ҚАЗАҚТЫҢ ҚАДЫР МЫРЗА-ӘЛІСІ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАДЫР МЫРЗА-ӘЛІСІ

 Қоғам қайраткері, халқына кеңінен танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айсұлу Қадырбаеваның өлең кітабынан үзінді. Басы осында   

                                         «ӨЛЕҢ – СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ САРАСЫ»

                                                                                                                  Абай

           Өзінің бүткіл саналы ғұмырын туған халқына арнап, перзенттік адал махаббат, ыстық ықыласымен оның ар-намысын поэзия көгінде Ту қылып көтеріп өткен дарабоз ақын Қадыр Мырза Әлі шығармалары  -  халқымыздың келешегі үшін қаншама ғасырлық өлшеммен қызмет етерліктей,  теңдесі жоқ құндылық.

           Қадыр поэзиясының  ерекшелігі  - тіл шұрайы, жазылу шеберлігі деген шарттылықтарды   былай  қойғанда,  тақырып ауқымының кеңдігі мен талғамының биіктігінде, -айтар ой-өрімдерінің салмақтылығы мен саналылығында, - философиялық тұжырым өресінің   биіктігінде. Жылт етпе жеңіл сезімдерге өлең құрастырып, әншейін ұйқас қуалап, көңілге желік ұялату – Қадыр болмысына жат нәрсе. Ол нені жазса да, алдын ала зерттеп, зерделеп, қозғағалы отырған мәселесінің бас-аяғын түгендеп алып барып жазады.

           Қадыр туындыларының өзге біреулердің өңдеуіне, қайта жасауына көнбейтіндігі -сондықтан. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, – теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы», – деген Абай өсиеті осы Қадыр өлеңдері үшін айтылғандай болады да тұрады бізге.

          Біздің бұл пікірімізді растауға Қадыр поэзиясын тұтастай алып зерттеп, болмыс-бітімін ашып, оның шығармаларының түр-сипатына, мазмұндық тұтастығына, сұлу да әсем симфониялық үндестікте құрылған композициялық талғамына қайран қалып, оны, яғни, Қадыр Мырза Әлиді қазақ әдебиетіне келген ерекше бір тосын құбылыс деп таныған филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Зинолла Қабдоловтың төмендегідей пікірлерінің өзі жеткілікті болар дейміз:

         Асылы, адам әдебиетке сұлу қыздың қос бұрымындай қатар өрілген екі мақсатпен келеді: бірі – өзінен бұрын ешкім айтпағанды айту; екіншісі – ешкімге ұқсамай, тек қана өзінше айту. Осы екі мақсат орындалған жағдайда ғана шын мәніндегі әдеби туынды бар деп біліңіз. Яғни, шығармашылықтағы негізгі принцип: мазмұн жағынан – жаңалық ашу, пішін жағынан – өнер табу.

Ендеше, мүбәда қазақ поэзиясына ХХ ғасырдың орта тұсынан өте бере келіп, соңғы отыз жылда өзіне ғана тән өзгеше мазмұн, өзіне ғана тән өзгеше пішін тапқан шын мәніндегі шынайы талант, екеу болса – бірі, біреу болса – сол біреудің өзі – осы Қадыр Мырза Әли. 

 «Бабамыздың шоқ басқан табанымен, -

бірдей екен жақсысы жаманымен:

бір жаманы – тынымсыз көше берген, -

бір жақсысы – қимаған даланы кең;

бір жаманы – жел сөзге ерген екен, -

бір жақсысы – тілге ерік берген екен;

бір жаманы – кетпенге орашолақ, -

бір жақсысы – найзагер, мерген екен;

бір жаманы – кешігіп әліппе ашқан, -

бір жақсысы – күйлері көбік шашқан;

бір жаманы – қыздарын малға сатып, -

бір жақсысы – сүйгенін алып қашқан;

бір жаманы – шаруасын мандытпаған, -

бір жақсысы – қулықпен жанды ұтпаған;

бір жаманы – үйленіп жеңгесіне, -

бір жақсысы – жесірін қаңғытпаған;

тату-тәтті көршілер шыр бұзбаған,

бірге тоңып суықта, бір мұздаған,

бір жаманы – сонда да үй салмаған, -

бір жақсысы – абақты тұрғызбаған».             

         Ғажайып өлшемдер! Сырттай қарап тұрсаңыз, - бір бірімен ғұмырда бастары тоғыспайтын қарама-қайшы параллельдер. Сол параллельдер бойында, қақ жарылып, бөлек-бөлек көгенделген жақсылы-жаманды екі түрлі қазақы мінез-құлықтар. Әрине, сөз жоқ, мінез-құлықтың жаманы жиренішті болмақ. Демек, одан жерінуің керек. Ал, жерінейін десең, алқам-салқам жаратыла салған қайран қазекемнің әлгі мінез-құлқының төркінінде баладай ашық «аңғалдық», «ақ көңілділік», «сенгіштік», «шарасыздық» секілді, иманнан әрі ұзап кете қоймайтын игілік ұшқындары жатады. Ендеше, оны осынысы үшін кінәлауға бола ма? «...Қалың мал төлеуге дәулеті жетпеген соң, сүйген қызын алып қашыпты...», - деп жазалаймыз ба? Әлде, «бауырынан айырылып, оның артында жетім қалған балаларын жат босағасында тентіретпес үшін, жеңгесіне үйленіпті», - деп жазалаймыз ба?! «Тынымсыз көшіп-қонып, салтанатты сарай салдыра алмады, соның ішінде шалқасынан түсіп жата алмады» деп пе?! Бәлкім, түрме салу дегеннің не екенін білмей өткендігі үшін шығар?! Жоқ, әлде, есеп білмей, ұтылып, әр кімге бір алданғаны үшін бе?! Жоқ, әрине!!!

