Тәжіғали Бекқалиұлы-ақын, публицист-жазушы.
Тәжіғали Бекқалиұлының атқарған адал еңбегі ескеріліп, ол әлденеше рет әртүрлі марапаттарға ие болды. 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай «Жауынгерлік айбыны ушін» медалімен, 1978 жылы «Кеңес кооперациясының үздігі» атағымен, 1982 жылы Қазақ ССР кәсіподақтары төралқасының құрмет грамотасымен, 1991 жылы Кеңес одағы Жол қатынастары министрлігінің жұмысшыларды жабдықтау Бас басқармасының алғысымен, 1998 жылы Батыс Қазақстан темір жолының құрмет грамотасымен, 2006 жылғы Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хатымен және 2007 жылы құрмет грамотасымен, екі рет ҚР Қаржы министрлігінің құрмет грамотасымен, 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, 2012 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, сондай-ақ «Маңғыстау облысына 35 жыл», «Қазақстан темір-жолына 110-жыл» төсбелгілерімен марапатталған.
Тәжіғали Бекқалиұлы 2015 жылы «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрген «Өмірдің кейбір сәттері» аталатын ғұмырнамалық кітаптың, сондай-ақ осы баспадан 2017 жылы жарыққа шыққан «Тағылымы мол тағдырлар» атты эсселер жинағының авторы.
Құдаң құрдасыңдай болсын
(эссе)
Жас ұлғайып қатарларың бірте-бірте сирей бастаған шақта өткен-кеткенді еске алып, күні кеше ғана арамызда жарқылдап жүрген асыл азаматтардың жан жадыратар жақсы қасиеттерін көз алдыңнан өткізу- тәтті мұң екені өтірік емес. Өз мамандығының майталманы, тыңдармандары анық мойындаған әнші, домбыраның құлағында ойнаған күйші, өлеңдері жүрек қылын шертетін сыршыл ақын, менің туған құдам Тілеуғали Лұқпанов елі ардақтаған аяулы азаматтардың бірі еді.
Лұқпанов Тілеуғали 1942 жылы шілде айының 28-жұлдызында Гурьев (бүгінгі Атырау) облысына қарасты Қызылқоға өңіріндегі Қоғам аулында дүниеге келген. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін осы жерде ТОЗ ұйымдастырылып содан жер аты Қоғам деп аталып кетіпті. Балалық шағы осында өтті. Әркімге де кіндік қаны тамған жер ыстық қой, Тілеуғали да туған ауылын, жасөспірім шағын сағынғанда:
Көп болды құмды ауылды сағынғаным,
Аралап қайтсам ба екен шағылдарын.
Теріп жеп қыр басының желкектерін,
Шөлдесем шайнайтұғын сағыздарын.
Иіскеп изен-жусан иістерін,
Жағалап қайтсам ба екен мүйістерін,
Жайдақ-жайдақ жатырған құмның малы,
Жатқан шығар қайтарып күйістерін, -
Жылқы ауылдың сағындым қымыздарын,
Қыздарының сағындым сыбызғы әнін
Мұрыныма іркіттің исі келіп,
Маужыраған ұйқымнан тұрғызғанын, - деп жырлапты.
Кіші жүздегі Ысық руының Жақсыбайынан тарайтын әкесі Лұқпанның кіндігінен бес бала өрбіген: апасы Күләш, ағалары Қожас, Елеуғали, інісі Аманғали және осы Тілеуғали. Әнебір елдің жетімдеу, ашқұрсақтау кезінде Ұлекең жанұясын, ауылдастарын, жақын-жуықтарын қыста қоян аулап, жазда балық, құс аулап, құдай берген өнерінің арқасында біреулерге арба, біреулерге шана, ал енде біреулерге ағаш үй жасап беріп асыраған. Ұлекең жақсыны да, жаманды да көп көрген, адамгершілік қасиеті мол, естігенін ұмытпайтын құймақұлақ, ел тарихы мен жер тарихын жақсы білетін өте әңгімешіл адам болған. Ол 1970 жылы 83 жасында қайтыс болды. Анасы Ақкенже 1906 жылы Қарабауда дүниеге келген. Мінезі өте байыпты, өте балажан болыпты, тіпті өзінің балаларына ешқашан жекіріп ұрсуды білмеген кісі болса керек. Кез келген адам алдай салса сене кететін қожанасырлығы да бар екен. Және ол кісі отбасы, ошақ қасындағы алдағы уақытта болуы мүмкін оқыс жәйларды алдын ала сезіп, елегезіп отыратын қасиет иесі еді дейді көз көргендер. Ананың балаға деген шексіз махабатын, қамқорлығын, мейірімін, жүрегінің қаншалықты езіліп тұратындығын жастау кезімізде жете түсінбеппіз-ау дейтін еді Тілеуғали. Сол аяулы ана аты жаман науқастан 1966 жылдың ақпанында көз жұмды.
