Классик-жазушы Рахымжан Отарбаевтың күнделігінің жалғасы, басы осында
Анатолий Кимнің пәтерінде болдым. Бір шынаяқ кофе ішіп, біраз әңгімелестік. Шығармашылығын сұрап ем, И.Смоктуновскийдің өмірінен «Гений» атты повесть жазып жатқанын айтты.
- Москвада ұзақ сенделдім. Жазғанымды он жылдап шығара алмадым. Бәлкім, оқымайтын да шығар. Мүмкін бойым тәпелтек, көзім қысық кәріс болғаным да әсер етті ме...
Анатолий ағам өткен күндердің елесін қуалағандай біраз ойланып отырып қалды.
- Сондай алқұлым шақта құтқарушым боп Иннокентий Михайлович жеткен. Жәй жеткен жоқ, бас-аяғы екі айда «Аврора» журналына екі әңгімемді жарқ еткізген. Бұл 1973 жыл еді. Егер осы ұлы актер болмаса мен бәріне қолды бір сілтеп, троллейбус жүргізушісі боп кетер ме едім. Менің өмірлік қамқоршым баһи кешті. Оның қандай тұлға болғанын, адами келбетін, қайталанбас талантын баяндап беру менің парызым.
Ким үлкен жазушы ғана емес, керемет кісілікті де жан.
***
Жастықтың өзі-жарты мас. Баянғали Әлімжанов екеуміз тау етегіндегі «Шығармашылық үйде» асыр салып жүріп, байқамай Сафуан Шәймерденов ағамның кешкі бір стакан айранын ішіп қойыппын. Жазушы тас-талқан боп ашуланды. Ерегесіп мен де кешірім сұрамадым.
Ертеңіне қас қылғандай «Қазақ әдебиетіне» шыққан әңгімелердің талқылауы өтсін. Сафекең редакция алқасында. Менің жақын әзірде жарық көрген бір әңгімеме құзыры түсті.
- Бұл жас жігіт тіл біледі. Сонысын малданып айна алдында тұрған сұлу қыз құсап ана жерін бояйды, мына жерін бір бояйды дей ме-ау. Түгімді қалдырмады. Шерағаң, Зейнолла Қабдолов, Хамит Ерғалиевтер мені соншама неге төмпештегенін білмей дал. Үнсіз қалды. Бәрін іштей сезіп отырмын. Бір стакан айранның әлегі. Сонымен тарады.
Араға үш-төрт ай салып көшеде Сафуан ағаны кездестірейін. Күлімсіреп қос қолымды ұсындым.
- Айналайын, бақытты бол. Соңғы кезде көрінбей кеттің. Денің сау ма? Қаламың әбден төселген жігітсің. Көптен саған көзім шауып жүр, - деп ағам ақтарылып түсті.
Менің сәл-пәл оғаштығыма, өзінің тым қатты кеткеніне қысылған сыңайлы.
- Тағы да айраныңызды ішіп қоям ба деп қорқып жоламай жүрмін, - деуге шақ қалып тілімді тістей алдым.
Әй, ақкөйлек ағаларым-ай!
***
Марат Қабанбаев қандай дарын еді, босқа күйіп кетті.
***
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада басшы кезім. Фариза апаның «Тұмар» журналын ұжымымен қоса қоныс беріп, өзіме алып алдым. Екі күннің бірінде апам кең көсілме кабинетіме келіп шай ішеді. Әңгіме айтамыз. Жөнді-жөнсіз ұрсып та жатады. Үнсіз көтеремін. Бірінде апамның маған кіжінуі тым жиілеп кетті.
- Апа, - дедім сосын. – Сізге бір ұсыныс айтайын. Орындайсыз ба?
- Айт!
- Айтсам, сізге әйел алып берейін. Ұрсасыз ба, сабайсыз ба өз еркіңіз. Рахат!
Фариза апам есі ауып қалғандай аңырып біраз отырды. Ой, сосын бір бетін столға төсеп, күлді дейсің. Қояр емес. Өзім қорқа бастадым.
