КҮМБІР КҮЙШІ - ҮЗДІК СНАЙПЕР

КҮМБІР КҮЙШІ - ҮЗДІК СНАЙПЕР

391-АТҚЫШТАР ДИВИЗИЯСЫНЫҢ СНАЙПЕРІ ҒАЛЫМ ҚОЙШЫБАЕВТЫҢ ЕСТЕЛІКТЕРІ

 

Жалғасы. Басы осында

 

   Ал, біздердің мына қым-қиғаш қырғынды ұрыстан кейін ішуге де, жеуге еш тәбетіміз, дәлірек айтқанда жағдайымыз жоқ еді. Біздер тіпті сөйлей де алмадық. Жүйкеміз шектен шығудың сәл-ақ алдында. Контузиядан басым шайқалып, жүрегім айнып, көз алдым бұлдырап әбден берекетім кеткен. Бар киімдеріміз қар астындағы құнарлы жұмсақ та ылғал топырақпен адам көргісіз күйде былғанған, оның үстіне жыртықтан сау жеріміз және жоқ, жалбырап тұр, өрт түтітіні мен оқ-дәрі тозаңдары бетімізді адам танымастай айғыздап, қап-қара етіп күйелеген, бейне шахтадан шыққан көміршілер тәріздіміз. Контузияның салдары, құлағымнан жылыстап аққан қан әлі тыйыла қоймапты.

   Бейне тірі қалдырмайтын тозаққа кіріп шыққандай мына қанды қырғыннан кейін іле-шала тіптен күтпеген жай басталып кетті. Бесеуімізді шақырып алған рота командирі лейтенант Китаевтан білгеніміз – 1280-атқыштар полкының 2-батальоны штабына дереу жетуіміз талап етіліпті. Штабта батальон комиссары Шабаршин біз күтпеген жауаптаудың астына алып, «жоғарының бұйрығынсыз өз беттеріңмен шабуылға шығып, жаудың алғы шебіне кіріп алуға қандай қақыларың бар еді!» деп айқай салды. Амалсыздан ақталуға мәжбүрлендік. Арттан сарыла күттірген көмек болмағасын шарасыз жағдайдан, яғни, біріміз қалмастан, түгелімізбен сол окобымызда қырылғаннан гөрі, қарсы шабуылмен жауға шығын келтіріп, оның алғы шебіне табан тірегенді артық санағанымызды, және ол шешімді жалпы жиналыспен қабылдап,әрекет- қимылымыздың нәтижелі аяқталғанын дәлелдеп бердік.

   Есімде қалғаны, бастықтардың айқайы емес, ажал аузында жан беріскен шайқастарда еш қаймықпаған төрт «бауырымның», мына жағдайдың артынан қауіптеніп, кенеттен рұқсатсыз ол шабуылдың бастамашысы болғаным жөнінде бір ауыздан мені көрсеткендері еді...  Әрине, маған қанды қырғыннан бірге шыққан қаруластарымның мына қылықтары тым ауыр тиді. Бірақ, ол өкпемді сыртыма шығармадым, пендешілік деген осы... Бір жағынан өзімнің дұрыс әрекет жасағаныма сенімді болсам, екінші жағынан атылып кетуімнің мүмкіндігін жоққа шығармадым. Ойласам, жеңіс пен өлімнің, абырой мен масқарашылықтың  арасы бір сүйем, түкке тұрғысыз екен.

   Сол түні батальон командирі аға лейтенант Михайлов пен комиссар Шабаршин полк, дивизия штабтарына бізге қатысты жайды хабардар еткен, талқылаған. Содан келесі күні жағдайымыз түбегейлі кері өзгеріп, бесеуіміздің бәсіміз шарықтай өсіп, біздерге арнайы дастрхан жайылып, кәдімгі банкет ұйымдастырды! Дивизия мен полктың ұрыс қимылдарын арнайы байқаушылары біздің – бар болғаны 81 жауынгердің - өздерінен саны 30 еседей артық дұшпанға адам сене қоймас өте көп шығын келтіргенін анықтап беріпті. Біздің шамалаумен жасаған есебіміз бойынша 1500-дей фашист өлілей, тірілей саптан шығарылған болса, полк пен дивизия 2000-ға тарта деп көрсеткен, ресми ақпарларында. Сол ұрыста жаудың екі ДЗОТ-ын гранатамен талқандағанымда, олардың іштеріндегі 30-дан астам неміс өлім құшқан-ды.

