МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында

ҚАШАН АРЫЛАМЫЗ?

 

    Неге екенi белгiсiз, Баукеңнiң қабағы қату. Жанарынан шаршағандық, әлденеге кейiп, ренжiгендiк байқалады.

   -Бiзге қарағанда сиыр әлдеқайда iзгi жануар. Шөп жеп, сүт бередi. Ал сен ше? Жақсы көретiн қозым едiң дейсiң де, қонақ келсе, соясың.-,- деп маған шүйiле қарап, бейне менен түңiлгендей қолын сермедi.- Балапаны бар ма, жоқ па, оны ойға да алмай, көзге түскен үйректi атасың.

   Бұл жауыздықтың басқа да түрi бар. Малды бүгiн қырып алсаң, ертең аш қаласың. Сол себептi оны өсiресiң. Өсiргенде ертең өлтiрем деп өсiресiң. Бiр мысал. Қасқырды жыртқыш деймiз ғой. Ол адамға қарағанда әлдеқайда iзгi. Жайран, қарақұйрық, киiк, тағы басқа жануарларды қасқыр былай отарлайды деп аңдып жүредi. Тамақ керек. Бiр ғалымның жазуынша, аңдып жатқан аш қасқырлар қарақұйрық, киiктердiң жасөспiрiм балаларына тимей, қартайып, не ауырып, қаша алмай артта қалып бара жатқандарына ғана тиедi екен. Себебi, олар онсыз да өледi. Табиғат заңы қандай әдiл, ә?!

   Бiр аңыз бар. Емшектегi баланы арыстандар жемей өз ортасында өсiрген. Мұнсыз да басқа жемтiктерiмiз  жетедi  деген.

   Теңiз жәндiктерi туралы да оқыдым. Акула- жыртқыш. Ол да асарыңды асадың, жасарыңды жасадың деп  қаптап жүрген  балықтардың   арасынан кәрiсiн, не ауруын iздейдi екен.

   Денi сау жасөспiрiмдерiне зияндық жасамайды, өсе берсiн дейдi. Бұл-жаратылыс заңы. ,,Е, бұлар құрып кетсе, бiз де құрып кетемiз,, ,- деген нәрсе ғой, ә? Дұрыс па, әлде бұрыс па?

   Қортындымды айтайын, қарағым, өзiң ақ көйлек киiп, галстук тағып, мәдениеттiмiн деп жүргендердiң бiрiсiң.  Адамның жауыздығы өсе берсiн демейдi, қайта ,,мынау менен асып кетпесiн,, деп бiрiн-бiрi құртуға тырысады. Сезiмiң, ақылың жетiп жатқанымен iсi жоқ, қайта ,,мынау бiзден асып кетiп жүрмесiн,, деп жала жабады, өсек айтады, заң-маңға мақұлдатады. Сөздiң қысқасы, құртады.

    Баукең  басын шайқап, ұзақ ойға батты.

    -Бұған мысал тарихта көп, шырағым. Маған сенбесең өз замандастырыңның өмiрiне үңiл. ,,Қой, мынау өсiп келе жатыр, құртайық ,,- деп бiрiне-бiрi ор қазып жүргендер аз ба? Адам ең жауыз жануар. Бiр-бiрiн көре алмайды, бiр-бiрiн қалай құртам деп бiлген әдiсiнiң бәрiн аямайды. Тағы өзi тасада отырып, ары таза емес бiреудi жұмсайды. Өзi ашық шығуға қорқады. Сенбесең, жаңа мысал, Олжас Сүлейменов туралы сын мақаланы оқыған шығарсың?

   -Ойбай, мынау бiзден асып кетпесiн,- деп күллi күншiлдер қарсы боп отыр. Әрине, ашық емес, жасырын. Олжас рухани бай, мықты, менiңше, ол  жеңiлмейдi. Оны сынайтындай Владимиров кiм? Ол қазақ әдебиетi түгiл орыс әдебиетiн жақсы бiлмейтiн қатардағы бiреу. Ол, көңлiңе келсiн, келмесiн, бар-жоғы қолжаулық қана.

