ҚҰНЫСКЕРЕЙ

ҚҰНЫСКЕРЕЙ

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің  байтақ даланың тентек, тел өскен ерке ұлы, батыры туралы "ҚҰНЫСКЕРЕЙ" кітабынан үзінділер, басы осында 

ҚОЖАХМЕТ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӨЛІМІ

Әуелі өзі туралы. Ол үшін қариялардың қариясы, өткен ғасырдың басында-ақ туған аймағымызда алғашқылардың бірі болып арнаулы жоғары заңгерлік білім алған зиялы қауым өкілі, мемлекет қайраткері Бақытжан Қаратаев айтты деген мына бір әңгімеге назар аударған дұрыс болар еді. Ол жоғарыда айтқан Хамза Есенжановтың “Жүнісовтер трагедиясы” романынан алынды (Алматы, “Жазушы”, 1990ж., 229 б.)

“...Құныскерей Қожахметов атақты Кейкіман батырдың әулетінен. Кейкіман және Қожахметтің әкесі (Жанбасар Ө.Ә) 1869 жылы “Ел ауа” кезінде кәдімгі Жем бойындағы “Ал келді” дейтін жердегі патша әскерімен шайқаста қаза тапқан. Қожахмет сол кезде 11 жасар бала. Ал Кейкіманның інісі сол оқиғадан кейін Шора батыр, тана Жолмұхамбет, ишан Досов дейтін адамдар соңынан ерген қырық үймен “Тескен тау” өтіп кеткен. “Тескен тауы” түрік жеріндегі бір тау ма, қалай? Түркия мемлекетінің рұқсатымен сол қырық үй қазақ сол жылжудан жылжып отырып, Шам шаһарының түбінде орын тебеді. Бөлек ел болып, Шам халифатының қарамағына кіреді. Мешіт ұстап, медресе ашып, шаруашылығын шаруалап, қазақтың ескі ғұрпын, салтын сақтаумен қатар, қол өнер шеберлігіне де бейімделеді. Алтын, күміс бұйымдар жасайтын зергерлер, кілем тоқитын тоқымашылар шығады. Тіпті қазақтың өзі өркендеткен бау, басқұр тоқу, кесте тігу, текемет, тұскиіз, ши тоқудан, өзге де өнершілер пайда болған. Қанжар, қылыш, найзаға ұңғы, садаққа жебе соғатын шеберлер де бар екен. Өздері қырық жыл ішінде екі есе өсіп, бір тайпа ел болған. Мұны мен қажыға барып келген ілуде бір ғана қазақ әйелі Мағрипа Шығаева дейтін кісінің 1908 жылы өз аузынан естідім. Мағрипа ханым бекейліктегі Шығай төренің, кәдімгі Нұралы хан әулетінен.

Сол кісінің айтуынша қажыға барған дәулетті адамдардың көбі Шам қаласына және сол жердегі қазақтарға соғып кететін көрінеді. Еркіндік көксеген ел зұлым патшаның құрығынан құтылудың осындай ауыр жолдарын да іздеген. Сөйтіп 11 жасар Қожахмет те өсе келе еркін жүруді көксейтін, түн қатып, түсі қашып жортып, Түркіменнен жылқы айдап алатын өз қатарының алды, батырлығы мен батылдығы бір кісіге әлі келетін күшіне сай болып өсіпті”.

Қожахмет те көздегенін құлатқан нағыз сүр мерген. Солай деп қарттар айтады, қарымды қаламгер Хамза аға жазады. Ел ақсақалдарынан естіген тағы бір әңгімені алға тартсақ.

