Танымал әнде айтылғандай, «Алдыңда ағаң болған қандай жақсы» десеңші.... Шынымен де, алдыңда ағаларың жүрсе, жас сезінеді екенсің өзіңді, жастығымның жарқын күндері сондай арқасүйер ағаларымның арқасында алаңсыз өткені күмәнсіз. Менің де алдымда ағаларым бар, болған... өткенге көз жүгіртсем, алдымда ағаларым болған кездерім, өмірімнің ең бір шуақты сәттері екен десем, қате болмас. Өмір өз арнасымен жылжып барады, мені де кейінгілер аға деп құрметтейді, сыйлайды, кеңес күтеді. Осы ойлардың жетегімен, өзім өнегесін көрген, арқа сүйеген, ардақты ағаларымның рухына арнап жазған естелік әңгімелерімді ағаларымның ұрпақтарына ұсынсам дегенмін. Олар өздерінің қандай жақсының ұрпағы, алтынның сынығы екенін есінен шығармасын, іргелі әулеттің атына лайықты өмір жолын таңдасын деген тілегімді зерделі жастар айтқызбай ұғар деген ойым бар. Бұл менің өзім құрметтеген, сарқытын ішкен асыл ағаларымның алдындағы парызым деп есептеймін. Қазақ атамның жолымен, аға деген ардақты атқа лайықты болып өмірден өткен ағаларымның рухтары разы болғай!!!
«Жеңім жаман болсада, жағам жақсы, өзім жаман болсамда, ағам жақсы» дейтін сөз бар қазақта. Өзім сәби күнімнен Бисенғали атам, Меткіл мамам, анам Балжаннан аттарын жиі естіп, құлағыма, санама сіңген, бала кезімнен көзім көріп, жадымда сақталып қалған, есейе келе қолдарына су құйып баталарын алған «Төрде отырса төбедей, төбеде отырса төредей» болған ағаларым жайында аздаған естелік жазбақшымын. Көздерін көрген ағайынды үш ағамның бірінен бірін бөлгім келмейді. «Жақсы адамның бары білінбейді, жоғы білінеді» дегендей, жазбақшы болып отырған ағаларымның бәрі де «біреуі ерте, біреуі кеш» дегендей бұл өмірдегі шаруаларын бітіріп, бақилық сапарға аттанған еді. Ағаларымның жоқтығы күннен күнге сезіліп, орындары үңірейіп тұрғаны жаныма батады. Олардың мені «інім» деп еркелететіні, біреуі «Інім Бисенбайжан» десе, екіншісі «Айналайын Бисенжан» дейтіні әлі құлағымда. Енді мені осы ағаларымдай еркелететіндердің де қатарлары күннен күнге сиреп барады. Өмірдің қатал заңы осындай ...
Ағаларым жайын жазбас бұрын сәл кейінірек шегініп, руластық шежіреге бір қарап алайық.
Біздердің бөлімімізді таратқанда Ысықтың Қадырқұлы дейді де, Қадырқұлдан - Сейтек, Самай, Жиен тарайды. Жиеннен – Баймұрат, Самұрат, Абызмұрат шығады да, Самұраттан – Жақсыбай, Жапалақ, Өте тарайды. Жақсыбайдан – Есенбай, Меңдібай, Телеубай, Киікбай, Қодаш деген балалар туған.
Ысықтың Жақсыбайы бөлімінің Киікбай, Қодаш деген кіші балаларының еншілері бөлінбеген, еншілес дейді. Жақсыбай атамыз балаларына енші бөлгенде Киікбай мен Қодашты еншілес қылып, екеуінің еншілерін Киікбайға беріпті. Бұлай жасауының басты себебі, Жақсыбай атамыздың кенже баласы Қодаш шаруаға қыры жоқ, салқамсоқ, тентексоқтау болған екен де, оның тетелес ағасы Киікбай шаруасына мығым екен. Жақсыбай атамыз балаларының шаруаға икемділігіне сын көзбен қарап, кенже баласы Қодашының қамын ойлап осындай шешім қабылдаған екен. Сол заманнан бері Ысықтың Жақсыбайының Киікбайы мен Қодашы еншілері бөлінбеген ағайын болып есептеледі. Сәйкесінше, Жақсыбай атамыз кенже баласы Қодаштың қолынан шықпай «келмес сапарына» Киікбай баласының үйінен шығыпты. Бұл әңгімені бала кезімде Бисенғали атамның әңгімелерінен құлағым шалып қалатын, сол шақтан бері санамда жүретін еді. Бұл айтылған «еншілері бөлінбеген, еншілес» деген сөздің мағынасын сол кезде де, жігіт болған шағымда да жете түсіне қоймаппын, түсіндіріп беруін білетіндерден сұрап та көрмеппін. Жасым елуден асқасын барып осы әңгімеге Лұқпанов Тілеуғали ағам түсінік берді. Осыған дейін Бисенғали атам үнемі аузынан тастамай айтып отыратын Лұқпан ағасының балалары Нығымет пен Қожасты көзіміз көріп, ағайын болып аралас болғанымыз болмаса, олармен қандай жақындығымыздың барлығын сезе бермейтінмін. Ысықтың Жақсыбайы болғасын ағайын болып араласатын шығармыз деп ойлайтынмын. Еншілері бөлінбеген еншілес дегеннің сырын түсінгеннен соң ғана Лұқпан атамыздың ұрпақтары біздерге етене жақын екенін білгендей болдым. Лұқпан атамыз Киікбай бөлімінен де, Бисенғали атам Қодаш бөлімінен ғой. Бисенғали атамдар 1938 жылдары жаңадан ашылып жатырған Мақат ауданындағы Сағыз мұнай кәсіпшілігіне көшіп келеді де, Лұқпан атамыз өздерінің ата қонысы болған Қызылқоға өңірінде тұра береді. Негізінде, екі тұқымның да ата қоныстары, табаны Қарабау, Қызылқоға, Тайсойған өңірі. Ата қоныстарында тұрғандарында бірін бірі жақсы білген, етене араласқан.
Естелік жазғалы отырған ағаларымның қайдан тарайтындарын, неше ағайынды екендерін көрсетіп кетпесем болмас, арғы аталары:
Қамысбайдан – Ыбырай, Есекен, Лұқпан, Халипан, Оразғали, Ордағали, Егізғали деген балалар болған. Лұқпаннан – Нығмет(негізінде, Нығмет Халипанның Есекенге берген баласы, Ескеннің жесірі Нағимамен бірге Лұқпан атамызға келген), Қожас, Күләш, Елеуғали, Тілеуғали, Аманғали.
Лұқпан атамыз әнебір елді жайлаған аштық жылдарында жанұясын, ағайын туғандарын қыста қоян аулап, жазда балық-құс аулап, құдай берген өнерінің арқасында біреулерге арба, біреулерге шана, ағаш үй жасап беріп асыраған. Лұқпан атамыз естігенін ұмытпайтын құймақұлақ, әңгімешіл адам болыпты. Лұқпан атамыздың үлкен ұлы болып есептелетін Есекенов Нығмет ағамыз Ұлы Отан Соғысына қатысушы майдангер, бір көзінен соғыста айырылған, жоқ көзінің орнын қара былғарымен тартып байлап қоятын ірі денелі адам. Нығмет(1917-23.02.1969ж.ж.) ағамның қысқаша өмірбаяны мынандай:
1917 жылы Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, Тасшағыл ауылында дүниеге келген. 1939 жылы Қазан қаласындағы педучилищені бітірген және сол жерден әскер қатарына алынған. Әскери борышын өтеп болып елге оралайын деп тұрғанында Фин соғысы басталып, соған аттануға жиналып жатырғандарында Отан Соғысы басталып кетіп, бұларды сол соғысқа жібереді. 1941 жылы сол жақ көзінен жараланып немістерге тұтқынға түседі. Тұтқында(қайда, қай елде?) немістерге ат айдаушы болып жұмыс жасаған. 1945 жылы тұтқыннан қашып шығып Африка арқылы Иранға келеді. Ираннан Бакуге жаяу келіпті. Кеңес үкіметі бұларды тұтқында болғандары үшін соттап, 1946 жылы Владивостоктағы көмір шахталарына жұмысқа салады. Шахтада жапон тұтқындарымен, басқа ұлт өкілдерімен жұмыста болады. Владивосток шахтасында жұмыста жүрген әскери тұтқындар Қазақстан Жорғары Кеңесінің төрағасына хат жазып кешірім беріп елге қайтаруын сұрапты. Босанып шыққасын екі ай жүріп 1947 жылы ст.Сағыздағы Шамжан апасының үйіне жетеді.1947 жылы Тасшағылдан Сағыз м.ө.кәсіпшілігіне інісі Қожасты, анасын алып көшіп келеді. Сағыз м.ө.кісіпшілігінде бухгалтер болып 1963 жылға дейін еңбек етеді де, сол жылы жалғыз өзі Прорва м.ө.кәсіпшілігіне жұмысқа ауысады. Ол кәсіпшілікте де бухгалтер болып еңбек еткен. 1964 жылы сол жаққа жанұясын да көшіріп алады. 23.02.1969 жылы дүниеден озды. Өмірінің соңғы бір жылында өзі сұранып м.ө.операторы болып еңбек еткен. Жұбайы Дәулетова Шоңай(1916-21.02.1977 ж.ж.) Сағыз м.ө.кәсіпшілігіндегі мектепте(1947-1964 ж.ж.), Сарықамыс м.ө.кәсіпшілігіндегі мектепте мұғалім болған».
Нығмет ағамыздың Сағыз кәсіпшілігіне жұмысқа тұруды таңдауының мынандай да мәні бар. Қамысбаев Егізғали ағасы соғысқа осы Сағыз мұнай кәсіпшілігінде қызметте жүргенде аттанып соғыстан оралмаған. Ол ағамыздың қысқаша өмірдерегі мынандай:«Қамысбаев Егізғали(1911-1942 ж.ж.) Гурьевтің мұнай техникумын бітірген, жұмыс жасай жүріп Бакудің мұнай институтында сырттай оқып, 1942 жылы үшінші курстан соғысқа аттанған. Байшонас, Ескене, Сағыз м.ө.к. басшылықта болған. Соғысқа Сағыз м.ө.к. басшы болып жүргенінде аттанған. Сталинград майданында мерт болған. Ұрпақ қалмаған».
Қожас ағамның ресми өмірдерегі төмендегідей:
Қожас ағам (20.12.1937-01.08.2017ж.ж.) Сағыз мектебін 1953 жылы бітіріп, Гурьев политехникумында 1953-1957 жылдары оқып білім алған. Гурьев барлау-экспедициясында бұрғышы көмекшісі, бұрғышы, бұрғылау шебері болған, Прорва м.ө.к. оператор, шебер болып 1994 жылы зейнетке шыққанша еңбек еткен. «9-шы бесжылдық екпіндісі», «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін», «Мақат мұнай кенорынына 90 жыл», «Қосшағыл мұнай кенорнына 70 жыл», «Прорва мұнай кенорнына 50 жыл» медальдары мен мерейтойлық төсбелгілердің, көптеген Алғыс хаттардың иегері. Сағыздық Есжанова Айнаш Ғинаятқызына(1938-1990 ж.ж.) үйленген.