Тілеуғали 1959 жылы Қарабау орта мектебін бітіреді. 1961 жылы әкесі жанұясымен Миялы селосына көшіп келген. Жас жеткіншек 1962 жылы өзгелер сияқты әскери борышын өтеуге шақырылады. Әскер қатарындағы борышын әскери-теңіз флотында өтеп, оған сонау Қиыр Шығыстағы Владивосток қаласының дәм-тұзы бұйырды, осындағы «Орыс аралы» деген жерде болды. Ел аумағынан өте жырақта өткен осы жылдары оның дүниетанымын кеңейтуге, өзінің ендігі жерде әжептәуір азамат болып қалғандығын мойындауға, елге деген сағыныштың қандай болатындығын сезінуге септігін тигізді.
Ата-анасы қартайып қыңқыл-сыңқылдары көбейген соң 1964 жылдың жазында ауылға демалысқа келгенде шеркеш руының қызы, өзінің бұрыннан сырлас құрбысы әрі құрдасы Жанатқа үйленді де, сол жылдың желтоқсанында жанұя жағдайына байланысты әскер қатарынан босатылды. Жанат екеуі отыз жыл тату-тәтті өмір сүрді, ол әрдайым Тілеуғалидың тіреуі бола білді, бала-шағасының, немере, жиендерінің шын мәніндегі сүйікті анасы, аяулы әжесі болды. Амал не, сұм ажал оны өмірден ертерек алып кетті, 1994 жылғы 9-шілдеде қайтып келмес сапарға аттанды. Артында алты ұл-қызы (Қарлығаш, Абай, Сандуғаш, Ардақ, Асхат, Фариза) және жан-жары Тілеуғали, ағайын-туған еңіреп қала берді.
Енді Тілеуғалиымызға қайтып оралсақ, ол әскер қатарынан босап елге оралғаннан кейін әртүрлі жұмыстар жасады, соның ішінде арнайы білімі болмаса да аудандық оқу бөлімінде экономист қызметін атқарғаны да бар. Пысықтығы және жалпы сауаттылығы ескеріліп 1967 жылдан бастап Миялы поселкелік кеңесінің жауапты хатшылығына тағайындалды. Жоғарғы білім алу оның арманы еді, бұл тілегі де орындалып 1970 жылы Ресейдегі Бүкілодақтық заң институтына сырттай оқуға түсті.
Заңгерлік оқуға түскен соң енді өз мамандығы бойынша жұмыс істесем-ау деген ой да келе бастады. Сөйтіп жүргенде 1972 жылы ойламаған жерден оған Форт-Шевченко қалалық прокуратурасының аға тергеушісі қызметі ұсынылды. Баратын жері топырағын баспаған ел және мүлдем жаңа қызмет болғандықтан ол әжептәуір қобалжыды, қиналды. Бірақ жеме-жемге келгенде нар тәуекел деп келісімін берді де сол жылдың қыркүйек айында қасиетті Маңғыстаудың қара ойына табан тіреді. Қалалық прокуратурадағы тергеушілік жұмысы Жұмасай Бердияров сияқты жақсы маманның қамқорлығымен басталды. Жұмасай оған тергеушілік қызметтің қыр-сырын ерінбей-жалықпай үйретіп, жақсы маман болып шығуына көп септігін тигізді, сондықтан да ол оны ұстазым деп қадірлейді. Сөз арасында айта кетер болсақ, Жұмасай Бердияров осы Форт-Шевченкода, одан кейін ұзақ уақыт Маңғыстау ауданында, сосын Ералиев (кәзіргі Қарақия) ауданында прокурорлық қызметті абыроймен атқара білді. Кейбіреулер сияқты шіренген жоқ, қарапайым халықпен қоян-қолтық араласты, қайда жүрсе де ел сенімін ақтады, Жамбыл өңірінің тумасы болса да Адайдың бір баласындай болып кетті. Тоқсаныншы жылдардың басында жанұя жағдайына байланысты еліне қайтты, артында оған деген ыстық ықылас, жылы лебіздер қалды.
