МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында

АҚЫМАҚПЕН АҚЫМАҚ БОЛАМ БА?

 

     -Көршi жiгiт үйiне шақырды.-  Қалай тыңдап отырғанымды бiлгiсi келгендей Баукең жүзiме барлай, ұзақ қарап, орнынан екi-үш рет қозғалып қойды.- Ауылға барып қой алып келiп едiм, аға. Бiр үйде тұрамыз ғой. Сiзге есiк-төрiмiздi көрсете алмай ұялып жүр едiк,- дедi.- Бүгiн бiздiң үйде қонақ болыңыздар.

   -Мақұл,- деп бардық. Қасымда әпкем, әйелiм бар. Барсақ төрде бiр танысым отыр. Жасы менен кiшiлеу. Ұшып тұрып орын бермек едi:

   -Әй, отыра бер,- дедiм.

   Үй иесi жiгiт елге танымал Қадыр Жетпiсбаев деген режиссер. Қабағы қату.  Шақырып ап мұнысы несi десем, бiздiң алдымызда ғана кiшкентай қызы ауырып қап, оны әйелi ауруханаға алып кетiптi. Қабағының шытылып жүргенi содан екен.

    Табақпен бас тартты. Төрдегi танысымды көрсетiп:

    -Ананың алдына қой,- дедiм. Ол тiксiнiп едi:

   -Әй, сен ұста!- деп тастадым. –Жасың алпыстан асты.-Ол, лаж жоқ, басты алды. Бiраздан кейiн ой кеттi-ау дейсiң оттап. Қай-қайдағыны айтады. Құрметтi көтере алмайтын бiреу екен.

   -Шақырғаныңа рақмет, айналайын. Ана балаңның кiшкене ауырып қалғанына бiз де қиналып отырмыз. Жазылып кетер, жазылып кетуiне тiлектеспiз,- дедiм бiр сөз орайында.

   Төрдегi танысымның оттауын жiгiт жақтырмай отыр. Мен де ұнатпағаныммен ештеңе дегем жоқ. Бiреудiң үйiнде онымен айтысып нем бар?

   -Сен осындайсың, мықтысың,- деп мақтап қоям. Оның бөркi қазандай.

   -Баукеңнiң мұнысы несi? Тәйт деп тастаудың орнына көпшiк қойып отыр,- деп жiгiт аң-таң.

   Бiр кезде ана ақымақ ит:

   -Әкеңнiң..,.- деп үй иесiн тiлдесе бола ма?

   -Қап, мына иттi қайттiк?- Шатақ шығарсам пәленшенiң үйiнде екi шал ұрсыпты деген өсек тарайды. Лаж жоқ үндемедiм.

   Бiр кезде жiгiттiң әйелi келдi. Әлгiмiз оған да ,,өнер,, көрсетсе бола ма? Алпыстан әлдеқашан асып кеткен оңбаған неме ойланар емес.

   Ертерек қоштасып, үйге қайтуға асықтық. Үйге келген соң:

   -Сен неге анаған ұрсып тастамадың?!- деп жеңгең бұрқылдайды.

   -Ақымақпен ақымақ болам ба?

   -Жоқ, ондайды тәртiпке шақырып қою керек. Әйтпесе құтырып кетедi.

   -Құтырғандар тәртiпке көнбейдi. Көндiрем десең, саған кiм қой дедi,- дедiм.

 

КЕЗ КЕЛГЕН ЖАЗУШЫ

 

    Баукең ұйықтайтын бөлмесiнде жауар бұлттай түнере қабақ түйiп, ойға шомып отыр екен. Қырынбапты. Көйлегiнiң жағасы алқа-салқа, үстiңгi түймелерi салынбаған. Бөлме iшi жиналмаған. Есiме  Бекбосын атамның:,, Адам қартайғанда өзi ғана емес, күнделiктi  тұтынып жүрген мүлiктерi де қартаяды,,- деген сөзi түсiп, ерiксiз  езу тарттым. Баукең iшкi ойымды сезiп қалғандай:

    -Әр жолығыстың әртүрлi маңызы бар,- деп  сұқ саусағын шошайтты.- Ана сусар бөрiк шифоньердiң үстiнде неге жантайып жатыр, неге өз орнына қойылмаған? Сырын аша бiлсең, бұл оқырман үшiн қызық деталь. Әр көрiнiс ой тудырады. Мысалы, мен көйлекшең жатырмын. Театрға бармаймын. Галстук тағып, сызылып не керек? Жиналыста, не мейрамханада отырғаным жоқ. Осындай әр детальды таба, сұрыптай бiлсең, ұтасың. Соған көбiмiз түсiнбеймiз.

    Сұрыптау-жазушы өнерiне қатысты. Әркiм оттай бередi. Соның керегiн ғана сұрыптап алу керек. Стенограмма- не литература. Жазушыға сөзбе-сөз тiзiп жазу қажет емес. Мың сөзден сұрыптап ұғымды бiр сөз ала бiлуiң керек. Журналистердiң көбi бұған шорқақ. Ал жазушылар керектi жерiнде, керектi кезiнде/ сұқ саусаған шошайта көрсеттi/ журналист жүгiн арқалай алады.

   Кейбiреу әлiне қарамастан:,, Газетке жазып жүрмiн, е, мен одан кеммiн бе? Мен де жазушы боламын,, ,- дейдi.  Бұл оның басты қатесi. В. И. Ленинге:,,Сiздiң мамандығыңыз кiм?,, дегенде, ,,журналистпiн,, деген. Ол кiсi жазушымын деп ешуақытта ойламаған. Оны кейбiреулер формальдi жауап бере салған деп түсiнедi. Бұл дұрыс емес. Ол кiсi жауапты ойланып берген.