Сағыз мұнай кәсіпшілігі ол кездерде ашылғанына 10 жыл ғана болған жас өндіріс орны, жаңадан бой түзеп келе жатқан ауыл болатын. Кәсіпшілікті басқаруға келгенбасшылардың барлығына жуығы Кеңес Одағының іргелі оқу орындарынан білім алған, үлкен өндіріс орындарында тәжірибе жинақтаған, көргендері де, біліктілігі де жоғары деңгейдегі неміс, еврей, орыс ... т.б. ұлттардың өкілдері болды. Олар тек қана өндірісті алға сүйреп қана қоймай, мұнайшылардың мекені Сағыз ауылын да сол замандағы заманауи үрдіске сай тұрғызып, көркейтіп жатты. Көргендері мол, тәжірибелі басшылардың сіңірген еңбектерінің арқасында Сағыз ауылы көркемдігі жағынан сол маңдағы өзі типтес мұнайшылар поселкелерінің алдыңғы жағында тұрды. Оқтай түзу орталық көшеде қалалардағыдан кем емес тротуар болды, тротуардың қапталында күндіз өзі сөніп, кеш түсе өзі қосылатын жарық шамдар болды, мектеп, жазғы-қысқы клуб, қысқы клубта теннис, бильярд ойындары, орталық кітапхана, техникалық кітапхана, бірнеше дүкен, асхана, наубайхана, базар, қасапхана, орталық парк, парктің ортасында субұрқақ, оны айналдыра би алаңы, монша, маңызды нысандарға жылу беретін орталық жылу қазандығы, атқора, футбол, волейбол, әртүрлі спорт алаңдары, қонақүй, радиоторабы, байланыс торабы, медпункт, емхана, балабақша ..., мұнайшылар тұратын жайлы, төбелері шиферланған аппақ корпустар. Осы нысандардың барлығы да жасыл желекпен көмкерілген, тал-теректер молынан отырғызылған. Барлық тұрмыстық нысандар мен корпус үйлер жүйелі тәртіппен орналастырылған. Осы жерде сәл мақтанып айта кетейін, менің жеңгелерім Шонай апай мектепте мұғалім болса, Айнаш жеңгем балабақшаның меңгерушісі болды. Осындай үлгілі поселокті тұрғызған көргені көп, білікті басшылар басқа ұлттың өкілдері болғанымен, ірі орталықтардан келгендерімен жергілікті халықтың тұрмыс жағдайын да, мәдениетін де жоғары деңгейге көтеруге үлкен үлес қосты. Сол кездерде поселоктің тұрғындары да әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған болатын, орыс, украин, татар, шешен, неміс ... т.б. ұлт өкілдері жетерлік еді.
Сағызда тұрғанда біздің үй Нығмет ағамыздың үйімен тығыз араластық, олардың үйінде де, біздің үйде де жиі қонақ болатынбыз. Бисенғали атам Нағима әжемізді жеңге қылып қатты әзілдесетін. Нағима әжеміз, белі ауыратындықтан болар, үнемі еңкейіп, екі қолын артына қарай қайырып ұстап жүретін. Қолдарын екі жағына кеңінен жіберіп, қанаттарын жайып, салбыратып жіберген құстар сияқты қайқалақтап жүретін. Жеңгесі болғасын Бисенғали атам қалжыңдап ол әжемізге сыртынан «қайқалақ кемпір» деп ат қойып алған. Неге екенін білмеймін, атамның жеңгесі үйге кіріп келе жатырғанда «Ей, жақсы келдің, басым ауырып отыр еді, салшы насыбайдан» дейтін әзілі әлі есімде. Жеңгесі шай үстінде келе қалса, атамның осы әзілін естіген шай құйып отырған жеңгелерім беттерін басып, қайда қашарын білмей, күлкі қысып әлек болатыны есімде. Атам да, жеңгесі де түк болмағандай бір бірімен жеңіл әзілдесіп, мырс-мырс күле беретін. Бисенғали атам молда болған адам, насыбай атпайды, ал әжеміздің де насыбай ататын «жаман әдетін» байқамаппын. Балалықпен «неге олай айтады екен» деп ойлайтынмын. Бисенғали атамның мінезі қатты, анау-мынауға күле бермейтін адам болғандықтан, атамның осы әжемізбен қалжыңдасып, ойнап, рахаттанып күлетіні біз үшін қызық еді. Нағима әжеміз атамның әзілдесетін, ойнайтын санаулы адамдарының бірі. Балалықпен «қайқалақ кемпір» келсе екен, ол келсе атам көңілденіп, күліп, біз де мәз-мәйрам болып қалар едік деп ол әжеміздің келуін күтетінбіз. Бисенғали атам мен Меткіл мамама еріп Нығмет ағамыздың үйіне талай бардым. Біздер қазақы үйде тұрамыз, олар орталықта ұзынша корпус үйде тұратын. Бірнеше пәтерден тұратын корпус үйдің алдында корпустың басынан аяғына дейін созылған, ені ауқымды штакетник шарбақ болады, сол шарбақтың ішінде бірнеше қатар, әр пәтердің алдында тал-теректер өседі. Нығмет ағамның үйінің дәл алдында, бұтақтарын кең жайып биік өскен талдардың көлеңкесінде кең сәкі орналасқан. Жаздың ыстығында кешке қарай Нығмет ағам сол сәкінің үстіне алаша, көрпе төсеткізіп, жұмыстан кейін салқындап жататын. Ірі, қарынды адам еді. Бір көзін соғыста жоғалтқан, оны қара былғары тартқышпен тартып қояды, біз сияқты балаларға ағамның бетіне қарау қорқынышты еді. Корпустағы ағамның үйіне бару біз үшін қызық болатын, олар сәкінің айналасындағы бос жерлерге аздаған огород егетін.Ағам кейде сол огородын суарып отырады, кейде сәкіде майкамен көпшікте шынтақтап демалып жатады. Ағамның әйелі, Шонай жеңгеміз, менің кіндік шешем, мектепте мұғалім. Мұғалімді көргенде әлі мектепке бармасамда мамамның етегінің артына тығылатынмын. Бізді көрген бойда ағам да, жеңгем де огородтан піскен оғұршық, помидор ... болса жұлып алып беретін. Біз соған мәз болатынбыз. Үлкендер сәкінің үстінде, болмаса үйде асықпай шай ішіп, әңгіменің тиегін ағытатын. Ел жақты, Қызылқоға өңірін, сол жақта қалған ағайындарын, сол жақтағы өмірлерін әңгіме қылып, терлеп-тепшіп шайға қанатын. Нығмет ағамның көзінің соғыста жоғалғанын білемін, бірақ балалықпен оның бетіне, көзін таңған қара былғары байлауышқа қарауға қорқамын. Мектепте оқып жүргенде кітап оқуға құмар болдым. Теңіз қарақшылары жайындағы Стивенсонның «Қазына аралы» кітабынан теңіз қарақшыларының, бір көзін дәл Нығмет ағамдай қылып таңып қойған капитан Флинттің суретін көріп, менің ағам да дәл осындай ержүрек қарақшы болған шығар деп ойлайтынмын. Жоғары кластарда тарихтан орыстың даңқты қолбасшысы Кутузовты көріп, тағы да менің ағам да осындай даңқты қолбасшы болған шығар, немістерді қирата жеңген деп те ойлайтынмын. Бала қиял ғой, ағамның көзінің жоқтығының орнын осылайша толтырып, атақты адамдарға теңеп қиялдайтынмын. Есейе келе бір жігіттерден қазақша мынандай анекдот естігенде де, Нығмет ағам есіме түсіп, ішімнен күліп, ағамның қазақша айтқанын неміс ит түсінбеген ғой деп қойғанмын: «Немістермен қоян-қолтық ұрысқа(рукопашный бой) кіргенде, өзін штыгімен түйрейін деп тақалып қалған неміске бір қазақ: Өй, өй, мына штыгіңді шошаңдата берме, көзімді шығарарсың депті». Сол кездерде, жас балаң жігіт Қожас ағамды алғаш көргенмін. Нығмет ағам Қожас інісіне Гурьевтегі мұнай техникумын оқуға кеңес береді. Нығмет ағам алдағы өмірде мұнай саласының қарыштап дамитынын, елдің болашағы мұнай өндірісімен тығыз байланысты болатынын сезген ғой. Соғысты көрген, мұнайлы Татарстанның астанасы Қазанда білім алған ағам, Қызылқоға өңірінің көптеген азаматтары сол кезде атағы дүркіреп шығып жатқан Ембі мұнайының білікті басшылары аталып жатқанын көрді, білімді жастардың жетіспей жатқанын да сезді, сондықтан да інісі Қожасты осы салаға білім алуға ұмтылдырды, дұрыс бағыт-бағдар берді. Қазіргі кезде ағамыздың сол көрегендігіне тәнті болмасқа болмайды. Қожас ағамның өзі де, оның ұрпақтары да қазақстан мұнайының белді мамандары атанғаны, білікті басшыларының қатарынан ойып тұрып орын алғаны соның куәсі. Бақытын мұнайдан тапқан мұнайшылар әулеті-династиясы деген атаққа лайық әулет екендігінде сөз жоқ. Осы жерде тағы бір айта кететін маңызды жай, қазіргі кездегі Қазақстан мұнайының білікті мамандарының көпшілігінің арғы тегі Қызылқоға өңірінен шыққандығы. Ал, Нығмет-Қожас ағаларым қызмет жасаған өткен ғасырдың орта деңгейіндегі заманда Қазақстан мұнай өнеркәсібінің басы-қасындағы басшылардың, білікті мамандардың 90 пайызға жуығы Қызылқоға өңірінен шыққан майталмандар екені шындық. Содан ағам 1960 жылы ауылдағы ең әдемі қызға үйленді. Ауылдағы орнықты семьялардың бірі Ғинаяттың Айнаш деген сұлу қызы маған жеңге болып шыға келді. Содан соңғы өмірін мен біліңкіремейді екенмін, себебі олар сол кезде жаңадан ғана ашылып жатырған Прорва мұнай кәсіпшілігіне жұмысқа тұрып, Сарықамыс поселкесіне көшіп кетті. Нығмет ағам, кіндік шешем - Шонай жеңгем, Бисенғали атамның әзілдесетін жақсы жеңгесі Нағима әжеміз, барлығы Сарықамыстың тұрғындары атанды. Иманды болғырлардың көпшілігіне топырақ сол жерден бұйырды. Ол заманда қазіргідей емес жол қатынасы өте нашар, жер арасы қашық болғандықтан араласуымыз сиреді. Үлкендер жағы бір-бірінің хабарларын біліп те тұрған болулары мүмкін, ал мен ағаларым көшіп кеткеннен кейін олардан мүлдем хабарсыз қалдым. Анда-санда ғана үлкендердің әңгімелерінен олардың амандығын құлағым шалып қалып жүргені болмаса, санамдағы балалық шақтағы еміс-еміс суреттер ғана оларды есіме салып тұратын. Ауылдан интернатқа, мектеп бітіргесін Алматыға оқуға, одан соң жолдамамен Маңғыстауға кеттім. Балалық шақтағы көргендерің санаңда мәңгілік жазылып қалады