1927 жылдың екінші жартысынан басталатын бай, орта шаруаның мал-мүліктерін тәркілеу елдегі нағыз асыра сілтеудің өзі болды. Ғасырлар бойғы өнеркәсібі жоқ елдің күнкөрісі тек мал еді. Бірақ оны ескерген еш өкімет жоқ. Осыны түсіне білген Құныскерей тәркілеу кезінде тағы да тік мінез, дойыр қылық танытып, төртіп сақшыларымен жұлдызы қарсы шығады. Бұл жолы милициялар совет жауының соңына шындап түседі. Тіпті болмаған соң оның тума-туыс, ағайындарын да аяусыз жазалап, біресе Қызылқоға, біресе Гурьев, Ақтөбе түрмелеріне қамап, Орал жаққа да айдаған сәттері болыпты.

Қожахмет ақсақал бұл кезде жетпістің үстіне шығып, әбден мосқал тартқан тұсы екен. Алдында ғана інісі мен келінін Гурьев түрмесіне қамап, ақыры “Құныскерейді үйге келсе, біздерге ұстап бересіңдер” деген есеппен Сәлімгерей аяқ үсті босатқан, ал әйелін Сарытау асырған қызыл жағалылар тағы бір келгенде екі қолдарын мұрынға тығып, бос, құр алақан қалғанға ұялған сыңаймен бар бәле сенен деген кейіпте Қожахметті Орал түрмесіне айдапты. Ол да баласы сынды денесі мол пішілген, ұзын бойлы мығым шал екен. Қарт екен деп аяған милициялар жоқ, қол-аяғын байлап, арбаға таңып тастаған. Анда-санда аузына су тамызғаны болмаса, басқа қайран жоқ, тек сөзбен жаншып, “бандының әкесі” деп әрі итеріп, бері жығып, балағаттағанға ғана бар.

Қараша қаз, үйректердің қайтып жатқан ақырап, қауыстың бірі болса керек. Мезгіл-мезгіл үстерінен тыраулап тізбектеліп құс ұшады. Кезекті топты көрген сәтте мұны түрмеге алып бара жатқан қос милиция қолдарындағы қара мылтықтарын алма-кезек шошандатып, аспанға қарай тарсылдатып-ақ бағады. Бірақ құлап жатқан құс жоқ. Бұларына ызаланған әлгі сұр шинельдердің бірі өз тұтқындарына қарап “Әй, шал, жұрт осы сенің баланды нысанаға алғанын құлатпай қоймайтын сұр мерген дейді. Мүмкін, сенің де сондай мергендігің болар, байқап көрсек қайтеді” – демей ме?!

– Қайдам, қартайдық қой, көз көрмейді, – дейді кәрі тұтқын болса.

– Неге көрмейді, көреді, – дейді әлгі темір адам қалпындағы тірі жан.

– Үлкейдік қой, шырағым...

– Мылтық атуға үлкендіктің қандай әсері бар, атасың. Бірақ тигізе алмасаң екеуміз май құйрыққа үш реттен тебеміз.

– Қой балалар, қаусаған шалда тебетіндей не құйрық қалды дейсің?

– Жоқ, айтқанымыз айтқан.

Сол сәт Қожахметтің тек қолын ғана босатып, кезекті құс тізбегін күтеді. Қаз-үйректің топ-тобымен қайтып жатқан шағы емес пе, көп күттірмей тағы бір керуен арба төбесіне жете бергенде “Мә, айтқанымыз айтқан, тигізе алмасаң өз обалың өзіңе” деп, қолына қара винтовканың бірін ұстата салады. Сөйтсе тізбек құс төбеден асыңқырап бара жатыр екен, кедір-бұдыр дала жолымен селкілдеп келе жатқан арба үстіндегі тұтқын қария шүріппені басып қалса, әлгілердің біреуі қанаты жалпылдап, төмен қарай қүлдилай ала жөнеледі.

Бажырайып бір-біріне қараған қос милиция аз-мұз үнсіз тұрады да “Жоқ, бұл мүмкін емес, бәрібір кездейсоқ, қайта атасың!” – демей ме?

Бірақ бұған таласып жатқан қария жоқ, қайта тек сендердікі дұрыс дегендей “Мүмкін, солай да шығар” деп бас изеп қояды.

