Көшбайұлы Отыншы 1949 жылы 10 қарашада Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының Қызылсу жерінде өмірге келген. Өлкетанушы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Облыстық тарихи өлкетану мұражайында ғылыми қызметкер болып жасайды. «Қайран менің жеңешем» (2002), «Бозашы-Маңғыстаудың екінші тынысы» (Ә.Нұрмановпен бірге. 2005), «Жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстау», «Маңғыстау ғашықтары» (2005), «Атадан жеткен асыл тін», «Дала данасы». (2007), «Маңғыстаудағы аңшылық дәстүр», «Сыбызғы сыңсып жылайды». (2008), «Маңғыстаудағы жерасты мешіттері» (археолог М.Қалменовпен бірге), «Тоғыз ауыл». (2010), «Шоғы батыр» (2011), «Адайдың Қожакелді батыры» (2013), «Би Мәтжан» (2016), «Мекке сапары» (2016) атты кітаптары жарық көрді.
«ҚР оқу-ағарту ісінің үздігі», «Мәдениет қайраткері» атағымен (1991), «Ерен еңбегі үшін» медальімен (2006), ҚР Президентінің алғыс хатымен (2001), бірнеше рет облыс әкімінің Құрмет Грамотасымен (2000, 2005, 2009, 2011) марапатталған. Екі рет «Жылдың мәдениет және өнер қызметкері» атағына ие болды (2000, 2007).
Қырық жылдан астам өмірін киелі Маңғыстауды зерттеуге арнаған өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Отыншы Көшбайұлының 2006 жылы жарық көрген «Жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстау» кітабынан үзінді беріп отырмыз.
МАСАТ АТА
Масат ата жер асты мешіті
Ұзақ сапардан арып-ашып келе жатқан жолаушы да, жол үсті өтіп бара жатқандар да әулие қасына келгенде атын доғарып, өлілерге бағыштап құранын оқиды. Қайда жүрсе де қолтығынан демеп жүрген құдіреттілігіне басын иеді. Алдағы татар несібесіне, көрер қызығына көмегін сұрайды. Өзінің күні бүгінге дейін жер басып, дәмі таусылмай ел қатарлы тірлік керуеніне ілесіп жүргеніне бірден-бір себепші әуелі құдай, одан кейін осы әулиелер екеніне иманыңдай сеніп аттанады. Өйткені, алдындағы әулие туралы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан аңыз да, көр соқыр болмасаң көз алдындағы көрініс те, оның тегін еместігін, қарапайым жан еместігін, адам баласының ойы жетпес, қиялы шарықтамас керемет тылсым күш тек осы құдіреттің қолынан ғана келетінін дәлелдегендей сайрап жатыр. Ана көк шақа тастардағы іздердің солай жатқанына да бірнеше ғасырдың жүзі өтіпті. Ел басынан талай-талай оқиға өтті. бірін бірі қуалап талай жылдардың суы ақты. Бәлкім, сол іздердің үстімен қолы қаралы басқыншының да, ел қорғаған батырдың да алмас тұяқ тұлпарлары әрлі-берлі талай өткен шығар. Бірақ сонда да міні құрымаған сол қалпы, өзгермеген. Әулие кеше ғана жүріп өткендей, кеше ғана мына адамдардың ынсапсыздығына, екіжүзділігіне, опасыздығына, қаралы қолына налып, ұяттан өртеніп, шыдай алмай көкке ұшып кеткендей. Көз алдыңда көк тастағы із, өтіп кеткен жылдар қатпарларынан жеткен аңыз...