ғой. Біздің кезіміздегі, одан да бұрыннан бері жалғасып келе жатқан ата дәстүр бойынша қазақтың шал-кемпірлерінің немере-шөберелері сияқты «боқмұрындарын» қастарынан тастамай той-садақаларға ертіп жүріп, ағайындарының үйлеріне барғанда жанынан қалдырмай алып жүріп миларына құйып, саналарына сіңіріп жүретіндігінің пайдасы осында жатыр екен ғой. Бисенғали атам мен Меткіл мамам қастарынан тастамай жетелеп алып жүріп, барған жерлерінде, үйге қонақ келгенде тізелеріне жатқызып үлкендердің әңгімелерін тыңдатқанының арқасында менің де жадымда біраз нәрселер ұмытылмастай болып жазылып қалыпты. Соның бірі, осы атамның аузынан тастамай айтып отыратын Қамысбайдың баласы Лұқпан атамыз, оның ұрпақтары, оның ішінде Нығмет, Қожас ағаларымыз жайы. Бір қызығы, менің басымдағы сол кездерде жасалған «записьтерде» Нығмет ағамның үйінде болған тойлар қалмапты(мүмкін, сырқатыма байланысты да шығар). Қожас ағамның техникум бітіріп диплом алып келгендегі, Айнаш жеңгеме үйленгендегі, ең соңында, Сарықамысқа көшердегі ... тойларында мен болуым керек еді. «Мен болуым керек еді» деп отырған себебім, Нығмет ағам мен Нағима әжеміз атам мен Меткіл мамамсыз той жасауы мүмкін емес, ал атам мен мамам барған тойдан мен қалған емеспін, мамамның етегінен ұстап, немесе атам жетектеп міндетті түрде алып барады. Қай тойда болмасын, маған «Бисекең қарттың баласы» ретінде құлақ, сирақ, бөтеке, қойдың асығы тиесілі. Жылы-жұмсақтан құр қалып көрген емеспін. Ол заманда біздің ауылда той жиі болатын да, адам өлімі, садақа дегендер тіпті сирек болатын. «Біреулер төсек тартып жатыр екен, немесе тамақ жүрмейтін ауру екен» дегенді қазіргідей көп естімейтінбіз. Сондай таза заманда өмір сүрген екенбіз. Ауылдағы көп болатын сондай тойларда тойдың қызығы балаларды жарыстыратын, балаларды, қарттарды күрестіретін ... Бірде, кішкентаймын, мамама еріп тойға бардым. Жаз мезгілі, үй тар, кемпірлер көп, шай ішіліп жатқанда мен мамамның тізесіне басымды қойып сығалап жатырғанмын. Мамам дастархандағы тәттілерді(тоқаш, кәбрөшке, балы бар кәмпит, пешение, мейіз ...сияқтыларды) маған береді, мен жейтінін сол жерде ауызға тығамын, үлгермегендерімді көйлегімнің етегіне жинаймын. Қатты терлеп ыссыладым. Кемпірлер буы бұрқыраған ыссы үнді шайын терлеп-тепшіп, әңгіменің тиегін ағытып тартып отыр. Мамам менің терлеп кеткенімді көріп тойға киетін кәжекейінің қалтасынан қол орамалын шығарып бетімді, басымды ысқылап сүртті, «сырқылдап» кеткен тұмсығымды да сүйкеп өтті. Қол орамалымен сүрткен жерлері бір кездерде жанымды шығарып дуылдады дейсің. Шыдай алмай қорсылдап жыласам керек, мамам не болғанын білмей әлек. Бір мезгілде қолындағы орамалына көзі түскен сияқты, ол орамалдың бір шетіне мамам бір кездері қара бұрыш түйіп алып салып қойғанын ұмытып кеткен, сол түйгені шешіліп кетіп, менің пысынап жатқан басыма, бетіме ... жағылыпты. Қара бұрыш термен қосылып жағылғасын дуылдатпай қайтсін. Дереу далаға шығарып басымды күнде тұрған құмандағы жылы сумен сабындап жуып әлек болғаны есімде қалыпты. Мүмкін, бұл той осы Нығмет ағамның үйіндегі тойлардың да бірі болар-ау деп ойлап қоямын. Сол замандағы кемпірлердің сондай әдеті болды ғой, қол орамалдарының бір шетіне шайға салатын қалампырын, қара бұрышын ... түйіп жүретін. Мамам да сондай қылып түйіп алған ғой қара бұрышты, ол орамалын «парадный тойға киетін кәжекейінде» ұмытып кеткен. Сол орамалдың тойда быршып терлеп жатқан маған тап болып тұрғанын көрмейсің бе. Той көп болатын да, садақа өте сирек болатын дегеніме байланысты бір әңгіме жазып жіберейін. Ералиевте тұрған бір құрдас жігіт, біздерден ертерек, Ақтау қаласы Шевченко аталып тұрғанда қалаға көшіп келеді. Өзі карт ойынға құмар жігіт еді. Ол заманда Ералиев, Жетібай ... сияқты ауылдардағы садақаларда карт ойыны қатты белең алып тұрғаны белгілі. Ұят та болса айтайын, көп адамдар садақаларға(әсіресе, қонақасы берілгенде) карта ойнау үшін баратын сияқты. Күпір айтып отырсам кешірерсіңдер. Осы жаман, ұят әдет еліміз егемендік алып, халық дінге қарай бет бұрып, мешіттер ашылып, имамдар уағыздар айтып, түсінік жұмыстарын жүргізгесін барып тоқтады. Сол жігіт ауылда тұрғанда сенбі-жексенбі сайын бірнеше жерде қонақасы, садақалар болып, ол жерлерде карта ойналып жататынына әбден үйреніп алған. Орысы көп қалада оны кім танысын, кім садақаға шақырсын? Әлденеше сенбі-жексенбі өткенде бір де садақаға бармай, карт ойнамай «мазасы» кеткен ол Ералиевтегі бір садақаға келіп, карт ойнап отырып, әзіл-шыны аралас: «Ойпырмай, Шевченкода адам өлмей ме деймін, бір адам садақаға шақырмады» депті дейді. Айтса айтқандай қуақы тілді жігіт болатын.
1980-ші жылдардың соңғы жағында біздің мекеменің жұмыс көлемі негізінен Сарықамыс ауылы, Прорва мұнай кенорны жаққа жақын Өлі Қолтық маңына шоғырлана бастады. Жұмыс бабына байланысты сол жылдары менің уақытымның көпшілік бөлігі осы учаскеде өтіп жатты. Ұйымдастыру шаруаларына байланысты кейде Сарықамысқа да, Прорвада орналасқан өндірістік базаларға да, сол маңдағы Волгоградтың бұрғылау алаңдарына да қатынап тұрған едім. Жұмыс бабымен жүргендіктен, көбінесе барған шаруаң біткен бойда тездетіп учаскеге қайтудың қамымен болатын едік, себебі ол кезде жолдың мәселесі өте қиын еді, Өлі Қолтық деп аты айтып тұрғандай, сол маңның жер бедері өте нашар болатын. Жас баланың еңбегіндей, шырқыраған шілдеде де, аязды қыста да көп қатпайтын, былқылдап жататын. Сондықтан, барар жерімізге жету уайым болатын. Құдайдың бір сәтін салған күні, Прорвадағы шаруаларым аяқтала салысымен, барған жерімдегі қызметкерлерден Қожас ағамды танитын, танымайтындарын сұрастырдым. Танитын болып шықты. Бір азамат, ағамның осы маңдағы бір скважинаның басында жүргенін көргенін де айтты. Ол скважинаның қай маңда, нөмірі қандай екенін сұрап алып тартып кеттім. Іздестіріп жүріп тауып та алдым. Мұнай өндіретін скважинаның басында скважинаны зерттейтін техника тұр, қасында бірнеше адам әңгімелесіп тұр екен. Жақындап келіп тұрғандармен қол беріп амандастым. Қайсысы Қожас ағам екен, бірден тани қояр ма екенмін, арада қаншама жылдар өтті ғой деп ойлап та тұрмын. Араларындағы еңгезердей ірі адамның ағам екенін сездім. Сезімім алдамапты. Келген шаруам Қожас деген ағаймен кездесу еді дегенімде, өзім сырттай шырамытқан адамым маған қарап: «Сіз кім боласыз, Қожас деген мен боламын» -деді. Жағдайымды түсіндіріп, кім екенімді тәптіштеп, неге іздеп жүргенімді айттым. Ол да, мен де қуанып қалдық. Аздаған уақыт әңгімелескен болдық, ағамның сұрақтарына білгенімше жауап бердім. Сағызда қалған ағайынның барлығын сұрады. Уақыт өте тығыз болып ұзақ әңгімелесуге болмай қалды. Күн кешкіріп бара жатты, менің баратын жерім де алыс, жолдың жағдайы да қиын болғандықтан, түнге қалмас үшін, ағаммен әңгімені қимай тұрсам да тездетіп қоштасуға тура келді. Ағам Сарықамыстағы үйіне шақырды, семья жағдайын айтты. Реті келгенде үйіне келуге уәде беріп қоштастым. Жұмыстан ауылға келгесін Қожас інісін тапқанымды анам Балжанға айттым, ол қатты қуанды, біраз сұрақтар берді, мен ағамнан естігендерімді айтып жауап берген болдым. Содан кейін ағаммен жолығысудың реті келмеді. Жұмыстың қарбаласымен жүргенде ретін келтіре алмадым. Жастық, салақтық, салғырттық ...
Содан соң Қожас ағаммен Ералиев поселкесінде тұрғанымызда Тілеуғали ағамның үйінде кездестік. Ендігі жерде Қожас ағаммен кездесуіміз барынша жиіледі. Қожас ағамның Маңғыстау жеріне(Ералиевке, Ақтауға) жиі келетін себептері баршылық. Інісі Тілеуғали ағам жұмыс бабына байланысты 1987-ші жылы Ералиевке көшіп келді, Қожас ағамның балалары да Ақтау қаласына жұмысқа тұрып, үй алып қоныстана бастады, тағы бір себебі, ағамның кенже баласы, Әлібегі, Ақтауда тұратын Сарықамыстық азаматтың қызына үйленді, ағам Маңғыстауға қызын ұзатты. Ағам Маңғыстау өңірімен тығыз байланыста болды. Ералиевте тұрғанда да, Ақтауда тұрғанда да ағам біздің үйде қонақ болып жүрді. Кездесуіміз, әңгімелесуіміз жиіледі. Тілеуғали ағамның үйіндегі әртүрлі шаруаларға, құдасы Төлегеннің үйіндегі шаруаларға да, Ақтауда тұратын өз балаларының шаруаларына да Қожас ағам жиі келіп жүрді, тіпті бір кездерде Ақтауда тұрып қалатын да ойы болған тәрізді көрінді бізге. Қалай дегенменде, өз елінде қалған жұмыстас, сырлас, ұзақ жылдар бойы жанұяларымен, балаларымен балалары араласқан, жан жары Айнаштың көзін көрген достарын қимады да Жаңа Қаратондағы Сарықамыстықтарына оралды. Біздер іштей, ағам дұрыс шешім қабылдады деп ойладық.Қанша айтқанмен, өскен, араласқан ортасын қимады. Айнаш жеңгеміз жатқан жерге де жақын болуды ойлаған да болар-ау ...
