КӨРГЕН-БАҚҚАН

КӨРГЕН-БАҚҚАН

Классик-жазушы Рахымжан Отарбаевтың күнделігінің жалғасы, басы осында 

 

Құрығанда мал құрсын дейтінім бар. Не себеп? Біреулер дау көтереді. Ғасырлар бойы қазақты сол мал асырады. Жесе еті, ішсе сүті, кисе киімі болды деп. Ол рас. Бірақ соны малданып, біздің қазақ ғасырлар бойы надан боп қалған жоқ па? Қарны тоқ, қайғысы жоқ адам өнер, білім, өркениет іздейтін бе еді? Анау заманында түгі жоқ дейтін жапон, қытайларды алыңызшы. Испан, португалдарды алыңызшы. Ашпаған жаңалығы, таппаған өнері жоқ. Тіпті кеме мініп, көк теңізді кешіп жаңа құрылықтарға дейін ашқан жоқ па? Біздің шалдар қара жердің бетіне тіпті дені дұрыс үй де сала алмады. Қысты күні қамсауы аз киіз үйде от жағып, ысқа сүрленіп отырды. Жаз шықса қызықтайтыны ойын-той, бәйге, палуан күрес, айтыс, мешкей жарысы, тоқал қызықтау... Бар ғұмырлары осымен өтті. Жарайды, өткеннің бәріне өкпе жапсыра бермейін. Бірақ біз, кейінгі ұрпағы әлемдік даму үрдісіне соншама кенжелеп, жатқа жаутаңкөз боп қосылдық емес пе? Оны ешкім жоққа шығармас. Әй арғымағы ауына симай алшаңдаған көкелерім-ай, тым қамсыз жүріпсіңдер.

 

***

Әр түрлі деңгейдегі әкімдер мен министрлер, чиновниктер көп. Біразы білімді, парасатты. Ал, біразы... Ішін жарып жіберсең басы бүтін екі әріп түспейді-ау. Солар халық атынан сөйлегенде қылғынып өлгің келеді.

 

***

Соңғы он жылда Қали Сәрсенбайдың «Шал мен шындық», Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырсқа және біз» деген кітабындай ақылды, халыққа соншама шырылдап ара түсер кітапты оқығаным жоқ. Осы екі азаматқа қолымда болса Мемлекеттік сыйлықты ойланбай берер ем.

 

***

Кейде таң атпаса екен деп жататыным бар. Ешкімді көргім келмейді, сөйлескім келмейді, тыңдағым келмейді. Өзімнен де, өзгеден де қашамын. Тау-тасты кезіп, орман аралап, жападан жалғыз дорба асынып, бәдәуи боп кетуге бармын. Бәлкім, бұл да емі жоқ ауру шығар.

 

***

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары. Соғыс салған жара енді біте келген кез. Десе де қоңторғай тірлік басым. Жалғыздан қалған жалғыз үйленіп, сәби дүниеге келеді. Сонда көрші шешеміз немересін құшақтап отырып армандайды дейді. «Ертең осы қарғам да ер жетіп, ел қатарлы арақ ішіп, үйге бұлғаңдап келер ме екен?» деп. Дүниеде ананың махаббатына жетер ештеңе жоқ қой.

 

***

Кейде өзіме де, өзгеге де жөнсіз қаталдығым бар. Кейде өзіме де, өзгеге де жөнсіз жұмсақтығым бар. Әшірбек Сығай, ей, жарықтық қандай тұлға еді. «Рахымжан сенің жазуың да, өзің де біртүрлісің» деуші еді. Жек көріп айтпайтын. Жұмсақ әзілдеп, күліп тұрар еді.

Иә, мені қайбір оңған адам дейсің!

 

***

Бішкекте жүргенімізде  Сауытбек Абдрахманов, Өтеген Оралбаев пен Ұлықбек Есдәулетов мені әзілдеп әрқайсысы бір-бір тармақ өлең айтты.

  • Рахымжанның сөзіне қарасаң билер сияқты
  • Пьесасына қарасаң Шиллер сияқты.
  • Өзіне қарасаң киллер сияқты, - деп.

 

***

Биылғы жаздың гүлдері көп. Бәрін бірдей иіскейтін мұрын қайда?..

 

***

Ақша қолдың кірі, саясат беттің кірі... Қанша сабындап жусақта осы “кір” кетер емес.

