Қадірлі ағайын!
Тамыз айында "Бәйтерек аясы" қоғамдық бірлестігінің қолдауымен, бүгінде "Ысық ата" тарихи мемориалдық кешеніне айналып отырған, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші - киелі орын "Оңай ата" қорымының басына қорғау тақтасы орнатылады.
Сонымен қатар, Алла қаласа 28 тамызда "Алаш" отрядының командирі болған, қазақтың тұңғыш жоғары білімді агрономдарының бірі, алғашқы әскери кадрларымыздың бірі, руы Ысық - Майдан Әмірхан Тілеумағамбетовтың (Әлихан Ағаев) жерленген жеріне белгі қойылады. Жанындағы төрт жолдасымен сүйегі Қызылқоға ауданына қарасты Төсқұдық ауылы (211-станса) маңындағы Бүркіт ата зиратында жатыр. Белгі қою "Бәйтерек аясы" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылмақ. Рәсімге бірлестік мүшелері және Ақтөбе облысы Байғанин ауданынан белгілі өлкетанушы Ибрагим Ермекбаев бастаған делегация қатысады деп күтілуде. Атырау қаласынан Әмірхан Тілеумағамбетовтың қарындасы Күлән апамыз бен Алматыдан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, эссеист жазушы, энциклопедист, атамыздың өмірін зерттеуші ғалым Мақсат Тәж-Мұрат келмек. Рәсім соңында сол маңдағы Ақшелек қонысында (Серік Құлшықовтың шаруа қожалығы) марқұмдарға бағышталып мал сойылып, садақа беріледі.
"АЛАШ ТУЫ АСТЫНДА КҮН СӨНГЕНШЕ СӨНБЕЙМІЗ !"
"Бәйтерек аясы" қоғамдық бірлестігі.