   В. И. Ленин роман, повесть, әрiберiден кейiн очерк жазған жоқ. Ол кiсi саяси пiкiрталасын жазып, Маркс iлiмiн дамытты.

   Кейбiреу В. И. Лениннiң журналистпiн дегенiнiң негiзiн түсiнбей өзiнше менсiнбегенсидi. Түсiнген адамға оның сыры тереңде. Мысалы, ол ойын халыққа дәл, анық жеткiзу үшiн журналистиканы құрал еттi.

   Михаил  Кольцов өзiн жазушымын деп санаған емес. Кiтабын оқып шық. Кез келген жазушы олай жаза алмайды. Ол халықаралық деңгейдегi журналист.

   Ұлы Илья Эренбург те ,, мен жазушы емеспiн, журналистпiн,, деген. Михаил Кольцов секiлдi ол да немiс, ағылшын, испан тiлiн бiлген. Осы екi ұлы кiсi өздерiн жазушы боламыз деп ойламаған, айтқан да емес. Ал әрқайсысы өз орнында тұрып, жазушыдан кем емес. Кез келген жазушы оларға қызығады.

 

ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАУЫ

 

    Баукең бұйыра сөйледi.

    -Әй, бүкшимей, адамға ұқсап отырсаңшы! Бiр iздiлiк, көп iздiлiк дегендi түсiне бiлген жөн. Ана тақырыптан мына тақырыпқа ауысу деген бар. Сол себептi арнадан шығып кеттiк, мына жағы қалып қойды деген де қажет. Екiншi жағынан әңгiме айту да- творчество. Ол үшiн де ойланасың ғой. Сонда бiреу килiге кетсе, ойыңды бөлiп жiбередi. Оны тыңдап отырғанның да ойы бөлiнедi.

    Ертең iстеймiз деген не? Бiздiң көбiмiз сол салбөкселiктен құрып жүрмiз. Ертең деу-ауру. Творчествода бүгiн жылт еткен ой ертең келмейдi, ұмытылады. Әр әңгiменiң тақырыбы, стилi бар. Ертең ойға келсе де бүгiнгi стильмен айта алмайсың, не жаза алмайсың.

   Бiрде мұрағатымды реттеу үстiнде соғыс кезiндегi жазбаларымның кейбiреуiн оқып, ,,қалайша мен сол кезде осылай жаздым?,, деп өзiме өзiм сенбедiм. Тiлiм де, құлқым да басқа. Сөйтсем, маған уақыт, жағдай өз әсерiн тигiзiптi.  Қазiр одан ойым да, тiлiм де, құлқым да бөлек.

   Баукең маған таң қала қарап:

   -Тақырып не едi?- дедi.

   -Жазушының жауы.

   -Ой, басқа арнаға түсiп бара жатыр екенмiн ғой. Менiң байқауымша, жазушының ең үлкен жауы- қатыны мен бала-шағасы. Олар творчествоны түсiнбейдi. Мынаны, ананы қайтемiз деп ойын бөледi. Үлкен жау дегенiмнiң  себебi сол.  Ал тiршiлiк қамынан қарасақ, оларды кiнәлауға мүлде болмайды.

   Лев Николаевич кейде отбасынан қашып, подвалға барып жазған. Ол кiсiнiң  кiшкентай разьезде суық тиiп өлуiнiң бiр себебi- үйiне сыймаған. Әрiберiден кейiн жарықтық подвалына сыймаған…

   Тургенов өмiрiнде үйленбей кеттi. Үйленбеуi- маған кедергi жасайды дегенi. Ұлы жазушы әйел Жорж Санд бiр суретшiмен көңiлдес екен. Бiр нәрсеге қапа болған болу керек, қараңғы түндi де елемей, 12 шақырым жердегi саяжайында жатқан суретшiнi iздеп барады. Жападан-жалғыз, жет түнде онекi шақырым жүру оңай ма? Ерден секiрiп түсiп, атын байлап, iшке кiрiп барады. ,,Ә, сен келiп қалдың ба?,, деп қуанады, құшақтасып қонып жатам деген ойда барған ғой. Оны көре салысымен суретшi:

   -Неге келдiң?!- деп айқай салыпты. -Қалайша сен түсiнбейсiң?! Мен жұмыс iстеп жатырмын!- Жiгiт қыл қаламын қолына қайта алыпты. ,,Кешiрiңiз,, десем тағы да көңлiн бөлем бе деп әйел аяғының ұшынан басып тысқа шығады. Жолда еңiреп жылап:,, Ойын бөлiп жiбердiм-ау, қап, қап, ендi жолықпаймын. Мен оның бiрiншi жауымын, ол ендi менi сүймейдi,,- деп кiнәсiн мойнына алыпты. Неге десең, ендi суретшi бояуды ол бармай тұрғанға дейiнгi күйде жаға алмайды ғой…

   Мұны өзi жазған, сенбесең, оқы. Мария Ильичнаның естелiгiнде:,, Ленин жұмыс iстеп отырғанда  аяқ басуға қорқатынбыз,, ,- деп жазады. Урицкийдiң жасырынып жүрген кезi екен. Түнделетiп Ленинге барады. ,,Кешiрiңiз, Ленин столда жұмыс iстеп отыр едi,,- дейдi Мария Ильична.

   -Ойбай, сiз менi кешiрiңiз,- дейдi Урицкий.-Ленинге менi келдi деп айтпаңыздар, ойы бөлiнедi. Басқа кезде келермiн.

   Чайковскийге бiр байдың қызы күйеуге шығады. Музыка ойнап, нота жазып отырса:,, Сүйiктiм, жүр тамақ iшейiк,, ,- дейдi. Ойы бөлiнедi, бiр емес, күнде солай. Чайковский ренжи бастапты.