Ағамыз негізінен өте салмақты, байсалды, орынсыз ойынға құмар емес, көп сөйлемейтін жұмыстың адамы деп ойлаймын. Аралас-құралас бола жүріп, әртүрлі көптеген отырыстарда бірге болғанда ағам жөнінде түйген ойым осындай.Бір қызық жайтты айтпай кетуге болмас. 2001 жылғы көктемнің бір демалысында Ақтауда тұратын, ұзақ жылдардан бері бірге араласып жүрген жанұялық достарымыз, арғы жағы Сарықамыстан келген, Төлеген-Қымбат үйлеріне қонаққа шақырды. Күнде араласып «бірге ішіп, бірге жеп жүрген» дегендей үйіміз болғасын, бұл шақырысының жайын сұрамастан уақытынан бұрын жетіп бардық. Балаларымыз да бірге өсіп, ұялас күшіктердей бірде ол үйде, бірде біздің үйде қонып жүрген, араласып жүрген жанұялармыз ғой. Төлеген екеуміз Алматыда бірге оқыдық, бір бөлмеде жаттық, көп жылдар жұмыстас та болдық. Қымбатпен де жұмыстас болдық. Сондықтан көпшілік жағдайда қонақтыққа шақыруының себебін сұрамаймыз.«Бақсам бақа екен» деген болды да қойды. Осы жолғы қонақтықтың жөні мүлдем бөлек екен. Келіп жайланып отырғасын барып үй иелері «Бөбек деген баламызға құда келейін деп жатыр, құданы қарсы алыңдар. Танитын адамдарың» деді. Кімдер екенін қазбалап сұраған жоқпын, танитын болсақ болғаны, қалғанын көргенде анықтай жатармыз деп ойладым. Төлеген мен Қымбаттың да бәрін ашып айтпай отырған қулығын сәлден кейін күткен құдаларымыз кіріп келе жатқанда бір білдім. Төлеген мен Қымбат қулық жасап, Бөбекжанға кімдер құда болып келетінін ашып айтпапты. Төлеген мен Қымбаттың сол жерге жиналған ағайындарынан бөлек біз сияқты араласып жүрген дос-жарандары да баршылық, «құдалар келді» дегенді естіп бәріміз кірер есікке қарадық. Қарасам, өз көзіме өзім сенбедім, есіктен Қожас ағам, Мақаттағы Жайберген балдызы, Бейнеудегі Амангелді деген күйеу баласын ертіп кіріп келе жатты. «Ағамдар не қып жүр, бұларды кім жіберіп отыр екен құда қылып» деген сұрақтар басымды шарлап кетті. Ағам да қарсы алушылардың арасынан мені көріп таң қалды. Жайберген деген Сағызда бірге өскен ағамыз, Ғинаяттың баласы. Менің кластас, көрші, досым Баянның күйеуі. Содан не керек әңгіме басталды, шай келді, ұлы ас ет те келді. Ағам кенже баласы Әлібекке Бөбекжанның қолын сұрап құда түсіп отыр екен. Мен кімнің құда болып келетінін айтпай, өз ағамды солар жақтан қарсы алғаныма өкпелеп Төлегеннің дастарханын басқарудан бас тарттым. Бірден ағам бастап келген делегация жаққа шығып алдым. Ет жақын ағайындығымды достыққа айырбастамадым. Сол жерде мен де құда болып шыға келдім.Айта кету керек, ағам құдалыққа қасына кімді ертіп келуді білген екен. Жайберген балдызы орта көрген, ағып тұрған шешен, әнші-биші, әңгімешіл, отырған ортасын толтырып отыратын нағыз азамат екен. Бала кезімде ауылда жүргенде Жайбергеннің атаммен жарысып шалғы орақпен шөп шапқанын көргенмін. Шалғы орақпен шөп шабудан алдына жан салмайтын еді сол кезде. Жайбергеннің Сағыздағы механикалық цехта токарь болып жұмыс істегенін де талай көргенмін Құлымғара ақкөкемнің үйіндегі жеңгем де сол цехта токарь болатын, ал мен сол жеңгеме әртүрлі сылтаулармен жиі баратынмын бала кезімде. Енді Жайбергенді басқа қырынан көріп риза болдым. Төлеген-Қымбат, Қибат, Ермек(менің жұбайым) ... сияқты дастархан басындағы шеркештерге өздерінің шеркештерін(Жайбергенді) «айдап салып» ағам, Амангелді үшеуміз мұртымыздан күліп, «сөзіңді біреу сөйлеп отырса, тілің қышып бара ма» дегендей шеркештердің қызығына қарап отырдық. Жақсы отырыс, құдалық болды. Екі жас бірін бірі сүйіп, тіл табысқасын, үлкен өмірге бірге қадам жасамақшы болғасын, екі жақтың да үлкендері тек баталарын беріп келісімдерін осындай құдалық рәсімін жасап бекіту ғана қалғаны белгілі. Қазақтардың осындайда, бәрін біле тұра, дайындалып күтіп ала отырса да жасанды спектакль жасап, келген құдаларды: «Не іздеп жүрген адамсыңдар, бұйымтайларыңды айта отырыңдар» деп, ол сұраққа келген құдалар жағы «жоқ іздеп жүрміз, іздеп жүргеніміз осы ауылда деп естіп келдік» ... деген сияқты күлбілтелеп, жорамалдап отырмай, «сүт сұрай келіп, ыдысыңды жасырма» дегендей, біз құдалықтың шаруасын тез тындырдық. Екі жақ та бір бірін жақсы біледі, ұзақ жылдар Сарықамыста бірге тұрған, қызметтес болған дегендей ғой. Бөбекжанды ұзататын болып келісіп, қол алысып тарастық. Әлібек пен Бөбек бірге өскен, бір класста оқыған, туғаннан бері бірін бірі біледі, ата-аналары да ұзақ жылдар бойы аралас-құралас адамдар. Теңін тапса тегін бер дегендей ғой, екі жас бірін бірі ұнатса үлкендерге тек бата беріп дұрыс жолға салып жіберу ғана қалады ғой.Қымбат пен Айнаш жеңгеміз жұмыстас, сырлас болған Сарықамыста жүргенде. Қонақтар тарағасын топ тарқатар шайда Қымбат айтады: «Бір күні кабинетіме жұмыс жағдайымен келген Айнаш апай маған: Қымбат, ұят болып тұр, осы жасқа келгенде мен жүкті сияқтымын, айналадағыларға, жездеңе қалай айтарымды білмей жүрмін», десе Қымбат оған: «Апа, жақсы болған екен, менің де аяғым ауыр, бірге босанатын болдық» депті қуанып. «Айлас әйел мұңдас» деген, осылайша екі ана сырласып, мұңдасып жүріп өмірге әкелген екі бала енді міне үлкен өмірге де жұптасып бірге аттанбақшы. Керемет қой.Бір өкініштісі, Айнаш жеңгеміз осы қуанышты көре алмай кетті өмірден. Сонымен, 2001 жылдың 1 июнь, бөбектер күні, Бөбекжанды үлкен той жасап ысық аулына келін қылып аттандырып салдық. Бөбекжан жаман келін болған жоқ, ағамның тілін тапты, ағамды бағып-қақты. Ағамның ұрпағын көбейтті, жапырағын жайды. Ағам ұзақ жылдар сырқаттанып жүргенде көңілінен шыға білді. Бөбекжан елдің есінде «ата баққан келін» болып, атасының қара шаңырағын ұстап, ошағының отын өшірмей, өмірден ерте өткен Айнаш енесінің орнын басқан келін болып қалатыны даусыз. Ағам сияқты елге сыйлы, келімді-кетімді қонақтары көп, ортаның азаматының келіні болу, оның күтімін білу, ағамның жанұясы сияқты үлкен әулеттің кенже келіні атану үлкен жауапкершілік, үлкен міндет. Бөбекжан жас болса да ағамның үмітін ақтады, ағам күткен биіктен көріне білді деп ойлаймын. Төлегенмен құда болғаннан кейін ағаммен кездесуіміз бұрынғыдан да жиіледі, Ақтауға құдасының үйіне келгенде біздер сол дастарханда міндетті түрде боламыз. Сондай отырыстардың әбден қызған кезінде Қымбат пен оның апасы Қибат марқұм, ағамның құдалық статусын ысырып тастап, Айнаш марқұм апамыз ғой деп, ағамды жезде қылып та ойнайтыны бар. Сондай бір әзілдесіп жатқан тұстарында мен «шатақ» шығардым. Қибат марқұмды жеңге қылып ойнайтыным бар, күйеуі Айбар ысық руынан, ал Қымбатпен әрі дос, әрі құрдас қылып қалжыңдаса беремін ғой. Содан екеуі бірігіп дастархан үстінде ағамды жезде қылып мүйіздеп жатқанда, мен шыдай алмай, ағамның далаға шығып кеткенін пайдаланып: «Әй, екеуің қоймадыңдар ғой, апаларыңды ағама өз қолдарыңнан ұзатып бергендей «жезде-жезде» деп таңдайларың тақылдап. Ағамның бұл шаңыраққа келгендегі ең басты статусы құда. Құда құдайдың аты. Апаларың ағама өзі жабысып тиіп алған. Ағама флотта служить етіп жүргенде флотилияның адмиралының әдемі орыс қызы ғашық болып, соған үйленетін болып, ауылда қалған анасынан, аға-жеңгесінен рұхсат алуға келгенінде, анасы рұхсат бермеген: Орыс қызға үйленбейсің, шоқынып кетесің, нағыз үйленетін болсаң ауылдағы ана Ғинаяттың Айнаш деген сұлу қызына үйлен. Ол қыз маған жолыққан сайын: апа, армиядағы балаңыздан хат-хабар бар ма, аман ба екен,-деп үнемі сұрап тұрады. Аға-жеңгең қонаққа қыдырып, киноға кеткенде, үйде ешкім жоқта Айнашты шақырып алып сенің әрмиядан жазған хаттарыңды қайталап оқытатынмын, кейде екеуміз шай да ішетінбіз. Сол қыздың құйған шайы маған ұнады, шайды өзім сияқты құяды екен. Сенің хаттарыңды оқығанда беті бал-бұл жанып әдеміленіп кететінін байқадым. Сол қыздың сенде көңілі бар, маған содан артық келін керек емес. Орыстың әйелдері бала туып жарытпайды ғой, туса бір бала, әрі кетсе екі бала туады, көріп жүрміз ғой орыстардың қатындарын. Ал маған сенің жапырағыңның жайылғаны, балаларыңның көп болғаны керек. Мен адам танысам, Ғинаяттың осы қызы көсегеңді көгертеді, әрі балаларыңның нағашылары да жақсы жерден болғаны жақсы емес пе. Қазақта «Қатын алма қайын ал», «Үйдің жақсы болуы ағашынан, жігіттің жақсы болуы нағашыдан» деген ұлағатты сөздер бар, білмесе бекер айтпаған шығар аталарымыз. Адмиралдың қызына үйленсең немерелерімнің нағашылары доңыздың етін жеп, арақ ішіп, темекі тартатын қаба сақал, ата-анасын бақпайтын орыс болады ғой. Ондай орысты мен қалай құда деп атаймын? Өзіміз білетін, дұрыс араласатын орнықты жердің адамымен құдандалы болғым келеді, сенің ақылың бар еді ғой, айтқанымды тыңдап, ана Ғинаяттың қызына үйлен, көп ұзатпа, -деп аналық ақылын айтқан ғой. Содан ағам анасының сөзін жерге тастамай сендердің апаларыңа үйленген. Апаларың баласының хатын оқып беріп, әжеміздің шайын құйып жүріп әжемізге жаққан, анасына жаққасын баласы қайда кетеді. Апаларыңа үйленіп қазір міне, Сарықамыстан шықпай, Прорвада май-май мұнайшы болып жүргені.Ал адмиралдың қызына үйленгенде ағам қазір бір үлкен әскери корабльдің капитаны «морской волк» болып, көк мұхиттың төсінде жүзіп, әлемді шарлап жүрер еді ғой» деп екеуінің «папкаларын», «өтірікті шындай, шынды жын ұрғандай» қылып соғып жапқандай болдым. Бұл екеуі ағамның бізге белгілі себептермен флотта түгіл, армияда болмағанын қайдан білсін. Әйтпесе, екеуі ағамды жеп қоятын, ағам үнсіз жымыңдап, баяғыдан білетін екі қыздың әзіліне жауап қатпай күле береді. Сарықамыстың екі қызының әзілі ағама ұнайтын да тәрізді. Ағам нар ғой. Бірақ, ағамды ол екеуіне «талатып» қойып үнсіз отыра беретін мен емес, өтірік болса да «бірдеңе» деп көмектеспесем болмайтын болды. Осылайша әзіліміз жарасып талай дастархандас болдық ағаммен. Бірде ағамның Жаңа Қаратондағы үйіне жұбайым Ермек екеуміз әдейі іздеп барып, Бөбекжанның қолынан шай да іштік. Әңгімелестік. Қарап отырғанша деп, ойыма түскен кейбір дүниелерді шатпақтап жазатыным бар. Кейбір жазғандарымды бастырып ағама беріп те жіберемін, осы жолы да соңғы жазғандарымды ағама ала барғанмын. Қолына тапсырып кеттім. Сол кездері ағамның бастап сырқаттанып жүргенін естігенмін, көңілін сұрап, көзіммен көріп қайтайын деген ойым болған. Бұдан кейін де біраз кездестік, көбіне, ағамның садақаларға Ақтауға, Ералиевке(Құрыққа) келгенінде жолығып қалатынбыз. Ағам жасының үлкендігіне қарамай көбінесе өзі үйге іздеп келіп, менің көңілімді сұрап, әңгімесін айтып кететін өте кішіпейіл жан еді. Ағаммен ең соңғы кездесуім Атырауда болды. 15.08.2016 жылы Сағыздық азаматтар Сағыз аулының орнына орнатылған Ескерткіштің салтанатты ашылуын өткізіп, Атыраудағы бір мейрамханада еліміздің әр түкпіріне шашылып кеткен Сағыздықтардың Басқосуын ұйымдастыратын болды. Сол шараларға ағамды да құрметті қонақ ретінде шақыратын болып, шақыру қағазын ағамның Атыраудағы үйіне 14.08.2016 жылы алып бардым. Қасымда Нұржамал апам, Орынғали інім, жұбайым Ермек, ұлым Саламат болды. Қолымда ағама алып келе жатырған, Сағыздықтардың шығарған «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» деген кітап та бар еді. Ағаммен кездестік, Бөбекжанның қолынан шай іштік. Асығыстау едік, себебі, дәл сол күні түс мезгілінде Атыраудағы Құлымғара ақкөкемнің үйінде осы шараға байланысты әр жерлерден келген Сағыздықтарға арналып дастархан жайылған болатын. Ағамды бір жағынан ертеңгі болатын іс-шараларға құрметті қонақ ретінде қатысуға, екінші жағынан кітапты тапсыруға, үшінші жағынан Құлымғара ақкөкемнің үйіндегі дастарханның қонағы болуға шақырған ақкөкемнің сәлемін жеткізуге барған едік. Әрине, ағама сәлем беру, денсаулығын біліп, көңілін сұрау, жағдайын байқау басты ойымыз ғой. Асығыс жүргенімізге ағам да, Бөбекжан да өкініш білдіріп жатты. Шай үстінде біраз әңгіме айтылды, негізінен әңгіме Сағыз, оның азаматтары туралы болды. Кітап жайын да сөз қылдық. Ағам Сағыздық азаматтардың осындай үлкен бастамасына өте риза болды, кітаптағы ескі суреттердегі көптеген азаматтар жайында есінде қалғандарын айтты, Сағыз ауылын сағынышпен есіне алып отырды. Біздің шақыруымызды естіген ағам: «Мен бастығымнан сұрайын, жіберсе барамын барлығына да» деп, Бөбектен рұхсат сұрады. Бөбекжан бүгінгі дәрілерін ішкен-ішпегенін анықтап алып, ағамның киетін «парадный» киімдерін дайындауға кетті. Бөбек ағамның ертеңгі күні Сағызда болатын Ескерткіштің салтанатты ашылуына баруға ағамның денсаулығы жарамайтынын, жолдың алыстығын, ал мейрамханадағы Сағыздықтардың Басқосуына қатысатынын, ақкөкемнің үйіне де баратынын айтып, ағамды дайындауға кірісті. Ағамның жағдайын білетін, бағып-қағып отырған Бөбекжанмен келіспеске болмайды, келістік. Содан соң Құлымғара ақкөкемді бағып отырған бала-келіні Рамазан мен Гүлайымның үйінде біраз Сағыздықтар болып жақсы отырдық, әңгімелестік. Ағам мен ақкөкемнің де әңгімелері жақсы болған тәрізді, бір бірінен айрылмай отырды.
