МҰНАЙШЫ ЖАЗБАЛАРЫ

МҰНАЙШЫ ЖАЗБАЛАРЫ

Еліміздің алға  қарыштап дамуына зор үлес қосып жүрген мұнайшылардың еңбегі ұшан-теңіз екенін барлығы да біледі. Қиындығы мен қызығы көп осы мамандық иелерінің  өскелең ұрпаққа  айтар естеліктері де аз емес. Сайтымызда  атақты мұнайшылар әулетінің өкілдерінің бірі Нұрберген Өтепұлы Балғымбаев ағамыз орсы тілінде «ЗАПИСКИ НЕФТЯНИКА» және  қазақ тілінде «МҰНАЙШЫ ЖАЗБАЛАРЫ» атты естелік циклдары жарияланған болатын. Осы жолы өзінің естеліктерімен ардагер геолог-барлаушы «Құрмет» орденінің иегері Бисенбай Бисенғалиев ағамыз бөліседі.  Жазбаларына сөз берелік.

 

26239925_1591159477588339_2778668957311287349_n

Құрметті оқырман қауым!

 Мен Доссордың жанындағы Сағыз мұнай кәсіпшілігінде туып-өстім. Мектепті ауылда 7 жылдық мектеп болғасын, Қошқардағы интернаттан бітірдім. 1969-74 жылдары Каз.ПТИ-де оқыдым, бұрғышы мамандығы бойынша. 1974 жылдан бері Маңғыстауда тұрамын. КЭ "МНГР" мекемесінде үзбестен 32 жыл жұмыс жасап, 2006 жылы денсаулығыма байланысты (инсульт) демалысқа шықтым. Тайсойғанда бала кезімде жазғы каникулдың көпшілігін Тайсойғанда өткізетін едім. Құм шағылда асыр салып ойнайтынбыз, тазымен қоян қуғызып, Жарыпшыққан өзенінен балық аулап дегендей ... Тайсойған ауылы "Энгельс" совхозының екі фермасының орталығы болды. Қарабаудан Тайсойғанға жетудің өзі қиын болатын, талай рет жолшыбай машина күтіп, машина болмағасын трактордың прицепіне мініп барғаным есімде. Полигонның жағдайын да білемін, мотоциклмен барғанымда бірнеше рет Мақаттың арғы жағында орналасқан әскерилердің қуғанын, олардан қашып құм арасындағы мал жүретін жалғыз аяқ сүрлеумен қуғыншыларды адастырып кеткенім де бар болатын. Әскерилердің атып құлатқан ракеталары жайлауда отырға малшылардың киіз үйлерінің жанына құлағанын да көргенмін. Мына сайтты ашқандарыңыз өте жақсы болған екен. Сәттілік тілеймін!!!

 Қарап отырғанша деп қолымнан келгенінше геолог-барлаушылардың өмірінен сыр шертетін аздаған естеліктерімді Сіздердің назарларыңызға ұсынғым келіп отыр. Өздерің сезетіндей, мен жазу өнерінен алшақ мамандықтың иесімін. Саналы өмірімнің барлығына жуығы киелі 360 әулиелі Маңғыстаудың шашылып орналасқан барлық бұрғылау алаңдарында өтті. Бұл өмірдің өзіне тән қызығы да, шыжығы да жетерлік болғанын жазған жазбаларымнан көре жатарсыздар. Ешқандай әсірелемей, тек шындықты, тіл байлығым жеткенінше жазғанымды қаперлеріңізге беремін. Қателіктері болса, ұқсата алмаған жерлерім болса кешіріммен қарарсыздар. Өзім таңдаған осынау қиындығы мол мамандықты сүйемін, әттең қолымнан келсе, ондай талантым болса, геолог-барлаушылар өміріне арнап жырлар, поэмалар да жазар едім. Ал ондай өнерім, талантым болмағандықтан үндемей қалуды дұрыс емес деп санап, осы «шытпақтарымды» жазуды қолға алғанмын. Сіздермен де бөліскім келді, араларыңызда бұрғышылар, геологтар, мұнайшылар болса түсіне жатар деген оймен. Қабыл алыңыздар!

Бисенбай Бисенғалиев

Ардагер геолог-барлаушы

 

Түнгі вахтада

        Институтты аяқтап, жұмысқа тұрған кезім. Алғашқы қыс, көп болса 3-4 ай жасаған шығармын, бір өлімнен қалғаным бар.

