15-маусым күні Мәскеуде оқып жатқан қазақ студенттері болып қала төңірегінде орналасқан қорымға барып тағзым етіп, құран бағыштадық. Бұл қорымға алаш қозғалысының белсенділері З.Әбенов, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Қожанов жерленген болатын. Рәсімге Сұлтанбек Қожановтың немере келіні мен шөбересі келді.
Көзі тірісінде қазақ зиялыларының ел үшін, жер үшін жан аямай сіңірген еңбегі орасан зор болатын. Бұл аруақтарды әрбір қазақ жадында сақтап, олардың өмір тарихын жатқа білуі тиісті деп ойлаймын. Сөздің шындығы керек, бұл есімдерді өмірде естіп көрмеген жандар бар. Өзінің тарихын білмейтін сол замандастарымыз үшін азы-маз мәліметтер берейін.
Сұлтанбек Қожанов (1894-1938) – мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист. Еліміздің астанасын Орынбор қаласынан Қызыл Ордаға көшіруде, дұрыс аталмай бұрмаланып аталып жүрген «қырғыз» деген аттын «қазақ» деп түзету үшін зор еңбек еткен ұлы азамат.
Нәзір Төреқұлов (1892-1937) – мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіби дипломат. КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі болған, Дуайен лауазымына (сол елдегі елшілерге басшылық жүргізетін дәреже) жеткен тұңғыш қазақ. Ұлт мүддесін өз өмірінен биік қойған ардақты азамат. 1937 жылы ату жазасына кесілді.
Тұрар Рысқұлов (1894-1938) – мемлекет және қоғам қайраткері. Халық комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген жерінде «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айып тағылып тұтқынға алынды, көп кешікпей Мәскеуде атылды.
Зияда Әбенов (1901-1937), кеңес және кәсіподақ қызметкері, қоғам қайраткері. Ұлытаудың түлегі. Түпкі атасы Берденнен Есенкелді—Қоржынбай—Әбен болып таралады. Кеңес өкіметіне дейін қойшы болған. Кейін ЧОН отрядының жауынгері болды, бандитизмге қарсы ұрыстарға қатысқан адам. 1928-1936 ж.ж «Түрксіб» құрылысына қатысып, «Түрксіб» жол кәсіподақтарының төрағасы қызметін атқарды. Сол жылдары Қазақстан ОАК-нің мүшесі болды. 1937 ж. «халық жауы» деген нақақтан-нақақ жабылған жаламен тұтқынға алынды.
Көп жастарға қарап ішің күйінетін сәттер көп кездеседі. Қазіргі таңда білім іздеп ел болашағы мен ұлт үшін жүрген жастарды аз көреміз. Бос жүрген жас қазақ жастары болашақта оянар сенемін. Елдің кішкентай да болса бір кірпішін бірге қаласуға атсалысайық, қазақ жастары. Білім іздейік, ғылыммен айналысайық. Сол кездегі қазақ зиялыларына қарап отырсақ, небәрі 23-25 жастарында билікке араласып, ел мүддесі үшін кеңінен араласқан екен. Сол зиялыларға қарап қашан бой түзейміз?! Сол кісілер ұстанған ұранды қашан біз ұстаймыз?! Олар жүрген жолды біз қашан жалғаймыз?!
Осы сұрақтар менің көкейімде тұр. Жалпы сөз соңындай айтарым: Қазақты мына біз секілді жастар көтермесе ешкім келіп көтермейді. Осыны ұғанайық замандастарым. Қазақта, «Жалындап, жанып тұрған от бол! От болмасаң жоқ бол!»-деген керемет сөз бар ғой. Алаш ардагерлеріне тағзым етіп отырып осындай толғанысқа ендім. Ой толғанысымды Міржақып атамыздың «ОЯН, ҚАЗАҚ!» деген жалынды сөзімен аяқтағым келіп отыр.
Х. Досмұхамедов атындағыАтырау мемлекеттік университетінің
магистр окытушысыТұржанова Сайрагүл Саматқызы