391-АТҚЫШТАР ДИВИЗИЯСЫНЫҢ СНАЙПЕРІ ҒАЛЫМ ҚОЙШЫБАЕВТЫҢ ЕСТЕЛІКТЕРІ
Жалғасы. Басы осында
Дұшпан танктерінің тегеуріндеріне төтеп бере алмаған біздер амалсыздан Ловать өзенінің жағалауына шегінуге мәжбүр болдық. 1-екпінді армия өкілі полковник Т.Н.Назаренко мен танк снаряды жарықшағынан екінші рет жараланған Рахымжан Қилыбаевты (1936-жылы Алматы қаласында Фрунзе ауданы құрылғанда – аудандық партия комитетінің тұңғыш бірінші секретары, Ж.Д.) өзеннің арғы бетіне алып өтуді өз бөлімшемдегі екі жауынгерге міндеттедім. Сөйтіп, ол екі офицерді аман сақтап қалдық.
Неміс танкілері тақалып келіп, көпірді нысанаға алумен снарядтарын бірінен соң бірін жіберіп, оны талқандап тынды. Шегініп бара жатқан абыржулы жауынгерлеріміз әлгі көпірге кептеліп, өтуге таласып жатқан, енді олар аңтарылысып, одан әрі не істерлерін білмей ұйлығып қалысты. Бұл топталулары жаудың «Рама» барлаушы ұшақтарына жақсы нысана болып, олар төмендеумен келіп, пулеметтен оқ жаудырумен болды. Біздің ротаның жауынгерлері де аналарға еріп, қорғаныс позицияларын өз беттерімен тастап, қаша жөнелісті. Мен олардың өз беттерімен қашуларын дереу тоқтатып, позицияға оралуларын талап етіп, үш рет айқайлағаныммен тоқтата алмадым. Содан тапаншамнан аспанға атып: «Стой! Стрелять буду!» деп бұйырғанымда - жауынгерлер беттерін кері бұрып, естерін жиғандай болды. Қарамағымдағы снайпер Біртаев екеуіміз қойтастың артына бой тасалап, ПТР-дан дұшпанның ең алда зырылдап келе жатқан танкісіне дәл тигізіп, оны жалынға оратып едік, артында еріп келе жатқан фашистердің автоматшылары сәл аңтарылып қалғандарында – дәлдеп атып жартысын жер жастандырдық. Осылайша тағы 3 танкті қиратумен тоқтаттық. Өзге жауынгерлер қалған екі танкті пайдасыз етті. Өртеніп жатқан 6 танкті көрген «Рама» сорғалай төмендеп, біздің шебімізге ірі калибрлі пулеметінен оқты қарша боратты. Біртаев және бірнеше жауынгер өзіміз жартылай дайындап үлгерген блиндажға секірумен кіріп кеттік. Соңымыздан жүгірген Темнов Василий Сидорович (бүгінде Алматы музыка училищесінде ұстаз) блиндажға жете бергенінде «Рама» оны жаралы етті.
Ж.Доспановтың анықтамасы
НАЗАРЕНКО Тихон Николаевич 1900-жылы туған. 1920-жылдан РККА қатарында. 1941-жылы М.В.Фрунзе атындағы әскери академияны бітірген.
Ұлы Отан соғысы басталғанда, яғни академияны бітірген бойында, 1941-жылдың шілдесінде 249-атқыштар дивизиясы 925-атқыштар полкының штаб бастығына майор шенімен тағайындалса, екі айдан кейін сол полктың командиріне қойылады. 1942-жылдың 25-қаңтарында дивизияға 16-гвардиялық атауы берілсе, сол күні подполковник погонымен бірге дивизия штабының бастығы лауазымын алады. Сәуірде полковник С.А.Князьковтың орнына 332-атқыштар дивизиясының командирі болып подполковник Т.Н.Назаренко тағайындалады. Бұл қызметті 5 ай атқарғанында полковник шенімен бірге «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденін алып, сол жылдың қыркүйегі ортасында 1-екпінді армия штабы барлау бөлімінің бастығына ауыстырылады. Егер 3-қазанда Ғалым Қойшыбаев өз жауынгерлерімен оны жау қоршауынан құтқарып, өзеннің біздің әскерлер тұрған бетіне аман өткізіп жібермегенде – оның тағдыры қыл үстінде болатын. Сол айда ол қайтадан 332-атқыштар дивизиясы командиріне қойылып, оны 1943-жылдың желтоқсанына дейін атқарады. Қайта барған 13 айы ішінде генерал-майорды, Ленин орденін алады. 2-желтоқсанда машинасымен 43-армия әскери советі отырысына бара жатқанында, жау диверсанттарының тылдағы жолға қойған танкке қарсы минасына жарылып, шофері мен адъютанты қаза болады, дивизия саяси бөлімінің бастығы полковник В.Н.Булашов екеуі жарықшақтардан ауыр жараланады.