   -Әй, өзiң тамақтана берсеңшi! –Ақсүйектiң қызы да ашуланады. Ажырасам деп шатақ шығарады. Шатақ Чайковскийге кедергi ғой. Туысқандары кеп жарастырады. Әйел аяғына жығылып:

   -Мен сенi өте сүйемiн,- дейдi. Чайковский оны жерден көтерiп:

   -Маған сенiң сүйгенiң керек емес, творчествома жаныңның ашуы керек,- дейдi де, бұрылып кабинетiне кетедi. Әкесi ақылды кiсi болу керек:

   -Осымен бiттi, қызым, жүр,- деп қызын ертiп әкетiптi. Содан құрысын деп Чайковский үйленбеген. Жазушының ең үлкен жауы- қатыны мен бала-шағасы дейтiнiм осыдан.

   Күләнда әпке дастарқанға шақырды. Шай iшiп болған соң, Баукең екеумiз ұйықтайтын бөлмесiне қайтып барып, оңаша қайта әңгiмелестiк.

   -Бiздiң ауылдың шалдары:,, О, мына көксоққан, малдың жайылымын бұзыпты ғой,, ,- дейтiн әлдекiмдерге кейiп. Бұл сөздiң мәнi терең. Мен мұны аулымда бала кезiмде естiгем.

   Бiздiң ауылда Ақсай, Көксай деген мал жайылымдары бар. Оны бұрынғы адамдар өте ақылды пайдаланған. Бiр күн мал жайған жерiне онбес күнде ме, әйтеуiр шөбi өсiп жетiлгенге дейiн жоламаған. Басқа жақтың шөбiн жегiзген. Осы әдiспен бүкiл жайылымды тиiмдi пайдаланған. Қазiргi мал мамандары бұған көңiл бөле бермейдi. Ал бiздiң ауылдың мал иелерi ауыл шаруашылығы институтын бiтiрмегенiмен өте бiлгiр болған.

   Әлi есiмде, жиырмадан асқан жiгiтке Нияз қарт: ,,Мен саған айтпап па едiм, малдың жайылымын бұзғаның қалай?,, - деп ұрысқан едi. Сол ақымақ жiгiтке ұқсап, байының жайылымын бiлмейтiн қатындар бiздiң жазушылар одағында толып жатыр.

   Мен шыдай алмай мырс етiп күлiп жiбердiм.  

   -Әй, неге күлесiң?! Өтiрiк десең, тексер! –Баукең жекiп тастады.-Көп қатындар байының жайылымын бiлместен басқа жаққа жұмсап, бүлдiрiп жүр. Менiң байқауымша, бiздiң жазушылар одағында /әрине, өзiм қарым-қатынас жасағандарымның арасында/ байының жайылымын екi-ақ қатын бiледi. Бiрiншi орында Ғабеңнiң /Ғабит Мүсiреповтың/ үйiндегi Ғұсни жеңгей. Ол кiсi Ғабиттiң ойын бөлмейтiн, ешуақытта дауласпайтын, кәдiмгi кiшi немересiндей алақанға сап отыратын. Ғабең адам сенбес ерке едi. Ғұсни жеңгей тамақты жұмыс бөлмесiне әкеп беретiн.

   Ол кiсi Ғабиттiң барлық ауыртпалығын көтердi. Сол жеңгеме мен қатты ризамын. Үлкен түсiнiгi, үлкен адамгершiлiгi бар кiсi екен. Менiңше, ұшқан ұясы, алған тәрбиесi осал болмау керек. Мен Ғұсни жеңешемдi кiсiлiк жағынан бiрiншi орынға қоямын.

   Екiншi орынды Сәбеңнiң/ Сәбит Мұқановтың/ жары Мариям жеңгейге қияр едiм. Обалы не керегi бар, өзi қитырқылау, еркек мiнездi кiсi, бiрақ ақылды, ұстамды кiсi. ,,Иит!,, деп тастайды. Алғашында мен де қорқушы едiм.

   Сәбең дастарханды едi ғой. Жол жүргенде қазы-қартасын ап жүретiн. Қиқаң-сиқаңы да бар болатын. Оны Мәриям жеңгей бiлсе де, көп шатақ шығармайтын. Ол кiсi туралы үстiмiздегi жылы ,,Қазақ әдебиетi,, газетiне жаздым да ғой. Қайталап оқып шық, түсiн. Мен оны жайдан-жай жазғаным жоқ. Мен кез келген қатын туралы бұлай жазбаймын.

   Мәриям жеңгей адал кiсi. Осыдан  алты, жетi ай бұрын жазушылар одағында бiр жиналыс болып бардым. Менi президиумға шақырмады. Қарасам, үшiншi қатарда Мәриям жеңгей отыр. Қасындағы орын бос.

   -Сәлеметсiз бе? Қасыңызға отыруға бола ма?

   -Е, отыр, қарағым.

   Өзi әдептi кiсi ғой. Екеумiз қатар отырдық. Жиналыс бiтiп, буфет-суфетке шақырдым. Жеңгеммен қатар отырған соң қалдырып кеткенiм жөн бе, жөн емес пе?

   -Жөн емес.

   -Дұрыс. Жаным қалмастан қызмет еттiм. Бұл жолғы ол кiсiге қатты риза болғаным,, Сәбеңнiң өзi жоқ болса да, көзi бар деген оймен жиналысқа қатысқаны едi. Ақылдылығы ғой. Ақымақ кемпiрлер болса, ,, е, мен жазушы емеспiн, жиналыс менiң не теңiм?,, деп үйiнде отыра бередi емес пе?  Мәриям жеңгей олай етпей, Сәбеңнiң көзi ретiнде қатысты. Бұл, бағаласақ, үлкен нәрсе.

