Нұрберген Өтепұлы Балғымбаев-атақты мұнайшылар әулетінің жарқын өкілдерінің бірі болып табылады. Ол 1949 жылы Доссор кентінде дүниеге келді. Еңбек жолын бұрғылаушының көмекшісі болып бастаған Нұрберген Өтепұлы, ҚР Энергетика және отын ресурстары министрлігінің Сыртқы экономикалық байланыс басқармасы бастығының орынбасарына дейін әртүрлі деңгейде қызмет атқарды.
Әлемнің әр түкпірінде қызмет бабымен жүріп, түрлі адамдармен қарым-қатынаста болған Нұрекең өз әсерлерімен және естеліктерімен бөлісіп, жазба жүргізіпті. Естеліктері біздің сайтта «ЗАПИСКИ НЕФТЯНИКА» деген циклімен орыс тілінде жарық көрген болатын. Ұсынып отырған бұл жазбаларды назарларыңызға қазақ тілінде жалғастыруды жөн көрдік. Қабыл алыңыздар!
РАҚЫМЖАН
Рақымжанмен танысқаныма 20 жылдан асты. Ол туралы өткен шақпен сөйлеу қиын екен.Өмірден озғанына 7-8 ай өтті, әлі күнге дейін сенбейсің. Маңдайымызға симай кетті ме, білмеймін, әйтеуір, өтті де кетті. Екеуміз ағалы-інідей қарым-қатынаста болдық. Кездескен жерде жақсы әңгіме-дүкен құратын едік. Анда-санда жымиып қойып, өзінің шымшу сөздерін қосып отыратын еді. Мен бүгін Рақымжанды еске ала отырып, ертеректе оқыған бір кітабымнан үзінді айтқым келеді.
Орыстың Виссарион Белинский деген ұлы жазушысы болған. Сол Белинскийдің «У каждого русского должен быть свой Пушкин» деген сөзі бар еді. Тілі бай, сөзі оқ, ойы терең Пушкинге заманында ешқандай қамал қарсы тұра алмады. Өзінің шығармашылығымен түгел бір халықтың рухани өмірін, мәдениетін сипаттап беріп отырды. Белинскийғ сірә, осыны айтып отырса керек. Осыған қарап отырып мен: «Әрбір қазақтың өзінің Рақымжан Отарбаевы болуы керек!» дер едім. Белинскийдің тағы сөзі бар: «Если у этого русского нет своего Пушкина, то он-не русский». Өзінің Рақымжаны болмаса, ондай адам қазаққа жата ма?
...Үйде «Поэзия Узбекистана средних веков» деген кітап бар. Сонда екі өзбек шайыры бірінен-бірі: «Зачем нужен поэт?»-деп сұрайды екен. Екіншісі:«Чтобы будить город, чтобы будить народ!»-деп жауап беріпті. Біріншісі оған келіспейді- қала өздігінен оянбайды ма? Екіншісі, халықты ояту үшін арасында дара туған ақын-жазушылары болуы керек дейді. Тап осы айтқандай Рақымжан қазақты оятамын деп зар қақты. Оның алдында Бұқар жырау, Асан қайғы, Мыржақып Дулатов сияқты қазақты ояту үшін күрескен асыл азаматтар болып еді. Орыс ақыны А.С. Пушкиннің сөзі бар ғой: «Поэт, ты-царь, живи один!»,-деген. Ақын болғасын патша болды, өз ойымен өзі күресіп жалғыз өмір сүрді. Ақтөбенің Байғанин ауданының тумасы Өтежан Нұрғалиев деген ақын кезінде былай деп айтқан болатын: «Ақын халықтың мазасын алып, қалғып бара жатса, сона болып шағу үшін, адамның ар-ұятын ояту үшін туады». Қалың ұйқыдағы қазақты айқайлап оятуға ерік бермеген заманда Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» атты өлеңі осыны көздеген болатын. Рақымжан өзінің шолақ өмірінің соңғы деміне шейін ұйқыдағы қазақты оятамын деген арманмен өтті. Сол үшін күресіп өтті.