   Әй, ашуымның шығып кеткенi-ай! Өз әдебиетiн бiлмейтiн бiреу қазақ әдебиетiне кеп басын сұғады. Бұл күлкiлi бейшаралық емес пе?

    Ол бәрi бiр өзiн жұмсағандардың үмiтiн ақтай алмады. Содан оған ренжiп, қапа болғандар Москваның журналына қолқа салды. Ойлары- Олжасты  Совет Одағы көлемiнен бiржола жою. Бұл жауыздық емей  немене? Оны Димаш Ахметұлы Қонаев қорғап қалмағанда күншiлдер оған күн көрсетпес едi. Жалпы Олжас iзденiсi кiм кiмге де жан қинап, тер төкпей жеткен жеңiс жеңiс емес деп тұрғандай.

   Баукең темекi тұтатып тартып, маған бiртүрлi қинала, мұңая қарап:

   -Күншiлдiк- шынымен емi жоқ дерт пе, одан қашан арыламыз?- дедi ауыр күрсiнiп…

 

ОЙЛАУ ДА-ЖҰМЫС

 

    Баукең қойын дәптерiмдi қолына алып, парақтап көрiп:

    -Нағыз журналист мына саған ұқсап бос орын қалдырмай бiр жолға бiр жолды мiнгестiрiп жазбайды,- дедi ренжи қабақ шытып.- Бұлай етсе, ол мақаласын өңдеп, жөндеген кезде кешiгiп келген ойларын қайда жазарын бiлмей қиналады.

   -Бұл таза қағазға қайта көшiрiледi ғой.

   -Жоқ, оған уақытың кетедi. Сен бұдан былай парақтың бiр шетiнен бос орын қалдыр және арасынан бiр жол тастап жаз. Кейiн өңдегенiңде қағаз iздеп, не көшiрiп әуре болмайсың. Аяқтағанда да солай бiраз бос орын қалдырып аяқта. Қайдан бiлесiң, басыңа кенет бiр ой келiп қалар. Ал екiншi бетiне мүлде жазба.

    Мен үнсiз келiстiм. Баукең темекi тартып, ойға батты. Бiр қауым мезгiлден кейiн:

    -Бiреулер мен туралы:,, Бауыржан Момышұлы сарқылды. Бұрын бiрнеше кiтап жазған кiсi едi, лауреат атанды, қазiр үнсiз деген сөз таратыпты,, , - дедi жақтырмай.- Сен мұны естiген жоқсың ба?

   -Жоқ.

   -Қазақстан жазушылар одағының секретариаты Дмитрий Федорович Снегинге:,, Сенiң майдандас досың ғой, майданда бiрге болғансың, қазiр де бiрге жүрсiң. Сен сөйлессеңшi, бiз бiрдеме десек, ашуланады,, ,- десе керек. Ол үйге келдi. Сөзiн орағытып бастады. Ойын түсiне қойдым.

   -Жиырма бес жылдан берi менi ел-жұртым жазушы Бауыржан Момышұлы деп таниды. Жазушылық еңбегiмнен үш орден алдым, бiрақ оларды мен сұраған емеспiн,- деп Митяның сөзiн бөлiп жiбердiм.-Соғыста екi орден алдым. Бес орден бiр адамға аз емес деп ойлаймын. Әлде аз ба, Дмитрий Федорович?

   -Аз емес.

   -Әрине, аз емес, қайта көп. Халқымызда азаматтық деген сөз бар. Бұл сөздiң тамыры терең жатыр. Соғыстағы азаматтық, әдебиет пен өнердегi азаматтық, өмiрдегi азаматтық, аталық, аналық жолындағы азаматтық. Бұлардың бәрi бiрiнен бiрi кем емес. Бұларды барлық кезде тең бағалау керек. Тезис түсiнiктi ме, Дмитрий Федорович? –Ол таңырқай қарап, үндемедi.

   -Сен немене маспысың, әлде жаспысың?!- деп ұрыстым.- Осы төрт тақырып кемiнде бiр-бiр кандидаттық диссертация. Бұларды зерттеп, адал жазса, үлкен еңбек.