Содан Тілеуғали 1976 жылдың маусымында Бейнеу аудандық прокуратурасының аға тергеушілігіне ауыстырылды. Тоғыз жолдың торабы болған Бейнеудегі жұмысы да жемісті болды. Қай кезде де өз ісін жетік білетін сауатты маман ауадай қажет қой, Тілеуғалидың қылмыстық істерді жүргізудегі шеберлігі, көз қысты, бармақ басты сияқты әдеттерден аулақ екендігі, пара алу деген індеттен аман екендігі ескеріліп Жаңаөзен қалалық прокуратурасының аға тергеушілігіне жіберілді. Ол кезде Жаңаөзенде теңіздің ар жағынан келген Кавказ халықтарының өкілдері қойша өріп жүретін, жөнсіздік пен басбұзарлықтың көбі сол ағайындар тарапынан болып жататын (Солардың оспадарлығы түптің түбінде 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасына әкеліп соқтырғаны да ел есінде). Сол Жаңаөзенде қызмет етіп жүргенде Маңғыстаудағы еңбек жолын бастаған Форт-Шевченко қалалық прокурорының көмекшісі болу ұсынылды. «Келіннің бетін кім ашса сол ыстық» дейді ғой, Маңғыстаудың дәм-тұзын алғаш татқан жеріне, кенже ұлы Асхаттың туған қаласына қызметке баруға қуана-қуана келісті. Бұл сексен бірінші жылдың тамызы еді, арада бір жыл өтер өтпесте осы қаланың прокуроры болып тағайындалды. Конституциялық мерзімі біткен соң (1987 ж) Ералиев (Қарақия) аудандық прокуратурасына жұмысқа жіберілді. Осында аудан прокурорының орынбасары қызметінен денсаулығына байланысты 1995 жылдың соңында зейнеткерлікке шықты. Одан кейін де қарап жатқан жоқ, 2002 жылдың соңына дейін мұнай саласындағы әртүрлі мекемелерде заңгер, аудармашы қызметтерін атқарды. Демалысқа шыққаннан кейін облыс прокуратурасының жанындағы ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі болды, жас мамандарға тәлім-тәрбие беру ісіне белсене араласты. Қайда жүрсе де өзінің кәсіби және азаматтық міндеттерін адал атқаруға тырысты. Нағыз қылмыскерлерді аяусыз жазалауға бейім болатын. Жастарды тәрбиелеуге, олардың кішігірім ағаттықтарын кешіруге дайын тұрды. «Түрме ешкімді де түземейды, жастардың шалыс басқан қадамдарын кешіру жолдарын қарастырып, түрме төрінен құтқаруға тырысуымыз керек» деген қағиданы берік ұстанатын. Қажетті жерінде ащы шындықты қасқайып тұрып айта да білетін. Сол кездегі облыс прокуроры Рахметулла Ғұбайдуллин Тілеуғали Лұқпановтың тергеуші ретіндегі толымды табыстарын өзгелерге үлгі ретінде үнемі айтып жүреді екен. Мінсіз қызметі ескерусіз қалған жоқ. Тоқсан бірінші жылы КССРО Жоғарғы кеңесінің атынан берілген «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Одан кейін де «Прокуратура ардагері» медалімен, Бас прокуратураның «Мінсіз қызметі үшін» медалының барлық дәрежелерімен, «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен, «Маңғыстау мұнайына 50 жыл», «Маңғыстау облысына 40 жыл», «Ақтау қаласына 50 жыл» мерекелік төсбелгілерімен марапатталды.