Кезекті құс тізбегі келеді. Қожекең тағы атады. Мәссаған, бұл жолы біреуі аз десең, екеуі қатар құлайды. Манағы құлаққа теуіп, есіріп келе жатқан милициялар бұл жолы үні шықпай винтовкаға бір, шалға бір қарап, алаң-құлаң етеді.

Үшеу ара тыныштықты арадағы естілеу біреуі (мүмкін естілеу емес, нағыз су жүрек қорқағы шығар) бұзады,

“Мына шал тап осылай ата берсе, Оралға жеткенше бізді де ыңғайлап, бір жағына шығарар. Онан да тап осы арада қол-аяғын босатып, тастап кетейік, сірә іздеп жатқан бастықтарға “Бандының әкесі екеумізді екі жаққа сұлатып, қашып кетті дерміз” дейді.

Мұны өз басына деген бостандық емес, өзге жандарға деген қиянат деп түсінген Қожахмет қария “Шырақтарым, мен сияқты қаусаған қара шал үшін бастарыңа пәле тілеп қайтесіңдер. Онан да діттеген жерлеріңе тапсырып, ауылдарыңа аман-сау қайтпайсыңдар ма?” деп жұбатады.

– Жоға, қол-аяғыңды қанша таңдық десек те, сен бізді қапысын тауып, қылжитып кетерсің, онан да бас аман, жұрт тынышта өз жөніңді тап. Бірақ қайтып қолға түсе қалсаң, түзге отырам деп қолымды босатқанда екі милицияны бір ұрып, қашып кеттім дейтін боласың. Марш, жолың анау, біздің бағыт мына жақ” деп Қожахметті айдалада қалдырып, әлгі екі су жүрек ай мен күннің аманында тайып тұрыпты.

... Ал Құныскерейдің атбегілігі жайлы әңгіме басқа. Бұл туралы Тайпақ ауданының Алмалы ауылының тұрғыны Қара Жылқыбаев ақсақалдың 1975 жылы айтқан мына бір әңгімесі еске оралады.

– Мен 1930 жылы Қызылқоға болысында хатшылық қызмет атқардым, – дейтін ол. Болыстың жарты жылдық ақпарын тапсыру керек болып, аудан орталығы - Калмыковқа кетіп бара жатыр едім. Күн жаз. Жолда қалың шағылды бытқыл арасынан шыққан келісті тор атты, ұзын бойлы, атжақты қарасұр кісі алдымды кес-кестеп келіп, гүрілдеген зор дауысымен сәлем берді. Үні өктем.

– Жылқыбайдың Қара деген баласы сенсің бе? – деді.

– Иә, менмін.

– Тайсойған өңірінде той болса бәйге бермей оза шапқан аты бар деп еді, мынау сол ма?

– Сол.

– Ендеше, осы атыңды көру үшін мен сені үш күн бойы жол тосып жүрмін. Әуелі ана тапаншаңды бері лақтыр!

Үні өте қатты және зілді шықты. Қорқып кеткен мен тапаншаны қалай болса солай лақтырып қалып едім, ол жерге түсірместен қағып алды да, барабанындағы төрт оқты босатып, “Мынауыңның маған керегі шамалы, өзің ал!” деп қайтадан лақтырғаны. Онсызда дірілдеп, жанымды қоярға жер таппай тұрған мен тапаншаны үстай алмай жерге түсіріп алдым.

– Түс аттан! Аттан түстім.

– Темекің бар ма?

– Бар!

– Әкел бері. Қалтамдағы самасат толған кисетімді ытқытып жібердім. Ол тағы да қапысыз қағып алды да қонышына қыстырған күмістелінген мүйіз шақшасына әлгі кисеттен керегінше аударып, қалғанын қайтарып берді. Сосын сол зор дауысымен

– Бала, мына атыңды жетектеп былай-былай жүріп көрші, байқап көрейін, – дегені.