   Баукең жағын ұстай ойға енiп:

   -Жазудан мүлде қалды деп жүргендерiңе таңым бар,- дедi иығын қозғап.- Саған әңгiме айтып бергендерiм жұмыс емес пе екен? Бұл да жұмыс. Әңгiме айтуым үшiн ойлануым керек қой. Солай емес пе?

   -Солай.

   -Әрiберiден кейiн ойлану да – жұмыс…

 

АҚ НИЕТТІ ЖАНДАР ЕКЕН

 

   Баукеңдi 7- қазан мерекесiмен құттықтадым. Бiраз әңгiмелескен соң:

   -Кеше Шерханның үйiнде қонақта болдық,- дедi көңiлдене.- Ол маған өзi айтуға бата алмай, әйелiн жұмсапты. Келiн мына добалдай жеңгеңе айтыпты. Өзiм кiшкене сырқаттанып жатыр едiм:

   -Е, барамыз, бармауға болмайды,- дедiм мен бiрден келiсiм берiп.

   Төрт бөлмелi пәтерi бар екен. Асханасы кең.

   Шерхан киiнiп алыпты. Өңi қызыл, шашы сары, аласа бойлы Байғанаевты, оның кемпiрiн, Тұрар Рысқұловтың әйелiн, келiнiн, қызын, тағы екi-үш жiгiт пен келiншектi шақырыпты.

   Шерханның ойынша төрге мен отыруым керек екен.

   -Көке, жеңеше, жоғары шығыңыздар,- деп Байғанаевты кемпiрiмен төрге отырғыздым. Ол кiсi көнгiсi келмей көндi.

   Мен ұзын столдың бүйiр шетiнен орын алдым. Қасымда добалдай жеңгең. Қарсымда Тұрардың әйелi/ атын ұмытыппын/ отырды.

   Үй иесiмiн деп Шерхан орнынан тұрып, қарт большевик ретiнде Байғанаевқа сөз бермек едi:

   -Әй, қарағым, бұл сенiң үйiң ғана емес, менiң де үйiм. Мен Мұртаза көкемнiң iнiсiмiн. Сол себептi тыныш отыр,- деп қолымды сiлтеп едiм, ол үнсiз бағынды.

   Мен орнымнан тұрып, сөзiмдi бастадым.

   -Келiн қарағым, ақ ниетiңе, ақ дастарханыңа рақмет. Өзiңе, бала-шағаңа ақ ниетпен ақ батамды беремiн. Бiздi үйiңе ұлыстың ұлы күнi шақырып отырсың. Ұлыстың ұлы күнi дегенiм Ұлы Қазан революциясының алпыс жылдық мерекесi. Осы тарихи оқиғаға бiздiң тұқымнан түңғыш қатысқан Тұрар Рысқұлов. Ол кiсiнiң революцияға сiңiрген еңбегi аз емес. Әсiресе, аштық жылдары шындықты айтып, басына төнген қауiптi  елемей Сталинге хат жазғанын, сөйтiп халқымызға қолынан келгенше қамқор болғанын бәрiмiз, үлкен-кiшiмiз мақтан етемiз…Бүгiн арамызда сол кiсiнiң  жан-жары  отыр, асыл ағамыздың көзi отыр...

   Тұрардың әйелi ақылды кiсi екен:

   -Айналайын қайным, Тұрекеңнiң атын атағаныңа, менi аузыңа алғаныңа рақмет,- деп көңлi босап, жылап қалды.

   -Жеңеше,- дедiм сөзiмдi кiлт өзгертiп.-Мен сiздiң әмеңгерiңiз боламын. Менен басқа сiзге заңды әмеңгер жоқ.

   -Қайным-ау, баяғыдан берi кiм бар деп күтiп жүр едiм, жүректiлiк танытып, мойындағаныңа рақмет,- дедi ерiксiз езу тартып. Қандай ақылды сөз, ә? Отырғандар бiрден көңiлдi күйге көштi. Ішiмнен:,,Ой, мына жеңешем осал емес қой,, ,- деп ойлап, әжептеуiр көтерiлiп қалдым.

