Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Никельтау ауылында елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры, ақын Гүлжайнар Калдинамен «Тағдырымның таңбасы - өлең» атты кездесу кеші өтті.
Өткізілген шара Ақтөбе өңірінен шыққан ақынды, ел мәдениетінің, өнерін, есімдерін жас ұрпаққа үлгі ету, ұғындыру және шығармаларын насихаттау. Әдеби рухани көңіл күй сыйлау сонымен бірге жастардың әдебиетке ынтасын ояту мақсатында ұйымдастырылды.
Кешке Хромтау ауданы әкімінің орынбасары, ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы Ракишева Жайнагүл Баймағамбетқызы, Никельтау ауданының әкімі Әлмұратов Нұрлан Болатұлы, ақын Индира Кереева және жас ақындар, кітапханашылар, ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысты.
Ақын Гүлжайнар Нәренқызы Шалқар ауданы, Аққайтым ауылында ұстаздар шаңырағында өмірге келген. 2003 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін журналистика факультеті бойынша бітірген. С.Томанов (Алматы-2003), Қожа-Ахмет Яссауи (Түркістан -2007) атындағы және «Өлең, мен сені аялап өтем» атты (Атырау-2010) республикалық ақындар мүшәйраларының жеңімпазы. Тұманбай Молдағалиев атындағы арнайы сыйлықтың иегері, Солтүстік Қазақстан облысында өткен Мағжан Жұмабаевқа арналған республикалық жыр мүшайрасының жүлдегері болған. 2018 жылы «Ұлт болмысы» атты республикалық әдеби байқауында поэзия жанры бойынша 1-орынды жеңіп алған.
Ақын Гүлжайнар Нәренқызы: «Журналист болсам деген арманыма анам қарсылық білдірді. Ауыр да жауапты сала деді. Есесіне, әкем маған үлкен сенім артты. Алланың қалауымен журналистика мамандығына оқуға түстім. 2003 жылы облыстық «Ақтөбе» газетінде еңбек жолым басталды. «Ақтөбе» газетінде Ертай Ашықбаев, Мейірхан Ақдәулетұлы, Бауыржан Бабажанұлы секілді белгілі ақын ағаларымызбен бірге қызмет жасаған кезде өлеңнің не екенін түсіне бастадым. Алматы қаласында өткен республикалық С.Томанов атындағы ақындар мүшәйрасы болды. Мүшәйраға ең бірінші рет қатысып, 3- орын алып келу жеңісімнің басы және өлеңге деген қадамымның басталуы деп білемін»,-дейді. Шарада ақын Гүлжайнар Нәренқызы өзінің өмірі мен шығармашылық жолын жиналған қауымға айтып берді. Жастар ақынға сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті. Әр түрлі тақырыпта ашық әңгімелесті. Оқушылар Гүлжайнар Калдинаның туындыларынан өлеңдер оқып, өз өнерлерін көрсетті. Хромтау аудандық кітапханасының мамандары кеш иесі туралы дайындаған бейне ролик пен слайд көрсетті. «Шұғыла» шығармашылық орталығының ақындары өлеңді сүйер халқына музыкалық драмадан көрініс көрсетті. Гүлжайнар Нәренқызы кітабын Хромтау ауданының кітапханасына және Никельтау ауылына сыйға тартты.
Шараға келушілер С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы ұжымының дайындаған кітап көрмесімен танысты. Көрмеге өлкемізден шыққан ақын-жазушылардың туындылары қойылды.
Кеш соңында көрермендер арасынан өз еріктерімен сұранып шығып, жылы лебіздерін білдіріп, ауылдың үлкендері батасын берді.
Қабибек Мұхитов