          Ендеше, қазақ деген халқымыздың бойынан Қадыр ақынның қаламымен шұқылап жүріп тапқан жаман мінез-құлқымыз осы ғана болса, онда бұл қазақтың «жаман» дегенінің өзі жақсыға бергісіз болғаны ғой. Ал, кемшілік кімде жоқ?! Қадыр көтеріп отырған идеяның төркіні – осы!

          Қадырдың азаматтығы сол – ол бұл тақырыпты сонау 1960 жылдардың орта шенінде-ақ, яғни, осыдан аттай жарты ғасыр бұрын, анықтаңқырап айтқанда, түкірігі жерге түспей ысқырынып тұрған кеңес билігінің орыс ұлтынан басқаны мадақтата бермейтін жымысқы саясаты тұсында қозғаған. Сөйтіп, «Қазақ!» деген халық «мінез-құлқында еш кесірлігі жоқ, ата-баба салтын берік тұтынған, қулық-сұмдық дегеніңіздің не екенін де білмейтін мәрт те еркін жаратылыс», – деп, қа ақындық тілмен қорғаныс қамалын соғып берген. Пай-пай6 ш3рк3н!Поэзиядағы тақырыптық салмақ, азаматтық үн, пайым мен парасат дегеніңіз осындай-ақ болсын!

         Қазақ әдебиеті көшбасшыларының бірі, академик жазушы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов Қадыр ақынды өзімен бірге сапарларға ала шығып, барған жерде шыңға біткен шынардай шаншылып тұрып, мінберлерден өлең оқыған оған қайта-қайта қолқа салып, осы өлеңді оқытуы – еріккендіктен емес шығар, сірә. Ал, енді, сұңғыла сыншы Зинолла Қабдолов ағамыз: «Япырмау! Расында да, ұлан байтақ далада ғасырлар бойы ғұмыр кешкен тұтас бір қазақ деген халықтың бір алуан мінез-құлқы осындай-ақ еді ғой», - деп тамсанса, бірі – атақты жазушы, бірі – атақты сыншы, – ағалы да інілі қос буынды Қадыр ақынның сол кездің өзінде-ақ әбден мойындатып үлгергені емес пе...

 

«Адалдықтың ақ жолына бұрғандай,

Алаңдаған кісіні,

Ардың Елін қарауылдап тұрғандай,

Ақындардың мүсіні.

 

Құлазыған шөлмен бірдей гүл өңір,

Құмар бұлбұл қонбаса.

Қайтер еді, қайтер еді бұл өмір,

Жырдың бағы болмаса?!

 

Осы бақтың арасынан өзіне

Орын іздеп өлеңім,

О заманның, бұ заманның сөзіне

Ой жүгіртіп келемін.

 

Бирунидің, Науаидің, Пушкиннің

бағытымен келемін.

Бірақ ізін қайталамай ешкімнің,

бой жетпекші өлеңім.

 

Ұлылық пен даналықтың дастаны,

бізден үміт күтеді.

Қайдан бірақ жырдың бағы басталып,

қай арада бітеді?!

 

Ақындардың көбі көзден жас тамып,

арманымен қоштасқан...

Жырдың бағы сұлулықтан басталып,

мәңгілікке ұштасқан!

 

         Иә! Бұл өлең жолдарын оқып отырып ел үшін, жер үшін қалың дұшпанымен найзаласып өткен қазақ халқының бұрынғы тарихын былай қойғанда, ел ішіне іріткі салып, ақынның өз сөзімен айтар болсақ, «бір қошқарды бір қошқарға қарсы қойған» сонау отаршылдық заманның жымысқы саясатының не бір құйтырқы әрекеттерінен ел-жұртымыздың қаншалықты зардап шеккенін өлең сөзбенен сығымдап, тарының қауызына сыйып кетердей етіп жеткізген Қадырдан басқа кім бар екен?!» - демеске лажымыз жоқ.

 

Тауысып барлық амалды,

күрсініп дала дем алды. 

Мақалдың көбі сотталды,

эпостың көбі қамалды.

 

Күресіп

           өлген хандармен,

хандарға жақын жандармен.

Қалдық та бардық бір ғана

қара қасқа атты Қамбармен.

 

Сақалын сыйпап шалдарым,

колхозға берді малдарын.

Қалжыңсыз және күлкісіз

қанша жыл жүрді Алдарым?!

 

Ақтарып көне көріңді,

аруақтан ұрпақ жерінді.

Алыпқа тұсау салынды,

халыққа сөгіс берілді.

 

Көз алдымызда, апырмай,

тарихым болды тақырдай!

Сүмпиіп қалды фольклор,

сүзектен тұрған пақырдай.

 

          Мұқағали Мақатаев, өзі дүниеден өткеннен кейінгі жарық көрген «Қош, махаббат» атты кітабында Қадыр Мырза Әли жайлы былай депті: «Тапқыр, аз сөйлеп, көп аңғарту, оқушысын өзінше ойлауға мәжбүрлеу, ашуын артқа тастаған суыққанды сарказым, өмірдің күнгейі мен теріскейіне ашық көзбен жасқанбай, жалтармай үңілу, елге, жерге, халық қанымен жаралған өнер мен дәстүрге тойымсыз құмарлық – міне, Қадыр поэзиясының дені осылар. Оның поэзиясы – тұтас, бүтін... Ол – найзағайлы ақын! Қалай да бір жалт беріп, тіліп өтпей, тыншымайды Қадыр».