   -Үй иесi екенiмдi пайдаланып бiрiншi сөз кезегiн Байғанаев ағамызға беремiн,- деп мен орныма отырдым. Ол кiсi сөйледi. Сөзi кәдiмгi үйреншiктi, жаттанды сөз, онша ұнаған жоқ. Қайта маған ,,Лениншiл жас,, газетiнiң бұрынғы редакторы Саттар Бөлдекбаевтың үйiндегi келiннiң сөзi бiршама әсер еттi.

   Дастарқан кең, мол болды. Жаңа айттым ғой, маған әсiресе Тұрардың үйiндегi жеңгей ұнады. Ол кiсi мен сөйлегенде жылап қалды дедiм ғой. Оның себебiн өзiң түсiн.

   Екiншi ұнаған кiсi- Шерханның өзi болды. Оны не үшiн ұнаттыңыз деп маған сұрақ қойсаңшы.

   -Оны не үшiн ұнаттыңыз?

   -Қарағым, қонақ шақыру да- өнер. Оған да талғам, бiлiмдiлiк керек. Өзiң айтшы, пейiлi тар, ниетi қара адам мен пейiлi кең, ниетi ақ адам бiр дастархан басына сия ма? Сиған күнде де өзара тiл табысып, еркiн сөйлесе ала ма?

   -Жоқ.

   -Дұрыс. Шерханға риза болғаным, шақырған кiсiлерiнiң бәрi кең пейiл, ақ ниеттi жандар екен…Еркiн сөйлесiп, еркiн отырдық.

 

ПЕДАГОГТІК ӘДЕП

 

   -Өткен айда аулыма барғаным есiңде ғой?

   -Есiмде.

   -Сонда Дүката көкем ауылдың шал-кемпiрлерiнiң басын қосып, бәрiмiздi үйiне шақырды. Дастархан жиналып, жұрт тараған соң екеумiз оңаша қалдық. Ары-берi қиқаңдап отырып:

   -Пәржан, бiрнәрсе айтсам бола ма?- дедi.

   -Айтыңыз.

   -Айтсам, әнеукүнi Майсажан iнiң мен Райымбектiң немересi Қуаныш төбелесiп қалды. Екеуiн татуластара алмай шаршадық.

   Көзiмдi аларта қарадым да:

   -Көке, мына сөзiңiздi мен естiгем жоқ,- дедiм. Мұным, түсiнген адамға, аулымның тiрлiгiне мен араласпаймын деген сөзiм ғой, ә?

   Дүката көкем таңырқай қарап қалды. Өзi тағы Қуанышты жамандап, Майсажандыкi дұрыс деп, оны мақтап отыр. Ойында мен Қуанышты сөгуiм керек екен.

   Баукең маған қабағын түксите қарап:

   -Әй, ағайын былай тұрсын, ерлi-зайыптылар да ұрсып қалады. Бүгiн ұрысқанымен ертеңiне қайта татуласады.  Мен алыста жүрген адаммын, олардың шатағымен шаруам не? Ағайын дау-жанжалында нем бар? Тағы да Қуанышты кiнәлауым, Майсажанның аяғына жығыл деуiм керек екен.- Баукең кекесiн үнмен бiраз күлiп алды.

   -Көке, менiң ауылға келгендегi мақсатым- ол екеуiне билiк айту емес, сiзге, басқа да аға-жеңгелерiме сәлем берiп, туған жерiм келбетiн көрiп қайту ғана. Араласпайтын iске араласып нем бар? Ол екеуiне төбелесiңдер деп ақыл айтыппын ба?- деп едiм:

   -Мұның дұрыс, Пәржан,- деп Дүката көкем күлдi. Онысы түсiнгенi ғой…

   Баукең көк түтiндi будақтата отырып, әлден соң:

   -Аулымнан қайтарда Тараз қаласына жақындау жердегi  жекжат қарындасымның үйiнде қонақ болдым. Өзi де, күйеуi де жақсы жандар. Бiрақ перзенттерi жоқ. Балалар үйiнен екi-үш жасар бiр қыз асырап алыпты. Не азербайжан, не түрiк болу керек, өте сүйкiмдi сәби. Едендi тасырлатып жүгiрiп жүрдi. Жүгiрiп жүрсе:

    -Тәйт, жүгiрме, апаң ұрсады,- дейдi әкесi.

