МҰНАЙШЫ ЖАЗБАЛАРЫ

МҰНАЙШЫ ЖАЗБАЛАРЫ

Ардагер геолог-барлаушы «Құрмет» орденінің иегері Бисенбай Бисенғалиев (Бәкөн әл-Сағыз) ағамыздың естеліктер жалғасы, басы осында  

7

 

АҒА-ДОС, ГЕОЛОГ

  Халық арасында ауызекі әңгіме барысында, әзілге сүйеніп айтылатын «Құдай берейін десе форточкадан да бере салады» деген сөздерді кім естімеді дейсің?  Мен де көп естідім, бірақ арғы мағынасына аса көп мән беріп қарамаппын. Енді ойланып қарасам, Алла Тағалам маған достарды да, жұмыстас жолдастарды да, ақыл айтатын ағаларды да ... «форточкадан» үйіп-төгіп бере салған екен-ау. Әртүрлі жазбаларымда мен: «Мен жолым болғыш адаммын, мектепте де, жоғары оқу орнында да, жұмысқа тұрғасын да, былайша өмірде де ҰСТАЗДАРЫМ керемет жандар еді ...» деп айтып жүремін. Адам өмір бойы үйренуі керек, үйренуден, оқудан жалықпауы керек деген тәмсіл бар. Керек болса, тек жақсы адамдардан ғана емес, жаман адамдардан да үйрену керек, жамандардан «қалайша жаман болмауды» үйрену керек, соларға қарап ой түю керек екендігін үнемі есте сақтау керек. Ал мен жоғарғы оқуды аяқтап жұмысқа тұрғанымда қасымда көптеген асыл ағаларым, ақылшыларым көп болды. Олардың әрбіреуі жөнінде көлемді дүниелер жазуға әбден болар еді, бірақ осы жолғы жазатыным Есахаң сияқты аға-досым және музей жайында болмақ.

Есенқұл

  Бұл жазбамды жазуыма себеп болған Есенқұл Жолдасбаев (Қуантқан)-Есахаң ағамның үйіндегі жеңгемнің қиналып айтқан бір ауыз сөзі еді. Жеңгеміз осы жылдың қараша айында  Құрық аулындағы Ғиззат Балмұқанбетов ағамыздың атына берілген көшенің салтанатты ашылу құрметіне барады. Көшенің ашылу салтанаты аяқталысымен сол жерге алыс-жақыннан жиналған геолог-барлаушылар жақында ғана ашылған трест «МНГР»-дің «Геолог-барлаушылар музейін» тамашалайды. Музейдегі көрмеге қойылған экспонаттар мен геолог-барлаушылардың суреттерін ... көреді. Мекеменің тарихында өзіндік орны бар, өмірден ерте өтіп кеткен Есахаң жөнінде қандайма бір мәлімет болар ма екен, не деп жазды екен деп іздестіруі орынды ғой жеңгеміздің. Өкінішке орай, Есахаң жайында ешқандай дерек таба алмай, тек қана жалпы тізімдегі тұрған фамилиясын оқып, көңілі құлазиды. Мен өзім әлі бұл музейге бара қойған жоқпын, ұйымдастырушылардан шақырту келер ме екен деп дәмеленгенім де бекер болыпты. Шақырылмадым, шақырмаса да барар едім, бірақ қай уақытта ашылатынын да білмедім. Сұраған адамдарымнан хабар болмады. Бармағасын, аралап көрмегесін сырттай баға беруге болмас, бірақ КЭ «МНГР» мекемесінің геолог-барлаушыларының арасында ойып тұрып орын алатын Есенқұл Жолдасбаевтай геологтың еш жерде аты аталмағаны ойландыратыны анық. Барып, көріп келген азаматтардың айтуынша музей әлі толықтай жасақталып болмаған тәрізді. Соған қарағанда әлде де болса осындай олқылықтардың орны толатынынан үміт күтуге болатын сияқты деп өзімді жұбаттым. Көш жүре бара түзелетіні белгілі ғой. Әрине, музей ұйымдастыру деген оңай шаруа емес, өңіріміз үшін, еліміз үшін үлкен маңызға ие КЭ «МНГР» сияқты іргелі мекеменің арғы-бергі тарихынан сыр шертетін, толық ақпарат беретіндей мәліметтер жинастыру, экспонаттар табу ... үлкен ізденушілікті талап ететіні сөзсіз. Оның бер жағында, музей ашу дегенің тек экспонаттар жинастырып қоя салу да емес қой. Сондықтанда бұл іс музей жайын жақсы білетін мамандардың кеңесімен жасалып жатқан іс шығар деп сенемін. Қазақта «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. Яғни, қай істің де болмасын үлкен-кішісі болмайды деген сөз. Музейге байланысты айтар ойым әзірге осындай, әлі толық жасақталып болмаған дүниеге сын айтпай тұра тұрайық. Осындай игілікті шараны бастаған ағаларымыз менің осы жазғанымды оқып, біткен іске сыншы көп деп ұрсып жүрер деген оймен тоқтатамын. «Келісіп пішілген тон келте болмайды» дегенге сүйеніп, менің айтпақ ойларым бір қадеге жарап қалса деген ойым да жоқ емес.