Ұзақ емделуден кейін, 2-топтағы соғыс мүгедегі атанып, 1944-жылы миномет училищесінің бастығына қойылады, одан кейін М.В.Фрунзе атындағы әскери академияда кафедра меңгерушісін орынбасарын атқарып, 1957-жылы отставкаға шығады.
Біз неміс автоматшыларын жақындатып алып, атқылаумен болдық. Көп кешікпей «Катюшалар» да көмекке келіп жетті. Олар бізден 8 шақырым кейінде тұрып алып, өздеріне берілген координаттар бойынша реактивті ракеталарын басымыздан асыра жау орналасқан жаққа заулатып жатты. Осы қолдаудың арқасында бұл ұрыста жеңіске жеттік. Бір жіңішке көпір кездесіп, сонымен Ловаттың сол жағына өтіп алдық.
6-қазанда 391-дивизияның бөлімдеріне қосылып, ротамның командирі Бедринге бар жағдайды баяндағанымда, ол немқұрайлықпен тыңдап, бір өзімнің 4 танкті қиратқаныма сенбей, рахмет айтудың орнына балағаттап, ұрсып тастады. Тіпті Рахымжан Қилыбаевтың бұл ерлігімді өз көзімен көргенін де есепке алмады.
Біздің 2-батальонның басшылары: командиріміз Михайлов, комиссарымыз Шабаршин, штаб бастығы Казаченко, командирдің орынбасарына жаңадан ғана тағайындалған Китаев – бәрі ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Олардың қоршауға түспегендерін білеміз, бұйрықсыз шегінгендері үшін ерекше бөлім алып кеткен тәрізді... Батальон командиріне капитан Полубесов (Василий Михайлович Полубесов – 1943-жылдың ақпанында майор шенін алады, бірақ сол жылдың күзінде ауыр жараланып, 2-топтағы соғыс мүгедегі ретінде Қызыл Армиядан босатылады, Ж.Д.) тағайындалды. Ол 1280-полкте батальон штабының бастығы атқарған.
Қазан айы бойына мен өзімнің снайперлерім, көмекшілеріммен жау қорғанысына «қасқырша» тиісумен болдық. Ай жаңбырлы өтті. Немістер қару-жарақтары мен тамақтарын скирдтеп үйген пішендерге жасыратындарын байқап, оларды өртегіш оқпен жойып жүрдік. Тек оларды өртеп қана қоймай, ішіндегі адамдарымен, ірі калибрлі пулеметтерімен бірге 7 блиндажды жоқ қылдық. Қатты ызаланған фашистер де бізге қарсы әрекеттерін жасап бақты, яғни барлық отты нүктелерімізді зеңбірекпен атқылады, әуеден бомбыларын тастады, барлаушы-диверсанттарын жіберді. Содан батальон командирі Полубесов әрекеттерімізді уақытша тоқтатуға әмір етті. Біз тынышталғасын немістер де тиіспеді.