    -Әй, сұмырай, тыныш отыра алмайсың ба?- деп шешесi бiр жағынан жекiрiп қояды. Әжесiне барса, әжесi де ұрсады. Ішiмнен қатты ренжiп қалдым.

    -Айналайын, берi кел, мен сенiң атаңмын,- деп өзiме шақырдым. Қуанып, алдыма кеп отырды. Тiлi шығып қалған, жартысы қазақша, жартысы орысша. Бала жылы сөздi сүйедi ғой. Еркелеп, тәттi күлше жеп, мәз боп қалды.

   -Тыныш отырыңдар!- дегендей қолымды көтерiп, белгi жасадым да сөйледiм.- Бұл баланың сенi апа дегеннен басқа не жазығы бар?- дедiм жекжат қарындасыма. Әкесiне қарап:,,Мұның әке дегеннен басқа не жазығы бар?,,- деп ашуландым. –Апа десе, тәйт дейсiң, әке десе, тәйт, апаң ұрсады дейсiң. Кемпiрге барса, ол да тәйт дейдi. Мен де тәйт десем, бұдан не қалады? 

   Жекжат қарындасым ақылды екен, күлiп жiбердi.

   -Бұларың жарамайды, шырақтарым. Баланы алған екенсiңдер, жөндеп тәрбиелеңдер. Баланың аты бала. Үйге қонақ келдi, ата келдi деп бұл бiлсеңдер қуанып жүр. Әр адым сайын жекiп, өйтпе, бүйтпе дей берсеңдер не болмақ? Бұған қазiр жүгiрме деп қайтiп айтасың? Бiлсеңдер, бәрi есiнде қалады,- деп тастадым.

   Өзi тiлi жаңа шыққан, сүп-сүйкiмдi бала. Тағы ұрысқандарына жыламайды екен.

   Баукең маған ұзақ, көз алмай қарап:

   -Мұны саған неге айтып отырмын, қарағым?-дедi де өзi жауап бердi.- Мұны еске алу себебiм, әр ата-анада педагогтiк әдеп болу керек.

 

ДОСЫМНЫҢ СӨЗІ

 

    -,,Жаман атқа жал бiтсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бiтсе, жанына қоңсы қондырмас,, деген мақалды естуiң бар шығар?

   -Естуiм бар.

   -Мұның мәнiне түсiнбейтiн, немесе шала түсiнетiн бiздiң қайраткер азаматтарымыз аз емес. Шет-жағасын өзiң бiлiп, көрiп те жүрген шығарсың? Мен олардың қатарында емеспiн деп ойлаймын. Егер қателессем, кешiр, қарағым.

   Мен отставкiге өте ерте, қырық алты жасымда шықтым. Қырық алты деген жас қой. Тағы денiм сау, мүгедек емеспiн. Оған ширек ғасыр өттi. Осы мерзiм iшiнде қолында билiгi бар бiреудiң алдына барып, көмек-сөмек сұраған емеспiн. Сұрады десең, пәлен жерде сұрапсыз ғой деп айт.

   Бiреулердiң үстiнен шағым жазған жоқпын, ал менiң үстiмнен шағым жазғандарды елеген емеспiн. Мұның бәрiне шыдамымның жеткенiне мен қазiр қартайып отырғанымда таң қаламын. Бiр жағынан өзiме өзiм риза боламын. Астапыралла-а,  кешiр,  қарағым, өзiме емес, халқыма ризамын. Менi барлық жаман қылықтан жиркентiп өсiрген, бiлсең, халқымның тәрбиесi.

   Баукең темекi тарта отырып, сөзiн жалғады.

   -Маршал Голиков деген кiсi соғыс кезiнде майдан командашысы болған. Қазiр жасы сексеннен аспаса, кем емес. Ол кiсi менiң  кiтаптарыма талдау жасап:,, Момышұлының шығармалары мемуарлық характерге ие болғанымен, көркемдiк жинақтау биiгiне көтерiле алған,, -деп баға берiптi. Оны да оқып шыққын.

