Классик-жазушы Рахымжан Отарбаевтың күнделігінің жалғасы, басы осында
Талғамсыз көп тобыр үшін жаза алмай қойдым. Ал, олар мен сүйген биіктікке көтеріле алар емес. Екі ортада ауасыз бос вакуум жатты. Біріміздің даусымызды екіншіміз ести алмадық. Сонда санаулы топ үшін ғана қалам ұстаймын ба?!
***
Дүниені қатарынан жаулап келе жатқан Ескендір Зұлқарнайын Ошқа келіп, Сүлеймен тауының етегінде тыныс алған тұста Аристотельге хат жазады.
Қазіргі Президенттер мен Елбасыларда өздеріне деген осындай сыни көзқарас бар ма екен?..
***
Пушкин мен Анна Керн бақ ішінде қыдырып келе жатады. Анна ару жұдырықтай бір тасқа сүрініп кеткен. Қайтар жолда Александр Сергеевич әлгі тасты қалтасына салып алады. Қазірде музейінде тұр. Оны орыстардан тап сол тастың көлеміндей алтын беріп те айырбастап ала алмайсың. Өйткені ол тарих. Керннің аяғының, Пушкиннің алақанының табы қалған.
Бізде ше? Сүрінбек тұрмақ омақасып құлағанымызға қарадық па? Содан да шығар, мұражайда тұрған жәдігерлердің көбі өтірік, жалған, ойдан-қырдан құралған. Одан қалса әркімнен шапан жинап, әуре боп жүрміз...
***
Өз ортасында соншама жеккөрінішті адам. Бірақ жылан құсап жорғалап жүгіріп кірмейтін есігі, алмайтын марапаты жоқ. Ызаланып отырып-ақ разы боласың.
***
Кеңес кезінде Жайық жағасын мекендеген қазақ, орыстар көп еді. Қазір сиреді. Көбі тарихи Отанына көшті. Бір шал әлі бар. Кешегі күндері аты аңызға айналып дүрілдеді. Өйткені ол атақты Чапаевтың көмекшілерінің бірі екен. Жайыққа суға кетіп өлгеніне куә болыпты. Тіпті өзеннің арғы бетіне оқ тиген қолбасшыны аман алып шығамын деп жанталасыпты.
Содан газет біткен шуласын. Теледидар мен радио жағын саусын. Тұрған селосына соның атына көше берілсін. Тұрған үйіне ескерткіш тақта ілінсін. Мектеп біткен кезекке тұрып кездесуге шақырсын. Хош деңіз.
Егемендік алған соң әңгіме ауаны өзгеріп сала берді. Шалдың өтірігі ашылды. Ашқан ауылдастары. Бақсақ бұл сойың атаман Толстовтың офицері екен. Ақтың офицері! Чапаевты атып, ат-матымен суға батыратын осының өзі. Нақты дерек бұлтартар емес.
«О времена, о нравы» деген сол!
***
Заңгер мен бәлгерге сенуден қалдық.
***
Жауған қардың да еркегі, ұрғашысы болатынын есітіп таң қалдым. Еркегі ерімейтін, кебіртек бетпақ қар да, ұрғашысы сулы, жұмсағы болса керек деп топшыладым. Табиғат ұлы анамыз ғой. Қардың өзін жынысқа бөліп тууын қарашы!
***
Бір танысымнан қарызға ақша сұрадым. Алдында көңілді әңгіменің көрігін қыздырып отырған. Екі езудегі күлкіні көрудің өзі бар бақыт. Кенет аузы бүрісіп, бөтелкенің аузындай боп дөңгеленіп қалды.
***
Бір молда жұртшылыққа баланы сүндетке отырғызу үлкен парыз екенін ұзақ түсіндірді. Әртүрлі мысал, нақыл айтты. Құп алдық. Сөзінің соңында – Ертеңгі күні о дүниеге барғанда Аллекем мұсылман екендіктеріңді сол жерлеріңе қарап таниды, - деп те соғып жіберді. Жаратқан ием өз пәндесін қалай болса да түстеп білер-ау. Тек әлгі молданың уәжі тосын көрінді.
***
Алдым-сағым, артым-сағыныш. Құдай басқа сана, тілге бояу, қолға қалам берді. Жарқыратып маңдай, жалбыратып шаш, жабылдырып дұшпан, жалғыз-жарым дос берді. Бәріне де шүкіршілік!
***
Жас кезім. Бір күні үйге удай мас боп келе жаттым. Көше бойы. Екі жағыма алма-кезек теңселемін. Дүниенің бәрі осы ырғаққа көшкен сияқты. Бәрі маған мейірленіп, күлімдеп, құттықтап қарайтындай. Өзіме соншама ұнады.
***
Атыраудан Ақтауға ұшып бара жаттым. Жаныма жақсы көретін інім Құрманғали (Тасмағамбетов) келіп жайғасты. Әңгімеміз гүлдеп сала берді. Өз кезегінде Құрманғали:
Рахаттанып күлдік. Бірақ ойланып қалдым. Неше түрлі арманым еске түсті. Кәрі күзеннің жасына жақындап қалған соң ба?..
***
Бір топ үйрек бір көлді тастап, дүр етіп көтеріліп, екінші көлге қарай ұшып барады дейді. Жолай сұңқар кезігіп сұрайды – Қайда бет алдыңдар?, - деп. Сонда үйректер: – Құрсын, мына көл сасып кетті. Ана көл таза, соған барамыз, - деседі. Сұңқар айтты дейді: – Мына көтендерің аман болса оны да сасытарсыңдар, - деп.
Облыстан облысқа, министрліктен министрлікке ұшып-қонып түк бітірмей жүрген біреулерді көрсем ылғи да осы әпсана есіме түседі.
***
Бір ағашта жүз бұтақ бар. Біреуді ғана қамшыға сап болады. Соны таңдай білетін көз бен көкірек болса ғой.
***
Баяғыда тұрмыс құрмай қалған бір апамыз: – Алла маған бір бай бережақ – деп отыратын. Күлетін ек.
Қазірде кейбір қыздарымыз: – Құдай маған бір қытай бережақ, - дейтінді шығарыпты. Жылайсыз ба, қайтесіз?!
***
***
Алабайдың күшігін асырадық. Өзі еркек. Ал, атын Ләззат деп қойдым. Жұрт қызық көріп бұл аттың сырын сұрайды. Мен айтамын, неше түрлі иттігінен ләззат алып отырайын, деп қойдым деп.
Ақыры сұраған біреуге беріп жібердім. Заты-еркек, аты-әйел болған соң ит те болса болмайды екен...
***
Жайықтың жағасына кеп ұзақ тұрдым. Жел екпіні баяулаған. Күн көкжиекке маңдай тіреп қалыпты. Толқындар ыңғай төкпе қалпы көтеріліп-басылып мұңды әуен кешіп жатты. Менің де көңілі-күйімнің одан асып тұрғаны шамалы.
***
Мектептің тұсынан өтіп бара жатыр ем. Кішкентай жез қоңырау баланың даусымен жылады.
***
1945 жылы Сталинге көмекшілері Гитлер бункирінде атылып өлді деп баян етеді. Сонда ол бір ауыз ғана сөз айтыпты. – Доигрался, подлец!
Жалғасы бар осында