Қырық жылдан астам өмірін киелі Маңғыстауды зерттеуге арнаған өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Отыншы Көшбайұлының 2006 жылы жарық көрген «Жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстау» кітабынан үзінділерді жалғастырамыз, басы осында
Таушықтан Форт-Шевченко қаласына бара жатқан ескі грейдер жолының бойында Сұлтан епе әулиесі бар. Шақпақ ата әулиесінен шамамен 30 шақырымдай жер. Бұл өзі Маңғыстау жерінің бойындағы табиғаты әсем, көрген адамды өзіне еріксіз тартатын жер. Әулие жоғарыда тегіс жерде орналасқан. Одан 50-60 қадамдай шың жиегінде көк шақа тастарды ойып қазған шыңырау. Күні бүгінге дейін әулиеге келіп зиярат етушілерге өзінің сарқылмас балдай суын ұсынып, қызмет етумен келе жатыр. Келген, кеткен адамдар оның әйкелінің қасында отырып, әңгіме шертуге әуес. Жан жағың таңдайыңа бассаң езіліп жүре беретін тұт ағаштары. Ал осы құдықтың іргесі тіп-тік құлама жар. Төменде әнге салып ұйыса өскен қалың ағаш. Шілденің қандай аптап күндерінде де бұл жер жаныңа жайлы, қоңыр салқын. Өйткені қалың ағаш қуалай өскен кең аңғар арғы жағында теңізге жалғасқан.
Таудың қара дүрсін тастарымен қоршалған әулиеден 60-70 қадамдай күншығыста жер асты мешіті бар. Өлкемізде сақталған басқа жер асты мешіттеріндей оның ішіне кіріп көру, аралау қазіргі уақыттарда қиындық келтіреді. Өйткені оған кірер жерлері де, ішіндегі кейбір бөлмелердегі тіреу тастары да уақыт үрдісіне шыдамай құлаған. Бірақ тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіру мекемесінің алдағы жоспарлы жұмыстарында осы Сұлтан епе жер асты мешіті тұр. Ол жерге зерттеу жұмыстарын жүргізген біздің археологтарымыз оның салынуын әріге апарады. Бұл ғимарат өлке жеріне ислам дінінің әлі орнықпаған кезендерінде салынған болуы мүмкін, артынан мұсылмандар оны өздеріне мешіт есебінде пайдаланған болуы керек деген ойларын да жасырмайды. Қайта қалпына келтіріліп, нақты ғылыми тұжырымдар жасалса, өлке жерінің сонау ерте кезенде тасқа жазылған тағы бір парақтары өз жөнінен сыр шертері даусыз.
Әрине әулие басына келген зиярат етуші осынау жым-жырт тыныштық басқан касиетті жерді аралай жүріп, шама келсе оның өткеніне үңілгісі келеді. Қандай тұлға екенін білгісі келеді. Бірақ өкінішке орай ауыз толтырып айтатын, қолға ұстай қоятындай нақты деректердің жоқтығы да рас.
Облыстық мұражай қорында 1873 жылы Тбилиси қаласынан шыққан "Маңғыстау жерінде өмір сүріп, қайтыс болған Ханафия сектасының қасиетті адамдары" атты кішкене ғана кітапша бар. Міне осы кітапшада біз әңгіме қылғалы отырған Сұлтан епе жайында қысқаша ғана деректер айтылады.
Қожа Ахмет Иассауидің шәкірттерінің ішінде әулиенің көзіне ерекше түскені Сүлеймен еді. Оның болашағынан көп үміт күткен ұстазы Қожа Ахмет оған Хакім ата деген ат беріпті. Оқуы аяқталғасын Қожа Ахмет оны Хиуаға жұмсайды.
- Саған сол елге тұруды жазған. Білім тарат. Сол жақта үйленесің, балаларың болады,-деп батасын беріпті.
Ұстазынан ақыл кеңес алған Хакім ата (Сүлеймен) бірнеше күн жүріп Хиуа (Арал) теңізінің жағасына келеді. Сол жерде оның мініп келе жатқан түйесі шөгіп, орнынан тұрмай бақырып жата беріпті. Артынан сол жер Бақырған аталады. Міне осы жерге келіп орныққан Сүлеймен Бақырғани-Хакім ата Бурахан деген әулетті адамның Әнбар атты қызына үйленеді. Одан Мұхаммед-Қожа, Әскер-Қожа және Құбби деген үш балалы болады. Мұсылман ілімін таратады. Сол Құббиді қазақтар Сұлтан епе деп атап кеткен.
Міне, сол Сұлтан епе (Қүбби) есейгесін Маңғыстауға келіп тұрақтайды. Осы жерде ел қадірлеген қасиетті адамдардың біріне айналыпты. Екі ағасы Мүхаммед-Қожа мен Әскер-Қожа артынан келіп, оларда Маңғыстауда тұрақтап қалыпты. Әр жерде жарияланып жүрген мақалалар сол Сұлтан епенің қай заманда өмір сүргенінен шым-шымдап хабар бергендей.