          Қатты боран борап тұрғанына бірнеше күн болған. Вахтада адам жетіспейді, мен верховоймын. Долотоны ауыстыру үшін құбырларды көтеру керек, жаңасын бұрап, қайта түсіріп қазуымыз керек. Аз адаммен жұмыс жасап жатырғанымыз бұл бірінші вахта емес, әбден үйреніп алдық. Бірақ қолайсыз ауа- райында жұмыс жасау тіпті қиын екенін бәріміз жақсы білеміз, оның үстіне 6 дюймдық ауыр УБТ-ларды мынандай құтырынған желде «палецқа» қойып, қайта шығару дегенің жоғарыдағы жалғыз верховойға өте қиын. Бұны бұрғышы да сезеді, бірақ маған ештеңе демейді, себебі қолынан келетін көмегі жоқ, басы артық адам жоқ. Бұрғышыдан басқа ротордың үстінде бір адам, оған моторшы көмектеседі, жоғарыда жалғыз менмін. Мен 37 метр биіктікте тұрсам, екінші верховой 25 метр биіктіктегі ортадағы люлькада тұрып көмектесуі керек, осындай қиын жағдайда кейде жоғарыға үшінші адам да шығып, ауыр УБТ-ларды тартып алуға, қайта шығаруға, элеваторға ілуге маған көмекке келетін болатын. Бірақ ол вахтадағы адамдар толық болғанда ғой, ал бүгін ондай мүмкіндік жоқ. Бұрғылау қондырғысын адам жоқ екен деп тұрғызып қоюға да болады, бірақ олай істеу үшін бұрғышы өзі таза адам болуы керек. Ал біздің «ішкішбай» бұрғышының «кінәсі» көп, қондырғы басшысына барып айтуға дәрмені жоқ, бірақ қарамағындағы біздерге құдайдай. Екінші жағынан жоспарды да орындау керек, жоспар орындалса ақшаң жақсы болады, сыйақы болады дегендей. Жалғыз басты, сабау қамшылы маған ақшаның құны «беш тиын». Не де болса құдайға сыйынып, көтеруді бастап кеттік. Жоғарыға қарай баспалдақтармен көтерілген сайын құтырынып соққан желдің күші күшейді, мені жұлып әкетуге тырысатын сияқты. Әдеттегідей бойыңды тіке ұстап баспалдақпен көтерілу мүмкін емес, төрттағандап жатып еңбектеп, баспалдақтардан айырылып қалмауға тырысып, қайтадан төмен түсуге арланып, намысқа тырысып тістенумен келе жатырмын. Біздің вахтадағы 4 адамның арасындағы жалғыз қазақпын, қалғандары бұрыннан жасап келе жатқан бұрғышы-осетин, моторист- шешен, бұрғышының көмекшісі- чуваш, сондықтан да олар «қазақ-қорқақ» деп күлмесін деп тырысқаным да бар. Ең бастысы, жалындап тұрған жаспын ғой. 37 метр биіктікке шыққанша көресімді көріп шықтым. Түнгі вахта. Жоғарыда жел өте күшті, қар аралас жаңбыр ұрып тұр, бет қаратпайды, оснастканың ызылдаған, уілдеген дауысы да жаман, қондырғы шайқалып тұрған сияқты әсер береді. Қорқынышты болғанда сұмдық. Неге ғана шықтым екен деп ішім қылпылдап тұр, шықпауыма да болатын еді, мені зорлап ешкім жұмыс жасатпайтын да еді, өйткені күшті желде ереже бойынша жұмыс тоқтатылуы керек. Болар іс болды, өзімді-өзім қайрап, жұмыс жасауға ұмтылдым. Көтеру басталды. «Палецке» әрбір свечаны байлап, күшпен тартып алып жатырмын. Байланған свечалар бір- біріне соғылып, жіптерді үзіп шашылып кететіндей болып зәремді алады. Көтерудің аяғына таман қатты тоңдым, әбден ит сілікпем шығып шаршадым. Жұмыстың ең ауыры енді келді- бірнеше свеча 6 дюймдік ауыр УБТ-ларды көтеріп, оларды палецке қойып, долотоны ауыстырғаннан кейін оларды біртіндеп палецтен шығарып элеваторға ілуім керек. Бұған дейін жанталасып жұмыс жасағанымның барлығы осының қасында еріккеннің ермегі сияқты, жеңіл ғана шаруа болып саналады.

Отандық құбырлардың стандартқа сай  болғанын көрген емеспін, біреуі екіншісінен көп қысқа, не көп ұзын болып тұрады, тіпті де біркелкі деңгейде болмайды. Материалдары да осал, вермишель лапша сияқты ирелеңдеп, қиралаңдап бұратылып, садақша иіліп ырқыңа көнбей, зықыңды шығарады. Сондықтан свечаларды элеватордан шығарып алу мен элеваторға ілу дегенің өте қауіпті.  Верховой жұмыс жасайтын люлька, ол кезде, тұрақты бір биіктікке орнатылған. Қауіпсіздік ережесі бойынша төменге құлап кетпеу үшін қауіпсіздік белбеуін тағып жұмыс жасап, салмағың ауып кетпеу үшін кеудесінен төмен люлькадан асылып жұмыс жасауға болмайды. Ал ережеге салсаң жұмыс жасау тіпті мүмкін емес. Әртүрлі ұзындықтағы свечалармен жұмыс кезінде қауіпсіздік белбеуі тағылмайды, тек комиссия тексергенде ғана көрсету үшін ілулі тұрады. Верховойдың бойы қысқа болса аяқ астына биіктеу шпал ағаш қойылады, сонда ғана ол еркін қимылдап белуарына дейін люлькадан асылып, биіктегі элеваторға жететін болады, жетпей жатса қолына ұзын крючоктың көмегімен элеваторды ашып-жабады. Өте қауіпті, бірақ барлық верховойлар осылайша жұмыс жасайды, басқаша тәсіл жоқ. Осындай биіктікте ешқандай қорықпастан емін еркін, палецтің бойымен, керек кезінде мұнараның диагональдарымен де, қауіпсіздік белбеуін тақпастан, циркте сияқты жүре беретін жүрек жұтқандар да көп болатын. Солардың біреуі де сол биіктіктен құлап жазым болды дегенді естімедім.  Көп жылдардан кейін жұмысымыз механикаландырылды. Біздің отандық нашар құбырлардың орнына жапондық құбырлар да келді. Жапондық құбырлар керемет дүниелер екен, материалы мықты, майыса қоймайды, ұзындықтары қолмен кескендей қылып бірдей. Бірақ олардың барлығы кейін болды, верховой болып қызығын мен көре алмадым, өмірде ондайлар болады екен деп үш ұйықтасам да түсімізге де кірмеді...