Жарасқан Әбдіраштың баласына арнаған бір өлеңінде: «Сыртым бүтін, ішім түтін» деген сөзі бар екен. Рахымжан ініміз де сондай өмір кешті. Тек біздерге ғана емес, жақын тумалары мен отбасы ішінде де көп ағытылған жоқ. Ашық болған жоқ, екінің біріне ашылмады, түймелері тас жабылған күйінде өтті, Соның өзінде де анда-санда кездесіп қалғанда жақсы-жақсы әңгімесін айтып кететін. Ресейдің «Юность», «Роман-газета» журналдарында қызмет ететін орыс достары Рақымжанға «простопородный» деп анықтама берген екен. Қазақта «Текті» деген сөз бар. Бұл сөздің мәні сол «текті» деген мағынаны білдіреді деп ойлаймын. Ол текті адам болды, оның ата-бабалары мен әке-шешесі туралы әлі талай айтылар...
Жазған кітаптарына қатысты бірер әңгіме айтып кетейін.
...Осыдан 5-6 жыл бұрын орыстілді бір құдашам отбасымен біргеТаиландтағы Пхукет деген жерге барып демалған көрнеді. Қонақүйге орналасу үшін керекті қағаздарын толтырып жатқанда «Сборник рассказов Рахымжана Отарбаева» деген бір кітапқа көзі түсіп кетіпті. Қонақүй әкімшілігінен бұл кітапты қайдан алғанын сұраған екен. Олар кеткен қонақтар бөлмелеріне ұмытып кетіпті. Таңертең бөлмелерін жинап жатқанда тауып алды. Не кітап екенін де қай тілде екенін де білмейміз деп жауап беріпті. Құдашам кітаптың авторының кім екенін айтып, оқуға сұрайды. Отбасымен бірге әлгі кітапты оқып, елге келгесін маған хабарласты. «Аға,Тайландта бір кітап көрдік, авторы-сіздің ауылдікі екен, танисыз ба? Өте жақсы жазылған кітап екен, бәрімізге ұнады»,-деді. «Әрине, танимын, Атыраудың жігіті»,-деп, қысқаша өмірбянын айтып бердім. Кітаптың қайда екенін сұрағанымда, қонақ үйге келетін орыс тілді қонақтарға оқуға беріңдер деп қалдырып кеткенін айтты.
Осы оқиғаны Рақымжанға айтқанымда, өзі тұйық мінезді жігіт еді ғой, жымиып үндемеді. Келесі бір кездескенімде «аға, бұл оқиғаны болашақ жазатын жұмыстарымның бір жеріне қосамын»,- деген болатын. Қоспапты, себебі үлгермеген сияқты. Рақымжанның сол әңгімелер жинағы Тайландтағы сол қонақүйдің кітапханасында тұрғаны есіме түскенде өзімше қуанамын...
Рақымжаннан кішкене әзіл.
Рақымжан Кеңес үкіметі ыдырап жатқан кезде Алматыдағы бір баспада (немесе редакцияда болар) жұмыс істеген. Ол кезде «Авторлық право» деген бар ғой. Сол заңға сәйкес Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын қолдандық деп Молдавиядан, Беларусь сияқты Кеңестер одағының ә ртүкпірінен мезгіл-мезгіл гонорарлар («денежный перевод») келіп тұрады екен. Рақымжан сияқты жас жігіттер осы кезде жалған «доверенность»- сенімхат жазып алатын көрнеді. Яғни, «Я, Абай Кунанбаев (Д. Джабаев или Ш. Валиханов), в связи с отъездом в командировку, доверяю получить причитающиеся мне сумму гонорара такому-то»,-деп бір-біріне сенімхат жазатын көрінеді. Сол қағаздарға секретариаттағы отырған жас балаларға қол қойғыздырып, оларға кейін шоколадтарын әкеліп тастап, өздері почтаға тартады екен. Ақша беретін жерде міндетті түрде орыстың қызы отыруы керек, әйтпесе біліп қалады ғой. Алып бара жатқан көп ақша емес, 5-10 сом айналасында ғана. Бірақ сол ақша кешке жігіттер болып жиналып отырысқа молынан жететін көрінеді.
