КӨРГЕН-БАҚҚАН

КӨРГЕН-БАҚҚАН

Классик-жазушы Рахымжан Отарбаевтың күнделігінің жалғасы, басы осында 

 

- Бір табаққа жетер-жетпес шал қалдық, - деді Қошалаққа барғанымда бір қария. Тек қариялар емес, ел де сиреп, тырнауыштың тісіндей шүлдіреп қалыпты.

 

***

Газеті, радиосы, теледидар, интернеті жоқ маң далаға қой бағып кетуді армандаймын. Шабан атың, шәугім бас итің, біз тығып алсаңда былқ етпес сезімсіз қатының болса. Қойыңды құрттап, қойыртпағыңды ұрттап жатсаң.

Бұйырмаған тірлік!

 

***

 

Атан  түйе тарта алмас кінәм мен күнәмнен Алланың алдына барғанда не деп ақталар екем?

                      

***

Үлкен жау рахат қой, айқайлап келеді, кішкентай жау-темекіден құтыла алмай-ақ қойдым.

 

***

Әбдіжәміл аға ұрысты – Әлі күнге машина айдай алмайсың. Мені көрмейсің бе, тоқсанға келсем де рульден қалғаным жоқ, - деп. Қайтейін, төрт аяқтыны айдау бұйырмаған...

 

***

Мен өлгенде қанша адам жылап, қаншасы қуанар екен?

 

***

Білем, менің тірі жүргенімнің өзі талайға жазу жаздырмай қойғанын.

 

***

Тақыр жерге гүл өсер деп су құйып ем. Ол өзімнің үстімді былғар балшыққа айналды.

 

***

Президент жолдауын түсіндіреміз деп ел кезіп депутаттар жүр. Осылар халықты топас, миғұла деп ойлайды білем.

 

***

Алпысыншы жылдардың орта шені. Шәмшінің жаңа әні ауылды шарлап кетті. Келін түсіру, қыз ұзату, тыштырма, сүндет тойларда шырқалатын тек сол ән. «Бақыт құшағында».  Шлягер! «Сөзім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды.» деп әулетіп жатады. Бәріміз де солай «сөзім» деп айттық. Есейген соң аңдасам «Сезім шіркін...» екен ғой. Сонда біздің ауыл адамдары сезім деген сөзді білмей, жатырқап тұр. Бірақ ғашық боп үйленіп, бала таптырып жатты.

Осы хикаяны 1984 жылы Қазақ радиосында кездесіп қалып Шәмші ағаға айтып ем.

- Сіздің ауылда өте таза адамдар тұрады екен. Бәрін бүлдіретін сезім деген сиқыр ғой, - деп әзілдей күлген. Рас та шығар!

 

***

Бір бәлгер әйел: - Алдыңды болжаймын, ашылған артыңды жабамын, - деп басымды қатырды. Алдымда кейбір ұзақ жол қалды дейсің. Көкжиек көз алдымда тұр. Ал, ашылған артымды өзім жаба алмай жүргенде, ол әйел несімен жаппақ?

 

***

Бір атамыз бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Даусы жіңішке еді. Кемпірі шалымен қырғи-қабақ болып қалған күні: - Осы құбылаға қарап жылайды да жатады. Жасаған күнәсі көп-ау, деймін, - деп ернін шығарып отыратын.

 

***

Каин өзінің бір туған бауыры Авелді өлтірді. Қызғаныштан, іштарлықтан. Бірақ көмуін білмеді. Оған қарға жөн көрсетті... Содан бері қазақ аспанында қара қарғалар қаптап жүр.

 

***

Соғыстың соңында «Ойбай, құм арасында қашқын жүр. Қалмақ екен. Шені генерал дейді. Гитлерге тілектес болыпты. Онысы білініп қалыпты. Содан соғыстан қашыпты. Ана ауылдың әйелін ұрлап кетіпті. Мына ауылдың бір қызын зорлап кетіпті» - деген сөз желдей есіп тұрған. Содан не керек, жеті-сегіз әйел жүкті боп ұрпақ сүйген. Бәрі де Қашқынбаевтар.

