СӘБИ СЕКІЛДІ ЖАН ЕДІ... немесе РЕДАКТОРДЫҢ ҮЙІНЕ ОТЫН ҚАЛАЙ ТҮСІРІЛДІ?..

СӘБИ СЕКІЛДІ ЖАН ЕДІ... немесе РЕДАКТОРДЫҢ ҮЙІНЕ ОТЫН ҚАЛАЙ ТҮСІРІЛДІ?..

Атырау баспасөзінің абызы Теңдік Жауырұлы ағамыздың дүниеден өткеніне де төрт жылдан асыпты. 
Ол қырағы редакторлығын, қарымды қаламгерлігін айтпағанда, тағлымы мол ұстаз еді. Университеттің қазақ әдебиеті және журналистика (қазіргі орыс филологиясы және журналистика) кафедрасы үшін өмірінің соңғы он жылында сіңірген еңбегі ересен.

 

 

36425822_874384159439005_7585198525781114880_n

Осы университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қадір Жүсіп осыдан он төрт жыл бұрынғы журналистика мамандығы ашылған тарихи сәтті былайша тебірене еске алды:
  Жаңа мамандықты даңқты жерлесіміз, академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың қатысуымен аштық. Ол ашылғаннан кейін білікті оқытушы кадрлар керек болды. Сонда дереу Тәкең ойымызға түсті. Сол кезде «Ар-честь» газетінде редактордың орынбасары болатын. Ұсынысымызды естігенде балаша қуанды. Сөйтсек, жас журналистерге білгенін үйрету Тәкеңнің көптен бергі арманы екен. Ұлғайған жасына қарамай іске құлшына кірісті. Көптеген материалдар жинай жүріп, қазір осы мына өзіңіз отырған зертхананы жасақтады. Көріп отырсыздар, қазір бұл бір кішігірім музей сияқты. Үлкейді ғой десек те, Тәкеңнің өмірден өтуі менің жүрегіме ауыр тиді. Енді сіздер мен біздер, мына отырған жауқазын ұрпақ ол кісінің рухани өмірін жалғастыруымыз керек,-деді профессор.

36413466_874384352772319_2188556647884914688_o
  Тағдырдың мені Тәкеңе жолықтыруы бір қызық жағдайда болды, - дейді белгілі журналист Төлеген Берішбай. – Мектепте бұзық бала болған едім, содан 1967 жылы оқу бітірерде маған аттестат бермей қойды. Бірақ өлеңдерім аудандық, облыстық, тіпті республикалық басылымдарға шығып жүргендіктен, мұғалімдер іштей мойындайтын. Алайда, аттестатсыз қайда барам? Сөйтіп жүргенде, бір жанашыр ағайым ауданға телефон шалып, мені редакцияға жұмысқа алу жөнінде сөйлесіпті. Талантты бала екенімді айтыпты. Мен іштей «әй, ала қояр деймісің» деген дүдәмал ойда болдым. Жоқ, келесі күні әлгі ағайым: «сені Жауыров шақырып жатыр екен, дереу ертең Махамбетке жет» деді. Жеттім. Редактормен арадағы аз-кем әңгімеден соң дереу жұмысқа алындым. Бүгінде марқұм болған, Сарайшық ауылының тумасы Жәрдем Сапаров деген жігіт екеуміз бір бөлімде істейтін болдық. Сөйтіп, әуелі Алланың, содан соң Тәкеңнің қолдауымен мектеп партасынан бірден газет жұмысына келген едім... Әлі есімде, сол жылы күзде «1 мамыр» кеңшарына барып, жиын-терін науқанының аяқталғаны жөнінде «Соңғы рейс» деген тақырыппен репортаж жазғам. Редакциядағы жігіттер бас бармақтарын көрсетіп, мақтап жатыр. Бірақ редактор әлі пікірін айта қойған жоқ. Сөйтіп жүргенде, «сені редактор шақырады» деді. Бардым. Жүрегім қобалжулы. Өйткені Тәкең маған бір нәрсені айта алмай отырған сияқты. «Әлгі мақаладан бір нәрсе кетпесе жарар еді» деймін іштей. Содан Тәкең сөзін бастады. Әуелі терезеге қарап отырып, күннің суытып кеткенін айтты. Осы күннің сууы жарты сағат әңгіме өзегіне айналды. Содан кейін барып, Тәкең күннің сууына орай үйіне көмір түсірткенін, енді соған тамызық керек болып тұрғанын, осыған Жәрдем екеуміздің мүмкін болса қол ұшын беріп, тоғайдан отын әкеп беруге қалай қарайтынымызды айтты-ау. Жаңағы жарты сағат әңгіме осы бір ауыз сөздің кіріспесі ғана боп шықты. «Ух!» деп бір демалдым. Жұмысқа қатысты емес екен, әйтеуір. Әйтпесе, «мына суықта әлі жиналмаған өнім қалыпты. Ал сен болсаң «Соңғы рейс» деп мақала жазыпсың» дегелі отыр ма деп зәрем зәр түбіне кетіп еді. Содан Жәрдем екеуміз жалаңдаған жас жігітпіз ғой, редактордың үйіне отынды үйіп тастадық. Сонда деймін-ау, басқа редактор болса, «жігіттер, менің үйіме отын керек, соны дереу түсіріп тастаңдар» дейді ғой. Ал Тәкең бізге отын түсірткен ғұрлы қатты қысылды. Міне, ол кісі осындай сәби мінезді адам еді. 