Мен бәйге күреңді жетектеп екі рет алдынан өтіп, үшіншіге кетіп бара жатқанымда “Жарайды, әуелі бері әкелші!” деді де аттың шоқтық жалынан әр саусағы шарана сәбидің сирағындай жуан қолымен уыстап алды да, төмен қарай басып қалып еді, бәйге күрең алдыңғы оң аяғын бүгіп, кәдімгідей осалдық танытты. Басын шайқап, ұнатпағандық кейіп танытқан Құныскерей “Бәрі де түсінікті. Атыңның сойы келісті-ақ, бірақ кәрі биенің соңғы төлі ғой. Ұзақ жүріс, шабысқа шыдамайды. Әзірге тигім жоқ, керек болса әкеңнен сұрап та алармын, жүре бер. Бірақ атым жүйрік деп оқ шығындап жүрме, бәрібір Құныскерейден құтыла алмайсың”, деп бетіме бажырая бір қарады.

Оқ шығармақ түгілі жанымның аман қалғанына шүбә келтіріп түрған мен сонда барып Құныскерейдің осы кісі екенін білдім.

*      *     *

Ел ішінде Құныскерей, әкесі Қожахметтің өлімі, оны жерлеу, Құныскерейдің бұдан кейінгі өмірі жөнінде түрлі әңгімелер бар. Соның бірін сонау жылдары Қызылқоға ауданының “Қызыл Ту” кеңшарында (қазіргі “Жасқайрат”) тұрған Қайырбай Жалмурзин ақсақал кезінде былайша әңгімелеген-ді. (Осы күні ол кісі жоқ, бақилық дүние кешкен. Көпжасар атты інісі болған-ды. Оның өзі жасы жетпістен асқан қария еді. Қазір ол да жоқ. Нұрлан есімді баласы бар. Сол Жасқайратта тұрады).

1930 жылдың жазы. Қайрекең бұл кезде 11 жаста көрінеді. Үйлері құмдағы Қожахмет қыстауымен көршілес. Жалмұрза бір жаққа жолаушылап кетеді де үйдегі екі бәйге атын ешкімге көрсетпей ауыл маңына бағуды баласы Қайырбайға тапсырады. Осы ниетпен аттарды алыстан қарауылдап жүрген ол Қожахмет қыстауының өртеніп жатқанын көріп, үйіне қарай тұра шабады. Алдында ғана Қожахмет бұларға кеп түстеніп, “Қыстауды жөндеп кетейік деп келдім” деп, шай ішіп, шөл басқаны бар еді. Енді, міне, өрт.

Сөйтсе Құныскерейдің соңына түскен сұр шинельділер қалайда совет жауын ұстаймыз деп Қожахметтің артынан қуып келеді. Ондағы ой – қария қыс қыстауға жайдан-жай келген жоқ. Құныскерей осында, баласымен көрісіп кетуге келеді, не тамақ әкеледі деп үйді қоршап алады да мылтық атады. Бірақ олар ойлағандай шыға қоятын қария, болмаса “банды” жоқ. Ақыры үй-жайды өртейді. Осы кезде түтіннің астымен қашып бара жатқан қартты Құныскерей екен деп атып түсіреді. Бірақ жазықсыз жан өлді екен деп өкініш білдіріп жатпайды. Мәйітті шым ауланың түбіне қалдырып, ауылдастарына екі-үш күнге дейін жерлеуге рұқсат бермейді. Ондағы ой – әке мүрдесін жерлеуге Құныскерей келеді. Сол кезде аула айналасында тығылып жатқан милиция қызметкерлері көптен күткен жауларын ұстайды-мыс.

Кешке жолаушылап кеткен Жалмұрза да оралады. Бала бар жайтты әкесіне айтып береді. Бұндай оқыс оқиғаны күтпеген ол “Қап, жақын арада ғана Құныскерей жайлаудағы үйіне келіп, әке-шешесі, қатын-баласы, ағайындарымен қоштасып, енді мен ұзақ жолға аттанам, әйтпесе бұлар, қуғыншылар, сендерге күн көрсетпейді” деп қаперлеген еді. Ауыл маңында болса жақсы. Болмаса қайтпекпіз” - деп басын шайқайды.