Мен Тілеуғалимен және оның жанұсымен 1993 жылдың желтоқсан айында таныстым. Біздің танысуымызға себеп оның кенже ұлы Асхат пен менің қызым Қарлығаштың шаңырақ көтеруі болатын. Біз үшін оқыс оқиға болды, балалардың үлкені Қарлығаш 18 жасында тұрмысқа шығады-ау деп ойламаппыз да. Бірақ солай болды, қыз «қашып» кетті. Бұған себепкер құдағиымыз Жанат болып шықты, өзінің мынау жарық дүниемен қоштасатын кезі жақындағанын сезгендіктен кенже ұлы Асхатты тез арада үйленуге көндіріпті. Біз Жанатты небары үш-төрт рет қана көріп үлгердік. Ақтаудың асфальтынан басқа ештеңе көрмеген қызымызға ауылдық жерде енесіз тіпті қиын болады-ау деп қамықтық. Шүкір, құдамыз Тілеуғалидың, қамқор абысындарының жетелеуімен Қарлығашымыз бірте-бірте Ысық аулының белсенді, білікті келіндерінің біріне айналды. Асхат екеуі қара шаңырақты ұстап қалды, шырайлы шаңырақ иелері болды. Бұл күндері Нұрисламбек, Насихат, Жанетта, Арайнұр, Бибінұр атты жиен немерелеріміз желкілдеп өсіп келеді.
Былайғы жұрт Тілеуғали екеуміздің арамыздағы шынайы достық қарым қатынасқа қызыға, қызғана қарайтын. Біз өзгелердей өтірік сызылмадық, өмірдегі көп мәселелерде пікір алшақтығы болмағандықтан сөйлесе, сырласа келе жас айырмашылығына қарамастан өзімізді құрдастардай сезіндік. Осы күнге дейін әкелерін сағынғанда ұл-қыздары біздердің арамызда болған қызықты әңгімелерді айтып отырады. Осы ретте Маңғыстауға белгілі геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің иегері, Тілеуғалидің жақын інілерінің бірі Бисенбай Бисенғалиевтың Лұқпановтар әулеті туралы жазылған «Ағаларым» атты көлемді естелігінен (Ақтау, 2017 ж) шағын үзінді келтірсек артық болмас деп ойлаймын. Сонымен Бисенбайға сөз берсек:
«...Тілеуғали аға Ералиевке 1987 жылы көшіп келді. Біздің екі жанұямыз Ералиев поселкесінде (қазіргі Құрық) бірталай жылдар тұрдық, тығыз араластық, артынан Ақтау қаласына көшіп келгесін де араластығымыз азайған емес. Бірақ қаланың аты қала ғой, ауылдағыдай қайдан болсын, сондықтан да әрбір қазақтың қанына қатты сіңген қасиет – ауылды сүю, ауылды аңсау, ауылды сағына еске алу. Емін – еркін өскен қазаққа ауылдан артық мекен болған емес. Ералиев поселкесінде тұрғанда біздердің бастарымызды қосуға ұйытқы болатын ағам болатын болса, оның арғы жағында марқұм Жанат жеңгеміздің еңбегі ұшан теңіз еді, мен де, басқа араласқан ағайындар да тап осылай ойлайды. Ол кездерде біздер де, олар да жас болдық, балаларымыз да жас еді. Аға – жеңгеміздің үйінде әртүрлі басқосулар жиі болатын. Сол жиын – тойлардың бел ортасында біздер жүретін едік. Жаңыл апамыз бен Мәдениет жездеміз бастап, Жетіс – Ғалия, Махсолат – Ұлдай, Бисенбай – Ермек болып қостап, қаздай тізіліп іні – келіндері жүретінбіз қандай да бір шаруаларда. Ол үйдің дастарханы әрдайым молынан жайылатын. Жеңгеміз де дастархан жаюдың асқан шебері еді де, ағамыз сол дастарханның ажарын келтіретін әңгімелердің, ән мен күйдің