   17-маусымда таңғы елең-алаңда бесеуімізді 1280-полк штабына шақыртып еді, одан ол бағынатын 391-атқыштар дивизиясы штабына алдыртты.  Бізді онда дивизия командирі полковник А.С.Фролов, дивизия комиссары аға батальондық комиссар (подполковник, Ж.Д.) Максим Павлович Веременко мен саяси бөлім бастығы батальондық комиссар (майор, Ж.Д.) А.З.Белявский жылы қабылдады. Сол жерде бесеуімізді суретке түсіріп еді, көп кешікпей «За Родину» газетінде «жырға айналған» ерлігіміз толық баяндалды. Осыдан кейін біздер тек дивизия бойынша ғана емес, 1-екпінді армия, тіпті Солтүстік-Батыс майдан бойынша танымал жауынгерлерге айналдық.

 

         Ж.Доспановтың анықтамасы

         391-атқыштар дививзиясының командирі Алексей Степанович ФРОЛОВ 1896-жылы туған. 1918-жылдан РККА қатарында.

   1939-жылдың қыркүйегінде подполковник шенімен 133-атқыштар дививзиясы штабының бастығына тағайындалғанынан ол қызметті 1941-жылдың 17-шілдесіне дейін атқарған. 1940-жылдан полковник. Ұлы Отан соғысына 1941-жылдың 7-шілдесінде кіріп, 10 күн қиян-кескі ұрысқа тікелей қатысқаннан кейін, сол жылдың 18-шілдесі мен 29-қыркүйегі аралығында 181-атқыштар дививзиясының командирін атқарып, ауыр жараланады. Госпитальде 3 ай емделеді (29-қыркүйек - 29-желтоқсан). Одан шыққасын 26-атқыштар дививзиясы командирінің орынбасары (16-қаңтар - 3-наурыз 1942-жыл). 201-Латыш атқыштар дивизиясының командирі (4-наурыз - 6-мамыр 1942-жыл). 391-атқыштар дивизиясының командирі (16-мамыр – 1-шілде 1942-жыл).

   1942-жылдың 2-шілдесінде 391-атқыштар дивизиясы командирінен 1-екпінді армия штабы бастығының орынбасарына тағайындалып, армияның қоршауда қалған бөлімдерін құтқарумен тікелей айналысып жүріп, сол жылдың қыркүйегінде контузия алумен тұтқынға түседі. Араға ай жарым салып, бір топ офицер болып тұтқыннан қашып шыққандарымен, оларды үйлеріне қонуға кіргізген жергілікті тұрғындар фашистер мен полицейлерді шақырып келеді. Жалаңқол  бұлар - алдымен жеткен 5-6 полицейді алдап соғып, винтовкалары мен тапаншаларын тартып алады да, сатқындар ретінде бәрін атып тастайды. Одан кейін немістердің автомат, миномет, огнеметпен қаруланған гарнизондық ротасының бір взводымен ұрыс салып, түгелімен қаза табады. Денесіне 4 оқ тиген, әрі өрт шалған ауыр жаралы полковник А.С.Фролов ақырғы күшін жиып, соңғы оқты өзіне жұмсайды.

 

   Араға біраз уақыт салып, бесеуімізді мемлекеттік марапатқа ұсынып, әрқайсымызға 15 күннен демалыс берді. Дұрысында орден, медальға 81 жауынгерді түгел ұсыну керек еді. Өйткені, олардың әрбірі дұшпанды менен кем жоймаған, мертіктірмеген болатын. Мемлекеттік марапатқа иек артпастан, Отан үшін үнсіз қаза тапқан ержүрек жігіттерді өмірде ұмыта алармын ба?

   Бұл оқиғаның тағы бір «қызығын» кейін білдім. Бүкіл Ұлы Отан соғысы тарихында сирек орын алғандарға жатқызылатын біздің  сол ерлігімізді 1280-полктың бүкіл құрамына жазыпты! Бастапқыда оны түсіне алмап едім, кейін түсіндім. Қаһарман 81 жауынгердің арқасында полктың оннан астам офицерлерінің шендері көтерілді, омырауларына ордендер қадалды.