   Буфеттен шыққан соң пальтосын алып, киiндiрдiм. Такси шақыртып, үйiне жеткiзiп салдым.

   Мариям жеңгей ойыңа ой қосатын кiсi. Құрақ ұшып қызмет еттiм дедiм ғой. Сөйтсем, кейбiр жеңгелерiм бiздi елемедi деп қызғанып, ашуланып қалыпты.

   Қазекеңнiң бiр жаман мiнезi, сыртыңнан өсек айтады. Әйел деген әйел, ауыз деген ауыз. Соңғы кезде, қарағым, жеңгелерiме:

   -Қалайсыз, бақуатсыз ба?- деуден де қалып бара жатырмын. Қызмет көрсетiп, сыйласам, басқа ой ойлайды екен. Бұл күлкiлi жай.

   Мариям жеңгейдi шын жүрегiммен, ақ ниетiммен сыйлаймын. Менiң, өзiң бiлесiң, ешкiмге жарамсақтанар жайым жоқ. Бiрақ бас иiп, сыйлауыма жеңешемнiң өзi мәжбүр етедi. Бұл ол кiсiнiң ерекшелiгi.

   Мариям жеңгейге әзiл де айтпаймын. Бұл сыйлағанның белгiсi ме, белгiсi емес пе? Рас, бiр рет әзiл айтамын деп оңбай жеңiлгенiм бар.

   -Не себептi жеңiлдiңiз? Айтып берiңiзшi?

   -Бұл соғыстан кейiнгi кез. Сәбең ,,Москва,, қонақ үйiне тоқтап, Леонид Сергеевич Соболевты бөлмесiне шақырыпты. Ол келiп, екеуi әңгiмелеседi. Сөз арасында Леонид Сергеевич:

-Сәбит Мұқанұлы, мен Бауыржан Момышұлы туралы көп

 әңгiме естiдiм, бiрақ өзiн әлi көрген емеспiн. Оны қалай көруге болады?- дейдi.

   -Оның менде телефоны бар, қазiр осында шақырамыз.

   Сәбең Мәриям жеңгейге Бауыржанмен хабарлас дейдi. Ол кiсi:

   -Әй, мына екi шал сен туралы әңгiмелеп отыр. Қонағымыз сөйлеспек, келсеңшi?- дедi телефон соғып.

   -Ал барайын, сонда маған не сыйлайсың?

   -Құдайға шүкiр, барын сыйлаймыз ғой.

   -Қойныңа аласың ба?

   Мәриям жеңгейдiң ақылдылығын алғаш сол жолы бiлдiм, ашуланған жоқ. Басқа бiреу болса, ,,не деп оттап тұрсың?!,, дер едi.

   -Құдай бұйыртса, ол да болар. Ағаңның тiрi кезiнде көзiне шөп салмасаңшы?

   Это страшное слово.

   -Ойбай, жеңгей, кешiрiңiз, мен жеңiлдiм. Қазiр барам,- деп тұтқаны iлiп  тастадым... 

 

ТӨРТ СҰРАҚ

 

    -Ерекше қадiр тұтып құрметтейтiн кiсiлерiңiз кiмдер?

    -Бұл сұрағың, қарағым, орынсыз. Мен егер жақсы көргендерiмнiң үшеуiнiң атын атасам, өзiме тоғыз қарсылас сатып алар едiм. Ол маған неге керек?

   Барлық жазушының шығармасын оқуға менiң шамам жоқ. Оқығандырымның барлығы маған ұнай да бермейдi. Бiреулерге ұнаған нәрсе, маған ұнамауы да мүмкiн. Орыста ,,о вкусах не спорить,, , французда ,,тот кого ненавидет один, другой готов за него отдать душу,, деген мақал бар. Сол себептi өз пiкiрiм өзiмде.

   -Қыз балалардың бойындағы қандай қасиеттi бағалар едiңiз?

   -Бұл сұрақ бойынша қазақ ауыз әдебиетiне, халық поэзиясына жүгiнген жөн. Онда қыз балалардың тамаша қасиеттерi ғажайып үлгiде жырланған. Жарты жауапты сол халық ауыз әдебиетi мен поэзиясынан табарсың деп ойлаймын.

   Әйел баласына деген қарым-қатынасым бiр кезде жазған лирикалық өлеңдерiмнен аздап сезiлер.

   Баукең iргедегi сары шкаф суырмасынан шығармаларының екiншi томын алып, мына өлеңдi дауыстап оқыды.

 

-Жастықпен ол кезде мен аңғармаппын,

Мағынасын мөлдiреген қос ноқаттың.

                    Сүйiппiн жалыныңа күйе бiлмей,

                    Өкiнем қапы қаппын, қапы қаппын  

                    Түспессiң уысыма ендi менiң

                    Бота көз, қиылған қас, қызыл ерiн.

                    Жарқылдап ашық күннiң сәулесiндей,

                    Отырсың қазiр қайда, бұраң белiм?

 

   Бұдан өзге де ,,Арман жар,, , ,,Мен шөлдедiм,, ,  ,,Алдым құрбым сiзден жылы хат бүгiн,, деген өлеңдерiм бар.

   -Қайрат, ақыл, жүрек үшеуiнiң қызметiн қалай бағалайсыз?

   -Жүрек iстемесе, бас та iстемейдi. Онсыз организмге қайдан күш кiрсiн. Сондықтан адам бiткен атамзаманнан берi жүректi бiрiншi санайды. Жүрегiм өйттi, жүрегiм бүйттi деп оны алдымен атайды. Әдебиет – халық өмiрiнiң айнасы десек, онда да жүрек көп жырланады. Ол қуанышта да, қайғыда да үлкен роль атқарады. Неге десең, жүрек қан бермесе, дене жұмыс iстемейдi, жүрек-мотор. Мейiрбан, әдiлетшiл, арлы адамды жұрт жүректi кiсi екен деп бекер айтпайды, оны бекер мақтан етпейдi. Бұл-табиғи шындық.