хас шебері болатын. Екеуі қатар тұрып жарқылдағанда айнала сәулеленіп, өзгеріп сала беретін еді. «Екі жақсы қосылса шам жаққандай» деп бекер айтпаған шығар. Жеңгеміз жайған дастарханда жал – жая, ащы қуырдақ, бауырсақ, тәттілердің неше түрі молынан болса, оның арғы жағында «жылқының майының»(қызыл - қоңыр коньяк) ең жақсы сорты, «атаның суы» аталған «ащы судың» да көздің жасындай мөлдірі... осы сияқтылардың түр - түрі жайнап көздің жауын алатын еді. Аула толған асыр салып ойнаған ол үйдің, біздердің балаларымыз, ауладағы ошақтағы қазанда қайнап жататын жаңа сойып үйітілген семіз малдың құйқалы еті, ошақ басында шаруа жасап жүрген келіндер, олардың үстінен қарап жүрген жеңгей марқұм. Ең бастысы, мол қылып жайылған ақ дастарханнан артық болмаса кем емес аға – жеңгеміздің ақжарқын кең пейілі мен жеңгейдің тек қана өзі білетін ерекше рецептісі бойынша пісірілген аппақ, әрбіреуінің көлемі түйенің төс табанындай, күмпиіп көтерілген «фирменный» бауырсақтары болатын. Бұлардың бәрі сол үйдегі әрбір жиынның сәнін келтіріп тұратын. Біздер аға – жеңгемізге қолғабыс қылып қонақтардың қолдарына су құйып, ет турап, дастархандағы ащы-тұщы сусындарды да құйып қызмет қылып жүретінбіз, әрі, ең бастысы, жақсы адамдардың жақсы әңгімелерін, өнерлі адамдардың әндерін, күйлерін тыңдап бір жасап қалатын едік. Тегін концерт еді. Сол кештерде ағам да аттың басын жіберіп бір жасап қалатын, ағамның ән салу мәнері өте ерекше болатын, оны сол дастарханға жиналған талай өнерлілердің өздері де мойындайтын. Жеңгем өте ақылды, қайратты, әмірлі, алғыр адам болатын, қолынан да, тілінен де бәрі келетін, жатқан жері жұмақ болғыр! Биік бойлы, сымбаты сымға тартқан күмістей келісті, топ – толық бұрымдары белінен төмен түсетін, тәкаппарланып, айналасындағыларға шекесінен көз қиығын салып қарап, түп - түзу аяқтарын жерге қадап басып келе жатырғаны бір дүние еді жарықтықтың. Кейде ойлаймын: «Ағамыз жас кезінде жеңгемнің осы бұрымдарына «оратылып, ұсталып, шырмалып» шыға алмай қалған жоқ па екен, әлде жеңгем ағамның айлы түндерде салған тамаша әндерінің, махаббат туралы оқыған жырларының әсеріне буланып басы айналып қалды ма екен?» деп. Не де болса екі жақсыны құдайым біліп қосқан. Шын өмірде екі жақсының қосыла қоюы екіталай деп жатады: «Екі жақсының қосылып кетпеуін періштелер кірпік қақпай қадағалап тұрады дейді де, осындай жақсылардың қосыла қалғанын көргенде, періштелер қалғып кеткен сәтте қосыла қалғандар ғой» деп жататыны тағы бар екені де шындық. Аға - жеңгем тап сондай періштелердің қалғыған кезін дөп басқан ғой. Мұқағалидың төмендегідей өлеңі есіме түсіп отырғаны: «Су сұрасам сүт берген, айран берген, қартайып кетіпсің – ау, қайран жеңгем ...», менің жеңгем қартайғанын біздерге көрсетпей, әдемі, жас күйінде кетті өмірден. Менің ойымша, сол Ералиевте тұрған кезіміз ол әулеттің де, олармен араласқан біздердің алтын дәуіріміз болған сияқты.