Есенқұл семья

  Әңгімемнің басында жазған «Жақсы ұстаздарым көп болды» деген сөзіме оралайын. КЭ «МНГР» мекемесінің бір бөлімі саналатын РИТС-1-де көптеген білікті, білімді мамандар, өз істерінің шеберлері жұмыс жасайтын еді мен жұмысқа тұруға келген кезде. Өзімнің «Тәлімгерлерім» деген жазбамда олардың біразын еске алып, аттарын атадым. Оларды қайталап жазбаймын, тек технологтар Тұқымов Кенжеғұл, Жапаров Берікхан, Өрбісінов Мұқанбет, механик Тастаев Жалғас, геологтар Диханов Сыдиық, Жолдасбаев Есенқұл сияқты білікті мамандар, өзіме ұстаз болған жігіттер жайында, соның ішінде Есенқұл аға-досым жайында аз-мұз мәлімет бергім келіп отыр. Бұл жігіттердің барлығын да аттарымен атап көрген жоқпын, үнемі Кенжеке, Бәке, Мұха, Жәке, Сәке, Есаха деп құрметпен атаушы едім. Аттары аталған осы жігіттерден жасы үлкендерді де, олардан жастары кішілерді де жазбаймын. Кенжеғұл, Берікхан, Мұқанбет деген технолог инженерлер шын мәніндегі өз ісінің шеберлері, өндіріс ұйымдастырушылары, жоғары деңгейдегі бұрғылау саласының мамандары болатын. Бұрғылау ісінің нағыз көкжал бөрілері!!! Бұл үшеуі тек РИТС-1 мекемесінің аумағындағы мамандар емес, бүкіл КЭ «МНГР», қала берді еліміздегі талай бұрғылау мекемелеріне аттары кеңінен танылған білікті мамандар саналатын. КЭ «МНГР»-дің бетке ұстарлары ғой бұлар. Механик Жалғас жөнінде де тап осындай сөздер айтуға әбден болады. Бұрғылау саласындағы барлық механизмдерді жетік білетін, ешқандай қара жұмыстан қашпайтын, білек сыбанып кірісіп кеткенде «өлген техниканың», қу темірдің өзіне жан бітіретін маман ғой. Ал геологтар Сыдиық пен Есахаң дала геологиясының нағыз профессорлары саналатын. Мен барлау-бұрғылау саласында саналы өмірімді өткізіп, бұл саланың біраз қыр-сырларын осы жігіттерден үйренген жан ретінде, жинақтаған біраз тәжірибем бар бұрғылау маманы ретінде, Аға-Досым Есахаңа  қолымнан келгенінше әділетті баға бермесіме болмай тұр. Бұрын да осы аға-досым жайында жазармын деген ойым бар болатын, бірақ жеңгеміздің Құрықтағы музейден қапаланып шыққаны жазбама тездетіп отыруыма себеп болды. Бұрғылау саласында, әсіресе барлама бұрғылау саласында технологтар мен геологтардың ара қатынасы «ит пен мысықтай» десем артықтау болар, бірақ олар жұмыс барысында бір бірін өте жақсы көреді деп айту да қиынырақ. Себебі, инженер технологтар көбінесе тек өздеріне тиесілі бұрғылау технологиясына ғана жауап бермейді, оларға жүрген жерлерінде өндірісті ұйымдастыру, жоспардың орындалуын қамтамасыз ету де, еш жерде жазылмаған заң ретінде, жүктеледі, сұралады. Сондықтан да жоспар орындау үшін кейбір геологиялық жұмыстар қолбайлау болатыны жиірек ұшырасатыны жасырын емес. Өзі жетпейтін қысқа «алтындай» уақыттың біраз бөлігін ИПГ(қабат сынау), каротаж жасау, керн алу ... сияқты «боқтан өзгеге»(технологтардың ойынша) жоғалту өндірісті ұйымдастырып жүрген технолог жігіттерге қайдан ұнай қойсын. Оның үстіне, бұл геологиялық жұмыстар кей кездері бір айда бірнеше рет қайталанатын болса, жасалғандарының сапасы нашар болып тағы да бірнеше мәрте қайталанса осыларды ғана қадағалап отырған «проклятый геологтарға» не айтуға болады. Мекемеміз негізінен геологиялық деп аталғанымен, бірақ үкімет қаржыны қазылған тереңдік бойынша(метр проходка) бөліп отырса, жер қазбасаң ақша ала алмайтын болсаң, қалайша «ит пен мысықтай» болып керілдеспессің. Бірақ бұлардың барлығы да тек жұмыс барысында, ал былайғы өмірде бәріміз де бір үйдің балаларындай тату-ақпыз. Айлық жоспар берілгенде ай бойына жасалатын геологиялық жұмыстарға кететін уақыттың барлығы да есепке алынады ғой, бірақ бұрғылау жұмыстары қай уақытта да қиыншылықтарға толы, кездесетін кедергілер жетерлік болғандықтан үнемі уақыт жетпей цейтнотта жүретініміз шындық. Ал сондай кездерде геологиялық «пәлекеттерге» уақыт жоғалту қай буровикке ұнай қойсын?! Өзім инженер технолог болғандықтан осындай геологтармен болатын шәлкем-шалыстарға жиі куә болдым, өзім де талай ырылдастым, қырқыстым. Көздері жоқ кезде талай рет геологтарды жасалмаған жұмысты жасадық деп алдадық та. Талай қызықтар да болды ғой, не өтпеді дейсің осы жылдарда. Геологтар тек өз жұмысына ғана жауап берсе, инженерлер шаруашылыққа да, жоспарға да, өндірісті ұйымдастыруға да, далалықтағы бұрғышылардың тұрмыс-тіршілігіне де, олардың тәртібіне де ... бәріне-бәріне жауап беретіні еш жерде жазылмаған заң еді. Бұларды мен неге жазып отырмын? Әрине, Есахаң сияқты білікті геологтың тамаша қырын ашу үшін жазып отырмын. Басқа геологтар сияқты Есахаң қатып қалған, тек ережемен жүретін маман емес болатын. Ол жалпы ұжымның жағдайын өзінің тікелей міндеті геологиядан бөлектеп қарамайтын, кей кездері технологтардың, өндіріс ұйымдастырушыларының сұрағандарына келісіммен қарайтын, «көз жұмып, көрмей қалатын» кездері болатын. Өз басым, учаскелерде болғанда қасымда Есахаңның болғанын жақсы көретінмін. Геолог ретінде Есахаңның айтқандары маған түсінікті болатын, ал  басқа геологтардың айтқан сөздерін, келтірген уәждерін түсіне алмай дал болатынмын. Есахаң екеуміз бір тілде сөйлеп тұрғандай болсақ, басқа геологтармен әр тілде сөйлесіп тұрғандай күй кешетінмін. Сыдиық пен Есахаңдай геолог мамандар өте сирек қой. Екеуі де өз істерін бүге-шігесіне дейін жетік білетін жоғары дәрежедегі геологтар. Олар бұрғылау қондырғысының басында болғанда геологиялық тұрғыдан жоспарланған әр істі сол сәттегі болып жатқан жұмыстармен байланыстыра шешім қабылдап, керек болса өзгерістер енгізіп, түзетулер жасап шеше беретін. Ал басқа геологтар ондай қадамға бара бермейтін, геологиялық жоспарланған жұмысты қатып қалған ережедей көріп міз бақпай «қатып» қалатын. Мен өзімнің өндірістік ғұмырымда Есахаңнан лауазым дәрежесі жоғары да, дәрежесі тең де(деңгейі төмендерді ауызға алмағанда) бірталай геологтармен жұмыстас болдым, әңгімелерін тыңдадым. Бірақ ешбіреуін Есахаңдай түсіндім дей алмаймын, кейбіреулерінің не айтып отырғандарын ұқпай дал болатынмын. Құдайға күпір болсам да айтайын, кейде олар өздерінің не айтып тұрғандарын өздері де түсінбейтін шығар деп ойлайтынмын.  Олар тек геологиясын білетін, өндірістен, жалпы ұжымның ахуалынан, жай-күйінен бейхабар жандар болатын. Сондықтан да оларды мен түсіне алмайтынмын. Ал Есахаңның жөні тіпті бөлек. Есахаңды әмбебап маман деуге келер еді, ол геолог та, ол буровик те, ол керек кезде механик те бола алатындай біліктілігі бар жан болатын. Талай мәрте Есахаңның бұрғылау қондырғысын өзі басқарып, ауырып қалған бұрғылау шеберінің, қондырғы басшысының орнында біраз уақыт жұмыс жасағанына куә болдым. Басшылардың Есахаңмен кәдімгі технологтармен, қондырғы басшысымен сөйлескендей сөйлесетінін, пікірімен санасатынын көріп, құлағыммен естіп таң қалатынымды жасыра алмаймын. Бұрғылау технологиясын кез келген инженерден артық білмесе кем білмейтін, бұрғылау ерітіндісін қалай баптау керектігін, қай жынысты қалай қазу керектігін(долотоға қандай нагрузка беріп, ротордың айналымын қанша қылу керек, дизельдердің жұмыс жасау ырғағын, насостардың қандай қысым беріп тұрғанын ..., қашауды қашан көтеру керектігін деген сияқты) өте жақсы білетін. Дизельдердің бірқалыпты жұмыс жасамай тұрғанын дауысынан айыратын. Тереңдіктегі тау жыныстарының кейбір ерекшеліктеріне байланысты(үгітілгіш, тез жуылғыш ...) керн шықпай қиналған шақтарда жас бұрғылау шеберлерінің де, бұрғышылардың өздері де біле бермейтін технологиялық әдістерді(насостың қысымын да, өндіруін де, ротордың айналымын да азайтып, бір қалыпты ырғақпен қашауды забойдан айырмастан қазып ...) пайдалануға кеңес беріп, бұрғышының қасында өзі қадағалап тұрып дегендей көп геологтардың бас қатырмайтын технологтардың шаруасымен де айналыса беретін. Тереңдіктегі тау жыныстарының қиғаш орналасуы арқасында геологиялық, технологиялық тұрғыдан дұрыс шешім қабылданбағанда скважинаның орталықтан ауытқып қисайып кетуі мүмкін, ал Есахаң болса бұл сияқты тек кәнігі технологтарға ғана аян қитұрқылардың барлығын да бес саусағындай біледі. Дер кезінде ақылын айтады, көмегін береді. Жоспар орындалуы қыл үстінде тұрған кезде(тек бригаданың емес, түгел ұжымның) ол сол қондырғы басында болса, кейбір жоспарланған геологиялық жұмыстарды өз жауапкершілігімен қысқартып тастауға да баратын еді. Басқа геологтардың ондай жауапкершілікті мойындарына алғанын мен көрмеппін. Әрине, қысқартуға болатындай мүмкіндік бар жерде ғана, қазылып жатқан скважинаның геологиялық маңыздылығына нұқсан келмейтіндей жағдайда ғана екені түсінікті ғой. Осындай жетік біліктілігі бола тұра ол ешқашан дандайсыған емес, жұмысшыларға, қондырғы басшыларына сеніп геологияға қатысты техникалық шаруаларға араласпай қалған емес. Геологиялық мәселелермен қондырғы басында болғанда барлық процесстерді өз көзімен көріп, өз қатысуымен атқарылғанын қадағалайтын әдеті бар. Бұндай әдет тек Сыдиық екеуінде ғана еді. Қалған геологтар бұларды технологтардың, қондырғы басшыларының шаруасы деп санап бақылаушы дәрежесінен «төменге түсе» қоймайтын. Есахаңның принципі «Өз көзіңмен көрмей, өз қолыңмен ұстамай біреудің айтқанына сенбе. Құлағыңа емес, көзіңе, қолыңа сен». Осыларды оқыған, Есахаңды білмейтін оқырмандар оны жуас, айтқанға көне салатын көңіл жықпас біреу екен деп ойлап қалғандай болса қатты қателеседі. Ол керек кезінде принципшіл, айтқанын орындатпай тұрып алатын қатты мінезі де бар маман. Біздің ұжымда, өз ортамызда Есахаң өте беделді еді. Ұжымымызда атағынан ат үркетіндей Б.Қосмағанбетов, С.Салманов сияқты қондырғы басшыларымен қатар, көп адамның айтқанына бола қоймайтын М.Бесқалиев, В.Т.Ильясов, Ғ.Бозбаев ... сынды «архарлар» да болды. Өпірем тентектер де болды. Солардың барлығы да Есахаңды қатты сыйлайтын. Айлық жоспардың тағдыры қыл үстінде тұрып, уақыт болса айдың аяғына жақын қалып қиналғанда осы қондырғы басшыларына, көп ешкімге естіртпей, «Лёнь» деген рациямен учаскелік ішкі байланыс арқылы шығып: «Әй, жоспарды орындау ойыңда бар ма, алдыңғы алған кернді екіге бөліп, осы жолғы кернді алмасаң болмай ма?»,-деп қыжыртқан кезде олар: «Оу, Есахаң осы кернді ал деп отыр ғой, жағдайды мен түсінгенмен ...»,-деп жауап берсе болғаны бәріміздің де «папкамыз жабыла» қалатын. Себебі, Есахаңның айтқаны заң, ол буынсыз жерге пышақ ұрмайды. Есахаңның сөзі салмақты. Оның сөзі жерде қалмауы керек, демек сол интервалдың керні Есахаң үшін де, геология үшін де маңызды болғаны. Сол керннен Есахаң бір құнды мәлімет күтіп отыр деген сөз. Болды, енді бұл мәселеге ешкім де қайтып оралмайды. Геологтардың барлығында Есахаңның беделіндей бедел, сөзінде салмақ болса ғой, шіркін!!! Есахаң ондай беделді оңайлықпен жинаған жоқ, кішімен кіші, үлкенмен үлкен ретінде сыйласып, жан аямай еңбектеніп жүргенін көрген барлама бұрғылау қауымының өзі мойындады оның сөзін, беделін. Сөзім дәлелді болуы үшін бір мысал келтіре кетейін. Сексенінші жылдардың орта кезінде Шотаев Мәліктің бұрғылау бригадасы «Комсомол жастар бригадасы» атанып атағы дүрілдеп тұрды. Облыстық, республикалық, салалық социалистік жарыстардың жеңімпазы болып, ауыспалы Қызыл Ту, вымпел, кубок дегендерді жеңіп алып дәуірлеп тұрған бұрғылау бригадасы ғой. Мәліктің бригадасы біреу болғанымен бұрғылау қондырғысы екеу болатын. Бірі үлкен қондырғы(қысқартылған, бір насосы жоқ шолақ қондырғы), екіншісі кішкене шағын қондырғы. Қазатын алаңдары Құсайнық, Кетік, Түбіжік, Түбқараған, Бүгіржі, Жаңбыршы ... деген Форт-Шевченко қаласы мен Таушық елдімекенінің арасында орналасқан. Кейбір алаңдар теңізге де жақын. Түбіжік алаңында баяғы заманда Х.Тәжиев, Қ.Қазиев сияқты ағаларымыз жұмыс жасаған экспедицияның, бұрғышылар тұрған ауылдың(жертөлелердің, кішкене саман үйлердің) жұрты бар, көргенбіз. Ал тап сол маңда орналасқан Жаңбыршы деген алаңның өзгелерден ерекше климаты болды. Қалай екенін түсіне алмай қойғанмын. Сірә, сол маңның жер бедерінде(рельефінде) теңізге қарай «сквозняк соғатын коридор» бар сияқты. Қалған жердің барлығында көктем шығып, жер бусанып көктеп, жаймашуақ жылылық болса, Жаңбыршыда әлі қыс болады, қары қалың болып, көбесі сөгілместен біраз жатады, желі де айырықша қатты, ылғи бір бағытта соғып боран болып тұратыны есімде. Міне осындай алаңдарда жұмыс жасаған Мәліктің бригадасы ай сайын жаңа скважина қазып бастап, бір қондырғысында жұмыс аяқталып жатса, екіншісінде басталып жататын. Қазатын скважиналардың тереңдіктері тайыз, ұжымның жоспарының нобай бөлігі осы «жеңіл метр проходкалардың» есебінен болатындықтан біздер көбіне осы бригадаға көмек беріп, бір скважинаға колонна түсірсек, екінші скважинаны бастап қазып дегендей әлек болып жүргеніміз. РИТС-1 мекемесінің геологтары да, инженерлері де осы екі қондырғының айналасынан табылатынбыз. Үнемі осы учаскеде кезекшілікте боламыз десек те болады. Екі қондырғымен қатар жұмыс жасайтын бір бұрғылау бригадасы болғандықтан, жұмыстың өзі де бір қондырғының жұмысы аяқтала сала екінші қондырғының жұмысы басталып кететіндей ретпен ұйымдастырылып жататын. Сондықтан кейбір құрал жабдықтар бұрғылау бригадасымен бірге көшіп жүретін. Екі қондырғыға бірдей қажет бола қалуы мүмкін болмағандықтан, кейбір басы артық құралдарды артық жүк қылып ұстамайтынбыз. Қалай екенін қайдам, бір жолы(қыстың аяғы еді) екі қондырғыда да жұмыс қабат болып қалды. Үлкен қондырғыда экс.колонна түсіруге дайындық жүріп жатырса, кіші қондырғыны бастап қазуға дайындап болып, әне-міне қазып бастаймыз деп жанталасудамыз. Бригада біреу, ол негізінен үлкен қондырғыда жұмыста, ал кішілеу қондырғыда әртүрлі(жөндеуші, көмекші моторшы, тракторшы, жөндеу бригадасы ...сияқты) адамдардың көмегімен жұмыс күні бойы қызу жүріп жатқан. Әрине, біз сияқты инженер, механик дегендерде бұндай кезде ұйқы да, күлкі де болмайды. Сондағы арпалысып жүргеніміз қондырғыны тездетіп іске қосып, бастап қазып, осы бригададан алатын метр проходканың есебінен ұжымның «артын жабу». Сонымен бүгін түнде бастап қазамыз деп жоспарлап қойғанбыз. Әлі бригада босаған жоқ болса да, азын-аулақ қосалқы адамдармен бастап кетеміз деп шешкенбіз. Бір қызығы, осы өмірімде қанша бұрғылау қондырғысын іске қоссам да, солардың барлығына жуығы түнгі вахтада басталып қазылған екен. Қалай екені түсініксіз, бұның өзі сондай дәстүр сияқты болып кеткелі қашан. Әбден жеме-жемге келгенде кішкене қондырғыны іске қосуға қажетті бір құрал үлкен қондырғыда жұмыста болып шықты. Әзірге босайтын түрі жоқ, қапыламыз деп жүріп оны естен шығарып алыппыз. Ол құралсыз мына қондырғыны іске қоса алмаймыз. Ал оны Ералиевке айтып тапсырыс беру ертеңгі радиобайланыста ғана мүмкін, оны бізге жеткізгенше бір күн өтетіні тағы бар. Әбден қиналдық. Қоластымызда тек техникалық су тасып жүрген цистерналы МАЗ автокөлігі ғана бар. Не істеу керек? Сол МАЗ көлігіне мініп Ералиев қайдасың деп тартып кетуге де болар еді, бірақ арамызда қолы бос бір жан жоқ. Әр адам есепте, барлығымыздың да қондырғыны іске қосу үшін сол күнге жоспарлап қойған жұмысымыз бастан асады. Бір мезгілде қасымызда қолқабыс қылып жүрген Есахаң: «Әй, мен Ералиевке жүрейін, үлкен қондырғыдағы экс.колонна түсіру таңертең басталады ғой, оған дейін, Алла амандық қылса, үлгеріп келмеймін бе?»,-деп қарап тұр.