Ертесіне азанда оянып, тысқа шықсам үй сыртында әкем Құныскерей ағамен әңгімелесіп тұр екен. Көзіме ұзын бойлы ірі денесі оттай басылды. Сол бойда әкем мені жанына шақырып ап “Көрші ауылдағы ағаң үйіне барып қайт, көлденең көзге түспей, үй маңында кім бар екенін біліп және тез кел” деп пысықтап жіберді”, - деді бұдан әрі Қайрекең.

Барсам аталған үйде он шақты милиция бар, отағасы соларға қой сойып, қызмет көрсету әлегінде жүр екен. Ол кісі де мені көре салып, «Тез әкеңе айт, келіп кетсін, милиция бастығы шақырып жатыр!” - дегені. Мен үйге қайта оралып, әкеме милициялардың сол үйде демалып жатқандығын және Құныскерей ағаны күтуде екендігін, өзін милиция бастығының шақыратындығын айттым.

Ол кісі сол бойда атқа қонды да көрші ауылға аттанды. Бірақ кідірмеді, тез оралды. Орала сап Құныскерей аға екеуі “Біз милициялар түскі шайға отырғанда Қожекеңнің жүзін жасырып тастайық” деп бір түйеге ағаш, күрек, тағысын-тағыларын, керек-жарағын артып алып, жүріп кетті.

Сөйтсе ертеңгісін әкемді милиция бастығы шақырғанда “Үйдегі бәйге атыңның бірін әкеліп бер, әлде қандай заман болады. Мүмкін Құныскерей қашар болса, қуатын да күн туар” дегенді айтса керек. Қожахмет қарияны жерлеп қайтқан соң бастықтың сұраған атын апарып берді. Бірақ бұл ат аталған милицияларға бұйырмады. Өйткені сол бір кеш Құныскерей ағаның жүрек жылаған қайғысындай айсыз қап-қараңғы түнге ұласып, кек алатын керемет сәт болды. Құныскерейді күте-күте шаршаған милициялар кешкісін іңір шайын алдарына ала бергенде іздеген қонақтары есіктен бас сұғады. Сасып қалған тәртіп сақшылары іргеде ілулі тұрған мылтықтарына енді ғана қол соза бергенде Құнекең “Босқа әуренленбей-ақ қойыңдар, қимылдасаңдар ажалдарың” деп ақырады. Амалсыздан орын-орындарына жайғасқанда барып “Нағыз ардан безген айуан екенсіңдер. Жауларың мен емес пе едім. Ендеше өрінен көрі жақын қарияда не құндарың қалды?!

Сендер күн ұзағына мені күтеміз деп ет жеп, ирек қамшылап, босқа отырсыңдар. Ал мен болсам, осы кезде күллі ағайындарымызбен әкемді арулап көміп, бетін жасырдық. Бірақ кегімді де қайтардым. Қыстау басында екі милицияларың оққа ұшты, тыстағы күзетшілеріңді мама ағашқа таңып тастадым. Аттарың өрісте, керек болса ер-тоқымдарыңды арқалап, ауылдарыңа жүре беріңдер, әйтпесе, одан да қиын болады” деп кете барыпты.

Жаулары тысқа беттегенде мылтықтарына жармасқан милициялар қаруларын құшақтап тысқа атып шықса, бәрі де құлаққа ұрған танадай, әр жерде жайраған ер-тоқым, мама ағашта аузына шүберек тығып, таңылған қарауыл ғана ыңырситын көрінеді.

Сол күні әкем де қос жүйріктің бірін мініп, екіншісін жетекке ап, жоқ болды. Бірақ ауылға апта өтіп салт оралды. Сөйтсе екі аттың бірін Құнекеңе сыйлап, әдейі милициялардан бой тасалаған сыңайы екен. Сұрағандарға жайлаудан келдім деп жүрді.