          Пай-пай, шіркін! Осыдан артық қандай баға берілуі мүмкін?! Өсер елдің баласы бірін-бірі, тек, осылай дәріптесе керек-ті!!!

         Ия! Қадыр поэзиясын пір тұтқан жыр сүйер қауым, енді бір сәт ақын қаламынан өрілген мына бір жолдарға назарыңызды аударыңызшы:

 

«Күншілдер өледі,

көңілін от қарып;

батырлар өледі,

борышын атқарып;

бұзықтар өледі,

пышаққа құлшынып;

сұлулар өледі,

құшақта тұншығып;

арғымақ өледі,

артында шаң қалып;

ақындар өледі,

бәріне таң қалып!»

 

         «Ғажап!!! Не деген ғажап параллельдер! Не деген сұлу да сәнді салыстырулар! Мынандай поэтикалық фигураларды асқан шебер ақыннан басқа кім жасай алады! Эпифора!!! Эпифора болғанда да, әсем құйылыс, мөп-мөлдір сезім, ақиқат пен шындыққа құрылған, кең де шалқар тынысты ғажайып эпифора!!!». Міне, кәнігі маман, сұңғыла сыншы Зинолла Қабдоловтың берген бағасы!!! Еріксіз қостайсыз!!!

Қадыр ақынның бұл өлеңіндегі оқырманын тәнті етер тағы бір шеберлігі – құйындай үйірілген не бір сиқырлы сезімдер мен қорғасын салмақты философиялық ойларды бар болғаны мосының үш бұтындай ғана үш шумаққа көтертіп қойғаны. Бар болғаны – үш-ақ шумаққа!!! «Ғажап!» - демей көріңізші! Тағы да – Ғажап!!!

 

                                    ҚАДЫР  ЭССЕСІ

 

          Құдай берген бойдағы дарынды поэзия жолында қотара жұмсап, соған бүкіл ғұмырын сарп еткен Қадыр ақынның, идеялық салмақтылығы жағынан бір-бір романға арқау боларлықтай қат-қабат күрделі оқиғаларға құрылған, ал, көркемдігіне келсек, адам жанын баурап алар сиқырыңызға бергісіз, жібектей есілген биязы тілді «Иірім» атты эссесін оқығанда, оның әдебиетіміздің проза саласына сараңдық жасағанына өкінгендей болдық.

        Не жасыратыны бар, егер, Қадыр ағамыз осы бір жанрда ықыластана жүріп жұмыс істегенде, оның қаламынан не бір-не бір салмақты шығармалардың дүниеге келері, сөйтіп, әдеби қазынамыздың керегесін бұдан да гөрі кеңейтіңкіреп кетері даусыз еді.

«Қайда жүрсем де, қайда отырсам да,көңілім жазу үстінде болды... Сондай сәттерде, дүниенің бәрін талақ етіп, адам баласы тұрмайтын иесіз аралдардың біріне, тіпті болмағанда, түпкірдегі қазақ ауылдарының біріне көшіп-ақ кеткің келеді. Қайтерсің! Бұл – арман ғана ғой», - деп, бір сәт налыстық танытқан Қадыр ақынның өзі де, кім білсін, осы өкінішті арқалап өтті ме өмірде... Мүмкін. Ол да мүмкін!

Қалай дегенде де, молынан пішіліп, кеңінен жаратылған тума талант әдебиет өнерінің осы бір күрделі жанрында бауырын жазып шаба алмай, арманда кеткен секілді көрінеді де тұрады бізге.

        Алайда, көңілге медет тұтар бір нәрсе бар – ол – Қадыр ақынға кезінде сабақ беріп, ұстаздық еткен Мұхтар Омарханұлы Әуезовтен бастап, әдебиет керуеніне кейін келіп қосылып, талай-талай шұрайлы шығармалар берген қаламгерлер легінің образдарын олардың өздерінің мінез-құлық, кескін-кейіп, іс-әрекеттері арқылы сомдап берген бұл Эсмсе – сонау ХХ ғасырдың орта шенінен бермен қарайғы әдеби ортаның жанды шежіресіне бергісіз аса құнды дүние. Бұл – мазмұндық жағынан алғанда. Ал, тілдік шеберлігіне келсек, – ащы айтылсын, тәтті айтылсын, көңілге дық, жүрекке жара салмайтындай етіп, үлкен тәрбиелік, интеллектуалдық деңгейде сыпайы да психологиялық өлшемде ақтарыла жазылған сезімге толы сыршыл дүние.

Автор: «Біз бәріміз де адамбыз, бәріміз де пендеміз! Менің міндетім – пайғамбардың, немесе, періштенің бейнесін жасау емес, кәдімгі өзіміздей, бірде – кісі, бірде – пенде, яғни, мына мың құбылған тіршіліктің өкілдерін еске алу», - дейді.

Дейді де, қыл қалам шеберінің сырлы бояуына бергісіз, не бір керемет суреттемелермен не бір керемет тұлғаларды образдап береді де отырады. Қоғамдық орта, тұрмыс-тіршілік кезең-кезеңімен көз алдыңыздан, бейне, Қыз Жібектің көшіндей, тізбектеліп өтеді де жатады, өтеді де жатады. Сіз, оқырман ретінде, Қадыр Мырза Әлидің Эссесінен басқа дүниенің барын ұмытасыз. Шым-шытырық оқиғаның ішінен шыға алмайсыз, тіпті, шыққыңыз да келмейді. Кімнің кім екенін, ненің не екенін білуге ынтығасыз. Жылайтын жерде жылайсыз, күлетін жерде күлесіз. Автор нендей күйді басынан кешірсе, сіз де сол күйді санаңыздан өткересіз.

