КӨРГЕН-БАҚҚАН.

КӨРГЕН-БАҚҚАН.

Классик-жазушы Рахымжан Отарбаевтың күнделігінің жалғасы, басы осында 

 

Кәрі қыз атанған бір апамыз бейсауыт біреулердің қарасы көрінсе :

«Ойбай, мыналар мені алып қашайын деп жүрген сияқты» - деп үйден үйге, қорадан қораға тығылатын. Еріксіз күлетін ек. Қазірде сол көріністі елжіреп еске аламын.

 

***

Мысыққа тірі тышқан керек. Алдымен домалатып ойнайды. Әрлі-берлі аударып-төңкереді.  Құмары қанған соң жұта салады. Осы ойын-өте таныс ойын. 

 

***

Дүние жалған емес, адам жалған. Дүние тұр ғой, мәңгілік өсіп-өніп, жасарып, асқақтап. Адам өзінің уақытшылығын соған жауып құтылғысы келеді.

 

***

Кейде руыңды ғана емес, ұлтыңды да өзгертіп алғың келеді.

 

***

Ақ шелектей төңкеріліп Ай да қартайды, мен де қартайдым.

 

***

Тозаққа барғым келеді. Өйткені атам қазақ «Көппен көрген ұлы той» деп үйреткен.

 

 

***

Қытайлар моңғолдарға:  –  Біз  теңізбіз, сендер балықсыңдар. Балық теңізден шығып қайда барады? – деген.

Соны естігенде өкпем ауа сормай қалды.

 

***

Баяғыда біздің ауылда бір әпенді шал бар еді. Өзі түшкіріп, өз-өзіне «Сәбидей мұңсыз бол!» деп қошемет айтып отыратын. Келемеждеп күлетін ек. Бекер екен...

 

***

Ата бөліскен, атақ бөліскен, ақша бөліскен бейдауа заманға тап болдық. Баяғы Кеңестік дәуірдегі арақ бөліскен кез рахат екен ғой. Қоймай аңсаймын.

 

***

Ақыл-азап. Иесіне күн бермейді. Қазіргі заманда ақылсыздық, топастық Алланың берген үлкен сыйы сияқты...

 

***

  • Өлеңді тастап кеттім, - деді бір ақын. Ұят жоқ, имену жоқ. Көзі жарқырап тұр. Қатынымды тастап кеттім деген сынды. Өлең мені тастап кетті, бауырым, десе құшақтап, бетінен сүйер ем.

 

***

Бір танысым төрт рет төсек жаңартты. Ол өз шаруасы. Бір таңқаларлығы әр үйленген сайын бұрынғы айырылып кеткен жұбайын мақтайды. “Ол бұған қарағанда адам еді ғой” – деп тамсанады. Тағдыр шығар! “Жоғалған пышақтың сабы алтын” деген мәтелге амал жоқ, бір тармақ қостым. «Жоғалған қатынның саны алтын» - деп.

 

***

Жұбайы қапияда көз жұмған бір келіншек сыр ашып отыр.

  • Ол байғұс адам екен ғой, - деп.
  • Бұған дейін кім деп жүрдіңіз?
  • Күйеу деп.

Әйел психологиясы қызық. Бізді өлген соң адам қатарына қосады-ау, деймін.

***

Құрмалас сөйлем құрай алмайтындар жазушы атанып жүр. Сөз сөзге жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұратынын оларға айтқаннан не шығады?

 

***

  • Мен жазушымын ғой, - деді бір ағамыз мақтанышпен.
  • Сіздің столда отырып жазған шығармаңызды мен унитазда отырып-ақ жазамын, -деппін қырсық шалған басым

 

***

Жаз кезі еді. Ыстықкөлге жанұямызбен бара жаттық. Жолай Бішкекке аялдап Мұхтар ағаға (Шаханов) сәлем бердік. Мұхаң қызу жұмыс үстінде. Поэма жазып жатыр. Орыс тілінде.

  • Мұха, екеуміздің орысшамыз қарайлас еді ғой, Бұл қалай? – деймін таңданып.
  • Ский мен скаяны білсең поэма жазу түк емес екен, - дейді Мұхаң.

Талантты адамға ем жоқ қой!