Ташкент қаласының мұрағатында «Туркестанские ведомости» газетінің 1900 жылғы №97 санында және 1904 жылғы №37 санында Әубәкір Диваев Айша бибі туралы деректер беріпті. Онда ғалым Түркістан қаласының оңтүстік жағындағы 20 шақырымдай жердегі XII ғасырда салынған Айша бибі мазары жөнінде айта келіп, оның әке-шешелері туралы да жазыпты. Айша бибінің әкесі Сүлеймен Бақырғани, яғни Хакім ата, шешесі Әнбар бибі. Сүлеймен Бақырғани Қожа Ахмет Иассауидің атақты шәкірттерінің бірі болған. XII ғасыр поэзиясын дамытуға өзіндік үлес қосқан, ортағасырлық жазба әдебиетінің санаулы өкілдерінің бірі. Оның жазған «Ақырзаман», Иса пайғамбардың анасы туралы «Бибі Мариям» дастаны 1848, 1898 жылдары Қазан қаласында жарняланған.
Сүлеймен Бақырғани, яғни Хакім ата өлгеннен кейін оның әйелі Әнбар бибіге шәкірті Зеңгі баба үйленеді. Сүлеймен өмірден өтер алдында үйіне кіріп шығып жүрген Зеңгі бабаға қарап, зайыбы Әнбар бибіге күліпті дейді аңыз. Сонда Әнбар бибі; «Жылағанды сұрама, күлгенді сұра деген», — депті жұбайына. Сонда көріпкелдігі керемет Сүлеймен; «Мен өлген соң сені осы шәкіртім айттырады. Түсі қара деп тимей жүрме, қадіріңді біледі», — деп уағыз өсиетін айтып, көзін мәнгілікке жұмады. Ол 1186 жылдары өмірден өткен. Ал оның әйелі Әнбарға үйленген Зеңгінің азан шақырып қойған аты —Айқожа, әкесінің аты Түйеқожа екен. Зеңгі деп аталуы арабшадан аударғанда қара түсті негр дегенді білдіреді. Осы Зеңгінің алтыншы атасы қожа Ахметтің ұстазы Арыстан Баб екен. Өзбекстандық зерттеушілер бұл деректерді Пәкстандағы Лахор қаласынан алыпты. Тіпті Өзбекстанның көп томдық энциклопедиясында Зенгі бабаның өлген жылы 1258 деп жазылыпты. (Бақтияр Әбділдаұлы. «Айша бибі». Ег.Қаз. 29 мамыр. 2002.)
Бақтияр Әбділдаұлы мақаласында Ш.Уәлихановтың еңбегінен үзінді келтірген. Онда Шоқан Уәлиханов өзінің «Қашқар күнделігінде» Айша бибі мен оның ағасы Ерқұбби Сүлеймен Бақырғанидан қалған, ал Әнбар Зеңгі бабаға тұрмысқа шыққаннан кейін тағы бір балалы болады, онын аты Әлиасқар депті». Осы деректерге сүйене отырып Б. Әбділдаұлы Айша бибі ең бері дегенде 1185 жылдары өмірге келген деген пікірін де білдіреді. Ал Сұлтан епенің (Ерқұбби, Құббидің) оның ағасы екенін ескерсек, Айша бибіден кемі бес-он жыл әріде туатыны белгілі жай.
Әрине Әубәкір Диваевтың да, Шоқанның да еңбектерінде Құббидің-Сұлтан епенің екі ағасы Мұхаммед-Қожа мен Әскер-Қожа жөнінде айтылмайды. Дегенмен де Тбилиси қаласында 1873 жылы басылып шыққан кітапша осы Маңғыстауды мекендеген шалдардың аузындағы әңгімеден жазылып алынғандығын ескерсек, аңыздың түбі бір кездегі шындықтан бастау алғандығына көзімізді жеткізеді. Яғни, Сұлтан епе XII ғасырдың аяғы мен XIII ғасырдың басында өмір сүрген тұлға. Сонымен қатар мұсылман дүниесінде белгілі адам болып есептелетін әкесі Сүлеймен Бақырғанидан тәлім алған ол, оны әрі қарата дамытушы, насихаттаушы болғаны да анық. Олар аңыз деректерде айтылатын Қожа Ахметтің Маңғыстауға жіберген 363 мүриттерінің ісін жалғастырушылар, ислам ілімінің ұлы ғүламалары. Зер салып үңіле қарасақ, түбек төріндегі әрбір әулие, әрбір қорым осылай өтіп кеткен жылдар желісінен хабар бергендей.
Отыншы Көшбайұлы
Өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі