ҰСТАЗ

1987-ші жылдың алғашқы қыс айларының бірі еді. Таңертеңгі сағат онға таман асығып-үсігіп университетке жеттім. Ол кезде қазіргі біздің Атырау Мемлекеттік Университеті «Гурьев пединституті» деп аталатын. Төрт-бес айдан бері «КПСС тарихынан» дәріс беретінмін.. Кафедрада отырған әріптестеріме басымды изеп амандастым да, сыртқы киімімді іліп болғасын орындықтардың біріне отыра кеттім. Ішке кірген бойда қағаздарын қарап отырған Баяндиев Дәржан ағайға көзім түскен болатын. «Ағайдың бүгін сабағы бар ма еді, менің сабағыма қатысу үшін келіп отырған жоқ па екен?» деген ой сап ете қалды басыма. Олай ойлайтын себебім де бар. Ол кезде әрбір жас оқытушыға осы пединститутта көптен бері қызмет істеп келе жатқан аға оқытушылардың бірін тәлімгер ұстаз етіп бекітетін. Сол тәлімгер ұстаздар анда-санда өзіне бекітілген жас мамандардың сабағына қатысып, кейін сол сабақты секция отырысында талқылап отыратын еді. Дәржан Баяндиев ағай менің тәлімгер ұстазым болып табылатын.

фото баяндиев

Сәлден соң Дәржан ағай маған қарай бұрылып: «Сабағың нешеде еді?»-деп сұрады.

«Қазір, оннан он бес минут кеткенде»-деп жауап бердім.

«Мен сенің сабағыңа қатынасамын!»-деді.

«Түсіндім» дегендей сыңай білдіріп басымды изедім. Ішімнен, «бекер сезіктенбеген екенмін ғой» деп ойлап, сабағыма қажетті көрнекі құралдар іздестіруге кірістім. Өткізейін деп отырған тақырыбыма аса бір қатысы болмаса да, дегенмен пайдалануға жарайтын, бір карта тауып алдым. Қолыма соны ұстап, жазған лекциямды алып, үзіліс аяқталды-ау деген кезде Дәржан ағайға, «сабағыма жүріңіз» дегендей ілтипат білдірдім.  

Дәржан Баяндиевті студенттік кезден өте сыйлаушы едім. Қаталдығы мен әділдігі, теориялық тереңділігі мен сабағын түсіндіру кезіндегі қарапайым стилі маған қатты ұнайтын. Ол кісінің білімділігін одан дәріс алған барлық адам жоғары бағалайды десем артық айтпайтын шығармын. Енді, сол ұстазымды ертіп өз сабағыма алып келемін. Көңілімде аздап қобалжушылық бар. «Сабағыма қатынасатынын білгенімде дұрыстап дайындалып келер едім ғой. Көңілінен шықпай қалсам қалай болады...» деген ой мазалап келеді.

Ағайды алдымен жіберіп, өзім соңына еріп, екеуіміз дәрісханаға кірдік. Ол кісі соңғы партаның біріне жайғасты да ал мен тақтаға қарай бет алдым. Көп кешікпей сабақ басталып кетті. Оқиын деп отырған лекциямның тақырыбы 1917-ші жылғы қазан төңкерісіне байланысты. Оқып тұрып арасында тоқтап, кейбір жерлерін түсіндіріп жатырмын. Басында билеген үрей бірте-бірте басылып, даусым да қатты шыға бастады. Сөйтіп тұрғанда, екі қырық бес те аяқталып(ол кезде дәріс тоқсан минут болатын), қоңырау да соғылды.. Студенттермен сау бол айтысып, ағай екеуміз дәрісханадан шығып кеттік. Кафедраға келгесін маған бірдеңе айтар ма екен деп біраз қарайлап едім, ағай ештеңе айтпады. Ішімнен, «сірә, бүгін талқыламайтын болдық қой» деп ойлап, өткіземін деп алып келген екі-үш кітабымды қолтығыма қысып, кітапханаға кеттім.