         Міне, Қадыр ақынның Эссесіндегі жазушылық сиқыр осындай. Мұны шеберлік демей, не дейміз.

         Ендеше, Қадыр Мырза Әли шығармалары қазақ әдебиетінің поэзия жанрына өзгелерден шоқтығы биік бөлек бір құбылыс есебінде қалай енсе,  проза жанрының эсселік саласына да солай енді деп есептеңі

 

                             Сөйтіп, Қадыр эссесі бізге не берді?

 

           Не жасыпатыны бар, қайсыбір естелік авторының өз қара басынан аспай, әрі кетсе, төңіректегілерді түртпектеп, жұртты әбден мезі қылады. Ал, Қадекең естелігі, тіпті, нені айтайын десе де, әңгімесін халқының тарихына, оның басынан өткерген не бір күрделі жағдайларына қарай ниеттеп, сол кездегі ию-қию оқиғаларды өзінің кейіпкерлерімен куәландыра отырып, әп-әзір қалпында, сахналық қойылымдай етіп, көз алдыңызға тарта салады. Ғажап! Енді, соның бір парасына назар аударалық.

         1950-ші жылдардың аяғы. Қазақстан Жазушылар одағында ашық партия жыйналысы жүріп жатыр. Сталин тақтан кетіп, оның тоталитаризмінің бұғауы сәл-пәлбосаңсыған кез. Залда ашына сөз сөйлеушілер. Сонау 30-шы жылдарда жазықсыз сотталып, айдауда болып қайтқан қаламгерлер. Сондай-ақ, сол жылдардың құрбандары – Ілияс Жансүгіров,               Бейімбет Майлин тәрізді аяулыларымыздың қамкөңіл жесірлері. Ортаға Ілиястың жары Фатима жеңгеміз шығады. Ол Мұхамеджан Қаратаевты жерден алып, жерге салып жатады. Ақын ұсталып кеткеннен кейін, Мұхамеджан Қаратаевтың  оның үйіне басып кіріп, Ілиястың кейбір

қолжазбаларын жыртып, туалетке ағызып жібергенін, айы-күні жетіп отырған өзін үйінен қуып шығып, баласын мұздың үстінде босанып, оның кіндігін Бейімбеттің үйіндегі жеңгейіміздің кескенін ашық жариялайды.

Енді бір сәт. Хамза Есенжанов ағамыз мінберге шығады: «Ол кезде куәгерлік үшін сотқа үш-ақ адам шақырылатын. «Хамза Есенжанов ұлтшыл ма?» - деген сұраққа Қажым Жұмалиев пен оралдық казак-орыс: «Жоқ, ұлтшыл емес!» - деп жауап берді. Ал, Дихан Әбілевтің олай деуге дәрмені жетпеді», - дейді. Дихан ағамыз: «Сені қаралауға мәжбүр болдым, Хамза. Әйтпесе, мені айдап алып кететін еді. Қалай десең, олай де, болар іс болды ғой», - деп ақталғансыйды.

       Міне, эсседегі сол бір кезеңдердің удай ащы көріністері. Қадыр ақынның өз сөзімен айтсақ: «Шындықтың аты шындық! Оны ұмытуға да, бұрмалауға да болмайды!». Бұл – Тағдыр! Өмір мектебі!

       «Өмір мектебі» демекші, Қадыр Мырза Әли Сәбеңді, кәдімгі Сәбит Мұқановты бойлай аса бір ілтифатты сезіммен еске алып отырады. Ол: «Кейбір адамдармен ұзақ уақыт бірге жүрдім, тіптен, бірге қызмет істедім, бірақ, есімде ештеңе қалмапты. Ал, Сәбеңмен бар болғаны он шақты рет кездестім, бәрі-бәрі көкірегімде сайрап тұр», - дейді.

Одан әрі: «Сәбең мен түгіл, менің әкемнің өзінен бірер жыл үлкен адам.Бірақ, ол ешкімнің жасын сұрамайтын. Оған мән де бермейтін. Табиғатынан демократ, табиғатынан көпшіл, алды кең жаратылған қазақ еді. Кездескен жерде қолтығыңнан ұстап, іліп әкете беретін... Жас кезімде мен өте ұялшақ, именшек болдым. Сәбеңнің бұл қасиетін жақсы көре тұра, пайдалана алмадым», - дейді, ағынан жарыла. әрі, Сәбең мен өзінің ішкі болмыстарын аша түскен Қадыр ақын.

         Ал, Қадыр ақын Сәбит Мұқановтың азаматтық позициясы туралы не айтады десек, Сәбең, қазаққа қырғидай тиген Голощекинді «Өмір мектебінің» үшінші кітабы – «Есею жылдарында» біріншілердің біріншісі болып жазған екен. Оны айтасыз, ол ана тіліміздің басына төнген қауіп-қатерді алғашқылардың бірі боп сезініп, Қазақстан Оқу министрінің бірінші орынбасары шовинист Щербаковпен айқасқан екен. Алматы қаласындағы бірінші қазақ балалар бақшасын аштырып, қазақ мектептеріндегі қазақ тілі сағаттарының қысқартылуына қарсы тұрған екен.