- Ой, айналайын, - деді сәл ес жиып. – Маған жетпей жүргені сол еді. Дәл таптың. Сол қатынды сен ал десең аламын...
Қайтып ұрыспайтын болды. Апа! Апа! Апа!
***
Қырғыздың Талас даласында ұлан-асыр той өтті. Манастың 1000 жылдық салтанаты. Әлемнің әр түкпірінен қадірлі қонақтар шақырылған. Ортада-Манас ордасы. Екі қабатты киіз үй. Жан-жағы самсаған ақ отаулар. Мың қаралы. Қызыл тілі таңдайын күйдірген шешендер бірінен соң бірі сөз оздырып жатты. Өз кезегі келгенде мінбеге қалмақтың айтулы ақыны Давид Кугультинов көтерілген. Дәу бас, тұтас дене, дана дидар.
- Сіздер қырғыз бен қазақ халқы қалмаққа қарыздарсыздар. Барлық лиро-эпостық жырдағы батырларың бізбен соғысады Манас та сол. Қалмақ болмаса кіммен соғысар едіңдер? Біз соғыспасақ батырлық жырларың да тумас еді. Манастың 1000 жылдық салтанаты да өтпес еді...
Әңгімесін осылай әзілмен бастаған Давид ақын көсілді дейсіз. Сөз тасқын судай ағып тоқтар емес. Сұңғыла ғой.
***
Біздің үйден Астрахань қаласы тура 120 шақырым. Бала кезімізде таңертең автобуспен кетіп, кешке келе берер ек. Барар жеріміз Кировский көшесіндегі қаз-қатар тұрған дүкен. Сосын «Татар» базары. Асханада, көшеде қалмақ балалары, жігіттері бізді көре қалса, қазақ екенімізді біліп, қалай да ұрынады. Төбелеспей тарқамаған кезіміз жоқ. Таяқ та жедік, жегіздік те.
Жаулық қанға кетеді білем.
***
Қазақтың ішінде жүріп өлу рахат. Тірлігінде естімеген мақтауды естіп, көрмеген құрметті көресің.
***
Тірлігінде орта есеппен жүз адамға жақсылық жасаған шығармын. Ірілі-кішілі. Есеппен жасаған жақсылық елдікті бұзады. Бұлдамаймын, қайтарым дәметпеймін. Мысалы, біреудің баласын оқуға түсірдім, соттан құтқардым, ақша бердім, үй, жер алуға жәрдемім тиді, әйел әпердім, машина мінгіздім, жыласа-жұбаттым, қуанса-қасында болдым...
Сол жүз адамның оны алғыс айтып, іштей риза көңілде жүрген шығар. Қалғанын білмеймін. Көбі уақыт оза келе сыртымнан өсек өрбітті, ғайбаттады, жазғырды тіпті жауығып кеткені де бар.
Жақсылық жаса да ұмыт деген қағиданы мен де білемін. Ұмытайын десем өздерінің әлгі әрекеттері қайта-қайта есіме салады.
Иә, олар жаман, жексұрын иә мен жаманмын.
Жалпы қазаққа жақсылық жасап, береке таппайсың-ау, деймін.
***
Әдебиетте Зейнолла Қабдоловтай ғұламаның орнын басатын бірден бір ғалым, тұлға Мұхтар Құл-Мұхаммед.
***
Талай оғаштық біздің бастан да өткен. Көктем айы еді. Ол кезде Зекең (Қабдолов) Атырауда тұрады. Облыс әкімі Серікбек Дәукеев резиденциясына бір топ азаматқа дастархан жайғызыпты. Зекең бастап Қабдырахим Жаңбырбаев, Мереке Құлкенов, Асхат Иманғалиев, Ғибатолла Мүрсәлиев, Асқар Харесовтер боп бас қостық. Саунасына да шомылдық. Бата жүрмес көкмойнақтар да әлсін-әлсін босап шығып жатты. Қызықты мәжілісті қиып кете алмай түн ортасына дейін отырдық.
Бір кезде облыс әкімі Дәукеевтен хабар келсін.
