ЕЛ ЕСІНДЕ ҚАЛҒАН ЕСІЛ ЕР...

ЕЛ ЕСІНДЕ ҚАЛҒАН ЕСІЛ ЕР...

Сарайшық ауылында кезінде ауыл спортының жанашыры болған марқұм Нұрлан Бағытұлы Нұрғалиевті еске алуға арналған футболдан турнир өтті. Оны ұйымдастыруға Нұрғалиевтер әулеті мен Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің ұжымы ұйытқы болды. 
Нұрлан бала кезінен спортқа құмар еді. Атырау-Орал тас жолының Сарайшыққа бұрылатын бұрылысына автобус тоқтайтын. Сол жерден ауылға қарай жүретін кірме жолдың ұзындығы бес шақырым. Нұрлан автобустан түсе салып, осы жолмен ауылға дейін жүгіріп баратын. Жолда тоқтаған машиналарға «Жүре беріңдер!» деп қолын сермейтін. Онысына таң қалған шөпірлер иықтарын бір қиқаң еткізетін де жүре беретін. Ақыры ол ауылға сол жүгірген күйі барып кіретін еді...
Өзін осылай шыңдаған Нұрлан мектептен соң физкультура техникумын бітірді. Талай талапшыл жасты спортқа баулыды. Амал не, өмірі қысқа болып, фәни дүниеден жүзін ерте үйіріп кетті.
Ауыл тұрғындарының көңілінде иманды, бекзат болмысымен мәңгі өшпестей болып қалған Нұрланды еске алуға арналған турнирге барлығы тоғыз команда - Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебі, Махамбет көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжі, «Сарайшық сити», «Мұқан төбе мықтылары», «Кит край», 2000 жылы туған «Жас талап», 1989 жылы туған «Құрдастар», 2008 жылғы мектеп түлектері және «Сарайшық жастары» командалары қатысып, өзара бақ сынасты.
Турнирдің ашылу салтанатында Нұрғалиевтер әулетінен Нұролла Бағытұлы ағамыз лебіз білдіріп, спортшыларға сәттілік тілесе, ауыл ақсақалы Темірқанат Ташекенов пен ардагер спортшы Бисен Өтегенов бата берді.
Турнир өте қызықты да тартысқа толы болды. Үзіліс уақытында ауылдың ардагер спортшылары алаңға шығып, ауыл жастарының қақпасына 11 метрлік айып добын дәл теуіп, мызғымас шеберліктерін көрсетті. Сөйтіп, олар арада талай уақыт өтсе де өздерінің футбол ойынының қас шебері болып қалғандықтарын дәлелдеді.
Турнирдің финалдық кезеңінде «Сарайшық жастары» командасы мен «Құрдастар» командасы кездесіп, тартысты кездесуде «Сарайшық жастары» командасы турнир жеңімпазы атанды. Екінші орынды «Құрдастар» мен «Мұқан төбе мықтылары» бөлісті.
Жоғары деңгейде өткен турнирде ерекше ойын техникасын көрсеткен Берік Орынбасаров «Үздік қақпашы», Бекзат Мұхат «Үздік қорғаушы» және Хадим Хамидуллин «Үздік шабуылшы» номинациялары бойынша марапатталып, жеңіс тұғырынан көрінген командаларға бағалы және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.


Т.НАУРЫЗӘЛІ
Атырау