*     *    *

Осы күні Сырым ауданының Өлеңді ауылында тұратын Сайлау Кәкімов те Құныскерей туралы әңгімені жақсы біледі. “Әсіресе Қаратөбе, Жымпиты бойында ол кісі туралы неше түрлі аңыздар бар” - дейді ол. Оның бәрі Құныскерейдің өмірде барынша адал және адам танығыш ерекше қасиеттерін қастерлеуге арналады.

– Ауылымыздың байырғы тұрғыны, 1973 жылы 81 жасында дүние салған Бақтығали ақсақал айтқан мына бір әңгіме әлі есімде – дейді ол.

– Онда мен ауылда автодүкенде жүргізуші-сатушы болып еңбек ететінмін. Әлгі ақсақалмен талай рет сапарлас болдым. Елде Бақтығали қарияны Құныскереймен біраз уақыт ниеттес, дәмдес болды деп естуші едім. Кезекті сапарлардың бірінде: “Сізді Құныскереймен біраз уақыт бірге жүрді дейді, сол рас па?” - деп сұрағаным бар. Сонда ол: “Сұрағың орынды. Жүргенім рас, бірақ сол бір кезде азаматтың қадірін білмей, жеңіл қарағаныма әлі күнге өкінемін”- дейді.

– Жиырмасыншы жылдардың аяғында жаңа үкімет қолдағы малымызды тартып алды, бұрынғы еркіндікте болған басымызға қара аспанды төндіргенде “Мен де неге Құныскерейдің жолына түспеймін. Ол сияқты халық жүрегінен орын алған ардақты адам атанбаймын” деген ойда болғанымды жасырмаймын. Бұл бір жағынан жанымның жүдеуленіп, тығырыққа таянғандығы емес, сол кезде елдің ерекше құрметіне бөленіп, қадіріне айналған Құныскерейдің жанына ілесіп, мен де сондай бедел иесі атанбаймын деген іштарлық қызғаныш, жалған намыстың желі еді.

Әлгіндей аздаған қысымға шыдай алмаған мен ақыры туған ауылдан күдер үзіп, Құныскерей таңдаған жолды дұрыс көрдім де салт ат, сабау қамшы жолға шықтым. Ой – Құныскерейге қосылу, қайда жүрсе де бірге болу. Бірақ өз өңірімізде жүрген сол бір адамды таба алмай екі ай қаңғырдым. Өйткені қайда барсам да ол туралы неше бір аңыз әңгімелер айтады. Әйтсе де көрдім деген ешкім жоқ. Ақыры біреуден-біреу естіп, Қаратөбенің Соналыкөл деген жерінде аралда жатқанын естідім. Мезгіл күзге таялған шақ болатын. Аталған аралға таяп келсем, алыста бос, жайылып жүрген қаратөбел бір ат қана көрінеді. Басқа көзге ілінер ештеңе жоқ. Омыраулатып судан өттім. Сонда ғана қалың терек түбінде жай ғана шөп күрке тұрды. Ат басын солай бұрып, таяп келдім. Бірақ дауыс берер ешкім жоқ. Неде болса көлігімді туарып, ішке ендім. Сөйтсем ұзын бойлы қарасұр адам күрке ішінде теңкиіп ұйықтап жатыр. Мен барғанда екі көзінің бірін ғана сығырайтып ашқан күйі еш қымсынбастан “Төрлет!” деп күңк етті.

Төрлеттім. Өзі басын көтерді. Содан соң “Жөніңді айт, кімсің? Қайдан келесің?” дегені.