 Машина сенімсіз, осы жердің өзінде де ілдалдалап әрең жүргенін бәріміз білеміз. Су тасып тұрған жалғыз машинадан айырылсақ тіпті «қатып кетейін» деп тұр. Әрі жол да қашық, қар қалың. Не де болса тәуекелге бас тіктік. Күн кеш түсе бастаған мезгіл еді, Есахаң жолға шығып кетті. Содан түннің бір уағында, тіпті таңға жақын Есахаң да МАЗ-ын күркілдетіп қондырғыға жетті. Біз қазайын деп жатқан алаң қайда, Ералиев қайда?! Ол кезде қазіргідей даңғыл жол жоқ, көліктің жайы анау! Есахаң келгенде біз де дайындық жұмыстарын аяқтап қалып едік. Күткен құралымыз қолымызға тиген бойда бұрғылауды бастап кеттік. Таңертеңгі сводкада, түк болмағандай, қазуды бастап кеттік деп саңқылдап тұрдық. Есахаң болса үлкен қондырғыдағы экс.колоннаны түсіруді бастамақшы болып, дайындық жұмыстарына кірісіп кеткен еді. Бұл оқиғадан не ұғуға болады? Түннің ішінде басын қатерге тігіп, жаман машинамен Ералиевке бару, бұрғылау алаңынан керекті құралды машинаның кабинасына шопыр екеуі әупірімдеп тиеп алу (ауыр темір ғой), кері жолға шығып, демалмастан қондырғыға жеткізу, содан соң ғана геологтың тікелей міндеті болып есептелетін үлкен қондырғыдағы экс.колонна түсірудің дайындық жұмыстарына бақылау жасау, қадағалау. Ералиевке барып келу, қажетті құралды жеткізуде геологтың ешқандай қатысы болмауы керек, міндеті де емес. Тіпті үйіне де соқпастан кері қайтып тұр ғой. Ал жолда ескі машина бұзылып қалып, не болмаса қарға батып қалып азап көрсе не болар еді, бұрғылау алаңына келген негізгі шаруасы экс.колонна түсіруге қатыса алмаса не болар еді ...?! Бұндай сарыуайымдарға берілгенде ешқандай да жұмыс жүрмес еді ғой. «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің» деп бекер айтты дейсің бе, жалындаған жаспыз ғой бәріміз де, ешнәрседен қорықпайтын. Сол кездегі бұрғылау жұмыстарының көпшілігі осындай жастардың күш-қайратымен, батылдығымен, ештеңеден қорықпайтын көзсіздігімен жасалғанын ешкім де жоққа шығара алмаса керек. Дұрысында, Есахаң экс.колонна түсірудің дайындығын, түсіру барысын қадағалау үшін келген маман. Ол негізінде үлкен қондырғыдағы жайлы вагонда, жылы жерде, тамағын ішіп алып, арасында үлкен қондырғыдағы жұмыс барысын қадағалап қойып, кітабын оқып, шайын ішіп талтайып жатуы керек қой. Басқа бір де бір геолог Есахаң жасаған ерлікке, бұндай қадамға бармас еді, олар «мен геологпын» деп жоғарыда жазғанымдай талтаңдар еді. Ал ол болса ұжымымыздың жоспар орындауы үшін жанын салып, ортақ іске жаны күйіп жүргені мынау. Осындай Есахаңды қалай сыйламауға, айтқан сөзін қалт еткізбей орындамауға болатынына түсінбеймін. Сондықтан да бұрғылау мамандарының арасында үлкен беделге ие ғой біздің Есахаң. Бірер күннен соң үлкен қондырғыдағы экс.колонна түсіріліп, цементтеліп, кіші қондырғыдағы қазу жұмысы жолға қойылғасын бәріміз шағын ғана сабантой жасайтын әдетімізден жаңылмай «жуып» жібергеннен соң барлық қиыншылықтар да ұмытылды ғой. Түк болмағандай ауылға қайттық. Осы жолы ғой менің Есахаңнан «Үлкен үйге не керек болса, кіші үйге де сол керек» деген қазақы сөзді алғаш естігенім, яғни үлкен қондырғыға қажет құрал, кіші қондырғыға да керек деп түсін. Есахаң осындай жаңа «точкаға» барып, қондырғыны құралдап болып, енді бастап қазамыз деп жанталасып жататын кезде былайша әзілдейтіні болатын. Қуекең(ұжым басшысы Қазиев Қуан) жаңадан қазып бастайын деп жатқан қондырғы басындағы жауапты инженерге рациямен байланысқа шығып: «Әй, енді қашан дизель жібересіңдер? Тездетіп жоғарғы блоктан бір дизельді қыздырып, компрессормен воздух жинап, таль.блокты көтеріп ...»,-деп онсыз да белгілі жұмыстардың ретін қайталап жанымызды шығаратын. Жаңадан қазып бастайтын қондырғы басында екеуміз кездесіп қалғанда Есахаң маған: «Бисенбай, қашан дизель жібересіңдер ...», деп жоғарыдағы Қуекең айтатын жаттанды сөздерді қайталап, дауыс ырғағын да келістіріп күлдіретіні болатын. Осылайша екеуміз әзілдесіп бір жасап қалатынбыз, ол менің шаршап жүргенімді біліп әдейі күлдіруге тырысатын, көңілім біраз көтеріліп сілкініп қалатынмын. Бұл тек бір мысал ғана, ал бірге жұмыстас болған жылдарда ондай-ондайлар көп болды ғой. Есахаңның қондырғы басына іс сапармен келгенде жайланып жатқанын көрмеппін. Айыптай берді деп сөге көрмеңіздер, БҰҰ өкілі сияқты, мен бақылаушымын деп, басқа еш жұмысқа араласпастан, өз проблемаларыңды өздерің шешіңдер деп шалжиып жататын геологтардың талайын көргенбіз. Ал Есахаңның сойы бөлек, бұндай геологтардың сортынан емес. Үнемі қозғалыста.