         Мінеки, менмендікпен көкіректерін соққан сол бір кезгі шовинистердің мысын біздің Сәбең ағамыз осылай басқанға ұқсайды.

         Қадыр Мырза Әли, кейіннен, бірінің қолтығында – баласы, бірінің қолтығында – немересі, ел-жұртқа үгіт-насихат айтып, қазіргі Қонаев көшесінің бойындағы 12-ші қазақ орта мектебін ашуға халқымыздың қайраткер ақыны Әбу Сәрсенбаевпен иықтаса жүріп, бірге әрекет жасасыпты. «Әбекеңнің туа біткен «мамандығы» - біреуге жақсылық жасау еді», - дейді Қадыр ақын, Зинолла Шүкіров, Жұмеген Нәжімеденов, Сайын Мұратбеков, Қанипа Бұғыбаева секілді қаншама таланты қыз-жігіттерді жетектеп әкеліп әдебиетке қосқан Әбу ағамыздың Құдай берген ізгілікті істерін тебірене еске алып.

 

«Ақынды әзілге ілдік пе,

ақтарып салса нақ шынын.

Өмірде сені білдік те,

не екенін білдік жақсының! 

 

Жыр үшін емес, бұл, тіпті,

жүректер, Әбе, мекенің.

Өлеңде сені білдік те,

не екенін білдік Әкенің!

 

Әдемі шақта – гүл шақта

келеміз біз тек оңалмай.

Өзіңдей ақын болсақ та,

өзіңдей адам бола алмай!

 

Әбеке, орның бөлек қой!

Бөлек қой орның әманда!

Құдайдай адам керек қой,

Құдайсыз мына заманда!» - деп, толқи отырып жазған осы бір төрт шумақ өлең Әбу-абыздың ішкі жан дүниесі мен оның өн бойындағы адамдық қасиетін таразылап беріп-ақ тұрған секілді!

         Қазақ әдебиеті әлеміне өлең-жырларының от-жалынымен лапылдай енген Қасым Аманжолов атты арқалы ақынды «Мен қазақпын!» дегендердің естімегені жоқ шығар?!

«Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды,

сонда да тастамаймын астанамды.

Өлеңнің қызуымен жылытамын

жарымды, бесіктегі жас баламды!» - деп өлең жазған ақындарын бағалап, олардың қаламынан туған шығармаларды ұлттық құндылық деп білмейтін мына тоңмойын қоғамға қолды бір-ақ сермеп, сол мінезді ақын Қасым Аманжолов өзінің жан досы, яғни, Ұлы Отан соғысының сұрапыл күндерінің бірінде: «Беріл! Берілсең, жаның қалады!» - деген неміс фашистерінің сөзіне елең етпей, ақырғы демі қалғанша шайқасып барып,жау қолынан қаза тапқан Абдолла Жұмағалиев атты ақын жігіт жайлы ғажап дастан жазған еді.

         Қадыр ол жөнінде: «Ешбір ақынға мұндай поэтикалық ескерткіш қойылған емес. Орнатыла да қоймас. «Абдолла» - теңдесі жоқ көркем туынды», - деп, баға берген екен. Абдолланың ерлігін жырға қосып, оны батыр ретінде қайта тірілткен Қасым болса, оның артында қалған өлеңдерін жыйнақтап, екі бірдей кітабын бастырып, ақын ретінде жарыққа шығарған иманды болғыр біздің Әбу ағамыз екенін осы Қадыр естелігінен оқыдық.

         Иә! Айналаға ажал шашып, дүние біткеннің апшысын қуырған сұм соғыс! Сені ойлап тапқандар Құдайдың бетін қалай көрер екен!!!

         Несін айтасыз! Аждаһадай ысқырынған алапат соғыс кімді зар қақсатпады?! Сол соғыстың кесірінен, артында қазасын азалар бір тұяғы қалмай, қаншама шаңырақтың түтіні өшті!

 

Өмірімді ойлаймын күнімен де,

Өмірімді ойлаймын түнімен де! –

Мен жалғызбын – жоқ жалғыз аға менде,

Мен жалғызбын – жоқ жалғыз іні менде!

 

Өмір неге тарылды тарылмасқа?!

(Балаң басқа, әрине, жарың басқа).

Мен жалғызбын – жоқ жалғыз апа менде,

Мен жалғызбын – жоқ менде қарындас та!

 

Кінәлі емес бұл үшін, тегінде, Ана.

Көкіректегі шерім бұл менің ғана!

Ағасы жоқ адамда жеңге де жоқ, -

Менде іні жоқ, - жоқ содан келін бала!

 

Жалғыз Ана – сол маған сүйеу ғана.

Ол да болса қайғыға тиеулі ана!

Апасы жоқ адамда жезде де жоқ,

Қарындас жоқ, жоқ содан күйеу бала.

 

Өмірдің бір қызығы туысқан ғой,

Осылайша мазалар тоғысқанда ой.

Соның бәрі, о, достар, Әке жоқтан,

Әке жоғы – кешегі соғыстан ғой!

 

         Тууын Қаратөбеде тусам да, бал дәурен балалық шағым ата-бабам мекені – Жымпитыда өтті. Сонда есейдім. Сонда бірінші рет мектеп есігін аштым. Сонда орта мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына сол жерден аттандым.

Екінші Дүниежүзілік соғыстың басталуы менің мектепке баруыммен қатар келді.