Арада оншақты күндей уақыт өткен соң біздің кафедра тарихшыларының кезекті секция отырысы болды. Секцияны Дәржан Баяндиевтің өзі жүргізді. Бірер сұрақты қарап болған соң менің өткізген лекциямды талқылауға кірісті. Студенттердің сабаққа қатысуын, қай курста оқитыны мен қандай мамандықтың студенттері екенін айтып келіп, «Мен сенің өткізген лекцияңа көңілім толған жоқ!» деді маған қарап. Тосын айтылғасын болар мен абыржып қалдым. «Сен лекция барысында өте маңызды мәселелерді толық ашпадың. Жұмысшы табының одақтасын шаруалар деп атап кеттің. 17-ші жылдың ақпан төңкерісі кезінде жұмысшы табы барлық шаруалармен одақтасқан болса, келесі қазан төңкерісі кезінде тек қана кедей шаруалармен ғана одақтасты. Себебі,-орта шаруаның көздеген мүддесі-өзіне жер алу еді. Ақпан төңкерісі нәтижесінде олардың бұл мақсаты орындалды. Ендігі жерде сол алған жерін игеріп, байлық жинауды көздеген орта шаруа жұмысшымен бірге буржуазияны мүлдем жою үшін келесі күреске шықпады. Ал кедей шаруаның қолында жұмыс күшінен басқа ештеңесі жоқ. Алған жерін өңдейтін құрал-саймандары тағы жоқ. Ол үкіметтің қолдауына зәру. Ал үкімет болса әлі де буржуазияның қолында қалып отыр. Олай болса кедей шаруа буржуазияны тап ретінде мүлдем жоюға мүдделі екен. Қай төңкерісте қай шаруамен одақтасқанын ашып айтуың керек еді. Сен мұны айтпадың. Сосын картаны әкеліп іліп қойдың да оған мүлдем жоламадың, сол картадан қазан төңкерісі болған жерлерді көрсетуің керек еді. Сен мұны да жасамадың», т.т., әйтеуір, сабағымның мазмұнынан бастап, өткізу әдісіме дейін жіберген кемшілігімді санап берді. Дәржан ағайдың өткізген сабағыма көңілі толмай шыққанын сол кезде-ақ сезгенмін. Және оны айтады ғой деп іштей дайын болып жүруші едім. Бірақ, отырыстың кезінде осылай нығыздап тұрып айтқасын ба, білмеймін, әйтеуір айтқан сыны маған қатты батты. Кафедраның басқа оқытушыларының: «Әлі де жас қой, өстіп жүріп үйреніп кетеді ғой» деген демеу сөздерінің өзі де, мені мүсіркегендей болып көрінді. «Кемшілігімді түзеп, айтылған сыныңызды келесі сабақтарымда ескеремін!» дедім, біраз үнсіздіктен соң. Отырыс аяқталысымен бөгелместен іштен шығып кеттім. Одан да соң екі-үш күндей кафедрада көп аялдамай, сабағым болмаса кітапхананың оқу залына кетіп қалып, көп ешкімге көрінбей жүрдім.

Бірақ, осы сыннан кейін, келесі өткізген сабақтарымда осындай мәні бар мәселелерге енді көңіл бөлетін болдым. Кафедра оқытушылары кейін де сабағыма қатысып жүрді. Дегенмен, бұл ашық сабақтар алдын-ала белгіленген күні өтетін. Оған барынша дайындалып барғандықтан болар, көп қиналмай өткізетінмін. Ол кезде де кемшіліктер мен ұсыныстар айтылып жатты. Бірақ алдыңғы талқылаудағыдай ауыр тимеді маған.

Маусым айында оқу жылын қорытындылау үшін кафедраның кезекті мәжілісі өтті. Сол мәжілісте түрлі сұрақтадың бірі ретінде профессор Зұлхарнай Алдамжаровқа ізденушісі етіп бекіту жөнінде менің өтінішім қаралды. Тәлімгер ұстазым болған Дәржан ағай сөз алып, мені «теориялық білімін көтеру үшін үнемі ізденіп жүретін, дәрісхананы толық меңгере алатын және оқытушы ретінде қалыптасып қалған жас маман» деп бағалап, ғылыми жұмысқа ауысуымды қолдайтынын айтты. Басқа да әріптестерім қолдау көрсетіп жатты. Бірақ маған, Дәржан ағайдың қолдауы ерекше әсер етті. Бұл маған берілген баға сияқты болды. Сөйтіп, ғылыми жұмысқа ауысқанмын.

Кейін, Алматыда аспирантурада оқып жүрген кезде, Зұлхарнай ағайдан білдім; өзіне ізденуші етіп алсын деп мені ұсынып барған да осы Дәржан ағайдың өзі болыпты. Сірә уақытын өткізіп алмай ғылыммен айналысып кандидаттық диссертациясын қорғап алсын дегені шығар. Тек бұл жасаған жақсылығын маған айтпаған болатын. Іштей ұстазымның қамқорлығына қатты риза болдым. Жұмыс үдерісі кезінде ешқандай босаңсуыма жол бермей, кемшілігімді дер кезінде түзетсін деп батырып айтып жүрген Дәржан ағайым, ғылыми жұмысқа да ауысуыма себепші болған екен ғой... Әйтпесе, профессор Алдамжаровтың мені таңдап алуы жайдан жай емес еді.

Өмірімде ұстаздарым көп болды. Әрқайсысы белгілі бір кезеңде қалыптасуыма үлес қосқан адамдар еді. Олардың ешқайсысын да есімнен шығарған емеспін. Солардың ішінде маған ыстығы осы Дәржан Баяндиев. Себебі шәкіртіне деген қамқорлықты алғаш рет мен осы Дәржан ағайдан көрдім. Мен үшін ағай «Ұстаз» ұғымының нағыз синонимі сияқты болып тұрады.   

 

Қабибек Мұхитов,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Теги тайсойғансайты