   Жүректi адам/шын жүректi болса/ өсек-өтiрiкке, қулық-сұмдыққа, алданыш, айнығыш сезiмге бармайды, ал барғандар жүрегi жоқтар.

   Ақыл деген нәрсе, қарағым, ол да табиғи құбылыс. Бiрақ өмiр көп нәрсеге үйретедi. Адам жас күнiнен бастап жақсы мен жаманды салыстыра, байқай келiп, жiберген қателерiнен тиiстi қортынды шығарып, өмiр сүруге үйренедi. Бейнелеп айтқанда, бiр жығылып, бiр тұрып, тәй-тәй басқан жас бала секiлдi ақылдылыққа бiрте-бiрте бой ұрады. Ақыл қашқанға да, қуғанға да қызмет етедi.

   Ақыл, қысқасын айтқанда, орынды ойлана бiлу, орынды жерде ойыңның қортындысын айта бiлу. Айта бiлмеу- қорқақтық! Ойланған ақыл қаншама маңызды болғанмен уақтылы айтылмаса, жертөледе шiрiп, көгерген ең бағалы қазы-қарталы етпен тең.

   Қайрат деген негiзiнде екiге бөлiнедi. Бiрiншi, ақыл қайраты. Қарсыласыңды сөзбен, логикамен жеңу керек. ,,Сөз тапқанға қолқа жоқ,, деп қазекең тегiн айтпаған. Екiншi, күш қайраты. ,,Ақылыңа қайратыңды жолдас ет, қайратыңа ақылыңды жолдас ет,, деген де сөз бар. Оның мағынасы, қара күшiм бар деп менменсiне бермегiн, ойлан деген сөз. Тағы да ,,Қара күш бiрдi жеңедi, ақыл мыңды жеңедi,, деймiз.

   Ақылы мен қайратын қатар ұстай алмаған жiгiттердi қазақтар:,, Ардың-күрдiң, есерсоқ, құдай күш берсе де ақыл бермеген екен,, ,- дейдi.

   Бiздiң халық жауынгер халық қой. Оның дәлелi- халық эпостары. Сондықтан ерлiктiң тамыры тереңде жатыр. ,,Ойран салсаң, ойлап сал,, дегеннiң мағынасы өте терең. Бұл - қолбасылық үлкен өсиет. Бұл- ойланбастан жауға тиiп, қырылып қалма деген сөз.

   -Шындық туралы түсiнiгiңiздi бiлгiм келедi.

   -Шындықты әр заманда әртүрлi түсiнген. Әр заманда шындық жалауы деп көп жалаулар көтерiлген. Оған мысал, аңыз бойынша 124 мың пайғамбар бар. Олардың бiзге жеткендерi Мүса пайғамбардың ,,Зәбур,, , Жүсiп пайғамбардың /Иосиф/ ,,Тәуiрт,, , Иса пайғамбардың /Исус Христос/ ,,Інжiл,, , Мұхаммед пайғамбардың ,,Құран,, деген кiтабы.

   Бұл төрт кiтапты қазақтың және басқа мұсылман халықтардың айтуы бойынша ,,Аспаннан түскен шәр кiтап,, дейдi. Шәр деген төрт деген сөз.

   Бұл төрт кiтап та өз заманында, өз дәуiрiнде қолынан келгенiнше шындықты айтамыз дегенге тырысқан. Өздерiнiң логикасы, философиясы, әрiберiден кейiн поэзиясы болған. Өз дәуiрлерiнде әр кiтап өз мiндеттерiн атқарды, ол даусыз.

 

АШУ СЫРЫ

 

     -Дер кезiнде келдiң. Отыр.- Баукең созған қолымды алып, түсiнiп тыңда дегендей маған сұстана қарады.- Жаңа, сен келер алдында ғана  комиссия мүшелерiнiң бiрi телефон соқты.

   -Осылай, лауреаттыққа  кандидаттар ұсынып жатыр. Сен сыншысың  да ғой, бiз сенiң пiкiрiңмен санасамыз. Лауреат атағын кiмге берсек екен? Пiкiрiңдi бiлдiрсең қайтедi?

   -Сенiң бiр қатең бар,-дедiм сөзiн бөлiп.

   -Ойбай, қатесiз адам бола ма?

   -Сен кiсiнi ренжiтесiң.

   -Кiмдi?

   -Менi.

   -Неге?

   -Осы телефон соғуыңның өзi ренжiту. Сен менi ақымақ санайсың.- Тiксiнiп қалды.

    -Сен осы заманның Белинскийiсiң ғой,- деп қойдым.- Сондықтан мен саған ақыл айта алмаймын, ең бастысы ақыл да сұрамаймын.

   -Мм…Мм…

   -Ал ендi келiншегiңе сәлем айтқын,- деп тұтқаны орнына қойдым.

   Баукең маған ұзақ, тесiле қарап:

   -Менiң ашуланғанымның сырын түсiндiң бе?- дедi. Мен не жауап айтарымды бiлмей абдырап қалдым.