   Дивизия штабы жанындағы комендаттық взводта үш тәулік демалып едік, жалығып кеттік. Содан өзіміздің батальонымызға, дәлірек айтқанда ротамызға тез қайтаруды сұрадық. 19-маусымның кешінде батальон командирі Михайлов пен комиссар Шабаршин мені сол 4-ротаның бір бөлімшесіне командир, әрі снайпер етіп тікелей өздері тағайындады.

   Араға дәл бір ай салып, 19-шілдеде маған қарсымыздағы ДЗОТ-та (деревяно-земляная огневая точка, Ж.Д.) отырған жаудың аға офицерін жоюды міндеттеді. Тапсырманы дереу орындауға аттанар алдында комиссар Шабаршин мені оңашалап: «Тапсырма өте жауапты, әрі тым қиын. Сенің өліп кетуің мүмкін, бірақ өзің түсінесің, шығынсыз жеңіс болмайтынын... Сондықтан тапсырма қалай болғанда да орындалуы тиіс!» деп, сөзінің соңын қаталдықпен қадап тұрып айтты.

   Өзімнің анық ажалға бара жатқанымды сезінумен: «Құп болады! Тапсырманы орындауға кірісуге рұқсат етіңіз!» деп салқын қандылықпен саңқ еттім. Комиссар менің тірі, жарақатсыз оралуыма тілектестігін білдірді. Содан батальон командирі Михайловқа келіп, жағдайды баяндадым. Ол мені біздің құпия артиллерия пунктіне ертіп әкеліп, міндетімді түсіндірді және жаудың аға офицері орналасқан №1 ДЗОТтың жоспарымен таныстырды. Жау миномет батареясының бақылау пункті соған орналасқан. Онда бірнеше офицер, олардың арасында жоғарыдан бұл жердегі жағдаймен тікелей танысып, бағыт-бағдар беру үшін келген полковник отырғаны - алдыңғы күні «тіл» ретінде әкелінген неміс ефрейторынан белгілі болған. Мен әлгі полковникті жойып, ДЗОТты басып алғаннан кейін, іле-шала біздің миномет батареямыз ана батареяны жедел талқандауы тиіс, сөйтіп дұшпанды Робь өзенінің батыс жағалауында жоюға, не шегіндіруге жол ашады. Ал менің бөлімшем ДЗОТтағы ірі калибрлі пулеметтерден оқ жаудырып, фашистердің қарсы шабуылын тежеп, біздің арттағы күштеріміздің мына позицияға шығынсыз келіп жетуілеріне мүмкіндік туғызады.

   Мен құлама жарлы жыраға жер бауырлап тақалғанымда, неміс полковнигі екі офицерге тапсырма беріп, сыртта тұр екен. Снайперлік винтовкадан жалма-жан екі оқ шығарып, тапсырма негізі - аға офицер мен байқаушыны сұлаттым. Үшінші офицер мені көріп қалып, жата қалды да, ірі калибрлі пулеметтен оқ жаудыруға бұйрық берді. Мен екі аралықтағы пайдаланудан қалған блиндажға жанұшырып жүгірумен жетіп, ішіне кіріп кеттім де, одан кейін қысқа-қысқа жүгіру, жорғалаумен өзіміздің құпия пунктке табанымды іліктірдім. Өйткені, ана блиндажда әсте қалуға болмайтын, фашистер мені минометпен жойып жіберуге, не қолға түсіруге барларын сала жұмыстанатындары сөзсіз еді. Біздің құпия пункттегі байқаушылар бәрін көріп отырған, немістің аға офицері шынымен өлім құшыпты, сөйтіп неміс командованиясының бір жоспары сәтсіздікке ұшырап, жүзеге аспай қалды.

   Осы әскери тапсырманы жеке басыммен сәтті орындағаным үшін полк командирінің орынбасары Федоров маған алғыс жариялады, 391-атқыштар дивизиясы бойынша №89-бұйрықпен атым жазылған сағатты алдым, және бір айдың ішінде екінші рет үкіметтік марапатқа ұсынылдым.

   Мені Құдайдың өзі сақтаған екен. Сол сәтте ДЗОТ-та жаудың өте мықты да сұрқия снайпері болмапты, әйтпесе одан аман құтылмайтынмын. Өйткені, бір айдай уақыт ішінде бұл снайпердің бір өзі біздің ондаған жауынгерлерімізді (іштерінде офицерлеріміз де бар) жер жастандырған, тіпті түнгі мезгілде де дәл тигізетін.