геолог

 Алынған керндерді сараптап жазады, иіскейді, керек болса жалайды да, шұқылайды, лупасымен үңіледі, реагенттер тамызып бақылап, сындырып қарап, арасынан өзіне белгілі минералдарды іздестіріп отырғаны ..., өзінің мамандығына байланысты осындай әрекеттерден бөлек бұрғылау қондырғысының басында жатқан қосалқы бөлшектерді, құралдарды, құбырларды, турбобурларды, керн алатын снаряд «Недра» дегендерді, қашауларды ... барлығын асықпай зерттеп қарап, өлшеп, өзіне ғана мәлім бірдемелерді «киіз кітабына» (блокнотына) түртіп алып, тыным таппай жүргені. Арасында қондырғыдағы жұмыс жасап жатқан бұрғышылармен, моторшылармен әңгімелесіп, дизельдердің, насостардың, тағы да басқа механизмдердің жұмыстарын бақылап, бұрғылау ерітіндісінің құрамына қосатын химреагенттерді тексеріп, параметрлерін өлшейтін лаборанттармен сөйлесіп, скважинадан шығып жатқан ерітіндіге қолын малып, шығып жатқан шламдарды(тау жынысын) саусақтарымен езіп қарап қандай жынысты қазып жатқанымызды бақылап ..., тіпті болмағанда қондырғының ұшар басына шығып алып кең даланы байқастап, кейде қолына таяқ алып (малшылар сияқты белінің арт жағына көлденең қойып, екі қолын сол таяқтың екі жағына жіберіп) елсіз даланы жаяу шарлап, айналаны барлап жүргені. Қолындағы таяғымен шөптерді түрткілеп, әртүрлі індерді тексеріп, топырақтарды уқалап уатып қарап, ең соңында қолына бір нәрсені ұстап қайтатыны тағы бар. Даладан тауып алып келген нәрсесі шөп те, гүл де, далалық жуа да, тіпті өліп қалған жәндіктің қаңқасы да, тас та болуы әбден мүмкін. Осындай қасиет тек қана Есахаңа тән, басқа бір де бір геологтан да, басқа мамандардан да көре алмадым. Ерекше қасиет, көрсем, білсем, біле түссем деген қызығушылығы мықты жан ғой біздің Есахаң. Сыдиық Диханов екеуі бір біріне қалтқысыз сенетін, бірінің айтайын деген ойын екіншісі ә дегеннен ұға қоятын. Екеуінің де жұмыс істеу стильдері бірдейге жақын. Екеуі де асқан дәлдікті, жұмысқа деген адалдықты принципке айналдырған жандар, мамандар. Жұмыс бабында екеуімен де қалай болса солай, жүрдім-бардым сөйлесуге болмайды. Жұмыстарына әбден берілген, еңбектері адал геологтар. Екеуінің де қағаздары тап-тұйнақтай жинастырылулы, жұмыс столдары таза, папкадағы геологиялық құжаттары өте мұқият тігілген, қарауға көз керек. «Қыздың жиған жүгіндей» деп осыны айтса керек. Далада қалай жұмыс жасаса, кабинетте де тап солай жұмыс жасайтын, немесе кабинетте қалай таза отырса, далаға шыққанда да тап сондай таза жұмыс жасайтын да, айналасындағылардың да сондай болғанын қалайтын, талап ететін, біле білген жанға өздерінің осындайлығымен өнеге көрсететін. Есахаң табиғатынан таза жүретін жан, қашан көрсең де мұнтаздай таза жүргені. Есахаңның осындай тазалығында жеңгеміздің де үлесі бар ғой, бірақ қанымен берілген тазалыққа құштарлығы жоқ адамды қалай сылап сипасаң да бір шикілігі көрініп тұратыны белгілі. Ал Сыдиықтың жұмыс жөнінде, геология жөнінде, көңілінен шығу ешкімнің талайына жазылмаған екендігі бәрімізге белгілі. Есахаң да тап сондай, ол да тек Сәкеңе ғана алғаусыз сенетін. Бұл жазғандарыма қарап Есахаң мен Сыдиықты қатып қалған шенеунік екен деп ойлап қалуға болмайды. Екеуі де көпшіл, көңілді жандар. Екеуі де біз сияқты «детсадтың» жастарымен құрдастары сияқты ойнап-күліп қатар жүре беретін. Есахаңмен жас алшақтығына қарамастан бірден тіл табысып кеттік. Аға-дос деп сыйлап, құрметтеп өттім. Қазақтар "бір күн дәмдеске қырық күн сәлем» дейді. Ал біз Есахаң екеуміз қанша дәмдес болғанымызды бір Алланың өзі білмесе ешкім де білмейді. «Адамды танып-білу үшін бір пұт тұз жеу керек» деген де сөз бар, дұрыс сөз шығар, адамды өмір бойы тану керек қой. Бірін бірі біліп-тануы үшін осыншама тұз жейтіндей дәмдес болып қатар жүру керек дегені ғой. Есахаң екеуміз дәмдес болғалы бір пұт болмағанмен біраз кило тұздың дәмін таттық. Қасындағы жолдасына берері мол өнегелі жан болатын. Байыпты, салмақты, сабырмен шешім қабылдайтын. Ешқашан асығыс шешім қабылдағанын көрмеппін. Нағыз қазақ болатын. Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін, байырғы ұмыт болып бара жатырған көне сөздерін көп білетін. Қазіргі кездегі айтар дұрыс сөзі жоқ, ішкен-жегенін, кәкір-шүкірді езіп әңгіме көйітетін шалсымақтарды көргенде ауызы дуалы, сөзі салмақты, қақ-соқпен ісі жоқ, пәтуалы әңгімесі тамаша Есахаңның орны үңірейіп тұрғанын көріп қынжылатынымды жасыра алмаймын. Өзімді қазақпын, қазақ ауылда туып-өстім, атам мен мамамнан қазақы тәрбие алдым, қазақша оқыдым, қолым тигенде қазақша кітап оқитыным бар, сондықтан қазақылықты бір қазақтан кем білмеймін деп жүретінмін. Есахаңмен кездескеннен, әңгімелесіп достасқаннан кейін ол ойымнан қайттым, білмейтінім баршылық екенін сездім. Қай жерге бұрғы бойлатып, қай алаңдарды қазып жатырсақ та, Есахаң сол алаңымыздың тарихын, сол маңдағы елдің жақсы мен жайсаңдарын жақсы білетін. Жер бедерін де, малшыларын да, шаруашылық бөлімдерін де әңгімелеуден қашпайтын. Маңғыстаудың талай киелі жерлерін бірге аралап, елсіз даладағы жалғыз жарым тұрған мазарларды, шыңырау құдықтарды ... іздеп жүріп көргенбіз, тамашалағанбыз, Есахаң сияқты білгір гидтен тарихын тыңдағанбыз. Есахаңның(Сыдиық екеуінің де ғой, бірақ Есахаңның қасында көбірек болдым) қасында жүріп институтта көп мән бермеген геология пәнін қайтадан оқып шыққандай, практикалық тұрғыдан көзбен көріп, қолыммен ұстап, керек кезінде Есахаң сияқты білікті маманнан түсініктеме алып дегендей, геолог болып кетуге шақ қалдым десем де болады. Каротаж материалдарын «оқу», тереңдіктегі тау жыныстарының құрылуын, қасиеттерін, пластарға сынақ жасау тәсілдерін ... көп қой үйренгенім, қайсы бірін жаза берейін. Бір сөзбен айтқанда далалық геологияның нағыз профессоры болатын Есахаң. Көп сөйлемейтін, айтатын ойын қысқа ғана айтып тастайтын. Ауызынан шыққан сөзі хас мергеннің атқан оғындай нысанаға дөп тиетін. Мылжыңдап көп сөйлейтін адамдары онша ұната қоймайтын. Оның түсінігінде, онсыз да көзге көрініп тұрған нәрсені қалайша түсінбеуге болады екен дегенге саяды. Қысқа қайырып бір айтып қалатын, түсінсең жақсы, түсінбесең өзің біл, екінші қайталап мыжымайды. Есахаңның бұл әдетін біздер жақсы білеміз, айтпақ ойын бірден қағып алуға тырысатынбыз. Жай басып жүреді, әзілді түсінеді, өзі де әзілдеуден қашпайды. Әзіл демекші, бір жылдары Ералиевтегі ауруханада екеуміз аз уақыт ем алып бір палатада жатқанымыз бар. Мен белден шойырылып түстім, ол да менен біраз бұрын салқын тигізіп емделуде екен. Палатада 6-7 адам жатамыз. Кешке теледидар қараймыз. Бір күні теледидардан, жаңалықтардан Москваға келген үлкен делегацияны көрсетті. Диктор: «... среди встречающих были члены политбюро и другие товарищи ...»,-деп самбырлап жатқанда, Есахаң қасында отырған маған сыбырлап: «Солардың арасында мен де бармын»,-демесі бар ма. Мен аң-таңмын, бұл қалай болғаны, екеуміз бірге ауруханада жатқан жоқпыз ба, қалайша ол Москвадағы үлкен делегацияны қарсы алғандардың арасында болады? Менің түкке түсінбей аңырып отырғанымды көріп ол: «Әй, среди встречающих были ... и другие товарищи» деді емес пе, сол «и другие товарищидің» ішінде мен де бармын»,-демесі бар ма. Мәссаған, енді түсіндім, екеуміз де мәз болып күліп алдық. Содан кейін теледидардан « ... среди встречающих были ... и другие товарищи» дегенді естісем есіме Есахаңның осы әзілі түсе кететін. Сол кезді есіме алып күлетінмін. Ауруханадан ол менен ертерек шығып кетті де, мен де көп ұзамай бітпейтін уколдардан запы болып, уақытым бітпей қашып кеттім. Ауруханада жатқанда да Есахаңнан біраз нәрсе үйрендім. Оның айтуынша адамның ағзасы бұрғылап жатқан скважинаға ұқсас екен. Ал бұрғылау ерітіндісі адам бойындағы қанмен парапар. Бұрғылау ертіндісінің сапасы жақсы, барлық параметрлері ойдағыдай болса, қазып жатырған скважинаның өн бойындағы әртүрлі тау жыныстары да