 

***

Жұмекен ағам Нәжімеденов 1981 жылы Алматыға келген мені екі аса талантты ақын інісіне аманаттады.

  • Рахымжан әдеби ортаға жаңа қадам басты. Бас-көз болып жүріңдер, - деп. Өмірден ерте кетерін білді ме, жарықтық. Олар Жұматай Жақыпбаев пен Ұлықбек Есдәулетов болатын.

Сол аға аманаты есіне түсті ме, араға 30 жыл салып Ұлықбек дос мені өзінің 60 жылдық мерейтойына шақырды. Өскеменнен бастап Жарма, Көкпекті, Зайсан аудандарын түгел араладық. Керемет той өтті.

Ал, Жұматай ше? Жұмағам да ара-тұра іздейтін. Айтар әңгімесі жаттанды. Келе: –  Жұмекен ағам сені маған тапсырып кетті ғой. Рас па? – дейді. Әбден мойындатып алып: – Ендеше басым ауырып тұр. Бір шөлмек ала сал, - дер.

  • Жұмағам-ау, сонда ол кісі кімді кімге тапсырып кеткен? – деймін менде беріспей.

Аяулы ақын ондайда таласқа түспей, мөлттей қара мұртын сылап, жұмсақ жымияды. Менде еріп сала беремін... Кейде сағыныш меңдегенде оның өлеңдерін қолыма аламын.  «Иттен де қалған, құстан да қалған, Көңілім менің, көңілім!»...

 

***

Адамдардан артист жасап, сол артистен қайтадан адам жасай алмай жүрген режиссерлар да аз емес.

 

***

Жоңғарияда тақ талас басталғанда Әмірсана жақтас іздеп Қытайға қолқа салады. Бұл XVIII ғасырда болған оқиға. Қытай көмекке үлкен әскер шығарады. Сөйтіп жер бетінен Жоңғар мемлекетін жойып жіберді. Өз қателігін тым кеш түсінген Әмірсана Қытайға қарсы шыққан. Ақыры қуғынға ұшырады.  Жанын аузына тістеп қашып Абылай хан ордасына жетеді. Нағашы жұртын сағалайды.  Соңында орыстарға беріліп, Омбыда өкінішпен қаза болды.

Тарих дөңгелегі қайталанып отырады. Талай елдің басшыларына осы оқиға сабақ бола нетті.

 

***

 

Он күн Итальяда болдым. Милан қаласы. Дүниежүзілік кітапхана басшыларының алқалы жиыны. Түрлі баяндама, алуан пікір жарысы... Бес тілге жедел аударылып, сайрап жатты. Өнеге алатыны аз емес, бос сөзде жетерлік. Астанаға қайтқан соң Ұлттық академиялық кітапхана қызметкерлерімен біраз оң тәжірибені бөлісермін деп ойладым.

Қонақүйдің шағын бағында отырып түнімен  әңгіме жазамын. Алдымен «Би», сосын «Моно Лиза». Екеуі де сәтті шыққан сынды. «Моно Лизаны» жазғанда Санта Мария көшесін ұзақ кездім. Неткен сәулет, қандай салтанат! Сосын атақты Ла Скалаға билет тауып, концертке қатыстым. Қазіргі өлшеммен алғанда кішкене ғана өнер ордасы. Ал, даңқы қандай! Бір грузин қызы мен қытайдың жас әншісі шырқап жатты. Ойыма осында екі жыл тәжірибеден өткен Амангелді Сембин досым түсіп, көңілім құлазыды. Есесі кеткен есіл дарын! Шерхан аға айтқандай «Сондай бір жұлдыз жарқырап туған. Бәріміз жабылып жүріп өшіргенбіз». Қазақ десе өзіңе тиеді. Бірақ қай бір оңған халықпыз...

Театрдың жанындағы шағын мұражайына бас сұқтым. Амангелді жайлы бір дерек те таппадым. Оларға несіне өкпелейсің. Өзіміз оның концерттері мен бар сұхбатын теледидардың алтын қорына алудың орнына түгін қалдырмай өшіріп, құртып тастасақ.

Ал, Мәскеуліктер «Ах, этот серебряный тенор» деп әлі күнге тамсанады. 

Жалғасы бар, осында