Бұл суреттер 15.08.2016ж. Атыраудағы «Сәтті» мейрамханасында Сағыздықтар Басқосуында түсірілген. Өтебалиев Темір, Қожас ағам.
Келесі күні Атыраудағы «Сәтті» деген мейрамханада Басқосуға ағам қатысты, жақсы сөйледі, естелік айтты. Көптеген ауылдастарымен, олардың ұрпақтарымен кездесті, әңгімелесті, білетіндерін сұрады. Қазақша айтқанда «бір жасап қалды», сілкінді, Сағызда өткен жастық шағын есіне алды. Әрине сұлу бойжеткен, балабақшаның әсем меңгерушісі Айнаш қызбен өткізген кештерін, паркте қыдырғандарын, киноға барғандарын да есіне алып, қайталанбас, зуылдап өтіп кеткен сол бір бақытты сәттерін көз алдына келтіргеніне сенемін. Бұл менің ағаммен соңғы кездесуім, дәмдес болуым еді. Жағдайыма байланысты содан соң ағамды іздеп бара алмадым, төсек тартып жатып қалғанында көңілін сұрай алмадым. Өкінішті.
Қожас ағамның есімде қалған бір қасиеті, кездескен сайын анам Балжанды, ақкөкем Құлымғараны «апам қалай, ағам қалай» деп тәптіштеп сұрайтыны. Бауырмал еді. Атырау өңіріне барған мені танитындардан да, Маңғыстау топырағына аяғы тисе де танитындардан: «Бисенбай інім қалай екен, сәлем айтыңдар» деп ұмытпайтыны, біздің үйдегі Ермек келінімен де ерекше ықылас білдіріп сөйлесетіні ... бәрі-бәрі есімде. « ... жақсының жоғы білінеді» дегенді енді сезе бастаймыз.
Айнаш жеңгеміз өмірден өткенде ағам бар болғаны 53 жаста екен. Қазіргі өлшеммен алғанда, жас жағынан қарттыққа дейін біраз уақыт бар еді, әлде де болса үйленіп, өзінің жағдайын күйттеуіне әбден болатын да еді. Бірақ ағам олай жасамады, өзінің жағдайын ойламады, жеңгеміздің өзіне аманаттап кеткен балаларын дұрыс тәрбиелеп, өмірден өз орындарын табуларына қалған өмірін арнады. Ендігі бақытын, балаларының өмірде жеткен жетістіктерінен іздеді. Әрине, қиындықсыз бола ма, жалғызбасты ер адамға шиеттей жас балаларды жеткізу оңай болмаған да шығар. Ағам кездескен қиындықтардың барлығын да жеңе білді, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ата-анасы түгел отбасылардан кем қылған жоқ. Балалары да ағамның сол еңбегін ақтады, ақылды, тәрбиелі, оқыған-тоқыған азаматтар болып өсті. Балаларының жеткен жетістіктеріне қуанды, әр баласын мақтанышпен әңгімелеп отыратынын талай естігенмін. Қазақтар балаларының, немере-жиендерінің санын санамалап айтпайды. Ағам мен жеңгемнің ұрпақтары бар, шүкіршілік. Ағам жапырағын кең жайған, тамыры тереңге кеткен бәйтерекке айналды. Ұрпақтарының ауыз толтырып айтатындай жетістіктері де баршылық. Ағам жеңгемнің алдында адал, аманатына қиянат жасамай өмірден озды. Топырағы торқа, иманы жолдас болсын, артында қалған ұрпағына шапағатын тигізіп желеп-жебеп жата берсін, Аға-Жеңгем.
Енді біртіндеп үшінші ағам, Тілеуғали(09.12.1942-25.10.2015ж.ж.)ағаммен қалай танысқаным, араласқанымыз жөнінде жазып қарайын. Дұрысында ағамның өзінің айтуынша ол 28.07.1942 жылы туған, ал құжатқа 09.12.1942 жылы туған деп жазылыпты, сондықтан ресми құжаттағы датаны көрсеттім.. Тілеуғали ағамның жанұясы Ералиев поселкесіне 1987 жылы көшіп келді. Жұмыс бабына байланысты ағам сол жылдың бас жағында Ералиев ауданының орталығы Ералиев поселкесіне прокурорлық қызметке ауысқан екен. Жаңа Өзен қаласынан ауысыпты. Бір күні мені аудандық прокурор шақыртты. Кеңес үкіметі заманында өндірісті қадағалайтын мекемелер қазіргідей көп емес, бірақ олар тегіннен тегін шақырта да, назарын сала да қоймайды. Әсіресе, халықтық бақылау комитеті, прокуратура дегендердің назарына ілігуден онша көп жақсылық күтудің қажеті шамалы. Жұмыс болғасын қанша жерден тырыссаң да әртүрлі келеңсіздіктер, қателіктер орын алып жататыны белгілі, жұмысшылардың да шағым-арыздары бойынша шақыртқан болар деп ойлап, ішімнен қорқа соқтап аудандық прокуратураға келдім. М.С.Горбачевтың «сөз бостандығы» белең алып, кейбіреулердің аузына не келсе соны еркін «оттап» жүрген тұсы ғой. Прокуратура біздің мекемеден онша қашық емес, жақын жерде болғасын тездетіп бардым. Хатшы қыз кідіре тұруымды айтқасын, прокурордың босауын күтіп қабылдау бөлмесінде біраз отырып қалдым. Жиналыс па, планерка ма аяқталып, кабинеттен біраз адамдар шыққасын, хатшы қыз менің күтіп отырғанымды айтуға кіріп кетті. Кіре берсін деген болуы керек, хатшы қыз шыққан бойда маған кіруге болатынын айтты. Кірдім. Прокурор креслосында шалқайып темекі тартып отыр екен. Жаңадан келген покурор деп естігенмін. Имене басып кірдім, амандастым. Кабинет иесінің нұсқаған, оның алдынндағы отырғышқа жайғасқан болдым. Аққұба өңді, толқынды бұйра шашын әдемі қайырған, орта жастағы адам екен. Таныстық. Жұмыс жағдайын, қандай лауазымда, осы салада қашаннан бері жұмыс жасайтынымды, қайдан келгенімді ... сұрап жалпылама мәлімет алды. Ішімнен: неге шақыртқанына қашан көшер екен, не айтпақшы екен, әлде бір тапсырма берер ме екен ... деп тағатсыздана күтіп отырмын. Кейбір кездері осындай лауазымды іс басында отырған басшылар өндіріс басшыларынан әртүрлі көмек те сұрайтыны болады, бұл да сондай шақырту болса жарасы жеңіл ғой деп те отырмын іштей. Прокурор асығатын емес, темекісін асықпай сорып, шалқайып отыр. Жүзі жылы сияқты. Бірақ заң орнының қызметкерлерінің ондай жайбарақаттығына көп сене беруге де болмайды. Аяқ астынан жүзін суытып, жұмсақ табанының астынан өткір тырнақтарын шығара қоятын мысықтар тәрізді, шақыртқан негізгі мәселесіне көшіп, тез өзгере салуы да мүмкін ғой. Бір мезгілде хатшы қызға екеумізге шай алдырды. Шай үстінде қай рудан екенімді, ата-бабаларымыздың табаны қай жақтан екенін, қандай ағайын-туғандарым бар екенін, олардың қайда тұратынын сұрастыра бастады. Бисенғали атамның қай жылы қайтқанын, қайда жерленгенін сұрады. Бір мезгілде барып өзінің де руы ысық екенін айтты. Ералиевте ысықтан кімдер бар екенін, олармен ара қатынасымыз қандай екенін сұрады. Ең соңында, әңгімемен біраз уақыт отырып қалыппыз, мені танысу үшін шақырғанын, өзінің Лұқпанов Тілеуғали екенін, әкесі Лұқпанның атам Бисенғалиды жиі айтып отыратынын, анама барып сәлем беріп шығатынын айтып босатты. «У-ф-ф-ф» деп терең бір демалып алып, далаға шыға мен де темекіме жармастым. Ол кезде аздап темекі тартатыным бар болатын. Артынан білсем, мені шақырардың алдында ағам Байжазықов Жетіс деген жанұямызбен тығыз араласып жүрген ағамды шақырып алып, дәл осылай танысыпты, осы ауылдағы ысықтардың барлық мәліметін алыпты, содан соң ғана(Жетіс ағамның сілтеуімен) мені шақыртқан екен. Ал мен қорқып жүрсем. Жетіс ағам маған айтуға үлгермей вахтаға кетіп қалыпты. Міне осылайша Тілеуғали ағаммен алғаш кездескенмін, танысқанмын. Содан бастап араластық басталды ғой.
Біздің екі жанұямыз Ералиев поселкесінде(қазіргі кезде Құрық деп аталып жүргенімен мен Ералиев деуді қолай көремін) бірталай жылдар тұрдық, тығыз араластық, артынан Ақтау қаласына көшіп келгесін де араластығымыз азайған емес. Бірақ қаланың аты қала ғой, ауылдағыдай қайдан болсын, сондықтан да әрбір қазақтың қанына қатты сіңген қасиет – ауылды сүю, ауылды аңсау, ауылды сағына еске алу. Емін – еркін өскен қазаққа ауылдан артық мекен болған емес. Ералиев поселкесінде тұрғанда біздердің бастарымызды қосуға ұйытқы болатын ағам болатын болса, оның арғы жағында марқом Жаннат жеңгеміздің(жаны жұмақта болсын) еңбегі ұшан теңіз еді, мен де, басқа араласқан ағайындар да тап осылай ойлайды. Ол кездерде біздер де, олар да жас болдық, балаларымыз да жас еді, әлі ешбіреуі үй болуға жастары жетпеген еді. Аға – жеңгеміздің үйінде күнде жиын, күнде той болып жататын ол кездері. Сол жиын – тойлардың бел ортасында біздер жүретін едік. Жаңыл апамыз бен Мәдениет жездеміз бастап, Жетіс – Ғалия, Махсолат – Ұлдай, Бисенбай – Ермек болып қостап, қаздай тізіліп іні – келіндері жүретінбіз қандай да бір шаруаларда. Әрине, бұл құрам жұмыс бабына сәйкес өзгеріп тұруы мүмкін, бұл арада мен жасы үлкен қарттарымызды, аға – жеңгелерімізді(Төлеуғали – Сәбила, Биғали – Қамила апай, Сансызбай – Сара ... сияқты әрдайым бұндай жиындардан қалдырылмайтын) айтпаймын. Ол үйдің дастарханы әрдайым молынан жайылатын, қандай қонақтарға болса да. Қанша дегенмен аудандық прокурордың, білдей дүкеншінің үйінің, елге белгілі азаматтың дастарханы ғой. Қазіргі замандағыдай емес ол заманда дастарханның сәнін келтіретін кез келген тағам өте қат болатын. Жеңгеміз де дастархан жаюдың асқан шебері еді де, ағамыз сол дастарханның ажарын келтіретін әңгімелердің, ән мен күйдің хас шебері болатын. Екеуі қатар тұрып жарқылдағанда айнала сәулеленіп, өзгеріп сала беретін еді. «Екі жақсы қосылса шам жаққандай» деп бекер айтпаған шығар. Жеңгеміз жайған дастарханда жал – жая, ащы қуырдақ, бауырсақ, тәттілердің(әсіресе, компот, варенье) неше түрі молынан болса, оның арғы жағында «жылқының майының»(қызыл - қоңыр коньяк) ең жақсы сорты, «атаның суы» аталған «ащы судың» да көздің жасындай мөлдірі, ыдысының мойыны аққудың мойынындай созылғаны, қыл мойыны қылқиған ұзыны(сол кездегі ең тәуірі «Столичная» ғой), сол заманның ең бір қат дүниесі чехтардың қайнатқан сырасы(ақ көбігі бұрқырағанда шұбаттан кем емес, сіміріп жібергенде маңдайыңның тері бұрқ ете түсетін, кекіргенде газы танауыңды жарып жіберетін) ... осы сияқтылардың, шұбаты сірә да ғой, түр - түрі жайнап көздің жауын алатын еді. Аула толған асыр салып ойнаған ол үйдің, біздердің балаларымыз, ауладағы ошақтағы қазанда қайнап жататын жаңа сойып үйітілген семіз малдың құйқалы еті(кейде жеңгейдің сақтаған сүр еті де болады), ошақ басында шаруа жасап жүрген келіндер(біздердің келіншектеріміз), олардың үстінен қарап жүрген жеңгей марқұм. Ең бастысы, мол қылып жайылған ақ дастарханнан артық болмаса кем емес аға – жеңгеміздің ақжарқын кең пейілі мен жеңгейдің тек қана өзі білетін ерекше рецептісі бойынша пісірілген аппақ, әрбіреуінің көлемі түйенің төс табанындай, күмпиіп көтерілген «фирменный» бауырсақтары болатын. Бұлардың бәрі сол үйдегі әрбір жиынның сәнін келтіріп тұратын. Жеңгейдің өз қолымен(бауырсақты ешкімге сеніп пісірткізбейтін ол жарықтық, тек өзі ғана пісіретін)пісірілген ыссы бауырсақтың бір – екеуін ащы қуырдақпен қосып «соғып» алғаныңда дастарханның үстінде толып тұрғандардың еш қайсысына қарағымыз да келмей, арғы жағымызға «ел қонып» қалатын. Көбіне ол үйдің қонақтары Маңғыстау елінің атақты адамдары, өнер адамдары, шаруашылық басшылары сияқты елге белгілі азаматтар болатын. Біздер аға – жеңгемізге қолғабыс қылып қонақтардың қолдарына су құйып, ет турап, дастархандағы ащы-тұщы сусындарды да құйып қызмет қылып жүретінбіз, әрі, ең бастысы, жақсы адамдардың жақсы әңгімелерін, өнерлі адамдардың әндерін, күйлерін тыңдап бір жасап қалатын едік. Тегін концерт еді. Сол кештерде ағам да аттың басын жіберіп бір жасап қалатын, ағамның ән салу мәнері өте ерекше болатын, оны сол дастарханға жиналған талай өнерлілердің өздері де мойындайтын. Ал тек өздеріміз ғана бас қосқан отырыстарда, ондай басқосулар да жиі – жиі болатын, ағамның әзілдеп, ойнап қажайтыны Мәдениет жездеміз болатын, қатты ойнайтын жездемізбен. Біздер де жезде қылып ойнаған боламыз, бірақ ағамның ойнауының түрі бөлек болатын. Кейде жездеміз ағамның қатты әзілдерін көтере алмай, ішке барған «ащылардың» да әсерінен болар, қызарақтай бастаса жездемізге көмекке марқұм Жаннат жеңгеміз келе қоятын еді, шыр – пыры шығып қорғаштайтын еді жездемізді. Бәріміз де әзіл – қалжыңдарымыз жарасып, жас алшақтығына қарамай, бір үйдің жандарындай өте тату болдық, жиі араластық. Жеңгем өте ақылды, қайратты, әмірлі, алғыр адам болатын, қолынан да, тілінен де бәрі келетін, жатқан жері жұмақ болғыр! Биік бойлы, сымбаты сымға тартқан күмістей келісті, топ – толық бұрымдары белінен төмен түсетін(қыз кезінде тобығына дейін жеткен дейтін әңгіме де бар), тәкаппарланып, айналасындағыларға шекесінен көз қиығын салып қарап, түп - түзу аяқтарын жерге қадап басып келе жатырғаны бір дүние еді жарықтықтың. Кейде ойлаймын: « Ағамыз жас кезінде жеңгемнің осы бұрымдарына «оратылып, ұсталып, шырмалып» шыға алмай қалған жоқ па екен, әлде, жеңгем ағамның айлы түндерде салған тамаша әндерінің, махаббат туралы оқыған жырларының әсеріне буланып басы айналып қалды ма екен?» деп. Не де болса, екі жақсыны Құдайым біліп қосқан. Шын өмірде екі жақсының қосыла қоюы екіталай деп жатады: «Екі жақсының қосылып кетпеуін періштелер кірпік қақпай қадағалап тұрады дейді де, осындай жақсылардың қосыла қалғанын көргенде, періштелер қалғып кеткен сәтте қосыла қалғандар ғой» деп жататыны тағы бар екені де шындық. Аға - жеңгем тап сондай періштелердің қалғыған кезін дөп басқан ғой. Бауырсағы қандай дәмді, қандай үлкен болса өзі де, өмірдегі істеген істері де сондай еді, жарықтықтың. Қазіргі кезде жеңгемнің өзі болмаса да, оның көзіндей болған балалары, келіндері бар, соларды осындай тәрбиелі қылып өсірген «өлмейтін ісі» бар артына қалдырған. Мұқағалидың төмендегідей өлеңі есіме түсіп отырғаны: «Су сұрасам сүт берген, айран берген, қартайып кетіпсің – ау, қайран жеңгем ...», менің жеңгем қартайғанын біздерге көрсетпей, әдемі, жас күйінде кетті өмірден, ол шынында да мені жақын тартатын еді өзіне, «су сұрасам бал беретін» маған. Менің ойымша, сол Ералиевте тұрған кезіміз ол әулеттің де, олармен араласқан біздердің де «Алтын дәуіріміз» болған сияқты, мүмкін мен қателесетін де шығармын, бірақ маған солай көрінеді де тұрады осы күндері. Аға – жеңгемнің ең басты жетістігі өздері тәрбиелеп өсірген балалары еді. Бірінен бірі өтетін тәрбиелі де, өнерлі де, бауырмал да іні – қарындастарым біздердің сол кездердегі көп отырыстарымыздың гүлі болатын, біздерге өз өнерлерін көрсетудей – ақ көрсетіп қалатын. Әндері қандай айтқан, күйлері қандай тартқан десеңші, жеке – жеке де, қосылып та. Керемет өнерлі жанұя. Тек қана өнерде емес, кез келген шаруаның қыбын да, малдың жайын да, тамақ дайындауды да келістіреді, қолдарынан бәрі келеді. Тұқымды өнерлілер. Тіл – көзден аман болсын бәрі де. Марқұм жеңгеміз қазақтың осы тіл – көзінен қатты қорқатын, балаларын қорғаштап отыратын үнемі. «Жақсыменен өткізген бір күнің, жаманмен өткізген мың күніңе татиды» демей ме қазағымыз. Қазіргі кездердегі қымбат мейрамханаларда, столдар толы нешетүрлі ( сол заманда біздердің түсімізге де кірмеген) таңғажайып тағамдар, ішімдіктер, арнайы ат шаптырып алдырылған «өнер жұлдыздары», арнайы алдырылған асабалар басқарған, өте жиі болатын шуы мен даңғазасы басты ауыртатын, әлденеше жүздеген қонақ шақырылып жасалатын көп тойлардың, сол тойларда айтылатын көпшілікті мезі қылған жаттанды құттықтаулардың барлығынан біздің сол кездегі аға – жеңгеміздің қолынан ойнап – күліп отырып ішкен бір шайымыз, жеген тәтті бауырсағымыз, тыңдаған ән – күйлеріміз, естіген ұлағатты әңгімелеріміз сан есе артық сияқты болады да тұрады маған. Әлде, мен де қартаяйын деп келе жатырмын ба екен, өткен күндерді көксейтін шалдарға ұқсап, өзіме салсаң әлі бала сияқтымын.
Жеңгей бақилық сапарына 06.07.1994 жылы аттанғанға дейін барлық балаларын аяқтандырып, шаруаларын бір ыңғайлы қылып кеткен болатын. Жеңгеміз «жаман сырқатпен» ауырып жүргенін сезгендіктен(науқасының түрін айналасындағыларға сездірмей), іштей дайындала беріпті. Кенже ұлы Асхатты медучилищені аяқтасымен, жоғары оқу орнына жіберместен, тездетіп үйлендірді. Асхатжан өзімен бірге оқитын Қарлығаш деген қызды біздің үйдегі Ермек жеңгесіне алып келіп, таныстырып жүрген болатын. Сол қызды 18.12.1993 жылы Ералиевтегі үйіне «алып қашып» келді. Ақтауда тұратын құдалардың үйіне «құдалардың алдынан өтуге» аға-жеңгем мені аттандырды. Ақтауда мені Күмісқалиев Есен ағамыз күтіп алады да, Есақаң бастап екеуміз Тәжіғали құданың алдына баратын болдық. Есақаң үлкен қызметтегі, облыс басшыларының бірі, ел ағасы болып жүрген азамат болғанымен Тілеуғали ағама күйеу бала, ал мен ағамның інісімін, яғни «ұрылардың» өкілімін. «Сымсыз телефон» арқылы жинақталған мәліметтерге қарағанда Тәжіғали да облыстық деңгейдегі бір іргелі мекемені басқарып отырған, аты Маңғыстауға танымал азамат, мінезі ауыр, шатақ дегенді құлағыма құйып жіберді. Аға-жеңгем сенім артып жұмсап жатса, Асхаттай інім үшін айдаһардың аузына баруға да дайынмын ғой. Барлық ауыртпашылық маған түсетінін ішім сезеді. Алдына кешірім сұрауға бара жатырған құдамыз Есақаңның жасын да, лауазымын да, облыс халқы алдындағы беделін де жақсы біледі, сыйлайды, оған көп салмақ сала қоймасы анық, ру жағынан да бөлек, ал менің жөнім мүлдем басқа. Қызын ұрлаған ұры ауылдың өкілімін, қызынан, қызына ие болмай айырылып қалған бәйбішесінен ала алмаған өшін менен алатыны бесенеден белгілі. Не де болса нар тәуекел деп аттанып кеттім. Көрмеген жауым емес, бұған дейін де Ералиевтегі ағайындарым осындай шаруаларына жұмсап ысылып қалғанмын. Тәуелсіздік мерекесі күні ғой. Айтқандай Есақаң күтіп алды, Тәжіғали құданың үйіне бардық. Бір барғанымызда Тәжіғали үйінде болмай, қабылдамай жіберді. Жұмыстан келе қойған жоқ деген сылтау айтылды, мүмкін де болар, бірақ мен ол уәжге көп сене қойған жоқпын. Кешке таман қайта барғанымызда қабылдады. Сезімім алдамапты, Тәжекең біраз қинады. Жасымыз шамалас екен, тіке сөйлеп, сөзін өткізіп отырды. «Қонақ қойдан жуас», оның үстіне «кінәлі» адамдармыз, үй иесінің не дегенін де көтердік. Миссиямыз да сол ғой, болашақ құда-құдағайдың тұс алдындағы ашуын басу. Құданың кешірімін алып ауылға қайтардың алдында Есақаңның үйіне келіп, тағатсыздана күтіп отырған Жаңыл апамыздың қолынан шай ауыз тиіп, «аман қалғанымызды» аздап «жуып», Ералиевтегі құлақтары елеңдеп мені күтіп отырғандарға келдім. Сөйткен Тәжіғали құдасымен ағам тек құда емес, бара-бара дос, аздаған жас айырмашылығына қарамастан құрдастай болып кетті. «Құдаң құрдасыңдай болсын» деген осындай татулықтан қалған сөз шығар-ау! Ағамды Тәжіғали құдасымен дос қылатын тағы бір жағдай, екеуі де поэзияға жақын ақынжанды жандар. Жазу-сызуға икемдіктері бар құдалар, екеуінің де бірнеше кітаптары жарық көрді.Сонымен Жанат жеңгем кенже баласын аяқтандыра салысымен, келінінің қызығын көп көре алмастан, жарты жылдай қызықтап «иті жоқ ауылға» аттанды. Жаңа Өзен қаласындағы емханада көз жұмды. Жеңгемнің денесін Ералиевке алып келуге, ағамның қолтығынан сүйеп қасында болуға мен бардым.
Уақыт өте келе ағам заман талабына сай Ақтау қаласына көшіп келді. Кенжесі Асхат пен келіні Қарлығаштың қолында тұрды. Балаларына бас-көз болып, жеңгейдің аманатына қиянат жасамады, екінші рет үйленбеді. «Қасиетті Қара Шаңырақты» әулеттің кенжесі ұстап қалады деген қалыптасқан ұғым бар ғой қазағымызда, мүмкін сол қағидаға сүйенген болар, мүмкін басқа да себептері бар болар, мен оларын білмеймін, білуге де тырыспаймын. Менің айтайын дегенім, ағам Ералиевтегі жеңгем екеуі бақытты өмір кезеңдерін өткізген, жеңгеміздің басқан іздері сайрап жатырған, балаларын ұясынан ұшырған, келін түсіріп ақ босағасын аттатқан ҚҰТХАНАСЫН тастаған жоқ, ошағының отын өшірген жоқ, басқа біреулерге сатып пайда да көрмеді. Кейде ойлаймын: «Ағамның Қара Шаңырағы осы үй ме екен?» деп, кім білген, солай да шығар?! Ол үймен байланысты бәріміздің де жадымызда жақсы, тәтті естеліктер сақтаулы ғой. Ағам да бақилық сапарына осы үйінен аттанды. Жеңгейге де, ағама да Ералиевтегі «Есімқожа әулие» қауымынан орын бұйырып, топырақ салынды. Ағамның Ералиевтен көп алысқа ұзамауының да бір себебі, әрі басты да себебі осыда болар. Әулетінің қандайма бір маңызды мәселесін шешетін кезде барлық ұрпақтары сол ҚҰТХАНАҒА жиналады, сол жерден шешім қабылдайды, сірә, ол шаңырақтың астына жиналғанда оларға жеңгеміздің рухы, ҚҰТХАНАНЫҢ ішкі «атмосферасы» олардың жүйкелеріне жақсы әсер етіп, бастарына дұрыс ақыл салатын да болар, құтты мекеніне бір түнеп шыққанда ағам да бір жасап қалатын шығар ... Алыс – жақыннан келген ағайындардың ол шаңыраққа соқпай кетуі мүмкін емес, ағам олардың барлығын міндетті түрде алып баратын ҚҰТХАНАСЫНА, дәм татқызатын. Артынан ерген біздерге, ұрпақтарына ағамның берген мықты сабағының бірі осындай. Ағамның жеңгемізге деген махаббатын бажаларын сыйлауынан да көруге болады, ал құдаларын сыйлауы тіпті ерекше ғой. Бұның барлығы ЖАНҰЯЛЫҚ ТРАДИЦИЯ ма, традиция болғанда да өте мықты традиция емес пе?! Осындай тәрбиелерді балаларының бойына сіңіріп кеткен жеңгеміздің еңбегі ұшан теңіз демей көрші, әкелерін сыйлауды, әкелерінің ел алдындағы беделіне нұқсан келмеуін, оның ауызынан шыққан әр сөзінің жерде қалмауын қадағалап үйреткен ғой ұрпағын. Бұл әулеттің ішкі әлемі бөлек бір дүние, бабымен қайнап жатырған өмір, бұрқ – сарқ етіп қатты қайнап, көбігі бұрқырап асып - тасып емес, бүлкілдеп, бабымен қайнаған. Бүкіл әулеттің бір бірімен ішкі қарым қатынасы, бір біріне деген қамқорлығы елден ерек, айырықша. Нағыз қазақы өмір, қазақылықтың ең озық түрі. Мысалы аға – жеңгемнің үш ұлы әулетінің үш түрлі маңызды мәселесін шешіп, атқарып отыр. Елубай інім(бұл азаматты былайғы жұрт Лұқпанов Абай деп таныса, тек мен ғана Есекенов Елубай деп атайтын, телефондарымда да, жазған әртүрлі жазбаларымда да Елубай Есекенов деп жазылып тұр) менің кіндік шешем Шоңай мен Нығымет ағамның баласы, осы екі әулетті жымдастырып тұрған мықты дәнекер, Ардақ інім ҚҰТХАНАНЫ ұстап отырған мықты діңгек, түп қазық, Асхат інім ағамды бағып отырған, ағамнан тараған ұрпақтардың мықты қамқоршысы, ҚАРА ШАҢЫРАҚТЫҢ ИЕСІ. Қарындастарымды, қыздар тілекші ғой, айтпағанда, аға – жеңгем бұлардан басқа да құдай беріп тағы бірнеше ұлдары болғанда оларға да осылар сияқты маңызды миссиялар тауып беріп, олардың сол миссияларды абыроймен атқаратынына сенімім мол. «Әке көрген оқ жонар» дегендей осы үш інім де әңгімені майын тамызып айтатын дәрежеге жетті, «Арбаның алдыңғы дөңгелегі ...»
Ағамның кітаптарын оқығанда, әлі жарыққа шығып үлгермеген жыр жазбаларын оқығанда ұғатынымыз, оның жеңгейге деген өшпейтін махаббаты, балаларына деген, ұрпағына деген өсиеттері, жастық шағына деген сағыныштары, өмірден өткен бабаларына деген құрметі, алыста қалған кіндік қаны тамған, Жақсыбай атамыз бәйтерек отырғызған Қаракөліне деген ... деген, деген, деген ... ыстық ықыласы деп жалғаса береді. Бастауы әкесі Лұқпан атамыздың жыр – термелерінде, жастайынан құлағына сіңген өсиет жырларда болса, жалғасы жоғарыда жазылған жеңгеміз бен соның ұлағатты тәлім – тәрбиесін ана сүтімен бойына сіңірген балаларында жатырған сияқты. Шығармашылық адамына, оның үстіне ол ақын адам болса, өлең – жыр шығару үшін шабыт керек қой, ал шабыт дегенің ақынның көңіл күйіне тікелей байланысты болса керек. Айтайын деген ойым, ағамның шабыты да, көңіл күйі де көзге көрініп тұрған сияқты, жыр жинақтар бірінен кейін бірі баспадан шығып жатты, ағам көңіліндегі айтатын ойларын төгіп беріп үлгере алмай жатты. Бәрі де марқұм жеңгемнің(жаны жұмақта болғыр) арқасы, соның ағама жасап кеткен жағдайының, тәрбиелі ұл – қыздар туып, өсіріп берген, арқасы дегім келеді. Жеңгемді айта бермей енді осы жырларды шығарып отырған ағама да кезек берейін.
Ағамның өлеңдерінде екпін бар, жырларын өзі оқығанда мен сондай екпінді сеземін. Ағамның көп қырларының: ақындық, ағаштан түйін түйетін шеберлік, сөздің қыбын тауып айтатын шешендік, кіші жүз руларының тарихын жақсы білетін шежірешілік, айналасындағыларға беретін батасы мол батагөйлік, әншілік, күйшілік ..., деген сияқтыларының ішінде менің атап айтқым келетіні отырған ортасын толтырып отыратын әңгімешілдігі. Әңгіме болғанда қандай, жай ғана ауыл - үйдің арасында айтылатын кәкір - шүкір әңгіме емес, тағылымы мол, тәлім - тәрбиелік маңызы бар, танымдық маңызға ие әңгімелер, ескі көз қариялардан қалған әңгімелер. Солардың ішінде ағамның өзінің ең сүйікті тақырыптағы әңгімелері бір бөлек дүние. Кейде сол тақырыптарға «түсіп» кеткенін байқамай қалсақ, әкелерінің бұл сырын жақсы білетін балалары, іні- қарындастарым, бізге ымдап түсіндіріп, өздері біздердің жағдайымызды сезіп іштерінен күлкіге батады: «Біздің шал өзінің «любимый конегіне» мініп алған екен ғой, енді оның шылбырын тартып, басын қайыру қиынға түседі сендерге» деп. Аңдап қарасақ өзі шынында да солай екен, дастархандағы тамақ суып қалады, тыңдаушылардың аяқтары ұйып қалады, кейбір шыдамсыздар тықырши бастайды, ал ағам уақытты ұмытып шабыстың қызығына енді түсіп құлақтарының түбі енді терлей бастаған, басын игертпейтін сәйгүліктер сияқты алды - артына қарамастан «шаба» береді. Сондай сүйікті тақырыбының бірі Мәтен қожа әулие жайында. Атаның толып жатқан қасиеттері, кереметтері жайында, өзінің де басынан өткен кейбір жайттар жайында айтқан көптеген естеліктері жадымызда. Ағам мені сол атаның басына алып бармақшы болып талаптанған, дайындаған, бірақ үлгере алмады. Көпшілік отырыстарда ағам әңгіме тізгінін өзінің қолында ұстап отырады, бірақ жақсы әңгімесі бар айтушыларды тыңдауға да құлықты. Ән салғанда, әңгіме айтқанда ағамның өзінің өлеңдеріндегідей екпін болады, ағамның орындауындағы жай сылбыр айтылған ән, әңгіме естіген емеспін. Ағам жарыққа шығарып үлгере алмай кеткен жырларының қолжазбасын(компьютерге терілген), ауырмастан бұрын маған оқып шығуға берген. Мұқият оқып шықтым. Көлемді дүние. Ағамның бұл шығармасына топтастырылған жырлары өміріміздің барлық саласын түгелдей дерлік қамтыған. Әлеуметтік сала, халықтың қазіргі тұрмыс күйі, махаббат жырлары, әкесінің ұрпағына қалдырған өсиет – термелері, соғыстан қайтпаған боздақтар, табиғат тамашалары, өзінің өмірі ...бұлардың барлығы ағамның жырларына арқау болған, өмірдегі, қоғамдағы болып жатырған құбылыстардың еш қайсысы ақынның жүрегіне соқпай өтпеген деуге болады.
Ағамның шығармашылығын егжей – тегжейлі зерделеуге менің шамам келе қоймас, ақындық өнер маған дарымаған. Мен ағамның жырларына жеткілікті түрде баға бере алмағанмен: «Бұл өмірде осындай жақсы адамдар бар, сол жақсы адамдардан осындай жақсы жырлар туады, солардың өмірінен, әрбір басқан қадамынан үлгі алуымыз керек» дегенді айтқым келеді. Тағы бір айтатыным, ағамның жарыққа шықпаған, баспаға беруге дайын тұрған соңғы жыр жинағын ағамның ұрпақтары, іні-қарындастарым, кітап қылып шығаруға жұмыстанатын болар деп үміттенемін.