опырылып құламай, сусып кетпей, әртүрлі күтпеген жағдаяттар болмай (газ, су, мұнай шығып кетпей, ертінді жұтылып кетпей) берік болып тұрады, скважина еш қиындықсыз жақсы қазылып шығады. Ал адамның қаны сапалы болмаса, бір параметрлері бұзыла қалса, онда адам да ауыра бастайды. Демек адамның қанын да бұрғылау ертіндісі сияқты химреагенттермен «обработка» жасау керек. Бұны кім ойлаған, мен осыған дейін тап осылайша салыстыруға болады-ау деп үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Міне, біздің Есахаң қандай! Аз ғана күн ауырып жатқанымда сабақ болар пайдалы дәріс алып шықтым, әрі емделдім. Далада да, ауылда да біз сияқты інілерімен өзін тең ұстап, біздермен бірге «тентектік» жасаудан қашпайтын. Далада да, ауылда да ондай «тентектіктердің» талайын жасадық қой, Есахаңмен бірге. Қайсыбірін айтып жырларымды да білмей отырмын?! Ауылға аз уақытқа отгулға келгенімізде барлығымыз бір үйдің балаларындай болып, жұбымыз да, тобымыз да жазылмай бірге жүретін едік. Күн-түн демей бір біріміздің үйлерімізге кіріп барып, таңды таңға ұрып жүре беретінбіз. Күн батып бара жатыр ма, әлде таң атып келе жатыр ма деген нәрсені ойлай қоймайтын едік ол кезде. Көшеге шығып алып бір бірімізді қия алмай, қоштасып алып үйді үйімізге тарай алмай, ақырында тағы біреуміздің үйіне сау ете қалатынбыз. Ол кезде біздерге ешкім де ұрыспайтын, қабақ шытып қарсы алмайтын. Бұл жүрістерімізді «осылай болуы керек» сияқты қабылдайтын. Қонақжай қазақпыз ғой арғы түбі. Есахаң да ет пен сүйектен жаралған адам ғой, пенде болғасын ол да ренжиді, өкпелейді, ашуланады. Бірақ солардың барлығын ішінде ұстайтын, сыртқа шығармайтын. Ұстамды, сабырлы, байсалды болатын. Бірер рет кейігенін, ашуланғанын көргенім бар. Бірде, қондырғы басына жүк әкелген шопыр бізге «шаң басыңдар» деп бір шиша «ақмағамбет» берді. Жолға қажет болып қалар деп үйден ала шыққан ғой. Қондырғының бұрғылау шеберін санамағанда біздер үшеуміз. Қондырғы шебері Есахаңның тумалас інісі болып келеді, жанын баққан, біздер сияқты «тентектіктерге» бармайтын, бабы күшті жан. Есахаң, мен, тағы бір инженер жігіт болып үшеулеп «қылдай бөліп салып алуға» дайындалып көтеріңкі көңіл күймен, жарқын-жарқын күліп құнжыңдап, шай ішетін столға тіске басатын анау-мынауларымызды жинастырып алып «иә, бісміллә» деп кіріскелі жатқанбыз. Есахаңның інісін есепке алмаймыз да, ол жайында ойламаймыз да. Бір шиша «ақмағамбет» үш адамға «қылдай қылып салып алуға» дәл, көбірек болса жақсы болар еді, бірақ барымен базар дегендей ғой. Осыған да шүкіршілік деп аузымыздың дәмін алайық деп ыңғайлана бергенімізде: «Маған да тамызыңдар»,-деп шай кесесін алып Есахаңның інісі де дастарханымызға келмесі бар ма. Біздің аузымыз ашылып қалды. Төртке бөлетіндей көп зат емес қой, төртке бөлінсе «тістің арасында қалып» қояды, дәмін де сезбей қаласың. Қалған екеуміз жаутаңдап Есахаңа қарап көмек күттік. Мынандай келеңсіздікке ол не дер екен, арашалап қалар ма екен, қой дер ме екен інісіне деп үнсіз отырмыз. Әшейінде, ауылда ағыл-тегіл болып «сен же, мен же» болып жатқанда жоламайтын мынаның тап осындай қасқалдақтың қанындай зәру кезінде ортақ бола қалғанын кім жақтырсын. Сонда Есахаң қатты кейіп інісін бір боқтап еді-ау. Бірақ оны түсінетін інісі бар ма, ақыры қоймастан біздің сыбағамызды бөліске салды, төртке бөліп тындық. Үшке бөлінгенде тым жақсы әңгіме айтылып, шай ішілетін еді, ақырында төртке бөліп үн-түнсіз тымырайып отырып қалдық. Әркім өз ойымен өзі болып, тым жақсы отырыс болайын-ақ  деп тұрған еді, «әжептәуір ән еді пұшық байғұс қор қылдының» кері келді де қойды. Не деуге болады?! Тағы бірде, Форт-Шевченко маңындағы бір алаңға жиналып қалдық. Мұнара құралдаушы бригаданың вахта таситын автобусымен кешке қарай көрші малшы ауылға қонаққа бардық. Біршама жігіттерміз. Ортамызда Есахаң бар. Малшы көршіміз күндіз келіп қонаққа шақырып кеткен еді. Малшының үйі шамамен оншақты шақырымдай қашықтықта болатын. Күн бата бардық.Мал сойылып, қуырдақ қуырылып, бауырсақ пісіріліп, қазанға ет салынып ... бәрі дайын екен. Есахаң бастап төрге жайғасып, амандық-саулық сұрасып болғасын қолға су құйылды. Дастархан молынан жайылды. Бәрі де бар екен (ақмағамбеттер де), қызыл қуырдақ та, күмпиіп піскен ыссы бауырсақ та ... Шайға да, басқасына да кірісіп кеттік. Бір мезгілде үй иесі кейбір жігіттерді танымайтынын айтып, танысып отырайық деді. Танысу басталды. Төменгі жақта отырған автобустың шопыры өзіне кезек келгенде «Мен Абайдың ағасымын» деді де қойды. Сол кезде төрде отырған Есахаң: «Өй, бар бол бар болғыр, айтып отырған сөзін қарашы мынаның. Әй, өзіңнің азан шақырып қойған атың жоқ па, неге Әзербаймын деп айтпайсың ...»,-деп жекіріп тастады. Ералиевтің жігіттері ғой бәрі де. Ағайынды Әзербай, Абай деген екі жігіт шопыр болып осы мұнара құралдау бригадасында жұмыс жасайтын. Автобустың шопыры Әзербай да, Абай астауы бар, астауына су таситын қазан орнатқан машина айдайды. Автобус жұмыс бабымен көп жан- жаққа шықпайды, тек вахтаны қондырғы мен вагон поселоктың арасына тасиды. Сондықтан ол көп танымалдыққа ие емес, малшылар оны білмейді, көп көрмейді. Өзі де інісіндей пысықай емес. Ал Абай болса осы өңірдегі мұнара құралдаушы бригаданың маңында орналасқан көрші мал ауылдарға кеңінен танымал. Ауыз су таситын болғандықтан қалаға да, жолдағы ауылдарға да жиі-жиі барады. Арасында малшыларға керекті оны-мұнысын қаладан әкеліп бере қояды, құдықтан су тартатын насостарына(Л-100) бензин, май бере қояды, астауына салып көшіре де қояды, құдықтарын, астауларын шегендеуге қапшықтап цемент те әкеле қояды ... дегендей қолқабысы көп жігіт. Өзі де пысық, сөйлеп тұрған жігіт. Әрине, ондай жігіт ағасына қарағанда танымал болатыны сөзсіз. «Інісі малды болса ағасынан бір жасы үлкен болады» дегендей ғой, малды жанды кім танымайды. Сол Абай ақырында сол жақтағы бір малшының қызын алып тынды. Қазіргі таңда Есахаң ортамызда болғанда, нағыз қазақылықтың халқымызға оралған заманында, ұлт жанашыры, тіл жанашыры болары сөзсіз еді. Қоғамда болып жатырған өзгерістерді ол өте жақсы түсінетін, әр жағдайға байланысты өз пікірі болатын. Лауазымқұмар, атаққұмар, дүниеқұмар, билікқұмар емес, өз ісін біліп, тіке жүріп адал өмір сүрген Аға-досым еді. Отбасымыз аралас-құралас, балаларымыз қатар өскен, Ералиев деген теңіз жағасындағы тамаша ауылда көп жылдар бір көшенің бойында, көп жігіттердің үйлері бір біріне жақын жерде тұрдық. Сыйластық. Есахаңмен соңғы кездесуім облыстық ауруханада болды. Сырқаттанып жүргенін білемін ғой, үйіне барып көңілін сұрап тұратынмын. Сырқаты меңдеп бара жатыр, ауруханада жатыр, жеңгей көп адамдарды жолықтырмайды екен дегенді естіп Ералиевтен жұмыстан соң, кешке қарай Ақтаудағы ауруханаға келдім. Негізінде ауруханаға баруға қорқатынмын, сырқат адамдарға қарауға көп батылым жетпейтін, аяйтынмын. Бірақ Есахаңа қалай келмей тұра аламын, келдім. Жеңгей мені кіргізді. Биік, арнайы төсекте жатыр екен. Жүдеп кеткен, жүзі де аппақ. Көздері ерекше жарқырап, кең ашылып үлкейіп кеткендей көрінді маған. Сөйлесе алмадық, ол да, мен де кемсеңдеп ... Қолын қыса бердім, келгендегі бар бітірген шаруам осы болды. Есахаңның сондағы жәудіреген, жарқыраған көздері әлі күнге көз алдымда. Палатадан шыққасын жеңгей маған: «Шұбырып келіп жататын көп адамдарды кіргізбейтін болдым, әр адамды көрген сайын көңілі бұзылады, жүрегі де, қан қысымы да ойнақшиды, әлсіреп қалады»,-деді. Қош айтысып кетіп қалдым. Қайтыс болғанда жерлеуіне, жаназасына қатыстым, топырақ салдым. Сол күні жерге беріп келгесін садақадан соң Жалғас екеуміз, қасымызда тағы бір Есахаңның мен танымайтын досы бар Есахаңның үйінің іргесіндегі теңіз жағасында тастардың үстіне дастархан жайып еске алдық. Сонымен Аға-досыммен мәңгілікке қоштастым. Жас кетті. Қимағанмен бола ма, бізден ешкім сұрамай тұр ғой.