БЕКСЕЙІТ
... 1988-жылы Гурьев қаласында «Тенгиз встречает гостей» фестивалі өтті. Алыс-жақын шетелден қонақтар біраз келді. Қазақстанның барлық облыстарынанда делегациялар келіп, сол кездегі Мұнайшылар мәдениет үйінде көрме ұйымдастырылды. Балаларымды қасыма алып, сол көрмені аралап жүрмін. Көрмеде орналасқан бір картинаның алдында біраз кідіріп қалғанмын. Авторы кім екен деп ойланып тұрғанда жаныма 30-дың айналасындағы жұқалтаң келген сап-сары жігіт келді. Амандасып болғасын таныстық. Сол картинаның авторы Бексейіт Түлкиев деген суретші екен. Оңтүстік Қазақстандағы Қасқасу деген жердің тумасы. Өзі әрі спортшы екен. Алматыдағы көркем өнер училищесін одан соң Москвадағы Строганов атындағы Жоғары көркем өнер-өндірістік училищесін бітірген көірнеді. Қазір ол академия деп аталатын шығар. Таныстығымыз Алматыда жалғасын тапты. Бір-бірімізбен отбасымызбен араласып тұрдық. Ағалы-інілі адамдай қатынаста болдық. Өкінішке орай, ол жігіт өмірден ерте озды. Бексейіттің айтқан қызық әңгімелері бар еді. Соны баяндап берейін.
... 3-4 жігіт болып Москваға оқуға жиналады. Оқу орнының шарты бойынша әрбір абитуриент өзінің оншақты шығармасын алып келу керек еді. Бексейіт ауылына барып, ертеректе салған өзінің суреттерін жинауға кіріседі. Біреуін әкесі мал қораның төбесіне бекітіпті. Бірнешеуін балапандар шығып кетпесін деп, тауық қораға қорған жасап қойыпты. Әлігі суреттерін алып, оларды жақсылап тазалап, Москваға алып кетеді. Жанындағы достары суреттерін алып шықпапты, содан өзара келісіп, шығармашылық емтихан кезінде өзіміздікі деп көрсету үшін мұның суреттерін бөлісіп алады. Бір қызығы-Бексейіт емтиханнан құлап қалады да, оның картиналарын көрсеткен екі досы оқуға түсіп кетеді. Ауылына барып, бір жыл жұмыс жасап, келесі жылы қайта келген екен сол оқу орнына. Осы оқиғаны айтып күліп отырушы еді, жарықтық! Кейін нарық заманында баяғы мал қора мен тауық қорада жатқан суреттерін алып, тауықтың саңғырынан тазалап, Алматыда 300-500 долларға сатқан екен. Осыны көрген әкесі таң қалыпты. Соғыста жарақат алған, өмір бойы ауылдың алма бағын күзеткен кісі ғой, қайдан білсін мұндайды. Кезінде баласының өнерін бос жұмыс деп санап, оған көңіл бөлмеген әкесі, «әр суретің осындай ақша тұратын болса, міне, 15 суретіңді дайындап қойдым» деп тазалап қойыпты қалғандарын.
...Кеңестер заманындағы әр колхоз-совхоз, ауыл клубында Политбюро мүшелерінің портреттері міндетті түрде ілініп тұратын. Заң бойынша ол портретті тек КСРО Суретшілер одағының мүшесі ғана сала алады екен. Алматыда көркем училищеде оқып жүрген кезде сабақ беретін профессор -оқытушылардың бәрі сол Одақтың мүшелері болып табылады. Олар қай жерде қандай клуб немесе акт залы салынып жатқанын алдын-ала біліп отырады екен. Жақсы сурет салатын студенттерді таңдап алып, оларды жалдайтын көрінеді. Әр суретке салған студентке 20 сомнан ақша төлейді. Өздері болса сол суретті 500 сомға клубқа өткізеді екен. Осы сияқты қызықты әңгімелерін айтып отырушы еді марқұм Бексейіт...
