РЫСҚАЛИЕВА Гүлнәр Түсіпқалиқызы өмірдің айтулы белесі – 60 жасқа толып отыр. Гүлнәр Түсіпқалиқызы өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға ретінде Атырау облысы ұстаздарына кеңінен таныс. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық қасиеттер Гүлнәр Түсіпқалиқызын қатардағы ұстаздан Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, «Музыка және өнер» кафедрасының доценті деңгейіне көтерді.
Ол 1976 жылы Қаракөл орта мектебін бітіріп, 1976-1978 ж.ж. Атырау облыстық мәдени-ағарту училищесінің халық аспаптары бөлімінде оқыды. 1978-1980 ж.ж. Гурьев облысы Махамбет аудандық мәдениет бөлімінде әдіскер боп қызмет етті. 1980-1984 ж.ж. Гурьев педагогика институтының музыка факультетін бітіріп, осы оқу орнына оқытушы болып қалдырылады. Профессор О.Бахтияровтың шәкірті Гүлнәр Түсіпқалиқызы институтта оқып жүргенде 1982 жылы Талдықорған қаласында өткен Қазақстанның Ресейге қосылғанына 250-жылдығына орай өткізілген Педагогикалық институттардың музыкалық-педагогикалық факультеттері студенттерінің байқау-конкурсының ІІ дәрежелі лауреаты, 1984 жылы өткен тың игерудің 30-жылдығы, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 40-жылдығына орай өткен Педагогикалық институттардың музыкалық-педагогикалық факультеттері студенттері мен оқытушыларының IV Республикалық байқау-конкурсының І дәрежелі Дипломмен марапатталды.
Еңбек ете жүріп, 1986-1989 ж.ж. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы жанынан ассистентура-стажировкадан өтеді. Ұстаздық жолында Г.Рысқалиева Халықаралық, республикалық конкурстар мен олимпиадаларға көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Оның шәкірттері: 2006 жылы Павлодар қаласында өткен Республикалық «Жас толқын» өнер фестивалінде Сарекенов Артем ІІ дәрежелі лауреаты, 2007 жылы Москвада өткен Халықаралық «Жемчужный хоровод на берегах Невы» жастар шығармашылығына арналған фестивалінің «Халық аспабы» бойынша Сарекенов Артем ІІІ дәрежелі лауреаты, 2009 жылы Алматыда өткен І Республикалық пәндік Олимпиаданың «Негізгі музыкалық аспап» аталымы бойынша Досқалиев Нұрғали ІІІ дәрежелі лауреаты, 2009 және 2011 жылдары Талдықорғанда өткен Республикалық пәндік Олимпиадаларда «Халық композиторларының шығармаларын үздік орындаушы» марапатына Досқалиев Нұрғали ие болды, 2012 жылы Россияның Казань қаласында өткен III халықаралық «Виктория» балалар мен жасөспірімдер шығармашалығы фестиваль-байқауының Лапишев Әлішер І дәрежелі лауреаты, 2013 жылы Ақтауда өткен Мұрат Өскінбаев атындағы Республикалық V күйшілер сайысында Лапишев Әлішер Дипломанты, 2012 жылы Талдықорғанда өткен IV Республикалық пәндік Олимпиаданың «Негізгі музыкалық аспап» бойынша командалық бірлестікте Досқалиев Нұрғали ІІІ дәрежелі лауреаты, 2015 жылы Атырауда өткен ІІ Облыстық фестиваль-конкурсында жоғары топта домбыра аспабы бойынша өнер көрсеткен Байғабылов Азамат І орын, 2016 жылы Атырауда өткен ІІІ Облыстық «Жадыра жас дарын» фестиваль-конкурсында Болатова Амангүл ІІІ дәрежелі лауреаты, 2016 жылы Атырауда өткен ІІ Халықаралық «Жадыра, жас дарын» фестиваль-конкурсының (жоғары топ домбыра аспабы) Жасқайратова Әйгерім Дипломанты, 2016 жылы Алматыда ҚР Жоғары оқу орны студенттерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған Республикалық конкурсының «Өнер» бөлімі бойынша Жасқайратова Әйгерім Дипломанты.
Ол педагогикалық қызметімен қоса, өз мамандығы саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 2003 жылы «Домбыраға арналған хрестоматия», «Күй-өмір», «Өмір өрнектері» атты оқу-әдістемелік құралдары, 2014 жылы «Орындаушылық өнер тарихы» оқу құралы, 2017 жылы «Қазақша ән үйретейік» атты оқу-әдістемелік құралдарын жазды. Дәстүрлі күй өнері арқылы тәрбие беру тақырыбында бірнеше мақалалары Республикалық, Халықаралық конференциялар мен газет-журналдарда жарық көрген. 2014-2015 оқу жылында университеттің оқу-әдістемелік кеңесі құрамында қызмет атқарған.
Гүлнәр Түсіпқалиқызының алды кең, жаны жомарт, қамқор да талапшыл ұстаз ретіндегі абзал қасиеттері шәкірттерін тәнті етпей қоймайды, атына заты сай ұлағатты ұстаз, өнеге. Ол білікті маман, талантты ұстаз ретінде қалыптасып, Атырау өңірінде домбыра класын одан әрі дамытуға өз үлесін қосып келеді.
Гүлнәр Түсіпқалиқызының шәкірттері қалалық, аудандық орта және музыка мектептерінде, жоғарғы оқу орындарында, колледж бен оркестрлерде еңбек етуде. Осындай еңбек пен тұрмыс тәрбиесі, жеке басының кіршіксіздігі, отбасы үшін ғана емес, өзімен қанаттас жүрген әріптестерін, тілектес дос-жарандары үшін де зор мақтаныш, абырой, жас ұрпақ үшін нағыз өмір мектебі екендігі даусыз.
Өмірден мол тәжірибе жинақтап, жас мамандарды тәрбиелеп, еңбек жолына бағыт беріп, шәкірттеріне – ұстаз, ақылшы, көмекші болып отырған қадірлі Гүлнәр Түсіпқалиқызын осындай мерейлі күні шын көңіліммен зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасына баянды бақыт тілеймін. Осы қалпынан таймай, асулардан асып, берекесі тасып, абырой биігінен көріне беріңіз.
Қ.Р. білім беру ісінің Құрметті қызметкері,
«КСРО Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университетінің доценті ӘЖІКЕН СӘТІМ