   Ал, «Өлім жазығында» фашистердің тағы бір снайпері совет жауынгерлеріне қырғидай тиді. Ол қалың өскен қарағайлардың біріне орналасқан, қай жерде отырғанын анықтау қиынға соқты. Бір күні полк басшылығынан осы екі снайперді жою туралы аса жауапты құпия бұйрық алдым. Алдымен ағашта отырған снайпер «кукушканы» байқап, анықтамақ болдым. Ол менен шыққан темекі түтінімен шамалап атып жібергенінде – оғы торланған каскамның оң жақ шетін қағазша жыртып, тесіп өтті!

   Бір тәуліктен кейін немістер менен 80 метрдей ғана жерде жапа-тармағай демалып, не шомылып жатты. Мен оларға тигенім жоқ, маған қажеті - снайперлері еді. Өз «ұямда» қонып қалған мен, Күннің біздің жақтан шығары алдында дұшпан жақты жіті бақылауыма алдым. Табиғатты дәл түсіну қиын, бұл сәтте қарсы беттің барлығы бинокольсіз-ақ алақанымда тұрғандай тым жақындап, әрі ап-анық көрініп тұрды. Ал, Күн сәулесі төгілгенде, сол минуттарда 20-30 метр жердегі шөп бетіндегі шық тамшыларын ажыратуға болады екен. Жаудың шөп-бұтақтармен бүркеген зеңбіректері, минометтері, басқа да қару-жарақтары ап-анық, бірін қалдырмай санап шықтым. Күн көтеріле бұл көріністердің бәрі ғайып болады. Әрине, батысымыздағы жау – таңғы елең-алаңның өздерін осылай «жалаңаштап» беретінін білмейді. Көзімді қадаумен алыс-жақындағы ағаштардың төменінен бастарына дейінгі бұтақтарды, әр жапырақтың арғы жағын анықтаудамын. Ақыры «кукушканы» таптым! Ол - қалың өскен төрт қарағайдың ортасына орналасыпты. Алдымен жапырақтармен көмкерілген баспалдағын көріп қалдым. Күн көтеріле бергенде әупіріммен «күркесін» де көрдім-ау. «Кукушка» жаудың алғы қорғаныс шебінен 250-300 метрдей кейінге орналасыпты.

koishibaev3

   Мен өз «ашқанымды» дереу рота командирі Китаевқа хабарладым. Ол: «А в сколько метрах от нас находится этот снайпер?» деп сұрады. Мен шамамен 350 метрдей екенін айттым. Рота командирі бинокілімен қарап жіберіп: «Да, точно, Галим! На какой прицель поставишь?» деді. «На прицель 3: буду целиться в голову, а попаду разрывной пулей прямо в сердце» деп жауап бердім.

   Фрицті бірінші оқпен атқанымда ол құламады. «Почему он не падает?!» деп Китаев радио-телефонға айқай салды. «Пуля-то  попала, но он другую, наверное, хочет» дедім жайбарақат күйде. Солай дедім де, оған екінші оқты «сыйладым». Ол қарағайдан винтовкасымен бірге құлап түсті. «Ну, Галим! Теперь можно и тебя угостить: но не пулей, а американскими консервами, да литром водки. Справим поминки по фрицу!» деді, қуанғанынан алқына сөйлеп.

   Екінші снайпермен жағдайым тым қиынға соқты. Ол мені бірнеше рет ажал құштыра жаздады. Біз бір-бірімізбен ұзақ уақыт аңдыстық, өте сақтықпен әр іс-қадамымызды есептеумен болдық. Ол әлденеше мәрте басымдағы каскамды пайдасыз етті. Бірде менің орналасқан жерімді біліп алып, гранатометпен атып салды. Мен тағы да ғажайыппен тірі қалдым. Тек есімнен танғанғаным болмаса, қансыратқан жарақатым жоқ, есесіне тамақ салған дорбам күл-парша болыпты. Содан, ол мені «өлді» деп ойлауы үшін - үш күн бойы бар екенімді

білдірмедім. Төртінші күн дегенде бақылауымды жалғастырдым. Ол өзі жайғасқан ДЗОТ-тан шығып, оның сыртындағы дәретханаға барды, одан кейін еркінсіп, ДЗОТ жанында қыдырыстай бергенінде, бұл аса қолайлы сәтті қалт жібермей, ол о дүниеге аттандырған қаруластарымның кегін алып тындым. Менің жарғыш оғым оның ішек-қарынын ақтарып салды, тіпті қап-қара бауырының бөлек ұшып кеткенін де көрдім. Ол қалай біздің жауынгерлерге қорлықты астамшылығын жасады, мен де соны өзіне қайталап бердім. Итке – ит өлімі! Көп кешікпей немістер бұл ДЗОТ-ты толтыра миналап, өздері тастап кетті.

   Мен - снайперлер бөлімшесін басқардым. Қарамағымда үйренуші снайперлер Біртаев, Бурлин және Суслин, солармен бірге 4 көмекші жауынгер болды. 24-қыркүйекте біздің қорғаныс шебімізді неміс авиациясы дүркіндеп бомбалаумен болды. Әр бомбалау сайын адам шығыны өсе берді. Әсіресе, 2-батальонның 3-ротасына қиын тиіп, тең жартысы қатардан шықты. Мамырдан бері рота командирінің саяси орынбасарын атқарып келген, аға сержанттың ленталы погонын кіші лейтенанттың жұлдызды погонына ауыстырғанына ай толып үлгерместен Ұрықбай Өмірзақов жүгіріп бара жатып бомба жарықшағынан қаза тапты.

   26-қыркүйекте батальон комиссары Шабаршинге үш тәуліктен бері ұйықтамағанымыз, оның үстіне тамақтың таусылғаны туралы баяндағанда – ол қоршауда қалғанымызды айтқан. Білгеніміз –  391-дивизияның 1280-атқыштар полкына бағынышты 2-батальон мен артиллерия дивизионы, бізбен қанаттас болған 130-Москва атқыштар дивизиясының екі батальоны қоршауда қалыппыз. 

   26-қыркүйекте, сағат 16-да 4-ротамызды басқаруға жаңа командир Бедрин кірісті. Оның айтқаны: «Слушайте мою команду! Оставляем старую оборону и переходим на новый рубеж, мы в окружении!» болды. Сол түні Робь өзенінің шығыс бетіне кері өтіп, көпір маңындағы миномет батареясының бұрынғы өзіміз болып кеткен позицияға тоқтауымыз керек еді. Бірақ, шегініп үлгермей-ақ, дивизия басшылығының бұйрығымен көпірді бұзып, жолымызды өзіміздікілер кесіп тастапты! Бұл сорақылық – бізді жауға қолдан бергенмен, сол қоршауда әдейі қалдырғанмен бірдей-ді. Жақын маңда өзге көпір мен өткелдің жоқтығы, онсыз да мүшкіл жағдайымызды одан сайын ауырлатып жіберді.

   Автоматтан үздіксіз оқ жаудырып, ара-тұра минометтерін де іске қосып, бізді шегіндіріп келе жатқан фашистер арқамыз өзенге тіреле бергенде, одан аман өте алмайтынымызды сезгесін: «Русс, сдавай-с!» дегенді әр 5-10 минут сайын айқаймен қайталап, қарсы атқан оғымызға қарамастан, біртіндеп жақындай берді. Батальонымыздың роталары түгілі взводтары тым-тырақай болып бөлініп, жанталаса қорғанысқа көшкен. Жараланушылар мен қаза болып жатқандар минут санап көбейіп барады. Менің взводымдағы командирлерден қалған жалғыз мен ғана, қалғандары оққа ұшқан. Взводта штат бойынша командирлермен қоса, кем дегенде 40 адам болуы тиіс, ал біздің осы сәтте шегінумен өзенге тірелгендегі санымыз соның жартысы. Жан ұшырған адамдар жаныма жиналып, енді не істейтінімізді сұрады.

   -Сдаваться не будем! Будем драться до последнего патрона! Отходим вдоль левого берега в тыл врага! - деп бұйырдым.