Ағаммен көзі тірісінде көп әңгімелестім. Әдейі үйіне іздеп барып, ысықтар туралы, ерте замандағы елдегі ағайындардың тірлігі жайында ... Біраз нәрселерді қағазға түртіп те алдым. Көп нәрсеге көзім ашылып қалды. Ағаммен араласқалы бері көптеген адамдармен таныстық, білістік. Әсіресе, Жаңа Өзендік біз білмейтін ысықтың біраз азаматтарымен таныстық, аралас болдық. Ағамның жүрген жері думан еді. Беретін баталарының өзі бір төбе. Кейде әзілдейтіні бар: «Бес-алты ауыз бата жаттап алып тамақ асырап жүрмін. Айналадағы көрші-көлем, ағайын-туыстар қазан асса болды мені бата беруге шақырады» деп күлдіретін. Әңгімелерінің арасында әкесі Лұқпанның шежіреші, әңгімеші, жыр-термеге көкірегі толы адам екенін, аңшы да болғанын айтатын. Сондай әңгімелерден ұққанымыз, Лұқпан атамыз әнебір аштық жылдары ағайын-туыстарын аң аулап аштан қырылудан аман алып қалған екен. Ағамның өзі де аңшылық өнерден құр емес. Үйінде әртүрлі құстардың ішіне сабан тыққан «чучелолары» тұр. Ағамның тағы бір ауыз толтырып айтатыны, Жаннат жеңгеміздің Лұқпан атамызды балаша мәпелеп баққаны еді. Төсек тартып ұзақ ауырған атамызды жеңгеміз балаша көтеріп жуындырып, төсегін, киімін таза ұстап бағыпты. Батасын алыпты.
Ағамның ортаншы ұлы Ардақ балаларының ішінде бірінші болып 1989 жылы үйленді. Тойға дайындық қызу жүрді. Алғашқы тойы болғандықтан аға-жеңгем біраз шапқылады, бізде де тыным болмады. Той болардан бір күн бұрын ағамның үйіне Күріш Тасболатов, Саясат Татиев бастаған бір топ құрдас-достары, өнерлі жандар, Маңғыстаудың жақсылары мен жайсаңдары құтты болсын айтып келе қалды. Кешқұрым уақыт. Ағамдар ол кезде этажды үйде тұратын, есіктің алдында кең палатка, ағаш үй тігіліп, мал сойылып, қазан асылып, бауырсақ пісіріліп ... жатқан. Атақты қонақтар келісімен үй ән мен күйге толды. Таңға дейін Маңғыстаудың, Жылойдың, Мұхиттың әуендерімен салынған ән-жыр толастамады. Күріш пен Саясатқа ағам қосылып, ой, бір тамаша концерт болды дейсің! Ағамның нағыз әншілік өнерін сонда көрдім. Таң қалдым. Бұндай ағылған ән-жырды мен бұған дейін де, бұдан кейін де естімеппін. Айтарға сөз жоқ. Жез таңдай әншілер ғой үшеуі де, қамшы салдырмай таңға шапты ғой.
Ақтау. 16.12.2005 ж. «Амфибия» мейрамханасы. Үлкен қызым ұзатылған елдегі құдаларымды шақырғандағы құдалықта. Қасында асаба Өсербай.
Ағам талғаммен, жақсы киінетін, өзін күтетін. Әртүрлі «қызық» әдеттері де бар болатын. Онсыз да тым жақсы шашын кейде бір түске, кей кезде басқа түске бояп қоятынын түсінбейтінмін. Себебін сұрасам: «Әй, халық әйелі жоқ болғасын балалары күтім жасамайды демесін деп әдейі жасаймын» деп әзілдеп дұрыс жауаптан қашқақтайтын. Бөлмесінде христиандардың әулиелерінің, құдайларының суреттері де тұратынын байқап жүрдім. Ол жөнінде де сұрақтарыма дұрыс жауап ала алмадым. Ішімнен ойлап қоямын, талантты, неше түрлі өнердің киесі қонған адамдардың осы сияқты, жәй халықтан бөлектеніп тұратын «біртүрлі ерекше қызық мінездері» болатыны сияқты ағамның да осындай «ерекшелігі» болғаны ғой деп. Бір барғанымда ағам маған асыл тастардан жасалған су жаңа таспих сыйлады. Сырқаттанып төсек тартып жатқанында көңілін сұрап барып тұрдым, бірақ әр барған сайын көңілім құлазып, жабырқап қайтатынмын. Күні кеше ғана таудай болып, отырған жерін толтырып отыратын ағамның осындай болып жатқанын көру маған қиын болатын. Кей кездері інілерім: «Ағаңыз сұрап, іздеп жатыр» деп хабар бергенде амалсыздан баратын едім. Бармайын демеймін-ау ...Соңғы бір барғанымда маған бірдеңе айтқысы келгендей болғанын сездім, бірақ даусы шықпай айта алмады. Мен де қинаған жоқпын.
Ағамның демі Ақтаудағы үйінде таусылғанымен, соңғы сапарына Ералиевтегі, жеңгеміз шыққан ҚҰТХАНАСЫНАН аттанды.
Ағам немерелерінің аттарын өзі қоятын. Қойған есімдері бірнеше аттан тұратын ұзақ болады. Сірә, есімі ұзақ адамдардың өмір жасы да ұзақ болады деген түсінікті ұстанатын тәрізді, және бір ерекшелігі ағамның немерелеріне қойған есімдері өте сирек кездесетін, тіпті, өмірде кездесе қоюы екіталай, есімдер. Ал өзін бағып отырған Қарлығаш келінін де еркелетіп «Құлыншақ» деп ат қойып алған. Қарлығаш та ағайынның есінде «ата баққан келін» ретінде қалатыны анық.
Ағам Ақтауда тұрған кезінде ысықтардың Ақтаулық белді азаматтарына ақыл-кеңес беріп, Маңғыстаулық ысықтардың басқосуын ұйымдастыруға себепші болды. Осы азаматтар ағамды жолбасшылыққа алып Атырау өңірін аралап та келді. Олардың алдағы уақытқа белгілеген ағамды жолбасшы қылып Атырау-Орал өңіріндегі ертеректе ысықтар жайлаған, ысықтардың табаны болған жерлерді аралап, ескіден қалған әңгіме-жырларды жинастырып, сол жерлердегі әулие-әнбиелердің басына тәу етіп, құран бағыштап, суреттерін алып, ағама кітап жаздыруға материал қылып беретін едәуір жоспарлары да болған еді. Бірақ ағамның денсаулығына байланысты олар жүзеге аспай қалды. Этнографиялық, тарихи құнды экспедиция болатын еді, әсіресе, сол экспедициядан жинақталған материалдар негізінде жазылған кітап, ағам сияқты білгірдің қолынан шыққан таптырмайтын танымдық кітап болар еді-ау. Тек проза жанрында емес, ағамның жүрегінен шыққан талай ән-жырларға, өлеңдерге арқау болатыны сөзсіз еді. Өкінішті.
Тілеуғали ағам әскери теңіз флотында борышын өтеген матрос. Ағамның мен 50 жасқа толғанда арнап шығарған өлеңі де бар, тойда нақышына келтіріп өзі оқып берген де еді.
Тілеуғали ағамның қысқаша өмірбаяны төмендегідей:
«Лұқпанов Тілеуғали Лұқпанұлы 1942 жылғы шілде айының 28 жұлдызында(құжат бойынша 09.12.1942ж.) Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, Қоғам ауылында дүниеге келген.Әкесі Лұқпан 1970 жылы, анасы Ақкенже 1966 жылы бақилық болған. Тілеуғали 1959 ж. Қарабау орта мектебін бітірген. 1961 жылы жанұясы Миялы селосына көшіп келеді де, 1962 жылы армияға шақырылады. Армиядан оралғасын әртүрлі салада жұмыс жасап, 1967 жылы Миялы селолық кеңесінің хатшысы қызметіне орналасады. 1970 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық заң институтына сырттай оқуға түсіп, 1976 жылы осы институттың құқық қорғау факультетін бітіріп шықты. 1972 жылы прокуратура органдарына қызметке шақырылады, сол жылы жанұясымен Форт-Шевченко қаласына көшіп келді. 1972 жылдан 1996 жылға дейін Форт-Шевченко, Бейнеу, Жаңа Өзен, Ералы аудандық прокуратураларында әртүрлі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. 1996 жылы денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шықты. Ол сан рет облыстық және республикалық құзырлы органдардың марапаттауларына ие болды. Зейнеткерлікке шыққасын да Маңғыстау облыстық прокуратурасы жанындағы ардагерлер кеңесінің мүшесі болып қоғамдық жұмыс атқарды».
Міне, өзім көздерін көріп, әңгімелерін естіген, қолдарына су құйып қызмет қылған ағайынды үш ағам туралы, оларды бір бірінен бөлместен, есімде қалған естеліктерімді жаздым. Ағаларым жайын жазғанда, оларды осындай өмірге жеткізген, ұрпақтарын таратқан, бірінен бірі өтетін әсем жеңгелерім жайында жазуды да ұмытпадым. Жеңгелерімді аттап өтпейтін бір себебім: «Өмірде қандайма бір жетістікке жеткен ер азаматтың арт жағында міндетті түрде мықты әйел тұрады» деген сөз бар. Сондықтан, менің мықты ағаларымның артында олардан еш кем емес алтын жеңгелерім тұрғаны анық. Сол жеңгелерімнің бірі өзімнің кіндік шешем екенін де мақтанышпен атап өттім. Менің аздап та болса кітап оқуға, жазу-сызуға әуестігімнің бір ұшығы кіндігімді кескен жеңгемнің мұғалім болғандығында да жатқаны анық. Сәбидің кіндігін кім кессе, болашақта баланың өмірі сол адамға ұқсас болады екен деген де қағида бар қазақтарда. Дұрыс та болар-ау. Ал ағаларым жеңгелерімнен орта жаста айырылып қалғандарында, оларға жеңгелерімнің жоқтығын сездірмеуге тырысқан, жақсылап бағып-қаққан, күтімін жасап өз қолдарынан бақилық сапарларына аттандырып салған Бөбекжан мен Қарлығаш келіндерім жайында да аздап жазған болдым. Ағаларымның келіндерін «Бастығым», «Құлыншағым» деп еркелеткені оларға көңілдерінің толғандары емес пе?! Ағаларыма жаққан осы келіндердің біздің ауылға келін болып түсулеріне менің де аздаған үлесім болғанын көрсетіп өттім. Ағаларыма жаққан екі келінімді мен де барымша сыйлаймын, қадірлеймін, келіндерімнің де сыйлайтынын білемін. Ағаларымның ұрпақтары бар, жапырақтары жайылған әулеттер екені елге аян. Бәлен баласы, түгендей немере-жиендері бар деп санамалау қазаққа жат болғандықтан оларды тізбелеп жазбадым. Шүкіршілік.
Естелігімді аяқтай келе бірі ерте, бірі жай бақилық өмірге аттанған аға-жеңгелерімнің имандары жолдас болып, жандары жұмақта шалқығай дегім келеді. Ағаларымды теңізшілерге теңеп: Нығмет ағам атақты Флинт капитандай «келместің кемесінің» капитаны да, екі інісі сол кеменің матростары болып жүрген шығар деймін іштей.
Аға-іні турасында айтылған қазақта төмендегідей біраз ұлағатты сөздер бар:
«Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар»
«Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без, аға тұрып, іні сөйлегеннен без»
«Ағаға қарап іні өсер»
«Аға-орман, іні-қорған»
«Аға алдында пейіліңді, іні алдында мейіріңді көрсет»
«Ағаның үйі ақжайлау»
«Ағаның үйі ақмешіт, інінің үйі індікеш»
«Жеңім жаман болсада , жағам жақсы, өзім жаман болсамда, ағам жақсы»
«Көп ақымақтың ағасы болғанша, бір ақылдының інісі бол»
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу, жақсы ағаға ілесіп ізін бас та, жолын қу»
«Бір ағашта қанша бұтақ, біреуі-ақ қамшыға сап»
Ысықтың Жақсыбайы Бисенғалидың Бисенбайы.
Тауық жылының(2017ж) қараша-желтоқсан айлары.
Ақтау қаласы.