вышка

... УБТ деген ауыр пәлекеттерді әупірімдеп жүріп, бұрғышы қармақтың күшін пайдаға асырып, палецке қойып, долото ауыстырылды. Енді түсіру басталды. Ызғырық бораннан, қар аралас жаңбырдан бүкіл денем дірілдеп, қатып қалдым, аяқтарым да, қолдарым да илікпей, ағаш сияқты қақайып қалды.  Верховой палатасының барлық жабындылары ескі болатын, бұрында да жыртық жері көп болатын, енді мына бораннан сау-тамтығы қалмады. Боранның өтінде, тығылатын ық таба алмай мен қалшылдаудамын. Едендегі темір астауға от жағып қойғанмын, отқа солярка құйып қоямын, қара түтіні қолқаны қабады, оттың үстіне түсіп кетсең де көп жылуы жоқ, отқа ұстап тұрған жерің сәл жылуы мүмкін, бірақ қалған жерлеріңнің барлығын қарлы үскірік боран жалмап жеп бара жатыр. Оның үстіне палатаның тұсында жанып тұрған жалғыз шам да бір мезгілде  сөніп қалды. Енді тіпті елсізде жалғыз қалғандай күйдемін, ызғырған, ішін тартып ұлып соққан әлемет боран көңіл-күйімді әбден түсіріп болды. . Кронблок жақта бір шам, менен төмендеу палатаның тұсында бір шам қалды. Жарық барда, элеватор өзіме ыңғайлы жерге келгенде бұрғышыға қолымды шартты белгілермен бұлғап белгі беретін едім, ал енді қалай болатыны белгісіз, ол мені көрмейді. Тәжірибелі бұрғышылар лебедкадағы оралып жатырған талевый қанаттың деңгейіне қарап элеватордың қай тұсқа жеткенін біледі, бірақ бұл тек жалпы жобасы ғана. Ал мынандай құтырынған боранда, свечалардың ұзындықтары әртүрлі болған жағдайда, оның үстіне верховой жалғыз адам болса, элеваторға ілетіні өте ауыр УБТ-лар болса, жарық жоқ болса қалай жұмыс жасауға болады? Негізінде, мақтанғаным емес, мен осы кезге дейін әбден тәжірибе жинақтаған тәжірибелі верховой болатынмын, институтта жүргенде жазғы тәжірибелерде, осында жұмысқа тұрғалы да бұрғылау қондырғыларында верховой болып жасап жүргенмін. Әккі верховойлар сияқты мен де ауа-райы жақсы кездерде талевый блокты тоқтатпастан, тұсыма келе бергенде свечаларды лақтырып іліп жіберіп, элеваторды сарт еткізіп жауып жіберіп, талевый блок еш кідірместен жүре беретін. Бұл да үлкен өнер еді, көп машықтануды қажет ететін. Бұлардың барлығы да ашық-жарықта көңіл күйіңмен құштарланып жұмыс жасап тұрғанда ғой. Ал менің мына жағдайымды ешкімнің басына бермесін, өте аянышты күйде едім. Бұрғышым да өте әккі пәле ғой, менің де, өзінің де жағдайын ойлап элеваторға іліп маған дайын, тек оты жағылмаған бір факел, сырты қалың киізбен (техническая кошма) қапталған үш литрлік банкамен ыссы шай беріп жіберіпті. Факелді жағып, таль.блок тұсыма келгенде бұлғап белгі беретін болдым, ыссы шай ішімді сәл жылытқандай болды. 1-2 УБТ-ларды әупірімдеп ілгендей болдым, осыларды ілгенше қаншама азап шеккенімді тек өзім білемін. Келесі УБТ өте ұзын свечаны  элеваторға ілуге әрекеттендім, свечаны ұстап тұрған жуан арқан ылғалданып, сіресіп қатып қалыпты. Қолғаптарым да мұз болып қатып қалған, саумақтарым  домбығып ісіп кетті, дегеніме көнбейді. Есіл-дертім- тек осы свечаны іліп құтылу, келесі свечалар жай құбырлар, осыдан құтылсам болғаны. Осы свечаны көтеріп палецке  қою да өте қиын болған, енді  қайта ілу де оңай болмайын деп тұр. Көтеру кезінде сәл де болса әлім, күшім болса, қазір боранмен, қатты суықпен арпалысқан  денемде ешқандай күш қалмағанын сеземін, бірақ өлсем де бірдеңе қылып ілуім керек. Элеватор келді, патрубокке ілу үшін өте биікке жеткізіп тоқтаттым таль.блокты, жайлап саумалап қолымдағы арқанды босата бастадым. Свеча элеватордың есігіне кіргенінше босатуым керек, өзім бүкіл денеммен люлькадан шығып та кеттім, сәл қателік жасап, аяғым тайып сүрінсем болғаны-биіктен төмен қарай ұшамын. Оны ойлауға мұрша жоқ, бар ойым элеватор мен соған бағытталған свечада. Осы кезде саумалап жіберіп тұрған арқанымның арасына (свечамен екі араға) қолғабыммен бірге қолым да қыстырылғанын байқадым, жанымды шығарып езіп бара жатыр, ауыр салмақ мені өзімен бірге люлькадан суырып алып, мұнараның ортасына қарай ілестіріп алып бара жатыр! Ауыр свечаны кейін тартатындай менде күш те жоқ, сәл де болса күш алып аяқтарымды тірейтін люлька да менен алыстап бара жатырған сияқты. Жаным көзіме көрінді, «осымен біттім, өлген жерім осы екен» деген ой  миымды жарып өтті. Әйтеуір, көретін жарығым әлі таусыла қоймаған екен. Қолғабымнан қолымның қалай суырылып кеткенін өзім де білмеймін (әлі күнге мен үшін жұмбақ, АЛЛАМ сақтап тұр ғой), қолым шыққан бойда свечаны ұстап тұрған арқанға жабысып сәл кейін шегінуге талпындым, сол кезде ышқына соққан жел таль.блокты да, элеваторға кіріп үлгерген ауыр свечаны да,  ажалмен арпалысып жатырған мені де кейін қарай қатты күшпен итеріп жіберді. Аяғымның ұшы люльканың еденіне тиюі мүмкін екен, тап мұрнымның алдына келіп қалған (сәл болғанда люльканы да жаншып кететіндей болып) свечаны көріп, осы мүмкіндікті пайдаланып, элеваторды екінші қолымдағы ұзын крючокпен жауып үлгердім. Факельді бұлғап қалдым, свеча ілген элеватор жоғары көтеріле берді.

        Мен люльканың еденінде аяқ-қолдарымнан жан кетіп, бүкіл денем қалшылдап, әрі тоңып, әрі қорқып жатыр едім. Көздерімнен парлап аққан көз жасым құлағыма құйылып, беттеріме жағылғаны мұз болып қатып жатыр. Қорқыныш жасы ма, әлде алайын деп келген ажалдан аман қалғаныма қуанған  жас па, кім білсін, айырып жатуға шама жоқ. Бір қолымдағы қолғап кетті төменге қарай.  Ойпырмай,өзіме әлі де таң қаламын: қалай аман қалдым, қалай жұмысымды жалғастырып жасай бердім, неге бәрін тастап, қолымды бір сілтеп, төмен түсіп кетпедім, жалпы, мен неге бұрғылаудан кетіп қалмадым?! Түкке түсінсем бұйырмасын, әлі де түсінбеймін. Бұрғышым төменге түскен қолғабымды  элеваторға іліп өзіме жіберді. Құбырларды түсіру әрмен қарай жалғасты, түк болмағандай.