   Фашистерді өзімізге әбден жақын келтіріп алып, бір мезгілде винтовкаларамыздан дәл көздеп, екі-үш мәрте дүркіндетіп атқанымызда – шамамен олардың 25-сі жер жастанып, қалғандары орманға шегініп кетті. Осыны пайдаланып, Дүкеев пен Жұбаниязовқа жалма-жан екі бөренеден өзеннен өтетін сал дайындауды тапсырдым да, қалғанымыз жаудың жаңа шабуылын дереу тойтару үшін 50 қадамдай алға жылжып, жата қалыстық. Немістер қайта шабуылдамады. Қауіпті саналған өзеннен еш шығынсыз өтіп шықтық. Бұл турасында рота командирі Бедринге баяндасам, ол өзінен жоғарыларға жеткізген болуы керек, келесі күні – 27-қыркүйекте комиссар Шабаршин арғы бетте қоршауда қалған батальон қалдықтарын жинап, қоршаудан алып шығу мен 1280-полк штабының сол жақта қалып қойған бір мөшек ақшасы мен құпия құжаттарын жоюды міндеттеді.

   Бұйрықты орындауға міндеттімін. Содан, кіл еріктілерден жасақталған мықты деген 15 жауынгерден жаңа бөлімше құрып, соларды басқарып, өзеннің арғы бетіне қайта өттім. Жау ол бетті бомбылап, артиллерия мен минометтерден атқылап, әлсін-әлі басым күшпен шабуылдап, қоршауды күн өткен сайын қысып келе жатты. Құжаттар мен ақшаны өртеу қиын болды да, мен оларды батпаққа сіңіріп жібердім.

   30-қыркүйекте біздің 2-батальонның қалдықтары жаудың қоршауын екі жерден бір бағытта – солтүстік-шығысқа қарай бұзып өттік. 1-2-қазанда үлкен шығынмен Боровичи және Кулаково деревнялары тұсындағы Ловоть өзеніне шықтық. 1942-жылдың 2-қазанында Солтүстік-Батыс майданның 1-екпінді армиясы әскери кеңесінің бұйрығымен Локоть өзенінде дұшпан әскерлеріне қарсылық көрсетіп, олардың шабуылдарын тоқтатуға міндеттелдік. Бірақ, көптеген офицерлер алдыңғы лекте шегініп бара жатқан жауынгерлерімізбен бірге бізге жәрдемдеспестен кете барды. Олардың арасында 2-батальон командирі Михайлов, комиссар Шабаршин,  штаб бастығы Казаченко, ротамыздың командирі Бедрин де бар еді...

   1280-атқыштар полкына бағынышты 2-батальонның бір ротаға да жетпейтін қалдығы біздің дивизияның 1278-полкына қосылдық. 3-қазанның таңынан бастап сол полктың батальон комиссары Рахымжан Қилыбаевтың басшылығымен фашистердің алдыңғы тобына қарсы ұрысқа кірісіп кеттік. Абырой болғанда, осы жолы біздің авиация жау жағын бомбылап, әуеден оқ жаудырып, оларды сәл де болса әлсіреткесін, қарсы шабуылға шықтық та, немістердің әлі окоп қазып үлгермеген бірінші эшалонына жетіп барып, қолдасып айқасуда оларды жусатып салдық. Осыдан кейін дұшпанның екінші эшалоны 6 танктің қолдауымен айрылып қалған позициясын қайтарып алуға бар күштерін салып бақты. Ақыры, танктері біздің сол қанатымызды жарып өте шықты. Танкке ерумен келіп жеткен фашистермен тағы қолдасып кеттік. Бір өзім онға тарта жаудың көзін жойдым. Осы ұрыста Афанасьев екінші рет менің өмірімді сақтап қалды! Мені жан-жағымнан қоршаған 5 неміс, оғымның таусылғанан біліп, берілуімді талап етіп, талтайып, қарқылдасып тұрғандарында, қайдан жетіп келгенін білмеймін, Афанасьев тағы да оларды винтовкасымен оңды-солды соғып, жайпап тастады. Дегенмен, шалқасынан түскен бір фашист оны атып, қолын жаралады. Ақырған Афанасьев винтовкасының дүмімен оның бетіне бар күшімен қойып қалып еді, ананың бет сүйектері мұрынымен бірге опырылып, екі көзі шараларынан сыртқа атып шығумен ағып кетті!

 

Жалғасы осында

 

         (Жалғасы келесі нөмірде)

         Жұмабай ДОСПАНОВ,

«Алтын ғасыр», №41, 2013-жыл

Теги Жеңіс75 СайтТайсойган Тайсойғансайты