Бір ғажабы – сол әлемдік соғыс басталар алдында, неге екенін қайдам, үлкендердің «Қой!» дегеніне қарамай, ақ-қызыл боп, атысып-шабысып, өршелене кеп соғыс ойнайтынбыз. «Ырымға жаман!» - десе, болмайтынбыз.

Ақыры, не керек, сол ырымшыл қариялардың айтқаны келді, - қанды қырғын басталды да кетті.

         Ауылдар ғана емес, аудан орталығының өзі қаңырап қалды. Қатарлары кетіп жатқанда, кеңсе күзетіп, үйде отыруға арланған азаматтар да, өз беттерімен, сұранып, майданға аттанды.

         Кеңес халқының психологиясы мүлдем бөлек еді ғой. Әсіресе, ауыл қазақтарының адалдығы, тазалығы, имандылығы таң қалдыратындай еді. Бүгінгілерге оны түсіну қайда!..

        ... Соғыс басталысымен, біздің ауылды босқындар басып кетті. Азып-тозған Украинаның қойшылары алдарындағы отарларына ие бола алмай, кез-келген ой-шұқырда құлап жатты.

        «Бүлінгеннен бүлдіргі алма!» - деген халықтық қағидамен тәрбиеленген менің жұртым, талықсығандарын қолтықтарынан демейтін. Өздері аш-жалаңаш отырса да, әлгілердің тышқақ лағына тиіспей, аулаларына кіріп кеткендерінің өзін айдап апарып, қосып қайтатұғын.

       «Бұрындары ән салып, күй тартып, қыз ұзатып, келін түсіріп, ырғалып-жырғалып жатушы едік», - дейтін, ауыл-ауылдың түпкір-түкпірінде қамсыз жатқан қазақ жұрты, әуелі – алаш арпалысы, одан кейін – колхоздастыру, конфискация, аштық апаттары, репрессия лаңы, енді, міне – соғыс, әйтеуір, не керек, есеңгіреп қалды. Қаңыраған қыстау. Даласы – данасыз, елі – ерлерсіз азынаған ауыл.

Соғыстың басталғанына бір жылға толар-толмас уақыт ішінде қасіретке толы қара қағаздар қардай жауды. Күйеулерінен хат күтіп, поштабайды көргенде құстай ұшатын келіншектер, ендігі жерде, одан қашқақтайдынды шығарды. Оны айтасыз, екі-үш адам басын қосып, үйіне қарай келе жатса, мыналар жайсыз хабар жеткізе ме деп зәрелері қалмайтын.

         Жарық жоқ, - ерте жатамыз. Әжем марқұм мені қанатының астына алып, бауырына басып: «О, Құдайым! Бергеніңе шүкір!» - дейді күңіреніп. Сөйткен шүкіршілікті әжемнің жалғыз ұлы мен күйеу баласын, соғыс, жалмап алған. Ал, шалынан хабар жоқ.

Сол есіме түскен мен: «Несіне шүкір дейсіз, әже?» - деймін. Ол: «Неге шүкір демейін, қалқам. Бұдан да жаман болуы мүмкін ғой!» - дейді. Мен, әжем айтқан «бұдан да жаман болуы мүмкін» күнді көзіме елестете алмай, шаршап барып ұйқыға кетем...

         Неге екенін, сол күндер менің есімнен әлі күнге дейін кетпейді. Қайсы бір кезде, көңілім өсіп, кеудеме кішкене желік кіре бастаса: «Аяз би, әліңді біл, құмырысқа, жолыңды біл! – деп, өзімді-өзім сабама түсіре қоям. Заман-ай десеңізші!

        Эрнест Хемингуэй айтқан екен: «Нағыз ақын, нағыз жазушы жетімдерден шығады», - деп. Осы бір сөз менің көңіліме бір түрлі жұбаныш енгізгендей болады...

          Көп оқыдым. Көп еңбек еттім. Көп жаздым, көп аудардым. Әдебиетте мен қалам тартпаған жанр жоқ. Соның қай-қайсысында да абыройсыз болмадым. Жанкешті еңбектің арқасында біраз табысқа жеттім.

         Иә, мен өз тіршілігімді шығармашылықтың қызығына байлап қойып, өмір сүрген адаммын. Мен де, менің отбасым да бір шоқ жұлдыз – Үркердей сол Темірқазықты айналып ғұмыр кештік. Өз басым дүниенің тірегі – татулық деп білем. Кең мағынасында да, тар мағынасында да менің түсінігім – осы.

 

Адамдар бар

                 әумесер, –

адамдар бар

                 елірме, –

ал оларға бола сен

өкпелеме

                  Өмірге!

 

Түгі де жоқ жасқанар,

түрленте бер

                     өңірді!

Саған қарап басқалар

сүйер болсын

                    Өмірді!

 

***

 

Көңіл ғой – үлкен қомағай!

Күнің жоқ, көңіл толмаса!

Таласып өту оп-оңай,

Жарасып өту болмаса!

 

Түк емес сұлу тұлғаң мен

торсиған мынау тоқ күйің!

Адам боп оңай туғанмен,

адам боп қалу көп қыйын!

 

***

Кім мықты бұл дүниеде?

                                       Адам мықты!

Сонымен – қалам құтты, далам құтты!

Сол ғана алатұғын нысанаға

сұрқия зұлымдықты, жамандықты!

 

Кім мықты бұл дүниеде?

                                 Адам мықты!

Сақи жер жаңалықты содан күтті!

Сырлы өмір! Қанша жұмбақ болғаныңмен,

сені, тек, адам дейтін данаң ұқты!