1-қарашада 1280-ші және 1278-ші полктер бір мезгілде шабуыл бастады. Бірақ, ол қимылымыз нәтижесін бермеді. Жау қорғанысы мықты болып шықты. Ұлы Октябрь революциясының 25 жылдығы құрметіне 4-қарашада тағы шабуылдадық. Немістер біздің мерекеге тарту сыйлайтынымызды сезді ме, әлде барлаушылары біреулерімізді «тіл» ретінде ұрлап кетіп, жоспарымызды біліп қалды ма, шабуылға шығуымызға жарты сағат қалғанда, алысқа ататын ауыр зеңбіректерінен снарядтарын, аспаннан бомбаларын аямастан төпелетті. Бірақ біз бұғып қалмадық, танкілерімізді қолданбай-ақ алға лап бердік. Ақиқаты мен әділдігін айтар болсам, бекер шабуылдадық, есесіне арандап қалдық. 5-желтоқсанда тағы да абыройсыз шабуылға бұйрық алып, ақыры алдыңғы сәтсіздікті бұлжытпастан қайталадық. Жаудың алғы шебіндегі қолдасып айқасуда 1278-атқыштар полкындағы бір батальонның комиссары Қонақбай Назаров екеуіміз қатар жараландық. Менің бөлімшемнен Біртаев, Дүкеев, Жұбаниязов, Жайлаубаев мәңгілікке көз жұмды. Ротамыздың командирі Бедрин де қаза тапты.
Ж.Доспановтың анықтамасы
Қонақбай НАЗАРОВ 1913-жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Маяқұм ауылында өмірге келген. Жетіжылдық мектепті (1930), Орал педагогика техникумын (1932) бітірген,
1941-жылдың шілдесінде Алматыда жасақталған 391-атқыштар дивизиясы (1942-жылдың 17-наурызынан 21-гвардиялық) 1278-атқ.ыштар полкының (69-гвардиялық) 9-ротасына кіші политрук (лейтенант) шенімен саяси жетекшілікке тағайындалып, соғысқа сол жылдың 20-қазанында кіреді. Оған қарашада политрук (аға лейтенант) шені беріледі. 1942-жылдың қаңтарында 2-батальонның комиссарына жоғарылатылады. 1943-жылдың ақпанында капитан погонын тағып, осы полктың 3-батальоны командирінің саяси орынбасарына ауыстырылып, бұл қызметте 1944-жылдың ақпанында ауыр жарақатпен госпитальге жіберілгенінше болады. Госпитальден 1945-жылдың наурызында ұзақ емделуден шыққасын 58-атқыштар полкы 2-батальоны командирінің орынбасарын сол жылдың тамызына дейін атқарып, әскерден біржола босайды.
Соғыстан 2-топтағы мүгедек болып оралса да, 1945-1947-жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінің нұқсашысы, 1947-1953-жылдары Ойыл және Қарабұтақ аудандық партия комитеттерінің екінші секретарын, Ырғыз аудандық партия комитғетінің бірінші (1953-1955), екінші (1955-1957) секретарын атқарады. 1978-жылы 65 жасында дүние салады.
«Еңбек Қызыл Ту» (1957), 2-дәрежелі «Отан соғысы» (1943) ордендерімен, «Өжеттігі үшін» медалімен (1942) марапатталған.
Желтоқсанның екінші бөлігінде далалық госпитальден оралған бойымда Великие Луки қаласын жаудан тазарту үшін ірі шабуыл басталып кетті. Осы шабуылдар кезінде мен тағы да полктың жаңа командирі Н.Б.Алехиннің және батальон командирінің құпия бұйрық-тапсырмалары бойынша жаудың алғы шебіне барымша тақалып, снайперлігімді жалғастырумен болдым. Сондағы менің құртқандарым: фашистердің снайперлері, офицерлері, пулеметшілері, автоматшылары, байланысшылары.
Суреттерде: Рахия Рысбайқызы ҚОЙШЫБАЕВА, балет әртісі, Ғ.Қойшыбаевтың зайыбы, Алматы қаласы, 1952-жыл
Ж.Доспановтың анықтамасы
АЛЕХИН Николай Борисович 1901-жылы туған. 1920-жылдан РККА қатарында. Ұлы Отан соғысы майданына 1941-жылдың қарашасында Мәскеу түбінде капитан шеніндегі дербес батальон командирі болып кіреді. 7-гвардиялық атқыштар дивизиясы 14-гвардиялық атқыштар полкы командирінің орынбасары (02-06.1942), штаб бастығы (06-11.1942), командирі (11-12.1942). Кезекті майор шені 1942-жылдың ақпанында беріледі.