Жеңгеміз «жаман сырқатпен» ауырып жүргенін сезгендіктен іштей дайындала беріпті. Кенже ұлы Асхатты медучилищені аяқтасымен жоғары оқу орнына жіберместен тездетіп үйлендірді. Асхатжан өзімен бірге оқитын Қарлығаш деген қызды біздің үйдегі Ермек жеңгесіне алып келіп, таныстырып жүрген болатын. Сол қызды 18.12.1993 жылы Ералиевтегі үйіне «алып қашып» келді. Ақтауда тұратын құдалардың үйіне «құдалардың алдынан өтуге» аға-жеңгем мені аттандырды. Ақтауда мені Күмісқалиев Есен ағамыз күтіп алады да, Есақаң бастап екеуміз Тәжіғали құданың алдына баратын болдық. Есақаң үлкен қызметтегі облыс басшыларының бірі, ел ағасы болып жүрген азамат болғанымен Тілеуғали ағама күйеу бала, ал мен ағамның інісімін, яғни «ұрылардың» өкілімін. «Сымсыз телефон» арқылы жинақталған мәліметтерге қарағанда Тәжіғали да облыстық деңгейдегі бір іргелі мекемені басқарып отырған, аты Маңғыстауға танымал азамат, мінезі ауыр, шатақ дегенді құлағыма құйып жіберді. Алдына кешірім сұрауға бара жатырған құдамыз Есақаңның жасын да, лауазымын да, облыс халқы алдындағы беделін де жақсы біледі, сыйлайды, оған көп салмақ сала қоймасы анық, ру жағынан да бөлек, ал менің жөнім мүлдем басқа. Қызын ұрлаған ұры ауылдың өкілімін, қызынан, қызына ие болмай айырылып қалған бәйбішесінен ала алмаған өшін менен алатыны бесенеден белгілі. Не де болса нар тәуекел деп аттанып кеттім. Тәуелсіздік мерекесі күні ғой. Айтқандай Есақаң күтіп алды, Тәжіғали құданың үйіне бардық. Сезімім алдамапты, Тәжекең біраз қинады. Жасымыз шамалас екен, тіке сөйлеп, сөзін өткізіп отырды. Сөйткен Тәжіғали құдасымен ағам тек құда емес, бара-бара дос, аздаған жас айырмашылығына қарамастан құрдастай болып кетті. «Құдаң құрдасыңдай болсын» деген осындай татулықтан қалған сөз шығар-ау! Ағамды Тәжіғали құдасымен дос қылатын тағы бір жағдай, екеуі де поэзияға жақын ақынжанды жандар. Жазу-сызуға икемдіктері бар құдалар, екеуінің де бірнеше кітаптары жарық көрді.Сонымен Жанат жеңгем кенже баласын аяқтандыра салысымен, келінінің қызығын көп көре алмастан, жарты жылдай қызықтап «иті жоқ ауылға» аттанды.
Уақыт өте келе ағам заман талабына сай Ақтау қаласына көшіп келді. Кенжесі Асхат пен келіні Қарлығаштың қолында тұрды. Балаларына бас-көз болып, жеңгейдің аманатына қиянат жасамады.
... Ағам немерелерінің аттарын өзі қоятын. Қойған есімдері бірнеше аттан тұратын ұзақ болады. Сірә, есімі ұзақ адамдардың өмір жасы да ұзақ болады деген түсінікті ұстанатын тәрізді, және бір ерекшелігі ағамның немерелеріне қойған есімдері өте сирек кездесетін, тіпті өмірде кездесе қоюы екіталай есімдер. Ал өзін бағып отырған Қарлығаш келінін де еркелетіп «Құлыншақ» деп ат қойып алған. Қарлығаш та ағайынның есінде «ата баққан келін» ретінде қалатыны анық...». Осы естелігінде Бисенбай құда Тілеуғалидың көп қырларын ашып көрсеткен.
Ол шын мәніндегі ақын еді. Оның жүрегі жақсы жырдың, шалқыған ән мен күмбірлеген күйдің ордасы болатын, Әрине ол өмір бойы өлең жазып машықтанған жоқ, өлеңдері арқылы елге танылайыншы деген ниеттен де аулақ болды, жұрт сияқты әртүрлі деңгейдегі жыр додаларына да қатыспады, өлеңдерін мерзімдік баспасөзде жариялатамын деп те әуреленбеді. Өзі үшін және артта қалар ұрпағына мұра ретінде жүрек қылын шертіп, сезімін тербеген ойларын қағаз бетіне түсіре берді. Өлеңдері поэзия әлемініңсаф алтыны деп айтуға келіңкіремесе де тек қана жалаң ұйқас қуалап тисе-терекке, тимесе-бұтаққа дегендей ниетпен жазылатын өлеңдерге қарағанда өзіндік айтар ойы бар дүниелер десек қателеспейміз. Оның жырларындағы сәтті шыққан ой орамдары жүрегіңді дірілдетіп, бір сәт тәтті мұңға батырады, бір сәт қуаныш шуағын төгеді, ал енді бір сәт ертеңгі күнге, атар таңға жетелейді.