   Мен туралы отыздан астам автор жазды. Бiреулер ,,саған не жоқ?,, десе, әлгiлердiң  пiкiрлерiне сүйенiп, ,,бiрiншi жаңалық ашқан мен емеспiн,, дейсiң. Олар саған кәдiмгi қалқан болады. Түсiндiң бе?

  -Түсiндiм.

  -Соңғы жаңалығым- оң бүйрегiм ауыратынды шығарды. Әйтеуiр осы оң жағым сыр бере бастады. Ілгерiде әкемнен естiгенiм бар едi. Бiр кiсi сырқат құрдасына:,, Е, өңiңiз жақсы ғой, тәуiр боп кетесiз,, ,- дептi көңлiн аулап. Оны құрдасы түсiнбейдi дейсiң бе? Өзi ақылды кiсi болу керек:,,Жазыла-жазыла молдадан да ұят болды,, ,- деген екен. Бұл, қарағым, сарыуайымға салыну емес, өлiм барын мойындау. Бiр жағынан молданы сынау. Бұл-ақылдылық.

   -Әнеукүнгi кiсiлермен сөйлестiңiз бе?

   -Сөйлестiм. Олардың мiнез-құлқымен танысып, бұлары қалай, неге бұлай тiрлiк жасайды деп талдау жасадым. Байқасам, олар мүлде дұрыс iстеп жүр екен. Себебi, олардың ұшқан ұясы менiң ұшқан ұям емес екен. Мүлде қарама-қарсы жандар екенбiз.

   Олардың ата-бабасы старшын, би-болыс болыпты. Оған өздерi мақтанады. Әрине, бiр жағынан онысы жақсы. Екiншi жағынан, старшын, би-болыс елдi жеген, бiреу дауласса қуанып, қай жағынан қандай пайда түседi деген. Кiм көп берсе, соның сөзiн сөйлеген.

   Ата-бабалары осындай болған соң, ұрпағы қайда барады? Олар берiп көрмеген, алып көрген. Олардың үйiме келiп, менiмен сөйлескенiне қатты ренжiп, ауруыма ауру қосып ала жаздадым. Егер талантты орыс жазушысы Всеволод Вишневский досым көмекке келмегенде төсек тартып жатып қалуым  ғажап емес едi. Оның кiтаптарын оқып па едiң?

   -Жоқ.

   -Оқымасаң оқы, тамаша жазушы. Ол бiрде Жамбыл ақынның ,,Ленинградтық өрендерiм,,туралы:,, Бұл өлеңдi көзге жас алмай, қуанбай, достық сезiмiмен толқымай оқи алмайтын едiк.  Артымыздан  күштi таяныш келгендей бұл хат-өлеңнiң қымбат екенiн көрдiк. Қазақстан халқы бiзге өзiнiң туысқандық сәлемiн, ықыласы мен достығын жолдаған едi, бiз күшiмiзге күш қосылғандай ұрысқа аттандық,,,- деп жазған едi ғой. Есiңде ме?

   Мен үндемедiм.

   -Всеволод менiң жақсы досым болатын. Екеумiз жиi бас қосып, сырласатынбыз. Бiрде үйiнде отырғанымда:

   -Жырдан өткен сұлу жоқ, сол сұлу сырын нәзiк ұққан Жамбыл ұрпағы шын бақытты,- дедi. Досымның осы сөзi есiме түсiп, әлгi үйiме келген тоғышарларды бiржола ұмытып, өз-өзiмнен толқып, тебiренсем бола ма? Жай тебiренiп қоймай тағдыр бiздi әрдайым:,, Сусыз көлде қамыс болмас, арсыз елде намыс болмас,, дегеннен сақтасын деп тiледiм.

 

СОҢҒЫ ЕСКЕРТУ

 

   -Түс кезi едi. Бiр орта бойлы, сары кемпiр кiрiп келдi. Қолында домбыра. Төрге отырғыздық.

   Самбырлап сөйлеп, мазамды ала бастады. Жасы менен кiшi, құдай бiледi алпыстың орта шенiнде болу керек.

   Бiр кезде домбырасын қолына алып:

   -Ау, керсен деген, керсен деген,

   Арманым- Бауыржанды көрсем деп ем,- деп өлең айтты. Кәдiмгi Жартыбай ақынның қарындасы.