Ғалым Қойшыбаев қызмет еткен 391-атқыштар дивизиясы 1280-атқыштар полкының командирі (12.1942-11.1944). Осы полктіыбасқарғанында подполковникті (ақпан, 1943) және 3 орден алады.
«Қызыл Жұлдыз» (28.06.1943), Александр Невский (3.03.1944), 1-дәрежелі «Отан соғысы» (5.04.1944) ордендерімен марапатталған.
Айтпақшы, қарашаның ортасында Солтүстік-Батыс майдан әскери советі біздің 391-атқыштар дивизиясынан 3 адамды: дивизия командирінің орынбасары майор Виталий Андреевич Белявскийді, медициналық-санитарлық батальонның әскери дәрігері аға лейтенант Нина Новикованы және снайпер сержант Ғалым Қойшыбаевты Қазақстанға баратын делегация құрамына бекіткені туралы қуанышты хабар алдым. Алматыға 8-желтоқсаннан қалмай аттанатын болғанбыз, бірақ оған 3 күн қалғанда жараланып, 6 жыл тұрған Алматымды қайта көру мүмкіндігінен айрылғанымда – жылап жібере жаздадым.
Бедрин өлгесін, оның орнына рота командиріне 1-взводты басқарып келген кіші лейтенант Назаров қойылды. Ол – орыс болатын. 8 айлық кіші лейтенанттар курсын бітірген, соғыстағы тәжірибесі тым аз, 18 жаста ғана. Офицер командирлеріміз ылғи да жетіспейтін. Фашистер снайперлерінің де аңдитындары – алғы шепте жүретін рота, взвод командирлері.
391-атқыштар дивизиясы басшыларынан менің тәуір көргендерім: дивизия командирі генерал-майор Максим Евсеевич Козырь мен саяси бөлім бастығы полковник Максим Павлович Веременко болды. Ол екеуі 1942-жылдың 30-қазаны күні Ұлы Октябрь революциясының 25 жылдығы мерекесіне орай снайперлердің, пулеметшілердің, граната лақтырушылардың дивизиядағы 4 полк арасындағы жарысын өткізді. Оған ең таңдаулы саналған 12 снайпер қатыстық. Адам бейнелі «нысаналар» 300 метр жерде, әрқайсысы 1 минут ішінде 5 секундтан 3-ақ рет жылт етеді. Мен 10 «нысананы» ылғи да бірінші көрінулерінде «қағып» тастаумен болдым. «Басынан» тигізгенге – 5 ұпай, «кеудесінен» тигізгенге – 3 ұпай беріледі. Шығындайтынымыз – 10 оқ. Мен – 46 ұпаймен 1-орынды иелендім. Жарыс қорытындысын шығарып, марапаттап тұрған дивизия командирі қолымды ұзағырақ сілки қысып: «Конечно, первое место занял наш славный снайпер Галим Койшибаев! Слов не хватит? Чтобы рассказать обо всех его славных делах!» деді дикторлық дауысымен. Ол мені өте құрметтейтін, бірде жағдайды пайдаланып су жаңа хром етік пен командирлер киімін сыйға тартты...
Ж.Доспановтың анықтамасы
КОЗЫРЬ Максим Евсеевич 1890-жылы туған. 1918-жылдан РККА қатарында. Брест қаласында орналасқан 42-атқыштар дивизиясы командирінің орынбасарын 1940-жылдан атқарып жүріп, Ұлы Отан соғысы басталған күні – 1941-жылдың 22-маусымында таңертеңгілік оған бірден кірген. Шілденің екінші жартысында үлкен шығынға ұшыраған советтік 4-армияның қолбасшысына уақытша қойылып, 6 дивизия полктерін жинақтап, 40 күн бойына жау тылында ұрыс салып, ақыры оларды қоршаудан алып шығады. Бұл құрама топқа қыркүйек айының аяғына дейін жетекшілік етіп жүріп, алғы шепте жараланады. Сол ұйымдастыру шеберлігі мен жеке басының ерлігі үшін 1941-жылдың қарашасында «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Ай жарымдай емделуде болғаннан кейін, командирі полковник В.А.Молев қаза тапқан 84-дербес теңіз атқыштар бригадасын басқарып, Мәскеуді қорғайды (13.12.1941-24.07.1942). Әскери білгірлігі ескеріліп, 1942-жылдың 12-ақпанында генерал-майор шенін береді.