Музей

 Енді Құрықтағы музей жайына ауысайын. Жоғарыдағы Есахаң жайындағы аздаған естелігімді, оның қандай геолог болғанын жазғандағы айтайын деген ойыма енді келдім. Музейдің аты «Геолог-барлаушылар музейі» деп аталады. Ғимараттың сыртқы жарына үлкен әріптермен әдемілеп осындай жазу жазылған.

 Бірақ ішінде геолог Есахаң жөнінде бір ауыз да ақпарат, мәлімет жоқ. Бұл қалай болғаны? Менің өз басым КЭ «МНГР» геологиясын Есахаңсыз, Сыдиықсыз елестете алмаймын. КЭ «МНГР»- геолог-барлаушылар мекемесі. Демек, геолог деген сөз осы атауда қалайша алдыңғы орында тұрса, біздің мекемеге қатысты кез-келген мәселеде де геологтар алдыңғы орында болуы керек. Геологиялық тапсырыстарды орындайтын, геологиялық мәселелерді шешетін мекеменің басты тұлғалары ГЕОЛОГТАР ғой. Бұрғылау мамандары менің бұл айтқаныма түсіністікпен қарар деп сенемін, біздер(бұрғышылар, мұнара құралдаушылар, тампонажниктер ... т.б) тек геологтардың тапсырмасын орындаушылармыз, қызмет көрсетушілерміз. Геологиялық барлама бұрғылау жайынан көп хабары жоқ оқырмандар үшін де, хабары барлар үшін де геологтардың қазылған әр скважинаға қандай қатысы болатындығын жазып қарайын. Болашақта қазылатын скважинаның елсіз даладағы «точкасын» геолог пен топограф картадағы координаттары бойынша (ендігі, бойлығы градустармен көрсетілген) іздеп табады, содан ол «точканы» геолог топографтан актпен қабылдап алады да мұнара құралдаушыларға көрсетеді, белгі қояды. Міне, осыдан бастап болашақ скважинаның өмірдерегі басталады, құжаттары жинала бастайды. Содан скважина қазылып болғанға дейінгі жасалған барлық жұмыстар мұқият түрде хатталып тіркеле береді. Қашан басталды, қай тереңдікке қандай колонна түсірілді, қай тереңдіктерден қанша керн алынды (керннің шығымы қандай болды, қандай порода ...), қай тереңдікте қандай тау жынысы бар, олар қалай ауысты, қай тереңдікте қабатқа сынақтар жасалды, ол сынақтардан қандай нәтиже алынды, скважина қазу барысында жасалған көптеген каротаж материалдары ...ойпырмай, не керек қазылған скважинаның түгел құжаты геологтардың жинастырған папкасында түгелімен тігіліп тұрады. Қашан аяқталғаны, қандай нәтиже бергені де(мұнай-газ шықса жақсы, ештеңе шықпаса да геологиялық тұрғыдан жер қыртысы жөніндегі мәлімет алынды ғой) жазылған толық ақпарат жинақталады сол папкаға. Адамға тап сондай ақпарат жиналмайтын болар. Міне, әр скважинаға жүргізілген осы жұмыстардың барлығы да геологтардың тікелей басшылығымен, қатысуымен жасалатыны сөзсіз. «Сухой» скважиналардың(мұнай-газ табылмаған) басына «памятник»(қандай скважина, қашан басталып, қашан аяқталғаны жөніндегі ақпарат жазылған тақтайша)қойылып біткенше геологтар осы скважинаға жауапты бірден бір тұлға. Маңғыстау түбегіндегі қазылған қаншама скважиналардың(мұнай-газын беріп тұрғаны бар, «сухойлары» бар) басында Есахаң мен Сыдиықтың геологиялық етіктерінің іздері сайрап жатыр, айналасындағы топыраққа маңдайларынан төккен қаншама терлері сіңбеді десеңші. Ал сондай жанқиярлық еңбегі бар ГЕОЛОГТАРДЫҢ музейден көрінбеуі ойлантады. Сондай әр скважинаны қазу барысында олар қаншама күш-жігерін жұмсады, тер төкті, апталап-айлап үй көрмей далада жүрді, денсаулығын жоғалтып(ерте өмірден өтуіне себеп болған) жүйкесін жұқартып жұмыстанды десеңші. Далалық барлық ауыр жұмыстарды иықтарымен көтеріп, белдері қайыспай нар түйедей алып шықты емес пе? Тек далалық жұмысты емес, кабинетте отырып барлық қазылған скважиналардың тарихтарын, ақпарат-мәліметтерін сауаттылықпен, өздеріне тән асқан ұқыптылықпен жасақтап жоғары жаққа тапсырды емес пе? Мен КЭ «МНГР» мекемесінде 32 жыл қызмет жасаған екенмін, сол ғұмырымда менің алдымда жүрген, қызмет жасаған осы екеуі болатын. Ал олардың екеуі де менен жасы үлкендер ғой, менен әлдеқайда бұрын жұмысын бастаған ардагерлер емес пе. Тағы да қайталап айтамын, осындай тамаша мамандардың, геология саласының білгірлерінің, далалық практикалық геологияның профессорларының(оларға өзім берген құрметті атағым) орны «Геолог-барлаушылар музейінің» жоғарғы жағында болуы абзал.