 

***

Бал арасы өзінің бал жинап жүргенін білмейді. Білсе аю мен адамға беріп не жыны бар. Өзі жеп қояр еді.

 

***

Әдемі қаламсаптар бар. Көргенде-көзің, ұстағанда қолың-қуанады. Бірақ жазбайды. Сиясы сапасыз иә таусылған. Кей ағаларым сияқты...

 

***

 

Біздің елдің саясаты көп байға тиген әйелдің қылығын еске салады.

 

***

Жорғаның қадірін желгенде білетін, жақсының қадірін өлгенде білетін не деген қасқа халықпыз?!

***

Қонаққа барғанбыз. Ағамыз күндей күркіреп, жеңгеміз найзағай боп ойнап, ғазиз басымызды от пен судың ортасынан әрең алып шықтық.

 

***

Жүргіштеу қыз екен. Әсіресе шетелден келгендерге әуес. Сонысымен-ақ дәулет жинапты. Бір жолы кітабымды алдыма тосып, қолтаңба сұраған. «Тон кием деп қайыстан, тоғыз түрікпен сайысқан батыр қарындасыма ризалық көңілден», - деген тілек жаздым. Қолымды қойдым. Алғыс айтып кетті.

 

***

Ақсақалдар түшкіріп жіберсе тау жарылып кетердей  боп тұр...

 

***

Италья сапарында бір топ үндістерді кездестірдім. Қала орталығында ән салып, садақа жинап тұрды. Әйел, еркегі, бала-шағасы бәрі, бәрі ... Жандарына барып ұзақ тұрдым. Еркін сөйлесер тіл жоқ. Ыммен не айтуға болады? Сосын Ай дедім. Оларда осы сөзді қайталап, сұқ саусағымен аспанды түртті. Ата, алма, балта, қайық, тау деп шұбырта жөнеліп ем. Әлгілер абдырап, у да шу боп мені ортаға алсын. Ағайындарын көргендей аңқылдап әңгіме айтып жатты. Қимай қоштастық.

Түбіміз бір туыс екеніміз рас қой.

 

***

Тышқан дәнді ініне тасиды, біздің биліктегілер қолына түскен ақшаны шетелге тасиды.

 

***

  • Түркімен төрін бермейді деп жатамыз. Жоқ, олай емес. Олар үлкен ғып текемет басқанда бетіне әр рудың таңбасын қоса салады. Мысалы, Теке сонан соң Жәуміт... осылай кете береді. Келген қонақ сол өз таңбасының үстіне отыруы тиіс. Басқа рудың таңбасына құйрық басуға болмайды. Бұл жазылмаған заңдылық!

Мәселен, сіз құдайы қонақ боп келе қалдыңыз дейік. Ақбоз үйде өңшең түркімен шалдары отыр. Сізге ешқайсысы да ығысып орын бермейді. Өз таңбасының үстіне отырғызбайды. Ендеше іргеге жайғасыңыз. Ол жерде құлын жарғақ төсеулі жатыр. Міне, әлгі сөздің құпиясы осы!

Бұл да бір тектіліктің көрінісі-ау!

 

***

«Я, Құдай! Бізді шайтаннан, құйрықты жұлдыздан, түріктерден сақтай гөр!» XIV-XVI ғ.  Европа халықтарының дұғасы.

 

***

Бұл заманда біреудің ойы Байронда, біреудің ойы айранда.

 

***

Иманғали кездесіп хал сұрады.

  • Жақсы, - дедім. – Бір бұтым-Жайықта, бір бұтым-қайықта.

 

***

Рулық деңгейдегі ел ұлт болып ұйымайды. Үндістердің де трагедиясы осында!

 

***

Жан-жағымнан қырық қарға қарқылдады. Орталарына бір тасты жіберейін дегенмін. Олардың басын емес, жазығы жоқ тасты аядым.

 

***

Бір байдың жұртына екі тышқан таласыпты, деген бала күнде естіген ертегі бар-ды.

Ертегі де нақты өмірден көрініс табады екен-ау...

 

***

Кейде-кейде Құрманғазы көкемнің «Сарыарқа» күйіндей жұлқынып, дабылдатып кететінім бар. Адам туған топырағы мен табиғатынан аса алмайтыны рас білем.

 

Жалғасы бар, осында