- Зекеңнің Ақтауда тұратын апасы уақыт етіпті. Жедел естіртіңдер де, аэропортқа алып жүріңдер. Вертолет әзір. Мен сонда күтемін, - деген.
Абдырадық та қалдық. Зекең қамсыз, әңгімені әрлеп айтып жатыр. Бір-бірімізге қараймыз. Ешкім батып, естірте алар емес. Тіпті аузымызға жөнді аталы сөз түспеді.
- Зеке, - деппін сондай қиналыс шақта. – Шыныңызды айтыңызшы, мынау өмір түкке тұрмай ма?
- Түкке тұрмайды.
- Ит тірлік қой.
- Ит тірлік, - деп, ойында дәнеңе жоқ Зекең де қостап жатыр.
- Сіздің Ақтауда апаңыз бар ма еді?
- Иә, туған апам.
- Ауыратын ба еді?
- Сырқат-тын.
- Ендеше сол кісі мына ит тірліктен құтылды. Рахат болды. Ал, киінейік. Аэропортта вертолет күтіп тұр. Тездетіп жетуіміз керек.
- Алла-ай, Рахымжан-ай, не дейсің, - деп Зекең орнынан әзер тұрған.
Пәлсапамның түрін көрдіңіз. Қой, қой!..
***
Қытайдан келіп, тумаса да туған ініндей болған Сержан үйленемін деген сөз айтты.
- Аға, орыс қызын алып беремін дейтін едіңіз. «Хорошодан» басқа орысша білмеймін. Асылы, маған қол болмас. Одан да өзім танитын, тілін білетін қызға үйленейін. Ата-анасы Құлжаның Мұңғыл – Күре ауданында тұрады. Құда түссеңіз қайтеді, - деп қиылды.
Уәде – Құдай сөзі. Жаныма інімді алып, құда қайдасың? – дейін. Алдымен тау ішіндегі Ақдала ауылына бардым. Әке-шешесіне сәлем бердім. Ертеңіне бір топ боп Мұңғыл – Күреге бет алдық. Жолай тау бөктерінде жалғыз үй тұр.
- Қалмақ жайлауы. Дос-жар адамдар, - деді Сержанның әкесі Сәрсенбай ақсақал.
- Бұрыла кетейік.
Барсақ ат үстінде бір боз бала тұр. Үй-іші қыдырып кеткен. Сәлемдестік.
- Атың кім, інім, - деймін әлгіге.
- Волга.
Қазақша ағып тұр. Таңқалдым. Волгасы несі?
- Атыңды не себептен Волга қойған?
- Білмеймін, - дейді боз бала – Мағынасын да түсінбеймін. Жалпы бізде мұндай есімдер сирек болса да бар.
Е, түсіндім. 1640 жылы Аюке хан қазақ даласын көктей өтіп Жем бойына жеткен. Жамбастап жатып алған. Кейін Үбіші хан Қошалақ пен Ашақты мекен еткен. Еділ (Волга) суынан дәм татқан. 1771 жылы орыс пен башқұрттың, қазақ қолының қысымына шыдамай 30 мың шаңырақпен Жоңғарияға кері оралған Абылай хан Балхаштың Саяқ өңірінен қоныс берем деп уәде еткен. Бірақ айныды.
Қалың көш Балхашқа кеп тірелгенде алдарынан қытай шеріктері шығып жусатып салады. Тірі қалған 70 мың қалмақ қытайға бодан боп мойынсұнды. Біразы қазақ пен қырғызға сіңіп, елдігінен айырылды.
Демек, бұлар сол дүрбелеңнен аман қалған жұрағат. Арғы аталарының қонысы Еділ бойы. Тарихи жады өшпейді. Бір жарым ғасырдай кір жуып, кіндік кескен жердің аты кісі есіміне айналған. Сағыныштан...
- Әке-шешеңе сәлем айт. Мен де Волга бойынан келдім. Жерлестеріңмін. Сенің атың – ұлы өзеннің атауы деп қоштастым.
Жалғасы бар, басы осында