   -,,Сен сыншысың да ғой, бiз сенiң пiкiрiңмен санасамыз,, дегенiнiң астарына ой жүгiрт. Ол менi өзiнiң лас iсiне тартпақ. Лауреаттықтың талас-тартысына, ырың-жырынына араласып нем бар? Ақыл да айта алмаймын, ақыл да сұрамаймын деген сөзiм әжептеуiр сөз ғой, ә? Әлде әжептеуiр емес пе? ,,Қиналғанда соқыр көзден жас шығады,, екен… Оның ниетiн таныған соң әлгiндей сөйлеуге мәжбүр болдым. Немене, оның ойынша мен бiреудi өтiрiк мақтауым керек пе? Ондай нәрсеге мен, шырағым, басымды кесiп алсаң да бара алмаймын.  Бiреулердiң айтуымен мен бiр жол жазбаймын. Үлкен жиналыстарда сөйлесем, не жақсылап, не жамандап сөйлемеймiн. Себебi не десеңшi?

   -Себебi не?

   -Себебi, бүгiнгi сыншыларыңның, белсендi оқырмандарыңның, әдебиеттi басқарып жүрген қайраткерлерiңнiң сиқын да, тiлiн де бiлмеймiн. Бiлмеген соң қайтiп жақсылайсың, қайтiп жамандайсың?

    Баукең бiраз үнсiз қалып, ойлана:

    -Орыста ,,Куры на смех,, деген сөз бар,- дедi сәл жымиып.- Бұл әрiберiден кейiн бiз ғана емес, тауық та күледi деген сөз. Бiреу ән салып отырса, қасындағы кiсi:

   -Әй, мынаның әнiне тоты түгiл торғай да күлiп жүр ғой,- дептi.

   -Ақсақал, бұл сөзiңiздi баяғыдан ойлап отыр едiм, бiрақ та қалай өрнектеп жеткiзерiмдi бiлмеп едiм. Сiз жақсы жеткiздiңiз. 

    -Ой, олай болса, ерте-кешi жоқ, ойыңды айтқын.

    -Мен:,,Мынаның әнiне бұлбұл түгiл бөлтiрiк күлiп жүр ғой,, дейiн деп едiм, сiз ,,тоты түгiл торғай,, дедiңiз.

    Ақсақалддың ақылы бар екен. ,,Әй, шырағым, сенiң айтқаныңнан менiң айтқаным түкке тұрмайды екен,,,- дейдi.

   -Е, қалайынша?

   -,,Сөз тапқанға қолқа жоқ,, деген, сенiң берген бағаң менiкiнен асып жатыр. Менiң айтқаным сенiң айтқаныңның соңына да ере алмай қалды.

   Баукең маған барлай қарап:

   Бөлтiрiктiң не екенiн бiлесiң бе?- дедi.

   -Бiлем.

   -Бұлбұл- музыканың атасы. Одан асқан әншi бар ма? Бiреудiң даусы ұнаса, ,,әй, мынау бұлбұл екен,, деймiз. Ал тоты-құстардың сұлуы. Бiреудi мақтасақ, ,,тотыдайын түрленiп,, дейтiнiмiз содан. Ол әншi емес. Оның күлгенi жараспайды. Бұлбұл күлсе жарасады.

    Ақсақал соған түсiнiп, қасындағы кiсiнiң:,,Мынаның әнiне бұлбұл түгiл бөлтiрiк күлiп жүр ғой,, дегенiне жығыла бiлген. Бөлтiрiк болса, жұдырықтай құс, құйрығы ақ жолақ. Ол аңға түседi. Бiрақ шеңгелiмен бүре бергенде қуанғаннан дауыстап, шеңгелiн жазып жiбередi. Қасқырдың күшiгiн де бөлтiрiк дейтiнiмiз бар. Ол басқа бөлтiрiк.

   Баукең тұнжырай қабақ түйiп:

   -Мұны неге айтып отырсыз деп сұрақ қойсаңшы?-дедi.

   -Мұны неге айтып отырсыз?

   -Өз қатесiн өзi сезiп, оны әдiлет жолымен мойындаған ақсақал үлкен-кiшiмiз демей баршамызды ойлантуға тиiс. Жоғарыдағы комиссия мүшесiне ашулануымның сырын ендi түсiндiң бе?

   Мен үнсiз бас изедiм. 

 

КӨҢІЛДІ ЖҮРГЕН ЖӨН

 

   Нәресте тойы ұзаққа созылды. Баукең төрден орын алған. Ол кiсiден сәл төменiректе әже отыр. Қасында немересi.

   Бiр кезде сөз кезегi маған тидi.

   -Әжесi мен немересi бiр-бiрiн жетелей берсiн,- деп сөзiмдi аяқтап едiм:

   -Жақсы сөйледi,- дедi жеңгей.

   -Жақсы сөйлемесе жазушы бола ма?- дедi Баукең менi көтермелеп.

   Бұл сөз қиялыма қанат бiтiргендей, сергiп сала бердiм.

    Үзiлiс кезiнде Баукең менi қасына шақырып ап, былай дедi:

    -Бiр жолдасым ақкөңiл, тапал жiгiт едi. Онымен қатты қалжыңдасатынмын. Көбiне ұзын бойлы, сұлу әйелiн тiлге тиек етiп:,,Ертең өкшесiне қалыңдығы  10-15 сантиметр тақтай қақтырам. Сонда екеуiңнiң бойың бiрдей болады,, ,- дейтiнмiн. Ал әйелiне:,,Мұның бойының қысқалығынан басқа кемшiлiгi бар ма?,,- десем, ол:,,Жоқ,, ,-деп сықылықтап күлетiн.

   -Сен менiң әйелiмдi айналдыра берме.

   -Сенiкi, менiкi- көңiл тарлығы.

   Бiз осылай әзiлдесiп, көңiлденушi едiк. Сенiң  бүгiн  өзiңдi ашық-жарқын ұстағаның маған ұнады. Мұны айтудағы себебiм, қолдан келгенше еңсеңдi тiк ұстап, әрдайым көңiлдi жүрген жөн. Тұнжырап, қабақ түйсең, ешкiм сенiмен сөйлеспейдi…

 

БОЛАШАҚТЫҢ ТАЛАБЫ

 

    -Сен әскерде болдың ғой, ә?