В.П.Токарев, В.В.Нечаев сияқты нарқасқалардың білікті ізбасарлары ретінде,  тұрғылықты елдің жастарының арасынан өсіп шыққан Сыдиық пен Есахаңның есімдері солармен бірге аталғаны, КЭ «МНГР» геологиясына сіңірген еңбектері дұрыс бағаланғаны халықтың ризашылығын туғызары сөзсіз. Қандай құрметке де лайықты маман геологтар ғой. Маңдай терімен, барлық саналы ғұмырын сарп етіп адал еңбектерімен жинаған абыройлары осылайша еленсе, тиісті бағасын алса дейсің ғой. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді, ал В.П.Токарев, В.В.Нечаев осындай шәкірттер дайындап шығарғанын қазіргі күнде біреу білсе біреу білмес те. Осынау Кеңестер Одағына танымал нарқасқа мэтрлардың тәрбиесін көрген, біліктілігімен олардың сый-құрметіне бөленген біздің Сыдиық пен Есахаңдарды көкірек керіп айтып мақтануымыз керек. Менің ойымша, музей жұмысы былайша ұйымдастырылса деймін ғой. Барып көрмегесін, тек сырттай жобалап тон пішіп айтқанымды кешірерсіздер, жағдайыма байланысты әзірге бара алмай отырмын. Музей көптеген бөлімдерден құралған экспозициялардан тұрса, ең алғашқы экспозиция трест «МНГР»-дің тарихына, оның құрамында болған көптеген экспедициялардың жұмыс жасаған кезеңдеріне ... арналса. Бұл кіріспе, жалпы мәлімет беретін экспозиция болар еді. Содан кейінгі экспозиция міндетті түрде геологтарға арналуы керек. В.П.Токарев, В.В.Нечаев бастаған геологтардың бел ортасында Болатбай Матаев, Сыдиық Диханов, Есенқұл Жолдасбаев, Айладыр Әмірхановтар сияқты біздің Қара Шаңырақ мекемеміздің геологтары арасынан ойып тұрып алатын орындары бар осынау геологтардың өмірбаяндары, суреттері, қосқан үлестері, жұмыс жасаған алаңдары көрсетілген мәлімет, жұмыс барысында қолданған құралдары(компастары, 10-20 метрлік рулеткалары, 1-2 метрлік метрлері, керн сындыратын балғашықтары, лупалары, жұмыс блокноттары-киіз кітаптары ...)қойылса, көрсетілсе дұрыс болар еді. Геологтарға тән осынау құралдардың барлығын да мен өзім жоғарыда жазған екі геологтың жол қапшықтарынан түскенін көрген емеспін. Үнемі қолдарынан түсірмей пайдаланатынын жақсы білемін. Қазіргі кезде ортамызда өздері жоқ болса да, үйлеріндегі бір замандарда далаға шыққанда ұстайтын жол сөмкелерінде осылардың барлығы да тап-тұйнақтай болып жинаулы тұрғанына мен сенімдімін. Жарлары, ұрпақтары «әкеміздің көзі» деп сақтап отырғаны анық. Ең бастысы, олардың «киіз кітаптары»(жұмыс блокноттары), әрқайсысында да ондай «киіз кітаптар» өте көп болуы керек. Сол жұмыс блокноттарының бірер данасын сұрап алып экспонат қылып қою керек. Сол блокноттарды дұрыстап расшифровка жасап оқи алсақ, талай құнды мәліметтерге, ресми ақпараттарда көрсетілмеген көптеген сырларға қанық болуымыз әбден мүмкін. Содан кейінгі бөлімдер рет-ретімен кете береді ғой. Бұрғылау саласы, мұнара құралдау саласы, скважиналарды сынау, бекіту саласы, арнайы техника-автокөлік саласы, ауыр техника паркі, құрылыс саласы, жұмысшыларды жабдықтау саласы, шипажай-профилакторий жайы, оқу комбинаты, «Геологтар» клубы жайы, геолог-барлаушылардың далалық тұрмысы, ауылға келгендегі жатақханадағы тұрмыс ахуалы жайлы ... бөлек-бөлек экспонаттар болса, сонда мекемеміздің жағдайынан барынша толық ақпарат алып, тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуға болар еді. Сол кезде барынша кең қамтылған мәліметтер жиналған музей болары сөзсіз. Музейге көрсететіндей дүниелеріміз көп-ақ қой. Бұрғылауда жеткен жетістіктерімізді, оның мамандарын жазудай-ақ жазып келеді, бұл сала барынша жұртқа таныс, музейде де экспонаттар жеткілікті жиналған сияқты. Мұнара құралдаушылардың өмірі, далалықтағы жұмыстары, олар қолданатын ауыр арнайы техникаларды жүргізетін механизаторлар жайын дұрыстап көрсеткен абзал. Бұлардың еңбегі қалай мақтауға да тұрарлық. Олардың көрген қиыншылықтарын ауызбен айтып жеткізу қиын. Тек қана бір, өте ауыр Уралмаш-3Д бұрғылау қондырғысын жүздеген шақырым қашықтыққа(қысқы боранда, жаздағы аптап ыстықта, қалың қар мен ми батпақ балшықта ...)апталап сүйреп, жолда сансыз қиыншылықтарды жеңіп, кейде ыстық ас ішпестен ... «точкаға» жеткізуінің өзі неге тұрады?! Жанқиярлық еңбек қой.

Автокөлік мекемесінің далалықтағы мұнара құралдаушылар мен бұрғылау қондырғыларына жүк жеткізетін жүргізушілерінің еңбегі де ерекше атап көрсетуге тұрарлық, елсіз мидай жазық далада (ешқандай ориентир жоқ, сансыз жолдарда адасып кеткендері қаншама) дұрыс бағыт алып, жалғыз қондырғыны тауып бару, жүкті уақытынан кешіктірмей жеткізу айтуға ғана оңай.

  Құрылысшылардың еңбегін(СМУ) неге бөлек атап көрсетпеске? Ералиев поселкесінің сәнін келтірген қаншама тұрғын үйлер салынды десеңші. Көп пәтерлі екі қабатты балконсыз (ваннасы, әжетханасы, асүйі бар) үйлерден басталып, балконы бар тап сондай үйлермен жалғасып, мамандарға деп арнайы салынған бір подъезді, екі қабатты, кең бөлмелі үйлер тұрғызып, одан әрі «Тұрғын үй-91» бағдарламасына сәйкес шаруашылық есеппен тұрғындардың өзі салып алған кең аулалы, бөлек орналасқан гаражы, сарайы бар коттедждер (жобасы, барлық құрылыс материалдарын түгелімен мекеме береді, өзіңе салып алған үйіңнің еңбекақысын да мекеме төлейді) неге тұрады. Оның бер жағында, далалықтағы қондырғылар басындағы әдемі тұрғын вагон-үйшіктерді де, киім кептіретіні бар шешініп-киінетін, жуынатын вагондар мен асханаларды да осы құрылыс мекемесінің шеберлері арнайы дайындалған жобамен жасап шығарып, жыл сайын жөндеуден өткізіп тұрды ғой.     