     Таң ата құбырларды жіберіп болдық, забойға жетіп қалдық. Сол түн ең ұзақ түн болды, таң да атып болмады, бұрғылау құбырлары түсіріліп болмады. Жай құбырлардан құралған свечаларды жіберу де өте қиын болды. Тартып тұрған салмағы жоқ, бос таль.блокты ұйытқып соққан қатты жел шайқап бұлғаңдатып, біресе кейін кетірсе, енді бірде верховойдың люлькасын жаншып жіберердей болып жапсыра түседі, кейде көтеріліп жатқанда люльканы іліп кететіндей болып астына кіріп кетеді. Ондай қатты шайқалып тұрған элеваторға свечаны ілу де бір азап, бірақ ыңғайын тауып өзіңе қарай келе жатырған тұсын ұстап үлгеріп қалсаң пайдасы да бар. Әйтеуір, манағы азапқа қарағанда сәл жеңілдеу екені рас. Қауіптілігі жағынан одан еш кем емес екенін кім білмейді, қай кезде де өте сақ болу керек.

     Бұл түн мен үшін бір шеті де, шегі де жоқ азапты түн болды. Жоғарыдан қалай түскенімді өзім де білмеймін. Қалайша қарысып қалған аяқтарымды, қолдарымды еркіме көндіре алдым, білмеймін. Менің бұндай «ерлігіме» ешкім көңіл де аударған жоқ, мені аяп мүсіркеген де жан болмады, мені мақтап ең болмағанда «ағаштан жасалған орден» де ешкім бермеді. Тым құрығанда күндізгі вахтаның, бізді ауыстырып жатырған, жігіттері де «Ойпырмай, мынандай қатты боранда аз адаммен қалай СПО (спускоподъемные операции) жасадыңдар?»,- деп те таңдана қоймады, сірә, өздері осындай ауыр жұмыстан осы жолы оңай құтылып кеткендеріне іштей қуанып та тұрған шығар, олардың да вахтасының жетісіп тұрғандары шамалы еді. Не үшін, кім үшін осылайша жан беріп, жан алып азаптанып, басымды өлімге тігіп өзімді қинағаныма әлі таң қаламын. Жылап жатырған балам жоқ, үйленбеген, өмірімді жаңа бастаған жас жігітпін. Жастық жалын, бойдағы ыстық қан қаратпай тұр ғой. Азарт, ақкөздік шығар. Жалған намысқа (безрассудное геройство) тырысушылық қой. Кімге пайда, кімге зиян?! Төмен түскен соң бұрғышы бір темекі берді. «Прима» деген сигарет, өзімдікі баяғыда таусылған, екеулеп отырып тарттық, ол байғұс менің қалай қиналғанымды анық біледі, талайды көрген «шырақ» қой, бұл оның маған көрсеткен өзінше құрметі еді. Жұмыс жасап жүргенде, жұмысты қойғанша, темекі тартқан едім.

     Сонымен сол түнгі вахта аяқталды. Жуынатын вагондағы айнаға қарағанда өзімді танымай қалдым, ұсқынсыз, бүкіл беті қара қою бояуға ысталған, тек көздері мен тістері жылтырайтын бір құбыжық маған қарап тұрды. Жоғарыда сәл де болса жылыну үшін темір астаудағы жанып тұрған оттағы солярканың қара түтініне әбден ысталған екенмін. Содан бір жеті бойы қақырынғанда өкпемнен, іш құрылысымнан қою қара қақырықтар түсіп жүрді. Қалай екенін кім білген, мен сол тоңғанымнан ешқандай ауырған жоқпын, тіпті түшкірген де, сәл де болса қызулағаным да жоқ. Міне қызық. Сонда тоңбағаным ба?! Қалай болғаны?! Қалшылдап тоңғанда өлуге қалған жоқпын ба? Дене мүшелерімнің қайда екенін көпке дейін сезе алмағаным қайда? Ал мен болсам, түк болмағандай, сол күні түнгі вахтаға шығып бара жатырдым. Сол боран тағы 2-3 күн соқты, вагондар үйілген қардан көрінбей қалды. Вагондардың арасын қосатын терең траншеялар қаздық. 

  Міне, осылайша геолог-барлаушылық өмірім басталған еді. «Басы қатты болса ...???» Қайран жастық шағым десейші ..., ештеңені ойлатпайтын, сескенбейтін, тура 23 жаста екенмін сол кезде...

Тобанаяқ

  Институттан соң тұрақты жұмыс жасауға мен тап болған бұрғылау бригадасының мүшелері ылғи «киікқұлақтардан» тұрады екен. Үстірттің үстінде жұмыс жасаймыз. Барлығымен де жақсы қарым қатынаста, сыйластықта болдық. Бұлардың кейбіреулерімен «ер шекіспей бекіспейді» дегендей «жақсылап әңгімелестік» те басында, артынан жақсы жолдас болып кеттік. Енді осы адамдар жұмысқа бірде жақсы шықса, бірде шықпай қалады, шықса да демалыс кезінде үздіксіз ішілген «ащы судан» кейін ештеңеге әлі келмейтін «тірі өлік» күйінде бірнеше күн жүреді. Солардың кесірінен 7 адам жасайтын вахтада, 4-5 адам жасайтын кездеріміз жиі болатын. Сондай бір вахта кезінде, мен верховой болып жоғарыда жалғыз өзім арпалысып жүргенмін, астында, ротордың үстінде армиядан жаңадан келген жас жігіт пен ештеңеге әлі келмейтін манағыдай «тірі өлік» бұрғышы көмекшісі жұмыс жасап жатырған. Инструменттерді көтеріп болып қалдық, енді өте ауыр алты дюймдік УБТ деген пәлекеттерді көтере бастағанбыз. Алғашқы қырық метрге жақын бір УБТ свечаны палецке қоя алмай, күшім жетпей тырмысып жатырғанымда астыңғы жақтан қатты шыңғырған дауыс жетті құлағыма. Төмен қарасам, бұрғышы мен тағы бір адам ротордың жанында құлап жатырған адамның үстіне еңкейіп, бірдеңелер жасап жатыр екен. Өзара келіскен белгі бойынша бұрғышыға мен трубаларды соқтым, ол маған бәрін таста да төмен түс деген белгі берді. Жұмыс жайына қалып, тоқтады. Шауып төмен түссем, манағы жас жігіттің аяғына байқамай ауыр УБТ-ны (утяжеленные бурильные трубы) қойып қалыпты. Оның ниппель жағы өте өткір ғой, және өте үлкен салмағы да бар. Жігіттің үлкен башпайынан бастап бір аяғының барлық саусақтарын кирза етігінің тұмсығымен қосып қиып түсіпті, жігіттің есі жоқ, талып жатыр. Вахта толық болса, вахта мүшелері дәрежелеріне сай өз орындарында жұмыс жасаса бұндай келеңсіз ауыр, қайғылы оқиғалар болмас та еді ғой. Әттең, әттең ... Сөйтіп ешқандай тәжірибесі жоқ жас жергілікті қазақ жігіт ақсақ, «тобанаяқ» болып шыға келді. Бірінші вахтасы еді байғұстың. Еңбек тәртібі, қауіпсіздік ережелері сақталмаған жерде осындай келеңсіздіктер болып тұрады. Бұл да болса менің алдағы өндірістік өміріме бір сабақ болып еді. Бұл жазда болған оқиға болатын. Көретіндерімнің «көкесі» әлі алда екенін мен ол кезде болжай да алмаппын ғой.