Жоғарыда оның өмірлік жары Жанат өмірден ертерек кетті дедік. Сол кезде бар болғаны 52 жаста екен. Ол мүмкіндігі бола тұрса да екінші рет үйленген жоқ. Ұл-қыздарының, немере-жиендерінің әке-шешесі де, ата-әжесі де өзі бола білді. Жанындай жақсы көрген жарына арналған өлеңдерінің бірінде ол:
...Мен сені неге ұмытам, ұмытпаймын,
Кеудеме келбетіңді құлыптаймын.
Көзіме елестесе сенің бейнең,
Жыртады жүрегімді жұлып қайғың.
Есімде езу тартып күлгендерің,
Жүдетпей жүрегімді жүрген менің.
Сен жарық жұлдыз болып ағып өттің
Мен саған бір қарап та үлгермедім.
Есімде талай-талай сыр айтқаның,
Жабықсам көңілімді тыңайтқаның.
Жанымнан жұлдыз болып ағып өтіп,
Жарай ма мені осынша мұңайтқаның.
Дәм тұзын татып жүріп бір дестенің,
Қайғысыз қара сумен күн кешкенмін.
Егер сен қара жерді басып жүрсең
Жанымда жалауым боп жүрмес пе едің!
...Тағдырдың тауқыметін бөліскенім,
Таусылмай қалды ма әлде көп істерің.
Басыңа барған сайын бір аунасаң,
Сол болсын маған тұрып көріскенің – деп ағынан жарылады.
Сан алуан тақырыпқа жазылған өлеңдерінің ішінде әсіресе қазақ халқының ғұлама ұлдарының бірі Әбіш Кекілбаевша айтсақ «Әлсізге- Медет, Күштіге- Айбар, Зарыққанға –Жебеу, Тарыққанға –Демеу, Асқанға – Тосқан, Сасқанға –Сая, Ұрпаққа –Ұстаз, Ұлысқа – Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі» болған Пір Бекетке, анау Тайсойған беттегі Мәтен әулиеге, қазақ халқының қастерлі ақындарының бірі болған Махамбетке арнаған шығармаларының шоқтығы биік. Айта кету керек, ол Исатай бастаған ерлердің зорлық-зомбылыққа қарсы күресін жырлаған Ығылман Шөрековтың «Исатай- Махамбет» дастанын жатқа айтатын. Өзі де Махамбет батыр, Махамбет ақын туралы өлеңдер циклын жазды. Сол өлеңдерінің бірінде:
Қорамсақ сайлап асынған,
Найзағай болып басылған.
Емеурін салса еміренбей,
Түнеріп барып ашылған.
Егесіп бармақ қыршынған,
Егеулі найза ұмсынған.
Шарт етіп барып бір сынған,
Қаймана қазақ қымсынған.
Тар жерде сасып таймаған,
Болаттан берік қайнаған.
Қасаңнан салып терлікті,
Көбеңнен күлік сайлаған.
Тауданда биік мұнартқан,
Жауырыны жара жүк артқан.
Тәуекелге бел байлап,
Ел үшін қайғы ұзартқан,
...Балтаға түспес без едің,
Елсізде кепкен өзегің.
Ел үшін емен найзаны,
Қаймықпай қайта кезедің - деп жырлайды ол. Мынау апшыны қуырған нарықтық экономика дәуіріндегі көлеңкелі көріністерді де жіті байқап, ашығын айтуға тырысқан:
Заман-ай, заман, біреуді біреу талаған,
Сұқ иттің артын сұғанақ келіп жалаған.
Байлығын айтып біреуді біреу қажаған,
Біреуге қайғы таба алмай жүрген қара нан.
Жерінем кейде заманның жалған сұрынан,
Заманды билеп жалақтап жүрген ұрыдан.
Қайда барсаң кес-кестеп жүрген қарақшы,
Баратын жер жоқ, қашқанда қайда тығылам.