    -Болдым.

    -Тұрмыс жағы мен әскер жағы адамдарының қарым-қатынасы, тәртiбi, психологиясы, заңы басқа екенiн сезген шығарсың? Бұған тоқталып отырған себебiм, мен таза профессионал әскеримiн. Менiң бұл айтқаныма сен түсiн. Соғыс кезiнде адамдардың жетпiс-сексен пайызын майданға алды. Олар 4-5 жыл иығына погон тақты. Олар да өздерiн әскеримiн деп есептейдi. 25-30 жыл солдаттарды киiм-кешекпен қамтамасыз ету қызметiнде болғандар да өздерiн әскеримiз дейдi. Олары дұрыс та, себебi, әрқайсысы өзiнiң орнында, өз саласында Отан алдындағы мiндеттерiн атқарды. Олардың әскери екенiне менiң дауым, қарсылығым жоқ.

   Ұрыс, соғыс деген екi сөз бар. Соғыс деген түсiнiк кең түсiнiк. Оған жалғыз әскери киiм киген кiсiлер ғана қатыспайды, оған әрiберiден кейiн әр отбасы мүшелерiне дейiн қатысады. Неге десең, соғыстың зардабын соғыс жылдарындағы емшектегi балаларға дейiн тартады. Соғыс жүрiп жатыр, емiзуге уақыт жоқ. Түсiнсең, жас нәрестелер де соғысқа қатысушылардың бiрi. Рас па? Сол себептi оны бүкiл халықтық соғыс деген дұрыс.

   Ұрыс соғыстан бөлек, ерекше түсiнiк, Ол ажалмен көзбе көз кездесiп, өлiм жеңе ме, өмiр жеңе ме деген мәселенi күшпен, оқпен оп-оңай шешетiн нәрсе. Мысалы, тату тұрған үйде бiр күнi болмаса, бiр күнi ренiш туады, сол ренiштiң өзi адамның көңлiне, демек денсаулығына әжептеуiр әсер, дақ салады. Ол дақтың кейбiреуi ұмытылады, кейбiреуi ұмытылмайды.

   Ұрыста салынған дақ оқпен салынады, снаряд, бомбаның жаңқасынан, опасыздықтан, көңiл қалғандықтан салынады. Тағы басқа да себептер көп…

   Ол дақ денеңе, көңлiңе, жүрегiңе, сезiмiңе, ұғымыңа отты мөр басқандай қашан болса да тыртықтанып тұрады. Ол дақ өшпейдi.

   Бұларды айтып отырған себебiм, өткен қайғылы соғыс дәуiрiнiң өшпес зардаптарына үстiрт қарау әлi баршылық. Дегенмен, оларды қазбалай берудiң керегi де шамалы. Оларды ескерту айып емес, оларды естен шығару-айып. Ескерту деп отырғаным, тарихи өткен-кеткендердiң болашаққа тұжырымды дәмi бар.

   -Қайдан келдiк? Қай жерде, қай заманда тұрмыз? Қалай боламыз, қалай болмақпыз?- деген үш сауалды тұжырымды шешпестен, дұрыс қорытындыға келу екiталай. Бұл- болашақтың талабы…

 

ӨЗІҢШЕ ЖОЛ ІЗДЕ

 

    -,,Көп жасағаннан сұрама, көптi көргеннен сұра,, деген мақал бар. От басында отырып, көп жасаған не айтады? Ал көптi көргендер әртүрлi адамдармен жолығады, пiкiр алысады. Олардан бiр нәрсе үйренедi, мүмкiн басқаларға өзi де бiр нәрсе үйретер.

   Ешкiм, қарағым, аспаннан түскен емес. Қаншама бай болсын, тамағы тоқ, киiмi бүтiн болсын, жұртпен араласып, құраласпаса, ештеңе бiлмейдi. Ештеңе бiлмесе, көрмесе, онда творчество қайдан болсын? Қарым-қатыныс- үлкен мектеп.

   Өмiрiңде әртүрлi адаммен кездесесiң. Оған баға берiп отырасың. Бiреуiнен жиренесiң, бiреуiнен үйренесiң. Түсiнген кiсiге екеуi де, үйрену де, жирену де- сабақ. Нағыз университет - өмiр дейтiнiмiз содан.

   Максим Горький кiтабын ,,Менiң университеттерiм,, деп өте дұрыс, өте ақылды қойған. Ол ,,Менiң университетiм, демейдi. Университет бiреу, университеттер көп қой.

  Мен, әрине, Максим Горький емеспiн, бiрақ көп кiсiлермен кездескенiм рас. Көбiнен үйренгенiм де, кейбiрiнен жиренгенiм де рас.

   Бас штаб жанындағы әскери академияны қоспасам, менiң программалы жоғары бiлiмiм жоқ. Әскери акдемияда әскери ғылым өтiледi. Ол- қоғамдық ғылым емес. Әдеби бiлiмiм болмаса да, жаманды-жақсылы жазушы атандым. Менiң университетiм- адамдармен қарым-қатынасым. Мысалы, Наталья Сац, Анна Панкратова, Алексей Сурков, Мұхтар, Қаныш, Ахмет, Ғабит, Сәбит, Ғабиден, т. б. кiсiлер маған көп нәрсе қалдырды. Олар- менiң университеттерiм. Түсiндiң бе? Олардың бәрiнен ұғымды, пайдалы нәрсе алдым. Олардың көп сырын  осы уақытқа дейiн түсiнгем жоқ, түсiнбеймiн де. Неге десең, мен әскери кiсiмiн.