-Елге аян ежелден-ақ батыр атың,

   Батырсың жауды шөптей жапыратын…

   Баукең қас-қабағын ойнақшыта тыржитып, басын бұлғаңдатып, әр өлең жолын домбыраға қосылғандай етiп, әндете созып орындаған сайын күлкiден жарылып кете жаздадым. Өзiмдi күшпен ұстайын десем де болар емес. Бiреу бүйiрiмнен түртiп, қытықтап жатқандай әбден берекем қашты. Бiр жағынан:,,Әй, неге күлесiң?!,,- деп Баукең  ашуланып ұрса ма деп те қысылып барам.

     -Оу, Бауыржан Момышұлы батырым-ай,

                 Бар едi бала кезден ақылың-ай…

   -Ой, мына кемпiр қайтедi?- деп отырмын. Өлеңi өлең емес. Өзiн халық ақыны деп есептейдi екен. Тiптi Дина Нұрпейiсовадан кем емеспiн дейтiн көрiнедi.

   -Қой, бұл оттамадан құтылайын, бөлмеме барып ұйықтайын,- деп орнымнан тұрып, залдан шықтым.

   Әпкем мен добалдай қатыным:

   -Ойбай, бақсы, әулие екен, ақын екен,- деп мәз.

   Кемпiр өлең айтуын қояр емес, кәдiмгi бәдiк.

   -Мына оңбаған ұйықтатпайтын болды-ау,- деп жатырмын. Қойшы, сол күнi қонды. Әпкемнiң бөлмесiнде жатты. Ертесiне тағы қонды. Үшiншi күнi қоштасып кетiп едi, арада 15 күн өттi ме, өтпедi ме, тағы келiп тұр.

   -Ой, мынау өзi ұятсыз, өлермен бiреу ғой,- деп жақтырмадым. Психологиядан хабары жоқ неме екен, тағы өзiн ақынмын дейдi. Кiсiнiң жақтырған, жақтырмағанын көзiнен, сөзiнен, тiптi үнiнен де, қимылынан да бiлуге болады емес пе? Мұнда ол жоқ.

   Баукең екi қолын жайып, иегiн көтере ,,түсiндiң бе?,, деген белгi жасады. Мен үнсiз бас изедiм.

   -Ұятсыз, жақтырған, жақтырмағанмен iсi жоқ. Шолжиып жатып алды.

   Бұл былтырғы оқиға. Әнеукүнi тағы келiптi. Ашуым қозса да төзiп үндемедiм. Әпкем үйде жоқ едi, балаларының үйiне қыдырып кеткен.

   Мына добалдай жеңгең оны екi күн шешесiнiң төсегiне жатқызыпты. Ол кетiсiмен әпкем келдi. Бөлмелердi аралап жүр едi. Бiр кезде дәлiзге шықсам, көңiлсiз, бiрнәрсеге ренжiп тұр.

   -Әпке-ау, мұныңыз қалай?- десем:

   -Ана сасық кемпiр төсегiме жатыпты,-деп кейiдi.

   -Әпке-ау, оны маған емес, добалдай қызыңызға айтыңыз.

   -Ол ақымақ, ақымақ болмаса, үлкен кiсiнiң төсегiне бөтен адамды жатқыза ма? Әркiмнiң өз исi өзiне. Үлкен кiсi жиркеншек келедi.

   …Бақсы кемпiр жақында тағы төбе көрсеттi. Қасында немересi бар. Үйде Мекемтас отыр едi.

    -Мектептi биыл бiтiрдi. Мынау Бауыржан Момышұлы деген батыр атаң. Сенi қалаған оқуыңа емтихансыз түсiрiп жiбередi,- деп соқса бола ма? Мәссаған керек болса?! Ашуым қатты келдi.

    -Сен ақымақсың! Педагог болсаң да айтайын!- деп Мекемтасқа айқайладым.- Эта дура, нахалка что говорила, ты понимаешь или нет?!