.. Сол бригадада бұрғышының бірінші көмекшісі болып жұмыста жүргенімде адам өлімін де көрдім. Алдында ғана өзім вахтамды тапсырып, ол күлімдеп жүріп қабылдап алған орыс азаматы, бірнеше сағаттан соң құбырларды көтеру кезінде УМК деген ауыр кілт соғып, сол бойда жан тапсырды. Күндізгі вахта, түнгі вахта болып өлген жанның мүрдесін брезентке салып вагонға алып келіп, түні бойы күзеттік.

Басқа бригадада жүргенімде жас моторшы жігіттің оң қолының алақанын саусақтарымен бірге, білегіне жалғасқан буынынан жұмыс жасап тұрған дизельдің венитялаторы қиып түсті. Мен сол маңайда жүргенмін сол кезде.

Ұзақ жылдарға созылған барлаушылық өмірімде бұлардан да басқа «ЧП» -лар болды ғой, олардың барлығын тізбектеп жазып жатпаймын. Жазғандарым менің барлаушылықты бастаған шақтағы, алғашқы жылдардағы, өзіме қатты сабақ болған келеңсіздіктер ғой. Мен осы оқиғалардан «Техника қауіпсіздігі ережелерінің әр бабы адам қанымен жазылған» деген сөздің бекер айтылмағанына көзімнің алдында болған жайттарды көру арқылы көз жеткіздім. Түсіндім. Алдағы өміріме үлкен ащы сабақ алдым.