 

Жатса да «өсек» атты төбет үріп,

жолдаспен сырласады ол күле отырып.

Апырмай! Бір ғажабы – қайғырмайды-ау,

түбі бір өлетінін біле тұрып.

 

Кім мықты бұл дүниеде?

                                 Адам мықты!

Сол ғана қастерлейтін адалдықты!

Сол ғана озық ойдың қолыменен

сығатын кеңірдектен надандықты!

 

         Қадыр ақын бір сөзінде: Адамдардың миллионнан бірі ғана өзгермей, өз қалпын сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан да адамды бір жақты бағалау, бір жақты суреттеу шындықпен жанаспайтын нәрсе», - депті. Біз де осы пікірге тоқтадық.

        Қоғам деген үлкен көрік бар. Оның көмейіне түссе, не бір құрыш болаттарыңды илеп жібереді. Бәлкім, сондай жағдайлардың тезіне тап болды ма, Мұхамеджан Қаратаев жөнінде жұрт әр түрлі әңгімелердің басын шалып жатады. Оны біз осы Қадыр ағамыздың эссесінде баяндалған репрессия құрбаны Ілияс Жансүгіровтің тағдырына тікелей қатысты сәттерден де аңғардық. Алайда, қазақта «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген аталы сөз бар. Сол айтқандай, Мұхамеджан ағамыз бірде жақсатты, бірде жаманатты бола жүріп, кейіндері, «Ештен де кеш жақсы» дегендей, халықтың игілігіне біраз шаруалар тындырыпты. Соның бірін Қадыр Мырза Әли аса бір ырзашылық көңілмен атап өтеді.

        Елуінші жылдары «Жазушы» баспасын Мұхамеджан Қаратаев басқарып тұрған кезеңде кітап басып шығару бұрын-соңды болмаған қарқын алды. Алдымен, Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың алты томдықтары, - Ғабит Мүсіреповтің үш томдығы, - Ғабиден 

Мұстафин, Тайыр Жароков, Әбділдә Тәжібаев, Сабыр Шәріповтердің екі томдықтары, басқа да ақын-жазушылардың өмірде шықпаған бір-бір томдықтары жарық көрді. Одан әріде Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндердің томдықтары 40-45 мың данамен басылды. Қысқасы, қазақ қарық болды да қалды.

         Ең басты айтатын мәселе – ол – сол кездегі кітап шығарып, оны таратуда Қазақстан Ресейден басқа республикаларды алдына салмайтын. Осыған байланысты кітапханалардың саны өсті, оқырман көбейді, қазақ кітапты іздеп жүріп оқыйтын дәрежеге жетті.

         Қазақстан үшін бұл – шын дәуірлеу кезеңі еді. Бұл орайда академик Мұхамеджан Қаратаевтың сіңірген еңбегі орасан зор болды.

 

Көңіл ғой – үлкен қомағай!

Күнің жоқ, көңіл толмаса!

Таласып өту оп-оңай,

Жарасып өту болмаса!

 

Түк емес сұлу тұлғаң мен

торсиған мынау тоқ күйің!

Адам боп оңай туғанмен,

адам боп өлу көп қыйын!

 

        Арғы-бергі тарихқа көз жіберсеңіз, - қазақ тағдыры, қашан да, қалтылдап қыл үстінде тұрады. Халқымыздың бағы мен соры – ұлан байтақ кең дала, оның қойны-қонышындағы көрінгеннің көзінің құртына айналған қазына-байлық. Атысу да шабысу, айтысу да тартысу. Әр түрлі құйтұрқы әрекеттермен халықты іштей ірітіп, оның ұлттық бет-бедерін адам танымастай етіп өзгерту, бүлдіру.

       Міне, осындай ішкі-сыртқы зұлматтардың салмағынан белі бүгіліп барып жазылған, үміті үзіліп барып жалғанған қазақ халқын өзгелермен терезесі тең мықты мемлекеттердің қатарына қоссақ, іргелі ел етсек деген перзенттік ұлы мақсат не бір марғасқаларымыздың ұйқысын қашырып, мазасын алғаны ақиқат. Ал, мұндайда ақын қайтіп жайбарақат қалар?!

Ол: «Туған жердің тылсым сырын ұғып көр! –

Туған елдің үдесінен шығып көр!

Қарап тұрып мынау биік Тауларға,

қалай төмен боламыз, ей,

                                         Жігіттер?!

Туған жердің тылсым сырын ұғып көр! –

Тұма бұлақ дариядан үміткер!

Қарап тұрып мынау түпсіз Тереңге,

қалай тайыз боламыз, ей,

                                         Жігіттер?!

 

Туған жердің тылсым сырын ұғып көр! –

Шыңға өрмелеп құз басына шығып көр!

Қарап тұрып мынау байтақ Далаға,

қалай кіші боламыз, ей,

                                         Жігіттер?!» – деп ұрандатса, онысы:

 

«Еділдің бойы – ен тоғай, -

ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге

мал толтырсам деп едім!» - деген Махамбет арманының заңды жалғасы болмақ-ты!

         Міне, қазақ тарихының ең бір күрделі кезеңдерінде басшылық қызметтерде жүріп, көрегендікпен іс қылған, халқымыздың асыл да ардақты азаматы Ілияс Омаровттарды елең еткізген Қадыр қаламынан туған осындай рухтағы жырлары еді.