36394084_874384296105658_2104352190549196800_n
Теңдік ағамен Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінде ұзақ жылдар бірге қызмет еткен ардагер журналист Сейілхан Қайыржанов «Тәкең Атырау журналистикасында адами болмысты сомдап кетті ғой» деген лебіз айтты...
- Мен Тәкеңнің қырық жыл қасында жүрген інісімін, - деді белгілі журналист, жазушы Айтқали Нұрғалиев. - Ол кісі туралы көп айтуға болады. Бірақ мен мына жайтты айта кеткім келеді. Ол кісі дүние саларынан аз уақыт бұрын «Атырау-ақпараттың» баспасына келіп, кітабын тапсырды. Содан соң өзі ашқан зертханасын уайымдайтынын айтты. Бұл жай менің ойымда жүретін. Енді бүгін зертхананың толығып, көркейген, студенттер кадесіне жарап отырған қалпын көріп, көңілім марқайып тұрмын. Факультет ұжымына зор алғысымды айтамын.

36369089_874384199439001_5524446055787134976_n
Ал менің өз тарапымнан айтарым – Теңдік аға өсіп келе жатқан жастарға өте қамқор адам еді. Мені аудандық газетте жұмыс жасап жүрген жерімнен облыстық «Атырау» газетіне жұмысқа шақырып алды. Ал университетте сабақ берген кезінде ұлым Диасқа ұстаздық етіп, университет бітірер кезінде диплом жетекшісі болды. Сол кезде дипломды Диас емес, бейне бір өзі қорғайтындай, үйге қайта-қайта телефон соғып, «Диастың дипломы не болып жатыр, Тарас? Дайын болса бас жағын маған бере берсін» деп әбігерге түсті-ау. Қайран ағатайым, сен сондайсың ғой. Жауырұлының басқаша болуы мүмкін де емес қой. 
Бір жолы Теңдік ағайдың сабағы үстінде бір мұғалімдері ағайдан рұқсат сұрап Диас пен группаласы Нұрболат Елеусіновты бір жерге жұмсапты. Рұхсатын берген ағай аудиториядан шығып бара жатқан екеуіне: «Таксиге ақшаларың бар ма?» дейді. Бұлар алуға ұялып, «бар» дей салады. Бірақ студенттерінің ішкі дүниесін оқып қоятын сұңғыла да, сезімтал ағай екеуіне қояр да қоймай мың теңге ұстатып жібереді. Міне, осындай ұстаздардың болғанын біліңіздер.
Тау алыстаған сайын биіктей түседі дейді. Сол рас. Теңдік ағаның да асыл бейнесі жылдар өткен сайын санада жаңғырып, жүректі сағыныш боп жылыта түседі. Ол бізді ылғи сыртымыздан бақылап тұрғандай сезінемін. 

 

                                                                                                                          Тарас НАУРЫЗӘЛІ
                                                                                                                              Атырау қаласы