Мен елдегі жағдайдың күннен-күнге қиындап бара жатқанын, жаңа үкіметтің қолда бар малды жинап алғаны, әлділерді тәркілеу басталғанын, мұндай қорлыққа шыдай алмайтындығымды, сондықтан өзімен тағдырлас болуды қалағанымды ескерттім. Ол еш ойланбастан “Бұл битке өкпелеп, тоныңды отқа тастау немесе еріккеннің ермегі” деп күрт қайырды. Мен алған бетімнен қайтпайтындығымды айтып, түсіндіріп бағып едім, ол біраз үнсіз отырды да “Жарайды. Менің тағдырым адам қызығатын айрықша өмір емес және бұған көп адам көндіге де алмайды. Көрермін десең күресіп бақ. Бірақ мен адалдықты ұнатам. Қан төгу қасиетімде емес. Дегенмен тірлік тұщы ғой” деп отырып қалды.

Сонымен тұрып жаттық. Еш өзгеріссіз бір тірлік. Анда-санда түнделетіп бір жерлерге барып келгеніміз болмаса, көп қозғалмай жатамыз да қоямыз. Тамағымыз ет. Онда да бір айлығымызды бір әкеліп, қақтап, тұздап тастаймыз. Сөйтіп арада екі ай мерзім өтті. Байқаймын, серігім ұйықтаса тек қана шалқасынан түсіп, ұзақ ұйықтайды және бүйірлеп, етбеттеп жату табиғатында жоқ. Ұйықтағанда қаруын тіпті де қасына ұстамайды, кемінде бір не жарты метр жырақта, бірақ оң қолының астына ұстайды. Артық ауыз әңгіме, бос сөзге жоқ. Сонда бөгде жұрт оның қай жерін мақтан тұтады?!

Бәрі пендешілік қой. Көңіліме құрт түсіп, неге мен осы ұйқыдан басқа кәсібі жоқ және жайбарақат жататын Құныскерейді өлтіріп, тек өзім қалмаймын. Сонда абыройдың, бедел атаулының бәрі менікі емес пе? Ендеше қалай өлтірмекпін. Әрі ойлап, бері ойлап, үнемі өзіммен бірге саптама етіктің қонышында жүретін кеспелтек темірмен ұйықтап жатқан жерінде қақ маңдайдан бір ұрсам жарап жатпай ма, деген түйінге келдім.

Ақыры осы оймен үнемі түсте ұйықтайтын оның жанында мен ұзақ жаттым. Көзіме ұйқы ілінбейді. Ал ол болса қалың ұйқы құшағында. Содан етік қонышындағы білек темірімді суырып алып, бар пәрменіммен маңдай тұсы осы деп сілтегенім сол еді, ол қас-қағым сәтте оң қолымдағы сом темірді білегімен қағып жіберіп, үстіме мініп алды. Керек десе еңгезердей өзімнің әп-сәтте Құныскерей астына қалай түсе қалғанымды да білмей қалдым. Алысарға дәрмен жоқ. Енді қайттім. Өлім деген осы ғой.

Жоқ, Құныскерей өйткен жоқ. Жай ғана “Мен саған ту басында-ақ, елден жырақтап, жалғыз жүру еріккеннің ермегі емес, сен босқа тасығансың” деп едім ғой. Дәл солай. Сені 2 ай 18 күн сынадым. Сен шынында да қолыңнан түк келмейтін құр кеудесің, саған өлім де артық. Оның үстіне менің артық қанды мойныма жүктемейтінімді тағы білесің. Ендеше келген ізіңмен кері қайт, жолың анау. Мен жаныңды қидым” деді де тұрып жүре берді. Бейне басымнан аттап өткендей болды.

Мен не істерімді білмей, ұяттың өртінен жанып кете жаздап, атыма беттедім. Бірақ содан қайтып Құныскерей жайлы еш жерде ғайбат сөз айтып, бәсімді кеміткен емеспін. Шындығында ол бар болмысымен адал және табиғатында бір туар, сирек тұлға еді.

Бұдан әрі Сайлау аға Құныскерейдің қандай жауы, жасақты адамнан да жасқанып, тайсақтамайтын ер жүрек, батыл адам екендігін де дәлелдейтін әңгімелер айтқан болатын. Бірақ оның бәрін дәл қазір жіпке тізіп, созғылай берудің еш қажеті жоқ сияқты.

 

Жалғасы бар..