Теңеу


Бір бұрғылау қондырғысының басында жұмыста жүргенмін. Мезгіл жаз айы. Айналада қырға, жайлауға шыққан мал ауылдар баршылық. Жаз-малшы қауым үшін рахат шақ қой! Шопандар малдарын өріске жайып жіберіп, біздерге қонаққа келеді. Әңгіме айтамыз, шай ішеміз, түскі асқа асханаға апарып, өздері ұнататын «қызыл супымен» сыйлаймыз. Малшылардың көпшілігі біздің асханаларымыздан тамақтанғанды жақсы көреді, тамақтың түрі көп:борщ, щи, котлеттер, піскен тауықтар, беляши, пирожкидің түрі, шай, компот, квас ..., ұнағандарын алып  дәм татқызамыз. Шайға тістейтін тәттілер де көп. Квас ішкенді ұнататындар да бар, шай құйған термостарына құйып алып та кетеді үйлеріне. Сондай бір күні қондырғыны асықпай аралап келе жатыр едім, көзім далалықта атына бір қырындап отырып алып, қолындағы қамшысына сүйеніп, бұрғылау қондырғысына бар ынтасымен қарап тұрған көрші малшыны байқадым. Қондырғыда долото ауыстыру үшін бұрғылау құбырларын көтеру енді ғана басталған еді. Тереңдік үлкен болатын, сондықтан әзірге жай жылдамдықпен өте ауыр салмақты ыңырана, күшеніп көтеріп жатырған еді. Әрі дизельдер де бойларын қыздырып ала алмай, сондықтан оларға қатты газ бермей, баппен басталып жатырған жұмыс қой. Дизельдердің бойлары қызып, әбден бабына келген кезде бұрғышы да ышқынтып газ беріп, олардың бойындағы барлық күшін сарқып пайдаланып қалады. Бәйгіге шапқан аттар сияқты ғой, тері шығып, бойы бусана бере қамшы басатындай. Бұрғылау қондырғысы да сол сияқты. Мен жайлап аттың үстіндегі жігіт ағасына келдім, амандастық. Күнде хабар алысып отырған адамдармыз ғой. Нені қызықтап тұрғанын сұрадым. Көрмей жүрген қондырғысы емес, күнде көріп жүргені, қалай жұмыс жасайтынын ол да бес саусағындай біледі. Кейде біздердің не жасап жатырғанымызды біз айтпай-ақ өздері айтып отыратын көршілер ғой. Содан, шопан жігіт маған қарап: «Ойпырмай, мына бұраубай дегенің аумаған адам ғой, барлық қимылдары, барлық мүшелері адамнан аумайды екен ғой. Бұрын қалай байқамағанбыз?» деп қарап тұр. Мен түсіндіруін сұрағанымша ол өзі бастап айта жөнелді. Айтып отырса дәл солай екен. Мен де бұған дейін қалай байқамағаныма, ауылдың малшысының аңғарымпаздығына да таңданып қалдым. Ауыл адамының, соның ішінде малшы адамның көп дүниені біздерден бөлекше аңғаратынын, жете зер салып біз байқамайтын құбылыстарды байқап қалатынын сезетін едім.  Оның байқауынша әңгіме былай екен: Жоғарыдан салбырап адамның екі қолдары сияқты «қолдар»(талевый блокка ілінген екі штроп пен элеватор) төмен түседі, содан жерден ауыр жүкті қолдарымен қысып ұстап(ұңғыдағы құбырларды элеваторға іліп алып) алып жоғары қарай ышқына, ыңырана көтереді(дизельдердің дауыстары басында солай ышқынып, ыңыранып шығады), әбден жоғары көтеріп болған кезде «уф-ф-ф» деп ышқынып барып іштегі демін шығарады(дизельдердің қуатын редукторлар, жылдамдық қорабы арқылы жүк көтеретін лебедкаға беру үшін ШПМ деген 8 атм.қысыммен толтырылған ауа толы резина муфталардан шыққан ауаның ысқырып шыққан дауысы ғой). Содан тағы да төмен қарай келесі жүкті көтеруге түсе береді. Ауыр жүкті көтеріп ыңыранып қиналғаны да, «уфілеп» демалғаны да аумаған адам деді. Бірінші рет көріп тұрғандай, жұмыс жасап жатырған қондырғыма басқаша, малшының айтқан көзімен, зер салып қарай бастадым. Дәл солай екен ғой. Қалайша теңеуді дәл тапқан десейші?! Қайран қалмасқа болмайды. «Ойпырмай» дегенімді білмей де қалдым. Үнемі бұрғылау қондырғысын адамдарға теңеп, соның бойынан адамдарға ұқсастықтарды іздеп, тауып жүретін болдым. Адамның бойындағы ең бір қасиетті дүние адамның қаны ғой, қаны дұрыс, сапалы болса адам да мықты болады. Ал қаны жаман, қан құрамы бұзылған адамдар нашар болады, аурушаң болады. Қанның құрамы өте көп құрамдардан тұрады. Ал бұрғылау қондырғысының да өзіндік қаны бар, ол ұңғыны қазуға қажетті бұрғылау ерітіндісі. Бұрғылау ерітіндісі болмаса ұңғы қазылмайды, қазылған тау жыныстары жердің бетіне шығарылмайды, ұңғының жары(стенка ствола скважины) жақсылап штукатурланып майланбайды, долотоның шарошкалары жақсылап айналып тұрулары үшін жуылмайды, салқындатылып тұрмайды, жердің астында үлкен қысыммен жасырынған әртүрлі тау жыныстары, сұйықтықтар өздеріне сәйкес келетін қарсы қысым күшін көрмей қазылған ұңғының бойымен далаға атып шығып фонтандар бола берер еді ... Адамның өмір сүруі үшін қан(сапалы қан) қандай керек болса, қандайма ұңғыларды сапалы түрде қазып шығу үшін сапалы бұрғылау ерітінділері де соншама қажет. Бұрғылау ерітінділерінің де әр ұңғығыға, әр тереңдікке, ұңғыдағы кездесетін тау жыныстарының ерекшеліктеріне ... тағы сол сияқты көптеген талаптарға сай келетін толып жатырған құрамдары, параметрлері болады. Орысша жазып бірнеше параметрлерін көрсеткім келеді: удельный вес, вязкость, водоотдача, статическое напряжение сдвига, толщина корки, содержание нефти, температура ... бұл аталғандары тек күнделікті қазу кезінде сағат сайын өлшеп, қадағалап отыратын параметрлер. Осылардың біреуі ұңғы қазу үшін жасақталған технологиялық құжаттағыдан сәл ауытқыса ұңғыны сапалы қазып шығу қиынға соғады. Қысқартып айтқанда, адамның қанынан айырмашылығы жоқ. Бұрғылау ерітіндісінің біздің мекеме бойынша, артынан бүкіл еліміз бойынша, «құдайы», білгір маманы-менің досым Байзақов Марат Қорқытұлы. Техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы минералдар ресурстары Академиясының мүше-корреспонденті, ұзақ жылдар Атыраудағы ірі ғылыми институтты басқарған, көптеген ғылыми еңбектердің, монографиялардың авторы, бұрғылау саласында шетелдік, отандық компанияларды басқарған, еңбегі ерен азамат. Бұл азамат та өзін КЭ «МНГР» ден шыққан түлекпін деп мақтана алады. Мен осы білікті азаматтан бұрғылау ерітіндісінің ұңғы бұрғылаудағы ерекше маңызы барын, ерітіндіге зор жауапкершілікпен қарау керек екендігін үйрендім, көп сабақ алдым. Мені оқытып жүргенін өзі байқамаған да болуы мүмкін, ол заманда екеуміз де жаспыз ғой, бірақ мен осы маманның қасында жолдас бола жүріп ерітінді жөніндегі түсініктерімнің аясын кеңейттім, өзім онша ұната қоймайтын химия пәнін қайталап, мән беріп қарап шығуыма да тура келді. Міне, осылайша адамдар мен бұрғылау қондырғысын салыстырып қарап отырып менің түйген пікірім осындай болды. Басқа да көптеген ұқсастықтар бар ғой (дизельдер, насостар, манифольдтар, компрессорлар, ауа түтікшелері ...), қондырғының әр механизмін адамның ағзаларына ұқсатып қарауға болады, тек дұрыс салыстыра біліп, ұқсастықтарды көре білу керек, малшы жігіттің көзі, санасы сияқты аңғарымпаз көз, сана керек. Бұрғылау жүріп жатырғанда, таль.блокқа ілінген штропалардың вертлюгке соғып сыңғырлаған дыбыс шығаратынын мамандар білетін. Тап осы дыбыс бұрғылау маманы үшін әлемдегі ең бір тамаша әуен десе де болады. Осынау сиқырлы сыбдырды билеп басып келе жатқан қазақ қыздарының шолпысының сыңғырына теңеуге әбден болар еді. Бұрғылау учаскесінің басында жүрген маманға штропалардың вертлюгке бір қалыпты соғып, сыңғырлаған дауысын әдемі мелодия тыңдағандай болып тыңдап жатып ұйқыға кетіп, таң ала кеуімде сол дыбысты естіп ұйқыдан оянудан артық не бар дейсің. Өте қуатты дизельдердің (әр дизельде 500-700 аттың күші бар, ал бұрғылау қондырғысында солардың 7-уі тұрады) бірқалыпты уілдеп, бойындағы барлық қуатын іске қосып, ауыр салмақты құбырларды ышқына тартып жұмыс жасап жатырғанын көріп, сезіп тұру да бір рахат қой, шіркін.
 

Ақ сумка қайда екен?

МАрат байзаков
«Жіңішке Кебір» деген алаңдағы ұңғының басында Марат Байзақов екеуміз «поглощениемен» жағаласып жатырғанымызға біраз күн болды. Еш нәтиже шықпай, еңбегіміз еш кетіп жатыр. Бізге дейін де көптеген мамандар ұңғының басында болып әрекеттенген, жоспарлар құрып жұмыстар жүргізілген. Сондай бір жоспарды біз екеуміз де орындап жатырмыз, жоғары жақтан бекітілген жоспар ғой, біздер тек соны жақсылап орындаушылармыз. Арасында жағдайға байланысты жоспарға өзгерістер де енгіземіз, ұңғыдағы нақты жағдайға байланысты. Марат болса КЭ «МНГР» мекемесінен келген ерітіндінің білгірі, технология бөлімінің инженері, білікті маман, жоспар авторларының бірі, ал мен жұмыстың техникалық жағына жауап беремін.