Тасқа ойылған Масаттың ізі
Бізге жеткен аңыз оның сонау есте қалмас ықылым замандарда елін жаудан қорғап, арпалысып өткен ер екенін жеткізеді. Әрине, ол туралы нақты мына жылдары өмір сүрген деп айта алмаймыз. Аңыздың аты аңыз. Дегенменде сол аңыздың өзі бастауын шыңдықтан алатыны және даусыз. Заман өте келе талай-талай өзгерістерге ұшырап, мың құбылып жететіні тағы ақиқат. Дегенмен де қолда бар деректерге жүгініп қарайтын болсақ, облыстық мұражай қорында 1873 жылы Тбилиси қаласында жарық көрген «Маңғыстау жерінде өмір сүріп, қайтыс болған Ханафия сектасының қасиетті адамдары» атты пышақтың қырындай ғана кітапша бар. Қазақтың басқа аймақтарына қарағанда оқшау жатқан Маңғыстау жері талай әкімшілік орталықты басынан кешірді. 1861 жылы құрылған Маңғыстау приставтығы алғашында Орал облысына бағындырылса, 1870 жылы 20 ақпанда оны Орынбор генерал-губернаторлығынан алып, Кавказ мирасқорлар әкіміне беріп Тифлиске бағындырылған еді. Міне, бұл кітаптың теңіздің арғы бетіндегі Қап тауындағы Тифлисте шығуында осындай гәп болса керек. Әрине бұл кітапты да нақты дерек көзі деуге келмес. Бірақ қалай болғанда да сол кезеңдердің адамдарының аузынан жазылып алынғанын ескерсек, күні бүгінде бізге жеткен аңыздын шындыққа бір табанда болса жақын уақыттары екені даусыз. Осы кітапта Масат атаның Хорасаннан, Мешхед қаласынан келгенін жазады. Түбек жерінде ислам дінінің орнығуына атсалысқан белгілі тұлға, елін жаудан қорғаған батыр болыпты. Алдыртпайтын, атса оқ өтпейтін, шапса қылышы майырылып қалатын осы бір ерекше жаратылған тұлғаның қайтіп көзін құртуға болады деп жауларының басы даң болыпты. Ақыры аңдушыы алмай қоя ма. Масаттың жас әйелімен көңілі тату болған жансыз одан Масаттың таң намазында ғана бойының балқып, бәрін ұмытатынын білді. Өйткені әулиенің ол кезде бар ойы да, ниеті де тек жаратқанға ғана бағытталатын болса керек. Қазіргі әулиеге көтерілер қырқаның етегінде тастан үңгіп салынған кішкене ғана жер асты мешіті бар. Дүниенің бәрін ұмытып, қасиетті құранға бойы балқи берген Масатты жауы артынан жасырынып келіп басын шауыпты.
О, тоба-ай, алмас қылыш қиып түскен бас домалап кеудесіне құлай бергенде қолымен тас қылып ұстаған кеуде мешіт ішінен далаға атып шықты. Бір сәтте кідіруге болмайтынын білген дене қаны шапшып, жадында жатталып қалған, қыраттың бойын жағалай жүгіре жөнелді. Әшейіндегі алып адамның әрбір басқан қадамы да ұзара түскендей. Мына дүниенің жалғандығына, пенде біткеннің бір сәттік қызық үшін алдана салған опасыздығына өкінген құдірет, бұл жерге денесінің бір мүшесін де тастағысы келмеді. Сонау көкке, өзінің күн сайын тілдесіп тұрған жаратқанына жеткісі келгендей ұшып барады. Адамның қолымен жасалған осы бір кешірілмес қиянатқа қара тас та қып-қызыл болып, ұяттан өртеніп, балқи бастады. Кенет ауыл алдында жайылып жүрген әулиенің жақсы көретін құлынды биесі бір нәрсені сезгендей арқырай кісінеп Масаттың артынан тура шапты.
... Арда құлынын
артынан ерткен төбелді,
Жануар шіркін, тор бие,
Бассыз қалған иесіне қарай сол кезде,
Арқырай шаба жөнелді.
Бірақ, қарайлаған әулие болмады. Қырқаның шетіне жете бере сағымға айналып, көзден көрінбей кетті. Бірте-бірте суыған тастың бетінде аяғын әр жерден басқан Масаттың ізі бүгінге жеткен аңызы ғана қалды.
....Балқыған тастың бетне
Шапағын төкті таң, міне.
Адам мен анау құлынды бие іздері,
Ойылып түсіп сол тасқа,
Қатып қалды сосын мәңгіге...
Қан құйлы жаудың қолынан осылай қаза тапса да, халық жадында сақталған Масаттың құдіреттілігіне толғанған Оңайгүл Тұржанова қарындасымыз осылай жыр төгіпті. Күні бүгінге дейін естігенді таңырқатып, көргенді табындырып, таяз ойлы біреулерді тәубесіне келтірген айтулы әулиенің бірі осы. Көз алдындағы көріністер осы топырақтың тау-тасының да сыр шертіп, шежіре ақтарар құдіреттілігін көрсеткендей.
Отыншы Көшбайұлы
Өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
Жалғасы бар, осында