Шындап келгенде қашқын қалмақтың елесі де болмаған. Қашқынбаевтардың барлығы ауданнан келген уәкілдің, шолақ басқарманың, ақсақ қоймашының балалары.

Ұят қысқанда туған өтірік мұншама өміршең болар ма?

 

***

Пайғамбар жасына келген соң адам Аллаға мұқтаж болуы керек. Ал, біздің біраз ақсақалдарымыз әлі күнге әкімге мұқтаж боп жүр.

 

***

 

Біздің ауылда бір шешеміздің сиыры өрістен қайтпай қалыпты. Іздеп қызыл сирақ боп қыр кезеді. Таптырмайды. Жүре-жүре зираттың тұсынан өтіп бара жатады. Онда жақын аталары жатыр екен. Сонда әлгі шешеміз: - Ата, осыдан сиырымды қасқыр жеп кетсе менен қайтып дұға дәметпе, - дейтін көрінеді. Қайран, аңқаулық-ай! Өлген атасына сиырын бақтырып қойғандай.

 

***

Ақжонаста жалғыз үй отырған бір шешеміз: - Заман жаман, пашпұртым жоқ. Басымнан қорқам, - дейтін көрінеді. Ал, ол өңірде ұшқан қарғадан басқа тіршілік  иесі жоқ. Жастай сіңген қорқыныш, үрей де адамды құрсаулап алып, өмір бойы босатпайды білем

 

***

Тарихқа қиянат жасау  Карамзиннен басталды. Оны қазірде Радзинский мен Мұрат Аджи жалғастыруда. Бұлар білімдар тұлғалар. Бәрін біле тұра бір ұлттың иә тұтас қауымдастықтың үстемдігі үшін осындай әділетсіздікке барады.

Ал, біздің тарихшы һәм жазушыларымыз халқымызда қанша Абылай мен Әбілмәмбет, Жәңгір мен Бөгенбай болғанын білмей әлі күнге шалыстырумен келеді. Ақыры біреудің атын біреуге мінгізіп, біреудің шапанын біреуге кигізіп тынады. Бұл әдейі істелген нәрсе емес. Өзімшіл надандықтың кесірі!

 

***

Той мен садақаның дастарханында айырма жоққа тән. Той-салтанат, ерекше көңіл-күй. Қонағыңды қалай күтіп, сыйласаңда еркің. Ал, садақа...  Өлімді жерге кісі ішіп-жеу үшін емес, қайғы түскен шаңыраққа жұбату айту, демеу үшін келеді. Сарылып көп отырмай, дұға қайырып, дәм ауыз тиіп кетеді.

Ендеше алуан түрлі  тағамға майысып, қайысып тұрған дастарханды не үшін жаямыз? Бұл не бәсеке ме? Байлықты көрсету ме? Әлде қара жамылып отырған шаңырақты шығынға батыру ма? Баһи кешкен адамға тиетіні дұға емес пе еді?

 

 

***

Махамбеттің руы Беріш, оның Жайық атасынан. Ұраны-Ағатай. Түбін қазсақ... Парсы патшасы Нәдір шахтан тарайды. Жаугершілік заманда қолға түскен екі бала Мәді мен Мәлі. Мәді адай руына сіңген. Ұрпағы бар, өркен жайған. Ал, Мәліні беріштер бауырына басқан. Құлмәлі атандырып, үйлендіріп, отау тігіп алдына мал салған.  Махамбет сол Құлмәлінің шөбересі. Анығы сол!

Ана бір жылдары классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов Махамбет Керей руынан деген қағыс сөз айтып қалды. Ол біраз адамға жел берді. Дәлел жоқ, дәйек жоқ бұл неткен иемдену? Бабасы, атасы, ұрпағы бар бір қауым елдің назарына қаламын деп ойламаған-ау, шамасы.

 

***

«Мен» деген қуатты сөз тұлпар мініп, ту алған Махамбетке ғана жарасады. Қалғаны есек мінген ержегейлілер.

Жалғасы бар, осында