   Ал шипалы минералды суының атағы бүкіл Кеңестер Одағына кеңінен тараған, жанына шипа іздеген сырқаттар Одағымыздың түкпір-түкпірінен келіп ем алып кететін атақты шипажаймыз болғанын, тұрғылықты геолог-барлаушылар да ит арқасы қиянға шапқыламай денсаулығын  осы профилакторийден түзеп алатыны барлығымызға да белгілі емес пе. Осы шипажайдың қызметін де, қызметкерлерін де әдемілеп көрсетуге болады ғой.

  Өз арамызда «Учкомбинат» деп аталып кеткен, кереметтей жабдықталған(ауласында жұмыс жасап тұрған бұрғылау қондырғысы бар), еліміздің батыс өңіріндегі мұнайлы облыстардың барлаушы бұрғышылары ағылып келіп білімін жетілдіріп, дәрежесін көтеріп жататынын да естен шығармауымыз керек. Жақсылап көрсетіп, жарқыратып жеткізуіміз керек.

  Жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің(ОРС) жұмысын да ұмытпаған жөн. Далалық бұрғылау бригадаларының асханаларының тамағының сапасы, алуан түрлілігі анау-мынау ресторанның ас мәзірінен артық болмаса кем емес еді. Неше түрлі дәмді тағамдар дайындаудың хас шеберлері жұмыс жасайтын еді. Ал Ералиев поселкесіндегі біздің ОРС-тың дүкендерінде жоқ емес дүниенің барлығы болатынын бәріміз білетінбіз. Біздің ауылдың дүкендеріне Өзеннен, Шевченкодан, Жетібайдан сенбі-жексенбі күндері халық шұбырып келіп, өздерінде жоқ, іздеген дүниесін тауып алып кететінін кім білмейді.

  Жөндеу-прокаттау цехы(РПЦ) шағын заводтан бір де кем емес еді ғой. Қандай шебер токарьлар, ұсталар, жөндеушілер, технолог шеберлер, өнертапқыштар ... жұмыс жасады десеңші. Бұрғылау қондырғысына, бұрғылаудың өзіне қажетті механизмдерді тек қана жөндеп қоймай, оларды ары қарай дамытып, өнертапқыштық ойларымен жетілдіре түсіп небір кереметтерді жасап шығарған цех еді-ау кезінде. Бір цехтың өзінде қаншама бөлімшелер болды(турбобур жөндеу, электроқондырғыларды жөндеу, дизельдерді, компрессорларды жөндеу, дәнекер жасайтын бірнеше постардан тұратын алып ангары бар арнайы бөлімше, алып көріктермен, заманауи пневмомолоттармен(балғалармен), металл турайтын өткір пышақты гильотинамен жабдықталған ұстахана, ЧПУ(числовое программное управление)-мен жабдықталған токарьный станоктар, фрезерлі станоктар, қисайған-майысқан бұрғылау құбырларды түзететін арнайы құрылғысы бар верстак-станок, әртүрлі өлшем құралдарын(ГИВ- 6, манометрлер ...)жөндейтін, электромоторлар-құралдар жөндейтін, әртүрлі дизельдер оңдайтын цех ... Айтып тауыса алмаймын, кереметтей кең аулада орналасқан, көптеген шағын цехтардан тұратын шағын завод еді ғой, шағын ғана жөндеу-прокаттау цехы (РПЦ) деп айтуға аузың да бармайды.

  Жұмысшылар жатақханалары, ИТР жатақханасы, ұшқыштар жатақханасы, әйелдер жатақханасы дегендеріңнің өзі бір керемет еді. Ішкі тәртібі қандай, бұрғышылардың жататын төсек орындары, бөлмелері, демалып отыратын орындары, есік алдындағы беседкалары ... бәрі-бәрі мұнтаздай таза, тәртіпке бағынған күйде тұратын.

  Радиостанция. Күндіз-түні бір тынбай жұмыс жасайтын, даладағы бұрғылау қондырғыларынан ақпарат жинайтын цех. Бұл цехтың да жұмысы маңыздылығы жөнінен басқа цехтардан қалыспайды. Ол болмаса құлаққа ұрған танадай өлі тыныштық орнар еді, хаос басталып кімнің қайда екені, немен шұғылданып жатқаны белгісіз болар еді.

  «Геологтар» клубы да жақсы еді. Геолог-барлаушы көркемөнерпаздар үнемі алдыңғы орындардан көрініп жүретінін бәріміз білеміз ғой. Сол кездегі аудан басшыларының бірі болған Есен Күмісқалиев ағамыздың мұрындық болуымен құрылған атақты «Ақжарма» ансамблі құрамының нобай мүшелері осы «Геологтар» клубындағы геолог-барлаушы көркемөнерпаздардан тұратынын мақтанышпен айтатынбыз. «Ақжарма» ансамблі сол кездегі алдыңғы қатарлы, әдемі ұлттық қазақы киімдермен киінген, көрерге көз керек ансамбль болды, шетелдерге де шықты.

Жоғарыда жазған әрбір мекеменің елге еңбегі сіңген басшылары, мамандары болды, соларды ұмытпай көрсеткен ләзім. Мысалы, ОРС мекемесінде Жолболды Кенебаев, Арон Төлегенов, Жұмағали Басшыбеков ..., Учкомбинатта Мәдер Әділов , Бақтығали Ыхсанов, Бексиық Бекенжанов, Қыдырқожа Жүмбитов, «Геологтар» клубында  Орын Құлсариев , Бақыт Жолдасов, Еділ Бақыбаев, Шипажай профилакторийде Тарғын Мақтағанов, Сарагүл Бекенжанова, Қарашаш Нұрлыбекова(?), ..., Радиостанцияда А.Куценко, Алтай Иманбаев, Григорий Артюхов, Құби Боранқұлов, РПЦ-да Қуаныш Сүлейменов, Абдельбари Ғалиев, Валерий Фельдман, СМУ-да Дмитрий Ковтун, Үбән Шарипов, Қали Оңғалбаев, Ақболат .... Бұлардың барлығын біздің геолог-барлаушылар мекемесінің «тірі шежіресі» саналатын Сатыбалды Нұрлыбеков ағамыз жақсы біледі. Осы мекемелердің әрбіреуінде де алдыңғы қатарлы, өз ұжымына беделді қарапайым жұмысшы аға-апаларымыз болды, олардың көпшілігі әлі де болса көз алдымда, бірақ аты-жөндерін ұмытыппын, қате жазудан қорқып жаза алмай отырмын.

  Қазіргі заманда осы жазғандарымның барлығы да көкейімізде, санамызда сайрап тұрғанымен, жылдар өткен сайын біздің қатарымыз сиреп бара жатырғанын да ойлауымыз керек. Енді бір 5-10 жыл өткесін КЭ «МНГР»-дің өзін де, оның құрамында болған жоғарыда жазғанымдай тамаша бөлімшелерді де, оларда жұмыс жасаған ардагерлерді де ұмыта бастайды. «Орны бар оңалар» деген сөз бар, бірақ Құрықтағы мен әрбіреуін атап жазған мекемелердің қазіргі заманда орны да жоқ қой. Кешегі өткен тоқсаныншы жылдардың аяқ жағындағы қиын кезеңде қаңырап бос қалған олардың орындарын, жұртын тып-типыл қылып тазалап, рекультивация жасап жерін әкімдікке тапсырғанбыз. Қинала-қинала, қимай-қимай тазалағанбыз. Өзім куәмін. Сондықтан да қазіргі жасақталып жатырған «Геолог-барлаушылар музейінің» маңызы ерекше екенін атап өтпеске болмайды.

Тағы да қайталап айтамын, бұл жазғандарым музейді көрмей тұрып, осындай болса ешкім де наразылық танытпас еді, еңбегі сіңген барынша көп ардагерлер қамтылар еді деп, өзімше жобалаған ойым ғана Құдай қойса, барармыз-көрерміз, мүмкін барлығы да тамаша жоспарланып, менің жазғанымнан да көрнекті болатындай жобамен жұмыс жүріп жатқан да болар, тек уақыт жетпей, әзірге жоспарлары толыққанды іске аса алмай жатқан да болар. Ылайым да солай болғай деген тілегім бар.

 Өмірден өтіп кеткен жолдастарымыздың, достарымыздың, бір кездері қоян-қолтық араласып, жұбымызды жазбай еңбек еткен, бір үйдің балаларындай болып бірге жүргендердің ешқайсысы да атаусыз, елеусіз қалмауын, ұмытылмауын барынша қадағалап, қолымыздан келгенінше оларды жарыққа шығаруға, елдің жадына салуға, көтермелеп отыруға тиістіміз. Бұл біздердің, тірілердің парызы деп деп түсінемін. «Өмірдің көбі кетіп азы қалды, Айдын көлдің аққуы кетіп қазы қалды ...» деген өлең жолдарында айтқандай бес күн тірлікте сыйласқаннан артық ештеңе жоқ. Сондықтан да осы жазбамды жаздым. Ең болмағанда осы азаматтардың аты менің жазбаларымда болса да қалсын, жоғалмасын, өз пікірімді білдіріп болса да ортақ іске қосқан үлесім болсын деген ойым еді. 

 

Бәкөн әл-Сағыз

Ақтау.

2018 ж., қараша.