Осылай деп жаны да, ары да тап-таза азамат қана айта алады. Ол көзі тірісінде Ақтау қаласындағы баспаханадан 2007 жылы 500 данамен басылып шыққан 10 баспа табақтық «Өмір өрнектері» жыр жинағын еліне ұсынып кетті. Осы жинақты баспаға дайындауға жауапты шығарушы ретінде көмектескенімді, кітаптың алғы сөзін жазғанымды көңіліме місе тұтамын. Артында көлемі бір том болатындай жарияланбаған өлеңдері қалды. Реті келгенде ұл-қыздары әкелерінің толыққанды жыр жинағын халық кәдесіне ұсынар деген үміттеміз.
Сонымен қатар Тілеуғали өте әңгімешіл, шежіре адам да болатын. Кіші жүз руларының ара жігін, қазақ хандарының тарихын өте жақсы білетін. Пісмілләсі «әкем айтқан әңгіме еді» деп басталатын әңгімелерін тыңдағандар талай-талай тарих тұңғиығынан сусындайтын. Сол әңгімелерін жинақтап, бір ізге түсіріп 2012 жылы «Өмірдерек» атты көлемді кітабын жарыққа шығарды. Кітаптың жарыққа шығуы үшін көмек қолын созған ағасы Қожастың баласы, мұнай саласының белді қызметкерлерінің бірі Лұқпанов Жеңісбек еді. Кітапта Ысық руының игі жақсыларының, Жақсыбай, Киікбай, Қамысбай, Лұқпандардан өрбіген үрім-бұтақтың, Лұқпан әкенің туыстары Есекен, Жақып, Халипан, Ордағали, Егізғали, Оразғалилардың, өзінің туған бауырлары Қожас, Елеуғали, Аманғали, Күләштардың өмір жолдары, сол уақыттардағы замана келбеті тарихи-этнографиялық әңгімелер түрінде өрнектелген. Сонымен бірге бұл кітапта бірте-бірте ұмытыла бастаған белгілі тарихи тұлғалар туралы тың деректер ұсынылған. Кітаптың өн бойынан автордың тарихи фактілерді бұрмалауға, жалаң мақтанмен абырой жинауға қарсы екендігі сезіліп тұрады. Автор осы кітапта топтастырылған тарихи-этнографиялық әңгімелері арқылы желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа елін, жерін, Отанын ардақтауды аманаттағандай болады.
Ол жоғарыда Бисенбай айтқандай тума талант әнші, шебер күйші болатын. Маңғыстаудың жеті қайқысының, Жылойдың, Атырау, Орал өңірлерінің әндерін шырқағанда тұла бойың балқып, жүрегің шымырлайтын. Құрманғазының, Динаның, Дәулеткерейдің күйлерін нәшіне келтіре тартқанда күй сазынан ләззат алып, жігерлене түсетінсің. Оның әншілік, күйшілік өнеріне бүкіл Батыс Қазақстан өлкесінің саңлағы, жөргегінен ән салып өскен жезтаңдай әнші Күріш Тасболатов пен атақты жыршы, күйші әрі өнер зерттеушісі Ізбасар Шыртановтар тәнті болған. Өнерлі әкесінен өнеге алған ұл-қыздарына Тілеуғалидың әншілігі мен күйшілігі дарыған. Отбасының тұңғышы Қарлығаш (келіні Қарлығашпен аттас) әжептәуір дауысы бар әнші болса, Ардақ атты баласы гитарада ойнайды, ал кенже бала Асхаттың күйге бейімділігі бар.
Қатты ауырды. Туралап келген ажал алып тынды. Оны ертең жер қойнына тапсырамыз деген түнде жаңбыр сіркіреп жауды да тұрды. Сәл толастағандай болады да қайтадан жауады. Таң ата жаңбыр сап жиылды. Табиғат-ана да осы бір жаны жайсаң, жүрегі жомарт, сегіз қырлы бір сырлы, өз заманының сөздің шын мәніндегі азаматы бола білген перзентімен қоштасып жатқандай еді. Бұл 2015 жылғы қазан айының 25-жұлдызы болатын...
Тәжіғали Бекқалиұлы
Қазан, 2018 ж.
(Республикалық «Төртінші билік» газеті №19 (309) 15 қазан 2018 жыл)
Ескерту: Автордың рұқсатынсыз мәтінді өзгертуге болмайды