КӨРГЕН-БАҚҚАН

КӨРГЕН-БАҚҚАН

Классик-жазушы Рахымжан Отарбаевтың күнделігінің жалғасы, басы осында

 

Біреудің басына қарға саңғып кетсе де, мен ұшырған қарға боп шығатыны несі?

 

***

Қазірде қай жақтан айқай шығар екен деп құлағын жымырып отырғандар жеткілікті.

 

***

Тұлпарға мініп, даланың шаңын шүйкедей созып шабар ма еді, шіркін!

 

***

Кешегі социализм кезінде арманшыл бала едік. Октябрят болдық. Қызыл галстук тағып, пионерге өттік. Одан комсомол... Әрқайсы оқушылық дәуреннің қызықты бір баспалдағы болашаққа тартылған алтын-арқау, күміс-жалғау сынды еді. Сол сеніммен өсіп, ержеттік. Өзімізге сай әніміз де, сәніміз де болатын. Күшті идеология мықты ұрпақ тәрбиеледі.

Қазір ше? Соның бірі жоқ. Капитализм жас өркеннің арманын тонап жатыр. Қайткенде де ақша табуға, бай болуға ұмтылдырған арман арман емес!

 

***

Ағып бара жатқан уақыт, қалып бара жатқан бақыт енді соңынан қос атпен қусам да жеткізер ме?

 

 

***

Бір келіншек жат ағымға өткен бе, бет-ауызына дейін қымтап, қара киініп алыпты. Өзі кеп атын айтқанда әрең таныдым. Осының бетіне кім зәру боп жүр екен деп тұрдым да: – Сен осы банктегі кредитіңді төлемейін деп қашып жүрген жоқсың ба? – деп әзіл айттым.

 

***

Түйежапырақтың көлеңкесіндей қысқа күнге қырық құбылған заманнан да, адамнан да шаршадым.

 

***

Жауыңды да жақсы көр, мейіріміңді төк, - дейді діни кітап. Олар пышақтаймын деп тұрса, мен қалайша құшақтаймын?

 

***

Ол ұялмайтын адам. Беті қызармайды. Анда-санда шапалақтап алмасаң.

 

***

Кавказдықтар көп жасайды дейміз. Олардың қарт адамдары көбіне бір жасты жатырдағы тоғыз айлық өлшеммен есептейтінін ұмытпайық.

 

***

Атақты сатирик Көпен Әмірбек шығармашылық кешінде «Таспен ұрғанды-аспен ұрдым» деп сықақ өлең оқып тұр. – Көпеке, ол ұғым ескірген, архаизм. Қазірде таспен ұрғанды баспен ұрады, – деп ем әзілдеп. Қолма-қол өзгертті.

 

***

«Өз тағдырың-өз қолыңда» деп бір газет тақырып қойып, мақала басыпты. Сонда Құдай қайда қалады?

 

***

Алла адамзаттың қолтығына 4 кітап қыстырып кетті. Дінің, иманың, әдебің, жиғаның осы деп. Компьютер, фейсбук, сайт-майт емес.

 

***

Ырзалықпен-ақ өмір сүрейін дейсің. Ыза қылатындар да аз емес.

 

***

Сағынатын адамдарым азайып барады. Ол таусылғанда өмір ит те бітетін шығар.

 

***

Ұлы деген атау Аллаға ғана жарасады. Адамға емес.

 

***

Алла адамзаттың ақыл-ойына шектеу қойған. Өзіммен таласпасын деп...

 

***

Көп ақын өлеңді сезіммен бастайды. Сосын сезімді төзім, машық жеңеді. Ол ақынның өлгені!

 

***

Батар күндей ісініп, өзіне-өзі симай жүрген мынау кім?!

 

***

 

Кісіні үндемей өлтіретін адамдардың сорты бар.

 

 

***

Берлинде жүргенімде Мюнхенде тұратын немістің үлкен жазушысы  Герт Хайденрайх іздеп келіп бір күн жанымда болды. Өзбекстандық ақын Абдолла Шер мен Шолпан Қызайбаева төртеуміз театрға бардық. Әдемі бір спектаклді тамашаладық. Кеште арнайы қонақасы берді. Неміс салтында әркім өзі ішкен тамағына өз қалтасынан төлейді. Герт болса көл-көсір дастархан жайды. Ол менің әңгімелерімді қызыға тыңдайды. Тіпті шек-сілесі қата күледі. Көп сырластық. Тыным-түсінігі мол парасат иесі.

  • Сен маған айтпаған боғауызымды айттырдың, - деді бір әңгіме үстінде.
  • Қалайша? – деп таңқалдым.
  • «Қытайдан жеткен сәлемдемеңді» неміс тілінде оқып отыр ем. Әлгі Өмірбайдың қытай шекарасынан қазақ жеріне өтерде Әсемай мен екі баласынан танымай шығатын тұс бар ғой... Соны оқығанда Өмірбайдың дымын қалдырмай балағаттап, орнымнан тұрып кетіппін. Айналамдағы адамдар шошып кетті. Солай, досым, сенің әңгімелеріңді оқығанда күліп иә жылағың келеді. Сосын боқтағың келеді.

 

***

Бір әйел күйеуін қарғап-сілеп жатыр. «Золотой запасы» неткен бай еді. Тұнып тұрған творчество!

 

***

«Жемқорларды құртайық!» - деген ұран қайта-қайта көтеріледі. Нәтиже кем. Ауызда ерік бар ма, арғы жағында аңырап құлқын тұрса...

 

***

Темірхан Медетбек қазақ поэзиясына о баста-ақ құбылыс боп келген.  Ол өлең өлкесін жаңа түр, жаңаша мазмұнмен байытты. Және оны ешкім қайталай алған жоқ. Жеке қолтаңба деген осы! «Көк түріктер сарыны» сол жауһарлардың заңды жалғасы. Бағзы бабалардан қалған елдік пен ерліктің ұраны!

Шіркін, Темкең өлеңдерін әлем тілдеріне аударар ма еді? Бар бояуын бетінде ұстап. Алдына қара салмас еді. Амал не...

 

***

Желдің екпінімен сырғанақ тепкен алашұбар бұлттар аспанды айғыздап болды. Не көлеңкесі немесе жаңбыры жоқ қысыр немелерден қашан құтылар екенбіз?

 

***

Есептеулі ғұмырдың есептеусіз күндерін босқа шаштық-ау...

 

***

Өзім шығармашылығын қатты құрметтейтін Дүкенбай ағам (Досжанов) жаңа кітабы шығатын боп фотоға түсіп жатқан. Фотограф Нұрғожа Жұбанов. Аса сабырлы, аяулы ақсақал. Дүкем  бір орында байыз таппай «Ана бұрышқа қарайын ба, енді мына жаққа» деп бұрыла береді. Шыдай алмадым.

  • Дүке, бұрышқа қарағанша болашаққа қарасаңызшы, - деп қалдым. Жазушы әдемі жымиды. Сол сәтті күткендей Нұрғожа ағам да сырт еткізсін. Қазірде сол суретті көрсем өзімде еріксіз жымиямын.

 

Жалғасы бар, осында