Қазақ снайпер Ғалым Қойшыбаев қызмет еткен 391-атқыштар дививзиясының командирі (10.10.1942-11.03.1943).
Одан 64-атқыштар дивизиясының командиріне жіберіледі (11.03-11.05.1943). Атағы 40-армияның 232-атқыштар дививзиясын 1943-жылдың желтоқсаны мен 1944-жылдың қарашасы аралығында басқарып жүргенінде кеңінен танылды. Оған 1944-жылдың 17-мамырында Совет Одағының Батыры атағы берілген.
2-Украин майданының 50-атқыштар корпусы командирінің орынбасарын атқарып жүріп Чехословакияның Брно қаласы түбінде, 1945-жылдың 23-сәуірінде автомобилімен келе жатқанында, жанындағы адьютантымен, медбикесімен және шоферімен бірге жол шетінде тығылған жау пулеметшісінен түгелімен қаза болады.
Әйелі Зинаида Прокофьевна мен ұлы Вячеславты Бресте 22-маусымда қаза болды деп санап келгенінде, оларды біреулер көрсеткеннен кейін, фашистер Германияға қара жұмысқа айдағандарынан - 1945-жылдың 22-сәуірінде азат етіледі. Яғни, генерал М.Е.Козырь - олар азат етілгеннің ертесіне өмірден озады...
Госпитальде екі жарым ай емделіп, 1943-жылдың 17-наурызында дивизияма оралсам, менің алдымда, бір апта бұрын сүйікті генералым ауысумен кетіп қалыпты. Оны жоқтап, қатты өкіндім. Госпитальде жатқанымда, Қызыл Армияның құрылғанына 25 жыл толу құрметіне арналған дивизия офицерлері мен кіші командирлерінің салтанатты жиналысында фашистердің 100-ден астам снайперлерін, автоматшылары мен барлаушыларын, пулеметшілері мен минометшілерін, офицерлерін жойған снайпер Ғалым Қойшыбаевты Совет Одағының Батыры атағына ұсынғанын жария етіпті. Бұл ұсыныс корпус басшылығынан қолдау тапқан, ал одан кейінгісі белгісіз, мен турасында СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы жарияланбады.
Госпитальден келгесін екі ай ғана соғысып, 1943-жылдың 23-мамырында екінші рет ауыр жараландым. Жалпысын санасам – бұл бесінші рет жаралануым. Соңғысының денсаулығыма салдарын қатты тигізуінен, тура екі жарым ай емделіп, дивизияма қайтып барғаныммен, сол жылдың қазаны аяғында мемлекеттік әскери-медициналық комиссия 3-топтағы соғыс мүгедегі деген куәлік беріп, елге қайтарды.
Коммунистпін, оған 1943-жылдың көктемінде өткенмін. Елге оралғанда қайда барамын, туған жерім Гурьевте өндірісте жұмыс істейін десем – оған лайық мамандығым жоқ, содан өнер адамына бірдеңе табылатынан үміттеніп, Алматыға тарттым. Ол қадамым дұрыс болып шықты. 1944-жылдың 7-тамызында маған Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген артисі атағы берілді.
Ұлы Отан соғысындағы екі жылым ішінде өз басымнан кешкендерімді дос-таныстарымның өтініштері бойынша қағазға түсірдім. Бұл қысқа жазбама енбей қалған оқиғалар жеткілікті, егер сұраныс болып жатырса – толықтырармын.