   ,,Ұстаз,, деген кiшкене әңгiмем бар. Ол-өмiрiмнiң курсы. Ал ,,Жонарқа,,- мен үшiн мектеп, ,,Москва үшiн шайқас,,-университет.

   Парта, аудитория- iстiң бастамасы ғана. Аудитория мен өмiр екеуi екi басқа. Өмiр- оқулықтан оқығаныңды, ұстаздарыңның айтқандарын ойша қорытып, дұрыс па, бұрыс па деп ойлануыңа, өзiңше жол iздеуiңе мәжбүр етедi. Шын күрескер, нағыз азамат болғың келсе, өзiңше жол iзде…

 

ҚАШАН АРЫЛАМЫЗ?

 

    Неге екенi белгiсiз, Баукеңнiң қабағы қату. Жанарынан шаршағандық, әлденеге кейiп, ренжiгендiк байқалады.

   -Бiзге қарағанда сиыр әлдеқайда iзгi жануар. Шөп жеп, сүт бередi. Ал сен ше? Жақсы көретiн қозым едiң дейсiң де, қонақ келсе, соясың.-,- деп маған шүйiле қарап, бейне менен түңiлгендей қолын сермедi.- Балапаны бар ма, жоқ па, оны ойға да алмай, көзге түскен үйректi атасың.

   Бұл жауыздықтың басқа да түрi бар. Малды бүгiн қырып алсаң, ертең аш қаласың. Сол себептi оны өсiресiң. Өсiргенде ертең өлтiрем деп өсiресiң. Бiр мысал. Қасқырды жыртқыш деймiз ғой. Ол адамға қарағанда әлдеқайда iзгi. Жайран, қарақұйрық, киiк, тағы басқа жануарларды қасқыр былай отарлайды деп аңдып жүредi. Тамақ керек. Бiр ғалымның жазуынша, аңдып жатқан аш қасқырлар қарақұйрық, киiктердiң жасөспiрiм балаларына тимей, қартайып, не ауырып, қаша алмай артта қалып бара жатқандарына ғана тиедi екен. Себебi, олар онсыз да өледi. Табиғат заңы қандай әдiл, ә?!

   Бiр аңыз бар. Емшектегi баланы арыстандар жемей өз ортасында өсiрген. Мұнсыз да басқа жемтiктерiмiз  жетедi  деген.

   Теңiз жәндiктерi туралы да оқыдым. Акула- жыртқыш. Ол да асарыңды асадың, жасарыңды жасадың деп  қаптап жүрген  балықтардың   арасынан кәрiсiн, не ауруын iздейдi екен.

   Денi сау жасөспiрiмдерiне зияндық жасамайды, өсе берсiн дейдi. Бұл-жаратылыс заңы. ,,Е, бұлар құрып кетсе, бiз де құрып кетемiз,, ,- деген нәрсе ғой, ә? Дұрыс па, әлде бұрыс па?

   Қортындымды айтайын, қарағым, өзiң ақ көйлек киiп, галстук тағып, мәдениеттiмiн деп жүргендердiң бiрiсiң.  Адамның жауыздығы өсе берсiн демейдi, қайта ,,мынау менен асып кетпесiн,, деп бiрiн-бiрi құртуға тырысады. Сезiмiң, ақылың жетiп жатқанымен iсi жоқ, қайта ,,мынау бiзден асып кетiп жүрмесiн,, деп жала жабады, өсек айтады, заң-маңға мақұлдатады. Сөздiң қысқасы, құртады.

    Баукең  басын шайқап, ұзақ ойға батты.

    -Бұған мысал тарихта көп, шырағым. Маған сенбесең өз замандастырыңның өмiрiне үңiл. ,,Қой, мынау өсiп келе жатыр, құртайық ,,- деп бiрiне-бiрi ор қазып жүргендер аз ба? Адам ең жауыз жануар. Бiр-бiрiн көре алмайды, бiр-бiрiн қалай құртам деп бiлген әдiсiнiң бәрiн аямайды. Тағы өзi тасада отырып, ары таза емес бiреудi жұмсайды. Өзi ашық шығуға қорқады. Сенбесең, жаңа мысал, Олжас Сүлейменов туралы сын мақаланы оқыған шығарсың?

   -Ойбай, мынау бiзден асып кетпесiн,- деп күллi күншiлдер қарсы боп отыр. Әрине, ашық емес, жасырын. Олжас рухани бай, мықты, менiңше, ол  жеңiлмейдi. Оны сынайтындай Владимиров кiм? Ол қазақ әдебиетi түгiл орыс әдебиетiн жақсы бiлмейтiн қатардағы бiреу. Ол, көңлiңе келсiн, келмесiн, бар-жоғы қолжаулық қана.

   Әй, ашуымның шығып кеткенi-ай! Өз әдебиетiн бiлмейтiн бiреу қазақ әдебиетiне кеп басын сұғады. Бұл күлкiлi бейшаралық емес пе?

    Ол бәрi бiр өзiн жұмсағандардың үмiтiн ақтай алмады. Содан оған ренжiп, қапа болғандар Москваның журналына қолқа салды. Ойлары- Олжасты  Совет Одағы көлемiнен бiржола жою. Бұл жауыздық емей  немене? Оны Димаш Ахметұлы Қонаев қорғап қалмағанда күншiлдер оған күн көрсетпес едi. Жалпы Олжас iзденiсi кiм кiмге де жан қинап, тер төкпей жеткен жеңiс жеңiс емес деп тұрғандай.

   Баукең темекi тұтатып тартып, маған бiртүрлi қинала, мұңая қарап:

   -Күншiлдiк- шынымен емi жоқ дерт пе, одан қашан арыламыз?- дедi ауыр күрсiнiп…

 

Жалғасы бар, осында