Біздің қондырғыға анда-санда, тапсырыс берген кезімізде ғана ауыз су таситын Бейнеу автокөлік мекемесінің су жаңа ЗИЛ-130, үстінде қазаны бар, машинасы келіп, қызмет көрсететін. Шофердің үйі Опорныйда, қондырғымызға жақын. Машинасы жаңа, жүргізушісі жақсы, адал еңбеккер болғандықтан оны сыйлап, жақын тартып жүретінбіз. Жасыратыны жоқ, бірталай уақыт та өтті ғой ол заманнан бері, осындай жақсы жүргізушілерге арасында көмектесетініміз шындық, шаруа жағдайын айтып келсе «справкаларын» (жасалмаған жұмыстарына) беріп те жібереміз. Бірақ олар да қиын кездерде көмектерін аяған емес, уақыттарымен санаспай, күн демей, түн демей жұмыс жасап көмектесетін. Осылайша бір- бірлерімізбен сыйласатын едік. Бұл жүргізуші де сондай жақсы адамдардың қатарынан болатын, жасы біздерден үлкен, орта бойлы, шаруасына мығым адам, атын ұмытыппын. Сол жүргізуші бір күні қондырғы басына келіп суын құйды, вагонымызға келіп амандық саулық сұрастық. Вагонда Марат екеуміз ғана екенін көргеннен кейін шығып кетіп, машинасының кабинасынан үлкендеу ақ сумканы алып келді. Біз түсінбей отырмыз. Ол: «Мынау жеңгелеріңнің беріп жіберген сәлемдемесі еді, жақында үлкен ұлымыз әскер қатарына аттанды, соған «жолы болсын» деп шығарып салып той жасадық. Менің осы жаққа жүретінімді естіп жеңгелерің екеуіңе арнайы сәлем айтып, тойдан сарқыт салып жіберді» деді. Ол шал екеуіміздің қондырғы басында ұзақ мезгіл жатқанымызды білетін. Машинасымен арасында қырға шығарып, көрші малшылардың ауылдарына да алып барып жүретін. Содан ақ сумканы ашып қарасақ- іші толған тамақ: үйітілген қойдың піскен еті, бауырсақ, қазы, қарта, колбаса, кәмпит, пешени ..., сумканың бір жағында бөлек қағазға оралған шөлмектердің сыңғырлаған дауысы да естіледі. Шамасы, көптеу сияқты. «Бұндайды» көрмегелі көп болып еді Шыдамсыздана жазып жібердік, бір шиша армянның жақсы коньягы (біздер өзара «жылқының майы» дейміз), екі шиша өзіміз жақсы көретін, сол кезде табыла қоймайтын, ұзын мойын «Столичная» дегендерің біздерді мазақтап тұрғандай сыңғырлап дауыс шығарды. Бұндай «байлықты» қалай ұзақ ұстап тұруға болады, дастарханды жайнатып жасап та жібердік. Сол күндері бұрғылау қондырғысы әлдебір реагенттерді күтіп тұрып қалған еді, біздер де зерігіп отырғанбыз. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келді. Жүргізуші шал «ащы суды» ауызына алмайтын адам, тек Марат екеуіміз ғана жәукемдейтін болдық мына «байлықты». Бірнеше жақсы тост айттық, баласына ақ жол тіледік, жеңгемізге де рахметті үйіп-төгіп жатырмыз, шалды да біраз мақтадық, жақсы отырыс болды. Таңға дейін созылды... Шалмен қимай қоштасып, ауылына таңертең шығарып салдық. Ақ сумканы алып кетті. Біраз күндер өткесін су таситын шал тағы келді. Мен қондырғы басында жүргенмін, Марат вагонда еді. Шал вагонға кіріп шықты да машинасының кабинасынан мен танитын ақ сумканы алып, вагонға қайта кірді. Мен де вагонға қарай жүре бергенімді байқамай да қалдым, ақ сумканың көрінуі тек жақсылыққа екенін білемін ғой. Келсем, шал мен Марат менің ақ сумканы көріп қондырғыдан асығыс келе жатырғанымды терезеден көріп, маған күліп тұр екен. Амандасып болғасын шал айтты: «Мынау жеңгелеріңнің беріп жіберген сәлемдемесі, баламыздан жақында бірінші рет хат алдық. Соның қуанышын сендермен бөлісейін деп жеңгелерің беріп жіберді. Бала әлі баратын жеріне жете қоймапты, жолдағы бір қаладан хатты салып жіберген екен» деді. Бұл жолғы ақ сумканың ішіндегілері өткендегідей көп емес екен. Екі шиша жай «ащы сулар», тіске басатын оғұршық, помидор, жуа, бауырсақ сияқтылар екен. Мәз болып қалдық. Шал кетті ауылына, ақ сумканы ішіндегілерін алып қалып, өзіне беріп жібердік. Қумыз ғой, баласы түспегір тағы хат жазса жеңгеміз сумка таба алмай қалмасын деген ой ғой. Бір жағынан ақ сумкаға әбден үйреніп қалдық та, ол ақ сумка шалдың қолында көрінсе жақсылықтың нышаны екені белгілі, бір жақсылық хабар бар екені айтпаса да түсінікті ғой. Сонымен біздер сол қондырғының басында шалдың баласынан сол хат келгеннен кейін де ұзақ болдық, жұмыс бітпейтіндей, ащы ішектей созылып кетті. Марат екеуіміз шаршағанда шалдың келетін жолына қарап қоямыз, ештеңе айтпаймыз, бірақ жолға қараймыз. Екеуіміз де білеміз, іштей нені күтіп жүргенімізді. Бір күні Мәкең бұдан әрі шыдай алмаған шығар, темекі тартып отырғанымызда бір күрсініп қойып: «Ойпырмай, шалдың мына баласы нағыз жалқау бала екен ғой, тым болмаса, жүгермек бізді аямаса да ата-анасын аямай ма, үйіне неге хат жазбай қалды екен? Аман болса болар еді? Мен болсам күнде хат жазатын едім» деп қарап отыр. Екеуіміз де шерімізді тарқатып мәз болып біраз күліп алдық. Баладан хат келсе жеңгеміздің ақ сумкасы да шалдың қолында жарқырап бізге қарай жол тартады ғой, әрине, іші бос болмайды, біздер күтіп жүрген «дүниелер» болады да ғой. Көп ұзамай екеуіміз де ауылдарымызға қайттық. Содан кейін ол шалмен кездесе де қоймаған сияқтымыз. Бірақ, тек Мәкең екеуіміз ғана түсінетін «Ақ сумка қайда екен?», «Баласы түспегір де хат жазбай кетті ғой» дейтін сөз тіркестері қалды арамызда. Кездесе қалсақ осы сөздерді айтып бір мәз болып күлетін едік. Көпшілік жұрт түсіне қоймайды, кейбір жақын жолдастарымыз бұның сырын біледі, бізбен бірге күледі. Мәкең досым болса қазіргі күні мұсылмандық парызын өтеп келіп Марат Қажы атанды, ғылыми еңбектерінен басқа әкесі алдындағы балалық парызын өтеп, ұрпағына өнеге боларлықтай кітабын шығарған жазушы, немерелерінің ақылшы атасы, еліне сыйлы азамат. 
Шалдың баласы да әскерден баяғыда келіп, қазыр жігіт ағасы да болған шығар. Әкесі мен жеңгеміз қайда екен, аман ба екен? 
«Ақ сумка» қайда е-к-е-е-е-е-н?