   Мекемтас бұғып, үндемей қалды. Ашуымды басып, немересiне:

   -Аттестатың қайда?- дедiм. Ол орнынан тұрып, дәлiзге барып, қол сандығын алып келдi. Оны ашып, аттестатын қолыма ұстатты. Көзiлдiрiк киiп оқысам, өңкей ,,үш,,. Мәссаған керек болса?!

   -Әй, мен бiлсем, әке-шешең ақымақ екен!- деп айқайладым.- Алматыда ,,үш,, түгiл ,,төрт,, пен ,,беске,, үлгiргендер оқуға түсе алмай жатыр. 

   Балам, сен әлi жассың. Тiлiмдi алсаң, қазiр аулыңа қайт. Бар да қалаған бiр жұмысқа кiрiс. Сен оқуға түсе алмайсың!

   Бала орнынан сүйретiле тұрып, қол сандығын қолтықтап, үйден шықты. Ақымақ кемпiр де менiң ашуланғанымды көрiп, басқа бөлмеге кеттi. Содан көзiме көрiнбедi. Өлең де айтпады. Қонбақшы екен, әпкеме:

   -Көзiн құрт! Кетсiн үйден!- дедiм.

   Менi қолжаулық етпекшi, тапқан екен қолжаулық ететiн адамды! Бiр емес, екi емес, арсыздықтың шегi болу керек қой. Мой дом проходной дом что ли? Тағы бақсы-мақсының керегi не?

   Әпкем:,,Арқасы бар екен, ашуланбай-ақ қой,, ,- дейдi.

   -Өтiрiк!- дедiм. Ой, ашуымның келгенi-ай! Өзiмдi өзiм зордан ұстадым. Мен саған бiр жекжат бақсы шалды қалай қорқытқанымды айтып берiп пе едiм?

  -Жоқ.

  -Айтпасам, тыңда. Берiкқарада, Билiкөлдiң жағасындағы демалыс үйiнде отбасыммен жатқам. Кәмеш мархұмның тiрi кезi. Інiм Момынқұлов Әбдiлданың Берiк деген, тағы бiр баласы, келiнiм қасымда.

   Алты бөлмелi саяжай еншiме тиген. Оның алдынан тағы сегiз қанат киiз үй тiгiлген. Мен немерелерiммен киiз үйде жатамын.  Келiнiм мен Кәмеш шипажай үйiнде.

   Бiр күнi бiр жекжат шал iздеп келiптi. Әйелi жап-жас. Өзi жетпiсте болу керек. Әкелген бiр жәшiк жемiс-жидегi бар. Түнде ұйқы бермедi.

   -Ай-юй-ю, ай-юй- ю!- деп зiркiлдесе бола ма?-Баукең басын жан-жағына бұлғай көрсеттi.- Немерелерiм ұйықтап жатыр. Үлкенi Берiк он жаста. Шошып, оянып жүрер ме екен деп мазам жоқ. Өзiм де ұйықтай алар емеспiн.

   -Аху-у-у, ай-юй-ю…

   Ойпырмай, әзер шыдадым. Жаздың таңы қысқа ғой. Таң атты. Далаға шықсам, шалбарын шешiп, жас әйелiне құмғаннан су құйғызып, дәрет алып отыр. Үят-мұяттан хабары жоқ.

   Бiр кезде тағы да зiркiлдеп ала жөнелмесi бар ма?

   -Ей, тоқтат, бұл не?- десем:

   -Менiң арқам бар,- дейдi.

   -Сенiң арқаң болса, менiң де арқам бар. Қазiр атамын!- деп қолымды қойныма жасырып, пистолетiмдi суырып алатындай сыңай таныттым. Жан керек екен, шал қашып бердi.

   Баукең сәл бөгелiп:

   -Сен арқасы бар дегенге сенесiң бе?- дедi.

   -Жоқ.

   -Мен де сенбеймiн. Әкем молда Момыш қой, жын-шайтан, арқасы бар дегенге сенбеймiн.

   Бақсылармен арамыз осылай болды, қарағым. Қысқасы, ана кемпiрдi үйден қуып шыққандай болдым. Түсiндiң бе? Жеңгеңе:

   -Бұдан былай оны үйге кiргiзсең, көресiң?- деп соңғы ескерту жасадым.

 

Жалғасы бар, осында