендердің өз ойларыңмен өлшеп-пішкен кішкентай рулық көрпелеріңе сияр тұлға емес!

 

***

Шыңғыс ханға ұлы Жошының өлімін Кетбұға күйші естіртеді деседі. Рас дерек шығар. Өйткені сай-сүйегіңді үккен «Ақсақ құлан-Жошы хан»  күйі қалды.

Мен білсем Кетбұға екеу. Бірі-күйші болса, бірі батыр, қолбасшы. Олай дейтінім, қалың моңғол қолы парсы жұртын бағындырып, Мысырға шабуыл бастайтын еді ғой. Сонда әскер басында тағы да Кетбұға жүреді. Бұл тарихи дерек.

Ал, біздің зерттеушілеріміз осы екі тұлғаны бір адам деп қарастырады. Қиыспайтын тұсы көп.

 

***

«Қасқырда қас қылмайды жолдасына». Осы әдемі сөзді қазақ айтқан. Түз тағысының мәрт мінезін,  адалдығын дөп басқан. Ал, осыны айтқан қазақтың бір-біріне жасаған қастығы аз емес. Парадокс!

 

***

 

Мысырға барғанымда Қайтпай мешітінің бас имамы, діни ғұламаға сауал бердім.

  • Ғұлама, көптен көкейімде жүрген бір түйткіл бар. Алланың ризашылығынсыз шөп басы да сынбайды. Рас па? – дедім.
  • Дұрыс айтасыз.
  • Адамның бар тағдыры Алланың әмірімен туғанда пешенесіне (маңдайына) жазылды дейді.
  • Алхамдулла, солай.
  • Адамзат баласы ол жазудан қия баспайды. Сол сызықпен жүреді ме?
  • Расы сол.
  • Ендеше, жауап берсеңіз, мен кез-келген қылмыс, зорлық-зомбылыққа қарсы адаммын. Бірақ өмірде алуан жайттар жолығып жатады. Мәселен, біреу кісі өлтірді, қан төкті дейік. Оны жазалаймыз. Не үшін? Аллекем о баста оның маңдайына сондай қылмыс жасауды жазған жоқ па? Ол тек соны ғана орындады. Басқа жазығы жоқ. О дүниеде Алла да өз бұйрығына өзі қарсы шығып,  ол қылмыскерді тозаққа жібермейтін шығар?..

Ғұлама ұзақ ойланды. Бетіме сынай қарады. Сәлдесін түзеді. Өз сұрағыма өзім қысыла бастадым.

  • Әрине жоғарғы , төменгі ақыл иесі дегенді білемін. Біз төменгі сатыдамыз...
  • Дұрыс айтасыз, - деді ғұлама күлімсіреп. – Бірақ сауалыңыз орынды. Каирда әлі қанша күн боласыз?
  • Екі-ақ күн.
  • Әттең, аз екен. Келесі жұма намазда алуан білім иелері осында бас қосады. Жанағы сауалыңызды соларға бергенде... Бір жауабын алып қалар едіңіз. Айып етпеңіз. Риза көңілмен аттаныңыз.

Осымен хош айтыстық.

 

***

Қожайынның қолын жалап, қораға үретін төбеттердің даусы неткен аянышты...

 

***

 

 Бақытсыз елдің батырлары көп. Олар соны әлі күнге қорғаныш көреді.

 

***

Қалмақтың тұтқынында екі жыл жатқан Абылай ханды қазақтың билері барып құтқарып алған. Қалдан Серенді сөзден жеңіп, босатылған дегенді өзге емес, біздің тарихшыларымыз айтады. Адамның беті осындайда қызарады, ұялғаннан. Сонда олар Колесниктовтың кітабын оқымаған-ау. Орыс құтқарады, орыс!

 

***

 

Абылай ханның Түркістан қабірстанынан таптық деген бас сүйегін Ресей антопологтары қалыптады. Мүсініне қараңызшы. Ауылдың суайт, сумақай шалдары болатын, солардан аумай қалыпты. Мен білсем бұл аты аңызға айналған Абылайдың бас сүйегі емес!

 

***

Торғайлық Жұматай Сабыржанов деген журналист, жазушы өткен. Жаны жақын, рухы биік азамат еді. Әттең, ғұмыры қысқа болды. Мынау заманға, қоғамға деген сыни көзқарастары ылғи да жетпей тұрады.

 

***

Егіздің сыңары қайтыс болған. Біздің ауылдың бір аңқауы көшеде біреуін көріп қалып сұрайды дейді: - Өлген қайсысың? Сен бе, ол ма? – деп.

 

***

Қаланың баласы ауылға барса күлкі болады, ауылдың баласы қалаға келсе түлкі болады.

 

***

Аз ми көтеріп жүруге жеңіл. Осы жігіт сосында басын қайта-қайта қақшаңдата береді білем.

 

***

Темір мен масты қызған кезде соққан дұрыс.

***

Тас та таудың туысқаны. Жарайды, болсын. Тау ештеңе емес-ау, тас деген туысқанның көптігі шаршатады екен...

 

***

Осы жұртқа бәрі керек. Керек десеңіз ышқырыңыздағы битті де санап береді.

 

***

Мақтау – адамдардың арасында айналыста жүретін жалған ақша сияқты. Жалған болса да алдың екен, кері қайтару керек.

 

***

Сталинді культке жеткізген, Хрущевқа жүгері ектірген, Брежневтің төсіне металлом үйдірген осы атың өшкір қошеметшілдік еді ғой. Назарбаев еш мақтауға зәру емес. Бірақ табаны қызып кеткендердің тоқтар түрі көрінбейді. Аламан бәйге дерсің. Культті қолдан жасайтындар жағымпаз ағалар мен жолбике ханымдар!

 

***

Жағымпаздық-жұқпалы дерт. Оның вирусын жоятын әзірге дәрі жоқ.

 

***

Ахмет Байтұрсыновты, Мағжан, Сәкен мен Ільяс, Бейімбеттерді кімдердің сатып, жаналғыштарға кімдердің ұстап бергенін көп жазушы біледі, менде білемін. Солардың ішінен Әбділда Тәжібаев қана ар алдында ақталды. Мағжанның аруағы алдында кешірім сұрап, алғаш шыққан бір томдығына алғысөз жазды. Өзгелері үнсіз кетті. Бақиға!

О дүниеге барғанда бір-бірінің жүзін қалай көрді екен?..

Жалғасы бар, осында