        Сол себепті де Ілияс Омаров өзі республикалық Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасарлығы лауазымында жүріп, үлкен басын кішірейтіп, Қадыр ақынды арнайы үйіне шақырып, қонақ қылып, ұзақ сырласқан, ақ жол тілеп, батасын берген екен.

       Сөзіміз құрғақ болмасын, бұдан әрі қарай Ілияс ағамыздың мына бір сөздеріне құлақ түрелік.

      «Айналайын Қадыр!

      Жасымыз бар, жасамысымыз бар, - өнер адамымыз бар, шаруа адамымыз бар – бәріміздің илеп жатқанымыз бір тері. Жүректе – бір махаббат, көңілде – бір арман. Қолымыздан келгенінше халқымызға қызмет етуіміз керек. Өйткені, түрлі-түрлі себептерге байланысты біздің қазақ өңге туысқандармен салыстырғанда, біраз қалыс қалған сияқтымыз.

Елді алдыңғы қатарлы өркениетті мемлекетке айналдыру – кез келген саналы қазақтың парызы. Сенің «Дала дидарыңды» оқып отырып, мен өзіңді тап осылай ойлайтын азамат деп ұқтым... Өмірде де, өлеңде де жолың болсын, айнам!

         Өзің алашордашылар отанынан болдың ғой. Шыдай тұр. Заман ақырын болса да, өзгеріп келеді. Аз ғана қалды. Алашорда азаматтарына да басқаша қарайтын уақыт болады, әлі... Біздің бойымыз тұнған дерт. Сол дерт, шыққанда, қай кезде шығып бітпек?! Жаңа қазақ, ұлтын сүйген ұлы қазақ қашан қалыптасып болмақ?! Қалай дегенде де, ерте ме, кеш пе, халқының қамын ойлайтын ақылды азамат шықпай қоймайды».

          Бойдағы Құдай берген жазушылық қасиет – ол – дарын ғана. Ал, сол дарынды әрі қарай дамытып, ұштап, талмай жұмыс істеген адам, яғни, жазуды кәсіпке айналдырған адам –шын жазушы – сол. Бұл орайда, оза шауып, Қадыр Мырза Әлидің алдына түсетін қаламгер аз болар, сірә.

         Ол: «Елу жыл үзбей жазып келемін. Бейне, мәңгілік двигатель секілді жұмыс істеппін. Бір күн, бір апта, бірер ай қағаз-қаламнан қол үзген кездерім болған шығар, ал, енді, он екі ай, яғни, бір жыл жазбай кеткен кезім болған емес», - дейді. Бұл – жазушылықты еңбек деп бағалаған, оны шын сүйген адамның сөзі. Бұл орайда да ол – кімге де болса, үлгі-өнеге.

        Әсіресе, Құдай Тағала тас төбесінен ұрып, «Жаз!» - деп бұйырғанда ғана, жаны қысылғаннан қолына қалам алатын біз секілді дәйексіздер мен делқұлылар үшін! Жазушының басты парызы «Айту!» болса, сол киелі ұғымды, өзге емес, тек, шын кәсіби жазушылар ғана көтеріп жүре алады. Бұл ретте Қадырға халықтың өкпесі жоқ деп есептейміз.

        Қадыр ақын әдебиет әлеміне өзімен бірге еніп, сол әлемде жұптарын жазбай, үркердей боп бірге жүрген қаламдас достары жөнінде көп толғанады. Әсіресе, өмірден ертерек озып, іздеусіз жатқан Жұмекен Нәжімеденов, Жайсаңбек Молдағалиев, Сайымжан Еркебаевтарды қатты уайымдайды. «Өлдің, Мамай! Қор болдың!» - деп күрсінеді. Күрсінеді де, кезінде дүниені дүркіретіп өткен Мамай батырдың тағдырын Жұмекендер қайталап, бейне бір ертегілік кейіпкерлердей, көмескіленіп, тылсымға сіңіп, біртін-біртін жоғалып бара жатқандай, үрейленеді.

       «Өлерсің! Өлгеніңнен кейін, жерлер! Қырқыңды берер, жылыңды берер! Содан соң ұмытыла бастарсың! Қайтсін, әйел, бала-шағаң шырылдап бағар! Ақыр аяғы олар да тынар», - деп таусылады. Таусыла отырып: «Әр жазушының өзіне лайықты орыны бар. Туған әдебиетіне қосқан үлесі бар. Қай-қайсысына да лайықты құрмет көрсетілуі тиіс. Елдің елдігі содан танылса керек... «Елім!», «Жерім!» деп, ішкен асын жерге қойып, тек сол ұлы мақсатпен өткен ер азаматтарды ең алдымен жұрты, одан кейін мемлекеті іздеуі керек!» - деп, артындағыларға аманат айтып, арыз қалдырғандай болады.

        Иә! Артында бұйра-бұйра шаң созылтып, қазақтың кең даласының төсінде көсіле шапқан арғымақтайын-ақ, бұрқырата өлең жазып, соңында будақ-будақ жыр қалдырған Қадыр ақын да өтті дүниеден!

       Алайда, көңілге медет тұтар бір нәрсе бар: Қадыр шығармалары – қай замандық қоғамға болмасын, баға жетпес қорек. Ол егіп кеткен мәуелі ағаштың жемісін теріп, қызығын көрер күн әлі алда! Қадыр жырларының рухын бойына сіңірген ұрпақ қандай соққының астында жүрмесін, азбайды! Ол, қандай қиыншылық кезікпесін, қалай да жеңіп шығады! Қадырдың, Қадыр поэзиясының мықтылығы – міне, осынысында!

жалғасы бар