 

Красотка

     Келесі жылғы көктемде сол «Ащытайпақта» қызыл қаздар (фламинголар) түнде қондырғыны ұстап тұратын темір арқандарға соғылып, көп құлады. Қалай шатасқандарын білмеймін, бұрғылау ерітінділерін төгетін амбарлардағы мұнай араласқан батпақ суға (түнгі мезгілде жалтырап жатқасын су екен деп ойлаған шығар) қонып қайта ұша алмай, қанаттарын мұнайға былғап, көп фламинго отырды. Оттяжкаларға соғылғандары қанаттары сынып, ұша алмады. Әдемі құстар екен. Тобымен ұшқан кездерінде төменнен қарағаныңда аспанда қызыл қанаттары аспанды жауып тұратын еді, тамаша көрініс болады.

Фламинго

Бұрғылау жұмысшылары бір құсқа да қиянат жасамады,сынған қанаттарын емдеді, мұнайға түскендерін жуындырып тазалады. Көпшілігі аз уақыттардан кейін ұшып кетті. Бір фламинго көпке дейін ұша алмай, біздің далалық поселкемізде, асхананың қасындағы ауыз су құйылған қазанның айналасында жүрді. Бригада болып оған Красотка деген ат қойдық. Бұрғышылар оған шомылатын қауыз(бассейн) да жасап берді. Жалпы алғанда, бұрғышы барлаушылар дегеніңіз бір қарағанда дөкірлеу, даланың бұйырғын шөбі сияқты көп күтім тілемейтін, қатал өмірге бейімделген қатты жандар болып көрінгенімен, жан-жануарларға мейірман, көмекке зәру мақұлықтардың қай-қайсысына да көмектескіш халық. Барлығы бірдей жүректері жұмсақ, нәзік жанды деуге келе қоймас та, бірақ мейірімді екені сөзсіз. Бұрғышы барлаушылардың арасында тамаша жандар жеткілікті, жүректері нәзік ақындар да, тамаша әңгімешілер де баршылық. Бригадамыздың бұрғышылары да қызыл қаздарға барынша көмектесті. Бригадамыздың бағымындағы Красотка атты қызыл қазымыз, біздің поселоктің сәнін келтіріп тұрған фламингомыз, адамдардан қорықпайтындай жағдайға жетті, бұрғылау алаңындағы иттермен де достасып алды. Демалыс сағаттарында жұмыстан бос бұрғышылардың әңгімесі осы құс жайында болатын, ауыр жұмыстан шаршап келген жандарға өте жақсы ермек табылды. Әдемі құстың поселоктің ортасында еркін сайраңдап, талтаң-талтаң басып жүргеніне, таранғанына қарап отырудың өзі бір демалыс еді. Красотка бұрғышылардың өзін жақсы көретінін, өзінің бұл ортадағы салмағы қандай екенін сезетін тәрізді, сондықтан да поселоктің ортасында жүргенде өте маңғаз, әсіресе беседкада бұрғышылар әңгіме айтып шай ішіп отырғанда, олардың өзіне қарап отырғанын, әңгімелері өзі жайында екенін сезгендей кербездіктен аяқтарын тіпті баса алмай қалушы еді. Бұл жалғанның нағыз қожайыны өзі сияқты. Әдемілік, сұлулық қай кезде де адамдарға оң әсерін тигізбей қоймайды екен. Әр бригада да болатындай, біздің бригаданың да өз тентектері бар еді (жұрттан қаламыз ба). Осы Красотка пайда болғалы сол «суға сигендер» де түзеле бастағандай болды, Красотканың күтімін жасап, соның жүріс-тұрысын қызықтап, әңгіме қылып дегендей. Красотка біздің бригаданың ғана мақтанышы, көз қуанышы емес, айналадағы көрші малшы қауымдардың да арнайы ат сабылтып келіп қызықтайтын Сұлуына айналды. Малшылар тіпті балаларын да алып келіп жүрді. Күзге қарай, мен демалыста болғанда, Красоткамыз бізді тастап ұшып кетті. Ол кеткеннен кейін біраз уақыт бәріміз де жетімсіреп қалдық, бригадамыздың ең басты бір мүшесінен айырылғандай күйде жабырқап жүрдік. Бұрғышылар шай ішкенде әңгімелері Красотка жайында болатын. Көпке дейін ұмыта алмадық. «Красота спасет мир» деп бекер айтылмаған екен. 

летающие фламинго
   Бұл оқиғадан көп жыл кейін тікұшақпен Комсомол шығанағының үстінен ұшып бара жатырғанда, теңіз жағасына ұшып келе жатырған өте көп фламинголардың(қызыл қаздар) тобын көргенмін. Тікұшағымыз олардан жоғары ұшты да, олар сәл төмендеу ұшып келе жатты. Бұл да бір өте тамаша көрініс болды. Кереметтей әдемі құстар ғой. «Алла- шебер» деп неге айтты дейсің, осыншама әсемдікті жаратқаны үшін де шығар...

 

Бәкөн әл-Сағыз.

 

Жалғасы бар...

Теги мұнайшыжазбалары запискинефтяника