Ғалым ҚОЙШЫБАЕВ,
Алматы қаласы,
1982-жыл
ҚОРЫТЫНДЫ
Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы 14-ауылда дүниеге келгеніне келесі жылы 95 жыл толатын әйгілі домбырашы, Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген әртісі, Ұлы Отан соғысында снайперлігімен даңқы таралып, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталған Ғалым ҚОЙШЫБАЕВТЫҢ көпке мәлім емес ерліктері өз естелігі бойынша «Алтын ғасыр» газеті арқылы оқырмандарға жеткізілді.
391-атқыштар дивизиясы саяси бөлімінің «За Родину, за Сталина!» газетінің 1942-жылдың 21-қыркүйегіндегі 135-нөмірінде «Следуйте примеру лучших снайперов» атты мақалада 1280-полктың снайпері Ғалым Қойшыбаевтың қысқа мерзім ішінде 20-дан астам фашисті жойғанын жазса, 25-қыркүйектегі "М сти, воин!» мақаласында бұл есеп 37-ге жеткен. Бір айдан кейін, 30-қазанда осы газет қазақ снайпердің 64 дұшпанды о дүниеге аттандырғанын паш еткен.
Оқырмандарға «Казахстанская правда» газетінде 1942-жылдың 27-қыркүйегінде 229 (4522) нөмірінде жарық көрген батальон комиссары, аға политрук (капитан, Ж.Д) А.Шабаршиннің «Лицевой счет Галима Койшибаева» атты мақаласының көшірмесін және ұсынып отырмын.
«Социалистік Қазақстан» газетінің 1942-жылдың 9-қарашадағы 274-нөмірінде А.Шабаршиннің қазақ ұлтты снайпер Ғ.Қойшыбаевтың 79 фашисті жойған хабары берілген.
1-екпінді армияның «На разгром врага!» газеті 1943-жылдың 4-қыркүйектегі нөмірінде Ғалым Қойшыбаевтың суреті беріліп, оның астына «Н. бөлімінің батыры, 100-ден астам неміс басқыншысын жойған ержүрек снайпер Ғалым Қойшыбаев «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталды» деп жазылған. Ғ.Қойшыбаев бұл орденді 1942-жылдың 16-желтоқсанында СССР Жоғарғы Советі Президиумы атынан Солтүстік –Батыс майданның әскери советі №01618 бұйрық-шешімімен иеленген.
Ғ.Қойшыбаев – 1941-жылдың 16-желтоқсанынан 1943-жылдың 23-мамыры аралығында неміс фашистерімен бетпе-бет шайқасқа түсіп, олардың 200-ге тартасын (снайперлікпен 126-сын) жоқ еткен, және 4 танкіні, 10-нан астам пулеметті талқандап, істен шығарған.
Ол қан-майданда 5 рет жараланған, СССР Қорғаныс министрлігі әскери-медицина мұражайының 1967-жылдың 17-ақпанында берген екі анықтамасына көз жүгіртейік.
Сержант 1280-го стрелкового полка Койшибаев Галим с 5 декабря 1942 года находился на излечении в медсанбате №473 по поводу слепого осколочного ранения шеи. Убыл в часть 16 декабря 1942 года.
Сержант Койшибаев Галим 30 декабря 1942 года получил сквозное пулевое ранение правого предплечья с повреждением локтевой кости. Находился на излечении в эвагоспитале №3995 до 15 марта 1943 года.
Ұлы Отан соғысында снайперлерді марапаттаудың арнайы ережесі жасалынған.
-Жаудың 1 снайперін, немесе 1 офицерін, немесе 4 солдатын жойған – «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен;
-жаудың 1 снайперін, немесе 1 офицерін, немесе 6 солдатын жойған - «Өжеттігі үшін» медалімен;
-жаудың 2 снайперін, немесе 2 офицерін, немесе 10 солдатын жойған – «Қызыл Жұлдыз» орденімен;
-жаудың 3 снайперін, немесе 3 офицерін, немесе 15 солдатын жойған – 1-ші не 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен;
-жаудың 5 снайперін, немесе 5 офицерін, немесе 30 солдатын жойған – «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен;
-жаудың 7 снайперін, немесе 7 офицерін, немесе 40 солдатын жойған – Ленин орденімен марапатталады.