ҚҰДАЙ БЕРГЕН ФАМИЛИЯ....
1970-жылдардың екінші жартысы болатын. Кеңестер Одағының заманы еді. Республика басшылығында-Д.Қонаев болса, облыс тізгіні-С.Мұқашевта. Сол жылдары біздермен бірге «Прикаспийская нефтеразведочная экспедициясында» Мұқашев Болат, Қонаев Мерген деген екі замандас, құрдас геолог жігіттер жұмыс жасады. Екеуі де бір участокке жауап береді, кезектесіп ауылдарына барып келеді. Жұмысқа самолетпен немесе вертолетпен қатынайды. Ауа-райы қолайсыз болса пойызбен шығады. Түн ішінде Мұқырдан немесе Сағыз станцияларынан түсіп, біздер жіберетін көлікті күтеді. «Орысқазған», «Қотыртас» деген мұнай орнын қазған кезде, қаладан Болат біздерге радистер арқылы радиограмма береді. «Конаеву. Сегодня ночью в 3.30 приежаю на ст. Мукур. Мукашев» деп. Кезегі келгенде Мергеннен тағы бір радиограмма келеді: «Орысқазған. Мукашеву. Сегодня актюбинским поездом выезжаю в 3 часа, встречай на ст. Мукур. Конаев». Біздер бұл геологтардың фамилияларына көзіміз үйренген, оларға мән бере қоймаймыз.
Ол кезде «КГБ» деген мекеме радиограммаларды тексеріп, тыңдап отырады ғой. Біресе Мұқашевты қарсы ал, біресе Қонаевты қарсы ал деген телеграммалар мен радиограммаларды айлап, тіпті жылдап бақылайды екен. Бір кезде кеңсемізге бір адам келді. Бастығымыз жоқ, мен-бас инженермін, содан маған келді. Кіре берістегі отыратын хатшы қызымыз: «Аға, КГБ-дан кісі келіп тұр, сізбен сөйлесем дейді»,- деп хабарлады. «Бізде не шаруасы болуы мүмкін?»- деп ойланып қалдым. Әлі күнге дейін фамилиясы есімде, қателеспесем, Аскеров, атағы капитан, келген шаруасын түсіндірді. «Партия басшылығындағы жоғарғы қызметтегі адамдардың атын мазақ қылып, түн ішінде поездан күтіп ал деп телеграмма мен радиограммалар беріліп жатыр, бұл не бассыздық!»-деді. Мен кадр бөлімінен жаңағы екі геологтың жеке істерін алдырып, өздерін де шақырттым. Мұқашев іс-сапармен далада, кен орнында, ал Мерген кеңседе жүр екен, келді. Капитанға құжаттарды көрсетіп, түсіндіріп жатырмын. «Міне Қонаев, біздің жұмыс барысы сондай-поезд болса түн ортасында келеді, олады көлік күтіп тұру керек, сол үшін телеграмма беріледі. Құдайдың берген фамилиялары, қалай өзгертеді енді оны?»,-деймін мен. КГБ-ның капитаны бізге біраз өкпелеп, «Тәртіп бұзбаңдар!»-деп,ақыл айтып-айтып кетті. Мұқашев Болат, Қонаев Мерген - екеуі де білгір геологтар болатын, мұнай кенін игеруде талай тер төккен азаматтар еді. Болат Мұқашев өмірден озды. Мерген Қонаев болса біраз уақыт «Гурьевмұнайгазгеология» бірлестігіндегі экспедицияда геолог болып жұмыс жасады. Естуімше, кейін Орал жаққа көшіп кетті білемін, қазір сонда тұрады...
Жалғасы осында