Совет Одағының Батыры атағы – жаудың 10 снайперін, немесе 10 офицерін, немесе 50 солдатын және олардан артық жойғанға беріледі.
Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін 75 снайпер Совет Одағының Батыры, «Даңқ» орденінің толық иегері (3 дәрежесі) атанған. Осылардың 17-сі фашистердің 100-ден төменін о дүниеге аттандырғандар. Дәлел ретінде сол 17-нің тектерін, өлтіргендерінің сандары мен алған марапаттарын көрсетейін.
1.Дергилев Е.И. – 98 фашист, Совет Одағының Батыры (17.10.1943);
2.Мусаев А. – 98 фашист, «Даңқ» орденінің толық иегері;
3.Жулаев И.И. – 88 фашист, «Даңқ» орденінің толық иегері;
4.Минченков М.М. – 81 фашист, «Даңқ» орденінің толық иегері;
5.Молдағұлова Ә.Н. – 78 фашист, Совет Одағының Батыры (4.06.1944);
6.Шикунов П.Е. – 78 фашист, Совет Одағының Батыры (24.03.1945);
7.Богатырь И.И. – 75 фашист, Совет Одағының Батыры (20.06.1942);
8.Ивков А.В. – 73 фашист, Совет Одағының Батыры (24.03.1945);
9.Шерстнюк Ф.С. – 68 фашист, «Даңқ» орденінің толық иегері;
10.Савченко М.Ф. – 62 фашист, «Даңқ» орденінің толық иегері;
11.Сергиенков Д.Г. – 59 фашист, Совет Одағының Батыры (27.06.1945);
12.Мусоев А. – 58 фашист, «Даңқ» орденінің толық иегері;
13.Павленко И.Д. – 54 фашист, Совет Одағының Батыры (15.01.1944);
14.Кизиров К.П. – 51 фашист, «Даңқ» орденінің толық иегері;
15.Федченков Е.Е. – 51 фашист, «Даңқ» орденінің толық иегері;
16.Соловьев И.А. – 51 фашист, «Даңқ» орденінің толық иегері;
17.Зайцев И.Г. – 51 фашист, «Даңқ» орденінің толық иегері.
Біздің Ғалым ҚОЙШЫБАЕВ Совет Одағының Батыры атағына лайық көрсеткішті 4 есе артық дерлік орындағанымен, ол атақ бұйырмады. 1967-жылдың 19-шілдесінде Қазақ ССР-інің Әскери комиссары генерал-майор Нұрлы Байкенов осы жөнсіздікті түзеу мақсатында сол кездегі СССР Қорғаныс министрі, Совет Одағының Маршалы А.А.Гречкоға арнайы хат жолдап, снайпер, сержант Ғ.Қойшыбаевқа Совет Одағының Батыры атағын беру туралы СССР Жоғарғы Советі Президиумына ұсыныс жасауды сұрайды. Бірақ, А.А.Гречко ол қадамды өз тарапынан жасамайды.
«Жауынгерлік Қызыл Ту» орденін 1942-жылы Ғалым Қойшыбаевпен қатар алған снайпер Н.И.Галушкинге Ресей Федерациясының Батыры атағы - Ұлы Отан соғысы аяқталғанына 50 жыл өткенде, 1995-жылдың 21-маусымында берілді.
Ұлы Отан соғысында 200 - дей фашисті жойып, бүкіл әлемдегі ең үздік 100 снайпердің тізіміне ене тұра, екі рет Совет Одағының Батыры атағына ұсынылса да, оған тірісінде қолы жетпеген Ғалым Қойшыбаевқа дүниеден өтіп кетсе де (1985-жылы), туғанынына 95 жыл толуына орай, «Халық Қаһарманы» атағын 2014-жылдың 9-мамыры қарсаңында берген жөн болар еді.
Жұмабай ДОСПАНОВ,
«Алтын ғасыр», №42, 2013-жыл